Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маркиза БАЗАРБАЕВА «Алып Ер Тұлғалы Сақ батырдың тұлпары» Ертегі

Баяғы бір бағзы замандарда кең даланы мекендеген Сақ деген бір халық өмір сүріпті. Олар осы біздің қазақ аталарымыздың арғы бабалары екен. 
      Олардың Алып Ер Тұлғалы Сақ деген ержүрек батыры болыпты. Оның жауырынының жалпақтығы сондай, арқасына бүкіл елі сыйып кетеді дейді. Оның бір керемет тұлпары болыпты. Сол тұлпардың тұяғы тасқа тисе, ұшқын атылады  екен. Ол алып қылышын суырып алса, қылышының жарқылына ай нұры таласа алмай күңгірт тартады екен. Сағағын шашақтаған ақ найзасын аспанға көтерсе, күн ұялып жымыңдайды екен.  Өзі сондай теңдесі жоқ батыр болса да ешкімге соқтықпайды екен. Ал  келіп соқтыққан жауынан өшін алмай тынбайды екен. Артынан түре қуып барып, қақпасының алдын шаң қылады екен. Халқын күшіне таң қылады екен. Өштескен жауының қабырғасын қақыратып, омыртқасын опырып, ерлерін құл қылады екен. 
     Сол кезде жер шарының батыс жағында бір биік шошақ мұнаралы елдің патшасы Алып Ер Тұлғалы Сақ батырдың тұяғынан от ұшатын тұлпарына қызығып, оны ұрлатып алуды ойлайды. Тұлпарын тегін беретін Сақ батыр ма? Еліне келген жауды түре қуып береді. Енді биік шошақ мұнаралы елдің патшасы сасады. Өзінің барлық батырларын жинайды. Балгер, болжауыштарын жинайды. Көп ішінен біреуі тұрып айтады дейді: «Тақсыр, бір амалын тапса мың жасаған мыстан кемпір табады» дейді. Патша мың жасаған мыстан кемпірді алдырып: «Шешеке, ат басындай алтын беремін. Мына келе жатқан Алып Ер Тұлғалы Сақ батырдың кәрінен бізді құтқара гөр» депті. 
     Мың жасаған мыстан кемпір Алып Ер Тұлғалы Сақ батырдың алдынан шығып: «Балам, алыс жолдан шаршаған шығарсың, мына жасаулы үйге түс. Сусын іш» депті. Сақ батыр үлкенді сыйлап, тынығуға келіскенімен, тек қымызбен шөл басатынын айтып, кемпір берген сусынды ішпепті. Оның не сиқыры бар екенін білмекші болған мыстан кемпір батырдың үзеңгісінен ұстап, қасынан қалмапты. Сөйтіп бар сырға қаныға беріпті. Бар сырды ұққан соң өз патшасына жансызын жұмсап: «Бұл батырдың жаны өзінде емес, астындағы атында екен. Сондықтан атын өлтірсең ғана өзін жеңе аласың» деп сәлем айтыпты. 
     Патша атты құрту үшін келе жатқан жауының алдынан бірнеше шақырым жердің шөбін улатады.
     Жылқы деген жануар өте сезімтал  емес пе, түсі өзгерген шөпті жемей қояды.
     Патша енді жолдағы құдықтардың суын улайды. Жылқылар тағы ол суды ішпей өте шығады. 
     Сонда мыстан кемпір айтады дейді: «Шырағым, жылқы су ішпеді, от жемеді. Жау жақын. Мына түрімен сенің атың сені жаудың қолына тастар. Одан да мен алдырған пілге мін. Ол алып. Саған дәл сондай көлік лайық. Және шыдамды. Жауыңды таптаса да саған болысар» депті. 
     «Батыр — аңқау» деген емес пе, Алып Ер Тұлғалы Сақ талай күннен бері үзеңгісінен ұстап келе жатқан шешекем ғой деп оның айтқан тілін алып, атынан түсіп, пілге отырады. 
     Биік шошақ мұнаралы елдің адамдары батырды табақ көтеріп қарсы алады. Сөйтсе, ол табақты толтырып тышқан алып шығыпты. Тышқанды көрген піл нақұрыс қорықпайтын нәрседен зәресі қалмай шошып, ал кеп туласын, ал кеп туласын. Сөйтіп, аңқаулығынан қолға түсіп қалған батыр арттағы елге дұғай-дұғай сәлем айтыпты: «Еті мен сүті дәру, өзі дос, жылқы деген жануардан айырылмасын» депті.
     Мың жасаған мыстан көлеңкедей еріп жүріп, бар біліп алған құпиясын өз патшасына сайрап отыр дейді:
     - Жылқы деген жануардың сүтін ішсе адам ауырмайды екен. Олар жорыққа шыққанда өздерімен бірге жылқының етін азық қылу үшіп қосарға қос-қос аттан алып жүреді екен.  Кейде етті тоқымның астына салып алып шабады екен де, қонған жерінде сол бабына келіп тұрған етті отқа қақтаса керемет дәмді болады екен. 
    Бұл сырға қаныққан патша Сақ елінің аттарын қайтсе де қолға түсіруді күні-түні ойлайды. Ол сөйтіп қолға түскен зындандағы батырды қайтетінін ойлап, жылқыға қалай қол жеткізуді ойдап қиялдай тұрсын.
     Әлқисса, Алып Ер Тұлғалы Сақ батырдың тұлпары шапқаннан шауып отырып, есті жануар дөңгелек мұнаралы өз еліне келіп жетіпті. Ол кездегі кісілер жылқы деген жануардың кісінегенінен көп нәрсені, болған оқиғаны түсінетін адамдар екен. 
     Елінде Алып Ер Тұлғалы Сақ батырдың Қарасай және Қази деген егіз ұлы ержетіп қалыпты. Олар өздері сияқты ержүрек жасөспірімдерді жинап алып, әкелерін құтқаруға атқа мініпті. Тұлпардың келген ізімен шапқаннан шауып отырып, биік шошақ мұнаралы елге жетіп келіпті. Күндізгі шаңнан күн көзі көрінбей қалатын ұрыс салыпты. Түндегі ұрыста ай тұтылғандай, шаңнан перде болыпты. Жас перілер жаудың жанын қоймапты.  Екі батыр бала бастаған қалың қол зынданда жатқан Алып Ер Тұлғалы Сақ батырды сөйтіп құтқарған екен.