Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

БАЛАПАН Даража НӘБИҚЫЗЫ: «АЙСЫЗ ТҮНГІ «ҚҰС ЖОЛЫ» (назым-дастан)

Дін де, ғылым да, 
әулиелік те қазақтың тілінде тұр.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.

  «Құмай-порам,
            Ақ некемнің асыл тіні үзілген,
            Қапияда,
            Ғайып болдың, перзент ермей ізіңнен». 
(әке толқынысы - Автор).

  Жан-жүйеңді түлетіп ұлпа-тозың,
Күй қалдырдың, «Бекзаттым», «Арда бозым».
«Құс жолы» іліп алып жер-кіндіктен,
            Сүтке ұйытып қойды ма, айда бозым?...
(ана толқынысы - Автор).

...Ұябай Көкілташ1 медресесін бітіргеннен кейін, Хиуада мектеп ашып, бала оқытумен айналысты. Оған қоса, Шымбай қаласы мен оның маңындағы ауылдарды мекен еткен  қандастарына қамқор болмақ оймен, сол жақта төрт-бес жылдай тұрып қалуына тура келді.
Алайда, Ырғыз өңіріндегі Шөмекейлер елінде оның айттырып қойған Қымбат атты қалыңдығы бар еді. Кәмелет жасынан асқаннан кейін ғана қалыңдығына ұрын2 баруға рұқсат етіліп, соңғы екі жылда екі рет келіп қайтқан Ұябай, бұл жолы достарымен бірге қайынжұртының қырдағы жайлауына үшінші рет келе жатыр.   
Ол алдымен жайлауда отырған әкесі Ақжанға сәлем беріп, бір-екі күн демалған соң, сапарын одан әрі жалғастырды. Арқаның әйгілі Ағыбайы, Әлімнің Қарамашағынан (лақап аты Төртқара – Автор) шыққан Сапақ Сартұлының Аманжолы, Ақжанның Ұябайы бастаған ақын, жыршы, күйші, басқа да өнерлі жастардан құралған топтың көңілдері көтеріңкі. Бірақ, олардың ешқайсысы бұл сапардың қазақ тарихына тамаша тұнба қалдырар, кездесу мен қоштасу, қуаныш пен қайғы, от-жалын мен ызғар қатарласа жалғасқан ерекше сапар болатынын түйсінген де жоқ.
Ұябай қалыңдыққа келе жатқан осы  сапарында жал құмдар, биік төбелер мен ну сексеуілді орманды алқаптардан өтіп, кезінде Үш жүздің би-бектері жиналып сантүрлі шашақты тулар тігілген, кеңес өткізіп Үш жүздің ұрпағына бәтуа қалдырған, бірліктің бастауы болған киелі Құлжұмыр-Қасқатөбенің3, Қараүңгір-Тұздақ4 пен Жаршағылдың5 тарихын айтып, жоңғарлармен соғыста қан төккен  батырлар рухтарына құран бағыштап, әзіл-оспақ айтып, көңілді келеді.

