Нәзікен шынжау, аурушаң қыз болып өсіп келеді. Қызылшадан өле жаздап, әке-шешесін бір қорқытты. Ирелеңдеп баяу ғана ағатын, суы сирақтан асар-аспас өзенге кетіп қала жаздап, екі қорқытты. Терісінен күн көрініп тұратын әлжуаз денесіне сәл суық тисе, түршігіп, құс еттеніп, көгілжім тартып талып қалады. Өне бойы былқ-сылқ ете салатын қызын уайымдап ата-анасы өбектеген сайын інісі бір, ағасы екі нұқып өтеді. Сірә, тетелестер ана махаббатын Нәзікеннен қызғанғанын осылайша сыртқа шығаратын болулары керек. Нәзікен жылауық болып алды. Шар ете түскен қызын құшақтап жұбатып анасы әлек. Ауруы жанына батып жылағанымен, Нәзікен бауырларының қолы батып кеткенін айтып шағынған емес. Әлде ұлдардың өз құқысын қорғағысы келгенін сәби жүрегімен сезіне ме? Әйтеуір, арыз айтқан емес.
Енді, міне, денесі күйіп-жанып қатты ауырғанда ағасы әдемі алмасын беріп, інісі жаңа машинасын тықпалап әлек. Көгіс тартқан шекесі әжім-әжім болып, зорға күлімсіреген (тіпті қарауға аянышты) Нәзікен сыйлықтарын кеудесіне әлсіз қолымен қысқан болды. Нәзік, әлжуаз саусақтардан сытылып қашқан алмасы түскір төсектің астына жоғалды. Апасы бұл суретті қарап тұруға дәті шыдамай есіктің сыртына шығып алып ерінін тістеп дыбыссыз еңірейді.
Деміне сырыл араласқан титтей қыз:
— Апамды шақыршы, — деді ентігіп: — босқа жыламасын. Мен өлмеймін. Тек ертегі айтып берсінші, — деді үзіп-үзіп сөйлеп.
Өзін -өзі зорға ұстаған шеше байғұс түк сезбеген кісідей қызын құшақтап алып ертегі айтуға кірісті. Ертегісі ертегі емес, бірінің басын, екіншісінің аяғын шалып, кейіпкерлерін шатастырып, әйтеуір, неше ертек айтса да, тек «қызы жазылып, бақ-дәулет қонып, барша мұратына жетіпті» деп аяқтаудан жаңылмайды.
Көктемге салым Нәзікеннің беті бері қарады. Сондай әлсіз. Ине салар еті қалмаған көтерем қыз бала ерінін жалап қойып енді өзі ертегі айтуға кірісті.
Нәзікен айтқан қиял-ғажайып ертегілер көркем болатын. Бір - бірімен сұлу қиюласқан оқиғалар, қылышы жарқ-жұрқ еткен батырлар, от шашқан айдаһар, биік мұнаралы аспан елі — бәрі тамаша болатын.
Інітай Нәзікеннің білегін жастанып жатып ұйықтайтын әдет тапты. Үйдің бар шаруасын өз мойнына алған Ағатай болса, ара-тұра мектеп кітапханасынан ертегі кітаптар әкеліп беретін. Ондайда Нәзікен ағасына алғыс тола көзімен жаудырай қарап:
— Кішкене шыдай тұр, аға. Үйді өзім-ақ сыпырып, тамақты пісіруге өзім-ақ көмектесемін. Енді аз ғана шыда, — дейтін. Інітай да сөзге жармаса кетіп:
— Нәзікен, екеуміз дүкенге барамыз ғой, бұрынғыдай, иә? Сонда сен сатып алған заттың бәрін мен көтеремін. Міне, қара, мен өстім! Кеудесін көтеріп, өкшесіне тұрып бойын созады.
Сол Нәзікеннің Інітайға айтқан бір ертегісін сендерге сыбырлағым келіп отыр. Тыңдайсыңдар ма?
