Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Бөрібай КӘРТЕН: «ҒАРИФОЛЛА САЛ «ҚИССА-И ҚАРАБЕКТІ» ДЕ ЖЫРЛАПТЫ»

Біз бұдан көп уақыт бұрын «Ғарифолла Құрманғалиев – фольклор жинаушы һәм жыршы» деп аталатын зерттеумізді республикалық «Түркістан» газетіне (02.02.2024) жариялаған едік. Онда әнші қарттың жеке архивінен табылған «Құламерген» қиссасының, Шекті Ақпан жыраудың, Бала Ораз бен Жібек қыз айтысының қолжазбалары оның жыршылықты да ұстанғанына куәлік беретінін дәлелдер келтіре отырып, жан-жақты талдап, ашып көрсеткенбіз-ді.

       Ғазиз ұстаздың осы қырына байланысты кейініректе естіп білген деректерді де қағаз бетіне таңбалағанды жөн көрдік.
       Маңғыстаулық жыршы Сейітов Жеткізген ақсақал 2024 жылы ақпанның 2-сінде әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп түзіпті: «Көп жыл ұстаздық еткен Нұрниязов Көгенбай ағамыз: «60-ыншы жылы болу керек, Маңғыстауға Ғарифолла Құрманғалиев келді. Қызылжолдың үстінде шөп шауып жатқанбыз, сонда Ғарифолланы көргенім. Асқақ әнін тыңдап, ғажап әсерге қалдық. Арнайы тігілген үйге қонатын болды. Түнімен жыр айтты, ол кісінің жыршылығын сонда көрдім. Есімде қалғаны «Бала Ораздың Жібек қызбен айтысы», – деп еді». 
       Ғарифолла Құрманғалиевтың өз орындауында үнтаспаға жазылған «Бала Ораз бен Жібек қыздың айтысы» табылды. Қолымызда. Бұл да – өз алдына зерттеуін күтіп тұрған мәселе...

     
       Жуырда пікірлес қаратөбелік Нұртас Сафуллин есімді ініммен хабарасқанмын-ды, сонда ол сөздің ретіне қарай «Ғарифолла атамыз Қарабек батыр туралы қиссаны да жырлапты. Ақтөбе облысының Алға ауданынан іс сапарымен аулымызға келген Нұрмұханбет Разақ есімді ағадан естіп ем» деді. Сонан оған іздеу салдық. Анығын білейік деп. Таптық.
       Алға қаласында тұрады екен. «Дін мәселелері және қоғаммен байланыс орталығында» психологпын дейді. 
       Нұрмұханбет 1967 жылы Түркіменстанда дүниеге келіпті. Ташауыз облысы Октябрь ауданының Қызылбайтақ деген жерінде. Осында № 22 қазақ орта мектебін бітірген. 1984 жылы Алматыға кетеді. Оқуға. Тарихты бітіреді. Бұдан кейін, 1990-1995 жылдары, ҚазПИ-дің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түсіп, білім алады. 
       Біз Нұрмұханбеттен Ғарифолла Құрманғалиевтың «Қарабек батыр» қиссасын жырлағаны жайында сұрадық. Ол: «СССР-дың кезінде Түркімен жерінде тұратын кіші жүз қазақтары көп болатын. Мен Әлімнің Қабағынанмын. Оның Мырзагелдісімін. Біздің жаққа Қазақстаннан артистер жиі келе-тұғын. Мұндағы қазақ ауылдары өнер адамдарын ерекше қадірлеп, күтетін. Арнайы киіз үй тігіп, мал соятын. Бала едім. Бірде Ғарифолла Құрманғалиев келді. Оның концертіне ауылдың тайлы-тұяғы қалмай бәрі жиналды. Салған әніне халық ұйып қалды. Сәлден соң «Қарабек батыр» жырына көшті. Осы күнге шейін есімде сақталып келе жатқаны сондағы Ғарифолланың дауысы, ол жырлаған Қарабек батыр туралы қисса», – деді.

