Қалижан Еркеназ Еркінқызы 1998 жылы, 4-ші қазанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Мақаш ауылында дүниеге келген. 2004-2016 жж. Әбу Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектебінде білім алды. 2016 жылы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ға оқуға қабылданып, 2020 жылы «Филология: қазақ тілі» мамандығы бойынша гуманитарлық білім бакалавры дәрежесін алды.
Облыстық, республикалық мүшәйралардың, байқаулардың жүлдегері. Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі. «Жарқыл», «Тарту» кітаптарының авторы.
Сағыныш
Балалығым - о, менің бақ-ырысым,
Қоштасуға қимаймын жанып ішім.
Осыншалық ғұмырың қысқа ма еді,
Мәңгілік сағыныш боп қалу үшін?!
Неге айналып кеттің сен жатқа мұнша?!
Елжірейтін ерке едім атқа қонса.
Қараша үйдің барын да ұмытушы ем
Қоюланып қызыл күн батқанынша.
Алданыш боп жүруші ем барлығына,
Көкейімде өшпейтін қалды бір ән.
Әжемнің жылы айқайын құлаққа ілмей,
Тәтті ұрлап жеуші едім сандығынан.
Балдәуренім – кіршіксіз, мөлдір ғалам,
Жайбарақат жылдарым жел тұрмаған.
Көктем келсе даламның дариядай
Қызғалдағы қалмайтын мен жұлмаған.
Қармағанда қайғы да, қаза небір,
Ойымызға кірмейтін назалы өмір.
Келіспесек достармен сәл мұңайып,
Қайта ойнауға асыққан таза көңіл.
Енді бәрі басқаша, көп қайманам,
Көрінбейді кешегі доп та ойнаған.
Еркелегім келгенде ересекке
Есейдің деп бетімнен қақпайлаған.
Көңілімді еріксіз құрықтар мұң,
(Қалай құрап алайын сынықтарды?!)
Сандығымның иесі әжем де жоқ,
Ашылмайды тұтқасы, құлыптаулы.
...Балалығым бұйырмас қайталанып,
Жаңа жылдар құшағын жайған анық.
Балғын күннің буынан босай алмай
Бойжетіп қалғанымды байқамадым.
Қия алмаймын қайтейін, қамсыз кезім
Енді сені іздеймін қайда барып?!
Тілім - тектілігім
«Мұнар да мұнар, мұнар күн»,
Жүрекке мендік тұнар мұң.
Келмеске кеткен күндердің
Өтеуін кімнен сұрармын?!
Шаң басқан қарап шындыққа
Шімірікпей қалай шыдармын?!
Қасқайып қуар ел кегін
Махамбет болып туар кім?!
Таланып уайым-қасқырға,
Жауапсыз сұрақ астында
Сұрықсыз күздей қуардым.
Тереңнен шіркін, ағылар,
Даналар сөзі мән ұғар.
Қасиеті зор қайран тіл
Ғасырдың қилы табы бар.
Елім-ай айтып егілген
Жаралы жұрттың зары бар.
Танауы биік талайлар
Тарихтан соны танып ал.
Тілінен туған түңілген
Заманның мынау бүгінде
Көкірек көзі көр соқыр,
Құлағы тіптен саңырау.
Көңілім кейде нөсерлі,
Жырымды талмай есермін.
Аңсаумен күнім көшуде
Құлмамбеттейін көсемді,
Шалкиіздейін шешенді.
Қабаты қалың қара жер
Бауырыңа бастың неше ерді?!
Қайтарып қалай алайын
Ессізде кеткен есемді?!
Дария ақыл даналар,
Бақилық болған бабалар
Кешіре алсаң кеш енді!
Кешіре алсаң кеш енді...
Шағымыз осы сыналар,
Басымыз қашан құралар?!
Теңі жоқ темірқазық қой
Мағжаннан қалған мұралар.
Аяусыз назын төкті деп
Көбісі мүмкін кінәлар.
