1974 жылы қарашада ҚХР, ШҰАР, Алтай аймағы Көктоғай ауданның Көкебұлақ деген бөктерінде өмір есігін ашқан. 1994-жылы алғашқы өлеңдері жарияланған. Содан бері мерзімді басылымдарда өлең, әңгіме, дастандары жарияланып келеді. «Жүрек толқыны», «Менің шығысым», «Мелегей» атты альманахтарға шығармалары енгізілген. Бір топ өлеңдері қытай тіліне аударылған. Ақын қазір Бурылтоғай ауданы Жетарал қалашығында тұрады.
ҚЫСҚЫ КӨЛ
Қысқы көл неге үнсізсің?
Көңілсізсің
Мұңайған мұз астынан,
Әлде кімдей ажалын алыссынған,
Өмірін ұзақсынған.
Білмеймін кімдерге арнап гәкку назын,
(Білмеймін!) қайда кетті аққу-қазың?!
Аққулар, арулар да адасады,
Кім білсін?
Баяны жоқ бақ қуғасын.
Білемін, мен білемін.
Көктемде көркем едің, мөлдір едің.
Тәп-тәтті махаббат боп елжіредің,
Ажалын алыссынған ол кім еді?
Қысқа күн темекімнің тұқылындай,
Жоқты аңсап текке кеткен ғұмырымдай.
Ажалын аңсап жүрген ол кім еді?
Жыбыр-жыбыр қайнаған жылымыңдай.
Иесі өлген қобыздай, домбырадай,
Жатырмыз жалғыздыққа көндіге алмай.
Жыл құсы қайда кетті?...
Сен біле алмай
Жылымың қай жерде еді?...
Мен біле алмай.
Жағалаудың,
Төзімін мұз кемірген -
Ажал ма?
Аяз... Көрем дүзгенінен.
Жалғыз тал қалтырайды сары жапырақ
неге ұшып кетпедім деп күз желімен.
Қысқы көл, мұңайдың ба қазыңды аңсап,
Жапырақ, жыладың ба жазыңды аңсап?
Жүрегімді жұбатар жыр жазармын,
Қара жерден қабірім қазылғанша.
КҮЗГІ САПАР
Хош деп қанат қағады құстар маған
Мұқағали Мақатайев
Ала таңнан аттанамын аулаққа,
Мұнар шөккен дала жаққа, тау жаққа.
Әлде неге алаңдаған арудай,
Олпы-солпы оянады бау-бақша.
Қара жолдың бойындағы тал-қайың,
Қолын бұлғап қоштасады әрдайым.
Қимас жанын ақтық қимас сапарға,
Қимастықпен аттандырған жандайын.
Әлде неге орнатылған бағандар,
Қолын бұлғап ілеседі қала алмай.
Сезіледі менің әрбір сапарым,
Кеткен адам келе алмайтын замандай.
* * *
Көктемде
Көкебұлақ... Көгілдір бір бөктерде,
Әжем жылап қалып еді осылай
Туған жерден мен алысқа кеткенде.
Арман болып асықтырған мәңгі ертең,
Әлде неге алаңдаған жан көрсем;
Мені тосқан әжем бе деп ойлаймын:
Әлде қайдан басы қарлы тау көрсем.
Біле алмаймын кім екенін кінәлі?
Біле алмайды - жүрегім де жылауық.
Кездеспедік қанша ғасыр өтті екен,
Мені жылап аттандырған бір ару.
Хош аман бол, хош аман бол, бал құрақ,
Әнші бұлақ әлдилеген ән құрап.
Хош аман бол, қалған ару алыста,
Көлдей толқып жанарлары жаудырап.
Зулайды бір өмір атты арғымақ,
Теңіз тулап, жатса-дағы тау құлап.
Хош дей алмай қол бұлғаған жандарға
Қай қыратта жатар екем саудырап.
КЕШЕ КӨР
Кешір мені, баба-тау,
Ақ отау,
Кешір мені, сары дала,
Басы жатқан бабамның,
Бөрісі де бар дала,
Түлкісі де бар дала.
