Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ: "Қуанта білу - бәрінен қымбат..."

Атырау облысы, Исатай ауданында туған. Қазір «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінде жұмыс жасайды.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Айтыс ақыны.

Ақын мен мінез
(Мақсот Неталиевке)
Бір ағамыз Мақсұт дейтін мәрт ұлдың,
Ақындығы туралы ойын ақтарды.
Өлеңдері тәп- тәуір-ау, марқұмның
"Мінезі енді сәл-пәл нелеу" деп қалды.

"Кететіні бар кей кезде тым өрлеп",
Осы жерін айта берді әлгі ағай.
"Сырт көзбін ғой, шырт мінезін білем" деп,
Әңгімесін жалғай берді әрі қарай.

Жаны ұйқыда, болғанымен түрі ояу,
Қоймайды ағам, осы имандай шыным деп.
- Бұл ақынның мінезі ғой, Құдай-ау,
Деп отырмын өз-өзімнен күбірлеп.

Осылайша айтқан сөзі таңдана,
Ақын ұлдың мінезі еді талдаған.
Қара түгіл иілмеген ханға да,
Махамбетті тани ма екен әлгі ағам?

Ол ақын ғой сұрамайтын сый құнын,
Болмысынан бұра сөйлеу - далбаса.
Мұқағали момын еді дейді кім,
Фариза ма өр мінезі болмаса?

Мінезі оның - мансабы да беделі,
Пасық емес, олай деме, пәк одан.
Пайдаланбай тайып тұрғың келеді,
Арамзалар жұтып жүрген ауадан.

Асау мінез тұрғанымен сартылдап,
Жоқ олардың қаныпезер, кекшілі.
Елмен бірге күлгенімен жарқылдап,
Оңашада басылмайды өксігі.

Ойым осы, жақпаса егер жазала,
Асау мінез - айшығымыз, белгіміз.
Мінезі жоқ ақын өлең жаза ма,
Өлеңі жоқ ақын қайдан көрдіңіз?

Марқасқа ғой менің Мақсұт ағайым,
Әлгі ағамыз солай деді, алайда.
Ақын жайлы айта қалсаң, ағайын,
Мінез жайын қозғамаңыз, жарай ма?

Қуаныш
Бал күнім есте шуағың сенің, 
(Әр бала білер шаттанып көрсе).
Сәби кезімде қуанушы едім,
Дүкеннен анам тәтті алып келсе.

Балқимын балғын "мұрағатымның",
Шаттығын қиял айға көтерсе.
Далақтап шауып, қуанатынмын,
Базардан әкем көйлек әкелсе.

Зыр етіп сол күн өтті де кетті,
Күндерім қалды тым алыс бала.
Көйлек те тозды, тәтті де бітті,
Сол күйі қалған қуаныш қана.

Бұл сыйды маған жат тілер емес
Әкешім, анам көктем екен ғой.
Көйлек те емес, тәтті де емес 
Қуаныш сыйлап кеткен екен ғой. 

Шешіле қалды санамда жұмбақ,
Өмір көрпеге оранғанымда-ақ:
Қуана білу - бақыт  десеңіз,
Қуанта білу - одан да қымбат!

Сары білезік
Қиялмен кетуші едік таңды кезіп,
Сол сиқырлы сезіммен сән түзедік.
Кешінде жастығымның сайраңдаған,
Есімде сол баяғы сары білезік.

Қойса-дағы қылығың зарықтырып,
Келер күнге тұратын бағыт бұрып.
«Аңсары көңілімнің – сен» деп едің,
Сол сары білезікті тағып тұрып.

Асқақтап алда өмірдің қалашығы,
Тұрғандай армандардың дара шыңы.
Өзің берген, сүйіктім, сол білезік,
Сезімдердің болғандай жанашыры.

Өміріміз бір біздің, түсіндік-ті,
Бағым болып сен қондың құсым құтты.
Ал, кенеттен жоғалды сары білезік,
Дегендей-ақ осымен "ісім бітті".

Мен ұмыта алмаймын әсте бұны,
Өйткені ол - ақ арманның ескен үні.
Таң қылып кеткен мені сары білезік,
Мәңгілік сезімімнің естелігі.

Өлім туралы 
Сүйеміз айқасын, күресін,
Біз жалған дейміз де өмірді.
Алшақ қып іргеңді жүресің,
Ақиқат дейсің де өлімді?

Өмірді мадақтап қыршаңғы ұл,
Лағнет айтады ажалға.
«Өлместің қамы» деп бір шал жүр,
Құл болып, пұл бағып базарда.

Артық деп алдамшы күндігім,
Өліммен келеміз өш болып.
Өлтірді қанша адам бір-бірін,
Өзі өліп қалудан сескеніп.

Ештеңе арнамай өлімге,
Пәниді пейіш деп қабылдар
Өлгісі келмейтін өмірде,
Тірі өлік жандарға таңым бар.

