Бүгін ерекше көңіл-күймен оянды. Өйткені, түсінде үйге қарай зулап келе жатқан ақ Запорожецті көрді. Қолтығының астында жатқан қоңыр мысық керіліп-созылып, ұйқысын қимай, «неге ерте тұрып жатырмыз?» дегендей, сұраулы көзбен бұған қарап қалыпты. Бірақ иесінің төсегін жинай бастағанын көріп, ол да еріне төсектен түсіп, беті-қолын жуа бастады. Далаға шығып еді, есіктің ашылғанын естіп, ұясында бұйығып жатқан Ақтөс арсалаңдап жанына жетіп келді. Бойы өзімен шамалас итін құшақтап, басынан сипап еркелетіп біраз тұрды. Қызарып енді атып келе жатқан таң тып-тымық екен. Мүлгіген тыныштықты үйдің алдындағы үш терекке қонып шиқылдаған торғайлардың үні мен өзеннің бетінде шоршып ойнаған шортан мен құтидың шолп еткен дыбысы ғана бұзып тұр. Мөлдіреп жатқан қара судың бетінде, күміс түстес қабыршағы жаңа шығып келе жатқан күнмен шағылысып ойнаған шабақтар «Кел, бізді аула!» деп шақырып тұрғандай. Дереу құдықтан шелекпен су тартып, есік алдында тұрған қолжуғышқа құйды да, беті қолын шала-шарпы жуып, сарайда тұрған қармағы мен атасы жасап берген кішкентай күрегін қолына алып өзен жағасына қарай аяңдады. Жанында жүрген Ақтөс құйрығын бұлғаңдатып артынан ілесті. Ылғалданып тұрған өзен жағалауын күрекпен қазып қалғаны сол еді, шұбатылған шұбалшаңдар қып-қызыл болып, ирелеңдеп шыға келді. Қалтасынан құрт салатын құтысын шығарып, балшықты үгітіп салды да, ішіне он шақты құртты орналастырды. Өзінің үйреншікті қармақ салатын ақ тасының үстіне отырып, қармақтың ілмегіне құртты іліп, тып-тымық болып жатқан суға құлаштап тұрып лақтырды. Салғаны сол еді, судың бетінде тұрған ақ қалқан бір батып, бір шығып олай бұлай ойқастады да, тұңғиыққа батып кете барды. Осы сәтті аңдып тұрған тәмпіш танау, кекілді қыз қармақтың сабын тартып келіп қалды. Ілмекке ұртынан ілінген ақ бауыр торман салаң етіп қармақпен бірге су бетіне көтеріле берді. Әп дегеннен қармағына ортан қолдай торман түскені көңілін одан сайын көтеріп жіберді. «Бүгінгі күнім сәтті басталып жатыр, асылы күткен адамдарым келетін шығар», деп іштей жымыңдап қойды. Сымның басына ағашты көлденең байлап жасалған тізекесін алып, торманның жәбірінен іліп суға салып қойды да, қармағын екінші рет лақтырды.
Анадай жерде атасы мен әжесінің кеше кешкісін құрып қойған ауы тұр. Өзенді қақ ортадан бөліп, арғы бет пен бергі беттің арасына құрылған ұзын аудан бірде бір балық өте алмайды. Бір күн, бір түн тұрғаннан кейін, бұл арғы бетке өтіп бір ұшы бекітілген қазықты босатады. Арғы жақтан атасы мен әжесі ауды тартып шығарып алады. Содан соң ауға шырматылған балықтарды босату басталады. Шортаны керек пе, торманы керек пе, алабұға, қызылқанат, құти, табаны керек пе неше түрлі балықтарды іріктеп, қабығын аршып, кептіруге баратындарын үлкен ағаштан жасалған бөшкелерге тұздап бастырады. Балықтардың арасында сыртында қабыршағы жоқ майбалық деген балық болады. Жылп-жылп етіп қолға тұрмайды. Тіпті ішек-қарынын ақтарып тастап, табаға салып қуырып жатқан кезде де шоршып аспанға секіреді. Ауға осыншама көп балық түскеніне қарамастан, таңғы тымық ауада қармақ салу - бұның ең сүйікті хоббиы. Желсіз дала, мүлгіген тыныштық, тымық өзен, құртқа алданып қармақтың ілмегін жұлқи тартқан балықты іліп алып жағаға лақтырған ерекше ұнайды. Сағат 8.00- дің шамасында тыныштық бұзылады. Өзеннің үстінен салынған көпірмен гүрілдеп көліктер өтеді. Жел тұрып, судың беті шымырлап, толқынданады. Сол кезде қармақты қапқан балықтарын алып тәмпіш танау қыз да үйге қайтады. Қорада мал жайғап жүрген атасы, үйде жаңа сауған сүтті пісіріп жатқан әжесі мұның олжасын көріп мәз болады. Атасы балықты аршып, әжесі қуырып, түскі асқа рахаттанып жеп алады.
