Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маржан ЕРШУ: «ДІЛДӘ» поэма

 

БІЛЕЗІК ПЕН ТАРЫ                                                  

Күндер,  күндер,
өтіп жатты не түрлі,
Жақсылардың жағы түсіп кетілді. 
Ашаршылық. Ел ауған шақ. Сол бір кез.
Түссізденген ала бояу секілді. 

Дәриясы адасты ма ақылдың?
Оқ – жебелер кімдерге сен атылдың?
Жазықсыздан  “халық жауы” көбейіп
Ел басына туды ма әлде бақыр – күн. 

Өмір – керуен ұзақ жолдай шұбаған,
Көп үйлердің мұржалары құлаған. 
Алтын соқпақ іздеп жүрер мәңгіге
Ертеңіне сенетұғын бұл адам. 

Ауыл ауып, дәм іздеген бір татым,
Ең жаман жұт – ашаршылық құртатын. 
Дүрбелеңге айналғанда дүние
Шаруа қайда жерді тегіс жыртатын? 

Шалқар бойы шаттығынан арылды,
Жоқтады олар айдалған көп нар ұлды.
Дөңгелегін дүниенің бұра алмай
Жылап  жүріп сағынды.

Көсегесі  көгеретін күн  қайда? 
“Матай  – малды”, “Матай – діндар” деп ойлап,
Шаха сынды шырылдаған шегіртке
Басқан ізін бақпай ма? 

Бір – ақ күнде шаталды ғой өр дене,
Ат байлаулы қала берді кермеде. 
Жас баласын жұбата алмай жас ана
Қала берді сенделе.

Көшті ел–жұрт бір дорбасын арқалап,
Шақырғандай жолдар жатты шартарап.
Аудан жақты бетке алып келеді
Таусылғасын бар тамақ.

Бала байғұс шыр – шыр етіп жылайды.
Апа “нан бер”, “су берші” деп сұрайды.
Жұбататын әні бітіп ананың
Көз жасымен қарғағандай күн, айды. 

Жалғыз өзі, адам да жоқ қарасын,
Іштей жұтып жүрегінің жарасын. 
“Шыда –  Ділдә –  әжеңе де жетеміз”
Деп жұбатар баласын. 

Жүріп келед, жолда кілең ошаған,
Бауыр еті сөгіліп бір  босаған.
 -Шалқар  әне, енді жеттік!- дегенде
Арқасынан құлап түсті аш адам. 

Базар қайда? Саудасына бөлеген,
Білезік бар сақталынған көнеден. 
Жанұшырып саудагерге қарайды
–Пұлын айтшы, – не дер ең? 

Сорлы әйелдің түрін көріп қамыққан,
Саудагер де бәсін айтар шарықтай.
Қос білезік сом алтын ғой қып – қызыл
Алтын ас па аш адамға тарыққан ? 

Сұм саудагер сырын бермес қуарып,
Қос уыстай тары дейді – бұл анық.
Алсаң ал, алмасаң қой, кет қазақ!
Дейді тілін шығарып. 

Қайран ана! Шыр айналып шаршаған,
Тілегі сол: сәбиі оның қалса аман.
Ыстық суға бөктерген де тарыны
Дәмді тосты аңсаған.

Алыстардан жаңғырығып жетеді үн,
Сағындырып туған жерін, мекенін.
“Қарыздармын сол тарыға” дегенде
Ділдә ана  мұңға батып кететін...

ЕР  МЕН  ЖЕР

Заман – қатал. Жел үрлеген іргеден,
Күн – бұлыңғыр, ай – ажарсыз, түн – керең.
Сібір жақта жұмыс күшін толтырды
Тізілгендер түрмеден.  

Матай талай қиындыққа жолықты,
Болат құйып, шойынды  да қорытты.
Еңкеймеді,  жығылмады, сынбады
Жігіт жолы – жорық бір. 

Кіреуке мұң қамағанда жанарды,
Қара шашы бордай болып ағарды.
Халық  кескен “Халық жауы” күрсініп,
Көкжиекке  қарар–ды. 

