(Сал-серілердің сарқыты, саңлақ әнші Мейірхан Адамбеков туралы ой-толғау)
Қазақтың кең даласында ғасырдан ғасырға өтіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан халқымызды ұлт ретінде айшықтап тұратын өнердің үлкен бір саласы – ән. «Әнсіз өмір – мәнсіз» деп халқымыз бекер айтпаған.
Ұшса құстың қанаты талатын кең даламызда әншілік-жыршылық дәстүрімізді үлкен бес арнаға тоғыстырып, қарастырып жүрміз. Төле бидің бар қазаққа «Бір үйдің баласындай бол, бір қолдың саласындай бол!» деген тәлімі осы ән-жыр дәстүріне қатысты да айтылғандай әсер береді. Әншілік-жыршылық бұл бес мектеп бір қолдың басындағы бес саусақты елестетеді. Сөз зергері, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек ағамыз жүйелеп кеткен бес мектеп: бірінші, Қазақстанның орталық және солтүстік өңіріне тән әншілік мектебі. Екінші, Қазақстанның оңтүстік және Жетісу өңірін қамтитын әншілік мектебі. Үшінші, Қазақстанның батыс өңірін қамтитын әншілік мектебі. Төртінші, Сыр бойының әншілік-термешілік мектебі. Бесінші, Қазақстанның шығыс өңірін, Баян Өлке және Шығыс Түркістанды қамтитын әншілік мектеп. Міне, халқымыздың әншілік-жыршылық өнері бір қолдың саласындай бес мектепке бөлінеді екен. Бұл жіктеулер негізінен типологиялық ауқымда әуен-саздардың өлшеміне, музыкалық құрылымына, сондай-ақ, орындаушылық ерекшеліктеріне қарай топтастырылғаны белгілі.
Әр мектеп ішінара сала-салаға бөлініп, сан тараулы арна құрайды. Бұл біздің өнер байлығымыз емей немене?!
Еліміздің орталығы мен солтүстік өңірі, сал-серілер елі Сарыарқа – ән мен жырдың мекені. Бұл аймақ туралы «Арқаға барсаң, әншімін деме» деген тәмсіл бар. Рас сөз. Сарыарқаның сар даласын әнге бөлеген сал-серілердің мекені болған бұл өлкеден кімдер өтпеді?! Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди, Ғазиз, Естай, Майра, Байғабыл, Әміре, Қали, Қосымжан, Ғаббас, Тоқбай, Жүсіпбек, Манарбек... айта берсек, таусылмас. Аталған ән саңлақтарының әр қайсысы бір мектеп десек, артық айтқандық емес. Әннің туын тіккен Көкше аймағы, талай тұлғаны тудырған Баянаула өңірі, небір саңлақ әншілер мен жыршыларды ұшырған Жаңаарқа, қаншама талантты берген қасиетті Қарқаралы мекені өзінің өнер керуенін тоқтатқан емес. Ал, поэзия алыбы Абай мен Шәкәрімнің өнер тағылымы өз алдына бір мектеп.
Кеңес дәуірінде көптеген өнер түрлері жаңа мазмұнға көшті. Солардың арасында қазақтың дәстүрлі әнін сақтап қалуға бірден бір ықпал еткен Алматыдағы екі жылдық Республикалық эстрада-цирк өнері студиясының ашылуы еді. 1965 жылы өнер студиясы ашылғанға дейін ән ауыздан-ауызға таралып келді. Бүгінде саңлақ әнші Жүсіпбек Елебековтің атын иемденген бұл оқу орнында Ғарифолла Құрманғалиев пен Жүсіпбек Елебековтің класы ашылып, шәкірт тәрбиелеу ісімен айналысқанының нәтижесінде ұлттық әншілік дәстүр сақталып қалды. Әннің қос алыбының әншілік мектептері күні бүгінге дейін дәстүрлі орындаушылық стильдерін сақтап келеді. Ал, Ж.Елебеков пен Ғ.Құрманғалиевтар сияқты Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Қали Байжанов сияқты ән дүлдүлдері де өз мектебін ашып, шәкірттер тәрбиелеген болса, бүгінде әншілік дәстүріміз бұдан да қанатын кеңге жая түсер ме еді?! Кеңес кезеңінде бірде бір ресми жыраулық мектептің болмауының зардабын күні бүгінге дейін тартып келеміз. Соның салдарынан арқадағы жыраулық өнердің ұмыт болуына, әлі күнге дейін қалпына келе алмай, кенжелеп жатқандығының куәсі болып отырмыз. Бұл көкейде жүрген бір ойдың ұшығы ғана. «Ел іші – өнер кеніші» деген дана халқымыз. Тәуелсіздігіміздің арқасында әлі талай өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілер. Ең бастысы, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Біз оқып білім алған 1983-85 жылдары көшеде домбыра ұстап келе жатқан біздерге кейбір шовинистік көзқарастағы жандар 2-ші сортты адамдай қарайтын. Тіпті, қоғамдық көліктерде қазақша сөйлеудің өзі мұң болатын. Қолымызда домбырамыз бар, ана тілімізде сөйлеп тұрған біздерге «ұлы халық» өкілдері талай ескерту жасап, қазіргі ресми тілде сөйлеуімізді талап ететін. Дәстүрлі ән мен тіл тағдырлас. Күні бүгінге дейін қара көз қазағымыздың өз тілі мен ән-күйін түсінбей, тіпті керек етпей жүргені кешегі кеңес дәуірінен қалған мәңгүрттік демеске амал жоқ.
