Баяғы өткен заманда кең байтақ даланы, айдын шалқар көлді, асқар-асқар тауларды мекендеген батыр да ержүрек халықты бір айбынды патша билеп тұрады екен. Патшаның күнде кешке қарай қарапайым шаруа құсап киініп алып өзінің қол астындағы елді аралайтын әдеті болыпты. Осылайша патша халықтың көңіл-күйі бақылып, және тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көретін болыпты.
Патша өз еліндегі жас балалардың ішінде кім қандай іске бейім екендігін бала кезінен бақылайтын болса керек. Соғысып ойнайтын балалардан әскер жасақтаса, көзі қырағы баланы қарауыл, іске икемдісін бақауыл, сөзге шешенін жасауыл қойыпты.
Сол балалардың ішінде бір Құман деген бала білімге өте құмар болыпты. Айтқан сөзіңді бірден қағап алатын зерек бала екен. Сол елдегі білімді кісілерді жинап оқытса, әлгі бала олардың білімін тез ұғып ала қойыпты. Ол ғалымдар «Енді біздің бұл балаға үйретеріміз қалмады» деген соң патша Құманға алыс елдерге шығып білім жинап келуді бұйырыпты. Ақсарбас қой сойып, елін жинап Құман атын Құмыраға айналдырып, еліңе көп-көп білім жинап кел, көкірегіңе құйып кел деп алыс сапарға аттандырыпты. Жол бастайтын басшы беріпті. Қызметін істейтін қосшы ілестіріпті.
Құмыра жолға шығыпты. Қап тауынан әрі асыпты. Шам шәрінен білім нұрына шомылыпты. Одан әрі сапар шегіп, Шын-машын еліне жетіпті. Сөйтіп, жер әлемнің ғұламаларынан көп білім үйреніп еліне оралыпты.
Патша елге оралған Құмыраны бүкіл сән-салтанатыман тіккен он алты қанат ағаш үйде қабылдапты. Патшаның қасында толып отырған оқымыстылары баланың білімін сынамақшы болып жиналыпты. Патша есіктен кіріп келген балаға «Өз орыңды өзің тап» лепті. Сонда Құмыра көп ойланып тұрмастан патшаға тіке келіп «менің орнымда Сіз отырсыз!» депті. Патша жас жігіттің батылдығына, өз құнын дәл тапқанына риза болыпты. Түсіп, тағын беріпті. Бірақ Құмыра «Сіз мені елді білімімен көркейтсін деп жұмсадыңыз. Аса қадірлі патшам, мен сол қызметіме кірісейін» деген екен.
Сайын далада оның айтқанын естімеген жан қалмапты. Ақ селеулі дала Құмыраның айтқанын мақұлдап басын изеп тұрыпты. Таудан аққан мөлдір бұлақ Құмыраның вйтқанына риза болып шапқылап теңізге құйыпты. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, ел мәре-сәре, ішкені алдында, ішпегені артында керемет замандар өтіпті.
Күндердің бір күні данышпан патша уақыты жетіп өліпті. Орнына ақылы кемдеу біреу патша болыпты. Ақылы кемдеу патша өзінің уәзірлерін өзі сияқты топастау жандардан жинапты. Енді халық басына түскен мәселесі бойынша ақылдасуға патшаны емес, оның ғұлама ғалымы Құмыраны іздейтін болыпты. Мұны көрген топас уәзірлер патшаға «ұлы мәртебелім, халық сізді емес, сіздің құлыңыз Құмыраны тыңдайтын болды» деп, шағыстыра беріпті. Ақылы кемдеу патша топас уәзірлерінің ақылы бойынша Құмыраны терең зынданға салып тастауды бұйырыпты.
Ақылы кемдеу патшадан әкесінің даңқына мәз ақымақ ұлы ел басқарыпты. Ол патшадан кейін одан да сорақы даңғой патша ел билепті. Ел азыпты. Жер тозыпты. Осылайша жеті патша ауысқанда халық өлермен халге жетіпті. Жұрт қырылар болған соң баяғы данышпан Құмыраны есіне алыпты. Есіне алыпты да іздей бастапты. Елінің данагөй қарттары «Баяғы замандағыдай патшаның қыран бүркітін ұшырайық. Сол кімнің басына барып қонса сол патша болсын» деп бәтуаласыпты. Халық жиналып құсты ұшырған екен. Бүркіт ұшып барып далада қой бағып жүрген бір баланың басына қоныпты. Қырық уәзір шауып барып, баланы менсінбей ертең қайта ұшырамыз деп шешіпті. Балаға «Сен ертең қойыңды басқа жаққа жай!» – деп бұйырыпты. Ертеңінде тағы ұшырса, құс барыпты да қаланың екінші жағында қой жайып жүрген балаға түсіпті. Уәзірлер ұстамақшы болып қуса, бүркіт баланың жаман тымағын бүріп алып елдің ортасына ұшып келіпті. Халық сонда бүркіттің патша болуға лайықты адамды тапқанын біліпті. Келесі үшінші күні бәрі шұбырып бүркіттің соңына ілесіпті. Жауыз уәзірлер бүркіттің тұяғын түнде қиып тастаған екен. Енді бүркіт баланың басқа бағытта қой жайып жүргенін аспанға күндегідей самғап шығып көреді де, солай қарай заулайды. Халық шулап келіп жетсе, қайран бүркіт тұяғы жоқ қона алмайды. Аспаннан заулап келген күйі баланың қасына кеудесімен жер соғып құлап, мерт болады. Халық бала бүркітті қолына алып сипап отырған жерінен көреді.
Халық сол баланы хан көтеріп ақ киізге отырғызып шаһарға әкеледі.
Бала патша өзін тәрбиелеген қарт атасы мен әжесін қасына алдырады. Елді әділ билеп, халық тоғайып, жағдайлары жақсара бастайды. Бірақ ашаршылық-жоқшылық сананы буып, анталаған жаудың бетін тойтару жас патшаға оңайға түспейді. Патша сасқанда ел ішіндегі ақылман қарттар, ақсақалдар ақыл қосады.
Бір күні атасы айтады.
Осы елде баяғы өткен замандарда бір Құмыра деген ғұлама болды. Мына уәзірлеріңнің бірі болмаса бірі оны көмген жерді көрсете алар, сұрап көр, – дейді. Бала патша қыспаққа алған екен, бір уәзірдің жұрағаты (тоғызыншы ұрпағы) «мен көрсетейін» деп мойындапта. Оның атасы немересіне, немересі шөбересіне, шөбересі шөпшегіне, шөпшегі неменесіне, неменесі туажатына, туажаты жүрежатына, жүрежаты жұрағатына сол жерді көрсетіп: «сенің атаң ақылы артық болып кетпесін деп осы жерге өзінен асып туған адамды көмгізіп қойған. Сен де өзіңнен артық болып кеткеннің көзін жойып отыр» деп үйретеді екен. Жұрағаты оныншы ұрпағы жекжатына соны айтып жатыр екен. Астағыпыралла!
Тадай заман өтіп, жеті патша ауысқаннан кейін ол Құмыра тірі болмауы да мүмкін деп қорқады ел. Бірақ жер-әлемнің тілін білген ғұлама ұзақ өмір сүрудің де жолын білер деген дәмемен, бәрінен бұрын оның ілімі елге мұқтаж нәрсе болғандықтан жаңағы уәзірдің жұрағаты көрсеткен жерді қазады. Бір күндері қазып жатқан жер астынан күңгірлеген үн келеді. Иненің жасуынлай сәуле түсіріп ғұламаны көзін біртіндеп жарыққа үйретеді. Түтікпен су береді. Түндіктен күн көреді. Сөйтіп қырық күн біртін-біртін тамақ беріп, Құмыра абызды бері алып шығады. Енді жас патща барлық нәрсені Құмыра ғұламаның айтуымен істейді. Құмыра бала патшаның қасында отырып ел билеудің бар қыры мен сырын айтады.
Содан кейін мал малданып, жан жанданып ел бақыт пен байлыққа қол жеткізген екен дейді.