Жазушы Заря Жұманованың «Ақ босаға» атты әңгімесін оқығанда ауылдың жайбарақат тірлігі, ауыл адамдарының көл-көсір пейілі, аспанында ақша бұлт жүзген ауылдың ғажап табиғаты көз алдыңа келіп тұра қалады. Өзен жағалауында жалақ ойнап, күнге күйіп жүгірген қарадомалақтар, жүзін жел мен күн қақтаған қарапайым да дана шалдар, жерошақ маңында күйбеңдескен келін-кепшік пен немерелерін жанына ойнатып, өзі ұршық иіруге кіріскен, жүзін әжім өрнектеген әжелер сағындыратын сияқты. Қаланың күнді қуалап зыр жүгірген қым-қуыт тіршілігі, біреудің біреумен ісі жоқ, жүрегі де, өңі де суық адамдарынан мезі болған көңіл жан дүниеге жақын, көзге ыстық тірлікті көз алдына елестете отырып, қалай күрсінгенін де байқамай қалатындай. Көркем әдебиеттің құндылығы да осында болса керек. Адам жанына әсер етіп, жүрегін көзге көрінбейтін тірлікті әр тұсынан атылатын жебесінен емдейтін туындыны ғана құндылыққа балауға болар.
Біз әңгіме етіп отырған әңгіменің көтерген тақырыбы: отбасы мәселесі. Ене мен келін, әке мен бала, жас жұбайлардың махаббатына қамқорлық, туыстық сыйластық, кіші мен үлкен арасындағы бір-біріне деген құрмет. Иә, біз тек жасы үлкен кісіні ғана құрметтеу керек деп жиі қателесіп жатамыз. Егде тартқан қариялар өздерінен жасы кіші жастарды құрметтеуі де керек. Міне, сонда ған нағыз сыйластық басталады. Жастарға сыйластықты үлкендер үйретуі қажет. Ал, шығарманың идеясы өмірде ешқандай қиындық көрмеген, тәжірибесі жоқ жастарды тағдыр жолында кездесетін қиындықтарды төзімділікпен жеңе білуге, тағдыр талқысы мен теперіштеріне шыдамды болуға, мойымауға баулу. Әңгіменің экспозициясы қызық басталады. Жаңа түскен келін шыжыған шілдеде қайын атасына еріп пішен шабуға барады. Күні бойы табиғат аясында жұмыс жасап, кешке қарай есек арбаның арт жағында отырып, ойланып келе жатыр. Ауылға жақындаған кезде дәл ауыл жанынан өтетін темір жол бойымен поезд өткен. Сол-ақ екен жүрегін алапат бір сағыныш сезімі қаусырып, өткен күндер елесін көз алдына алып келгендей. «Мың сан дөңгелектері шойын жолды тарс-тарс тепкілей, тұсымыздан лезде жүйткіп өткен жүйрік пойыз көкжиекке сіңіп барады. Қыз бұрымы сияқты еркелей бұлғаңдап. Үн-түнсіз, көзбен ұзатып, ерекше бір қимастық сезіммен қалай терең күрсінгенімді аңғарғам жоқ. Еркімнен тыс. Шіркін, студент кезімізде өзіміз ен төстеп, еркін жайлаған жайлы вагондарда енді мүлде басқа біреулер ырғатылып-шайқатылып кетіп барады-ау!...» деген жолдардан кейіпкердің өткен күндерге деген сағынышы кеуденің сол жақ тұсын шымырлатып өткенін аңғаруға болар. Жат жұрттық болып жаратылып, өзге елге ұзатылған қыз мұңы бар бұл жерде... Сәйгүліктей жүйткіп өткен студенттік өмірге деген сағыныш та бар бұл жолдарда... Мұңсыз-қамсыз, ата-ана қанатының астында бейғам жүрген қыз-дәуренге деген қимастық та бар бұнда... «Адамдары дүркін-дүркін алмасып жатқан жолаушылар поезы мен дүрия-дүния арасында осыншама ұқсастық бар деп бұрын-соңды кім ойлаған?! ...Біреудің сапары-тым алыс, біреудің барар жері- ауыл-үй арасы...»... Жазушының философиялық толғанысы-терең, ой-иіріміне шым батып, оқырманды да сол ойға ұйытады. Одан әрі ауылдың тіршілік-тынысы, қат-қабат күйбең тірлік суреттелген. Балық аулап келе жатырған ауыл қарадомалақтарының әңгімесі, ауыл адамдарының шаң-шұң дауыстары мен мөңіреген сиыр, маңыраған қой бәрі де жанға жылу құятын жүрекке таныс дүниелер. Оқыған адамның жүрегін баурап алып, әрі қарай жетелей түскендей.
