Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

ИЛЬЯ ЖАҚАНОВ : «МАРЖАН ҚЫЗ» (эссе)

«Маржан қыз» әнінің прототиві –атақты жылқышы, Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаеваның туғанына  100 жыл 

                               
      Әбілахат асығыс киініп сыртқа шықты. Сәл дегбірсізденген сыңайы бар. Түтін босатып, мүлгіген тастақ түстен кейін көмір иісі шығып қоңырсып, кетеді.Күн ептеп суықтау, қабыршақтанып қатқан қырбық қар, желсіз тымырсық кеш. Ағаш басында қыж-қыж қайнаған шымшық, қарқылдасқан қара қарғалар. Батыс жақ қып-қызыл нұрға малынған. Қара қошқыл бұлттар бірін-бірі жапырып, иін тіресе кеп көкжиекке тоқтапты. Ыдырап сөгілген тұсынан тіп-тік құйылған қызғылт шұғыланы көріп Әбілахат жүріп келе жатып таң-тамаша болды «Керемет! Қандай ұқсас» қым-қиғаш, қат-қабат, тұманды ой басып жүрген-ді көптен бері. Сол сірескен көп ойдың арасынан жарқ етіп бір сезім ұщқыны атқан. Ойда жоқта консерваторияға бет алғаны сол еді. Ол сезім алақанда мөлтілдеген бұлақ суындай төгіле жаздап көкейінде тұр. Ақ қарлы даланы, Алматы, Алатау шыңдарын жалқынданып батып бара жатқан күн қалай нұрландырса, қапияда кеп қалған мына бір әуен жүрек біткенді солай нұрландырар ма еді! 
Қайнаған тірліктің бір жақсы күні өзіне осылайша сұқтандыра қаратып қып-қызыл боп балқып бата берді ұясына. Демі бітіп, кірпік қақпай Әбілахатты біреулер елең еткізді. Үндерінен, жүрістерінен тани кетті, сырттай білетін үш-төрт ақын кетіп барады гулесіп. Бәрі де осы Тастақта пәтер жалдап тұрады.Жүгіріп барып оларды тоқтатқысы да келді. «Әнім бар. Батырлар маған сызылтып қана бір, екі шумақ лирика жазып беріңдерші. Көкірегімдегі барымды ақтарайын, сендерге...» дегісі келіп, бір ұмтылды. Сосын кілт тоқтады. Жалтақтап трамвай жаққа қарады. Көзінен рояльдің ақ, қара клавиштары елестеп өтті. «Жоқ, өзім ақын боп көрейін». Көнетоз сұр пальтосының жағасын көтеріп, тоңған қолын үргілеп, трамвайға қарай бұрылды. «Бүгін қалайда консерваторияға баруым керек!» Тап қазір... тап қазір санаға мысқалдап кеп шым-шымдап сіңіп жатқан ырғақты абайсызда шайқап, төгіп алмаса
 Жарар  еді... 
    Әбілахат тағы да қара сұр бұлттардың арасын қақ тіліп өтіп жер дүниені қызыл нұрға бояған кешкі шұғыланы елестетті. Неше күн, неше ай... оны кім санап жатыр, көп уақыт томаға тұйық тұнжырап, бұлыңғыр ой серпілтпей қойған. Самарқау көңілдің ақыры бір түкпірінен саңылау табылып, қызарып батқан күн нұрындай бір ән құйылды. Армандатып, үмітке қарық қылып әлденеге сүйсінтіп қақаған қаңтарда жадыраған жайсаң жазды қайта оралтып, елжіретіп отыр.Трамвай бір сарынмен дікілдетіп, зырғып келеді. Әбілахат көшедегі түнгі тірлікті көріп келеді, көрмей келеді. Әншейінде көзін жыпылықтата беретін әдеті бар, өстіп әлденеге алаң болса көзінің шарасы кеңейіп, кірпігі қағылмай қатады да қалады. Вагонда біреулердің сөзін естиді, біреулердің сөзін естімейді. Консерваторияға келіп, вахтерден өз класының кілтін алғанда да осы дел-сал ойдан арыла алмай қойды. Класқа кеп кірді, рояль ашық тұр. Оған жақындап келіп қарады, отырмады. Құлақшынын есіктегі шегеге ілді, пальтосының түймесін ағытты, бірақ шешінбеді, қалтасынан шылымын ап тұтатты да қайта өшірді. Одан күбірлеп коридорға шықты, іле қайта кірді. Рояльға кеп төне қарап тұрды да, бір-екі тілін басып көрді. Саусақтары дірілдеді, рояльға отыру қиямет. Шылымын қайта тұтатып терезеге жақындады, түнгі қалаға, жұлдыздары алыстан жылтылдаған қара көк аспанға көз салды. Көрші класстан виоленчельдің ыңыранған сазы келді құлағына. Оны онша қаламады. Дағдарған күйі тағы да коридорға шықты. Шамдарын сөндіріп вахтер кемпір келе жатыр екен. 
-Композиторым-ау, пальтоңды шешпейсің бе? –деді ол Әбілахаттың жанынан өтіп бара жатып,
-Қазір... қазір... –деді Әбілахат сасқалақтап. Сонан соң пальтосын шешіп, алдындағы бос орындыққа тастай салды. 