Мен Республикалық эстрада-цирк өнері студиясын неге айттым?
Ән академиктері Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтің бір өзі қаншама талантты, дарынды әншілерді тәрбиеледі. Жүсіпбектен тәлім алған Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Келденбай Өлмесеков, Қайрат Байбосынов, Тұрсынғазы Рахимов, Санақ Әбеуов, Мұратбек Жүнісбеков, Алмахан Кенжебекова, Мырзахмет Мүкаманов, Амангелді Жікенов, Алтын Иманбаевалар қазақ өнеріне еңбек сіңірген өнер тұлғаларына айналды. Ақиық әнші Ғарифолла Құрманғалиевтың шәкірттері ше? Әрбірі сайдың тасындай өнер майталмандары. Ғарифолла Құрманғалиев өнер студиясында 1965 жыл мен 1985 жылдар аралығында 100-ге жуық талантты шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Олардың арасында Қажыбек Бекбосынов, Қалыбек Ақтаев, Жақсылық Сәрсенғалиев, Қаламқас Орашева, Қалампыр Рахимова, Қапаш Құлышева, Сәуле Таудаева, Әлмырза Ноғайбаев, Гүлмайдан Сүндетова, Бауыржан Сатыбалдиев сияқты ел сүйіспеншілігіне бөленген танымал әншілер бар. Ұстазымыздың алдында бірге отырып дәріс алған менің курстастарым Бөрібай Кәртен, Сағадат Рахметжанов, Мұхит Бірәнов, Күмісай Байтілеуова, Мейрамгүл Орашевалар «Ғарифолланың шәкірттері» деген атқа лайық әншілер болды.
Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деп бекер айтпайды. Екі жылдық өнер студиясында Жүсіпбек Елебековтен тәлім алған Жәнібек Кәрменовтің бір өзі қаншама талантты шәкірттер тәрбиелеп, ұстазының ізін жалғады. Жәнібек Кәрменовтей сырбаз, шешендігі мен көсемдігі қатар өрілген терең білім иесінен дәріс алу шәкірттерінің маңдайына жазылған бақ еді десек болады. Күміс көмей әншілігі өз алдына, Жәкеңнің сегіз қырлы, бір сырлы қасиеті ұстаздық қызметінде айтулы табысқа жеткізді. Оның салмақты мінезі, ән тарихын жеткізудегі шешендігі, әңгімешілдігі, өз ісіне деген адалдығы, әнді жеткізудегі шеберлігі, әнмен біте қайнасып кеткен болмысы, шәкірттеріне қоятын талапшылдығы нағыз ұстазға тән қасиеттер еді. Ол мұндай қасиетті өзінің ұстазы Жүсіпбектен бойына дарыта білді. Ал, Жәнібек Кәрменовтің осындай кемел қасиеттерін оның шәкірттері ала алды ма? Ия, оның бұл қасиеттері өнер студиясындағы ең алғашқы шәкірті Мейірхан Адамбековке қонған. Қазақ «Сегіз қырлы, бір сырлы» немесе «Атына заты сай» дейтін категорияға осындай кісілерді жатқызған.