Әңгіме сюжеті қиыннан қиюластырып, шебер құрылған. Экспозицияда, яғни, шығарманың кіріспесінде суреттелетін есек арбадағы келін мен есек жетектеген қайын ата арасындағы ерекше сыйластық сезімі де - көп оқырманға үлгі болатын жәйт. Жазушының тілі орамды, сөздік қоры бай. Ал, әрі қарай, әңгіме арасындағы сюжеттік байланыс та сәтті шыққан. Қазақстанның батысында өскен қыз Арал өңіріне келін боп түседі. Бұл жердің ұстанған салты мүлде өзгеше. Туғалы тумысында ондай дәстүрлерді кітаптан оқығаны болмаса, көзбен көрмеген Шынар енді самауыр жанында шәй құйып, қонағы арылмайтын үлкен үйдің тауқыметін арқалап жүр. Оңай емес, әрине! Жаңа түскен келінге сын көзбен қарайтын кемпір-шалдардың бейнесі де шыншылдықпен өрілген. «...Таңның атысы, күннің батысы келген-кеткенге дастархан жайып, шәй қайнатып жүрген маған да, күні бойы гүжілдеп шоғы сөнбейтін байғұс самауырға да бір тыным жоқ...» осы жолдардан-ақ қазақтың келін қолынан шәй ішу салты көрініп тұр. «Жапондардың «шәй құю рәсімі» бұның жанында әдірә қалсын! Сыйлы меймандардың кеселерін шатастыруға болмайды. Шәйді баппен, сұйылтпай, лақылдатпай, шүпілдетпей құюым керек. Нұсқау солай. Бар ынта – ықыласыммен тырысамын. Тамақ жеу түгілі, жөндеп шәй ішуге мұршам жоқ. Шоқша сақал шалдардан гөрі кербез кемпірлер кінәмшілдеу: «Келін, шәйіңді сұйықтау құйшы, қоюлау екен», «Айналайын, самауырдың шоғы басылып қалған ба, қалай?» Сүйейсалды сын-ескерпелерсіз ішкен-жегендері бойына сіңбейді-ау, сірә. Қызылды – жасылды құрақ көрпелер үстіне қаздай тізілген қонақтардың тегіс бабын табу оңай емес» деп келінге қойылатын талаптың өте күрделі тіпті қиындау екенін жеріне жеткізе суреттеген. Сол міндет үдесінен шығу үшін тырысып, келген жеріне тастай батып, судай сіңіп кету – қазақтың қызына қоятын ең жоғары шарты, артатын сенімі. Келін шәйін ішуге келген кемпір-шалдардың немерелерін жанына ертіп жүретіндігі де көңілге шуақ құяды. Әр адам балалық шаққа қайта оралып, ата мен әженің ортасында еркелеп, құлдыраңдаған құлын кезін сағынады. «Құдай-ау, үлкен кісілер жанына бала ертпесе жүре алмай ма екен?! Қастарында - бір-бір қара домалақ. Тершіген тәмпіш танауларын қорс-қорс тартып қойып, олар да шәйшіл-ақ»,- міне, қазақтың қанына сіңген ата салты тұтасымен көрініс тапқан. «Бәрінің үстінде етек-жеңі зерленген түрлі – түсті масаты қамзол. Тәуір матадан мол ғып тігілген, етегі көлдей көйлек. Киімдері өздеріне сондай жарасымды. Терең әжім шимайлаған жазық маңдайларын бастыра ораған ақ жаулықтары қырау шалған самайларын жасырып, ажарына ажар қосатын сияқты. Құлақтағы ай сырғаларына дейін салмақты. Кесе ұсынған қолдарындағы құстұмсық күміс жүзіктері де қомақты. Шытырман өрнектерінің ізі көше бастаған білезіктері көне жәдігерлер екенін жазбай танисыз. Дұшпанкөз тәуірінің бәрін үстіне жапсырған кемпірлерді тура осы қалпында кез-келген көркем фильмге ұялмай түсіруге болар еді» деп кимешек, жаулық орап, қамзол мен етегі кең, бүрмелі көйлек киген кемпірлердің портретін айнытпай түсіреді. Өзі келін боп түскен үй, қайнаға, абысындары туралы жазғандары жып-жылы сезіммен жанды тербейді. Өзінен екі- үш жас қана үлкен абысынын атымен атауға болмайды, қайнысы мен қайын сіңлілеріне де ат қоюы керек екен. Келіннің мойнындағы міндет қиын, жүк ауыр. Қонақтардан кейін қалатын тау боп үйілген ыдыстарды түннің бір