Ғибратсыз өтсе жылдар – тұл,
Тұралап кетсе тіл-тағдыр
Жанымды менің шын адал
Сұранар қайсар қыз едім
Суырып ал деп сұм ажал.
...Тыныштық тапса бар алап,
Ойымды сансыз саралап.
Отырам үнсіз оңаша
Арманның көгін аралап.
Намысын қазақ қайраса,
Тұғырдан тілім таймаса
Далама қонған дара бақ.
Биіктен түспей байрағым,
Бұзылмай бірлік қаймағы,
Аман болсын деп аймағым
Ақ таңда арзу айтамын,
Аллаға енді аманат!
Аллаға бәрі аманат...
Періштем менің
Ботам, сені теңеймін бар асылға,
Өзің маған жұбаныш, жанашыр да…
Сен келсін деп әлемге арпалысқам
Өлім менен өмірдің арасында.
Орындаймын деп биік парызымды,
Анаң солай жас төкті, жан ұшырды.
Бар шаршауды ұмыттым бір-ақ сәтте
Естіп сенің шыр еткен дауысыңды.
Сүйінші! Қуаныштан дала күлген,
Мейірім нұрын төгем жанарыммен.
Өмірге келді аман Атұстарым,
Аттардың асыл тәжі - Анамын мен!
Осы сөзді сан мәрте айта бердім,
Көздерімде бір жарқыл ойнады еркін.
Бұған дейін еш қызық болмағандай,
Мен сенімен өмірге қайта келдім.
Тірлігімнің ең ғажап құты кірді,
Көңілімнен мың күдік сыпырылды.
Сен ауырмай шықса деп әр таңымнан
Құдайыма көбейттім шүкірімді.
Жаным, балам, нұрым да, жырым да сен,
Кірпік ілмес өзіңмен түнім де әсем.
Күйсе күйсін дүние, разымын
Тек сен күнім, алдымда күлімдесең.
Мен бөгейін жолыңа қарсы ағынды,
Сәл ұзасам жаныңнан, бар сабырды
сарқып кері жетемін сағынышпен
Құшырлана сүйіп әр саусағыңды.
Өмірім енгендей бір жаңа күйге,
Сен барда берекеміз толады үйге.
Бармақтай бағың болсын басыңда аман,
Періштем өзіңсің ғой дара бейне!..
Менің Темірқазығым!
Әке…
Ұзақ күттім осы бір ұлы күнді,
Жүректегі сездің бе дірілімді?!
Мына қысқа жырыма сыйдырам ба
Бір аңызға татитын ғұмырыңды?!
Бұралаң бағыттарға беріспеп ең,
Сенің тұтас жолыңды жеңіс көрем.
Асыл әкем, бұл елу жасқа дейін
Қайғы уы қалды ма сен ішпеген?!
Қыр бойында бетке ұрып кештің лебі,
Атакәсіп оздырған көшті ілгері.
Қой түгендеп, құлынның қиын теріп
Еңбекке білек түрдің ес білгелі.
Сынақ келіп, құрды өмір торын мұңның,
Байыз таба алмады жаның бір күн.
Тосып алға тамағын, кірін шайып
Жас балаша анаңның бабын қылдың.
Жазылса деп анашың жан қадірлі,
Ақ үмітпен атырдың әр таңыңды.
Оқуыңа бара алмай жыраққа ұзап,
Құмға көмдің амалсыз арманыңды.
Оқуға есең солай кеткенменен,
Бойыңды намыс деген от кернеген.
Сен артықсың бәрібір, көздері ашық,
Көкірегі көр соқыр көп пендеден.
Бәрін нардай қайыспай көтеріп ең,
Мұңаймашы енді ой жетегімен.
Қадірлеген тіріде ата-анасын
Алла да риза өзіңе, Әке, білем.
Жарың бар қылмас ердің сыйын төмен,
Жаныңда бес балаң бар үйірлеген.