Шахалардың шоқпарына кеп–кеше,
Жоғары жақ: доғар десе, тек десе. 
Ел – жұртының ортасында жүрер ме
Қайран қазақ! Отқа түс те шоқ көсе!

Ойлап соны солқылдайды бар маңдай,
Тағдыр деген таразы ма, тар қандай. 
Қара термен бейнет күнін кешеді
Түнді жалғап, келер таңды армандай.

Бұл заманды білер емес жан ұғып,
Ойлайды елін, жанұясын сағынып.
Қапас күндер тұңғиыққа бастай ма
Тау – көңілі қамығып. 

Күндіз – түні жұмыс қызып заводта,
Түсті ғой бір небір сұмдық азапқа.
Қайратымен қара тасты аударып,
Қиын бе екен? «Стахановшы» атану
Осындай  нар қазаққа!

Тістескеннің тілін тауып ақылмен:
«Елім, жұртым маң далада жатыр» дер.
Туған үйдің түтіні ащы бола ма
Жаныма ең жақын дер. 

Тыңдағанды бас шұлғытып, көндіріп,
Сертіменен  талайларды жеңді нық.
Етігімен суды кешіп жүрсе де
Жасайды бір ер  қылық!

Өр мінезі бір істі бастағасын,
Суық  күнде суық мұз жастанасың.
Рұхсат сұрап елінен алып келген
Әйелі, бауыры мен жас баласын. 

Сібірдің ақ бораны айғай салып,
Алардай қақпақылдап жанды бағып.
Қақаған сары аязда қасарысқан
Бұл өзі қандай жорық?!
Қандай халық?!

Тағдыр өзі айқыш–ұйқыш жолдардай,
Сібірдің де суығына тоңғанда,
Қызыл тудың астындағы халықтың
Бірлігі бар жалғанған.

Кірме болып араласқан елменен,
Дөңгелектей айналады жер деген.
«А» дегенді Азбукадан үйренген
Ділдәжанды мектепке де берген ед.

Анасы оның адам еді бір мықты,
Келеді деп  күтуші еді шындықты.
Сорды кешіп, қиналса да қамықпай
Туар  дейтін теңдік күн.

Еркіндік жоқ бұл басында түрме – заң,
Шырмауықтай шатасқан бір шырғалаң.
“Рұқсатты күн” жолығады жарымен
Айтылатын сыр сараң.

Нағыз адам өкіметке өгей ме?
Кім кінәлі? Бай ма, әлде кедей ме?
Жазықсызды жылатса,
Биліктіні құлатса,
“Матай сотқар” демей ме!

Өзендердің саласы да лайланып,
Үнсіздікті тыңдайтындай ай бағып.
Калининге хат жазды ол бір күні
Алласына сыйынып, мың ойланып.   

Ақ тілегін ақ қағаз алып ұшты,
Ақ қағазға – көз жасы тамып ыстық. 
Москва. Кремльден жауап келді:
Ақталдың! Жолдас Матай! Жаңылыстық!

Қырықыншы, қапырық жыл еді бұл,
Кеудесі де қуанышқа толды не бір.
Елім қайда деуге ер тосылғандай
Көштің басын Термезге бұрды көңіл.

Өзбек деген өз ағам, иманы асқан,
Қазақ, қырғыз, өзбек боп бауырласқан.
Ежелден түбіміз бір – мұсылманбыз,
Деп өзбек топырағының табын басқан.

Намаз оқып, жалбарынар Құдайына,
Қан–топырақ ыстық қой лайымда.
Жиырма бес жыл жат жерде айдаудан соң
Көшіп барған Мысыр шәрі шырайына.

Бау–бақшасы жайқалған әсем қала,
Тандыр нанның бұрқырар исі жаңа.
Қалың өзбек ішіне сыйып кеткен
Бауырмалдық қасиет қой, дейсің дара...