уағына дейін жуу керек, үйдегі үлкен-кішінің бабын табуы қажет. Сонда осыншама тауқыметті тірлік, күн сайын қайталанатын бір сарынды жұмыстар оларды мезі етпейді ме деп те ойлайды өз ойымен алыса жүріп. Апасының көзі ұйқыға кеткенше бала-шаға, ағайын, көрші-көлемнің амандығын тілейтін дұғасына іштей күлетін ол келін боп түскелі етегінен ұстаған жарының, келін боп түскен ақ босағасы мен төркін жұртының амандығын тілейтін болған. Осының бәрі өте нанымды, шебер суреттелген. Ұлттың тәрбиешісі – ана дейтін болсақ, сол ананың өсу, есею жолы оңай емес екен. Соны аңғартады. Қазақы салт-дәстүрді қаймағын бұзбай мөлдірете бейнелейді. Сексеуілді жара алмай әлектенген жас келіннің есегін байлап жатқан атасын байқамай, жанына жақындағанда ғана көріп, имене сәлем салуы, қайын атаның қысық көздерінен мейірім төгіп: «бақытты бол, қарағым!» деуі де жүректің қылын қозғап, сезім пернесін тербеп кетеді. Әке ескерпесін екі етпеген ұл, тума-туыс қамын ойлаған әке бейнесі шеберлікпен сомдалған. Қос ұлы мен қосағынан айырылған қарындасына ержетіп қалған ұлын берген ағаның жанашырлық келбеті оқырманның көз алдында биіктейді. Ет бауыр баласын ет жақынына берген ата-ананың жағдайын айтсаңызшы! Туыстың көңіліне келіп қалар деп, еміреніп сүйіп, еркелете алмаудың өзі қандай қиын! Біздің қазақтан басқа халықта ондай әдет, салт жоқ шығар!
Бұл әңгімедегі сюжеттік байланыс – жаңа түскен жас келін Шынардың әке үйінен ұзатылып, жат жұртқа келін болып түсуі. Жас келіннің шәйін ішуге жиналған ауылдың үлкен-кішісі, олардың әңгімелері. Әңгіме Шынардың ішкі монологы түрінде жазылған. Өзіне бейтаныс ортаға сіңіп кете алмай қиналған жас адамның өмірге бейімделуі, оған бұл үшін көмекке келген ата-ене, абысын-ажынның жанашырлығы шынайы көмкерілген. Иә, жас келінге оңай емес, күні кеше әке үйінде бұлғақтап жүрген ерке арудың бейтаныс ортаға барып, адамдардың қасы мен қабағына қарап жүруінің өзі тектілікті, тәрбиелілік пен әдепті аңғартады емес пе? Бір үйлі жаннан жалғыз өзі қалған қайын атасының апасы, күйеуінің өгей анасына деген ілтипаты мен мейірімі жан дүниені қозғап, көз жасына да ерік бергізеді. Көркем туындының құдіреттілігі де сонда. Осы бір деталь арқылы адамдар жанының ішкі иірімін керемет шеберлікпен нақыштайды. Академик Зейнолла Қабдолов айтқандай, өмір шындығына «жазушының қиялдан шығару қабілеті» қосылғанда үлкен дүниені өмірге келтіретіні кәміл. Жазушының ойы мен қиялы ұшқыр болғанда ғана адам жанының тереңіне бойлай алатыны анық. Әңгіме шиеленісіндегі жесір қалған қарындасына ержеткен ұлын беретін әкенің салмақты сөзі - өте бір жүректі тебірентетін тұс. Ал, шығарманың шешімі жастардың үлкен өмірге қадам басуы, әкенің шығарған шешімі. Бұл туынды қазақ халқының салт-дәстүрі мен тыныс-тіршілігіне адалдықты уағыздайды. Жас ұрпақты ата-баба салған жолмен жүруге үндейді. Ұлтқа тән құндылықты ұмытпағанда ғана жаһанданудың құрдымына жұтылып кетпесіміз ақиқат. Сондықтан, «Ақ босағаны» оқып, ойланған жөн, ағайын! Шығарманың тілі шұрайлы, сирек кездесетін архаизмдерге де орын берілген. Қариялардың сөйлеу мәнері, жергілікті жердің диалектикасы да ескерілген. Бір сөзбен айтқанда, ойлануға жетелейтін дүние екені даусыз.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
Республикалық «Сарайшық» әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналы