Бүгінгі айтар ойымыз бен шертер сырымыздың басты кейіпкері - Атырау қаласындағы «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» жанындағы «Атырау музыка колледжі» «Домбыра бөлімінің» бірінші курс студенті Әлішер Еркебұланұлы Өміржан.
Әлішер 2009 жылы 22 мамырда өлкемізге белгілі Құрманғазы ауданында өнерлі отбасында дүниеге келді. Ол өреніміз - Ж.Қаражігітов атындағы №16 мектеп-лицейінің оқушысы бола жүріп, сонымен қатар «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжі жанындағы балалар музыка мектебінде өзінің өнерін шыңдай білген жас дарын. Ол домбырамен қоса гитара, фортепиано, барабан, кселафон, шаңқобыз, дарбука және басқа да көптеген аспаптардың тілін біледі. Хорға қатысады. «Құлан саз» және «Алтын орда» ансамбльдерінің мүшесі де болды. Қазірдің өзінде Әлішер күй тартудан Республикалық конкурстардың бірнеше дүркін лауреаты атанды. Әлішердің өнер мектебіндегі ұстазы - Танашева Алия Самиғоллақызы.
Бозбала Әлішердің қазіргі арманы - домбыра аспабында ойнаумен қатар, сазгер атанып, өнердегі бабаларының жолын жалғау. Кәсіби музыкант болу. Бір сөзбен айтқанда, өнерге адал қызмет ету арқылы, тәуелсіз Қазақстанның халық әртісі болу. Арманы орындалуына тілектеспіз.
Құнарлы жерге егілген тал-шыбық әрдайымда бабымен көктеп, жеміс берері сөзсіз. Біздің Әлішердің өскен ортасы - бабы мен бағы да, тегі мен қасиеті де келіскен, берісі Атырау өлкесі мен Қазақстанға белгілі, әрісі Кеңестер Одағына да дарыны жеткен, Дәшін деген құнарлы топырақта өсіп-өркендеген Жұманиязовтар отбасы. Саясат Жұманиязовтай бабасы бар Әлішер атты шөберенің дарынды болмауға қақысы жоқ ...
Енді, рет-ретімен тарқатып айтып көрейік.
Атырау облысы Құрманғазы өңірі – ертеден өнер дарыған өлке. Киелі Теңіз топырағы өнер саңылақтарымен ерекшеленіп, елімізге танымал өлкелердің бірі. Оған себеп: Құрманғазы мен Дина, Дәулеткерей мен Ерғали, Әбу Сәрсенбаев, Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалина, Жұмекен Нәжімеденов, Зинолла Серікқалиев, Рақымжан Отарбаевтарды білмейтіндер кемде-кем. 1944 жылы ауданда ұйымдастырылған алғашқы театр қабырғасында тәрбиеленген Қазақ ССР–нің халық әртісі Зарипа Сүлейменова мен Хаттар Дүйсенғалиевтерді даңққа бөледі. Кейін олардың шәкірттері 1959 жылы Теңіз халық театрын ұйымдастырды.
Алдымен, атағы республикаға тараған Құрманғазы ауданы, Киров кеңшарындағы (қазір Хиуаз Доспанова атындағы ауыл) Киров (қазір Зәмзәм Исмағұлов атындағы) халық театрының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан жерлестеріміз туралы сыр шерту.
Солардың бірі «Еңбектегі үздік шыққаны үшін» медалінің (Кеңестер Одағының марапаты) иесі, Киров халық театрының қоғамдық негіздегі (1958 – 1978 ж.ж.) көркемдік жетекшісі, әрі сол театрдың режиссері (1978 – 1988 ж.ж.) болған Саясат Жұбаниязов туралы да кеңірек тоқталсақ.