ҚАҺАР МЕН ШАҺАР

Бір жылдан соң.
Сұрапыл жыл басталды.
Соғыс бұлты көрсетпеді аспанды.
Қабақтарда түйілгенде қалың мұң.
Баланың да жүрегінен жас тамды.

Соғыс өрті жалмап жатты орманды,
Соғыс өрті бұзып жатты жолдарды.
Бір үміттер мың үмітке айналса,
Бірлік күші бырт–бырт үзер торларды.

Отан – Ана! Бәріміздің панамыз! 
“Отан үшін алға” десе, 
Қалай үнсіз қаламыз ?!
Отан үшін жанын қиған боздақтар 
Бейбіт күнде – бәрі аңыз.

Батыр жігіт шамырқанар мұндайда,
Шын батырлық намысында тұрмай ма?!
“Халық жауы бұл кешегі, тыл – орны”
Деп шешеді жоғарыдан бір байлам.

Тылдың күші – еңбек сүйген мың халық.
Топсалары босаса да тұрған нық.
Ауыр жұмыс азабынан қорықпас,
Білте шамдай жетелейді бір жарық.

Газеттерде жазып жатты жаңалық,
Жеңер елдің жасампаз бір хабарын.
Жарық көрген комиссардың жарлығы
Қалаға тез тарады.

Жарлықты оқып Ділдә сол күн ойланды,
Он төрт жаста ол көңіліне қайғы алды.
“Дәрігерлік оқимыз” деп  бір топ қыз
Ертеңіне комиссарға барған–ды.

Душанбеде ұштағанда қанатын,
Оқу, оқу – бар уайымы болатын.
Майданға да дәрігерлер көп керек
Бұл оқудың бітсе  дейді сағаты.

Жау жеңілді! Жеңіс деген зор бір үн!
Кеңіткендей талайлардың тағдырын.
Соғыс мұңы көңілдерден өшпейді
Жоғалтты Ана аға, бауыр, жар, ұлын.

Соғыс бітті. Иықта бар – бір міндет.
Жаралылар – соғыс берген күлгін дерт.
Әр адамның тағдырында сұрақ тұр
(Жанарлар да сөйлейтін: өмір сүргім кеп.)

Жұбатты ол жылағанды шоқ тілген,
Емдеді ол жаралыны оқ тиген.
Жап–жас қызға мұнша ауыр болар ма
Дәрігер ғой жаны таза ақ киген.
     
Дәрігерше ойланбаса бекер ғой,
Сергектіктен ада болу – 
Сезімсіздік екен ғой.
Адамшылық аянышын қарекетпен білдірсе,
Мұратына жетер ой.

Жылы ауа.
Термез қала. Госпитальға келген шақ.
Күмбірлеген жүрегінде күй қанша.
Жас дәрігер қанат байлап ұшқандай
Сағындырған туған түтін – үйді аңсап...
                    
                     КӨҢІЛ МЕН ӨМІР

Өтті соғыс.
Сыздайды жан–жүректер,
Жаншылғанда жалғанбаған тілектер.
Арман–мұңын қоса арқалап кеткендей
Шаңыраққа ие болар тіректер.

Ауырлықты сезді жүрек, көрді көз,
Ұмытылмас жара салды сол бір кез.
Сұмдық соғыс сұрапылы бәрі есте
Естілмесін “соғыс” дейтін сұмдық сөз.

Тілер мұны ақ жаулықты ана да,
Тілер мұны бесіктегі бала да.
Тілер мұны қасиетті топырақ
Тілер мұны ақ тілеулі бар адам.

Өмір деген мұндай мұңды болар ма?
Бұла көңіл шалқып, тасып толар ма?
Сол бір кезде жаралылар көп еді,
“Соғыс” десе, жас тұнатын жанарға.

Соғыс салған жарақат–із көп еді,
Біреу үнсіз, біреу жасын төгеді.
Сол бір кездің һәм мұңдылау өлеңі
Кейбіреудің белгісіздеу дерегі.

Соғыс жайлы естелік те көп тегі,
Бірінде – қан, ал бірінде – өктем үн.
Аға ұрпақтың Отан үшін қиылған
Қасық қаны намыс болып көктеді.