-Немене, ән жазайын деп келдің бе? –деп кемпірде тоқтай қалды. 
-Жо-жоқ...иә...иә...
-Жақсы ән жұрт аяғы басылғанда, оңашада шығады. Оны білеміз...
Әбілахат жымиып күлді. «Қарай гөр, бәрін біледі». 
-Брусиловский...Төлебаев, Хамиди...
-Жақсы ән жұрт аяғы басылғанда, оңашада шығады. Оны білеміз...
Әбілахат жымиып күлді. «Қарай гөр, бәрін біледі».
-Брусиловский... Төлебаев, Хамиди... бәрі-бәрі әндерін осындай кеште отырып жазған. Кейбіреулері менен бір кесе шай ішіп алатын. Әндерін ең алдымен маған айтып беретін. Сен өзің жап-жас, момақан жігітсің, Мұқанның көзін айт көз деп, қыранның көзіндей өртеп жібереді қараған жанды. Жанарыңда от жоқ, ән қайтіп шығады сенен?... Әзілім ғой, Сен ренжіп қалып жүрме. Бағана Хамиди Великановқа біреуді жақсылап кеп мақтағаны. «Ол өзі соғысқа қатысқан... офицер тәртіпті, талантты жігіт. Ол өзі ұялшақ, ұяң... жазған жаңа әндері болса, маған көрсетіп тұрсыншы... сізден қатты өтінемін, Василий Васильевич», -деді. Мен сен туралы айтып тұрғанын сезе қойдым. Хамиди жақсы адам. Құдды бала, елпектеп біреулерге шапағатын тигізіп жүргені сол. Тегі мұндай адам оңайлықпен қартаймайды. Сен өзің офицерсің ғой, ә?
-Ұқсаймын ба? -деп ыңғайсыздана күлді Әбілахат.
-Ұқсайсың. Соғысқа қатыстың ба?
-Қатыстым.
-Композитор да соғыса ала ма екен?
Әбілахат үндемеді. Кемпір «әй, қайдам» дегендей басын шайқады. 
-Мұнда мен білмейтін композитор жоқ, менімен бәрі сырлас, былай қарағанда өзіміздей-ақ адам бәрі, ал, музыка жазады, тәңірдей табынасың, іштерінде менен ептеп қарыз алып тұрғандары да бар. Құдды өзіміз... ертең аш болам, тоқ болам демейді. Сәл нәрсеге мәз, көбі мақтау сүйеді, дабырласқан жақсы халық. Ей тәйір-ай, мұның бәрін мен саған неменеге мыжып тұрмын. Сол композитордың бірі өзіңсің ғой. Жас келген соң адам көп сөйлеп, мылжың боп кетеді білем. Не болса соны барпылдап уақытыңды алдым. Кешіре сал. Тыныштығыңды бұзбайын. Шырағым, мен шамды сөндірді деп асыға көрме. Лайым шырағың сөнбесін! 
      Вахтер кемпір астыңғы этажға түсіп кеткенше Әбілахат оған таңғала қарады да тұрды. «Адамдарға мейірім, рақымдылық қандай жарасады!». Жүрегінде мол сүйініш бар, өмір оған сондай сұлу, сондай қызықты көрінеді. Лапылдап бір қуат келді кеу-кеулеп. Әсершіл көңілге осы да жетеді. Қыздырмалап шабыт та қысты енді. Әбілахаттың самғап ұшқан қиялы алысқа тартты, ашық аспанға іліп қойған ақ түбіттей, түтіні үлпілдеген ауылды, көк майсасы теңіздей толқыған жасыл жайлауды, көгілдір таулар мен аңызақ желген сары белдерді өтіп барады. Тап қазір оны даланың айлы түні, белден-бел асып әлдеқайда ұзаған мақпал әні, салқын самалы аялады. «О дариға, сол айлы түндердің тамашасына не жетсін, не жетсін!»
     Әбілахаттың қабағы шытылды. Есіне кешегі майдан даласы түсті. Жас жүрегі енді ғана... енді ғана лүпіл қаға бастағанда қасіретті майдан төрінен бір-ақ шықты ғой. Оң, солын танып та үлгермеді. Қарт Днепрге қаны тамды. Аспандағы айға ұмтылдыратын асау жастығы өмірдің ләззатын оңдап көре алмапты. Әп-сәтте осының бәрін ойлап, қабағы да шытылып үлгерді. Арманға, махаббатқа, жастық шаққа, әнге қарайлатпаған қаншама ауыр жылдар өткен арада. Оның бәрі бір күнгідей боп тұрған жоқ. Әбілахаттың жүрегі жастық қуатпен тебіренді, рояльға жақындады, жақсы күндерінің бәрі алдынан шығып, жайлаудың айлы түні қай-қайдағыны еске салып, ынтық қылды да қойды...