Жаудың аты — Уран есерсоқ
«Ерте, ерте, ертеде бір сұлу қыз өмір сүріпті. Ол бір күні сұлу жүзін көрмекші болып айнасына қараса айнасының сол жақ бұрышынан қара түтін сияқты бір пәле көрініп, ол бірте-бірте ұлғайып бүкіл айнасын жауып кетіпті. Қап-қара тұманнан жүзін көре алмай қалған қыз шошып кетіпті. Айнасының бетінде отты жазулар пайда болыпты. Оқып көрсе: «Еліңнің батыс жақ бетінде Уран деген жау шықты. Оны дереу құртпасаң әскері қара құмырысқадай өте көп. Олардың әрқайсысында үш батырдың күшіндей күш бар. Дереу құртпасаң еліңді жайпап кету қаупі бар» деген жазу екен.
Сұлу қыз дереу ағасының сауытын киіп көрсе үлкен екен. Інісінің сауытын киіп көрсе шақ екен. Тек ұзын шашы дулығаға симапты. Болмаған соң қыз шашын бір бұрым етіп өріпті де, түбінен шорт кесіпті. Бұрым қап-қара жылан сияқты төсектің үстінде созылып жатыпты.
Сұлу қыз дулығаны баса киіп, ағасының сегіз қырлы найзасын алып, қорамсағының қабына айнасын салып, қайда кеткенін айтып хат жазып қалдырады. Сосын дереу жолға шығады. Кер құла атты тебініп шаба жөнелген дыбысынан оянған ұлдар жау келіп қалған екен деп қару-қарағына жармасса, мәссаған Інітайдың сауыт-сайманы жоқ! Хатты оқыған Ағатай сауытын киіп көмекке асығыпты. Ал Інітай болса ақ қағазды ала салып әлденелерді есептеуге шұғыл кірісіп кетіпті. Сөйтсе ол Уран батырды ұстау үшін темір тордың қалыңдығы қандай болуы керек, шығыршығы қалай жасалғанда үзілмейді — соны есептеп санап жатыр екен.
Әлқисса, енді қызға келейік. Шыға шапқан Сұлу қыз сол екпінмен тынбастан үш күн, үш түн шабады. Жер танабын қуырып шапқаннан шауып отырып Шалқар көлге жетеді. Осы арада аялдап атын суарып, өзі де су ішеді. Қыздың сегіз қырлы найзасынан сыпырылып түскен жылан сөйлейді:
«Мен сенің кескен шашыңмын. Уран батыр жер астында тұрады. Оған сенің жалғыз әлің келмейді. Барған соң мені тарқат. Сонда менің әр талым бір-бір улы жыланға айналып Уран батырдың денесін байқатпай орап алармын. Сен сауытыңды шешіп, қыз киіміңді ки. Уран батыр саған қарап тұрғанда мен мың-миллион жерінен шағармын. Ол әлсіреген кезде темір тормен ұстап алу керек», — дейді.
Сұлу қыз Бұрым-жыланның айтқанын бұлжытпай істеді. Осы кезде көмекке келіп жеткен Інітай өзі жасаған темір торын Уранға жаба салды. Ал Ағатай аяқ-қолын тырп еткізбей ұстап, Уран батырды өздеріне қызмет ететін құлға айналдырып алды. Уран батыр елді жөнсіз қыратын есер соқтығын қойып халыққа қызмет ететін ақылды батырға айналды. Сұлу қыз енді айнасын алып қараса, оның бетінен өз бейнесі мөлдірей қарап күліп тұр екен.
Қалай, балалар, ертек ұнады ма? Нәзікеннің ойлап тапқан ертегісі өте көп. Және бірін айтайын.
Сиқырлы таяқша
Баяғыда ханның бір сұлу қызы болыпты. Биік тау басындағы зәулім сарайдың бір бөлмесі түгел өзінікі екен. Терезесі биік, бірақ жіңішке болыпты. Жіңішкелігі сондай оған қыздың басы симайды екен. Ақбас Алатаудан сыңғырлай аққан бұлақ қана қыз көңілін аулайды екен. Неше түрлі үнмен сайраған бұлбұл ғана қыз көңілін көтереді екен.