Есектер де аунаған,
Тұлпарлар да аунаған,
Бұлбұлдары сайраған,
Сары қурайы сарнаған.
Жүзім сынық жүректегі жарадан,
Мен - мәстекпін, өмір-бәйге аламан!
Қылмысым бар ғашығымды ұмытып,
Періштенің балтырына қараған.
Кешіре көр, ата-дәстүр, жаратқан,
Сенен тиым - ауыз тидім шараптан.
Кездерімді кешіре көр, жүрегім,
Сезімімді ақылыма қаматқан.
Шаш-шөбіңді мен де жұлдым, жер-жесір,
Жамандама сыбырласаң желге сыр.
Қолым барып үзбей кеткен бақтарда,
Көктемдегі қыз-қызғалдақ, сен кешір.
Кешір әже, бақидағы, барсың ба,
Жер астынан таныр болсаң даусымынан.
Кешіре көр, бала күнгі бәйге аты,
Қайқайыста қамшы ұрған.
Кешірер ме адал достар бар не бір,
Күткен менен асқақтаған ән мен жыр.
Кешіре көр, айта алмадым төрелік,
Орта шығыс, иелікке даулы өңір!
Мен ботаңмын махаббатпен матаған,
Туған далам, жер төсінде жат аман!
Кешіре көр, жабырқаңқы жүзімді,
Күлкісі жоқ көздерімді, ата-анам.
Кеше көр мені,
Жоқ қарап кезген жайлаулар,
Атым сүрінген қорықтар,
Терім төгілген атыздар,
Күрегім сынған арықтар.
Кешпеңдер, іздеп келмесем,
Өлімнен де ұлы рахатқа шөлдесем.
Дүрілдеген тіршілік нулы басын
Дүрілдеген тіршілік нулы басын,
Таулы Алтай ақ күмістен дулығасы.
Бауырым, батырлығы бар ма сенде ?
Әспеттеп маған берген жыр мұрасын .
Күзді алдапты,
Таулы Алтай жаннат шағын бізге арнапты,
Бауырым, жатырсың ба айырылмай .
Қыздармен қызғалдақты .
Жарқылдап балтырлары жайындардай
Әдемі азіл айтып қайындарға.
Қайыңдай бұраңдаған жеңгелер ме?
Жеңгедей желбіреген қайыңдар ма ?
Намыстың қиясынан құлап өлген,
Ұқсайсың ба бабаңа мұрагерге?
Құшағыңда пері ме, періште ме,
Жетегіңде құлан ба, құлагер ме?!
Жанары жұлдыздардың нұрын емген,
Ағаң едім сұлуды сүйіп өлген .
Сүйіп өлген шопанда бар ма арман,
Арудай әсем тауды, киік өрген?!
«САРЫАРҚА»
Күйші бауырларым Ердәулет Асқарұлына,, Кастер Бақытбекұлына!
1
Аққан судың (сел суының) сарылы;
Жер қайысқан көп жылқының дүбірі .
Байғұздың ба, бақсының ба сарыны,
Қорқыттың ба, Асанының ба уайымы,
Сол әуенде бір қасиет бар ұлы .
Бір қасірет .....
Өңдеуге де келмейтұғын, сырлауға,
Ұмытылған бір жырлар бар .
Алты алаш бар ат жалында ас ішкен,
Қуған жау ма, қашқан жау ма, бір жау бар .
Дала жатыр құлан жортпас шөл болар,
Тұрасынан таусылатын жорғалар .
Көш барады ауғын көрген ел болар,
Қарт мекенге оралар ма енді олар ?!
Ұзатқан қыз жер түбіне (баталы!)
Көріс айтқан ақ әжемнің мақамы .
Жауға аттанған жалғыз ұлдың жарғағы,
Қарт әкемнің жас суарған сақалы .
Жаңғырығы үрейлілеу ұранның,
Жалғыз бейітке жарлы оқыған құраның .
Шошынуы үркіп шапқан тұлпардың,
Жеті түнде үркіп ұшқан қыранның .
