Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Мағиза ҚҰНАПИЯҚЫЗЫ: «МАХАМБЕТ» (ТОЛҒАУ)

БІРІНШІ БӨЛІМ

МАЗАРҒА БАРАР ЖОЛ НЕМЕСЕ ҚҰМНАН АДАСУ

Күйдірді аптап Мамырдың соңы,
Бетке алдық біздер Дендерді.
Кенеттен қалдық адасып жолдан,
Айнала бердік шеңберді.

Қаройға бізді жеткізе алмады,
Әркімдер айтқан нұсқаулар.
Бос сөзден әбден тозған құлақтай,
Қажыған желден қыстаулар.

Бес алты қырда жолығар біреу,
Қыстаудың саны мол емес.
Қаңсыған жанға құдықтың суы,
Зәм-зәм суынан кем емес.

Біресе аптап күйдірсе ыстық,
Біресе боран боратқан.
Мынау далаға ие малшының,
Төзімі берік болаттан.

Қарт малшы бізді бастады жолға,
Адасып әбден сандалған.
Ұлы Абай туған Жидебай сынды,
Қараойды көру болды арман.

Алаштан туған Баһадұрым-ай,
Батыр да өзі, жыр да өзі.
Батыр өлмейді, қалады артта,
Ерлігі менен мінезі.

Кесене басы жадымда қалды,
Көргендер түгел тамсанды.
Ап-ашық аспан түнерді лезде,
Ақ боран ұйтқып қарсы алды.

Қара ойға келіп сан ойға кеттім,
Хош келдің дейді ақ боран.
Дулыға мүсін күмбезге таяп,
Аттадым үлкен қақпадан.

Берік пе едің берген сертіңе?
Мықты ма едің ғұрпыңа?
Тостың ба кеуде желдің өтіне,
Қылдың ба қызмет ұлтыңа?

Сөйлейтін кезде шындық өлді ме?
Айта алмай тілің күрмеліп?
Ынтымақ пенен бірлік өлді ме,
Жоқтан өзгені мін көріп?

Қайырлы бірер іс қыла алдың ба,
Кетпесең де елге әйгі боп?
Еңсең түсті ме жұрттың алдында,
Жаныңды бағу қайғы боп?

Алдаспан жанның ақ күмбезі де,
Ұқсайтын еді ертекке.
Қайғы біреу-ақ ол – елдің қамы,
Жасыңды мүлде көрсетпе!

Отаның үшін отқа да оран,
Қала біл желдің өтіне.
Намыссыз, қамсыз, жігіттік емес,
Түкірер аруақ бетіңе!

Қақпадан тергеп тұрғандай еді,
Исі қазаққа мақтаным.
Ойыма бәрін құйғандай едім,
Қақпадан ішке аттадым.

Батырға қылған құрметің болсын,
Жүгірме жайлап ептеп кір.
Күмбездің алды құмның бетінде,
Жас талдар қатар көктеп тұр!

Күмбездің алты қабырғасына,
Жазылған ақын ғазалы.
Қараойда жатыр күзетіп елді,
Махамбет ақын мазары.

Атырау елі құшағы құтты,
Батыр мен ақын өсірген.
Тұяғы сонда жетілген дағы,
Тағдыры сонда шешілген.

Махамбет, Мұрат мақтаны елдің,
Білетін алты алашы.
Қарабау менен Қаройда туған,
Қазақтың қара баласы!

ЕКІНШІ БӨЛІМ
МАЗАР  БАСЫНДА

Ереуіл атқа ер салып алып,
Айылын тартып шіренген.
Заманның қысаң кезеңін көріп,
Жауатын бұлттай түнерген.

Сертінен таймай өтемін деумен,
Семсер жүзіне байласқан.
Махамдап сөйлеп қас дұспанның,
Зығырданын қайнатқан.

Қыраннан бетер қырағы едің,
Топшың да мықты жетілген.
Ерліктің тапқан тұрағы едің,
Кетпеуге мәңгі бекінген.

Құйын боп шауып бара жатып та,
Нөсер боп төгіп өттің жыр.
Ездікпен көрші бола алмас едің,
Ұйқылы-ояу, бос шылбыр.

Айбалта сынды айбарлым едің,
Аса бір асқақ бейнемен.
Шын сөзімді деп қайдан іркемін,
Қасарып ханға сөйлеген.

Құбылып жатқан құба құмдардан,
Талтүсте кісі адасқан.
Елсіз далада жол таба білу,
Еріне ердің жарасқан.

Саф алтын сөздің сардары едің,
Басқадан десің болды асқақ.
Жортасың желге кеудеңді тосып,
Соңыңнан қалың қол бастап.

Шындықтан өткен бір аңыз едің,
Әр қылған ісің ертектей.
Исатай кетіп құлазып едің,
Жастандың ерді бел шешпей.

Батыр аңғал деп кім айтты екен,
Жақыннан ажал келгені.
Құдайдың өзін мұңайтты ма екен?
Тірліктің оты сөнгені.

Өрліктің оты сөнбеді бірақ,
Өлмеді.
Ол не көрмеді?!
Қазақ елінің кеудесіндегі,
Махамбет – даңқ ордені!