Менің туған жерім Жамбыл облысының Сарысу ауданы. Біздің жақта Жетісу, Батыс әндерімен бірдей арқа әндері шырқалатын. Сарыарқаның жанға жайлы жаймашуақ әндері айтылғанда мені тәрбиелеген әжем Зейнеп «Қайран арқа, шіркін, Сарыарқа» деп, көзіне жас алып отыратын. Менің безілдетіп, төпелетіп айтатын батыс әндерімнен гөрі арқа әндерін тыңдағанды ұнататын. «Міне, ән деп осыны айт!» деп, риза болып қалатын. Бірақ мен студияға келгенімде айтқан әніме қарап, мені Ғарифолла Құрманғалиевтің класына бөлді. Әжемнің ықпалы болды ма, білмеймін, мен Жәнібек Кәрменовтің класына барғым келген. Бірақ, Ғарифолладай ұлы әншіге шәкірт болудың қандай бақыт, мәртебе екенін мен сол кезде түсініп, үнсіз қалдым. Бір күні класта арқа әндерін айтып отырған едім, Жәкең есіктің сыртынан тыңдап тұрыпты, ішке жайлап кіріп келгенде қатты ұялып, домбырамды қоя қойдым. «Қане, айтшы, айтшы» деп менің әнімді ары қарай айтқызып тыңдаған Жәнібек аға «Қап, білмегенім-ай, білмегенім-ай, сені өз класыма алуым керек еді. Сен арқа әндерін де жақсы айта алады екенсің ғой, қап, қап» деп, басын шайқады. Бала күнімнен естіп өскендігім мен Жәнібектей ән дүлдүлінің ықыласын көргендіктен де маған арқа әндері жақын болды. Жәнібек Кәрменовтің класында оқитын курстастарым Мұратхан Дөңбаев, Дүйсенбек Өмірәлиев, Нәсіпжан Құлшықовалар қандай ән үйренсе, мен де соны үйреніп алып, айтатынмын. Өнерге енді келген жас ізденушілерміз. Әркім өз жағының мықты әншілерін айтып мақтанады. Бір думанды кеште Қарағандылық жігіттер «Біздің Қарағандыда Жәнібек ағадан бітірген Мейірхан деген әнші бар. Оған әнші жетпейді. Ән айтуы сұрапыл. Дауысы алты қырдан асады. Тіпті әнді Жәнібек ұстазынан да асырып айтады» деп, жер-көкке сыйғызбай мақтады. Арқаның жігіттерінде сөздің майын тамызып, бір жақсыны көрсе алты қырдан асырып тастайтын қасиет бар еді. Біздің заманымызда өмір сүріп жүрген аңыз әншіні бір көруді армандадым. Бір күні Алматы «Қарағандылық әншілер келіп, концерт бергелі жатыр. Олардың ішінде Мейірхан әнші бар екен» деп гу етті.
Таңертең консерваторияның жатақханасында студенттерге сабақ өтіп жатқанмын. Қолында бір шоқ гүлі бар еңгезердей жігіт келіп, маған коридорға шығып кетуімді өтінді. «Қарындасым, сенің өнеріңді ерекше құрметтеймін, жақсы көремін. Бүгін түсте үйіме Қарағандылық әншілер келетін еді, солармен бірге қонақ боп кетсең» деді. Еңгезердей жігіт қиылып тұрған соң, әрі Қарағандылық әншілер дегенге құлағым елең етіп, бірден келістім. Келсем, өзіміз бірге «Жігер» фестивалінде өнер көрсеткен аға-достарым Жақсыгелді Кемалов пен Серік Оспанов, айтыскер ақын Қойлыбай да бар екен. Солардың арасында ерекше келбетті, нұрлы жүзді Мейірхан әнші жылы жымиып, басын изеп амандасты. Бізді шақырған үй иесі өнер десе ішкен асын жерге қоятын, ақ көңіл, дархан мінезді, қолы ашық жігіт екен. Ол өнерді бар жанымен сүйген, мені сол махаббатымен өзіне жар еткен Жұмабек есімді азамат еді.
Қазақтың кең пейілді дастарханының үстінде Сарыарқаның серілері бірінен соң бірі әннің тиегін ағытты. Мен де ән салған болуым керек. Бірақ, менің есімде өзімнің ән салғаным емес, Мейірхан әншінің жұмсақ барқыт үні, шырқата салған әні, келісті жарқын жүзі қалды.
Кейін де талай сахнада Мейірхан Адамбековпен бірге ән шырқадық. Ол әнді бар жанымен ақтарыла, үлкен сезіммен орындайтын. Ұстазы Жәнібек Кәрменовтің бойындағы сырбаздық, ән орындауындағы шеберлік, сөз мағынасын терең түсіне, түсіндіре орындайтын парасаттылық Мейірхан Адамбековтен табылатын. Ол орындаған әрбір әніне жан бітіріп, жүрекпен сезініп, бар тұла-бойынан өткізіп шырқайтын. Ол Сарыарқаны әнге бөлеген сал-серілердің сарқыты еді. Әншіге тән асқақ үні, кең диапозоны, жұмсақ тембрі тыңдаушыны баурап алатын. Әсіресе, оның ән сүйемеліндегі домбыра шертісі тіпті бөлек еді. Ол шерткен домбыраның шанағынан аққудың үні естілетін. Оң қолды тірей қағып, домбыраның бетінде бес саусағы бірдей жорғалап, алуан түрлі қағыстармен дауысқа дем береді. Дәстүрлі әншілерде көп қолданыла бермейтін трельдерді пайдаланғанда сол трельдермен бірге адамның жүрек қылын шерткендей әсер беретін. Ал, сол қолмен пернелердегі саусақ басу әдістері, вибрация, форшлагтарды пайдалануы әншіге қанат бітіргендей болса, тыңдаушыны еріксіз жіпке байлағандай сыйқырлы сезімге баурайтын. Оның репертуарында өзіне дейінгі сал-серілер шығармашылығы ғана емес, қазіргі заман композиторларының әндері де молынан орын алған. Мейірхан Адамбеков сахнада болсын, ел ішіндегі жиын-тойларда болсын ән салғанда халық оған «Шайтанкөлді» айтқызбай жібермейтін. Қалдыбек Құрманәлінің «Жайықтың толқындары» Мейірхан әншінің орындауында өзінің арнасымен бөлек шырқалады. Композитор Илья Жақановтың «Балқантау» циклы әндерін айтпайтын әнші арқада кемде кем. Алайда, Балқантауды Мейірхандай түсініп, сүйіп орындайтын әнші некен-саяқ болар. Себебі, әрбір жан үшін туған жерден ыстық не бар?! Мейірхан әнші туған жеріне деген махаббатын «Балқантау» әнімен жеткізген тәрізді.
Ән үшін жаралған жанның көкірегінен ән тумауы мүмкін емес. Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазған «Кезінде қадірімді сезбес мынау» деп аталатын әнін студент шағымызда бір естігенде-ақ үйреніп алып, талай кештерде шырқадық. Тұнып тұрған лирикалық ән. Бүгінде оны шәкірті Абзал Қуанышұлы төгілтіп орындап жүр. Бұл ән біз білетін Мейірхан әншінің жалғыз төл туындысы. Көкірегі күйге толы ән иесінен басқа да туындылар шықпауы мүмкін емес, әрине. Мүмкін орындалып та жүрген болар. Алайда, жастық шағымыздың куәсі болған бұл ән мен үшін ыстық.
"Кезінде қадірімді сезбес мынау,
Бекер-ақ, қарғам маған кездестің-ау.
Келмеске әлдеқашан аттандырған,
Керемет күндеріммен кездестім-ау.
Жаныма салдың менің төзбес бұрау,
Керемет күндеріммен кездестім-ау.
Қарғам-ау, қалай десем айта аламын,
Жалған-ай, қарай берсем жай табамын.
Келдің бе, сол көктемім қайта оралып,
Арманның ақ таңымен лаулап жанып.
Сол күндер келсе шіркін қайталанып
Дариға-ай жүрейінші әнге салып".
Осы бір әнімен-ақ ол айтатын сөзін айтып кеткен сияқты. Әрбір адамның жүрегіне жол табатын өлең жазу ақынның ұлылығы. Сондай өлеңді әнге айналдырып, жүректерге жеткізу әншінің ұлылығы емес пе?!
Мейірхан Адамбеков әнші-сазгер ғана емес, ұлылар ізін жалғаған ұстаз болды. Дәстүрлі ән – аманат. Бабабалардың сол аманаты Жүсіпбектен Жәнібекке, Жәнібектен Мейірханға өтті. Ұстаздан тәлім ала отырып, өз соқпағын салу екінің бірінің қолынан келмейді. Мейірхан сондай соны соқпақты, өз үні, өз орындаушылық стилі қалыптасқан әнші. Ол артында тамаша талантты шәкірттер қалдырған бақытты ұстаз.
М.Адамбеков Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы музыка колледжін бірнеше жыл бойы басқарып, ұйымдастырушылық қызметте де жемісті еңбек етті. Басшылық қызмет қол байлау болды ма, әлде жастарға орын бергісі келді ме екен, мүмкін нағыз іздеуші болмады ма, соңғы жылдары Мейірхан әнші үлкен сахналардан көрінбей қалды. Қарағандыда өткен асқаралы 60 жасындағы шырқаған дауысын тек интернет желісінен естідік. Кемеңгер ақын Қадыр Мырза-Әлінің «Ескерусіз қалмасын бір ісі де, Талантты қадірлейік тірісінде» деген өлеңін жиі айтсақ та, нағыз таланттарды жиі есімізге ала бермейтініміз өкінішті. «Қадірі болмас адамның ортаңда тірі жүргенде» деп Жәнібек ұстазымыз айтқандай, адамды тірі жүргенде өлмейтіндей көретініміз рас қой. Мейірхан Адамбековтің әншілік шеберлігі, шәкірт тәрбиелеудегі ұстаздық әдістемесі, ұйымдастырушылық-басшылық қызметіндегі жетістіктері, сазгерлік қыры, шығармашылық адамы ретіндегі бітім-болмысы, кісілік келбеті жайлы талай зерттеулер жазылары сөзсіз. Себебі, мұндай сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз қазақта сирек кездеседі.