     Бағзы біреулер бір әуен тапса ұмытып қалмайын деп отыра қап жазып жатады, көп түртінектеп, болмайтын жерден қиыстырғысы келеді. Аспаптан қолы тайса бәрі зым-зия жоғалатындай қалтырап зәресі қалмайды. Әбілахат ондайларға бар балмысымен ұқсамайтын. Лепілдетіп кеп қалған шабытты асқан төзіммен тұқыртып ұстап отырып, әнді саф алтындай жарқыратып қиялда туындатады.Ол бас-аяғы жұп-жұмыр боп көкіректе буырқанып жатады. Қазір солай. «Айлы түн әні...» деді өзінен-өзі. Содан соң соған орай тіліне бір сөздер оралды ма, күбірлеп әннің алғашқы жолын мүдірмей толық айтты. Іштей қатты қуанды. Екінші жол да өз-өзінен келе берді мамырлап. «Түн ғой, түн... тыныштық... Ай...». Бірден тұтас құйылды екі жол. Әрі айтты, бері айтты, екінші жолдың соңы бірде «сәулетай», бірде «қалқатай», енді бірде «Құрбым-ай» ма, әйтеуір алма-кезек айтылған осы сөздермен аяқтала берді. Әннің бар бітімі, сымбаты осы екі жолдың өзімен-ақ жасалып біткен сияқты. Бір шумақ өлеңге осы екі жол өлең жетіп жатыр. Асау шабыт қияға тартқысы-ақ келеді. Оны Әбілахат тағы да бір жері кетілмей тұтас ақтарылған қайырмадан ұқты. Дәл осы жерде ол ән әуенін желдірте, әсем қайырды. Тасып кеп иіріле тоқтаған қайырма мөлт-мөлт етеді.
     Әбілахат рояльдан қолын алып, біраз үнсіз отырды. Нотаға жазған жоқ. Көкірегінде бәрі сайрап тұр. Енді ол әншіні іздеп отыр. Кім? Кім айтады бұл әнді? Қызыл қоңыр домбырасын желдірмелете қағып жіберіп, ашық үнмен лүпілдете жөнелетін Жүсіпбек ше? «Осы Жүсекең қажыр-қайратты қайдан алады, тәңір-ау. Сөнбейтін бір оты бар, лаулайды да жатады. Ғажап...». Әбілахат басын шайқады, «жоқ» деді. Онысы өзінің «Ақ бидай» әніне Жүсіпбектің әуелеп, көтеріліп, лапылдап жататын отты сезімінің бұл әнге келмейтіндігін сезгендігі еді. Жүсіпбекке сол қызыққан қалпы: «Айлы түн ғой... мақпал түн...» дей берді басқа бір сөз аузына түспей.
     Әлден соң орнынан тұрды да төс қалтасындағы төрт бүктелген газет қиындысын алды. Көз жүгіртіп оқып шықты. «Жастарымыздың еңбегін, ерлік ісін, махаббатын жырлайтын әндерге конкурс жариялаймыз...».
    Жаңа әнін жаттады ма, жаттады ма, оған Әбілахат қараған да жоқ. Бірақ, бұл әннің ұмытылмайтындығын анық білді. Әсем ой жетелеген Әбілахат сол түні консерваториядан өте кеш қайтты.

***
   Бір жолы сабақ арасында ұстазы Василий Васильевич Великановқа жаңа әнін көрсетуге оқтала берді де, сабыр сақтады ма, әлде именді ме, кідіріп қалды. 
    -Сіз әнді көп жазыңыз. Сіздің жұлдызыңыз әнмен жанады. Табиғаттың ғажайып сыйы бұл сізге берген! 
    Жалғандығы, көлгірсуі жоқ Василий Васильевичпен болған әр сәтін өмірінің бір саналы кезі деп ұғып та қалған еді Әбілахат. 
    -Жазам, Василий Васильевич, жазам ғой, -дей берді Әбілахат ұстазының келісті жаратылған болмысына, ақ бурыл шашына, ізгілігіне тағзым еткендей жан сарайы ажарлана түсіп. 
    -Латакең ғажайып әндер жазған адам. Құдайға шүкір, ән қадірін біледі. Сіз әндеріңізді сол кісіге көрсетіп отырыңызшы. Сізге бір тілегім осы...
    Жібектей сызылған ізетті қалпынан айнымайтын бұл бір көл-көсір білім, шалқыған шабыт иесі үлкен басын иіп, Әбілахатқа табына сөйлеп отыр ма, құдай-ау? Ұстазда осындай да сезім болады екен. Әбілахат: 
    -Сіз конкурске қатысып көрдіңіз бе, Василий Васильевич? –деді.
    -Қандай конкурске? Мен ешқандай конкурске қатысқам жоқ. Бізде көбіне ән конкурсы болады. Әнмен бағымды сынағым келмеді. 
    -Ал, Сіз ше? Сіз қалай көресіз? 
    -Білмеймін, Василий Васильевич, КазГУ-де оқып жүргенімде бір әнім конкурсте бәйге алды, -деп күлді Әбілахат. (Бәйгіде фотоаппарат, грамота алғанын айтуға ұялды.)
    -Кішкентай ғана бір ән кейде бір симфонияның айтарын айтады. Ән сіз үшін- идеал!
    -Сіз жайлаудың түнін көрдіңіз бе, Василий Васильевич? 
    -Ж... ж... жайлаудың? –деп Великанов бұл оқыс сауалға тұттығыңқырап қалды да: -көргем... көргем... иә... иә... сұлу түндер болады жайлауда... –деді.