Қазақтың даласы қанша кең болса, таланттарға сонша бай. Ел ішіндегі тума-таланттардың басын біріктіріп, өз күштерімен құрылған халық театрлары ауыл мен аудандарда бірегей орталық болып саналады. Солардың бірі - Теңіз ауданы, Киров кеншарындағы Киров халық театры. Көркемөнерпаздар ұжымы 1957 жылы құрылған. Сол кездегі ауылдық деңгейдегі өнер көрсеткен аз ғана адамдардан құралған кішкентай ұжымның еңбегі ұшантеңіз. Театрдағы өнерпаздардың да көпшілігі кәсіби әртіс емес, басым көпшілігі еңбек адамдары болатын. Автокөлік жүргізушісі, тракторшы, мұғалім, кітапханашы, аспазшы, қойма меңгерушісі, құрылысшы және басқа да мамандық иелері болса да, оларды біріктірген күш, өнер құдіреті болды. Ол - өнерге деген сүйіспеншілік. Бойдағы өнер театр сахнасынан бір-ақ шығарды. Олар театр қоржындарын жылма-жыл тың қойылымдармен толықтырып отырды. Алғашында шағын пьесаларды қойып машықтанған драма үйірмесі, бірте-бірте көлемді дүниелерді қолға ала бастады.
Өткен ғасырдың 60 – 70 жылдары Киров драма үйірмесі М.Әуезовтың «Айман – Шолпан», «Қарагөз», «Түнгі сарын», «Бәйбіше –тоқал», Ә.Әбішовтің «Күншілдік», «Достық пен махабат», С. Мұқановтың «Ботагөз», Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Е Брусиловскийдің «Жалбыр», Х.Ерғалиевтің, Марат Ысқақовтың «Құрманғазы», Б.Майлин «Шұға» және басқа пьесаларын биік деңгейде сахналады. Бұл қойылымдар ауыл, аудан, облыс көлемінде сахналанды. Сахна әртістері көрермендердің үлкен ризашылығы мен абырой алғысына бөленді. Ұжымның мүшелері кешкі астарын іше сала, әйелдер болса, балаларын жайғап, қажетті киімдері мен декорацияларын қорапты машинаға тией сала, ауыл-ауылды аралауға асығатын. Аз ғана кеңшардан алған нәпақыларын еске алмастан, өнерлеріне дән риза болған көрермендер қошеметіне риза болып, мәз болып таңға таман үйлеріне жететін. Қандай жанкештілік десеңізші?!
1966 жылдың желтоқсан айында Кеңес өкіметінің 50 жылдығына арналған шарада Б.Майлиннің «Шұға» пьесасын сол кездегі республика астанасы – Алматыдағы М.Әуезов атындағы акедемиялық театр сахнасында көрсетіп, республикалық байқаудың жүлдегері атанды. Ол кезде астана мәдениет сарайында өнер көрсету - екінің біріне бұйырмаған бақыт. Шеберлігі мен табиғилығымен ерекшеленген Киров драма үйірмесі 1967 жылы Киров «Халық театры» деген атаққа ие болды.
Белді де, беделді актер, алғашқы режиссер Зәмзәм Ысмағулов аға бастаған Науқан Қалиев, Сәбит Халықов, Магилан Есмұханов, Қадір Ғайнешов, Саясат Жубаниязов, Маркс Әлсымақов, «Құс жолы» киносында басты рольдердің бірін сомдаған Сатыбалды Қуанышбаев, сол сияқты Мағират Құмарғалиева, Бердіхан Қалиев, Айдарбек Хамзин, Пәрен Әбенова, Ұлмаш Ерғалиева, Бекей Шайхислямов, Құрманғазы Құбашев, Калима Нухова, Сағындық Төлеуішов, Мәншук Құзайырова және басқалары Гурьев сахнасында өнер көрсетіп, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты атанды.
Буыны қатайып, бұғанасы бекіген Киров халық театры 1972 жылы көршілес Астрахан облысының аудандарына барып спектакль қойды. О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра» пьесасын Астрахан облыстық теледидарынан көрсетті. Ол кезде телехабардан өздерін көру таңсық жаңалық болғандықтан ауыл, аудан жұртшылығы әртістерге ризашылықтарын білдіргенді. Зәмзәм Ысмағулов ағаны дәшіндіктердің аға буыны үлкен ілтипатпен еске алады. Себебі тума талант, үлкен дарын ол ауыл жастарын әсемдік әлеміне қалықтатып, өшпейтін із қалдырып кетті.