Бұл жолы да қармағын қапқан екі торман, үш құти, бес қызылқанатын алып үйге қайтты. Балықтың иісін сезіп алдынан мысығы жүгіріп шықты. Кішкентай қызылқанаттың екеуін мысығына қарай лақтырды. Муркаға бір нәрсе бергенін көрген Ақтөс «маған қайда» дегендей жалмаңдап жетіп келді. Шикі балық екенін көріп, мұрнын тыржитып, наразылығын білдіріп әупілдеп үріп жіберді. Иттің үрген дауысын естіп үйден атасы шықты.
-Тағы балық ауладың ба, ой жарайсың қызым, әкел, маған бер аршып тастайын, қармағыңды сарайға апарып қой. Атасынан мақтау естігенге мәз болып сарайға қарай беттеді. Қармағын құрал-жабдықтар тұрған бұрышқа апарып қойды.
Бұл жерде атасы екеуінің құралдары тұр. Үлкен орақтың жанында міндетті түрде кішкентай орақ болады. Ол орақтармен атасы екеуі жазда шөп шабады. Үлкен балтаның қасында кішкентай балта. Ол балталармен қыста атасы екеуі жыңғыл шабуға барады. Шабылған жыңғылдарды арқанмен байлап, мұздың үстімен сүйреп әкеледі, мұз біткеннен кейін арқаларына сөмке сияқты іліп алады. Үлкен араның қасында кішкентай ара тұр. Бұл арамен ағаштарды кесіп, қысқа отын дайындайды. Одан әріректе төңкерілген үлкенді-кішілі шелектер орналасқан. Жаздың шіліңгір ыстығында, түскі уақытта Аққыстау мен Қаратүбектің өрісте жүрген жүз шақты сиыры үйге жақын жерде орналасқан көпірдің көлеңкесіне сая іздеп келеді. Түскі 12 мен 2-нің арасында көлеңкеде жатады да, қайтадан өріске кетеді. Сиырлар кеткеннен кейін әжесі екеуі шелектерін алып көпірге қарай бет алады. Сиырлардың жаңа ғана тастап кеткен жапасын былқылдатып шелекке салып, үйге дейін тасып әкеледі. Он шақты рет қатынап, жапаның барлығын тауысқаннан кейін, арнайы кәстрөлдерге шөп қосылған жапаны салып, әдемілеп төңкереді. Күннің қызуымен жапалар кеуіп, керемет қиға айналады. Кепкен жапаларды қаз-қатар қылып қораға жинайды. Мұның барлығы - өзен жағасында орналасқан ақ шаңқан үйдегі үш адамның қысы-жазы жасайтын үйреншікті тірлігі.
Бір бұрышта жатқан екі тісті шанышқылар сазанның науқаны басталатын уақытты сабырмен күтіп жатқандай. Мамырдың ортасында қара суға су келіп, жайылмаға жайылады. Сол кезде сумен бірге үлкендігі жеті жасар баланың бойындай аппақ сазандар бірге келеді. Ауылдың жігіттері, атасы мен тәтесі шанышқыларын алып сазан шаншуға аттанады. Бала біткен шуылдап қызық көруге барады. Шаншылған сазандарды атасы ұзын тізекіге тізіп бұған ұстатады. Сазанның артынан қуып кеткен үлкендердің артынан, сымға тізілген сазандарды сүйреп жүгіруден өткен қызық жоқ. Сазанды судың ішімен сүйрегенде салмағы білінбейді. Жағаға шыққанда бір-біреуі бірнеше келі тартатындықтан сүйремек түгілі орнынан қозғауға шамасы жетпейді.
Атасы балықты аршып, өзеннің суына аппақ қылып жуып әкелді. Әжесі кеше қайнатқан сарысекерді уатып, жаңа сауылған сүттің бетіндегі қаймақпен, жаңа ғана шоқтан шыққан таба нанды турап шай әзірлеп қойыпты. Үшеуі әдеттегідей отырып таңғы астарын ішті.
-Бүгін демалыс қой, Қампоштар келіп қалар ма екен,- деді атасы.
-Әлгі тікірейген байы әкелсе келер, өткенде мені көрместей болып кетті емес пе, - деп әжесі ернін сылп еткізді.
- Ой,сенің де бір мінезің ит мінез, өзің емеспе қуып жіберген, анда-санда бір келгенде тиіспей отырсаң болмай ма?
- Қойшы айналайын, мен оған не дедім, өзі емеспе қағынып кетіп қалған. Етінен ет кесіп алсаң да әжесі кінәсін мойындамайды. Кемпірінің адуын мінезін білетін ындыны жуас атасы «әй саған дауа жоқ» дегендей басын бір шайқады да шайын сораптауға кірісті.