Қу дүние, жетпейтін тірсекке,
Арзанын қайтейін, құныңның.
Өлімнің келерін білсек те,
Ұзағын сұраймыз ғұмырдың.

Жә, бұл да - іштегі толқыныс...
Не келіп, не кетпес көңілге? 
Өлімде емес-ау, қорқыныш,
Өлімнен кейінгі өмірде...

Батырмыз ғой...
«Бәрі бекер, Алла болмай ақырғы ой»,
Десең, біреу дейді: «Бәрі далбаса!»
Біздің халық бас бермейтін батыр ғой,
Дінін қорғай алмайтыны болмаса.

Қол соғамыз ақ жағалы «ақылгөй»,
Кекірейіп өзге тілде сарнаса.
Иә, жалпы біздің халық батыр ғой,
Тілін қорғай алмайтыны болмаса.

«Келімсектер» басқа шығып жатыр ғой,
Дейсіз: «Соған жөнді бір заң арнаса».
Шындығында біздің қазақ батыр ғой,
Ұлтын қорғай алмайтыны болмаса.

Шыншыл ұлды өсектейді ләпірбай,
Қалғаны да жабылады жармаса.
Елім рас, қаһарман ғой, батыр ғой,
Ерін қорғай алмайтыны болмаса.

Ардан безсе, арудан да аһ ұрмай,
Ұят үшін алмай жүрміз дауласа.
«Біздің халық батыр дейсіз», батыр ғой,
Қызын қорғай алмайтыны болмаса.

Бабам батыр, мына мен де батырмын!
Жақсы-ақ елмін, жалтақтығым болмаса.
Нардан емес, ардан аунап жатырмын,
Қылыш емес, екі бетім қан жоса...

Қиыс басқан қарындасқа
«Бір қаракөз қарындасымыз көшеде темекі тартып барады. Бірдеңе айтқым келді, бірақ онымнан түк шықпады. Сіз не дер едіңіз?» депті бір жақын бауырым жекеме жазған хатында. Ойланып қалдым...
Бір қарындас бара жатыр бітімді,
Езуіне қыстырып ап тұқылды.
Танауынан тұр әлгі қыз боратып,
Түндігінен ұшыратын түтінді.

Түтін жұтып  көгертпейсің көсеге,
Бір қазақтың қызысың ғой десе де.
Анаң үйде уайым шегіп жатыр-ау,
Шылым шегіп сен келесің көшеде.

Иә, сен де қызысың бір ананың,
Әттең, 
Әттең, қиыс екен қадамың.
Өз қолыңмен ыстап жатқан жатырдан,
Абай, Мұхтар қайдан тусын, қарағым..

Қаны таза, жаны таза өр елде,
Тексіздерге ұқсап бағу бедел ме?
Көзім сұлу деп ойлама, қарағым,
Көкірегің соқыр болса егерде.

Темекің не, айналайын, қорланба,
Азғындардың қоқысына малданба!
Қарындастың шоқ ұстатқан қолына,
Ей, жігіттер, осы бізде ар бар ма?

Меніменен тілің де бір, дінің бір,
Ей, қарындас, намысыңның құнын біл.
Қолыңдағы тастамасаң бәлеңді,
Болашағың сол түтіндей бұлыңғыр.

Ей, қарындас, кім ұтты, кім ұтылды,
Сасытып кеп сорып тұрсың тұқылды.
Танауыңнан  тұрғаның-ай боратып,
Түндігіңнен шығаратын түтінді.

Мүрделерге марапат...

Салақтық, салғырттықтың салдарынан әскери қоймада болған жарылыс бір топ өрт сөндірушіні опат қылды.

 Кейін бәрін марапаттадық.

О дүниеліктерді...

 Кейде біздер адалдықтан адамыз, 
Сенбесеңіз, сұқпытыма қараңыз. 
Тірілерді өлтіреміз өзіміз, 
Мүрделерін марапаттай саламыз. 

Не десең де,  бұл өмірдің шындығы, 
Жынды десең,  өкпелейді жындыны. 
Өлгендердің орден таққан «төсіне», 
Қандай қызық тірілердің тірлігі? 

Қып-қызыл сөз,  жалған мадақ, бос ұран, 
Арзан нәрсе жоқ-ау,  сірә,  осыдан.
Мен кей кезде үнсіздікті бұзатын, 
Үрген иттің дауысынан шошынам... 

Жә,  жә, сабыр, 
Бүлінді ғой бүлінер. 
Ірі жұмыс жасады, әне, ірілер... 
Өз қолымен өлтіріп ап абайсыз, 
Өлгендерді мақтап жатыр тірілер... 

Иә, біздер шешен елміз,  ақынбыз, 
Өлгендердің ұмытпаймыз атын біз. 
Бүгін тағы топ адамды опат қып, 
Мүрделерін марапаттап жатырмыз... 
            
