Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Шын дарынның шырқау биігі (Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаяты жайлы бірер сөз)

Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаяты - психологиялық иірімге құрылған философиялық тұжырымы терең туынды. Ішкі монологқа құрылған көркем шығармадағы оқиғалар желісі елес-естеліктер арқылы дамып, шиеленісіп, шарықтау шегіне жетіп, шешімін табады. Бұрын-соңды қазақ прозасында қолданылмаған әдіс. Хикаят екі сөйлемнен ғана тұратын прологпен басталыпты: «Тағы бір таң атты. Кімдерді қуантады екен?..»

 Антон Чехов деген кісі «Краткость — сестра таланта» депті өз заманында. Келісуге тура келеді. Осы бір екі ауыз сөзді оқығанда жүрек ұйып, көзге жас тұнады. Бүкіл аспан асты, жер бетіндегі тіршілік атаулының үкілеген үміті мен алғаусыз арманы, бауырын күйдірген өкініші осыған сыйып кетіп тұрғанын айтсаңызшы!
           «Адам тағдыры — жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді танудың өгеше тәсілі де: өмірде көрген тірі адамдар туралы, олардың хал-күйі, кескін-кейпі туралы тебірене, толғана ойланудан көбіне суреткердің сол адамдар өмір сүрген қоғам туралы көзқарасы қалыптасады, нәтижесінде сол қоғамдық шындықты көркем жинақтау мақсатындағы творчестволық әрекеті басталып кетеді» деген болатын академик Зейнолла Қабдолов өзінің «Сөз өнері» монографиясында. Мәселен, өзіміз назар аударып отырған туындыда мынадай жолдар бар: «Есік көзінде қалғып-мүлгіп отырған күзетшілер орнынан сілкініп тұрысқан. Алшая қонған ақ орданың қаусырма есігі екі жаққа кеңінен ашылып, іштен ұлы қаһан шықты. Жібек шапанын желбегей жамылыпты. Аққұба жүзіне, келісті маңдайына күн сәулесі сырғанай түскен. Кіндік қаққан жез сақалын ойнама салқын самал сыпайы сауып тұрды.
              Аз қолмен шығып аң қағуға ынтасы ауған. Құс салып, құмай тазы жүгіртіп сергіп қайтпақ-ты. Ақ ордасынан адым оздырмай құйрық талдырыпты. Есігінен сығалап иіліп-бүгілген елшілер мен дәргейіне бас ұрған жұрттан қажып бітпеді ме?»
           Осы үзіндідегі қаһанның ойы, қаһанның тірлігі бүгінгі күні де таныс суреттердің бірі емес пе? Кейде шынымен тірліктің өзі жіп сияқты тізбектеліп жататын ұшы-қиыры жоқ нәрсе екенін сезініп, жаның түршігетіні де рас. Бұл - сонау Шыңғысханның заманынан жалғасып келе жатқан, әлі де жалғаса беретін шындық. Көріп отырғанымыздай, әдебиеттегі ең бастысы — адам тағдыры, сол кейіпкерді дүниеге әкелудегі жазушының күллі шығармашылық әрекетінің ой-қыры, қия-қалтарысы. 
           Белгілі бір дәуірлік шындықтан көркем шығарма туғызу үшін, бәрінен бұрын «шикізат» керек. Ал, «шикізатты» табудың суреткерлік тәсілі- сол дәуірдегі адам тағдырын қазу, қопару, «тірі құжаттарды» зерттеу. Бұл оңай емес. Әлдеқашан көшіп кеткен ауылдың жұртына кездескен жолаушыдай, көшкен жұрттың орнынан өзі де білмейтін нәрселерді іздейді, ошақта болмашы жылтыраған шоқты үрлейді. Әрине, ізденген жетер мұратқа. Өмірмен, адамдармен қоян-қолтық жұмыс істеген жағдайда ғана суреткердің шығармашылық қиялы қимылға көшеді, қозғалысқа түседі. Дәл осы арада әдебиеттің қозғаушы күші — адам тағдырының маңындағы авторлық айрықша әсем әрекетке, дәлірек айтқанда, әдебиеттегі адам бейнесін жасаудың шешуші шарты-ойдан шығару мәселесін де аттап өте алмаймыз. 
