Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Ерлан НҰРДЫҚАНҰЛЫ «Жаралы күз бар даусымда...»

1975 жылы 9-шы қыркүйекте ҚХР, ШҰАР, Атай аймағы, Қөктоғай ауданының Өндірқара деген жерінде дүниеге келген. Іле педагогика институтының саясат факультетін бітірген .
«Армысың, ару дүние», «Таң бөбегі», «Көлеңке көзіндегі елес» жыр жинақтары жарық көрген.
Шинжяң жазушылар одағының мұшесі. 1997 жылы Шинжяң жазушылар одағы жанынан «Жаңа көш» сыйлығын алған. 2010 жылы Қазақстан Республикасының Алматы қаласында өткен дүние жүзі қазақтары халықаралық жыр мүшәйрасының аға жүлдегері. 2015 жылы тұңғыш кезекті мемлекеттік аз ұлт жазушылар қоғамы жанынан жүргізілген «Ақсай әдебиеті сыйлығын» қанжығасына байлаған.

ҒАСЫРЛЫҚ КҮЗ 

Қайғым бар мөлдір...
Қайнарлы!
Жаралы күз бар даусымда.
Жанарым менің байлаулы, 
Жапырақ тоңған маусымға.

Қиналса қимай құс жұртын, 
Отырам мен де қош айтып.
Шашыңа сіңген 
Қышқылтым 
Қиялдың исі масайтып.

Сағыныш уын неге ішем, 
Сыя алмай мынау аймаққа.
Қыркүйек айы, 
Мені сен 
Барасың бастап қай жаққа?

Жетесің маған, 
Жаз өлсе 
Жетімек қиял жетелеп.
Бәйексің марқұм әжемше, 
Жалғыздығымды мәпелеп.

Мойныңа сенің асылдым, 
Аңсарым емес ол да аса; 
Шашыңа сіңген 
Ғасырдың 
Алапат исі болмаса ...


ҚОШТАСУ

Маңдайын сүйеп ымыртқа, 
Батады бір сәт түске әлем.
Шырмалып қараңғылыққа, 
Қараша қаздар ұшты әрең.

Қараша қаздар ұшты әрең, 
Күз ғой бұл мұңлы, 
Жаңбырлы ...
Ұқсаймын, сірә, құсқа мен 
Көктемге ғашық тағдырлы.

Құс және өлең.
Бар тағы 
Өшпейтін елес есімнен.
Тәкаппар Алтай алқабы, 
Алақанына сап өсірген.

Құс және өлең...
Бар мұнда: 
Жалғыздық  - жалғыз жарасым.
Жалғап бір жатқан жаңбыр ма? 
Аспан мен жердің арасын.

Бәрін де соның аңдаймын, 
Жанымды нұрлы ой масайтып.
Аспанды ғана таңдаймын, 
Алтайға үнсіз қош айтып.


* * *  
Қандай нұрлы құс қиял кезген аумақ, 
Көкірегімде оянған сөз бе лаулап?
Аластай көр жанымды, 
Кеңістігім-
Пендешілік улаған көзден аулақ.

Жүрегіме бір тамшы уыт тамса, 
Ғасыр өтер тәнімді суытқанша.
Әлгі сөздің елесі, 
Көлбеңдеген 
Көлеңкесін үрейдің қуып салса.

Бір тамшы шоқ маздаса ажарланып, 
Мен жымиям түйсініп ғазал дәмін.
Топырақтай тазарып жатам сосын, 
Жапырақтай жасарып азандағы.

Мың бояулы дүниенің тілін ұққан, 
Талғамымның тамыры - жылылықта.
Мезгілдерге тәуелсіз менің тілім 
Қызыл оттың қышқылтым нілі жұққан.

Тым асығыс адамдар тоқтай қалып, 
Қарайтыны ақиқат отқа ойланып.
Жанып жатам...
Жаралы сөйлемдердің 
Нүктесіндей бір тамшы шоққа айналып.


* * *    
Бір жауып басылса егер нұр жаңбыры, 
Өмірім - 
өлеңімнің құрбандығы!
Ғасырлық сағыныштың ізіндей-ақ, 
Лып беріп сөнген сәуле жылдамдығы.

Лып еткен сол сәуленің лебімен-ақ, 
Құладым .
Тұрсам-дағы сені қалап ...
Шаршаған жапырақтарға, 
Жеңіл ғана 
Көгілжім ымырт қонды пері қанат.