    Сонан соң Әбілахатқа көз қиығын сап бір қарады да өзі де толғанып кетті ме: -өте сұлу түндер болады жайлауда. Оны сұлу музыка бейнелей алады, -деп орнынан тұрды. 
    Лебізінен парасат лебі ескен, зиялы жан бұл жолы да Әбілахатқа саналы бір ой салып кетті. Ардай аппақ айлы түн кетпей қойды көз алдынан...

***
    Жазушылар Одағының үйі...
    Әбілахат фоейде бір топ жұртты күлдіріп тұрған Садықбек Адамбековты көрді де оған әдейі бұрылды. Оған дәл бүгін жолығам деп ойлаған да жоқ еді. 
    -Кел, кел, Ахат! –деді де Садықбек әңгімесін жалғай берді. 
    Өзі де рахаттанады, өзгелер де елігіп, шегі қата дауылдасып күледі. Әбілахат әңгіме төркініне онша түсіне алмады, күлмеді. Садықбек оны сезе қойып, көзімен ата қарады да: -Сен неге күлмейсің? Тымпиасың да жүресің. Командировканың қызығын айтып жатырмын мына Тастақтың өңшең жатақ ақындарына, -деді. –Жә, осы құрметтеріңе де рахмет, кейбіреулер сөз тыңдай білмейді. Маған бір дөкей композитор келгенін көрдіңдер, барыңдар. Ахаттың менде шаруасы бар, көзі жыпылықтап тұр... 
    Жігіттер бұған да күлісіп алып, жөн-жөніне кетті. Садықбек пен Әбілахат оңаша қалды. 
    -Бол, келген шаруаңды айт. Жұмыс көп, -деді Садықбек, дегбірі кетіп.
    -Ән жазып ем...
    -Ән?
    -Ән. Өлең жазсаң деп...
    -Лирика ма? 
    -Иә. 
    -Осы қаптап жүрген лирик, бер біреуіне. Сатириктен лирика шығады деп кім айтты саған? Қисыны келмейді, оллаһи, шын сөзім. Сен өзің әндей мөлдіреген жігітсің. Мен болсам өстіп салдырлап күлем де жүрем. Екеуміз мүлде үйлеспейміз. Мені тілейтінім - күлкі. Күлген жақсы, жасың ұзарады, өзгені жасартасың. Шығыс ғұламалары осылай деген. 
    -Пәлсафаны қойып, өлең, ән жазайық. Садықбек, -деді, Әбілахат оған жымия қарап.
    -Мен саған не айтып тұрмын? Сенің әндерің өзгеше әндер, тұнып тұрған лирика... мені оған итермелеме.
    -Сенің жазғаның жөн, Садықбек...
    Садықбек «бұл шыны ма, өтірігі ме» деп ойланды. Көзі жыпылықтап, әлдене айтқысы келді, аузына сөз түспей Әбілахатқа күлімсіреп қадалды да қалды. 
    -Неше буын? –деп дік ете түсті ол сәл үнсіздіктен соң.
    -Жайлау... айлы түн...
    -Неше буын? 
    -Жас жігіт...
    -Неше буын, о, тәңір жарылқағыр, Ахат?! 
    -Тұра тұршы, сәл... колхозды ауыл... сюжеті...
    -Сюжет-пюжетті білмеймін, мен мынаны ұқтым. Айлы түнде, әрине, жайлау түні, колхоздағы бір ғашық жігіт күлімкөзін сағынып үзіле ән салады. Осы ғой айтарың? 
    Әбілахат «Иә... иә... солай» дегендей басын изей берді. 
    -Әніңді ендеше жақсылап тұрып айтып бер, маған...
    Екеуі жайлап отырып консерваторияға келді.
    -Халық әні сияқты екен, тағы қайталашы, -деді Садықбек әнді тыңдаған соң.
    Әбілахат әнді екі рет айтты. Садықбек рояльді шыр айналды. Оны ой қамады. Жөпелдемеде айтарын айтып тастағысы келді. Өзінен-өзі қолын сермеп, әлденені күбірлеп, қолды аяққа тұрмай бір-екі рет коридорға да шығып кетті, іле қайта кірді. 
    -Сенің дегеніңе көндім. Жайлау... айлы түн... колхоз... шопан жігіт Мәскеуде отырып, ауылдағы сүйген қызын сағынады. Төсіне жұлдыз тағып оралады. Ауылын, қызын аңсаған жігіттің сыры екен бұл. Солай ма, Ахат? 
    -Солай. Бір шумақ өлең екі жол әуенге сиып жатыр. Қайырма бөлек. 
    -Асқақтата салғаным жайлау әні...
    -Дұрыс... дұрыс... одан әрі...
    -Түртіп ала берсейші, ұмытам ғой...
    -Қазір, қазір...
    -Баққан малым жайлаудың болған сәні... ал, одан әрі не дейміз? Сәл... сәл...
    -Маржан-ай, -дейміз.
    -Маржан-ай?!
    -Болды! Жетеді! Әкел қағазды! Ендігісін өзіме бер. «Не құрық кетер, не мойын кетер». Мұны мен саған қатырып тұрып жазып берем! Осы сатирик басыммен-ақ саған лириканы мөлдіретейін. Бірақ, мынаған келісіп алайық. Әнің халық әні секілді. Соған орай мен халықтық поэзияның дәстүрін, мәнерін, сөз саптасын сақтап жазам. Жарқылдап жатқан әсіреқызыл бояуға жоламаймын. Мысалы, «імм... қазір... иә... мысалы, «Шығасың ба, алдымнан шықпайсың ба?» деп жігіт наз айтуы мүмкін. Осы сөздің өзінде толған үміт, сенім бар. «Тақырыбы еңбек еткен, дүбірлете жазу керек», дейтіндер дүбірлете берсін. Маған барабан маршының даңғаза шуы керек емес. Сен мен дұрыс түсін, елім, жерім, жаным деген сезімге ешқандай айқайдың, дабыл қағудың, ұранның керегі жоқ. Шын тебіреніс лебізінен бәрі байқалады, бәрі...
    -Мен де солай ойлаймын...
    -Ақыры сен өзің жеңдің мені, алдында амалсыз сайрап кеттім. Мына қызыл шұнақ қыста «жайлауды жаз» деп қинайсың...
    Әбілахат күлді де ештеме демеді. 

***
    Аз күннен соң әннің өлеңі дайын болды. Кей сөздері қолма-қол өзгертілді. Садықбек Әбілахаттың дегеніне көнді. 
    -Сен осы әнді неге конкурсқа бермейсің, Ахат? –деп енді оған Садықбек қадала бастады. 
    Екі ойлы жүрген Әбілахат толқыды. 
    Осы әнің конкурсте бәйгі алмаса әкел қолыңды! – 
Жүрексінбе, жібер конкурсқа!
    -Солай етеміз бе?
    -Әлбетте.
    Ән «Маржан қыз» деп аталады. 
    Әнді конкурсқа жіберерден бұрын Әбілахат оны Василий Васильевичқа көрсетті. Оған Великанов: -Сіз халық әнін көп білесіз, оны бұл жолы да байқаттыңыз –деді.
    Сөйтті де басқа ешнәрсе деген жоқ, гармониясының кей жерлерін Әбілахатпен келісіп отырып аздап қана өзгертті. 
    -Конкурсқа жіберсем қалай қарайсыз, Василий Васильевич? –деді өз сөзінен өзі ұялып. 
    -Жіберіңіз. 
    -Бәйге алу шарт емес, Василий Васильевич. Осы әнді жазуға конкурс түрткі болды. Конкурс жарияланбаса ән тумайтын да еді. 
    -Несі бар әдемі ән, конкурсқа жіберіңіз.
    -Рахмет, Василий Васильевич!
    -Бұл әнге сырлы дауыс керек...
    -Конкурс жюриінің соңғы мәжілісіне Әбілахат та шақырылды. Сонда ғана білді, әніне үшінші сыйлық беріліпті, екінші сыйлықты Садық Кәрімбаев алыпты «Жас мичуриншілер» әні үшін. Конкурс мәжілісі опера және балет театрының үстіңгі қабатындағы бір кабинетте өтті. Үзіліс кезінде кейбіреулердің: «Бірінші орынды Еспаевқа беру керек еді, «Маржан қыз» халық әні сияқты қандай әдемі ән». «Әні жақсы-ау гармониясы солғындау ма?». «Әні ән-ақ, айтушысы келіссе! Розаға бергеніміз жөн болар. Ән тарап кетеді», -деген сөздерін Әбілахат өз құлағымен естіді. 
    Әбілахат осы қуаныш үстінде де таспады. Әннің шығуынан жүрекке тарауы оңай болып па? Оның сырын кім біліп жатыр. 
    Бұл ән үшін алда талай сын бар еді. «Әніңізді Роза Бағлановаға бердік, қазір репетиция жасап жүр. Әншімен жолығуыңыз керек, қалайда жолығыңыз...» деп жюри мүшелері Әбілахатты шын ықыласпен құттықтады. Әнді Роза алды дегенде алғашқыда Әбілахат онша сеніңкіремей қалды. Әннің небір асылын айтатын Розамен тезірек жүздескісі келді. «Бәлкім, кей жері Розаға ұнамас» деп іштей мазасызданды да.
    Репетиция филармонияның залында болды. Әбілахат Розамен осы жерде кездесті. 
    -Сендердің лүпілдеген жүректеріңнен айналайын. Жандарың қандай таза едіі. Әнің жайлаудың айлы түніндей мөлдіреп-ақ тұр. Мен тез үйрендім, маған кез келген ән жаға бермейді. Ал мына ән айлы түнде шырқалғанда о, өте ғажап... арман дегеніңіз асқақтап кетеді. Дауысыма сондай ыңғайлы. Басталуы да қайырмасы да жөн-жөнімен үйлесіп жатыр. Әуелі концерттерді біраз айтып алуым керек. Сондан соң радиоға жаздырамын. Мені асықтыра көрме, Ахат, -деп Роза Әбілахаттың мерейін тасытты. 
     «Маржан қыз» әнін алғаш рет Роза Бағланова радиодан шырқады. 