Термез қала. Ақ көгершін – халық бір,
Тас төбеден құйылғандай жарық нұр.
Жексенбі күн құрбыларға қосылып,
Жас дәрігер би кешіне барыпты.

Термез қала. Жастар толы жазғы бақ,
Патефоннан музыка ойнар балбырап.
Бойжеткеннің жанарында күн күлер
Екі беті албырап.

Орыс, өзбек, қазақ, тәжік – көп ұлтты,
Жас күлкілер қыздырады сауықты.
Мөлдір көзді қара жігіт жымиып,
“Қазақсың” деп танып тұр.

Екі жастың танысқаны сыр біліп,
“Тасмағамбетов Нұрғали” екен бұл жігіт.
Офицері горнизонында Термездің
Туған жері алыстағы – Гурьев.

Тербегендей Термездің самал лебі,
Жас арудың көрінді жамал өңі.
Жігіт жаны тебіреніп, толғанады
Қай құдірет –
Жолықтырған саған мені!

Құралайдай алдымнан шыға қалған,
Сені көрмеу, дүние–ай, күнә маған!
Жүрегімнің жан–әнін тапқандаймын,
Маған бақыт сыйлайды–ау мына қалаң!

Бір тілек боп тапқанда жарасымды,
Қос жүректің жалғады арасын гүл.
Сезімдері сырға тұнған қос ғашыққа
Жер, дүние төккендей бар асылды.

Қыз көңілі жабығар оңашада,
Күн күлімдеп, алдынан қараса да.
Ата – дәстүр салты бар атастырған,
Салтты бұзу жараса ма?!

Бұл жайында Нұрғали естігесін,
Сол сәтінде–ақ ерлерше кесті шешім:
Алып қашам! Ауылыма! Атырауға
Үйің – іші ештеңе естімесін.

Қайран жүрек егіліп, сыздағаны,
Қиын–ау тағдыры қыз баланың.
Біресе өр жүрегі алып–ұшып,
Біресе гүл көңілі мұз болады.

Әкесінің әуелден сұсы басым,
Анасының сөзі бар мысы басым.
Тасбикедей бауырын қимай тағы
Кетеді түсі қашып.

Ерлік жолда айналар аты аңызға,
«Қыз жолы – жіңішке» деп жатамыз да.
Сүйгенімен қол ұстасып қашып кетсе
Ауыл, елге атанар бата бұзған.

Сүйгеніне жүректің көнбесі ме?
Өрт сезімнің адамды жеңбесі ме?
Оңашада бар сырын ақтарады
Жаны жақын сыршыл дос – жеңгесіне.

Әке–шеше, бауыр, ел, шаңырақты,
Қимай–қимай жанардан жас та ақты.
Тарсылдаған поездар дөңгелегі
Екі жасты алысқа ап бара жатты...

                ТІЛ МЕН ДІЛ

Наурыз айы. Сиыр жылы. Қар қалың.
Шаруа қамын күйттейді ел мал бағып.
Көктем исі сезілмейді әлі де
Қыстың сызы маңдай тұсты тұр қарып.

Ауыл деген тіршіліктің базары,
Бала жылап, бота боздар – ғажап үн.
Жұпыны үйлер жарқыратса шамдарын
Оттан түспей бұрқылдаған қазаны.

Ауыл десең –
Ауыздан жыр ағылған,
Ауыл деген қазақтың тұмарындай.
Жау іргеден шапқанда “Отан үшін”
Талай боздақ аттанған бұл ауылдан.

Күйреп дене кеткенде қуат талып,
Азайғандай тірліктің шуақ–нәрі.
Жесірлердің көз жасы жерге тамып
“Қара қағаз”  хабары құлатқаны.

Сәулетті елдей келе ме енді гүлдеп,
“Келер” деген үміттер сендірді көп.
Елге қайтар ерлердің жолын тосып
Қара жолдың бойына телмірді жұрт.