Мінеки, түске бөлеп көгілдірлі, 
Мезгіл-ау, мейріміңді төгілдірдің.
Өзімді жоғалтсам да, 
Айналадан 
Көз жасын әлде кімнің теріп жүрмін.

Көз жасқа өткен өмір нұры сіңген, 
Ақырын тіл қатады тірі шілде.
Тағдырын тамшылардың танып алмай, 
Болмас-ау сағынышқа кірісуге.

Лып беріп сөнген сәуле.
Құс қанаты ...
Кез ғой бұл мың бояулы түс таматын.
Жалғыздық нүктесіне барып қонар, 
Жарықтай жылдамдықпен ұшқан ақын.

* * *    
Ай нұры ағын судың сүйіп бетін, 
Тіптен де көрсеткендей сүйікті етіп.
Тыныштық мың бұтақты мәпелеген 
Барады барған сайын биіктетіп.

Жалғасып үнсіздікпен ғарыштағы, 
Ағаштар арамыздан алыстады.
Қинайды қызыл тікен қимылымен, 
Қышқылтым қылмысымның таныс дәмі.

Кім білсін, асау қиял ала қашып, 
Көрген де дұрыс шығар сәл адасып.
Үзілген жапырақтан қанат байлап, 
Ар жаққа барып қонды бала ғашық.

Сұрапыл сағынышымды сезіп менің, 
Шақырды ол.
Бармадым да кезікпедім!
Ай үнсіз сипалайды көкірегімді, 
Ағаштар арасынан созып қолын.

Мендегі күрсіністі аспан ұқты, 
Бар кінә шын сүюден басталыпты.
Жасырған сырт көздерден жаралы елес, 
Жанымның тұңғиығына тасталыпты.

Уақыт та, 
Мен де мүлгіп бір әредік, 
Алдына ақиқаттың жүреледік.
Көзімде тіріледі өлген тамшы, 
Мың жылдық ұйқысынан түрегеліп.


ШЕГІНІС 

Мені бір сәт іздемейді маусымдар, 
Таулар енді танымайды даусымнан.
Қайыршының таяғындай қажалып, 
Қасиетім де, 
Қасіретім де таусылған!

Ұқсатпаңдар, ұқсамайды құсқа ақын, 
Енді маған қиял жақын, 
Түс жақын.
Маңдайымды осып өткен аңдаусыз 
Қазекеңнің қамшысындай қысқа түн.

Ізгілікті іздеп шықтым аралдан, 
(Өңкей қара көлеңкелер қамалған.) .
Ағын судың асығыстығы сияқты, 
Махаббаттың да мағынасына бара алман.

Махаббат та қорқынышты, 
Мысалы _ 
Секілді сол қомағай түн құшағы.
Шексіз уақыт туннелінде зымырап, 
Жалғыздығым жан ұшыра ұшады.

Жалғыздықтан жаратылған жан едім, 
Сағынышқа жетелейді, 
Кәне, кім ?!
Қанатында қансыраған дыбыстың 
Қалтырайды менің сұлу әлемім.


* * *

Ымырттың майыстырып жас бұтағын, 
Қыз көрдім қызыл жіпке аспақталған...
Кім оны зәу биікке бастап барған ?
Жаутаң көз бір сауалға жауап іздеп, 
Ей, тағдыр!
сығалаймын тас қақпаңнан.

Аржағы тас қақпаның тас қараңғы, 
Апыр-ау, қайда кеткен аспан әлгі?
Қармалап қараңғылықтан нені іздеп жүр,
Арбиған қолдарымен аш тораңғы.

Тораңғы.
Құлазыған құр денесі!
Ол дағы жоғалтқандай бірдемесін...
Әнеки тамырынан тамшылап тұр, 
Тәкаппар ғасырлардың нұрлы елесі.

Ол -
Менің аласұрған ақыл-есім, 
Бүрлеген түнмен бірге ақын осы.
Бұрымы бұлтқа айналып өлген қыздың, 
Найзағай жанарымды жатыр осып.

Ақыры табыса алмай таң-жігітпен, 
Елесі кетті сіңіп мәңгілікке.
Сол қыздың соңғы сөзін ақиқаттап, 
Ғарыштан жалғыз тамшы тамды нүкте...


