Атырау Жастар театрында Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, жазушы, өнертанушы, композитор, суретші Илья Жақановқа арналған спектакльдің премьерасы аншлагпен өтті. Пьесаның авторы - Мадина Омарова, режиссер - Астанадан арнайы ат терлетіп келген Асхат Маемиров. Спектакльдің ерекшелігі өте көп. Біріншіден, бұл - облыста сахналанған алғашқы мюзикл. Премьераның көрермен жүрегіне жол табуы үшін арнайы топ құралған. Труппадан бөлек, «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблі, «Gazhap Band» вокалды-аспаптық ансамблі, Дина Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясы және басқалары қойылымның сәтті шығуы үшін атсалысты.
Осы тұста қоюшы балетмейстер Шырын Мұстафинаның еңбегін атап өту керек. Өйткені, сахнада әрбір мизансцена әсерлі болды. Реквизиттер де ойнатылып, бос тұрған бұрыш болмады.
Айта кету керек, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов ашылғанына бір жыл болған Жастар театрының тұсауын өзі кескен еді. Сол кезде үмітіне үкі таққан әртістердің мұндай аса көрнекті туынды шығаратынын кім білген?!
Спектакль 78 жасында қылқалам дипломын алған Илья сынды жазушы, композитор, суретші, қоғам қайраткерінің өткен өмірі жайлы тебіренісінен басталады. Әрі қарай Жақан әулетіне көп күттіріп, аңсатып, көш кезінде келген сәбидің іңгәлаған даусына жалғасады. Азан шақырылып, Құдайдың сипаты бар деген ұғыммен Ілия есімі беріледі. Бірақ Кеңес үкіметінің қабағына қараған ақсақал-қарасақалдар ақылдаса келе, пролетариат көсемі В. И. Лениннің әкесінің атымен атағандай сыңай көрсетейік деп, Илья есімі құжатқа жазылып кеткен. Кейін әкесі соғысқа аттанады, анасы мен ауылдың қыз-келіншектерінің тылдағы қиын, ауыртпалыққа толы тағдыры сахнада көрсетіледі. Бұл жерде режиссердің балалық шақ арқылы қазақтың кейбір құндылықтары мен қасіретін көрсетуге тырысқаны байқалған. Мысалы, Жерұйық, тыл еңбегі, дәстүрден ажырау және басқалары. Көрермен көкейінде «тұлғаның шығармашылығы не үшін шыр етіп келген сәттен көрсетілді» деген ой кетуі мүмкін. Әйтсе де, осы бір көрініс арқылы терең ойлы көрермен дүниеге біртуар азамат келгенде, шеше ғана емес, жер-ана да, табиғат та, аспан да толғататынын сезіне алды. Әсіресе, Ильядай дарынды, ойшыл жанда мұншалықты рух ата-бабасынан, қайсар әке-шешесінен берілгендей көрінді. Қысқаша айтқанда – тектілік. Басты кейіпкер үшін алмағайып заман ағымының тез өзгеріп отырғаны оңай емес. Бұған режиссердің бенефисте «Ауыртпалықтың бәрін көріп, бала Илья санасына сіңіреді. Мұндай жағдайларда жүріп, өнер адамы болмауына хақы жоқ деп есептедік» дегені дәлел.
Жас Илья 1956-1959 жыл аралығында КазГУ-де журналистика мамандығында оқып жүріп, Шәмші Қалдаяқовтармен қатар ән шығарып, әндерін радиоға беріп жүреді. Кейін оқуды тәмәмдаған соң студент консерваторияға түсуге бел байлайды. Бірақ Құддыс Қожамияров бастаған композиторлар кеңесі, музыкалық мектебін бітірмей тұрып, романс жазып отырған студентті қабылдамайды. Спектакльдің осы көрінісін лирикалық, махаббат жанрынан бөліп, ерекше тұздық берген сахна деуге болады. Бірақ, «Сарасөз» бағдарламасында Илья ағамыз Е.Брусиловскийдің «...Ұлттық калоритпен тыныстап отырған бұл жігітті біз бүлдіреміз. Қазақты өз әнінен, мөлдір лирикасынан, романсынан айыруға болмайды. Оқуға қабылдасақ, басқа жанрға түсіріп аламыз» деген жанашырлығы жөнінде айтқан еді. Сондықтан, Брусиловскийдің бейнесі жетіңкіремей қалды ма деген «әттең-ай» ой туындағаны да рас.
Спектакльдің интригасы - сыр сезім жайлаған, қырғыз әндеріне ғашық Меңдіқыз. Меңдіқызға ән арнап, қыз алып қашқан ғашықтық хикаясы ғажап. Ол қазіргі аяулы жары – Тиыш Әлтайқызы. «Айтматовтың Жәмиласындай бола аласың ба?» деп, Даниярдың әніндей жыр арнауға асыққан жас жігіттің жүрегімен бірге, көрерменнің көңілі де тулады. Кереметі, бұл жұптың оқиғасы Данияр Ілияұлы деп түйінделді. Әрине, санасы биік екі адам отау құрса, әрбір сәт тарих болмай, не болмақ? Екі жанның ортақ кітапханасы - Ш. Айтматовтың шығармашылығы.
Мюзиклдің басты тақырыбы әрі соңғы кезең – Еділ мен Жайық. Жас композитор Илья бауыр ауруымен емханаға түсіп қалады. Мән берсем, режиссердың көзқарасы бойынша, нашар денсаулықтан емес, аяқтан шалатындардан қажыған, архивті қопарып қазақ әнін табам деп жүріп шаршағанын көрсеткендей. Жазылып шыққан соң, Махамбет батыр түсіне енеді, аян береді. Композитор рухтанып, тылсымы жұмбақ қос өзенге Жұбан Молдағалиевпен бірге туынды шығарады. Хор шырқалғанда көрермен арқаны кеңге салып, қошеметті аямады. Еділ мен Жайықтың ежелгі космонологиялық мифологиясы жаңғырғандай сезілді. Бұдан бөлек, музыкатанушының он алтыға жуық әні орындалып, тарихы баяндалды. Оның ішінде Қадір Мырза Әлидің жарына арнаған «Салтанат» әні де бар.
Ең қуантарлығы, тірі кезінде тұлғаның бағаланғанына не жетсін?! Бар кезінде елінің, өскелең ұрпақтың еміренгені, өнеге алғаны қандай жақсы! Ортадан суырылып шыққанда, көрермен біткен көздерін композиторге тікті. Не айтар екен дегендей...
- Бұл театр – Күләш Байсейітова, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов, Ермек Серкебаев, Ришад Абдуллин секілді ұлы адамдар концерт берген құтты мекен. Осы үй - рухани үй болсын. Адам аштыққа, жалаңаштыққа, жоқшылыққа, ауыр күндерге төзеді.Тек рухани жүдеулікке төзе алмайды. Сондықтан, біздің рухымыз қандай болу керек? Мына ұлы даланы, Еділ мен Жайықты мекендегендей болу керек. Енді, міне, келген жұрт спектакль арқылы арғы бергі-заманды, әннің тарихын, Шәмші Қалдаяқов, Латиф Хамиди секілді тұлғаларды біліп отырады. Рухымыз биік болсын.Отанды, елді, жерді сүйейік, – деді қойылым аяқталған соң сөз алған Илья Жақанов. Басты кейіпкеріміз жарымен бірге прьемераның үш күнінде де - көрермен. Осыдан-ақ, театр ұжымына, режиссерге ризашылығын түсінуге болады.