          «Ойдан шығару-образға барар жол. Суреткердің өмірде көрген-білгенін ойша өңдеудің, қорытудың, жинақтаудың тәсілі» деген академик Зейнолла Қабдоловқа тағы да ораламыз. Өйткені, ойдан шығару жоқ жерде әдебиеттегі адам туралы мүлде ұғым болуы мүмкін емес. Мәселен, Бальзак өзінің ойында пайда болған өз геройларымен кәдімгі тірі кісілермен сөйлескендей „құлшына кеңесіп отырып, тек солардың айтқанын ғана қағазға түсіреді„ екен.  Бұл арада тарихқа белгілі тұлға Шыңғыс ханның образын жасауда жазушы Рахымжан Отарбаев та сол кезеңді,  сол дәуірді әбден зерттеп, сол кезеңдегі әдеби, тарихи еңбектерге шұқшия үңіліп, ақыр аяғында өзі Шыңғыс ханның образына кіріп, сомдап шыққаны даусыз. 
           «Әдеби шығарма туралы әңгімені тақырыптан бастаған жөн» деген ұлы ұстаз, академик Зейнолла Қабдоловтың айтқанын есімізге ала отырып, «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаятының тақырыбына келсек, суреткер шығармаға тарихи тақырыпты, оның ішінде Шыңғыс ханның өмірін өзек етіп алған. Идеясы — адамгершілікті ту етіп, жас ұрпақты адалдыққа, парасаттылыққа баулу, мәңгіліктің тағындағы тұлғаларды танып, солардың өмірін ғибрат ету, содан сабақ алуға шақыру. 
         Сөзіміздің басында шығарманың прологының екі сөйлемнен ғана тұратынын айтып кеткен болатынбыз. Әрі қарай композициялық құрылысын талдайтын болсақ, сюжеттің басталуы, экспозициясын айтпай кете алмаймыз. Экспозицияның бір ерекшелігі — ол шығарманың сюжеттік желісіндегі тартысқа тікелей ықпал жасамайды, тек мезгіл мен мекенге мегзеу, дерек, дәйек ретінде ғана қалады. Осы тұрғыдан алғанда, біз зерттеу нысаны етіп алған «Шыңғыс занның көз жасы» хикаятында қаһанның аң аулауға шығуы-экспозиция. Өйткені, мұнда әдеби қаһармандардың өзара қарым-қатынасқа көшпес бұрынғы хал-жағдай, тіршілік, қоғамдық орта суреттелген. Болашақ қақтығыстар алаңы, оқиғалар орны  нақышталып отыр. 
           Сюжеттік байланыс, яғни, адамдар арасындағы әрекеттердің басы, тартыстың басталуы - аң аулауға шыққан қаһанның ту сыртынан найзағайдың ұруы, сөйтіп әлемді тітіренткен Шыңғыс ханның  төсекке таңылуы. Байланыс өте ұтымды, сәтті қиыстырылған. Автор бұл арада экспозициядағыдай ауызекі аңыздамайды, адамның жан дүниесін аша бейнелейді: «Қара бұлт өктемдік алыпты. Ақ бұлт есін жинай алмай шашырады. Төмендеп көшкен, жолын кесті. Шырқау биікке ұмтылған, төбесінен төнді. Алғаш алты кез найза ұстап атқа қонғаннан жебеп-желеген Көк Тәңірінің сыйына бір нәубеттің төнгенін ұлы қаһан анық сезді. Ала сап аспанға садағын кезеген. Қорамсақтағы жолбарыс жығар бір оқты таңдаған. Ауаны тіліп оқжыландай ысқырып ұшқан оқ қара бұлтқа қарай зымыраған. Жетпей жығылды. Алау-далау болған ақша бұлт аударылып-төңкерілді. Бетінде жазу тұрды. «Әлем әміршісі Шыңғыс хан!» Мұны кім өрнектеп жүр? Сол-ақ екен, құлақ кескен күркіл естіліп, найзағай ойнады. Күміс бұтақтар шашырай сынды. Жазуды талқандап салды. Ақша бұлт түйдек-түйдек боп пышырай қашқан. Ақбоз тұлпар қалш-қалш етіп қалтырап, қан сиіп жіберді. Бас берер емес. Қарақорымға маңдай түзеп иесін ала кеп қашқан. Ұзатпады. Қайта тірілген найзағайдың бір бұтағы ұлы қаһанды ту сырттан кеп ұрған. Көз алдына қызылды-жасылды сақиналар қаптап кеткені несі?»
           Сюжеттік даму адамдардың өзара қарым-қатынасынан, қимыл-қарекетінен туған түрліше жағдайларға, шиеленістерге байланысты. Шығарма фабуласы да бірінен-бірі туатын әр алуан ситуациядан, интригадан құралады. Біз талдап отырған шығармада шиеленіс: «Шыр айналған ақбоз тұлпардан ауып түскен. Тұла бойын жалын шарпып, күйіп жанып барады. Сексеуіл өртеп жатқан кімдер? Сөндір. Отты сөндір.
