Баяғыда-а-а бір ханның жалғыз қызы болыпты. Ұлдары болған-ды, бірақ жаугершілік заманда жау қолынан мерт болыпты. Бұл кезде батыр қартайып, буын-буынынан әл тайып, егер алай-пұлай болып кетсем елімді, жерімді жаудан кім қорғайды деп қамығып жүрген тұсы екен. Мұны байқаған жалғыз қызы Тұмар жігіттерше киініп алып, жауынгерлермен қылыштасып, найзаласып, ер жігіттердің істегенін істеп, шыныға беріпті. Әкесінің қасынан қалмай ілесіп жүріп, оның соғыс өнерін қалт жібермей қағып алып меңгере беріпті. Солайша Тұмар қыз өжет те өр, тапқыр да батыл болып бойжетіпті. Ұзатылып барған елінде де әскермен бірге жорықтан қалмайтын нағыз жаужүректің өзі болыпты.
Сол Тұмар ханшайымның бір жорықта жары қаза тауып, елін басқару өз қолына қарап қалыпты. Бұл жағдайды білген алыста тұратын Кір патша иесіз қалған елді жаулап ала қоймақшы болып атқа қоныпты. Қаптаған қалың әскер жинап жетіп келгенімен, ол патшаның барлаушылары бұл қазақ елінің өте жауынгер ел екенін, кілең жүрек жұтқан батырдың ұрпақтары жауға оңайшылықпен беріспейтінін ескертіпті. Патша айла ойлайды. Сөйтіп өтірік жаушы жібереді. «Тұмар ханшайымға өлердей ғашық боып, талай таулардан асып, талай белдерді басып, талай шөлдерден өтіп келгендігін, өзіне әйел етіп алмақшы» екендігін айтып кісі жібереді.
Тұмар ханшайым оның «ғашықтығы» шылғи өтірік, пиғылы Тұмардың елін солайша өзіне құл ету екендігін түсінеді де, былай жауап береді: «Ей, Кір патша, жәдігөйсіме, есің барда еліңді тап! Мен саған күйеуге тиіп, елімді саған құл ете алмаймын!»
Кір патша өзінің қулығы ашылып қалғанына ұялмайды. Қаһарланып бар әскерін соғысуға бастайды. Қара құмырсқадай қаптаған жау табиғи шекара сияқты қазақ жерін қорғап жатқан мол сулы жалпақ сары өзеннің жағасына үлкен көпір тұрғызуға кіріседі. Мұны көрген Тұмар ханшайым болашақта бұл көпір жауларын тез өткізіп тұратын қауіпті жер боларын ойлап Кір патшаға кісі салады.
– Ей, қанқұмар байғұс, көпір салып әуре болма! Сен әскеріңді үш күншілік жерге шегіндір. Мен сен жақ бетке шығып соғысайын. Не мен үш күншілік жерге әскеріммен шегінейін. Сенің әскерің өзеннен өтіп болғанша тиіспеуге уәде етемін, – дейді. Бірақ патшаның жандайшаптары: «ол қатынды неге тыңдайсыз, оларды өз жерінде қырып салайық!» деседі.
Сонымен, Тұмар ханшайым өз әскерін өзеннен аулақ әкетіп, жаудың өтіп болуын күтеді.
Тұмар ханшайымның жап-жас ұлы осы соғысқа алғаш рет шығуға жасы жеткен екен. Сол жас арыстанды қолға түсірудің жоспарын жасаған жау әскері өзінің жаралы жауынгерлерінен құрылған жасағын мол азық-түлігімен қалдырады. Кілең жас жауынгерлерден құралған Тұмар ханшайымның жалғыз ұлы басқарған жасақ жауды оп-оңай жеңеді. Шаршаған сарбаздар кеш түскен соң, олжа азық-түлігін ортаға алып, ішімдігін ішіп, түнде алғашқы жеңісін тойлап, аз ғана күзет қойып ұйқыға кетеді. Осы сәтті тасада бақылап тұрған жау ұйқыдағы жасақты дереу басып алады. Мұны естіген Тұмар ханшайым Кір патшаға тағы хабаршы жібереді: «Жас жігітті алдап түсіргеніңе мақтанба, қанішер! Жалғыз ұлымды өзіме қайтар! Еркек болсаң, ашық майданға шық!»
Ұйқыдан оянған жас жауынгер, Тұмар ханшайымның жалғыз ұлы, өз елі мен анасын қандай қыспақта қалдырғанын қапысыз ұғады. Өз қателігінің қаншалықты қымбатқа түсетінін, өзін құтқару үшін анасының қандай құрбандыққа барарын ойлағанда қаны басына тепті. Арыстандай атылып барып, жау беліндегі қанжарды ала салып, өз жүрегіне бойлата сұқты. Кір патшаның бұл сасық қулығы іске аспай қалды. Кейін өз елінің еркіндігі үшін өз өмірін құрбан еткен жас жауынгерді елі ардақтап, алтын сауыт кигізіп жер қойнына тапсырды.
Ал, Тұмар ханшайым болса жалғыз ұлынана айырылып, ашынған арыстандай өршелене ұмтылып, қаптаған қалың жауын тас-талқан етіп жеңді. Неше күн соғысып жеңіске жетті. Қанға тоймайтын, өзге елдің алтынына қызыққыш Кір патшаның басын кесіп алды да, оны қан толтырылған местің ішіне батырып тұрып:
— Қанға тоймайтын қанішер, арманыңа жет! Енді осы қанды қалағаныңша іш! – деді.
Қазақтың батыр қызының осы бір қанатты сөзі арада сан ғасырлар өтсе де ұрпағының жадынан өшпей, жүректерге жігер құйып осы біздің заманымызға жетіп отыр.
Міне, балалар, сендердің Тұмар әжелерің сондай батыр болған.