Осы жылғы қазанның 9-ы күні Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылындағы «Жалын» мәдениет үйінде ақын, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Атырау облысының және Исатай ауданының Құрметті азаматы Нұралы Әжіғалиевтің 85 жылдығына арналған «Өр мінезді өлең дейтін құдірет» атты еске алу кеші дүркіреп өтті. Осы орайда Республикалық «Сарайшық» әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналы оқырмандар назарына «Нарынның наркескені» атанған Нұралы ақынның жырларын ұсынуды жөн көрді.
АЗАМАТТЫҚ МАНДАТЫМ
Сәби едім бозөкпе сонауғы бір,
Егде тарттым, жылдарым алға асуда.
Келе жатыр жалғасып мынау ғұмыр,
Жырларыма жылдарым жалғасуда.
Ұлық болам демедім, ұлы болам,
Табынудай табындым кемеңгерге.
Дедім: ‘‘Жырдың жанкешті құлы болам,
Үш буылып кіргенше денем жерге’’.
Тіршілікке жыр керек жарқылдаған,
Өсек- аяң, кикілжің керек емес.
Соғып тұра, жыр аңсап алқынбаған
Жүрек болса, ол байғұс жүрек емес.
Халықтанмын жыр десе марқаятын,
Бал қымызын ұсынып сапырылған.
Әкім келе жатқанда шалқаятын,
Ақын келе жатқанда жапырылған.
Халықтанмын білдірер өлеңдетіп,
Шаттық, мұңын, ашуын, ауыр ойын.
Өзі жерде жатса да, төмендетіп
Өлеңінің көрмеген абыройын.
Бітіспейтін жауымын жамандықтың,
Дәрежеге, дәулетке аз алаңым.
Анкетаға, тұсына мамандықтың
‘‘Ақынмын’’ деп ұялмай жаза аламын.
Арманым жоқ, бұдырлы белге салар
Белдеуге Отан байласа қазанат қып.
Жырым менің – жанарым елге қарар,
Жырым менің – мандатым азаматтық
ЖҮЗДЕСЕМІН ӘЛІ ТАЛАЙ
Қадірін жақсылықтан үзбес, елім,
Өзіңмен әлі талай жүздесемін.
Барыңа бірге өзіңмен қуанамын,
Жоғыңды бірге өзіңмен іздесемін.
Мендегі өзің ғана жақын дейтін,
Атым бар өзің берген ақын дейтін.
Жүрегім тоқтағанша тебіренем,
Жайым жоқ сенген елдің хақын жейтін.
Баққаным – сенің ғана қас – қабағың,
Соны тек түсіруден жасқанамын.
Тартылып қалмаймын мен шолақ судай,
Сен үшін күнде қайта басталамын.
Сен үшін буырқанам, бұрқыраймын,
Жаныңды жадыратар жыр құраймын.
Құлындай мамырдағы майсаңдаған
Өзіңнен сәл көз жазсам шұрқыраймын.
Сенсіз мен өрге қарсы жүзбес едім,
Қиқымдай қиындыққа төзбес едім.
Күдерін жақсылықтан үзбес, елім,
Өзіңмен әлі талай жүздесемін
ҚАЙТА ҰСТАДЫМ ҚАЛАМДЫ
Көтермедім, көтердім үміт жүгін,
Өтті, әйтеуір, жұлқынып жігіттігім.
Болдым, білем, телі де, тентек те мен,
Қалмақшымын несіне бүгіп бүгін.
Ойқандым да кей кезде салып бүлік,
Өйттім неге – отырды халық біліп.
Соларымды кешегі тәртіптілер
Соғады әлі бетіме салық қылып.
Қоңыр бала сонауғы желкек терген,
Ақын болды жырлары жентектелген.
Шырық бұзбас шіркіндер қайдан ұқсын
Шығатынын бірдеме тентектерден.
Кейде үнімнен күлімдеп күн маздайды,
Кейде үніме қосылып мұң боздайды.
Сыншыларым сыртымнан мен жайында
‘‘Ондай жырды, - дейді екен, - кім жазбайды?’’
Жазса жазар, ол үшін айтыспадым,
Өзім сезем – қай белес, қай тұстамын.
