АМАНҚОС НАЗАРҰЛЫ ЕРШУОВ (1943-2019) 1943 жылы 18 тамызда Атырау облысы, Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Гурьев педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген. Атырау облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде әдеби қызметкер, Амангелді орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, мектеп- интернатының директоры болып қызмет етті. Баспадан әр жылдары мынандай кітаптары жарық көрді. «Көкжиегім – келешегім», «Шопан баласы», «Жылқышының ұлы», «Шұғылалы шақтар», «Шырқау», «Алтын босаға», «Ойсылқара», «Пір Бекет пен Жыр Зекет. «Оғыланды», «Бабам мен атамның жолы бақытқа бастаған жол», «Аманқос», «Дүлдүл» , «Таулар аласармайды», «Бейбарыс»,«Кие», «Ақмешіт», «Қасиетті қазына», «Бармақбайдың басынан кешкендері». Өлеңдері «Жас керуен», «Алтын тау», «Көңілді тоқсан», «Жолдас комсомол», «Өмір өрнегі», «Бір нәзік сәуле», «Сенің өмірің – сиқырлы әлем» жинақтарына енген. Жылыой ауданының Құрметті азаматы. ҚР «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» белгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. 1994 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын алған. Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті, Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті жабық конкурсының 2 мәрте лауреаты болған.
ШЕРҚАЛАДАҒЫ ЖЕКПЕ-ЖЕК
(аңыз)
Тау болғанмен біртұтас,
Қырық құрсау, кел , қара!
Іші-жалын, сырты тас
Шер төгеді Шерқала.
Желді күнгі бөріден,
Желмаядай үріккен,
Маңғыстаудың шөлінен
Ауған екен түрікмен.
Заңы солай заманның:
Қабырғасын тіліп оқ.
Ағайынды адамның
Жауласпаған күні жоқ.
Азап пенен дозақтың,
Көрінгендей төбесі.
Түркімен мен қазақтың
Жауласпаған жері-осы.
Күңіреніп кетіпті,
Жердің асты жеті қат.
Кернейлетіп жетіпті
Кергілескен екі жақ.
Қынадай-ақ қыратын,
Әскер келіп бетпе-бет.
Іріктеді шығатын
Батырларын жекпе-жек.
Сынға түсер нарлығың,
Өлімге-өлім, кекке-кек!
Соғыстың да тағдырын
Шешетін бұл жекпе-жек.
Қорқақтығын айғақтай,
Қалды бұғып пақырлар.
Сүтке тұнған қаймақтай
Бетке шықты батырлар.
Әдісі мол, айла көп,
Жауын талай жаншыпты.
«Қарсыласым қайда?»- деп
Түрікмендерден шал шықты.
Ақалтеке боз аттың,
Арқасында ойнады.
Көріп тұрған қазақтың
Зығырданы қайнады.
Шоқпарының салмағы,
Болатындай жүз батпан.
Жекпе-жектің саңлағы-
Бала шықты біз жақтан.
Масаттанып барады,
Нар секілді жүгі аумас.
Аман қайсы қалады
Анау-кәрі, мынау-жас.
Екеуі де даңқты,
Екеуі де еңселі.
Қақ бөліне қалыпты
Сермегенде семсері.
Таудың өзін талқандар,
Тап болғасын қайратқа.
Доптай ұшып қалқандар
Домалады сай жаққа.
Ту тікпесе төбеге,
Намысынан ер өлер.
Кірш-кірш еніп, денеге
Қадалады жебелер.
Сақиналы сауыттың,
Шығыршығы сөгілді.
Көлеңкесі қауіптің
Көздеріне көрінді.
Бастан ұшып дулыға,
Өлер сәтін жан күтті.
Өкпелері булыға.
Ауа емес, қан жұтты.
Сүйектері сырқырап,
Сытыр-сытыр сынады.
Шыбын жаны шырқырап
Аттан қатар құлады.
Дүниеге қарашы,
Зырылдаған бір ұршық.
Жас батыр мен бабасы
Бақиласты ыңырсып.
-Ажалым тұр алқымда,
Аяқталды дәм-тұзым.
Елім калды артымда
Қалды және жалғызым.
Жалғанбайды үзігім,
Жан қиналып барамын.
Алда сенің қызығың
Сен өлмеші, карағым!-
Шыкпас бала тауына,
Солғын тартып жанары.
Сосын ата жауына
Кешіріммен карады:
-«Шыққанымды бабаммен
Білгенімде, әй, залым!
Қара тасқа қадар ем
Қаралы ұшын найзаның».
Деген ойы баланың,
Жыбырлады ернінде.
Өртенуін даланың
Естіртпеуін желдің де.
Айтқандары ақырғы:
«Достық бізді шөлдетті.
Екеуміздей батырды
Бір молаға көм!"-депті.
Іздегенін тапқандай,
Айтар мұны ар ғана.
Торқа топырақ жапқандай
Шейіттерге Шерқала.
Бірі жастык біріне,
Жатыр олар шерменде.
Қылыштасып тіріде,
Құшақтасып өлгенде.
Ой салады көргенге,
Егіз ұйқас өлеңдей:
«Бауырларым, сендерге
Не жетпеді?» дегендей.
Ұмыттырып баяғы,
Қасіретін халықтың.
От құшағын жаяды
Отаныма жарық күн.