Барлығын да жеткіздің, кісі тасып
Салдырлаған ақ жигулиыңменен.
Сан дертің болса дағы жанда ұйыған,
Өзгенің хабар алдың хәл-жайынан.
Панасызды қондырып мекеніңе,
Жетімнің сыйпай білдің маңдайынан.
Сенімің, Әке, талай тапталды ма?!
Асау жүрек шарасыз кетті алқына.
Кешірдің аққа күйе жаққанды да,
Сыртыңнан сездірмей оқ атқанды да.
Шүкір бүгін бәрі де, талғам бөлек,
Әр қадамың барады алға өрмелеп.
Қартайма, Әке, тарылтпас жердің бетін
Өзіңдей кең пейілді жандар керек.
Жанұяң жүр өзіңді асқар көре,
Абырой бар тірейтін аспанды әне.
Тек қана қуанышты көру қажет
Қайсар жан қиындыққа тосқан дене.
Елу деген - биіктің бел ортасы,
Нағыз өмір, міне, енді басталды, Әке!
Жайықты аңсау
Мен кеткелі сен Жайыққа келдің бе?
Жетімсіреп қалған жоқ па ақ өзен…
Шағаласы болсам шіркін, мен күнде
Құшар едім құлдилап кеп төбеден.
Хәлі қалай, біліңдерші көкемнің,
Жаңалығын айтыңдаршы жағымды.
Толқынына шайып алсам екен бір
Қу тірлікке құлқын ұрған жанымды.
Қуам қалай көздегі бұлт көшкінін?!
Жайықты аңсап жаным мұңлы күйге енді.
Жағасында жыр оқыған қос бұрым
Сағынамын сол бейкүнә бейнемді.
Жатқан шығар бар сырымды жасыра,
Қауышуға сарқылса ғой бар күшім.
Сен Жайыққа баршы бүгін асыға,
Алақанда аялап әр тамшысын.
Қашан оған салар екем жол басын,
Жаяу кетіп қалуға көп бекінем.
Жайыққа бар, жалғызсырап қалмасын,
Сәлемімді жеткіз менің, өтінем!..
Мәңгі рух
(Махамбет Өтемісұлына)
Ұстамасам да уақыт-зымыранды,
Қайталай берем ылғи бір ұранды:
Махамбет… денесі оның құшса да өлім,
Өшпейтін рухымен тірі мәңгі.
Ол рух бар домбыра шанағында,
Қамсыз басқан сәбидің қадамында.
Жас жігіттің жасындай жарқыл қаққан
Қияға тіккен түпсіз жанарында.
Ол рух алаулаған ар отында,
Әділ сөзде дөп тиген қара қылға.
Тұлпардың тұяғында дүбірлеген,
Қыранның кең көсілген қанатында.
Ол рух найзағайдың күркірінде,
Жаңбырдың сіркірінде.
Ант-сертінде ақырғы достың берген,
Бұзылмас еш қалса да сын түбінде.
Ол рух қымбат халық мұрасында,
Бар, иә, расында.
Жұмыр басты пенденің Жасағанға
Тілеген ең аяулы дұғасында.
Ол рух жоғалған жоқ бұл өмірде,
Болады арқа сүйер тірегің де.
Елім, жерім, Отаным - жаным деген,
Намысқой әр қазақтың жүрегінде.
Ол рух жолдас көкке өрлегенге,
Сыймайды пайдақорлық тар бедерге.
Қай жерде ақиқат бар, адалдық бар,
Ол рух - сол мекенде.
Жаратқан баршамызға ырыс жаудыр,
Бер батыр қасиетін уыстап бір.
Бұл заман, мына дәуір мәңгі тірі
Махамбет рухымен тыныстап тұр!..
Күй - құдірет!
(Дина Нұрпейісова рухына)
Күй ойнады кенеттен!
Көңілдерге сиқырлы саз ілдіріп,
Бар дүние селк етті басын бұрып.