Рамазанды қарсылау
Шүкір саған, Пәк Алла, Ұлық Алла,
Имансыз бұл бес күннің құны бар ма?
Он екі айдың сұлтаны келді жетіп,
Жәрдемсіз қалдырған ба құлын Алла?
Жаратқанға мың мақтау иман берген,
Ғибадаттан ғибрат ұғынарға. 

Кейбір кезде  тасбауыр пендеменен,
Әлек боп, көкірегімді шерге көмем.
Кешірім айыменен қауыштырған,
Иә, Аллам, мейірімді ең сен не деген?
Күнәсін кешіретін Иесі бар,
Бақытты құлмын, ғажап, мен не деген?!

Алла деп шықпаса егер ақырғы үнім,
Әдірә қалмайды ма ақындығым.
Келдің бе, Қасиетті Рамазаным,
Жаршысындай Ерекше Рақымдының.
Ай бойы шөлдегенге қайғырмайды,
Сабырға сусап қалған пақыр құлың.

Сынаса да, қайғыртып, қажытпаған,
Тәубе қыл, Жаратқанға жазықты адам!
Алланың құдіреті, Рамазанда,
Тән тазарып, жаныма азық табам.
Қарынымды ашырып, сынашы, Аллам,
Әйтпесе, тойған сайын тозып барам...

Пендеміз, сауап кемшін, күнә басым,
Иманның туы, бірақ, құламасын.
Ауыз бенен нәпсіні ауыздықтар,
Рамазан қабыл болсын, дүр Алашым!
Айғызы көп жүректің әйнегінен,
Сұлтан-айдың сәулесі сығаласын!

Оразадан кейінгі ой
Рамазан айының ең соңғы таңы атты, 
Көкейде көп сұрақ, іздеймін жауапты.
Отыз күн ішінде олжалай алдым ба,
Маңымда тарыдай шашылған сауапты.

Рамазан.
Соңғы күн.
Ойланып отырмын...
Отыз күн батырып, отыз таң атырдым.
Өзіме, өзгеге не жасап қатырдым?
Бір істе пайдалы, бір істе ғапылмын...

Ол рас, асқа да, шөлге да шыдадым,
Жақсылық қылуға тырыстым бір адым.
Сонда да көңілде аз емес күмәнім,
Сезе алмай қалғандай бұл айдың шуағын.

Қанша рет Алладан кешірім сұрадым,
Неше түн жалынып, неше түн жыладым?
Жүректің қатпарын жібіте алды ма,
Тіліммен тиләуат етілген Құраным.

Қанша рет басынан сипадым жетімнің,
Қаншама адамнан кешірім өтіндім?
Жасаймын деп жүрген жақсылықтарымның,
Ішінен түйірін таба алмай отырмын.

Қарттардан бата алып, көрісіп бардым ба,
Көршіме жәрдем ғып алғысын алдым ба?
Тік тұрып қызмет қылдым ба туысқа
Ақ адал болсам деп Алланың алдында?

Күн батса, телміріп, қазанда ас піскенше,
Тауықтай болдым ба, тары енген түс көрсе?
Нәбиім секілді намазда тұрдым ба,
Сүйегім шытынап, аяғым іскенше.

Қайшылық қылдым ба оқылған Құранға,
Ықылас болды ма жасалған дұғамда?
Кеңшілік қыла гөр бұл әлсіз пендеңе.
Кемшілік дегеннен пәк болған Ұлы Алла.

ШҮЛДІРЛЕУІК ШЕНЕУНІК 
Шүлдір-шүлдір, шүлдірлеп,
Шенеуінік сарнап тұр.
Қазақшаға тіл күрмеп,
Орысшаға заулап тұр.

Өз тіліне лезде,
Басады әлгі тежегіш.
Түрі қазақ, тілі өзге,
Өзі қазақ, сөзі орыс.

Ұлттан оның ары ұзақ,
Ұстанымы нақ өзге.
Қаны қазақ, жаны жат,
Аты қазақ, заты өзге.

Кідірді әлгі әрі қарай,
Орысшаға ой терең.
Тоқтай берсін, аңдамай,
Боқтап қойса қайтер ең?

Көріп тұрып әлгіні,
Еске түсті баяғым.
Сөгіп жатыр барлығы,
Ал,  мен оны аядым.

«Безген тілі, салтынан,
Қандай дөкей мынауың?».
Кемсіттім де артынан,
Күлгеніме жыладым.

Ақ жағалы ағайын,
Осыны ойлап бас қатыр.
Бабамыздан не қайыр?
Баласында басқа тіл.

Мүкіс тілі жетпейді
қазақшаға, неден бұл?
Биыл сондай көп дейді,
Кетер ме екен келер жыл?!