Қайсарлық қой!
Қиынға төзу деген-
Соғыстың бар салмағын сезінген ел.
Ел басына күн туған ауыр шақтан
Аман шықты бауырмалдық сезімменен.

Хабар келді!
Алыстан жақсы хабар!
Көңілге бір жұбаныш тапты олар.
Тасмағамбет теңіздей тебіреніп
Омырауына көзінің жасы тамар.

-Сүйінші! Сүйіншілеп қыр асырған,
Шапқылап, балалар жүр, кіл асыл жан.
Нұрғали екеу болып келмек дейді
Жыр–көңілге кетіпті ұласып ән.

“Келін келді” дегенде ел келін көрмек,
Келін деген жүн түтіп, ұстар өрмек.
Бұл өзі қазақ па екен, орыс па екен?
Қызығып жүзін көрмек, сөзін термек.

Келін келді. Жүзі ибалы. Шаршаған ба?
Иіліп сәлемдесер барша адамға.
Сөйлейтін тілі бірақ жоқ екен–ау
“Түрі – қазақ, тілі – орыс” деп тамсанар ма?

Халықтың сөзі шықты бір ауыздан,
Таратып айтып жатты сыр –  аңыздай:
Баласының мұнысы ұят болды–ау
Тасекең –
Сөйлегенде көмейден жыр ағызған.

Суық сөздің қанжардай қадалғаны,
Намыс пен нәзіктік қой адам жаны.
Тіл білмейтін келінге тілін тістеп
Атасы ашуланып қарар–дағы.

Енесімен ымдасып, ұғынысып,
Аңтарылып, аузынан сөзі түсіп.
Қиналғанда жанардан мөлт–мөлт етіп
Ыршып түскен шығы да ыстық.

Байсалды қалыбынан бір аумаған,
Енесі асыл жан–ау сыр ойлаған.
Шапағатын аямай келінінен
Демеу болып, сүйеу боп, жүр айнала.

Қазақ тілдің қаймағын сезінеді,
Елін ойлап бауыры езіледі.
Сағынышы ұласты қамығуға
Бар қиындық түскендей өзіне енді.

Бұл келінге сірә жан тең келер ме?!
Есіктегі бас шығар өрге демде.
Ауыл–ел таңырқасып қалған екен
Үш айдан соң мақалдап сөйлегенде.

-Тіл деген – қазағымның жаны емес пе?
Тіл деген – қазағымның ары емес пе?
Деп атасы шаттықтан жарылардай
“Келінімнің тілі шықты”
Бұл бір той емес пе!

Осындай той болады бұл өңірде,
Тілі әрдайым жүретін жүрегінде.
Риза боп, келінге тілеу тілер
Халықтың қасиеті – тілегінде.

Қара сөздің қайнарын қанып ішкен,
Атасы бір жан екен бағы үстем.
“Шежіре, жыр–аңызды тыңдаймыз” деп
Іздеп келіп адамдар үйге түскен.

Қонақжайлық – халқымның өнегесі,
Қонақ келген үйдің кең керегесі.
Деп атасы баталы сөзін айтып
Иіскейді бауырына ап немересін.

Жақсы келін атанған аймағында,
Дәрігерлік қызмет бар  маңдайында.
Күйбің тірлік, тіршілік қонақ қамы
Бұрылатын шама жоқ жан – жағыңа.

Үлкен үйдің жиылмай дастарханы,
Сыйлы адамның алдына бас тартады.
Ынтымақ қой берекесі шаңырақтың
Ойлайтыны ағайын, достар қамы.

Сөйлесе, тілдің майын тамызатын,
Өлең–жырды бұлақтай ағызатын.
Тасекеңнің қадірін біліп келген
Өлеңнің “Ақша бұлты”  Әбу ақын.

Қариялар өмірге қазық болған.
Әбу ақын сырласып, озып па ойдан.
Би–шешендер, ақын мен жыраулардың
Дәмді сөзін қағазға жазып та алған.