Дала жыры - боз торғайдың шырылы,
Өрт жалыны, қалың қолдың дүбірі .
Азаматын тәңіріне тапсырып,
Кемсеңдеген жас арудың күбірі .
Көшке ере алмай қалған бура бар онда,
Қаңқиып бір тұрған қарап ғаламға .
О, Құдірет, ен күнінен ежелдің,
Сарыарқамның сарыны ескен даламнан .
Жас жанымда бар ма менің мұң-қайғы ?
Күзгі дала боздатқанда қурайды -
Құстар қайтып құлазыған кештерде,
«Сарыарқаны» тыңдаймын .
Жабырқаса өмір - ұзақ ертегім,
Жасын тартса жүрек - жалғыз тентегім .
Жалықтырса суыр тірлік суытып,
«Сарыарқаны» шертемін .
2
Жұлдыз жауған, мың гүл өскен кең далам,
Жұлдыз аққан, ай қалқыған кеңістік .
Шырғалаңдау тағдыры бар халықтың,
Күй- «Сарыарқа» рухани жеңісі,
Жемісі .
Байтақ далам, көктем-күзің, қыс-жазың,
Жұлдыздардың жарық әрі қысқа ізі .
Жай оғының жасыл әрі қысқа ізі,
«Сарарқаның» ұстазы .
Сайқал дүние сүйреңдеп,
Жасқа шөлдеп, жүрек мүжіп үйренген .
(Абайсызда сайқалды да сүйгем мен...)
Күй «Сарыарқа» - Сарыарқаның сарыны .
Алып қалған мені мәңгі күйреуден .
Адасудан, жоғалудан, тонаудан,
Алып қалған соқыр сұмдық тұманнан .
Алып қалған тарихқа сенбеуден,
Болашаққа күмәннан-
Күй-«Сарыарқа»... домбыра!..
АЙ КӨРДІМ...
«Ай көрдім, аман көрдім.»
Қияқ айды,
Құланды таулар көрдім, құралайлы,
Туған жердің табынған аспанына,
Бағзы дәстүрімді дуалайды .
«Ай көрдім, аман көрдім››
Баяғыда,
Құйрық жалсыз құланның саяғына .
Амалсыз аяй қарап тұрады екен,
Асанқайғы сүйеніп таяғына .
Баяғыда аялсыз ай аунаған,
Ай аунаса ажалы таяулаған .
Қарияның көкірегі боздайды екен,
Жетім қурай секілді сояулаған .
Аққу мамық безініп көрпесінен,
Желмаяның түнеген өркешіне .
Қарияның көкірегі боздайды екен,
Қайран елдің елеңдеп ертесіне .
«Ай көрдім, аман көрдім›› мен тағы да,
Бағзы бір заман көрдім мен тағы да .
Қария қандай түстер көреді екен,
Басын сүйеп ұйықтаса Хан тағына?..
ЕРТЕГІ ЕМЕС.....
Күлме, сен, қарғам, біле біл,
Мұңайып ағаң жазса арман.
Ертегі емес бұл өмір,
Патшаның қызын тазша алған.
Күлме, сен, қарындас, біле жүр,
Көзінен көңілі көрінген.
Ертегі емес бұл өмір,
Жезтырнақтары жеңілген.
Шалқұйрық шапқан белдердей,
Көкебұлақтың бөктері.
Түндерде тоссаң, келердей,
Перінің қызы Бекторы.
Тор көзді сауыт жамылған,
Ер едім бір үй толардай.
Айды алқа етіп тағынған,
Арулар ғашық болар ма?!
Байлықты кешіп белшеден,
Бірдеме қайыр тілеймін.
Безініп аққу көрпеден,
Тас молаларға түнеймін.
Құрдастан дос-жар кешеде,
Жүрегім кейде қорқады.
Мыстан кемпірлер көшеде,
Бикешке айналып жортады.
Қара тауларды құлата,
Дәулердің алдын бөгер деп,
Мені де күткен бір ата,
Өмірге қашан келер деп,
Қолына семсер ұстанып,
Ауызына зәйтүн тістеніп.