    Осыдан көп ұзамай «Маржан қыз» әнінің нотасы Ришат Абдулиннің қолына тиді. Әбілахат Рашитқа жиі-жиі ән көрсететін. Сондай бір кездесу Ришаттың үйінде болды. Әбілахат жаңа әнін әлденеше рет қайталады. Ришаттың бір қасиеті әбден жете түсініп алмай, өз пікірін білдірмей көп сарылтады. Сол күн екеуі ұзақ отырды. Ришат әнді көзін жұмып беріле тыңдады, ұнатып отыр ма, жақтырмай отыр ма, онысы бірден сезіле қоймады.  Ришатта әннің мәрмәрі жетіп жатыр. Қазақтың көп әнінің бағын ашқан бұл әншіге Әбілахат үлкен құрметпен қарайды, сыйлайды. Және оның әр сөзіне иланады, ән қадірін білер есті жанның талғамынан шығуға тырысады. Абай өлеңіне шығарған «Мен сәлем жазамын» әніне Ришаттың толғаулы үні қалай құдіреттендіріп жіберетініне Әбілахат дәйім таңғалып жүреді. Абай өлеңіне үңілсе болды, Ришаттың ойлы жүзі, салмақты мақпал үні келеді құлағына. 
    -Әбілахат інім, бұл ән шіркінді композиторлардың бәрі жазады, бірақ, кім қалай жазады? Мәселе осында. Евгений Григорьевич Брусиловскийді айтып отырмын, сол кісінің бір сөзі бар. Не деуші еді, сәл сабыр ет, есіме түсірейін... қазір біз Мүсілім екеуіміз оның «Шолпан» деген дуэтін айтып жүрміз. Қарапайым-ақ нәрсе, бірақ, қандай сұлу ән. Бір шумағын айтып берейін, төргі бөлмеде Мүсілім ағаң демалып жатыр, шақыра қояйын, сен тыңда, -деп Ришат Мүсілімді ертіп шықты. 
    Әбілахат егіз әншілерге қарап, қайсысына сәлем берерін білмей сасқалақтап қалды. 
    -Мүсілім ағаң мына кісі...
    -Ахатжан, маған сәлем бере бер, бүгін Ришат ағаңның үйіне келіп, аунап-қунап жатқан жайымыз бар, -деп күлді ол биязы қалпынан өзгермей. 
    -Мұсекең де өмір сүруді біледі, -деді Ришат рояль үстінен бір ноталарды қарап жатып. Егіз әншілердің бір қақпайларына Әбілахат қызығатын-ды. Екі әнші қосылып, Брусиловскийдің «Шолпанын» айтты.
    -Міне, симфония, опера жазған Евгений Григорьевич әнді де осылайша сызылтады. Жаңа о кісінің айтқан бір сөзі бар демедім бе? Иә, осы әнді әзірлеп жүргенде «Ешбір консерватория кез келген адамды әнші, композитор етіп тәрбиелей алған жоқ. Ән ол дарындылық, ол табиғаттың керемет сый» деген еді. Әбілахат інім, сенде табиғи дарын бар. «Маржан қыз» еркін шыққан ән, халықтық сарыны ұнап отыр. Әкелген әннің бәрін ала бермейтінімді білесің өзің. Сен маған жақсы ән беріп отырсың, бірақ, ең алдымен маған әкелуің керек еді, -деді. 
    Әбілахат қысылды. Әр әншіде ешкімге ырық бермейтін тәкаппар сезім болады, соны ұқты да, іштей тынды. 
    -Оқасы жоқ, Роза да келістіре шырқап жүр «Маржан қызды». Мен де айтып көрейін өзімше. 
    «Маржан қыз» концерттерде жиі айтыла бастады. Ришат оны тездетіп пластинкаға жаздырды. Ән ел арасына лезде тарады. 
    «Маржан қыз» әні дүниеге келген тұста Әбілахат пен Латифтың арасында достық па, сыйластық па, әйтеуір бір қимас қатынас басталып кеп берген. Бір күні әңгіме арасында Латиф:
    -Ахат, маған «Маржан қыздың» нотасын берші, -деді.
    -Жақсы, Латеке, көшіріп берейін. 
    -Солай етші. Маған елден көп хат келеді. Бәрі жаңа ән сұрайды. Соларға салып жіберсем бе деп ем. Сенің бұл әнің тамаша ән, халықтың нақышына тамаша келтіресің. 
    Ән шығарып жүргенде көңіл- күйің қалай болады, Ахат? –деп Латиф бір күтпеген сауал қойды. 
    -Қайдам, Латеке, -деп күлді Әбілахат, -ән жазу рахат, үйде де, түзде де ойлаймын. Ал, әніңді өзіңдей түсінетін әнші табу- бақыт қой! «Маржан қызды» Роза қалай тамылжытса, Ришат та солай мақпал түндей балбыратып-ақ бақты. Ән бағына лайым осындай әншілер жасай берсін, Латеке! 
    -Ондай әншілерге мен басымды иіп жүремін, Ахатжан. «Маржан қыздың» бағы жанды. 

***
    1976 жыл. Қоңыр күз...
    Күн демалыс еді. Жұбайым Тыйыш екеуміз Алматының Мир көшесінің бойында жазушы Садықбек Адамбековпен ойда жоқта ұшыраса кеттік. Ә дегеннен әр нәрсені айтып, шүйіркелесіп қалдық. Күле сөйлейтін әдеті. Адамның ар жақ, бер жағынан өтетін шыныдай таза қысық көзінен мейірім нұры төгіледі. 