Туған өлкем күткен соң лебізімді,
Тастай беріп қаламды қайта ұстадым.
ЕСІҢДЕ МӘҢГІ ҚАЛҒАЛЫ КЕЛГЕМ
Қадірлі елім, қабырғалы елім!
Айтарымды айтып, арылғалы келгем.
Жан - жүрегімді жарқыратып тұрып,
Алдыңда сенің жарылғалы келгем.
Еңселі елім, іргелі елім!
Құшағыңа ыстық кіргелі келгем.
Өзіңе мына қадірім қанша –
Осыны сенен білгелі келгем.
Еңкейетіңдеріңмен ұғысқалы келгем,
Шалқаятындарыңмен шығысқалы келгем.
Ездеріңмен қағысқалы келгем,
Ерлеріңмен табысқалы келгем!
Қастерлі елім, қаумалаған елім,
Қарызын менен дауламаған елім!
Аққан селің боп саулағалы келгем,
Атқан жебең боп заулағалы келгем,
Ақ тақырдағы ақ ботақандай
Алақаныңда кейде аунағалы келгем,
Айқара саған ашылғалы келгем,
Жақұтың болып шашылғалы келгем,
Бір түтеп алып басылғалы келгем,
Қос өкшемді көтеріп тұрып,
Мойныңа сосын асылғалы келгем.
Арқалы елім, алқалы елім!
Алқабыңда қиқу салғалы келгем,
Жүзімдегі әрімді беріп,
Жүрегімдегі нәрімді беріп,
Бойымдағы барымды беріп,
Алғысыңды сенің алғалы келгем.
Шөліңе тамар тамшың болып,
Жауыңа сілтер қамшың болып,
Ертеңге жұмсар елшің болып,
Өзіңнің ғана еншің болып,
Есіңде мәңгі қалғалы келгем.
ӨЛЕҢ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢ
Өлең тақсыр, сол баяғы,
Өлең боп қалсаң жақсы болар еді тағыңда.
Бірі жиен, бірі сенің бөлең боп,
Қаптап кеткен бұл «ақындар» сорың ба әлде бағың ба?
Асқақ едің, қолды әрең созатынсың ерініп.
Алыс едің, аласаға тұрмаушы едің көрініп.
Кез-келгеннің ермегіне айналыпсың ал бүгін,
Соның үшін кете жаздап жүрмін сенен жерініп.
Білесің сен, армандаумен өзіңді өткізгенмін өрт ішінде қайта келмес кезімді,
Талай таңды басымды ұстап ойланумен оздырдым,
Жүректі де, жүйкені де толғанумен тоздырдым.
Тебірену, теңселу – солай жайым әлі де.
Бақсам, соның бекер екен бәрі де.
Өлең, сенің қасиетіңнен, бейнетіңнен сескену қалған екен әріде.
Асқар едің жалғыз-ақ, толып кетті төбешіктер, адырлар.
Осы мына өлең жазғыш «батырлар»,
«Әй, шырағым!» дей алатын бір күні біле ме екен бар екенін
Фаризалар, Тұманбайлар, Қадырлар?
ЗАМАН ӨСИЕТІ
Қайғырдым деме,
қабағыңа кім сенің қарар дейсің.
Майрылдым деме,
кім сені сүйеуге жарар дейсің.
Қартайдым деме,
кім саған жастығын қияр дейсің.
Ортайдым деме,
кім саған артық нәрін құяр дейсің.
Жеңілдім деме,
кім саған жеңісін беріп қалар дейсің.
Көмілдім деме,
кім сені көріңнен аршып алар дейсің.
Жоқпын деме,
оныңнан ештеме өнбейді.
Ақпын деме,
оныңа бәрібір ешкім де сенбейді.
Бас ауыртқан ғалыммын деме,
ауыртпаған да «ғалым» бар.
Дүниені құртқан залыммын деме,
сенен де өткен залым бар.
МАХАМБЕТ ТОЙЫНАН СОҢҒЫ ТОЛҒАНЫС
Өтті, Маха, тойыңыз.
Біраз биіктеп қалды бойымыз.
Жаңғырып қалды, әлемге танылып қалды атамекеніңіз.