Сұлу бір күні сиқырлы айнасын сиқырлы орамалымен сүртсе онда отты жазулар пайда болыпты. Отты жазулар ел шетіне жау келгенін, ол жаулар құмырысқадай сансыз көп, әрі өте ұсақ екенін. Осы бастан қам жасамаса елі бүлінетінін ескертіпті. Егер ол жауыздар кітаптың бетімен бір жүріп өтсе, ондағы жазулар бүлініп оқуға келмей қалады екен. Ал оқылса мәні өзгеріп мүлдем басқа сөздерге айналады екен. Ал ол жауыздар радиоға кіріп кетсе ондағы дыбыстар бөтен, жат сөздерге айналып адамның мыйын соққылай бастайды екен. Соққылап-соққылап су мыйға айналдырады екен. Су мыйлы адамдар өз әрекетіне жауап бере алмай қалады екен. Теледидардың ішіне кіріп кетсе адамдардың көзіне бөтен әлемді көрсетіп, қараған адам мәңгіріп өзінің қай жерде отырғанын білмей қалады екен.
Одан әрі отты жазуларды оқып отыруға Сұлу қыздың төзімі жетпеді. Дереу аяғына дәу темір етігін киді, қолына дәу темір таяғын алды. Сұлу қыз жауды темір етігімен жаншып елге кіргізбеймін деп сапарға аттанып кетті.
Хан әкесі қайғыдан қан жұтып, жоғалып кеткен қызын кім тауып әкелсе мың динар алтын беремін деп жарлық шығарды. Қарындасын, хан қызын іздеуге аттанған көп батырдың ішінде қыз ағасы да кетіпті. Соларға ілесемін деген қыз інісін хан әке «жассың» деп жібермей қойыпты. Інітай болса қол қусырып қарап отыра алмай, ақ қағаз бен қара қаламды алып келе жатқан жауды қалай жоюды жоспарлауға кірісіпті.
Әлқисса, Сұлу болса жауға қарсы сол жүргеннен жүріп отырып бір дәу-дәу ала қарбыздар өскен алқапқа келіп тіреліпті. Шөлдегенін енді сезген Сұлу қарбызбен шөлін басуды ойлап қынынан пышағын шығарады. Қарбызға сала бергенде кісесі босап тұр екен, пышағының жүзі қарбызға кіріп жоғалады. Сұлу етігін шешіп тастап пышағының ізімен өзі түседі. Жүріп келеді, жүріп келеді, жүріп келеді. Әлі табылар емес. Алдынан бір ақ сақалды, ақ сәлделі ата жолығады.
— Қызым, не іздеп жүрсің? — деп сұрайды.
— Келе жатқан жауды дәу етігіммен езіп, елге жібермейін деп шығып едім. Қарбыз тілем деп пышағымның жүзін жоғалттым. Хан әкемнің пышағы еді. Қалдырып кетпейін деп іздеп жүрмін, — дейді.
— Сендердің жоғалтқандарың бір ол емес, өте көп. Босқа жау іздеп қаңғыма. Үйіңе қайт. Інітай жауды жоятын формула тауып қойды. Оны Хан әкеңе өзі түсіндіріп бере алмай отыр. Сен айтып түсіндіруің керек. Сенің тілің пышақтан да өткір. Сен Інітайға көмектессең жаудың бетін тойтарасыңдар. Бір жолата құтыласыңдар!
