Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Тұрдыхан АЙДАРХАНҰЛЫ: "Тарихымды іздеймін..."

1974 жылы 12-ші желтоқсанда ҚХР, ШҰАР, Алтай қаласы, Ласты ауылында туған. 1994 жылы Күйтің қаласындағы Іле ағарту институтының Қытай тілі факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1997 жылы өз ауылында мұғалім болып  бастады. Орта мектепте оқыған  кезінен  өлеңдері жарық көрген. Қазірге дейін түрлі басылымдарда сын мақалалары, өлеңдері жарияланып жүр. Орталық Ұлттар Баспасынан шығарылған «20-ғасыр әдебиет қамбасы» антологиясында бір топ өлеңдеріне орын берілген. 2010 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдық тойына орай дүние жүзі қазақ қауымдастығында өткен жыр мүшәйрасына белсене қатынасқаны үшін «Құрмет» сыйлығымен марапатталды. 

КӨКӨЗЕК 

Сыр түйетін тобықтай түйінді ойдан,
Даналыққа келеді күйім қайдан. 
Бал жұтқан бағзы заман ертегінің,
Баласы едік ауылдың сиыр жайған. 

Үйде отырып алаңсыз шайға қанып,
Шығатынбыз торсықтап айран алып. 
Көкөзекке тартушы ек, 
алдыға сап,
Бар байлығын ауылдың айдап алып.

Жампоз жусан қылтиып енді ғана,
Құлпыратын кілемдей зерлі дала.
Жануарлар жеткізбей желдейтұғын, 
Көк өзегін көксеген зеңгі баба.

Анасындай ертегі сан аңыздың, 
Баспанамыз секілді дала біздің. 
Шамдандырып кетуші ек жүгірмектер,
Шашып кетіп бес тасын бала қыздың.

Ала сиыр бұл күнде қақпайланды, 
Бағатұғын бала да жатқа айналды.
Баратұғын өрісі баяғыда, 
Қызыл-жасыл саяжай, баққа айналды.

Өрістетіп қырқаға табындарын, 
Дейтін бала жоқ бүгін „малым, жаным„. 
Азан-қазан аулада жануар-ай,
Өрісінің сезе ме, тарылғанын? 

Ала сиыр көндікпей байлауға да, 
Еркіндігі керек қой хайуанға да.
Бетегеден безектеп жүгіретін, 
Түсе ме екен есіне қайран бала?!

Бүгіндері сол бала жігіт болған, 
Жанарына шүпілдеп үміт толған.
Сиырының тарылған өрісіндей, 
Сәби күнгі қиялы құрықталған.

Түсіне еніп «Ер Төстік» ермегі де, 
Сиырының жете алмай желгеніне.
«Көк өзекке» жүреді жол таба алмай, 
Жалмауыздың шырмалып өрмегіне.

 * * *                     
Туған жердің жүрегі жараланып, 
Қиналғаны сезілер маған анық. 
Өзімді-өзім танымай қалам кейде. 
Алдымдағы айнаға қарап алып. 

Қызыл шақа өмірге күле кірген, 
Тарихымды іздеймін: 
Кім едім мен?!
Ар-иманым айналып аппақ құсқа, 
Ұшып кеткен сияқты жүрегімнен. 

Тоналғаны жүректің, шер дастаным, 
Кімге керек, алшаңдап жер басқаным. 
Өзіңде бар асылдан айырылғасын,
Қазынасын қайтесің, сен басқаның? 

Туған жермен тағдырым үндес еді, 
Бұлағымен бұраң бел тілдесемін. 
Арда мекен аһ ұрып сілкімесе, 
Ауырғанын жанымның білмес едім. 


ТАС МОЛА ТАҒЫЛЫМЫ

Жатырсыңдар қара дөңде мызғап сәл, 
Ақпан қарып, молаларын күн қақтар. 
О, Аруақтар!
Ескі дүние елесі...
Сендер жайлы менің мұңым мың қатпар.

Бұл ғұмырдың гүл дейтіндей түгі жоқ, 
Жанымыз да біткен біздің сірі боп.
Ұлы ақын да айналады аруаққа, 
Адамзаттың қайталанбас жыры боп.

Жарық жалған, бәрі...бәрі бізге айқын,
Тек жүрек бар кеудемізде сыздайтын.
Жерге айналған тек өздерің болмаса, 
Еш пенде жоқ, жер жүрегін тыңдайтын!

Қалың қабір, сендер үнсіз, 
Жер үнсіз...
Қалың тобыр, 
Жердің беті сенімсіз.
Алты құрлық, алты малта ас болмай, 
Қалудан да қорықпаймыз кебінсіз.

Аза жыры естілгенде қырқадан, 
Жүрегімді мен қалайша жылыта алам.
Жабысқандай жаратылыс тәніне, 
Жақынсыңдар ақиқатқа бір табан.

Сезіп қалып молалардан ермен мұң, 
Екі дүние арасында сенделдім.
Ғасырларды біздер қылғып қойғамыз, 
Асылдарды көмген күн.