         Найзағай боп ұрған дерт ес жиғызар емес. Тілден дәрмен жоқ. Тілегі үзік-үзік. Тіні үзілмеген соңғана тірі жатыр...» Осындай ширыққан, шиыршық атқан серіппелі шиеленістер бір бәсеңдеместен барып, шарықтау шегіне жетеді. Қаһарынан бүкіл әлем қаймыққан қаһанның есеңгіреп жатқанда бүкіл өмірі көз алдынан сағым боп өтеді. Жетім қалған тауқыметті тағдыры, анасының өздерін қалай жетілдіргені  жетеді ең алдымен. Одан кейінгі естеліктерде рет-ретімен тағдырдан қағажу көргені, жеңілісі мен жеңісі, біреудің өзіне берген зобалаңы, өзінің басқаларға тарттырған азабы мен жасаған қиянаты, жақсылығы мен жамандығы таразының екі басына тартылғандай...
         Шарықтау шегі-сюжеттік дамудың ең жоғарғы сатысы дейтін болсақ, бұл шығармадағы адамдар арасындағы қимыл-әрекеттің мейлінше күшейіп, өрбіп жеткен жері — санадағы сарғайған көп елестің соңында анасының Онон өзенінің арғы жағында тұрып шақыруы,  әміршінің соған асығуы. «Мың құмырсқа мың тараптан өзіне қарай құжынап келе жатқаны несі?! Аулақ! Аулақ менен!» деген жолдар оқиғаның шарықтау шегіне жеткенін танытады. Әрі қарай Шыңғыс ханның дүниеден өткені жайлы хабардың жаушылар арқылы төрткүл дүниенің төрт бұрышына таралуы - шығарманың шешімі. 
     Шығарма екі ауыз эпилогпен аяқталады: «Тағы бір күн батты. Кімдерді мұңайтады екен?..»
Шындығында, жалған-дүние кімді көкке көтеріп, атақ-даңқ беріп қуантпады, кімді бір-ақ сәтте бәрінен жұрдай ғып, жоқ қылып жібермеді?! Зырлап жатқан уақыт тегершігін кері айналдыру еш пенденің қолынан келмесі анық. Асылы, пенде шіркін қаншама мықтымсынғанымен, уақыт өз дегенін жасайды емес пе? Шығарма осындай ойларға жетелейді. Ішкі монологқа құрылған хикаятта Шыңғысханның өз-өзімен жалғыз қалуы, өзіне өзі сыр ашуы, өзіне өзі есеп беруі, өз өкінішімен, өз мұңымен мәңгілікке бет алуы философиялық иірімдер арқылы берілген. Бұл жерде Шыңғысханның көз жасы – жалғанның тұрлаусыздығын жан-тәнімен сезінген барлық екі аяқты, саналы пенденің көз жасы. О баста көкірегіне арман, жүрегіне асқақ мұрат тұнған санасы сәулелі пенденің бәрі де өмірде биіктерге ұмтылады, сүрінеді, құлайды, түңіледі. Жалғанның екіжүзді, опасыз қалпын қапысыз танып түңіледі. Міне, осы бір психологиялық күйзеліс біз зерттеп отырған шығармады сәтті шешімін тапқан.
          Әдеби тілді қолдануда ажарлаудың, құбылту мен айшықтаудың орны орасан зор. Образды сөйлеу, тілді әсемдеу үшін айшықтау тәсілін, яғни, фигураны орнымен қолдана білген дұрыс. Фигураның түрлері көп, соның бірі-қайталау. «Ол - сөз әсерін күшейте отырып, оқырман назарын айрықша аударғысы келген нәрсені не құбылысты бірнеше мәрте қайталап, айтар ойды, ұқтырар сырды ұғымға мұқият сіңіре түсу» деген болатын академик Зейнолла Қабдолов. «Шыңғыс ханның көз жасы» туындысында Рахымжан Отарбаев айшықтаудың осы түрін сәтті қолданған. «Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді»  қаһанның сағымдай мың құбылып өте шыққан фәни-дүние мен бақидың ортасында жатқан шағында көз алдына елестеткен өткен жылдар елестері осылай басталады. Бұл жолдар - әдепкі қайталау, яки анафора. Үзік-үзік елес түрінде бере отырып, өткен дәуренге, жастық шаққа деген сағынышын, опа бермес жалғанға деген пенделік өкпесін, тұрлаусыз дүниеге деген мұңын танытады. Көшпелілердің дәурені жүріп, атқаны тиіп, айтқаны келіп тұрған жұлдызды шақпен қоштасуы ма екен әлде бұл? Аталған туынды - көшпенділердің салтанаты мен сәні, дүрия дәурені, жалған дүниеге көзқарасын қапысыз танытқан еңбек. Өйткені, құйрық-жалы таралған сәйгүліктің қадірін бір білсе, көшпенді қазақ білген! Осы жерде жазушы Шаңғыс қаһанның тегі қазақ екнін де жалпақ жаһанға жар салып танытқанын іштей түсінуге болады.