Өткен күнге көңілді бұрғанында,
Ел тарихы – жыраулар жырларында.
Бабалардан қалған сөз жатталады
Шәйін құйған Ділдәнің құлағында...

Тасмағамбет қария немерелерімен. Атасының алдында отырған бала Иманғали.

АТА МЕН БАТА

Күн мен түн.
Уақыт зырлап алмасқаны.
Сөзінің суырылып, алдаспаны.
– Келінім, саған айтар әңгімем бар,
деп атасы бір күні сөз бастады:

Сен келгелі отымның бағы жанды,
Қатайттың күйреген бір қабырғамды.
Шаңырақты толтырдың қуанышқа
Немерелерім барда менің – жолым мәңгі.

Албырт мінез, жауқазын жаста келдің,
Абыройын сезіндің қызыл тілдің.
Ибалы мінезіңмен, ақылыңмен
Бұл елге тастай батып, судай сіңдің.

Ата–енеңді әрдайым қадірледің,
Алдынан сүйікті асын әзірледің.
Жүрегіңді ап жүгірдің жылағанға
Ниетіңді көрді ғой көзім менің.

Мендей жанға тағдырдың бергені де,
Мың шүкірмін бұл күнді көргеніме.
Шапанымды іліп, қолыма су құясың
Даладан үй ішіне енгенімде.

Төрден қонақ үзілмей, қазан астың,
Дәрігер боп, елмен де араластың.
Бабын тауып баршаның жүрсің дәйім
Тірлігі таусылар ма қара бастың.

Пейіліңмен биіктеттің босағамды,
Толқығаннан көзімнен жас ағар–ды.
“Көргенсіздің баласы” атанбадың
Көрмедік–ау көңілің бір босағанды.

Сен келгелі жеті жыл жүзі болды.
Жалғайын деп отырмын үзік жолды.
Ата–анаңның алдына өзім барып
Төс қағысып, берейін өзім қолды.

Жүрегімнің түбіне бір мұң қонған,
Қорықпаймын сен үшін ұзын жолдан.
«Термез» деген Тескентау болса -дағы
Барамыз, жиналайық, жолға қамдан.

Көзінен ып–ыстық жас төгілгенде,
Туған үйін іштей аңсап, егілгенде.
Ділдә – жүрек қанат боп ұшып кетті
Сағыныш–құс шегінген бе!

(Термезің Тескентаудан шеткері екен),
Жол азабы мехнатын шеккен екен.
Ата, келін, немере –  бір ел болып,
Жеті күнде Термезге жеткен екен.

Вокзал іші. Туыстың бәрі осында,
Әке–шеше жүгірді–ау баласына.
Бозінгендей боздаған сағынышты үн
Сақтай гөр, дұшпанының табасынан.

Жан бауырды өкпеге қимайтын ел,
Құдасын құдайындай сыйлайтын ел.
Қазақтың абыроймен аты шыққан
Жақсылықты батадай жинайтын ел.

Екі құда жарасты тәлімімен,
Сөз тыңдайды салтанат –  сәніменен.
Түсіну мен түйсіну бұл өмірдің
Мағыналы дерегі мәні деген.

Ағайын, ел, дос–бауыр аралары,
Елдік сынның қашан да дара жолы.
Үлбіреген үміттер сенім болып,
Дүниеге шуақ боп таралады...

* * *
Бір күні.
Қара шаңырақ көңілі пәс болады,
Жанарларға моншақтап жас толады.
Тасмағамбет төрт жылдай төсек тартып,
Сырқат меңдеп, ауруы асқынады.

Сырқат жанға көңіл мен күтім керек,
Қиналғанда дәрі беріп, шайын демдеп.
Енесі мен келіні ертелі–кеш
Қас–қабағын бағады етіп еңбек.

Қайтқан құстай ауды ма базары да,
Мойындамай аурудың азабын да.
Келінін жанына шақырыпты
Тасекең қарт өмірден озарында.