Айта алмаймын тек осыдан басқа сыр, 
Құпиямды білем, аруақ шашпасын.
Тас моланың тағылымын сезбеген, 
Адамдарды күтіп тұр ма тас ғасыр?!


ӨМІР МЕН ӨЛЕҢ 

Өлең менің саусағымнан сусиды, 
Жүзіктейін қалған сырлы молада.
Өлеңменен болар дейсің кім сыйлы,
Адамдарға ақынмын деу - обал, ә?!

Өлеңсіз де қоғам болар, 
Не дерсіз...
Таңы сұрқай, түні өлген.
Өзегіне теуіп кетті (өлеңсіз), 
Ақындарды мұң өрген...

Өмір-өлең, анасы мен баласы, 
Секілді екен ойласам.
Алыстаса екеуінің арасы, 
Адамзаттың жолы болмас қай-қашан.

* * *      

Жақынның бәрін жат қылып.
Нәубет бір заман басталған, 
Жұлдыздай болып ақты үміт.
Шырқырап сонау аспаннан, 

Қара көл ептеп тартылса, 
Шабақтарымды қайғы алар.
Жұлдыз жүректер зеңгірден, 
Құласа тасқа айналар.

Көкжиек үнсіз күрсінген, 
Ұшқанда қолдан қыран бақ.
Тіршілік деген тылсымнан, 
Күніне келем сыр аңдап.

Күніне жүрем сыр аңдап, 
Аңшыдай бейне із кескен.
Түлкідей тағдыр сылаңдап, 
Сұлумен сайқал жүздескем.

Айдаһар қиял арбайды, 
Десек те бізде қайғы жөқ.
Айтуға ауызым бармайды, 
„Жататын жерім жайлы„ деп.

Шылбырын үзген күрең күн, 
Барасың қайда орғып сен.
Соңыңнан күтіп жүрермін, 
Өзімді-өзім қор қып мен.


* * *             
Қайтем ей, бұл тірлікті жырымдаған, 
Мәлім ғой мәңгүрт дүние сырың маған.
Сәулесі батар күннің қансырайды, 
Таң шырайлы үзіліп қырымдағы ән.

Үзіліп кетер ертең қырымдағы ән, 
Жұтқызып тәп-тәтті бір мұңын маған.
Қанатын бұлбұлдардың шаң көмеді, 
Мотордың үні шықса дырылдаған.

Жанары найзағайдай жарқылдайтын, 
Қара тау қасқа маңдай қартымдайсың, 
Армандай ару күндер алыстады, 
Ақ қайың саясына салқындайтын.

Жалбыздың жұтып лебін жылғадағы, 
Ымыртта ырғай біткен ырғалады.
Жүзінен күлкі қашқан, қамажайдың, 
Басына үкі емес мұң қададым.

Тепсіген теріскейдің күреңсесін, 
 Сімірмей көтере алмас жыр еңсесін.
Жаныңды сыздатқанда жасыл өлең, 
Қалада қалай ғана күнелтесің?!

Жолбарыс жонда жортқан нелер сері, 
Қайдасың өртті ғұмыр, өр еңселі?! 
Таң сыза бақұлдасып бастаулармен, 
Мен үнсіз қоштасқанда ақ таулармен, 
Ғасырдың уыменен көктесін деп, 
Қырларға шашып кеттім өлең сені.


БҰЛАҒЫМ 

Бұлағым-ай, бұлқынасың іргеде, 
Сәби көңіл таласқандай жүлдеге.
Толқының бар тепкілейтін кеудемді, 
Тұншығады жыр неге?!

Түнде бүрлеп, аңсайтұғын таңды ұзын, 
Жанға дәрі жағаңдағы жалбызың.
Жанарымның жарқыраған түбінде, 
Менің де бар жалғызым!

Сыңғырлаған судың сұлу әлемі, 
Кеудемде бір мөлдір арман бар еді?!?
Құмға сіңіп...
Салды мені әуреге, 
Сезімдердің әлегі.

Ақырғы сәт ғұмырымды тамамдар, 
Менің де бір көңілімде алаң бар.
Құя алмаймыз өзендерге екеуміз, 
Аттатпайды айласы көп адамдар.

Бұлағым-ай, бал тіліңмен не түрлі, 
Балалықты еске салдың кекілді.
Көз жаспысың омырауынан төгілген, 
Ана - дала жылап тұрған секілді.

Табиғатқа бірге келдік екеуміз, 
Өтті оған неше көктем неше күз...
Алты аяқты теңіздерді армандап, 
Жерден шығып, жерге сіңіп кетеміз.


ӨЛЕҢНІҢ АҚЫР ЗАМАНЫ 

Өлең-өнер құпияңды кеш білдім, 
Шегі бар деп дәмеленіп шексіздің...
Әлі күнге түскен емес, ешқашан, 
Поэзия, оң жамбасына ешкімнің.