Өнерді өмірім деп ғұмыр кешкен осындай талантты жандардың бірі, Киров халық театры әртістерінің ішінде есімі елге кеңінен танылған, өнердегі өзіндік орны бар талантты тұлғалардың бірі – Саясат Жұманиязов.
Ол 1931 жылы 6 маусымда Тәтіркеде (қазіргі Жамбыл ауылы) балықшы отбасында дүниеге келген. Қабырғасы қатпаған бала болса да мектеп қабырғасында жүріп-ақ үлкендермен бірге соғыс жылдарында балық аулап, тары мен жүгері егісін өсіруге араласады. 1951-1952 жылдары оқу бітірісімен «Жаңаталап» колхозында балықшы болып еңбек етеді. Кеңес армия қатарында болып, кейін туған ауылына келгесін балықшы кәсібін жалғастырады. 1962-1978 жылдары жаңадан құрылған Киров кеңшарында қойма меңгерушісі қызметін абыроймен атқарады. Сол бойындағы өнерге деген құлшыныс оны ауылдағы өзі қатарлы азаматтармен бірге клуб сахнасында өнер көрсетуге жетелейді.
Алғаш сахна табылдырығын Саясат аға 1958 жылдан кішігірім пьесаларға қатысудан бастап, кейін ірі-ірі образдарды сомдайды. Осылайша басталған өнер сапары, оның өнерге деген шебер орындаушылық қасиеттері биіктерге жетелейді. Кейіпкердің ішкі дүниесін ұға білген, оны түсіне білген актер өз ролін шыңдай береді. Қандайда болмасын пьеса мәтінін жаттап, әр жолды даралай отырып, автордың ой-пікірін қорыта отырып сахнаға даярлайды. Саясат аға Б.Майлиннің «Шұға» спектаклінде Айнабайды, М.Ысқақовтың «Құрманғазы» пьесасында Құрманғазыны, М. Науырызбаевтің «Бес жылдың тынысы» композициясында қазақ досын, М.Әуезовтың «Еңлік Кебек» пьесасында Көбейді, С.Шаймерденовтың «Қыр гүлі» пьесасында Омарды, О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра» пьесасында Жақыпты, С.Жүгінісовтің «Ажар мен Ажал» спектаклінде Қатайды, С.Жүгінісовтің «Жаралы гүлдер» пьесасында неміс офицерін, А.Шамкеновтің «Табамын сені» спектаклінде шалды және басқа да рөлдерді нақышына келтіріп, көрерменнің ойынан шыға білді. Рөлдерді сомдаудағы шеберлігін өнер сарапшылары да жоғары бағалады. 1978 жылы С.Жұманиязов халық театрының режиссерлігіне тағайындалды.
Актер үшін орындаушылық шеберлікті шыңдаудың мектебі – театр сахнасы. Осы күннен бастап өнер жолындағы тынымсыз еңбек күндері басталды. Ол тек режиссер ғана емес, сонымен қатар бұдан бұрынғы, кейінгі қойылымдардағы әртістердің бірі ретінде рөлдерді ойнап, өзін шыңдай жүріп, өзгелерге де шебер жетекшілік етеді. Әр рөлді ойнаушы әуесқойдың сахнадағы жүріс тұрысын, қимыл әрекетін, сөз саптауын, өз бейнесінің өзгелерден өзгешелігін, драма оқиғасына ене білуін барынша қадағалайды. Әртістерге рөлді беру арқылы олардың қабілетін, шеберліктеріне, мінез құлықтарына қарай сәйкестендіріп отырады. Сахнада өзіне жараса кететін іс әрекеті мол ізденісі, көп еңбекті байқатты. Осылайша, Саясат Жубаниязов артына шоқтығы биік өнер туындыларын, артына асыл бейнесін қалдырды.
