Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Ардақтым НИЕТҚАЛИ: «Бекіре балық хикаясы» (ертегі)

Ертеде, алып Тетис теңізі болыпты. Осы теңізді сан мыңдаған балықтар, жан-жануарлар мекен етіпті. Солардың бірі - бекіре деп аталатын балық. Оның етінің балдай тәттілігіне, уылдырығының да таңдайдан кетпейтін дәмділігіне бола адамдар көп қырғынға ұшыратыпты. Бекірелер теңізде өмір сүргенімен, ұрпағын өзендердің таяз тұсында өмірге әкелетін. Өйткені теңіз суы ащы болғандықтан, уылдырығы шабаққа айналмай жатып тұзға пісіп қалады ғой. Сол себепті көктем келіп, өзендерде сең жүріп, буырқана бастаған сәттен-ақ олар өздерінің ұрпағы үшін қасиетті жорығын бастайтын. 
      Бұл жолы да сол әдетінен жаңылмаған бекіре әулеті өздері үшін аса жауапты да қасиетті сапарға мықтап дайындалды. Міне, Ата бекіренің салтанатты дабылы қағылды. Бүкіл бекіре әулеті уылдырық шашатын Ана бекірелер мен оларды қорғап жүретін Ата бекірелерді қауіпті жолға шығарып салып тұрды. «Ұрпағымыз үшін жанымыз пида! Біз қайткенде де өмірге ұрпақ әкеліп, бекіре әулетін жалғастыруға тиіспіз. Сол жолда - жанымыз құрбан!» деген Ата бекіре аталатын сәттің жеткенін айтып, тездетіп, өзеннің теңізге құятын сағасына қарай бар пәрменімен секіріп кетті. Оның әппақ бауыры күн сәулесіне шағылып жарқ етті. Ата бекіренің ізінше жорыққа аттануға әзірленіп, тас түйін тұрған Ана бекірелер, оларды жан-жағынан қорғап жүретін әскер-бекірелер де бірінен-кейін бірі шолп-шолп етіп өзен сағасына секіре бастады. 
        Бұл сапардың қауіп-қатерін Ата бекіре жақсы білетін. Ең қауіптісі - екі аяқты адамдар. Дәл осы уақытта бекірелердің уылдырық шашуға аттанатынын білетін адамдар олардың жолына ау құрып қоятын. Қай жердің қауіпті екенін білетін Ата бекіре алда келе жатып, біресе ысқырып, біресе қиқулап, бекіренің өз тілінде белгі беріп келе жатты. Жолға құрылған ауды айналып өтіп, бірінен секіріп өткен оларды адамдар байқап қалды. Сол-ақ екен, қолдарына шанышқы, ау, басқа да құралдарын алып, жүрдек қайықтарымен соңдарынан түсті. 
        Бірде тез жүріп, бірде су астындағы шоқалдарға, балдырларға тығылып алға жүрген бекіре тобының ішінде жас Ана бекіре бар еді. Ол өзінің дүниеге ұрпақ әкелетініне қуанышты болатын. Бекіре тобының әр жерге тығыла бергеніне наразы болған жас бекіре өзі уылдырық шашатын тайыз аймақты тауып алмақ болған. Сол сәтінде-ақ шанышқыға түйрелді. 
        Топтан шықпау керек екенін көрсеткендей болған бұл оқиға бекірелерге үлкен соққы болды. Ана бекіренің қарнын жарып жіберіп, қара маржан уылдырығын қолымен көсіп қарқ-қарқ күлген екі аяқтының түрі тым қорқынышты еді. Одан кейін де бекірелердің басына төнген бұлт қоюлана түсті. 
         Әскер бекіренің бірі қармақтағы жемді қауып қалып, абайсызда қолға түсті. Ата бекіренің «Аштан өлсеңдер де қармақтағы жемге алданбаңдар» дегеніне құлақ аспағанның жағдайы осылай болды. Тағы бір Ана бекіре құрылған торды аңдамай, шырмалып қалды. Оны құтқарам деген әскер бекіренің бірі торға оратыла жаздап, әрең құтылды. Осындай құрбандықтармен, уылдырық шашуға ыңғайлы өзеннің таяздау, құмдауыттау жайылмасына жеткен соң Ана бекірелер қанаттарымен құмдауыт жерді қазып, ұя жасады. Олар уылдырық шашып болған кезде Ата бекіре Ана бекірелерді жандарындағы қорғаушы әскердің жартысымен теңізге қайта

аттандырды. 
       Ал, өзі ұрпағын өзендегі жыртқыш балықтардан, басқа да қауіп-қатерден құтқару үшін қалып қойды. Уылдырықтар шабаққа айналып, кішкене буындары бекіген кезде Ата бекіре ұрпағын ертіп қайтадан алыс жолға аттанды. Бұл жолы ол ұрпағына алыста, сонау алыста Тетис деген теңіздің бар екенін, онда бекірелер әулеті өмір сүретінін жырлап, айтып келе жатты.    
        Бекірелер әулетінің жыл сайын көктем шыға ұрпақ жалғастыру үшін қасиетті де қатерлі сапарға шығатынын, талай бекіренің сол жолда құрбан болатынын да жырына қосты. Ата бекіре ең алда келе жатқандықтан, оның көзінен аққан жасты шабақ бекірелер көрмеді. Оның үстіне көз жасы да су ғой...  Суда жүзген бекіренің көз жасын өзінен басқа ешкім көрмейтін, сезбейтін де еді. 
       Олар аш жүрген шортандар үйірінен айналып өтті. Бір жерде үйелеп жатып, жанына келгендерді қылғыта беретін алып жайынмен Ата бекіренің шайқасына да куә болды. 
         Енді бірде балықшы торына да түсіп қала жаздап, сытылып шықты. Ата бекіре өзеннің тұщы суының дәмі өзгере бастағанын сезді. Иә, теңізге құятын өзен атырауына келіп қалыпты. Ол жанарынан мөлт еткен моншақтарын көрсетпей, бар даусымен салтанатты қиқуына салды. 
         Ойнақтап, билеп, шоршып келеді. Бір кезде теңізге құятын ауызға тұра қалып, шабақ бекірелерді теңізге өткізе бастады. Ал, теңіз аузында Ата бекіренің салтанатты дабылын естіген бекіре әулеті жиналып тұр еді...Олардың ішінде өз ұрпақтарының теңізге аман-сау келгеніне қуанған Ана бекірелер, жастар, егде қариялар да бар-тұғын...