Аян болды қазаққа мәңгі керек екеніңіз.
Жайып сап жаһанға сонауғы жаныңызды дертті,
Жырларыңызды толғап, күйлеріңізді шерттік.
Ауыр мен жеңілді салмақтай білетін,
Айдарлы ұлдарын ардақтай білетін
Есті елдерге теңелдік.
Арқаңызда Сіздің атақтарға да кенелдік.
Даңқыңыз жетті тәкаппар Еуропа кіндігіне –
Париж тамсанды азат қазағыңыздың аппақ түндігіне.
Сіз боламыз деп,
Жыл бойы сексеуілдің шоғындай маздадық,
Жыл бойы жүректі алау ғып маздадық.
Шетімізден ақын боп кете жаздадық.
Бірақ Сіз бола алатын түріміз шамалы,
Әйтеуір, қарап жатпаудың амалы.
Сіз барып қайтқанға барып қайта алмағанмен,
Сіз айтқанды айта алмағанмен,
Сіз көре алмағанды көре алсақ деп жүрміз,
Сіз бас берген ел үшін, бетегелі бел үшін,
Қажет болса, басымызды бере алсақ деп жүрміз.
ӨМІРБАЯН ОРНЫНА
Таң бойы сұлы басын талып түйген,
Танысқам тумай жатып ғаріп күймен.
Өксікті ұрпақтың мен өкілімін,
Жиғанша ақыл-есін шарық киген.
Жайылған жамау-жамау алашаның,
Шығарып еңбектегем ала шаңын.
Сәріден бұзау қуғам жалаңаяқ,
Жейдемді желі кеулеп қарашаның.
Әкемді майдан жақтан алып кеткен –
Қанына қыршындардың қанық беттен,
Жыл бұрын жіберілген қара қағаз,
Анама Жеңіс күні арып жеткен.
«Жоспар» деп, «болашақ» деп барын берген
Ертерек ел байғұстың зарын көргем.
Сәби шақ қалды менен шеген үйде
Орнына терезенің қарын керген.
Жүргенде жарасам деп бір тетікке,
Интернат құшақ ашқан кем-кетікке.
Әрдайым айта берер алғысым мол,
Сол берген қоңырқай нан, керзі етікке.
Сол мені келешекпен қауыштырған,
Кетерде қимай оны дауыс қылғам.
Осылай жәудір көзді балалықты.
Бозбала дәуреніммен ауыстырғам.
Болса да кей сағаттар мәз етпеген,
Қиқуға толы күндер аз өтпеген.
Көңілді лапылдаған жүрдім желпіп,
Жарқ етіп жырым шыққан газетпенен.
Сөліндей жүрегімнің сығымдалған
Сол өлең қанша менен тынымды алған!
Қаншама ұйқым қашты содан бері,
Босаттым қанша қорап шылым салған...
Тырнадай жылдар легі тырауласқан,
Зулауда бағытынан бір аумастан.
Соңынан күрсінемін көзімді алмай,
Самайды сипап қойып қырау басқан.
Дамылсыз әлі күнге сана-миым,
Алқынып ауық-ауық алады иін.
Тірліктің сырын көптеу ұққан сайын,
Бас іші астан-кестен, алағұйын.
ҒҰМЫР ШІРКІН ҰЗАРМАС СҰРАҒАНҒА
Есте бәрі: жеңгенім, жеңілгенім,
Сенгенім, түңілгенім.
Сапырумен санада сақталғанды
Өте шықты тағы бір түнім менің.
Жұртқа шашу жүректің дайын кенен –
Білгендерге осы ғой жайым менің.
Сабылдырып сан-сапат ой соңында
Өте шықты тағы бір айым менің.
Тіршілікте аңғарсам сырын ненің –
Солар ғана жазатын жырым менің.
Қызығы мен шыжығы араласып,
Өте шықты тағы бір жылым менің.
Ғұмыр шіркін ұзармас сұрағанға,
Тұру болмас қайтадан құлағанға.
Бірде күліп, қарағым, бірде жылап,
Өте шығар фәниден бұл ағаң да.