Ақымақ ханды білемін,
Таңданба, қарғам, сен маған.
Көлтаусармен бірге түнедім,
Таңданба, қарғам, сен маған.
Емес-ті...
Бірақ ұқсайды,
Ертегіге өмір
Оңбаған!
НАУРЫЗ
Еріген қардан, жеріген малдан,
Кілем жамылған белдерден,
Бұлт жүзіп жүрген көлдерден,
Арықтан, өлген мұздардан
Қырқада өскен қызғалдақ,
Сағыныш сияқты қыздардан,
Аспан төсенген өзеннен,
Ару-көктемінен безенген,
Наурыз тойын сезем мен.
Қыс кетті жалақтаған,
Көктемге аман жеттің бе, манат далам.
Келді ұшып Ұлыүңгірдің аққулары,
Асығып аспан жаққа қонақтаған.
Жарқылдатып ақ білек жайындарды,
Сосын көл ұлы тойға дайындалды.
«Жасан!» деп асықтырды жыңғылдарды,
«Безен!» деп асықтырды қайыңдарды.
Қазақтың даласында - әз наурыз,
Қаздардың қанатында - әз наурыз.
Жарлының жанарында - әз наурыз,
Патшаның қабағында - әз наурыз.
Қолыңа ал, қарындас, ал домбыра -
Бабаның бабасынан қалған мұра.
Асанның асасынан тиек жонып,
Қорқыттың тірі рухы шалған мұра.
Қаңтарда қар қымтаған тау ішінен,
Өзімді-өзім кеміріп таусып ем.
Көк аспанды жамылып дем алайын,
Тербетші домбыраңның дауысымен.
Аспанда боз торғайдың асыл әні,
Боз жусанның бүріне асығады.
Көктемде көкте жүрген көңілшек бұлт,
Жаууға асығады, жасын ағып.
Ертарғын эпосының ғазалынан,
Алпамыстай алыптың ажалынан.
Қыз жібектей арудың жанарынан,
Қалған қайғы көшеді жалғыз күнде
Наурыздың қабағынан.
Жеті дәм, жеті ығылым тарихтың,
Исі аңқиды наурыздың қазанынан.
Көгілдір нұр елжіреп күн анамыз,
Әз наурыз қуанамыз, қуанамыз.
Балуаныңыз жықпай жатса, жасымаңыз,
Бәйгеңіз келмей жатса, жыламаңыз.
ОН СЕГІЗ ЖАС
Он сегіз жас - сырым жыр,
Он сегіз жас - бұрымдым...
Бәрі қазір қашықта,
Қой шулайды, қырылғыр,
Жер ме өзімді ашықса?!
«Ас болады» алты айда,
Жанымды жеп семіріп.
Шар саулықтар қартайған,
Ғұмырымды кеміріп.
Алты ай жазым - Алтайда,
Шілдесінде қар жатқан.
Алты ай қысым - Құбыда,
Сексеуілі зар қаққан.
Тықыршыса кер бесті,
Жарқылдап күміс пыстаны.
Қара таудан ел көшті.
Барар жері - қыстауы.
Жоқ! Түліктен түңілмен!
(Бабам өмір өткізген.)
Тарихымды бүгінге,
Нар арқалап жеткізген.
Ақсарыбастың қанында,
Арғымақтың жалында,
Қара нардың қомында,
Қара таудың жонында,
Көк бөрінің ізінде,
Ақ семсердің жүзінде,
Жатыр менің тарихым мен тағдырым.
Бақытым мен байлығым,
Қуаныш және қайғы мұң....
МЕНІҢ КӨРКЕМ МЕКЕНІМ ДЕ...
Менің көркем мекенім де - Жетіарал,
Менің жомарт жер-анам да - Жетіарал!.
Екеуі де - баспанам.
Екеуі де - тас молам.
Айналайын, аман болсын тіршілік,
Жер бетінде Адам-ата бастаған.