– Қыз едің ана көрген, ата көрген,
Алтын бас сыйланбаса, жатар жерде.
Дүниенің сағатына қарап тұрып,
Ділдәжан, қолыңды жай, қарағым – деп.
Атасы Тасмағамбет
бата берген:

Халқыңның санасы бол!
Ортаңның данасы бол!
Жақсының панасы бол!
Бар елдің Анасы бол!
Әумин!

  АНА МЕН БАЛА 
                                
Ананың қатты толғағы,
Жаратқан  Ием қолдағын.
Ділдә дәрігер өзіңе
Тапсырдым, -деді сондағы үн.
Тілейді тілек таусылып,
Құландай ащы даусын ұқ!
Дүниеге келер сәбиге
Ананың қос бүйірі-
Жасайды, бәлкім, таршылық.
Талықсып кетті жас ана,
Төзімін тауысып осы ара.
Шыбындай жаны үзіліп
Қалар ма жылап босаға?
Қудай боп өңі бозарған,
Шүберектей боп тозар ма?
Араша түсті дәрігер
Алқымнан алған ажалға.
Сақтауға өмір тұғырын,
Сарп еткен ойын, тынымын.
Ділдә дәрігер ұзартты
Қыл үстіндегі ғұмырын.
Төзімін жұрттың тауысқан,
Күн енді түнге ауысқан.
Әлем нұрланып кеткендей
«Шыр» ете түскен дауыстан.
«Дәрігер -нағыз батыр» деп,
Айтамыз біздер атын көп.
Үйінен жетті бір хабар
«Балаң ауырып жатыр» деп.
Бөбегі жатыр қысылып,
Демігіп, қызып, ісініп.
Дәрігер-ана жүректің
Тынысын көрші түсініп.
Қиналған жанмен қиналып,
Жаны тырнақта тұрғаны.
Күйіп-жанған сәбиіменен
Ауырады бір жаны.
Егілер Ана көз ілмей,
Түн ұйқысын ұмытып.
Ана деген сезімге
Дүниені ұйытып.
Жандай болып жаралы,
Таусылғандай амалы.
Баласының бетіне
Ыстық жасы тамады.
Алыстағандай арай күн,
Көзінен бір мұң тарайды.
Әке жазған тұнжырап
Жаутаңдап оған қарайды.
Жөңкіліп бұлттар көше ме?
Енесі көрген неше мұң.
Қамықпа, -дейді-қарағым
Жыламай бала өсе ме?
Табаны балқыр таудың  да,
Құдыретімен Ананың.
Анаға тәтті қайғың да
Бала-тілі ғой баланың.
Толқыса шертер сан күйді,
Домбыра-жүрек күй сынды.
«Бесік жыры» боп әлдилер
Иткөйлек сіңген исіңді.
Үмітке үкі тағып ап,
Балпаңдай басса балапан.
Ананың жаны жадырап
Жаяды оған алақан.
Күндердің парағы не дейді:
Жапырақ жайып көбейді.
Сәби де болған бір кезде
Ана боп енді демейді.
Ғибрат асыл сөзі бар,
Жүрекке жетер дәмімен.
Ананың айтар ақылы 
Тәттілеу екен бәрінен.
Балалық дәурен кезінен,
Уызына ол да жарыған.
Ділдә анаға тегінен
Қасиет бар-ау дарыған.
Қара сөз-ойдың құнары,
Қайралып ойдан шығатын.
Өсиет еткен жастарға ол
Тәлімді еңбек кітабын.
Бұл бір шындық,
Бұл-аңыз!
Тұрар дәйім таңдайда.
Жұдырықтай қара қыз
Келген алыс шалғайдан...

СӨЗ СОҢЫ
Ақиқат бар – сөзіңде,
Көкжалдығың – көзіңде!
Аруақты Анасың
Тебіренген кезіңде!

Тамыр болдың төзімге,
Шуақ болдың сезімге.
Ақ жаулықты Анасың
Еміренген кезіңде!

Ойлап, барлап қарасам,
Орныңа кім таласар?
Парасатты биігің
Апа, Өзіңе, жарасар!

Маржан ЕРШУ