1978 жыл мен 1988 жылдары аралығында Саясат Жұманиязов режиссер, Сержан Тәжібаев сүретші болып бірлесе жұмыс жасады. Бұл жылдары халық театры жас буын, жаңа толқынмен толықты. Олар Сәуле Марданова, Жексенбай Айтекешов, Дариға Батырғалиева, Сара Оңашева, Сережа Садихов, Қарылғаш Қалиева, Өміржан Жұманиязов, Болат Мұхтақов, Сержан Тәжібаев, Жаңбырбай Нарешов, Ақмұханов Бақыт,Талапеден Ғайнешов, Өтежан Қалиев, Гулнар Жұманиязова, Серік Сапарғалиев, Асқар Мұфтақов, Айман Жұманиязова, Батырбек Балтаев және басқалары.
Сол жылдары Киров халық театры М.Әуезовтың «Еңлік – Кебек», Ғ.Мүсіреповтың «Мазасыз мейман», Ә.Әбішевтің «Кім менің әкем», Ә.Тәжібаевтің «Көңілдестер», «Той бастар», Ш.Айтматовтың «Ана –жер ана», «Аңсаған менің әнімсің», С. Сайфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», Қ.Байсейітов пен Қ. Шаңғытбаевтың «Беу қыздар –ай», А.Аманжоловтың «Досымның үйленуі», С.Шаймерденовтың «Қыр гүлі», Т.Ахтановтың «Күтпеген кездесу», О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра», Б.Жакеевтің «Әке тағдыры», Т.Ысқақовтың «Дала дүбірі», А.Шамкеновтың «Табамын сені»,С.Жүгінісовтің «Ажар мен Ажал», «Қызым саған айтам», «Жаралы гүлдер» басқа да пьесаларды сахналады. Жалпы халық театрында көркемдік жетекші, режессер С. Жубаниязов жетекшілігімен 40-тан аса драмалық шығармалар алысты-жақынды жерлердегі көрермендер назарына ұсынылды.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдары ортасында театрға өнерлі мектеп оқушылары тартылып, ұрпақ сабақтастығы жалғасты. 1985 жылы С. Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» спектакліне театр әртістерінің балалары Ғалия Есмуханова, Амангелді Қалиев, Адик Қарымсахов, Әліби Айдарбеков, Саламат Төлеуішов және басқалары шақырылып, енді ауылдың үшінші буын өкілдері де театр деген сиқырмен етене жақын танысты.
Осы жолы театр республикалық аттестациялаудан мүдірмей өтіп, «халық театр» атағын тамаша қорғады. Ұлы режиссер К.С. Станиславский айтқандай: «Спектакль – үлкен де қиын ұжымдық жұмыстың нәтижесі. Мұндай жұмыс коллектив мүшелерінің бір мезгілде, біріне –бірі көмектесу, бірімен бірі тығыз байланысу арқылы жүзеге асады. Ал, осының бәріне дұрыс бағыт беріп, басқаратын бір ғана адам болады. Ол – режиссер». Сондықтан да режиссердың жұмысы әрдайым күрделі де қиын, абройлы да ардақты. Ол үшін үнемі еркіндікте, ізденісте болуы шарт. Міне, осы талап биігінен көріне білген режиссер Саясат ағамыздың талабы бар жастарды танып, тауып, талапкерлерді ұйымдастырып сахнаға шығара білді. Әр рөлді сомдап, соғып, әрбір шығарманы шегіне жеткізе суреттеп беру үшін ақыл кеңесін аямады. Ол үшін қанша күш-жігер, маңдайдан төгілген тер сел боп ақты десеңізші!
Ауыл режиссері Саясат Жұманиязовтың шығармашылығы туралы Құрманғазы ауданынның шежіресінде былай деп жазылған: «1958 жылдан ауыл сахнасында өнер көрсетіп, Көбей, Жақып, Қатай және басқа да рөлдерді сомдаған. Киров халық театрының режиссері қызметін атқарған. Ерен еңбегі және белсенді қоғамдық жұмысы үшін бірнеше медальдармен марапатталған. Республикалық, одақтық фестивальдардың лауреаты аталған».