Соны айтып ақ сақалды ата ғайып болды. Сонымен темір етігі тозып теңгедей болғанда, темір таяғы тозып тебендей болғанда Сұлу Хан әкесінің сарайына оралады. Баяғыда қызды іздеуге кеткен батырлар да мойыны ырғайдай, биті торғайдай болып, азып-тозып елге орала бастаған екен. Енді бәрі жабылып Інітай дайындаған формуламен қара құрттай қаптап кеткен жауды жоюға кіріседі. Інітай дайындаған сиқырлы таяқшаны сілтеп қалса керемет сиқырлы сөздер пайда бола кетеді де, жауды талдырып түседі екен. Сол сиқырлы таяқшаның аты не, білесің бе? Міне, тамаша, өзің тапқышбексің ғой! Иә, сиқырлы таяқшаға Інітайдың қойған аты — «білім». Оны сілтегенде керемет сөздер саулап түседі дейді. Ол қандай сөз екенін сен білесің бе? Інітай біледі. Ол деген солға қарай оқысаң да, оңға қарай оқысаң да бірдей дыбысталатын және бірдей жазылатын сө... міне, жарайсың! Ие, дұрыс. Қазақ деген сөз! Кім осындай сиқырлы сөзді көп білсе, соның таяқшасының сиқыры күшті болады! Иә, иә «ата», «ана», «нан»...
Ал сиқырлы таяқшаны екінші рет сілтегенде құлағандар есін жинап, үшінші сілтегенде «ә, қатты ұйықтап кетіппін ғой» деп, «мен қазақпын!» деп ұшып түре келеді екен. Сосын олар да жаумен күреске кірісіп кетеді екен. Көп жұмылған соң қойсын ба, жеңіп шығыпты.
Иә, Сұлу ізденбесе жеңіп шыға алар ма еді?
Хан әке қолдамаса жеңу қиын болар ма еді? Ағатай әрекет етпесе жеңу қиын болар ма еді? Інітай формаула ойлап таппаса жеңу қиын болар ма еді? Бәріміз бір жұдырықтай жұмылып күреспесек жеңу қиын болар ма еді? Біз көппіз. Біз жеңдік!
Жеңуге тиістіміз!
Жер біздікі!
Ел біздікі!
Біз бәріміз батырмыз!
Нәзікеннің екінші ертегісі осылай аяқталды. Ал енді үшінші ертегі...
Тоқтай тұр. Сен тамағыңды іштің бе? Ішпесең ертең өскенде қалай батыр боласың? Жүріңдер, бәріміз тамақ ішейік. Батыр бабаларымыз сияқты қымыз ішіп, қазы-қарта жейік. Әлқисса, Нәзікеннің келесі ертегісі ер қанаты ат, тұлпарлар туралы.
Көбелек
Баяғыда бір ханның Сұлу қызы болыпты. Ол көбелектерді өте жақсы көреді екен. Бір күні зәулім сарайының терезесінің алдына бір ғажайып көбелек келіп қоныпты. Қанатының ұштары алтындай жарқырайды. Шеті күмістей құбылады. Қанатының ортасында жасыл гауһардай мөлт-мөлт еткен, қызыл лағыл моншақтай өрнегі көздің жауын ала құлпырады. Сұлу көбелектің артынан қалай ілескенін өзі де байқамайды. Әне-міне ұстап алардай соңынан жүгіре беріпті, жүгіре беріпті. Бір кезде қуып жетіп, басындағы сәукелесімен баса қойды. Алақай, көбелек қолға түсті. Көбелегін қызықтап мәз болған Сұлу өзінің сыртынан темір тор түскенін байқамай қалыпты. Сөйтсе, Сұлу жүгіре-жүгіре тау шатқалына еніп кеткенін байқамаған да екен. Осы тауда тұратын Дәу оны ұстап алыпты. Дәу гүр-гүр етіп өзіне дәл осы көбелектің көйлегіндей әдемі көйлек жасап беруді бұйырады. Сұлу басында қорықса да, бірте-бірте батылданып, ол үшін мата керек, мата жасау үшін жүн