Атасының келіп қалар деген сөзі жүрегіне үміт сыйласада, әжесінің ернін сылп еткізгенінен күдіктеніп қалды. Ақ Запорожец айдайтын қарасұр жездесі өткен жолы расында қатты ашуланып кетіп еді. Әй бірақ, бірінші рет емес қой деп өз-өзін іштей жұбатып қойды. Түс жақындаған сайын жүрегі алып-ұшты. Теректің көлеңкесінде екі сағат отырып, ұзын жолды бағумен болды. Бір кезде күткен ақ Запорожец те көрінді. Асфальттан түсіп, жердің шаңын бұрқыратып үйге қарай салып келе жатыр. Қуанышы қойнына сыймай үйге қарай жүгірді.
-Қалампырлар келді,-деді үйге алқын-жұлқын кіре сала. Атасы қуанып, қалбалақтап орнынан атып тұрды.
-Қампошым келді ме? -деп күтіп алу үшін далаға қарай беттеді. Әжесінің де қуаныштан көзі жарқ етті, бірақ кеудесін кернеген тәкәппарлық шынайы болмысын сыртқа шығаруға ерік бермей:
-Келсе қайтеміз енді, той жасайық па? - деп шікірейе қалды. Бірақ өзі қызына деп тыққан тәттілерін шығаруға кебеже тұрған бөлмеге қарай бет алды.
Ақ Запорожец үйдің алдына келіп тоқтады. Есігі ашылып, ең алдымен шашын екі жаққа байлаған, 7-8 жастар шамасындағы қара қыз секіріп түсті. Одан кейін ақ орамалы көлбеңдеп, қолында қомақты сөмкесі бар 35 жастар шамасындағы келіншек көрінді. Көлігін сөндіріп, ең соңынан түскен елуді еңсерген, ұзын бойлы қара сұр кісі, түсер кезде көліктің төбесіне басы тиіп қисайып қалған сұр қалпағын түзеп, маңғаздана басып үйге қарай жүрді. Әкесі мен шешесі көліктен түсіп болғанша секектеп, мұның қасына жетіп келген қара қыз «Біз бүгін қонуға келдік» деді қуанышты хабарын үлкендерден бұрын жеткізгеніне мәз болып.
Таң азаннан бері күтіп жүргені - осы қара қыз бен келіншек. Үлкендердің айтуынша, апасы мен жиені. Бірақ бар болғаны он жастағы бала болса да іші құрғыр, өзінің сол апасынан туғанын, қара қыздың бір құрсақта жатқан сіңлісі екенін сезеді. Бағы ашылмаған қызының сүйгені көз жұмып, бәлен баласы бар шалға тигеніне іші күйетінін ақ арақтан ұрттаған кезде ақтарылып айтатын әжесінің әңгімесінен кімнің кім екенін бұл баяғыда-ақ түсініп алған. Сыртқа білдірмегенімен қызы мен күйеу баласын іштей күтіп жүрген әжесі дастарханды жайнатып жіберді. Бастапқыда:
-Иә, неге келдіңдер? Өткенде көрмегенім сен болсын деп кетіп едіңдер ғо, -деп күйеу баласын бір түйреп алды. Енесінің сырын білетін күйеу баласы да түр бермей:
-Қой, келмей қайда барамыз, сендерден артық ата мен енені маған кім береді?-деп өзі де еріп кетуге дайын тұрған енесін жібітіп жіберді. Үлкендер мәре-сәре болып, әңгіме айтып шәй ішуге кірісті. Тамаққа тыңқия тойып алған екі қыз ойынның түбін түсіруге үлкен бөлмеге кетті. Алдымен қуыршақ ойнады. Одан жалыққан соң кино кейіпкерлері болып, төбелесіп, ойыншық қарумен атысты. Ол да жалықтырған соң далаға шығып, балшықтан торт жасап, бірін бірі қонаққа шақырды. Қораға барып бұзауларды қызықтап, шөпке аунады. Бірін-бірі сағынғаны соншалық уақыттың қалай кеш болғанын да байқамады. Үйге келсе апасы әкелген базарлығын шығарып жатыр екен. Көздің жауын алатын түрлі түсті жіптен тоқылған әдемі тоқыма жейдені алып, «мынау саған» деп бұған берді. Киіп қарап еді, құйып қойғандай жарасып тұр. Мұны көрген қара қыздың көңілі нілдей бұзылды.
-Мынау менің жейдем ғой, неге оған бересің?- деді шешесіне айқайлап.