АЙТАРЫМ БАР
Қарыз қылған өнерін қай дарындар,
Дәнеме де демеймін қайтарыңдар.
Ағыл-тегіл ақылым болмаса да,
Ақ жарылып әйтеуір айтарым бар.
Әзір маған бірің де баға берме,
Аузымнан, тек аузымнан қаға көрме.
Шын жүйріктер елеусіз жүреді де,
Тарлан тартқан шағында ағады өрге.
Нарынымның мен бір түп қияғымын,
Тыңдап өскен жыр лебін, күй ағынын,
Сүйір тілді сонауғы бабалардың
Тастап кеткен артына тұяғымын.
Ақтау үшін солардың аманатын,
Атақ- даңқын ақынның, адам атын,
Бір жекіріп жауымнан жан алатын
Іздеймін кеп, іздеймін ғаламат үн!
Санамаңдар күпірлік, мақтан мұны,
Айтып отыр демеңдер жаттандыны.
Тербелтемін тауларды, теңселтемін
Сол үнімді дүниеден тапқан күні!
ЕШКІМГЕ ДЕ ҰҚСАМАЙ
Жазғырмаймын өткенді кері есеппен,
Естір жайды есті жас ересектен.
Күте-күте қалса да жіңішкеріп,
Үзілген жоқ үмітім келешектен.
Тап болса да заманның қандайына,
У жағылып жүрсе де таңдайына,
Бірінің де солардың мен көргендер
Жазылмауын тілеймін маңдайына.
Алдарыңда сөнбеген сенім-шырақ,
Санамағай жер үстін тегін тұрақ.
Ізімменен жүрмегей, жүректері
Жүрегімдей болғай тек менің бірақ.
Басымдағы тағдырым – талайыммен,
Түнегіммен, алауым – арайыммен
Ешкімге де ұқсамай, қайталанбай,
Өзім болып, өзге емес қалайын мен.
ӨРЛІКТІҢ МӘНІ ОСЫНДАЙ
Сенбейтіндерің сеңгірлі таудан сұраңдар,
Тауларда жатыр қатпарлы нендей сыр аңдар.
Әл кеткен шақта көк тасқа соғып кеудесін,
Дүниемен жарық қоштасады екен қыраңдар.
ба түздер мен көк жондар,
Әрлі де берлі айқұштап жатқан көп жолдар,
Бірінің бірі жеп кетеді өлігін,
Көлденең көзге көрсетпеу үшін көкжалдар.
Қайтпекші енді тағдыры солай қарысқан,
Бітіспес жауды аңдымау керек алыстан.
Сондықтан оны алаңда, ашық айқаста
Мерт қылып, иә мерт болады екен арыстан.
Қалпында сол бір жұлдыздай аққан жарқырап,
Қатерлі тұстан қуатын сарқа қарғып ап,
Дарадан – дара арқанды қиып керілген
Құлайды екен алдында көптің арғымақ.
Жоғалар болсаң, жалт ет те жоғал жасындай,
Езілмей еңсең, ешкімге кеудең басылмай!
Тірлікте мынау бәкінің келте басындай
Ерліктің және Өрліктің мәні осындай!
ӨЛЕҢ ШІРКІН
Бір кездері көзім талып қараған,
Өлең шіркін, бұлдыраған көк құз ең.
Жеткіздің – ау сен мені бір қараға,
Білмей жүрмін, сені қайда жеткізем.
Өткеніне талай жайсаң жылымның,
Өкінсем де, сенен күдер үзбегем.
Сені іздегем түтінінен шылымның,
Еркеліктен, есерліктен іздегем.
Оянғанмын жеті түнде мың рет.
Көкіректі құйын кеулеп дүрліккем.
Өр мінезді өлең дейтін құдірет,
Сені ғана аңсағанмын тірліктен.
Қиялап кеп қонғаныңда дәптерге,
Алдым менің ақ сәуле боп маздаған.
Іздеп сені таба алмаған сәттерде
Өз-өзімнен жынды бола жаздағам.
Өлең шіркін, аулақтатпа іргеңді,
Сен барыңда жүрегімнен от өрем.
Сен көтердің мені төмен жүргенде,
Мен де сені бір биікке көтерем.
ЖАЗМЫШТАН ОЗМЫШ
Ұқсасам деп шыңына бір өрілген,
Тауға қарап кездерім көп керілген.
Шың боп шырқау кете алмадым бірақ мен,
Биіктігім шығар өлшеп берілген.
Тамашалап толқындарын тайпалған,
Көлге қарап шақтарым көп шайқалған.
Көл боп көлкіп кете алмадым бірақ мен,
Ұялдым да ұлы дария Байкалдан.
Кербездене кекілдерін тараған,
Жұлдыздарға түндерім көп қараған.
Жұлдыз болып кете алмадым, жерде бұл
Кім қалады аспандаса бар адам?
Үйренсем деп үлбіреген пәктікті,
Сәбилерге тостым жиі шоқтықты.
Сәби болып кете алмадым бірақ та,
Ал үйренген қулықтарым көп, тіпті.
Даналықтың жолын айқын баяндап,
Берер - ау деп, қарттарға өттім аялдап.
Маған бірақ дарымады даналық,
Қарттық болса, келе жатыр аяңдап.
‘‘Ұшар болсаң, - дейді өмір, - озып ұш’’
Озбақ түгіл, қалмаудың да өзі – күш.
Болмайын деп болмайды емес әр адам,
Жоқ болады жазмыштан озмыш...
ҚЫМБАТСЫҢДАР, АДАМДАР
Қай сәтте де мен сендермен біргемін,
Тілегенім – бүтіндігі іргенің.
Білмесімді өздеріңнен үйренем
Өздеріңнен аяусыз ал білгенім.
Өмірде жоқ тіс қайрардай өшпендім,
Кешірілгем, мен де талай кешкенмін.
Жомарт жанды, кең пейілді жұртымның,
Қасиетін қадірлеумен өскенмін.
Көрген жоқпын таластырып бағымды,
Қуған жоқпын көзді арбаған сағымды.
Сендер үшін сақтауменен келем тек,
Кеудемдегі жып – жылы бір ағынды.
Ол ағыным – жырым, жиған қазынам,
Қуанышым, мұңым, назым, базынам.
Қоңыр кеште құшып тұрып сендерді,
Салған әнім боз төбенің басынан.
Ұмтылмаймын додасына даңқтың,
Даңқтылар сырына да қанықпын.
Көбі соның көңілімен көк тіреп,
Шалқаяды иығында халықтың.
Ештеңемді ешкімге де бұлдаман,
Өкпелемен сыйланбаса гүл маған.
Тек әйтеуір, сендер аман жүріңдер,
Аман болсын көлденеңнен бұл заман.
Бақытым сол – сендерменен кездестім,
Сендерсіз мен қас – қағымға төзбеспін.
Маған шексіз қымбатсыңдар, адамдар,
Бірің сезіп, бірің, бәлкім, сезбессің.
ҚАЛАМАС ТА ЕДІМ ҒОЙ
Қойыныма адалмын тас тықпаған,
Алыпқашпа асаумын бас тықпаған.
Албырттықты, пәктікті өтерінде,
Аманаттап кеткендей жастық маған.
Жүрген жоқпын тірліктің құр қамын жеп,
Буырқанған кеудемде бұрқағым көп.
Жеті түнде кейде мен атып тұрам,
Жиһанды бұл жаңғырта шырқағым кеп.
Тауқыметім бір басқа жететіндей,
Аздық бірақ оларым ететіндей.
Бәрін – бәрін асығам тындырмаққа,
Сағаттан соң ғұмырым өтетіндей.
Болмаса да дәнеме бүлінгендей,
Сәл қатеге булығам тілім келмей.
Жұмыр жердің үсті үшін жауаптылық,
Менің ғана мойныма ілінгендей.
Айтқым келер айтпақты өз сөзіммен,
Көргім келер көрмекті өз көзіммен.
Тағдыр маған осындай бұйырыпты,
...Қаламас та едім ғой өзгесін мен.
ТАҒДЫРЫМ ОСЫ ТАҢДАҒАН
Ол кезде жұрт дүние таңдасын ба,
Жамаулы киіз сөмке жамбасымда.