* * *  
Тас бастаудың көзіндей 
жұрт байланған-
Менің үнсіздігімді ұрттайды орман.
Күрсінісі мезгілдің тасқа тұнып, 
Бұлқынысы бұлақтың бұлтқа айналған.

Күрсінісі мезгілдің тасқа тұнып...
Әрине, бұл-басқа әлем.
(жас тақырып!) 
Жұлдыз ағып өтеді маңдайымнан, 
Арқасынан аспанның таспа тіліп.

Тіл қатпайды, тіс жарып ол ешкімге, 
Балбал тастар...
Бастайды елес күнге.
Торы қыздай толықсып тобылғылар 
Соға-соға солықтап, 
Жел ескірген.

Қарт ғасырдың құшақтап жас қабірін, 
Мен аңсаймын бабалар асқақ үнін.
Ал, ақ бұлақ...
Алыстан ағараңдап 
Іздейтіндей сипалап тас тамырын.

Дала оттары 
Көзінде нұр ойнақтап, 
Менің ақындығымды тұр айғақтап.
Мен ғанамын, әрине, түнге ғашық 
Мен ғанамын себебі бұл аймақта!

* * *  

Кешеуілдеп қайтқан құс 
Көкірегін тілгілеп: 
Аспан маған айтқан-мыс: 
«Жек көремін түнді» деп. 

Бұл ертегі тәрізді, 
Биік сосын дәрежең.
Езуінен ағызды, 
Ескішілдеу кәрі әжем.

Жас көңілді жарық қып 
Әр сөзінде нұр күшті; 
Айтатұғын жарықтық 
Аңыздағы бір құсты.

Нұрландырған түнекті 
Сол бір ғайып құсты ойлап.
Жылжып талай жыл өтті, 
Қиялыма түс байлап.

Сәл қалжырап оралған, 
Жас қиял ма?
Ол - нарау...
Түнге сіңіп жоғалған, 
Түлкі құйрық жолдар-ау.

Әжем әлі келмеді, 
«Келемін» деп айтқан-мыс.
Түсінсеңші сен мені, 
Аясаңшы қайтқан құс.


ТАС КІТАП

Маңдай тұстан жұлдыз болып ақса күз, 
Азу тісін ақситады қасқа құз.
Сондай ауыр үнсіздікпен үндескен, 
Ескі мазар үлгісіндей 
Тастағы із.

Әр парағын ашып қалсаң ой аунар, 
Тағылым бар.
Және азырақ қаяу бар.
Басқа тілде адамзатқа сөйлеп тұр, 
Тас бетінде мекендеген бояулар.

Сүйемін сол әлмисақтың үлгісін, 
Үнсіздіктен сезінемін тіл күшін.
Ертіп келе жатады олар көктемді, 
Бастап бара жатады һәм жыл құсын.

Сәл мұңлылау дала әлдиі -
Ақ бұлақ, 
Барады әне боз құлындай шапқылап.
Жас бұтақтың қимылындай жеп-жеңіл, 
Қарт ағаштың қабығынан қаттырақ.

Ашық оттың қасиетімен гүлдеген, 
Кетем сіңіп сонау жым-жырт түнге мен.
Соңғы күздің жаңбырындай зілмәуір, 
Тас кітаптың тағдырындай-мұңлы өлең.


**** 
Бұлақ ағар түн жарып, 
Бұрымына нұр сіңген.
Көлеңкеге шырмалып, 
Жас қиялым күрсінген.

Жас бұтақтан -
торғайдың 
Тамшылаған дауысы; 
Тас кітапқа аунайды, 
Ескі әуенге ауысып.

Ерте ағарған жас өрім 
Күрсінісінен гүлдеп нұр; 
Махаббаттың әсерін 
Маңдайыма үрлеп тұр.

Мынау көктем.
Бүр атқан 
Қарт ағаштың бұтағы.
Мені өзіне құлатқан 
Мезгілдің сол жұпары.

Жас көктемге жаным мас, 
Бар жазығым – 
Ақынмын.
Шашы ағарған қарындас, 
Шәрбәтыңнан татырғын.