Суретте:  Нұрмұханбет Разақ
       Қарабек батыр жайындағы қиссаның екі нұсқасы «Бабалар сөзі» сериясы жинақтарының 44-томына енген. Бұл жырдың бірнеше вариантының өзара айырмашылықтарын салыстырып тексерген, жүйелеп, ғылыми қосымшаларын дайындап жазған ғалымдардың бірі – Қ. Алпысбаева мынадай мәлімет таңбалаған: «Аталған эпос алғаш рет «Қисса-и Қарабек» деген атпен 1882 жылы Қазанда басылып шықты. Жырды Омбы аймағы, Мұқыр өзенінің бойында тұратын Шоқаманұлы Әлжаннан жазып алып, баспаға дайындап берген – Мәулекей Жұмашев... Аталған жыр мәтіні одан кейін 1961 жылы шыққан «Батырлар жырының» 2-томында, 1977 жылы шыққан «Ақсауыт» кітабының 2- томында басылды». (Қараңыз: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2007. Т. 44: Батырлар жыры. – 2007. 462-бет).  
       Қисса Қарабектің қалмақ ханы Қараманға қарсы соғысқа аттануынан басталады. Жыр мына бөліктерден тұрады: 
       а) Қарабектің қалмақтың қолын жеңіп, Қараманды тұтқынға алуы; 
       ә) Ханбибінің Қарабекке жасаған сатқындығы; 
       б) Қабыланнан Қарабектің елін босатуы; 
       в) Қаныкей мен Тыныкейді құтқарып алуы, т.б. 
       Ғалым Қ. Алпысбаева: «Жұмашұлы Мәулекей – ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қиссашыл ақындардың бірі, қазақ фольклорын жинап, бастырушы. 1836 жылы Тобыл губерниясында туған. Ішкі Бөкей ордасында қазақ ауылдарында бала оқытып, ағартушылық жұмыстар жүргізген. Өзінің баспагерлік қызметін «Қисса Тамимдер» (1866) атты діни дастанды кітап етіп шығарудан бастаған. Ел арасынан қисса-дастандарды жинап, Қазан қаласынан «Қисса Жұмжұма» (1881), «Дариға қыз» (1879), «Қисса Салсал» (1879), «Қисса Сейітбаттал» (1879) секілді фольклорлық шығармалардың жеке нұсқаларын бастырып шығарған», – деген деректерді де баяндаған (Қараңыз: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2007. Т. 44: Батырлар жыры. – 2007. 483-бет). 
       Сонымен қатар Қ. Алпысбаева «Қарабек батырдың» Арал өңірінен жазылып алынған тағы бір нұсқасы жайлы да сөз қозған, бүй дейді ол жайында: «Қарабек батыр» жырының ең көлемдісі, сюжеті толық әрі ел арасына кең таралғаны – Жаңаберген Бітімбайұлы жырлаған нұсқа. Эпосты Жаңаберген жырау әкесі Бітімбайдан үйреніп, ел арасында жырлап жүрген. «Қарабек батыр» жырының мәтінін 1940 жылы Жаңаберген Бітімбайұлының айтуынан қағазға түсірген фольклор экспедицияның мүшесі – Марат Ахметов. Қолжазба ОҒК-ның қолжазбалар қорында сақтаулы. Шығарма бір жолды дәптер қағаздарына екі түсті сиямен латын әріпінде жазылған. Көлемі – 6720 жол... Осы нұсқа алғаш рет 1987 жылы шыққан «Батырлар жырының» 3-томында жарияланды» (Қараңыз: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2007. Т. 44: Батырлар жыры. – 2007. 465-бет).                                          
       Пайымдағанымыз, Ғарифолла Құрманғалиев Қарабек батыр туралы қиссаның Әлжан Шоқаманұлы нұсқасын жырлаған. Әлгінде келтірілген деректердің куәлік беруінше, жырды жазып алып, оның баспадан жарық көруінде қызмет қылған – Мәулекей. Қиссаның батыс өлкесіне таралуына да осы адам себепкер болған. Ол турасындағы «Ішкі Бөкей ордасында қазақ ауылдарында бала оқытып, ағартушылық жұмыстар жүргізген» деген мәлімет бұл пікірімізді бекітіп тұр. 
       «Қисса-и Қарабекті» Ғарифолла атамыз жыршы ұстаздары – Жарылқаған, Нұрмақан не Сағымқожа, Сартай, Құмардың бірінен үйренген болар деп топшылаймыз...
        Баяндалған бұл деректер ұстазымыздың жыршылық қырын нақтылап, айғақтай түседі.