Ақкүрең Сексенқызы Бақыт Өзбекстан Республикасы, Тақиятас қаласында 1972 жылы дүниеге келді. 1989 жылы Тақиятас қаласындағы №1 В.И. Ленин атындағы орта мектепті бітірді. Нөкіс мемлекеттік педагогика институтының түлегі. “Бейбітшілік әлемі” Халықаралық Қазақ Творчестволық бірлестігінің “Ыбырай Алтынсарин ” медалінің иегері. “BILIM – ORKENIETI” Ұлттық Инновациялық Ғылыми – Зерттеу Орталығы “Абай Құнанбайұлының -175 жылдығы ” медалімен марапаттады. 2021 жылы "Менің жағалауым" атты кітабы Алматы қаласы “Molia & DOS”ЖШС баспасынан шықты.
Адамдар қыбырлаған құмырсқадай тіршілігімен әуре – сарсаң. Мүмкін, дәл осы уақытта бір – бірін қуып, бір – бірін жеңе алмаған, кіршіксіз таза ойынның қызығына тоймаған баладай, шүкірі көп пенденің бәрі атқан таңға қанағатпен қарайтын.
Біздің ауылдың адамдары ыстық таңмен бірге көтеріледі – ау төбеге. Ауылда сол ғой, бозала таңнан қалмай үлкен-кішісі тіршілік үшін қызу еңбекке араласып бара жатты. Үй ішінің ең кішісі Зинаш не жыларын, не айқайға саларын білмей, біраз уақыт жылап та, айқайлап та көрді. Үлкені де, кішісі де атызға кеткендіктен, үйде сілтідей тыныштық орнаған. Үй Зинашты қайтсін?! Міз бақпай тұр. Зинаштың жылағанын кім естиді? Аймалайтын әжесі мен еркелететін атасы да далада жүр. Жылағанын тыңдайтын құлақ болмағасын, Зинаш та жылауын доғарды. Енді аш екені есіне түсті ме, шөмішті іздеп кетті. Зинаш та біледі. Әжесі ерте тұрып, мәш пен күріштен сүт қатып көже дайындайтынын. Бір қолында - қара қазанның қақпағы, бір қолында - шөміші, әкесі сияқты малдас құрып, өрнекті алаша үстіне отыра кетті. Әжесінің сүт қатқан көжесін тойғанша сіміріп салды. Қара қазанды ысырып столға жақын қойып, әкесінің алып берген велосипедін сүйретіп тысқа шықты. Көзін уқалап, күн көзіне тік қарай алмай біраз тұрды. Әлдене есіне түскендей, далаға қарай велосипедін сүйретіп барады. Бір жеті болды велосипедін сүйретіп әлі жүр. Велосипедтің қызығын көрші Сарсенғалидің баласы Мақсат көріп жүр. Балақай велосипедін алып шыққанын аңдып тұрғандай, алдынан шыға салып, алып қояды. Алғашқы күндері сұрап алатын, қазір жуастығын біліп алған соң сұрағанды қойып, тарпа бас салды. Әне велосипеді Мақсаттың қолында, өзі құм үстінде талтүске дейін отырды. Мақсатты шешесі шақырмағанда, әлі отыра берер ме еді?! Кім білсін.
Зинаштың тентектігі он балаға жетеді. "Үйдің іші қызға толды, жетеді! Енді ұл болсын!" деп ырымдап, ұл баланың киімін кигізіп, үнемі бәкі тиген басы тоқырбас болып, жылтырап жүреді. Жағаласқанға жұдырықтасып кетейін десе, сыры ашылып қалатындай шегіншектей беретін болғандықтан, ауыл балдары мұнысын жуастығы деп басынатынды шығарды. Іштей тынып Зинаш жүр,
- Әй, сен кешке шық, –деді Мақсат Зинашқа. Зинаш көңілсіздеу, басын көтеріп те қарамады.
- Саған айтам, Әй! Кешке велосипедті алып шық,- деді де, үндемеген осылай болады дегендей, бір уыс топырақты басына шашып кеп жібергені.
Шошып түскен Зинаш ызаланып кеп, алысып кетті. Екі бала сары құмның үстінде айқасты да, жұлысты да қалды.
Бастапқыда төбелесе жөнелген екі баланы тамашалап тұрған ауылдың қарасирақтары жұдырықтасып жатқан «екі жаманға» бірі өліп, бірі қалсын деп сығырайып қарап біраз тұрды да, енді істің насырға шабатынын түсінгендей, үйді – үйлеріне тарай бастады.
Кімнің хабар бергенін кім білсін? Екі үйден бір – бір әйел келе жатты, жыңғылдан бір – бір сабау жасап алып.
Мақсат дауылдың боларын бірден сезгендей, Зинашты итеріп тастап, Кеңегес жапқа қарай жүгіре жөнелді.
Мақсаттың шешесі де, Зинаштың шешесі де үндемей, әрқайсысы өз дәуін құлақшекеден тартып алып бара жатты.
Кешке қарай Зинаштың әкесі жұмыстан келе салып, кесілген жиде теректің төбесіне велосипедті арқанмен таңып тастады.
Екі–үш күн велосипедке екі үйдің баласынан басқа ешкім қарамайтын. Зинаш: "жақсы болды – ау" деп қуанғаны да, іште реніші де бар.
Мақсат қателігін түсінді ме белгісіз, әйтеуір, шешесі бауырсақ пісіргенде өзі жемей, Зинашқа бір уыс алып келіп жүрді.
Велосипед ала жаздай кесілген жиде теректің басында асылып тұрды. Әке шешіміне қарсы шығатын жан бар ма?!
Тоқырбас Зинаш күзге қарай кірептешеннен көйлек киіп шыққанда, ауылдың ұлдары, әсіресе Мақсат ернін тістеген бойы үндемей қалды. Ал, оқуға ағасының үйіне қалаға кетті.
Зинашты қыздар – ұрысқақ, ал ұлдар – тентек дейтін. Баяғы өзін ерекше санайтын Зинаш өзгерген. Зинаштың оқуы - жақсы, бүгінде үй ішіндегі тірліктің бәрін тындырып жүр.