              «Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік» көңілдің көк дөнені, оның бас бермей «мың тарапқа ағызып бара жатуы» сынаптай сырғыған жылдар мен қанат тағып алып зулаған күндер. Тереңірек талдай түсер болсақ, құбылту \троп\, оның ішінде күрделі эпитет.  Аталмыш туындыда осы бір жарық дүниенің миллион бояуына, пырақтан да жүйрік уақыттың пендені көз ілестірмес шапшаңдықпен ала қашуына, бір сөзбен айтқанда өмір -дүрия дүние дүрмегіне қарама-қарсы тағы бір айшық бар. Ол: «Мың құмырсқа мың тараптан өзіне қарай құжынап келе жатқаны несі?! Аулақ! Аулақ менен!» деген риторикалық сауал. Оның жауабы да түсінікті. Мың тараптан құжынаған құмырсқадай боп келе жатқан -ажал. Жазушы өлім бейнесін метонимия түрінде келтіре отырып, оқырманның жан дүниесін шіміркендіре, түршіктіре түседі.
           «Жылнамашы түрік қайда жүр? Әлі де айтары көп. Аманаты аз емес» бұл да қайталау, оның ішінде әдепкі қайталау, анафора. Сонымен қатар кезекті қайталау үлгісі де кездеседі. «Осыдан оянып кетейін» эпифора, яғни, кезекті қайталау. 
            Оқиғаның басталуы да өте бір ерекше жағдайда өріс алған: «Күн де ұясынан шарасына сыймай балқып көтерілген. Шашырап жүрген шарбы бұлттар бауыры қан қызыл түске боянып көшті. Тау қуалап ескен жел де ішін тартып тынши қалды. Алыстан байғыз шақырды. Күн мен түнді алмастырып алған ба, атаңа нәлет!»  Сөзбен салынған сурет. Жазушының хас шеберлігі, қаламының киесі, сөзінің дуасы  айқын аңғарылады. Алда болайын деп тұрған тосын оқиғадан хабар бергендей. Қан қызыл түске боялған шарбы бұлттар, мезгілсіз шақырған байғыз-  күрделі эпитет, ал осы жолдар түгелімен психологиялық параллелизм.  Фигураның тағы бір түрі градация болса, жазушының бұл туындысы түгелімен айшықтаудың осы түріне жатады. Алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды, алдыңғы құбылыстан соңғы құбылысты асыра, асқақтата түседі жазушы. 
             Сонымен қатар, сөз орнын ауыстыру, инверсия да хикаятта көрініс тапқан. 
             «Жанында сыбырлап ертегі айтып отырған анасы қайда кеткен? Бәйтерек пен шыбық, тал...Дауыл мен құйын... мынау ертегі емес қой! Сана түкпірінде тағы да сан сурет алмасты. Кеудесі шоқ қарығандай удай ашыды. Бір түйіншек лықсып кеп жұтқыншағына қадалды. Кемсең қақты. 
              Бетін жуып кеткен не нәрсе? Түйіншегі түскір жас боп тарап жатыр екен ғой. Жасы несі? Жарты дүниені жаулаған ұлы қаһан жылаушы ма еді? Ішкі шері ағытылып кеткен-ау. Бой берер емес. Бетін күйдіріп барады. Кермек дәм аузына келді. Удай ащысын! Тіпті құлағына да құйылып жатыр ма? Әжім шатыраш сап ойнаған мәлике жүзіне ақ сортаң із салып қатып қалады-ау. Күн сәулесі де өшіп бара ма? Жан-жағынан жарқырап, алтын шуағымен аялап не түспейді осы? Ашыңдар жолымды! Жарылыңдар екіге! Мен кетіп бара жатқан жоқпын ба?»  Атағы жер жүзін сілкіндірген, қаһары жер басқан пендені түршіктірген Шыңғыс хан да барзақ дүниеге бет түзеді! 
             Ей, бейопа жалған! Кім бар мәңгіліктің тағында мызғымай қалар?! Жоқ қой, жоқ! Ажалды пенде қашан да болса ата-бабалар салған бақи көшіне бет түзер... Жазушы Шыңғысханды өзгеше қырынан танытып, өзгеше бір мәнерде нақыштапты.  Хикаяттың тілдік қоры, сөз байлығы туралы  зерттеулер әлі алда.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,

Республикалық «Сарайшық» әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналы