Ән тарланбозы Ғарифолла Құрманғалиевтың келіні Раиса (Рая) Хасенқызы жайлы арнайы әңгімелей кеткенді де жөн көрдік. Ол кісі ұстазыма барған кездерімде қабақ шытпай қарсы алатын. Бізге сабақ беріп жүріп, аз уақыттан соң эстрада-цирк өнері студиясына сырқаттанып келе алмай қалған қарт әншінің тікелей өзінен әрі қарай ән үйренуім, оның айтқан деректерін бетпе-бет отырып естіп, жадымда сақтап қалуым келіні Раиса Хасенқызының осындай пейіл көрсетуінен еді.. Қызы Шаһризада да жылы ықыласын танытқан болатын... Жалпы, ғазиз ұстазымның ұрпақтарының қай-қайсысы да мені бөтенсімеді...
Рая апа төмендегі оқиғаға куә болуымның себепкері болған-тұғын.
1984 жыл. Қыс айы. Демалыс күндерінің бірінде, әндерімді тексертіп, кемшіліктерін түзетіп алуға қарт әншінің үйіне келген едім. Біраздан соң қайтуға ыңғайланып жатқанымда келіні Рая маған:
– Папамның Санат деген ұлы үйіне қонаққа шақырып еді, сен де бірге жүр, – деді.
Бізге сабақ берген айларында ұстазды студияға өзіне бекітілген қызметтік «Волга» машинасымен әкеліп, әкететін. Санатты сырттай содан білетінмін.
Бірде сабақ бітер шамада сегіз-тоғыз жастағы ақ сары бала класқа кіріп келді: «Ата, жүр, үйге қайтамыз!» деп. Қарт та: «Өй, құлдығым!» деп мейірлене жауап қатты. Сонсоң оны иегімен нұсқап: «Замминистрдің баласы!» деді бізге... Сол немересі Санжар қазір отбасылы. Үш ұл, бір қызы бар.
Санат (1941-2021) – экономика ғылымдарының докторы, академик, 1976 жылдан 1992 жылға дейін Ет және сүт өнеркәсібі министрінің орынбасары болды, бұдан кейін де жоғары лауазымды қызметтер атқарды...
Санаттың қызы – Меруерт Құрманғалиева. Өнертану ғылымдарының кандидаты. Атасы Ғарифолланың архивтік мұраларын топтастырып, «Әнімен елін тербеген...» деген атаумен (Алматы, 2010 жыл) кітап қып шығарды...
Бәріміз киініп, Ғарифолла атаны қолтығынан демеп, тысқа шықтық. Таксимен Санат ағаның үйіне келдік. Аз уақыттан соң келіні Ләйла дастарқан жайды. Қарт шәйді екі-үш кесе ішті де қойды.
Балалары жік-жапар. Студент болғандықтан ба, қол жетер тұстағы тамақ салынған тарелкаларды алдыма қарай ысыра береді.
– Ұялма, ішіп-же! – дейді.
Дастарқан жиналғаннан кейін тамақ піскенше маған ән салдырмақ ниетпен домбыра ұсынды. Пернелері дұрыс байланбаған, үні таза шықпайтын, нашарлау екен. Ғарифолла ата жақтырмай қалды. Онысын жуып-шаймақ болды ма:
– Жақсы, папаның записін тыңдайық ендеше, – деп Санат аға күйтабақ қосқан-ды. Әндер бірінен соң бірі шырқалып жатты. Ұстаздың өңі нұрланып, көңіл-күйі көтеріле бастады. Міне, «Екі жирен» кетті қалықтап.
«Көшкенде жылқы айдаймын аха-ааа-ау...»
Осы кезде қарт әнші әрі қарай іліп әкетті. Түлеген қырандай екі жанары жарқ-жұрқ етіп, әруақтанып кетті. Күйтабақтағы үні мен мына дауысы бірдей. Не қалып қоймай, не озып кетпей ритмді дәл ұстап отыр. Такт өлшемдерінде ешқандай мін, кінәрат жоқ.
Бұл көрініс таң-тамаша етті. Әттең, қолында домбырасы болғанда... Бірақ ән көңілімді самғатты.
«Екі-ай жирен,
Жалын түйген,
Жалғанда жақынымсың-ау, жаным сүйген...
Оһо-оу, әридаш-ай-ааай».
Ән аяқталғанда Санат аға:
– Браво, браво! – деп қолын соғып жіберді де, – В концерте присутствует ученик Гарифуллы Курмангалиева - Бурибай, – деп қосып қойды күліп. Сөйтсек, манадан бері осының бәрін таспаға жаздырып отыр екен ғой.