Саясат Жұманиязов қандай образды сомдаса да, оны көрерменге нанымды етіп жеткізуге бар ынта жігерін жұмсайтын. Ойы ұшқыр, өнер соқпағы кейінгілерге сабақ болды. Қалтқысыз қызмет Саясат ағаны белестер биігіне көтерді. Өнердегі өрелі еңбегі еленген театр әртісі, режиссері Саясат Жубаниязов – «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған» күміс төсбелгімен (1970 ж.), «Көркемөнерпаздардың Бүкілодақтық (1975-1977ж.ж.) фестивальның лауреаты» атанды,). «ВЦСПС-тің көркемөнердегі жетістігі үшін» лауреаты төсбелгісімен, ақшалай (500) сом премиясымен, дипломымен, (ВЦСПС. Москва. 1979 ж.). «Үшінші халық шығармашылығының бүкілодақтық фестивалының лауреаты төсбелгісімен, (ВЦСПС. Москва. 1987 ж.). СССР Жоғарғы Советінің президумінің указымен «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальмен (Кремль. Москва. 07.08.1986 ж.)
Республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаттары. Дипломдар мен Мақтау қағаздармен бірнеше рет награтталған.
Киров халық театрының өсіп өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ағамыздың еңбегі туралы мерзімді баспасөз беттерінде көптеп жазылды.
Табиғатпен берілген шын талант иесінің қарапайым қойма меңгерушісі болып жүргендегі сахна төріндегі қимыл әдістері, кейіпкерлер образын сомдаудағы шеберлігі талайдың таңдайын еріксіз қақтырған.
1956 жылы бас қосқан зайыбы Ерғалиева Ұлмаш Алпысқызымен 30 жыл сол театр сахнасында бірге өнер көрсетіп қана қоймай, үлкен ұлы Өміржанды да тарта білді. 1974 жылы драматург С.Жүгінісовтың «Ажар мен ажал» пьесасында Қатай, Сарыжорға, Олжатай кейіпкерлерін сомдауда бір отбасы мүшелері біраз тер төкті. Әр кейіпкердің өзіне тән бейне образы бар. Осы тұста өлкемізге белгілі журналист, «Ленин жолы» (қазіргі «Серпер») газетінің редакторы Т.Құрмағалиевтің «Бір селоның талантты түлектері» атты мақаласынан үзінді келтіре кеткеніміз орынды шығар: «Мәселен, Қатай - өткір тілді, сұмдығы, залымдығы басым қу адам. Оның әр сөзінде терең сыр жатыр. Әншейінде көп сөзге үйірі жоқ, тұйық мінез – Саясат, осы сәттерде сахнада адам танымастай өзгеріп кетеді. Неге? Оның бойында тұнып тұрған талант бар. Оны өрістеткен, танытқан кім? Осы творчествалық коллектив. Ал, совхоз асханасының аспазы Ұлмаштың орындауындағы жеңіл жүрісті, сумақай Сарыжорға - өзінше бір типтік образ. Міне, Ұлмаш Ерғалиева осы орындайтын кейіпкерлерінің табиғатын жазбай танып отыр. Оның сөз мәнері, мінез құлқы, жүрісі, танымы айна қатесіз көз алдыңда тұра қалады» дей келе, мектеп оқушысы Өміржанның әкесі мен анасының тәлімін көргендігінің арқасында, мүмкін, көкірегінің көзі ашық болғандығынан да шығар, әйтеуір, Олжатай образын көрермендерге нанымды да, шынайы жеткізе білді деп суреттейді.