    -Келінжан, мен сізді бірінші рет көріп тұрмын. Мына інім мені жақсы біледі. Сізге мен имандай сырымды айтайын. Мен осы өмірімде жиырма кітап жазыппын. Оның алтауы орыс тілінде шықты, он екі пьесам театр сахнасына қойылды. Қазақта тұңғыш сатиралық романым жарық көрді. Бұл бір жазушыға аз тірлік емес қой. Қызық... менің көп араласатын бір жолдасым бар, мені біреумен таныстырса болды: «Бұл кісі әлгі «Маржан қыздың» авторы дейді ылғи. «Менің басқа шығармаларым қайда сонда» деп кейде іштей өкпеледім де. Пендешілік қой. Қай жерге, қай  ауылға барсам да «Маржан қыз» әлі күнге дейін алдымнан шығады. Жәй қарапайым бір өлең жазған едім, осылай, келінжан...
    -Ал, інім, мен саған тағы бір әндердің хикаясын шертем, өстіп қаз-қалпында жаз, -деп Садықбек бізбен қоштаса берді. 
    Жай кеткен жоқ, жүрек қылын шертіп кетті. 

***
    «Маржан қыз» әнінің хикаясы радиодан беріліп жатты. Арада жылдар керуені өтті...
      1987-жылы алғаш рет Гурьевке келдім. Индер, Махамбет аудандарында болдым. Жергілікті жердің біраз әндерін зерттедім. Сонау бір жылдарда «банды» аталған есіл ер Аманғали мен ақтар атып кеткен Қиса әншінің қайғылы тағдырын қағазға түсірдім. Ауқат, Дәукен, Ажар, Балым Соқырдың әндері де таңғажайып оқиға боп шертілді. Бұлар бұрын зерттелмеген еді. Ажардың әйгілі «Әмірхан» әнінің шын тарихы таң-тамаша қалдырды. Міне, осы зерттеудің үстінде бір жолы қария сөзді зерделі кісілер: «»Маржан қыз» әнінің кейіпкері осы жерде...өзіміздің Маржан...Социалистік Еңбек Ері» деді. бұл сөзге елең етіп, бірақ, уақыттың тапшылығына байланысты дүйім ел ардақтай сөйлеген Маржанға жолыға алмадым. 
      2000 жылдың қыркүйек айынан бастап Атырауға қоныс аударып, тұрып жаттық. Бұл жылдарда бүкіл Батыс өлкесінің ән дүниесіне емін-еркін еніп, зерттеу ісім қат-қабат оқиғалармен сапырылысып, кей жайларға мойын бұрғызбады. 2004 жылы жаз айында Алматыда академик Зейнолла Қабдоловпен жүздесіп, сырласып, біраз жайды еске алдық. Әңгіменің бір ығытында ол кісі: «Ән зерттеу ісі мехнаты зор бір тұңғиық сыр ғой. «Гүлжансары» әнін тыңғылықты зерттеп, көкейімізде жүрген әңгімелерге шырай таратып, көп жайға көз жеткіздің. Жан-жақты насихаттап, газет-журналға жарияладың. Менің «Жайық қызы» әнімді де жеріне жеткізе жаздың. Ал, «Маржан  қыздың кейіпкері  Маржан апаң бар ғой, жүздестің бе? Енді сол әнге көңіл бөлші... бәрі де болған оқиға. Ел сөзі қате емес», деді. Маржан апайдың Индер ауданы, Есбол ауылында тұрып жатқанын естіп-біліп жүрдім. Әні-міні, деп жүргенде Маржан апай дүниеден қайтты. Қатты өкіндім. Бұл – 2015 жыл... Амал не, адамның қай арманы орындалып жатыр, өмір солай... өз әуенімен жүре береді. 
      Маржан Енбаева жөнінде көп әңгіменің ең дәйектісін сол жылдарда Есбол ауданының комсомол ұйымының бірінші хатшысы болған, кейінгі жылдары Гурьев облысының мәдениет басқармасын ұзақ жылдар басқарған, бүгінде тоқсан деген жастың биік қырқасынан асып, әлі де болса өте сергек көрінетін, көргені, көңілге түйгені көп аса сырбаз, текке сөйлемейтін байсалды ақсақал Орынғали Қарасаев былай деп түйіндеді: -Иә, мен сол жылдарда Есбол ауданында комсомол ұйымын басқардым. Маржан Енбаеваға Социалистік Еңбек Ері атағын берген жиынға қатыстым. Маржан да комсомол. Жалындап жанып жүрген кезі ғой. Бұл – 1948 жыл. Ал, келесі жылы Москвада Бүкілодақтық комсомол ұйымының съезі болды. Маржан Енбаева сол съездің құрметіне тұлпар сыйлады. Ел іші қашанда думандатып жатады ғой, дархан көңілді жұртшылық Маржанды «Маржан қыз» әнінің кейіпкері деп, ардақтап, көкке көтерді. Өзі де елге сыйлы, кішіпейіл, зерделі қасиеті мол аяулы жан еді. Міне, мен осы оқиғаның куәсімін. 