-Ол жейде - саған үлкен, ертең өзіңе баратын басқасын, бұдан да әдемісін алып беремін. Әлдебір сұңғыла сезіммен апасы киім алған кезде әке-шешесінің қолындағы қызына алып жатырмын деп айтуға күйеуінен ығысып, үйіндегі қызына әдейі үлкен қылып алып, бір-екі кигеннен кейін «мынау саған үлкен» деп сылтауратып бұған әкеліп беретінін сезетін. Оны түсінетін қара қыз жоқ. «Жейдемді бермеймін» деп жер тепкілеп жылай бастады.
-Бұл саған үйлеспейді, сен қап-қарасың, менің аппақ қызыма керемет жарасып тұр, - деп әжесі одан сайын күйдірді. Жылап-жылап көзі бұлаудай болғаннан кейін, жылап ешкімді жеңе алмайтынын түсініп:
- Мен қазір полиция шақырамын, -деді амалы таусылғаннан. Үлкендер ду күліп жіберді. Жейдені киіп, әрі-бері қызықтаған соң шешіп, жұрт көзінен таса жерге тығып қойды. Әйтпесе, қара қыз алып, көлікке тығып келуі мүмкін.
-Жыламашы, мен саған оның орнына әдемі ойыншығымды беремін. Бәрібір жейдесі кері қайтпайтынын түсінді ме, ашуы қандай тез болса, қайтымы да тез қара қыз бірден келісті. Екеуі қайтадан ойынға кірісті.
-Мен бүгін сенің үйіңе келдім ғой, ертең сен біздің үйге барасың ба?
-Әжем жіберсе, көрермін. Екеуінің арасында осындай келіссөз болып тұрады.
Бес шақырым жердегі жездесі мен апасының үйіне арасында барып тұратыны бар. Онда барғанда апасын атымен атауға ұялып, «апа» деп атайды. Бір жағынан ішкі түйсігі солай атағанды дұрыс көреді. Ал, екеуі бірге өзінің үйіне келгенде атасы мен әжесіне «Қалампыр бүй деді» деп қойып әңгімені жібереді. Олардың көзінше апа деп атай алмайды. Алда-жалда айтып қалса әжесі «шешеңді таптың ба» деп ала көзбен бір атады. Мұндай екіжүзділік табиғатынан бірбеткей қара қызға ұнамайды. Бір нәрсе деуге әжесінен ол да қорқады. Амал жоқ іштен тынады. Кейін екеуі қосарласып апасының үйіне барғанда:
-Мынау біздің үйде жүргенде сені «апа» дейді, өзінің үйіне барғанда «Қалампыр» дейді, -деп бірнеше күннен іште тұншықтырып жүрген өкпесін жария қылады.
Күні бойы ойынның түбін түсірген екеуі шаршағандарын сезді. Маужырап, көзі ұйқыға кетіп бара жатқанда үлкендер отырған асүй жақтан әжесі мен жездесінің өктем шыққан үндері естіле бастады. «Басталды» деді бұл іштей. Бұл айқай-шудың соңы немен аяқталатынын да сезіп жатыр.
Жаңа ғана күйеу баласын құрметтеп, асын беріп, арағын құйып, басын закуска қылып иіскеп отырған әжесі мен «жер бетіндегі ең керемет ене - өзіңізсіз» деп жарқылдап отырған жездесі шаппа-шап сөзбен іліністі де қалды.
-Сені адам қылып отырған - менің қызым, қызым болмаса баяғыда ит болып қаңғып кететін едің. Бұл - жездесінің шамына тиетін ең ауыр сөз. Әжесі осы сөзді әдейі айтады. Шындығында, ішке сыймай, қанды тулатып, адамды шайтанға айналдыратын арақ оған солай айтқызады.
-Саған осы сөзді айтпа деп едім, - деп бағанадан «енем» деп емешесі үзіліп отырған жездесі де қаһарланып аузына келгенді құсады. Оның да делебесін қоздырып отырған сол ақ арақ қой. Осы сөздермен басталған ұрыстың соңы ұлы айқайға айналады. Үнемі қайталанатын көрініс атасы мен апасына таңсық емес.
-Ой, сендерді қой,- деп қолын бір сілтеп, атасы ұйқыға жатады. Екі сағат ұрсысып енесін жеңе алмаған күйеу бала ақыр соңында «көрмегенім сен болсын» деп, әйелі мен қызын көлігіне салып алып жеті түнде, сүр мас екеніне қарамастан ауылым қайдасың деп тартып отырады. Бұл жолы да солай болды. Күліп келген күйеу бала үйден күңіреніп шықты.
Ал, бұл болса, ең қымбат жандарын алып бара жатқан ақ Запорожецтің жарығы қараңғы түнге сіңіп кеткенше қарап тұрды да, жанында шоқиып отырған Ақтөсті құшақтап, арақты ойлап тапқан адамға лағынет айтып, еңіреп жылап жіберді.