Ұлмаш Ерғалиева Алпысқызы - Киров халық театрының қалыптасуына, биік шыңдардан көрінуіне біраз үлес қосқан өнерпаз. Киров халық театрының қалыптасуына, үнемі биік шығармашылық шыңдардан көрінуіне ұзақ жылдар маңдай терін төкті. Б.Майлин «Шұға» спектаклінде - Әсияның, С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажал» пьесасында Сарыжорға, С.Шаймерденовтың «Қыр гүлі» пьесасында – Ақлима, М.Наурызбаевтың «Бесжылдық тынысы» композициясында, Ә.Әбішовтің «Күншілдік» пьесасында келіншектің, Қ. Сатыбалдиевтің «Қабаған ит» драмасында әйел образын, Х.Ерғалиев, М.Ысқақов «Құрманғазы» спектаклінде анасының абысыны және басқа да образдарды кезінде нанымды сомдау арқылы «В.И.Лениннің туғанына 100 жылы толуына арналған» күміс төсбелгімен (1970 ж.) марапатталды, «Көркемөнерпаздардың Бүкілодақтық (1975-1977ж.ж.) фестивальның лауреаты» атанды, «ВЦСПС-тің көркемөнердегі жетістігі үшін» лауреаты төсбелгісімен (ВЦСПС. Москва. 1979 ж), «Үшінші халық шығармашылығының бүкілодақтық фестивалының лауреаты төсбелгісімен (ВЦСПС. Москва. 1987 ж.) наградталды, Республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты атанды. Қай қызметте де іскерлігімен, ұқыптылығымен, жауапкершілігімен көзге түсіп, елдің ілтипат, құрметіне ие болды. Киров халық театрының ағамызбен бірге айтулы әртісі ретінде, ауыл-аймақты былай қойғанда, сол кездегі Астана жұртшылығын тамсандырғаны - аңыздай шындық.
Өзекті жанның уақыт алдындағы бір ұтысы - ұрпақ. Саясат ағайдың өзінен бастап, бүкіл жанұясы (жолдасы Ерғалиева Ұлмаш, баласы Өміржан, қыздары Гулнар, Айман ) халық театрында қоғамдық негізде қызмет жасаған.
Үлкен ұлы Өміржан Саясатұлы Атырау қаласында тұрады. Мамандығы – мұғалім. Білім беру саласының үздігі, Қазақстан Республикасы оқу ағарту саласының Еңбек ардагері. О. Бодықовтың «Қанжар мен домбыра» пьесасында - Жақан, С.Жүгінісовтің «Ажар мен ажал» пьесасында - Олжатай, С.Жүгінісовтің «Қызым саған айтам» спектаклінде - ұяң жігіт, С.Жүгінісовтің «Жаралы гулдер» пьесасында - тұтқын, Х.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» спектаклінде - Досым, С.Сайфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасында - Сәкен, Қ.Байсситов, Қ Шаңғытбаев «Беу қыздар - ай» спектаклінде – Серке рөлдерін сомдады.
Наградалары: «ВЦСПС-тің көркемөнердегі жетістігі үшін» лауреаты төсбелгісімен, (ВЦСПС. Москва. 1979 ж.). «Үшінші халық шығармашылығының бүкілодақтық фестивалының лауреаты төсбелгісімен, (ВЦСПС. Москва. 1987 ж.).
Республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты.
Саясат ағаның қызы Гүлнар Саясатқызы - педагог-психолог, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі. Гүлнар ойынаған театрдағы рөлдер де шынайылығымен көрерменді баулып алатыны мен есте қалған. Гүлнар Саясатқызы да сахнаның шырайын келтірген әртісі болды. Концерт жүргізуде алдына жан салған жоқ. Ғ.Мұстафиннің «Мазасыз мейман» пьесасында - Зәуре, Қ.Байситов, Қ.Шаңғытбаев «Беу қыздар-ай» спектаклінде - Жансұлу, Т.Ахтанов «Сәуле» пьесасында - Сәуле, С. Жүгінісов «Жаралы гулдер» спектаклінде – Гүлсім рөлңн сомдады. Наградалары: «Үшінші халық шығармашылығының бүкілодақтық фестивалының лауреаты төсбелгісімен (ВЦСПС. Москва. 1987 ж.) марапатталды. Республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты.