Отаулары көк шалғын ба,тоғай ма?
Жасыл шымылдық жапырақ шығар, қалайда...
Ұлы жер де, Ұлыүңгір де сау болсын -
Хауа- анамыз жүзін көрген көл айна.
Табиғатқа табиғат боп сүйенген,
Түрмесі жоқ тарихымды сүйем мен.
Қан аңсаған қаруы бар қолдарды,
Хауа-топырақ, құрсаулай түс киеңмен.
Тарихымның қасиетті бар сыры,
Керуен ол және де иттің арсылы.
Қорқыт болып ажалынан қорқар ма,
Ана-жердің алтыбақан алты ұлы?!
* * *
Барлығына шыдап келем :
Жалғыздыққа, жарлылыққа,
Сезімдегі дертке де.
Суыққа да, түсер едім өртке де.
Жол қоямын жарлығына өмірдің,
Қол қоямын қасамға да, сертке де.
Топшымды мен тасқа соққам қонарда,
Өрттей өмір түлкі қашқан сонарда.
Тар соқпақпен тайғанақтап жол алғам,
Екі нәрсе сарғайтады өмірде:
Балалығым, қара бұрым жоғалған.
Кеселді өмір, кермек мұң,
Сортаң тағдыр сорлылау боп ержеттім.
Жеті құрлық жетім балаға ұқсаса,
Кім уатар тербетіп?!
Мен ғана емес қапалы,
Патшаның да соңғы күні батады .
Өмірің ңе, күннің нұры әлсіреп,
Ана-жер де аппақ мұз боп қатады .
Сүрінбейді уақыттың тұлпары,
Жағаң түгіл, кебініңді жыртады .
Соңғы күнге бейбіт жасап жетер ме,
Адамзаттың алаңғасар ұрпағы .
КЕУДЕҢ ЕГІЗ АНАР ЕДІ
Кеудең егіз анар еді,
Ақ дидарың далам еді.
Қиялымда сол далаңа,
Боз жорғамен барар едім.
«Жұлдыздардан моншақ тізіп,
Айды алқа ғып тағар» едім,
Қос жанарың - ая көзге,
Су алғанша қарар едім.
Айды арыстан жеп кетіпті,
Жұлдызды сұмдар теріп кетіпті.
Мен мұңайған сұрқай түнде,
Сен басқаға еріп кетіпсің.
Жүрегі аттың басындай жігітке,
Тістері сайдың тасындай жігітке,
Жанары жазғы жасындай жігітке,
Серт сөздері қорғасындай жігітке,
Жар болдың ба екенсің?
Аспанда жүрген аппақ құсым ең,
Әбжыландарға арбалдың ба екенсің?!
НАРЫНҚҰМ
Сәби қиялым көк бөріңді ерттеген,
Қызғыш құс жырлар- серттерім жетпеген.
Бұйрат құмдар буралар жайылған,
Өркешіне сексеуіл көктеген.
Шілдеде қаталап құлан қаңғырған,
Жыланның басына қыран саңғыған.
Өлі түндердің ұйқысын бұзып,
Айсыз аспанда ұран жаңғырған.
Көштердің ізін көшкен құм жасырған,
Кешкен күн ізін өткен күн жасырған.
Моласыз ерлердің ерлігін бізге,
Жырлары жеткізген өткен бір ғасырдан.
Қаралы Нарынқұм мың жылға қайғы алған,
Қарға, құзғындар құм жылғада айналған.
Ерлер өлгенде ермен тұл болған,
Ереуіл аттар жыңғылға байланған.
Қанымен ұрпаққа жетпек көп кек мейлі,
Жетім жел үнін көкпекке септейді.
Махамбет қайғысы белін опырған,
Құм түзгіндері екпеттеп көктейді.
Бір елі балықты, екі елі балық жұтқан,
Мен ойлаймын құмдар байырғы теңіз бе екен?- деп.
Өмір мен өлім егіз бе екен?- деп,
Өмірімді жұмсап нені іздесем?- деп,
Нарынқұмын ойласам....