Жалғасып бейтаныс бір кірешіге
Аулымнан аттанып ем он жасымда.
Артымда – атақоныс, таныс дала,
Алдымда – аты дардай Қамысқала.
Қалтамда – мыжғыланған қос сарғұлақ,
Кеудемде – арман менен намыс қана...
Жер бетін содан бері кезіп келем,
Көп сырын тіршіліктің сезіп келем.
Базарын бозбаланың бастар шақта,
Бейнет боп арылмайтын кезікті Өлең.
Болмасын олсыз тірлік ұқтым – дағы,
Жайлы орын іздемедім ықтындағы.
Басымды тауға соқтым, тасқа соқтым,
Құлы боп сол Өлеңнің тұтқындағы.
Сол үшін ақылсыздау атандым да,
Сол үшін сөндім, қайта тұтандым да!
Әйтеуір, көлденеңнен аман келем,
Арқасы шығар, жұртым, батаңның да.
Әңгімем ұлан – ғайыр айта берсем,
Мұнымды айып етпе, байтақ ел, сен.
Осынау тағдырымды таңдар едім,
Өмірге жазмыш боп қайта келсем.
ӨЗІҢЕ АЙТАМ, ӨМІРІМ
Өмір дарқан, өмір жомарт дегенге,
Берме бәрін, бермедің деп сөгем бе?
Табанымда ұлтарақтай жер болсын,
Алақандай аспан болсын төбемде.
Кенде болмай қилы – қилы сезімге,
Талай жылды артқа салдым өзіңде.
Кейде мені шапалақтап алғанмен,
Еркелеттің еркелейтін кезімде.
Емеспін мен көпке ерген қарасын,
Тауып жүрмін заманыммен жарасым.
Өзің куә, лапылдатып өткіздім,
Жиырмам мен отызымның арасын.
Аласартпай ақынға тән еңсені,
Өзім үніммен жырлап келем мен сені.
Өлең үшін от іздедім шарқ ұрып,
Іздемедім лауазымды, кеңсені.
Қамқор болып көз жазбаған сыртымнан,
Бөлініп мен көрген жоқпын жұртымнан.
Бірге кештім бейнет пенен зейнетті,
Маңдайдан тер, май сорғалап мұртымнан.
Бұрқар жерде бұрқардай – ақ бұрқаппын,
Шырқар жерде бар дауыспен шырқаппын.
Сөйтіп жүріп шыға келдім, мінекей,
Ағасы боп ортан қолдай ұрпақтың.
Айтармын деп жүруші едім көптен мен,
Өмір, саған алғысым көп өкпемнен.
Ең керекті кезің маған өткен жоқ,
Талай кезің тапырақтап өткенмен.
Жүрегім бар әлі тайдай тулаған,
Армандар бар жетпек түгіл қумаған.
Туғаннан соң із қалдыру керек- ақ,
Өйтпегенде, жақсы мүлде тумаған.
Сиқырлы сөз, дуалы жыр, ару ән...
Берсем дейтін сыйым саған алуан.
Өте шықпай, шыдай тұр, е, шыдай тұр,
Түгелімен бітсін осы шаруам.
КҮЛЕМ ЖӘНЕ ЖЫЛАЙМЫН
Бедел төкпей бет жыртысып долымен,
От көсемей өзгелердің қолымен,
Мен, әйтеуір, бұлтармастан келемін
Алла деген адамдардың жолымен.
Өлісетін тұстарымда өлісіп,
Келісетін кездерімде келісіп.
Тіршіліктің қуанышын, қайғысын
Келемін мен ел -жұртыммен бөлісіп.
Үлкен болар сәттерімде кішірмей,
Өссем де өзім көңілімді өсірмей,
Бірде маздап, бірде қоздап келем мен
Бір атаның ошақ отын өшірмей.
Арқасында азды -көпті дарынның,
Атаныппын ақын ұлы Нарынның.
Мен, әйтеуір, аттамастан келемін
Өмірінен ақынға тән арымның.
Ұшырастым, міне, ғұмыр күзімен,
Білмеймін ал қай сағатта үзілем?
Мен, әйтеуір, адаспастан келемін
Таң асырған тарландардың ізімен.