Аздан кейін тамақ желініп, қайтуға жиналдық. Санат әлгіндегі түсірілген «Екі жиренді» қосты. Ғарифолла атаның әсем қағысына әуелей көтерілген әуезді үні жымдасып, өрнек кестесін төгілдіре жөнелді. Қарт тағы қосылды.
Мұндағы айтпағым – бұдан бәленбай жыл бұрын күйтабаққа жазылған әннің ырғағын, дыбыс өлшемдерін бұзбай дәлме-дәл қайталау шеберлігі.
Ғарифолла атаның үйіне тағы бірде барғанымда келіні Рая апа әңгіме арасында сөздердің ретіне қарай мына оқиғаны әңгімелеген-тін: «Түскі кез еді. Дастарқан басында жиналып, шәй ішіп отырғанбыз. Радиодан Соловьяненко итальянның әнін орындап жатты. Папа көзін жұмып, беріле тыңдап отырды. Ән аяқталғанда қатты риза болып: «Молодец!» – деп дауыстап жіберді. «Екінші октавадағы до дыбысын қиналмай еркін алды. Міне, әнші!» – деді».
Санамда Ғарифолланың тек домбырамен шырқайтын әнші ретінде қалыптасуынан болар, аңғалдықпен бек таңқалғанмын сонда, ұстаздың өзге тілдегі әнді орындаған, ұлты орыс орындаушыны тыңдағанына, оны мақтағанына. Қалай қабылдаған деп...
Соңынан ұқтық қой, Ғарифолла туған өңіріндегі ұстаздары – Шайқы, Шынтас, Жарылқаған, Нұрмақан, Құмар, Сартай, Сағымқожалардан кейін де опера сахнасында жүргенде орыс, итальян, т.б. әншілерді де тыңдап, олардың орындаушылық әдістерін көкірегіне түйгенін, солардан өзіне керек тұсты ұстын етіп, ізденіспен шеберлік биігіне көтерілгенін.
Ғарифолла Құрманғалиев кезінде З.П. Палиашвилидің «Даисиінде» Титоның, П.И. Чайковскийдің «Егений Онегинінде» Трикенің бейнелерін шебер сомдап, партияларын кемеліне келтіре орындаған.
Академик А. Жұбанов Ғарифоллла бейнелеген сонау замандағы Трикеге: «Трике – Құрманғалиев куплетін әп-әдемі орындады» деп баға беріпті (Қараңыз: Ән-күй сапары. Жұбанов А.Қ. Алматы, Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1976 жыл, 405-бет).
Беріректе танып-білдік, жаңағы Соловьяненконың (1932-1999) ұлты – украин екен. Толық аты-жөні – Анатолий Борисович Соловьяненко. СССР халық артисі. Опера әншісі. Үні – лирикалық-драматикалық тенор.
Ғарифолла сүйсініп тыңдаған ән – Джузеппе Вердидің «Риголлеттон» операсындағы герцог Мантуанскийдің ариясы боп шықты!
Құрақбаева Раиса (Рая) Хасенқызы 1968 жылы Ғарифоллаұлы Болатқа тұрмысқа шығады.
Болат 1939 жылы 8 шілдеде Алматы қаласында туған. Ол орта мектепті бітірген соң 1956 жылы Шымкент технологиялық институтына түсіп, «құрылысшы-инженер» деген мамандық алып шығады. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін Шевченко қаласында мамандығы бойынша жұмыс істеген. Кейін Алматыға оралып, құрылыс саласында басшылық қызметтер атқарған...
Раиса 1941 жылы 21 мамырда Ақтөбе облысы Хромтау қаласында дүниеге келген.
Суретте: Раиса Ғарифолла келіні.
Отбасындағы төрт баланың кенжесі көрінеді. 1958-1963 жылдары Шымкент технологиялық институтында оқып, «бейорганикалық қосылыстардың инженер-технологы» мамандығын алып шығады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен соң Хромтау қаласында лаборатория меңгерушісі болған.
Раиса 1970 жылы химия саласы бойынша аспирантураға түседі. 1974 жылы Мәскеу қаласында «Получение сверх чистых металлов» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Өмірінің көп жылын ғылымға арнайды.
Раиса Хасенқызы беріректе Алматы қаласында мұнай өнімдеріне талдау жасайтын лабораторияның меңгерушісі қызметін атқарған.
Ол Америка Ғылым академиясының мүшесі болды, көптеген ғылыми еңбектері шет елдердің ең беделді басылымдарында жарық көрді.