Күмбір-күмбір төгілер құдды анау
Көк аспанды кеткендей жасын тіліп.
Апыр-ай, бұл қандай күш жосып өткен,
Ер бабалар рухы ма басы кеткен?!
Дархан дала денесі шымырлайды
Құдіретке қайнаған қос ішектен.
Саф тыйылып жамағат жамырасқан,
Таңданыспен кешіне таңы ұласқан.
Шер құрсаған үніне шыдай алмай,
Бусанады шағылдар шаңы басқан.
Құшағына құлардай анасының,
Бір тылсымға тұрғандай жаны асығып.
Қажығанын сездірмес қилы күнде
Қарт інгеннің боздайды қарашығы.
Сағыныштан қалғандай қаусап бәрі,
Таңдай қағып алапат тау шатқалы.
Мойындарын созады маңайына
Кім екен деп күн сүйген саусақтарын.
Қаза қылмай құрметін иесіне,
Ғажайыбы оралып жиі есіне.
Қайран дала әлі күн табынады
Күй-ғұмырдың мәңгілік киесіне.
Қайтсем екен...
Жұмбақ ғалам. Уақытым жатты ілесіп,
(Қалың ойлар қайрылып қақты ма есік?!)
Мен әйтеуір сандалып жүрмін білем,
Болмысыма сыймайтын сәтті кешіп.
Тартуынан тарылтпас таң жырақтап,
Бір әсерлі келеді ән құлаққа.
Санам санға бөлініп, саған ұқсар
Сағым қуып сарылам сандырақтап.
Жасым ба екен жарысқан жылғалардан?!
Бұлдыр елес қолдарын бұлғады алдан.
Қайтсем екен арманды құмға қонған,
Қайтсем екен жалғанды мұңға толған?!
Жоқ, мен емес, күнім ғой көкте күлген,
Мен жердемін жазған көз өктем үннен.
Тым құрыса сезсеңші бір жасынды
Өлеңімнен, барымды төккенімнен.
Мен әйтпесе, жалықтым жатты сүйіп
Жараланған жанымды жек көруден...
Бұйырған бағым
Сезімсіз жылдар сыйымды ұрлаған,
Жанарды жастан талдырып.
Сен енді бақ боп бұйырдың маған
Қайғымды тас-талқан қылып.
Таңменен тәтті тілектерді айта,
Дәл бұлай тасып, күліп пе ем?!
Мен сені сүйген жүрекпен қайта
Қауыштым нәзіктігіммен.
Бітпесін, жаным, әнің де ағылған,
Бағымыз аралар бірге.
Қорғашы мені, сенің жаныңда
Бүріскен балапанмын мен.
Өзіңмен бәрін бағалап келем,
Әр сәтім алғыс жамылды.
Сүйемін шексіз махаббатпенен
Жартысы жалғыз жанымның!
Жұбатпашы тек...
Жоғалды бәрі неліктен жырақ тағы да?!
Жауап жоқ сансыз ойдағы сұрақтарыма.
Жаһанның мұңын жинаған жасырып әкеп,
Жаным тұр жылап, жарығым, жұбатпа бірақ!
Талықсытса да тағдырдың түнегі мені,
Келешегімнен бір үміт күте білемін.
Көкірегіме қонғанның көтерем бәрін,
Бұйырған күні бәрібір бітеді демім.
Жұқпаса екен тек сенің жүрегіңе мұң.
Жарығым...
Аудармалар
*****
Байланбаған жүрегім жүрегіңе,
Қыстамаймын, қаласаң қайрылма да.
Бақытының қауышар гүл еліне
Жолында ауыр табанын тайдырмаған.
Жыламаймын жалғанға артып өкпе,
Жазылмаған жақұтым сор маңдайға.
Сүйме мені сәттерде жан жүдеткен,
Өлім келіп тәнімді таңға аймалар.
Қалың қайғы құрсанып жылжуда күн,
Аппақ қыспен әріне ән малынған.