Қашан барып, қайда барып құлаймын –
Ол қолында жалғыз ғана құдайдың.
Әзір тірі жүргеннен соң жер басып,
Өзгелердей күлем және жылаймын.
ЖАСАДЫМ БІРАЗ
Жасадым біраз бұлдайын кімге мұнымды,
Білгендер білер, білмеген білмес құнымды.
Әйтеуір келдім шаттықты сыйлап өзгеге,
Өзімде ғана қалдырып нала -мұңымды.
Білмедім қанша жыладым – күлдім жалғанда,
Өткеннің бәрі есіңде түгел қалған ба?
Жасырам несін, сеніммен өстім кешегі,
Көтеріп қызыл жалауды ұран салғанға.
Лағнет айтып тағдырына ащы бұйырған,
Сәби шақ анау жаутаңдап тұрған қиырдан.
Әнеки, отыр жұпыны залдың төрінде
Даңғайырлардың дәрісін тыңдап жиырмам.
Ақтарып ішті , сыпайы, сыйлы сырласқа,
Сүйкеніп қойып сүйкімді құрбы – құрдасқа.
Ұшында көздің ойнақтап жүрген от шашып
Ойыңнан кетпес отыздың жөні бір басқа.
Ауыр да, жеңіл аралап ойдың байтағын,
Шалдығып содан азанда азар қайтамын.
Жәрмеңке етіп ала да құла тірлікті,
Қиқулап өткен қырықтың несін айтамын?!
Жырыма салмақ, жаныма мол ғып от берген,
Елуді кеше елеңдеп жүріп өткергем.
Алғысын алғам қарындас пенен інінің,
Батасын алғам қәриялардың көп көрген.
Көз салсам артқа бүгінгі шыққан биіктен,
Қуанған екем, құр да емес екем күйіктен.
Өмір – ай, неткен қиындау едің соншалық,
Өмір – ай, неткен сиқырлы едің, сүйікті ең!
Құдайым маған тап қылды талай пендені,
Жолыққан жолда жандар да жақсы кем бе еді?!
Уысында болсам ұйытқыған талай заманның,
Басымнан мына кешпеді дейсің мен нені?
Желкендей болып желпіндім кейде жел керген,
Белімді шешпей аттадым талай белдерден.
Бәрін де кештім ел кешкен бастан бақыттың,
Бәрін де көрдім қасіреттің де ел көрген.
Жасалып жатар атымен ұлы Шындықтың,
Жер асып жүріп түр – түрін көрдім сұмдықтың!
Үмітім талай үлбіреп тұрған үзілді,
Арманым талай түбіне кетті ындықтың.
Жыр жаздым жазсам жалынға қақтап жанымды,
Келемін шырқап еншіме тиген әнімді.
Күнімді келем толғауменен батырып,
Толғауменен атырып келем таңымды.
Кеудені соғып демеймін ерен ірімін,
Малақай киген мыңдардың, бәлкім, бірімін.
Өлкемде бірақ өлмейтін болса өлең – жыр,
Өлмеймін мен де, тірімін.
АЛАСАМЕН АЛЫСПАН
Бойында бес қаруы асулы ердей,
Жалғаннан өтсем деп едім жасу көрмей.
Жандардың жыбырласқан сасық ойлы
Алдында тұрсам деп ем асу бермей.
Көздері ыза шашып қиығынан,
Күледі кейбіреулер миығынан.
Келеді қарағысы кейбіреудің
Тас қойып табанына иығымнан.
Мейлі, жақсыласын, жамандасын,
Жаным сау жүрсем болды, аман басым.
Сыртымнан мақтайтын да, даттайтын да,
Қайтпекпін, бәрі – өзімнің замандасым.
Қайтпекпін, бәрі – өзімнің қандастарым,
(Кейбірі деп жүргенім жан достарым).
Дәм татты табағымнан біреулері,
Төріме төсеп жатып жамбастарын.
Адаммын, жыртқыштың бір баласы емен,
Тірлікке келген жоқпын таласа мен.
Қорқам да аласарып кетем бе деп,
Қашамын қағысудан аласамен.
Онсыз да мойынға көп алған жүгім,
Ел айтсын байқалса сәл жалғандығым.