Жолдасы Ғарифоллаұлы Болат 2005 жылы 28 шілдеде, ал Райса 2008 жылы 27 тамызда дүниеден өтті.
Болат пен Раисаның 1969 жылы көрген Дина есімді қызы бар.
Суретте: бірінші қатарда сол жақтан оңға қарай: Ғарифолла немересі Дина, Ғарифолла ата, курстасым Күмісай Байтілеуова. Екінші қатарда солдан оңға қарай: мен – Бөрібай Кәртен, жерлесім, домбырашы Мақсат Тілепберген.
Динаның мамандығы – филолог. Алматы шәрінде тұрады. Музыкаға өте жақын. Нағашылары жағынан берілсе керек, оның ұлы Димаш та – музыкант (барабаншы, композитор, оранжировщик).
Дина – қазір кәсіпкер.
Ғарифолла келіні Рая айтқан мына оқиғаны да баяндай кетейін. Былай деп еді: «Болатпен қосылған жылдарымыз. Үйден қонақ арылмайды. Бірі кетіп жатса, бірі келіп жатады. Бәрі де атақты ақын-жазушылар, артистер, ғалымдар: Ғабит Мүсірепов, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Ағайынды Ришат, Мүсілім Абдулиндер, Л. Шаргородский, Ишанбай Қарағұлов, Жиенбек Рсалдин, Зейнолла Қабдолов, Кәукен Кенжетаев, Ермек Серкебаев, Қали Жантілеуов, Әзидолла Есқалиев, т.б. Мұндай топ-топ қонақ күтуге әлі үйренісе алмай жүрген кезім. Оңашада Болатқа шағымданамын: «Шаршадым!» деп. «Шыда!» дейді ол...
Бірде енем ауырып жатыр еді. Тап сол күні көтерген қапшықтары, дорбалары бар жиырма шақты адам сау етіп үйге кіріп келді. Папа құрақ ұшып жатыр: «төрлетіңдер!» деп. Келгендер Оралдан екен. Алматыға бір жиынға келіпті. Олар бірден: «Ештеңеге әуре болмай-ақ қойыңыздар, жеңіл-желпі шай жарайды, біз тек сіздің әніңізді тыңдап кетсек деп келдік» деді. Қонақтарды төр үйге өткізіп жібергесін: «мамаңның ауырып жатырғанын білесің ғой, шәйді өзің қамдарсың, балам!» деді. Сонан дастарқан жайып, шәй құйдым. Келгендердің сұрауымен папа қолына домбырасын алып, ән салды. Бірінен соң бірін айтып жатыр, айтып жатыр. Қонақтардың назары әнде. Жаздың кезі ғой, сонша адамның демінен үйдің ауасы тарылып, қапырық боп кетті. Бәрі ағыл-тегіл терлеп отыр. Қолдарындағы сүлгімен желпініп қояды. Терезелерді ашып тастадық. Папа тоқтар емес. Қонақтар риза...
Түсте Болат келді жұмыстан. Ол ас үйден тамағын ішіп, қызметіне қайта кетпек болып жиналып жатқан-ды. Бір кезде ыдыс жуып жатқан мені шақырды: «Бері кел, қарашы!» деп. Қонақтар отырған залға жалғас Вингорадов көшесі жақтағы бөлменің терезесін иегімен нұсқады. Келіп төмен үңіліп қарасам, қаптаған қара-құрым адам. Кейбірі скамейкада отыр, кейбірі түрегеліп тұр. Қолдарын шапалақтап, арасында айқайлап қояды, «тағы», «тағы» дейді...
Түс қайта қонақтар тарады. Олар қапшықтарын, дорбаларын кіре берісте қойған орындарында қалдырып кетіпті. (Осы тұста Рая апа сәл езу тартып күлді). Түсінбей енеме айттым: «мама, ана кісілер заттарын ұмытып кеткен сияқты» деп. Басын көтеріп, орнынан тұрып, қапшықтардың буылған жіптерін шеше бастады. Бірінде жылқының еті, енді бірінде сүрленген қазы-қарта, қарын-қарын сары май, құрт, ірімшік... Бәрін біздің үйге әкелген екен. Елдің сәлемдемесі деп...
Папаның әнін, дауысын тыңдауға халық құмар еді, құрметтері де сондай жоғары болды».
Міне, өзіміз куә болған жайтты, Рая ападан естігендерімізді қаз-қалпында қағазға түзіп шықтық. Кейінгілер үшін. Ел ардақтаған әншіні, қадірлі ұстазды тани түсуіне себі тиер деген оймен.