Қызығы мен шыжығы үшін бес күннің, 
Қаламаймын жыр жазуын текті ұлдың.
Нанның дәмі татиды, рас, таңдайға, 
Ардың әні бұйырады қандайға?!

Қиылады ару қыздай күйге еніп, 
Өлең шіркін!
Алар ма еді үйленіп.
Біреулерге бұйырады тақ болып, 
Біреулерге балбырайды бақ қонып,
Ұятсызға оралады үй болып.

Қолпаштаумен өнер гүлі солады, 
Өлеңде де ақырзаман болады.
Ақындардың заманы бұл, ағайын, 
Талантынан  құрметі жоғары.

Көз тұмандап, жүректерді тербеген, 
Қыз сөзіндей қылық шығар теңгеден.
Ақын аты жасайды тек, 
Тіріде, 
Қаламының рахатын көрмеген.


ЖАЙЛАУ КЕШІ 

Мұнарлы шың басына бұлты бұққан, 
Аңғарда өзен ағады бұлқынып сан.
Құздан құлап кетердей шыңырауға, 
Қиялымның құстары үркіп ұшқан.

Көкжиекке иегін сүйеген күн, 
Көкірегіңде жымысқы жиі өрер мұң.
Қызыл сәуле ішінде құлпырады, 
Құлыншағы ойнақтап биелердің.

Ебіл-дебіл егіліп есіл бұлақ, 
Арманының тартады көшін жырақ.
Бесін кетер белгісіз жолаушыдай, 
Түн қойнына батады кешім жылап.

Көз ұшында соңғы арай солғындады, 
Қарауытып өмірдің торғын бағы.
Лағыл-жаһұт сырғасын жарқылдатып, 
Сылаңдайды аспанның хор қыздары.

Сырғалардың ғажайып сыңғырынан, 
Күллі әлемге тарайды мұңлы бір ән.
Жайлау кешін қызықта шоқылардан, 
Көрем десең дүниені бір қырынан.


АҚПАНДАҒЫ АРПАЛЫС 

Айналам толы ақ шаңыт, 
Бір сәуле көзге ілікпей, 
Сапарға барам аттанып, 
Атыма мініп сүліктей.

Тарылтып мүлдем тынысты, 
Ақпанның аппақ тұманы.
Уайым болып жымысқы, 
Кеудеме шөгіп тұрады.

Жанарын тігіп жалтаңға, 
Қайшылап қамыс құлағын.
Аршындап алға тартады, 
Астыма мінген пырағым.

Бұлыңғыр мынау кеш ерек, 
Сездірмес тірлік боранын.
Тұрлаусыз тағдыр жетелеп, 
Тұманға сіңіп барамын...

Қанталап күнім батқанда, 
Қараңғы тартып бар алап.
Торықты жаным ақпанда, 
Аш қасқыр ойлар қамалап.


АСҚАР ТАУДЫ ҚАР БАСТЫ 

Асқар тауды қар басты, 
Алуан-алуан ой кештім.
Арманыммен алғашқы, 
Оңашада сөйлестім.

Жасыл таудың шалғынын, 
Жалмап кетсе күз күрең.
Иектеген жарлы мұң, 
Көкірегім сыз білем.

Қара нарға жүк артып, 
Елім кетті етекке.
Қағынған ой мені де, 
Жетектесең, жетекте.

Солғын тартты жыр мүлде, 
Ақ бас таудан алар құт.
Қаңсып қалды бұл күнде, 
Қара нарға салар жүк.

Көшкен жұрттай құлазып, 
Көңіл қалған аңырап.
Көк жайлауын аңсайды, 
Көтеретін шаңырақ.

Асқар тауды қар басты, 
Аппақ-аппақ ой туды.
Содан сездім алғашқы, 
Ақиқатты айтуды.


ТҮЙЕ-ТАҒДЫР 

Түйедей едім бас білгі, 
Момындық дерт боп асқынды.
Жүндеуге жақсы болды деп, 
Бар сенген ием басқа ұрды.

Алыстау жүріп көлдерден, 
Етене өттім шөлдермен.
 «ащыға құмар жаным бар.» .
Тағдыры ащы ерменнен.

Ащыны аңсап кеңірдек, 
Бір желіп кетсем сенім жоқ.
Сорыма батпан жолықтым, 
Сорлауыт жерден сор іздеп.

Қара нарымын осы елдің, 
Қара жұмысқа төселдім.
Табанның астын байқамай, 
Танауды көкке көтердім.

Бұйдалап алып еркімді, 
Кесапат зиян келтірді.
Білмеймін кімнен көремін, 
Өз тауып алған дертімді.

Шудадай мұңым есілген, 
Табаным тарих көшірген.
Жырымын жалпақ ғаламның, 
Мұрыным ерте тесілген.

Ұқпайды мұны білмесім, 
Аңқаулық жауым, күндесім.
Орайшыл әккі, қорқаулар, 
Жетектеп кетіп жүрмесін.