...Тұрмасам біреулерден биігірек,
Несіне менің ақын болғандығым.
БОЛЫП ҚАРА
Бірінде екі сөздің ‘‘өлең’’ дейсің,
Өлеңге неге сонша елеңдейсің?
Атаққа бөленерсің ақын болып,
Ал бірақ рахатқа бөленбейсің.
Жарығым, жалған айтсам, міне басым,
(Мұнымды ақын болсаң, ұғынарсың):
Қаншама шаттанса да, шын ақынның
Қашанда қуаныштан мұңы басым.
Байқасаң әр қилы боп күн шығады,
Әр қилы әр кеудеден үн шығады.
Біреулер шашалғанда күлкісіне,
Біреулер көз жасына тұншығады.
Бәлкім, ол маңдайдағы бағы болар,
Бәлкім, ол самайдағы ағы болар.
Әйтеуір, ақын жаны бір локатор,
Толқынын бар тыныстың қағып алар.
Сәбидей жұбанады, жылайды да,
Алға ол ұмтылады, құлайды да.
Шарт етіп шамырқанған сәттерінде
Қояды кейін қағып Құдайды да.
Жанына жүрер кейде ол толып нала,
Қияда кейде отырар қонып дара.
Не дейін бұдан басқа, інім, саған,
Ақын сол! Болам десең, болып қара.
АҚЫНДЫҒЫМНЫҢ БАСТАУЫ
Бейнесі есімде жоқ өз әкемнің,
Мен туып той жасаған мәз әкемнің.
Оны тек бірен - саран көрген жандар,
‘‘Өзіңсің ’’ дейді маған Әжекеңнің.
Болыпты ол ашық жігіт ақпа - төкпе,
Мал - дүние санамапты жоқ па, көп пе.
Жарықтық анам айтып отыратын
Аңғалдау қылықтарын оқта - текте.
Кей сөзді орысша айтып, хат таныпты,
Ән қосып дәуіріне шаттаныпты.
Сол әкем ортасына қан майданның,
Бір иіскеп маңдайымнан аттаныпты.
Той болған Жеңіс жетіп күнді көрдім,
Төсінде бәйге қызған құмды көрдім.
Сол тойда шаттық көрдім және оның
Тығылған тасасына мұңды көрдім.
‘‘Өлдіге ’’ еш адам да көне алмады,
‘‘ Тіріге ’’ еш адам да сене алмады.
Қырықтың жауға аттанған Сүйектіден
Ол тойға тең жартысы келе алмады.
Ол тойдан менің де әкем татпады дәм,
Сол түні біздің үйде атпады таң.
Ақындық жолым менің басталады
Сол түнгі жылап жазған шатпағымнан.
УАЙЫМ
Талайлармен сыйластым, сыналастым,
Талайлармен қағыстым, кіналастым.
Қызығым да жетеді көрген менің,
Соғылмаған тасы да аз мына бастың.
Жүрек талай жұтады, жайқалды да,
Көңіл талай тыншыды, ойқанды да.
Еркелігім басылды бірте - бірте,
Егделігім самайдан байқалды да.
Қыз біткенге қылығы қызықтырған
Қызыл гүлдер сыйладым, үзіп қырдан.
Алыстатты олардан енді мезгіл,
Салып мені алдына дызықтырған.
Амалсыздан мен мұны мойындағам,
Ол да емес бірақ та уайым маған.
Уайым мынау: Өзгенің керегіне,
Әлі күнге дымым жоқ дайындаған.
Басы жұмыр, бәлкім, бұл пенделіктен,
Парасатқа, бәлкім, бұл кенделіктен.
Қумасам да пәлені, қызық қуып,
Жүріңкіреп қалыппын сенделіп мен.
Бір қажетке әлі де жараймын ба,
Бір сәуленің нұры боп тараймын ба,
Жиі – жиі мен бүгін уайымдаймын,
Алды – артыма ұзақтау қараймын да.
Көкке шығып демеймін Ай болайын,
Көптен асып демеймін бай болайын.
...Уайымшылдау боласың өзің де сен,
Жерортадан асқанда, айналайын.
»»»»