керек екенін айтады. Дәу өзінің қойларынан жүн әкеледі. Сұлу ол жүнді бұлақтың суына жуып, тасқа жайып кептіреді. Дәу бәрін бақылап, енді көйлегім бола ма дейді. Сұлу оны боямаса әдемі болмайтынын айтады. Дәу таудан түрлі шөп теріп әкеліп жүнді бояйды. Енді көйлегім болды ма деп Дәу дегбірсізденеді. Сұлу жүнді иірсе болады дейді. Дәуге ұршық жаса дейді. Дәу қарағайды жұлып алып бұтақтарын сындырып тазалайды. Оған диірменнің тасын кигізеді. Себебі ортасы тесік тастан тапқаны сол ғана болды. Оны Сұлу көтере ала ма? Ата-анасын сағынған Сұлу: «Мені үйіме жібер. Ұршығымды алып келейін» деп жалынады. Дәу сенбейді. Үйін сағынып аспанға қараған Сұлу төбесінде ұшып жүрген көбелекті көреді. Сұлу көбелекке жалынады. «Менің үйіме барып, Хан әкеме айт. Мені тұтқынан босатып алсын дейді. Көбелек шыр айналып ұша береді. Сұлу зер салып қараса, көбелек жай ұшпай ауада әлдене жазу жазып жүрген сиқты. Оқып көрсе, «мені сен жібергенін қалай білдіремін» деген сөз екен. Сұлу дереу өзінің алтын сақинасын шешіп береді. Бірақ оны көбелек көтеріп ұша ала ма? Сосын Сұлу ойланып тұрып, өзінің бір тал алтын шашын шиыршықтап көбелектің мойнына іледі. Дәу сенің қолыңнан ештеңе келмейді екен. Одан да сені отқа қақтап жеп аламын деп ұрсады. Сұлу Дәуге «Дәу-ата, мені темір торыңнан шығар. Өзіме лайық ұршықты өзім жасап алайын» дейді. Дәу темір тордан шығарған соң үйеңкенің бұтасынан өзіне ұршық жасауға кіріседі. Бұл солай жұмыс құралын істей тұрсын біз Хан әке не істеп жатқанын көрейік.
Әлқисса, Хан қызын кім әкеткенін білмей, түрлі бақсы-бәлігер, жұлдызшыларын жинап жарлық шашыпты. Кімде-кім менің жоғалған қызымды тауып әкелсе соған ат басындай алтын беремін! Қыз темір тордың ішінде болғанда болжағыштар ештеңе көре алмай бастары қатып отыр екен. Сонда бір жауырыншы мен таптым деп айқайлап жіберіпті. Қызыңызды биік таудағы Дәу тұтқында ұстап отыр.
Осы кезде қыз ұшырған көбелек те жетіп Хан қолына қонады. Хан қызының шашын танып, қуанғаннан талып түседі. Дереу әскер жинап қызын құтқаруға мың сан сарбаздарын аттандырады.
— Дат, тақсыр, — дейді жаңағы жауырыншы.
— Датың болса шапшаң айт! — деп ақырады Хан. Өзі қызын қатты сағынып, төзімі таусылып зорға шыдап отыр. Сонда жауырыншы айтқан екен.
— Хан ием, Дәу жалғыз. Жалғыз болса да күші көп. Барған әскеріңізді босқа қырып аласыз. Одан да мені жіберіңіз. Маған көп-көп әдемі мата, тігіншілер қосыңыз. Көбелек Дәуге әдемі көйлек керек деген хабар айтып тұр. Соны апарып бесеңіз Дәуден қызыңызды мен-ақ босатып әкелемін, — депті.
Хан ойланып, келіседі. Көп мата тиеген керуенді сырнайлатып-кернейлетіп тау шатқалына аттандырады.
Жауырыншы кемпір көбелектің артынан еріп отырып Дәу мен хан қызы тұрып жатқан әсем табиғатты шатқалды тауып алады.
Сөйтіп алаңғасар Сұлу көбелектің көмегімен әкесінің сарайына қайтып келіп бақытты ғұмыр кешкен екен дейді.