СҰЛУЛЫҚ ПЕН ҚОРҚЫНЫШ

Арасына қамыстың түн елесі түнейді, 
Бурыл талдың судағы көлеңкесі 
Үрейлі!
Көлеңкені созғылап түлкі құйрық жел ессе, 
Жасыл шашты жас толқын өбектейді бөбекше.
Қайшылықты бұл сурет 
Өмірдің өз мәніндей, 
Қалып қойған қышқылтым соңғы тамшы дәмінде.
Үнсіздікпен тергейсің сен өзіңді жекелеп, 
Қиялыңды әкетер сұлу үрей жетелеп.
Сұлу үрей.
Және де 
Іңкәрлық бар нұр жайлы.
Қара судың бетінде қаймақшыған бір қайғы. 
Сұлулық пен қорқыныш - жүрегіңде.
Ол, сенің
Әлде қашан жоғалтқан кішкентай бір бөлшегің.
Сол адасқақ дәуреннің жұмбағымен кезігіп, 
Отырасың жаныңның жалғыздығын сезініп.
Түлкі құйрық жел есер қиялыңды сүйрелеп, 
Ал, махаббат?
Әрине, маңдайыңнан тиген оқ!
Еңкейесің еріксіз көлеңкеге судағы, 
Көз жасымен бір тамшы 
Көкірегіңді жуғалы.


*** 

Махаббат па, 
Мама ағаш па?
Кіндігіміз байланған.
Асығамын дала жаққа, 
Аттап терең сайлардан.

Толқынды тау-жайқын әлем 
Саған ұшып жетемін; 
Сауырына ай түнеген 
Арғымақтар мекені.

Құстай еркін 
Түсім-өлең...
Мен далама сәбимін.
Жирен оттар кісінеген 
Ошағында әр үйдің.

Ағаштардың арасымен 
Жеңіл тұман кілкіген; 
Қаба жалды қара сілем, 
Егіз едім жылқымен.

Тұлпарлардың тұяғына 
Қазақтығым қатысты.
Қанат берген қиялыма 
Азаттығым - ат үсті.

Сағынышым - абыз далам, 
Саған ұшып жетемін.
Шықты алдымнан аңыз ғана, 
Ғасыр мұңын көтеріп.

Мама ағаш жоқ...
Махаббат бар -
Маңдайымнан тиген оқ!
Жым-жырт көңіл түкпірінде 
Кісінейді жирен от.


              *** 
Кіндіктес мұңлы ғалам жарасымен, 
Маңдайы қарт өлкенің -
Қара сілем!
Бір елес келеді ұшып құс тағдырлы, 
Зымырап ағаштардың арасымен.

Самғайды елес солай құс тағдырлы, 
Асығып атар таңға ұшқан ғұрлы.
Ал, менің жанарымда жасырынған, 
Тағы сол көкшіл ымырт.
Түс.
Жаңбырлы...

Жасырып жанарыма -
Әр бояуын, 
Ұрттаймын мен даламның бар қаяуын.
Жеп-жеңіл қанат қағып келеді құс, 
Тап-таза салмағымен қардай ауыр.

Қанатын қасиетті нұр жалаған, 
Ақ құсым, 
Сен не көрдің бұл даладан?
Қан-қан боп тырнақтары 
Мезгіл отыр, 
Тамырын қара тастың тырмалаған.

Жанымның күйзелісі - ыстық рең ,
Үзілген жапырақ боп ұшты білем.
Көзімде көлге айналып, 
Жатыр толқып, 
Үзілген салқын тамшы құс тілінен...


ЖҰМБАҚ ТАС
  
Алдарқатқан көз жасын сүртіп өлім, 
Қандай ауыр сипаттау бұлт реңін.
Емірене сүйеді сәл еңкейіп, 
Тас маңдайын тершітіп ... Дымқыл ерін.

Кірпігіне әр шөптің жас байлатқан, 
Түннің өзін түнекке бастайды ақ таң.
Көшеді бұлт.
Қалады тас орнында, 
Тағдырына қарысып тастай қатқан.

Жер бетінің жеңе алмас ащы ойлары, 
Зәу биікте жанымның жас қайнары.
Тауларымның мекендеп маңдай тұсын, 
Мен де бір сәт 
Мызғимын тасқа айналып.

Іздемейді, әрине, ешкім мені, 
(Аспан болып күрсіндім.
Естілмеді!) 
Бұлт тағдырлы аялы алақанда, 
Мың бояумен құлпырған ес гүлдері.

Сұрамаймын дауылдың долы күшін, 
Дән риза қастерлі сорым үшін -
Мың тамшысын төксе де, 
бір тамшысын 
Жанарына жасырған жыр-болмысым.