    2015 жылдың маусым айының жайма-шуақ күні еді, Индер ауданында шығармашылық кешім өтті. Осы оқиғаның үстінде Маржан апайдың көп әңгімесі айтылды. Ел сөзіне ден қойдым да ол кісі жайлы дерек жазып берулерін өтіндім. Бұл сөзге ерекше мән берген аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев маған мына деректі әкеліп берді: «Енбаева Маржан 1924 жылы бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Есбол (қазіргі Индер) ауданындағы «Толыбай құмы» өңірінде, қарапайым жылқышы Енбай мен Қалиманың отбасында дүниеге келген.
    Маржан апа ауыл молдасынан сауатын ашып, буын қатпастан еңбекке араласып, мал баққан ата-анасы мен ағасына көмекшілік ете жүріп, ата кәсіптің құпиясына ерте қанығады. 
    Бұл тәжірибесі ел басына күн туып Ұлы Отан соғысы басталған сәтте қадеге асып, ағасы Шалабай 1942 жылы майданға аттанғанда 18 жасқа толған Маржан үлкендермен қатар еңбек етеді. Қабырғасы қатпаған жас қыз сол кезде шаруашылық басшыларына ағасы баққан малды өз қарамағына бекітіп беруді сұрап, өтініш білдіреді. Сенбестік танытқан басшыларға өз байламының бекемдігі мен қолынан іс келетіндігін жеткізеді. 
    Әуелі көмекші, ал 1944 жылдан Степан Разин атындағы колхоздың жылқы фермасында аға жылқышы болып, қарамағына 52 бие бекітіліп беріледі. Қарлы да түтеген боран және жан-жағынан қаумалаған аш қасқырлармен аңдыса жүріп, бекітілген мал басын көбейтуге бар күш-жігерін салады. 
    1942-1946 жылдары қарамағындағы табыннан 237 құлын алуды қамтамасыз еткен жас қыздың баққан жылқысынан майданға да талай жүйрек жөнелтіледі.
    Ұлы Отан соғысы кезіндегі мал шаруашылығын өркендетуге және одан кейінгі кезеңдегі ерен еңбегі Үкімет пен партия тарапынан жоғары бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президимуының 1948 жылғы 23 шілдедегі Жарлығы бойынша Маржан Енбаеваға Социалистік Еңбек Ері атағы, Ленин ордені мен «Орақ және балға» алтын белгісі, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Грамотасы беріледі. 
    Маржан Енбаева 1949 жылы Москвада өткен БЛКЖО-ның ХІ съезіне делегат болып қатынасқан. Апамыз тарихта атышулы 1956-1957 жылғы ауыр қыста да өзіне бекітіліп берілген 132 жылқыны аман алып шықты. 
    Атақты жылқышы Маржан Енбаеваның осы жылдары жинаған мол тәжірибесін кейінгі толқын жастарға үйрету мен оларға басшылық жасау қажеттілігі ескеріліп, колхоз басшылығы оны тауарлы жылқы фермасының меңгерушісі қызметіне тағайындайды. Осы міндетті ол 1963 жылға дейін абыроймен атқара білді. 
Осы жылдары Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаеваның ерлікке толы еңбегі халыққа кеңінен танылып, сазгер Әбілахат Еспаев пен ақын Садықбек Адамбековтың сөзіне жазылған «Маржан қыз» әні ел арасында кеңінен тарап, әр жүректен орын алды. 
Ел еңсесін тіктеп, азаматтар жоғары білім алып, тәжірибе жинай бастаған тұста өз қызметін жастарға беріп, қой шаруашылығын дамыта түсуге бел байлап, осы салаға ауысады. 
Маржан Енбаева 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанша Амангелді атындағы совхозда малды азықтандыру мен бағуды ғылыми негізде ұйымдастыруға белсене үлес қосты. Халық шаруашылығын ілгерілету ісінде лайықты ізін қалдырды. 
      Маржан Енбаеваға «Атырау облысының және Индер ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Елтай ауылындағы өзі тұратын көше оның есімімен аталады. 
      Күллі Атырау жұрты «Маржан қыз» әнінің кейіпкері деп Маржан Енбаеваны мақтаныш етеді. Өмірде кейде шын болған оқиғалар өз төңірегінде ғана айтылып, сырт жұртқа жайыла қоймай, томаға тұйық күйінде булығып жата беретінін ән зерттеу ісінде талай рет байқап, таңғалғаным есімде. Тамаша әнге өзек болды дейтін Маржанның да тағдыры сондай қызықты тағдыр. Оны зерттеу мұнымен бітпейді...ол жалғаса береді. Екі-үш жыл бұрын «Маржан қыз» әнінің 70 жылдығына орай ақын Маржан Ершудың ұйымдастыруымен Махамбет драма театрында «Атырау Маржандары» атты керемет кеш өтті. Жайық бойындағы еңбек пен өнердегі жетістіктерін паш еткен жиырмаға тарта Маржандар қатысқан кеш ерекше әсерге бөледі. Мұны мәдениет әлеміндегі  құбылыс деп қабылдадым. «Маржан қыз» әнінің халықтық сипаты осылайша жалғасып жатыр. Осы әннен кейін қазақ даласында Маржандар көбейген екен.