Ал, өзіңде неліктен мұңсыз бәрі,
Қандай асқан құдірет таңдауымнан?!
Анна Ахматова, көктем, 1911 жыл
Аударған: Еркеназ Қалижан
*****
Жанарым-ай шөлдеген мейірімге,
Көңілсіз көзқарастар кескілеген.
...Қайтем, оның құлаққа үйірілген
Қысқа, әдемі есімін естігенде?!
Жүріп келем жолымда беймәлімдеу,
Қасынан өтіп күңгірт бөдененің.
Тынық жел де басады кейде әніне,
Бал көктемнің жұпарын желеу етіп.
Ал, жүрегім жаһанды кезер ме еді,
Жету үшін жырақтан бір хабары?!
Ол да тірі, жаныммен сезем демін,
Мүмкін емес дәл мендей мұңданары...
Анна Ахматова, 1912 жыл
Аударған: Еркеназ Қалижан
*****
Айтыңызшы!
Бір кездері сіз сүйіп көрдіңіз бе,
Үйіңізде сәулесін жыймай жарық?!
Бақытқа елтіп, бағынбай еркіңізге,
Әлемдегі ең аппақ биде айналып?!
Айтыңызшы!
Бағытсыз жел бөлмеде ән салғанда,
Бердіңіз бе оған да оқып өлең?!
Жақын іздеп қосылған қанша армандар,
Шөктіңіз бе шаттықтан шетінеген?!
Айтыңызшы!
Вокзалда ұзақ тұншығып тұрдыңыз ба
Пойыздардың иісіне салмағы ауыр?!
Жұттыңыз ба сәтінде жылдың ызғар
Сағынышты сыйламас жанға дәру?!
Айтыңызшы!
Алдыңыз ба жазықсыз жас жанарға
Кеудеңізді кернеген қуаныштан?!
Сырыңызды сездірмей басқаларға
Көмдіңіз бе көңілді мұң алысқан?!
Үміт үзбей Құдайдың үкімінен,
Ұштыңыз ба жарыққа жапырақтай?!
Босадыңыз төзімнің бітімімен
Махаббаттың маңызын тоқыратпай,
Жабыққанда сенімнің оты жоқтай.
Көкіректі көсілген жеңдіңіз бе,
Еңсере алмай жағымсыз жайларды онша?!
Сіз сонымен, ғашық боп көрдіңіз бе,
Есіміне тіліңіз байланғанша?!
Кешкен күнәларымның түзге қараң
Сіз бе екенсіз куәсі тым қадірлі?!
Кешіріңіз, мен солай сізге ғана
Жазған екем бар жаһұт жырларымды...
Люся Моренцова
Аударған: Еркеназ Қалижан
*****
Мына әлем күн нұрына сыйғанда,
Жарқыраған шақта сенің көздерің.
Нәзік бейнең елестейді кейде арбап,
Тек жаныма ауыр мұңды сөздерің.
Мына әлем күн нұрына сыйғанда,
Алыстадың беймәлімдеу көшке еріп.
Нәзіктігің жанарыма жиналған,
Жас боп ақты – жалғыз ыстық естелік.
Александр Блок
Аударған: Еркеназ Қалижан
*****
Бейнең сенің нәзік еді, аяулым,
Ал, қолдарың ақ сәулеге малынған.
Көздерімнен сырғанауда баяу мұң,
Сен жыраққа жоғалған соң жанымнан.
Шарасызбын, ішімде еріп жай даусым,
Бәлкім, талай бақытымнан кешігем.
Білегімнен өбіп кеткен байқаусыз,
Саусағыңның ізін қалай өшірем?!
Сағынышым бойыма әлі артылған,
Бүкіл әлем қайталардай атыңды.
Мен тағы да жаралы осы қалпымда
Жанарыңа сіңіп бара жатырмын.
Александр Блок
Аударған: Еркеназ Қалижан