Саясат ағамыздың одан кейінгі қызы Айман Саясатқызы да Киров кеңшары кітапханасында меңгеруші қызметін атқара жүріп, Киров халық театрының белсенді мүшесі болды. Қ.Байсейітов, Қ.Шаңғытбаев «Беу қыздар-ай» спектаклінде - Күнсұлу, А.Шамкеновтың «Табамын сені» пьесасында - бұрымды қыз, С.Жүгінісовтің «Қызым саған айтам» спектаклінде - Ана бейнесін және басқа рөлдерді шебер бейнелеп, көрермендер ілтипатына бөлене білді. Дәшін ауылында қыздардан құрылған «Қарылғаш» вокалды-инструментальды ансамблінің құрамында Айман Саясатқызы дауылпазда ойнап, өз өнерін халыққа паш етті. Өзінің өнерге деген құштарлығын дамытып, қолынан бишілік өнер де келетінін сахнада көрсете білді. Наградалары: «Үшінші халық шығармашылығының бүкілодақтық фестивалының лауреаты төсбелгісімен (ВЦСПС. Москва. 1987 ж.) марапатталды. Республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты.
Саясат ағаның немерелері де - өнер жолында. Өнерге бейім бір немересі Гулімжан жолдасы Сәкен екеуі, жиеншары Даниял Сәкенұлы АҚШтың Нью-Йорк қаласында еңбек етіп жатыр. Олар да аталарының өнерін қадір тұтып қастерлейді.
Бүгін біз, танымал талант иесі Саясат Жұманиязовтың асыл бейнесін шөбересі Әлішер арқылы ойға оралттық.
Асқар таудай, Мәуелі ағаштай, Өнер сахнасындағы өзіндік орны бар, Дара жұлдыз - Саясат Жұманиязов ағамыздың жұлдызды керуені, енді шөбересі Әлішер Өміржан арқылы тоқтамай тек алға ұмытылатын өнер керуеніне айналғаны сөзсіз.
Бабасынан шөбересіне дейінгі өнер керуені өз жолымен, ұрпақ сабақтастығын дәлелдеп, жалғасын таба берері сөзсіз.
Ербол САХИТҰЛЫ,
ғылым докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Өміржан САЯСАТҰЛЫ,
өлкетанушы – тарихшы, Қазақстанның оқу ағарту саласының Еңбек ардагері, Білім беру саласының озаты, Республиканың кәсіподақ қайраткері.
Қосымша:
Әлішер Өміржанның қол жеткізген табыстары:
- 2-ші халықаралық «Ақ сұңқар» балалар мен жасөспірімдер фестиваль-конкурсында 1 дәрежелі Диплом мен лауреаты, Атырау - 2016 жыл.
- 4-ші Облыстық «Жадыра, жас дарын» фестиваль конкурсында «Бас жүлде» дипломымен. Атырау - 2017 жыл.
- «Жеті өнер» 2-ші Халықаралық балалар мен жастар шығармашылық фестиваль конкурсы 1-ші дәрежелі лауреат дипломымен. Алматы - 2018 жыл.
- 5 - ші республикалық «Алтын дән» балалар шығармашылығы фестиваль байқауында Диплом 1-ші дәрежелі лауреат.
- Бурабай -2019 жыл
- «Мәңгілік ел алыптары» 2 - ші Республикалық рухани патриоттық байқауында «Бас жүлде» дипломымен. Алматы – 2020 жыл.
- «Дала жұлдызы» 2-ші халықаралық балалар мен жасөспірімдер фестиваль-конкурсында «Бас жүлде» Диплом мен лауреат атанды. Орал қаласы – 2021 жыл.
- «Жеті өнер» 5 -ші Халықаралық шығармашылық фестиваль конкурсы «Бас жүлде» иегері. «Қазақстан үздігі» арнайы жүлдесімен марапатталады. Алматы - 2021 жыл.
- 4-ші Облыстық «Жадыра, жас дарын» фестиваль конкурсында
«Бас жүлде» дипломымен. Атырау - 2023 жыл.
- Каспий құбыр консорциумының «Жас таланттар» байқауында
«Бас жүлде» дипломымен. Атырау – 2022 жыл.
- Каспий құбыр консорциумының «Жас таланттар» байқауында
Диплом 1-ші дәрежелі лауреат. Москва - 2022
- Каспий құбыр консорциумының «Жас таланттар» байқауында
«Бас жүлде» дипломымен. Атырау – 2024 жыл.
- Каспий құбыр консорциумының «Жас таланттар» байқауында
Диплом 1-ші дәрежелі лауреат. Москва – 2024 жыл.