Көкілташ сусындатқан бала қыран,
Ұстаздың өткен әділ сарабынан,
Тектілігі танылған Ұябайдың,
От ұшқындап тұратын жанарынан.
Хиуадан үй салдырып, мектеп ашты,
Әкенің қолдау көріп жанабынан.
Атанып хандықтарда Шаhин6 мырза,
Табылған зиялылар қатарынан.
Әкесі – Айнықтағы7 әулие Ақжан,
Мыңдап жылқы айдатып, қыдыр қонған.
Жоқ-жұқаның панасы абыз жанның, 
Қазанына құт орнап, ырыс толған.
Тәңірінің таңдауы себеп болып,
Құманында қара су ұйып қалған.
Жалбағай-Сарықызы8 серік болып,
Аян келіп, тылсымнан хабар алған.
Тұстасы – Алтындағы9 Мұрат бақсы,
Ұстаз-молда Ақ ишан10 мойындаған.
Кешегі батырлардың ел қорғаған,
Ұрпақтарын жидырып жатта қалған,
Қызылқұм, Тамдыдағы11 қыстауына,
Тобымен көшірген-ді  Тораңғылдан12.
Қазақ үшін қан төгіп, жанын қиған,
Ерлеріне ас берген, тілеп иман.
Жанқожадай13 асылға әр намазда,
Алладан жәннат сұрап, дұға қылған.
Ер Дабыл14  – жақын туыс ағасы еді,
Айнықтан нар қылыш пен кісе15 қалған.
Мәрт мерген Шағырай16 батыр аталасы,
Жоңғар ыққан қатулы қаhарынан.
Халық үшін түн қатып, аттан түспей,
Дария кешіп, алпауыт құмды жарған.
Кәдір, Сәдір17  – қос батыр ағалары,
Жетімдерді тапсырған жатта қалған.
Орындап сол ерлердің аманатын,
Енші берген бәріне бөліп малдан.
Бата алып, кейбір туыс қоныс тапты,
Бируний, Қызылқала, Бибазардан18,
«Қалыңбас»19 болысында «Қуаң» жайлап,
Өрістері Абыла, Дәуқарадан20.
Парызынан Ақжан бай мойны босап,
Өз қонысын аударды, өтіп Сырдан.
Соңғы қыстау-мекені – Ақжантөбе21, 
Дараланған биік жер Қазалыдан.
Жылқылары жайылып, құлындайтын,
Бетпаққа  тірелетін Қаражалдан22.
Жаз жайлауы – Құлжұмыр-Қасқатөбе,  
Ту тігіліп, Үш жүзден бата қалған.
Мамырлатып мың сан мал өргізетін,
Жалын жайып Баршақұм23 құба жоннан.
Жыл-жарым Қараүңгір мен Тұздағына,
Арқадан ат арылтып Кене24  қонған.
Ырғыздың қасындағы Жайсаңбайға25,
Хиуадан ұста алдырып көрік ашқан.
Кіре тартқан керуен тыныстайтын,
Құдық қазып Тәуіптен 26 , жатақ салған.
Іргелі ел, бақ-дәулетті Шөмекеймен27,
Жайлауға бірге қонып, өріс қосқан.
Текті елден тамыр тартып ұрпағына,
Ахиреттік дос болып, төс қағысқан.
Айбаста28  Құлымбайдың кенже қызын
Бесігінен айттырып құда болған.
          Құлымбай – белгілі би Шөмекейде,
Татымды билік айтып, бақ қараған.
Сыйластығы жарасып Ақжанменен,
Кеңесіп, қымыз ішкен тоқ сабадан.
Қымбат пен Ұябайдай перзенттерін,
Бір-біріне лайық тең санаған.
Жылдар өтіп арада, мезгіл жетіп,
Ұрын сұрап, Ұябай рұқсат алған.
Қазақтың мырзасына көзін салған, 
Талай ару үмітін етіп арман,
Ақжанның Ұябайы қалыңдыққа,
Дария өтіп келген-ді Хиуадан.
Қымбаты да бір елдің ардақтысы,
Ескіше сауат ашып, білім алған.
Ақыл-ой, парасаты сәйкесетін,
Бастауын алғандай-ақ бір арнадан.
Ұрын келіп алғашқы кездескенде-ақ,
Жүректерде ғашықтық оты жанған.

    ... Қымбат сұлудың төркінжұрты үшінші рет ұрын келген Ұябайды бір топ сері жігіттерімен «қалыңдық ойнау» 29 салтына арнап Құлымбай би Көк көлдің30 жағасына тіктірген «жігітотауда»31 барлық дәстүрлі салтанатымен қарсы алды. Олардан бөлек тігілген «қызотауда»32 ұйымдастырылмақ «бастаңғыға»33 ат аяғы жетер алыс-жақын ауылдардан сауықшыл жастар, ақын-сері қыз-жігіттер келіп, олар бір ай уақыт ойын-сауыққа кенелді. 
Қалыңдығына  барар әр сапарда Ұябай жылқышыларына әкесі Ақжанның жылқыларынан  үйірлеп  айдатып, өзін отауында күтетін Қымбатты алдынан алып шығып әдейі көрсеткен жеңгелеріне, алтыбақан құрып, өздерін күткен қыз-бозбаланың  бас-басына бір жылқыдан таратып, сахи күйеу бала атанған. Бұл жолы да сол әдетінен айныған жоқ. Мұндай өте көңілді сәттерді айында-жылында бір-екі рет қана бастарынан өткізетін болғандықтан, жастар жағы бұл күндерінің қалай тез өткендерін байқамай қалды. Ақындар айтысып, күйшілер күй тартысып, әзіл-қалжың айтылып, күнде түн ортасына дейін ақсүйек ойнап, алтыбақан тебуге шыққан олар, оңаша сырласып, мәз-майрам болысты. 
Сүмбіле34 туатын мезгілдің жақындағанын жастар үлкендердің жабағы-тайларды айырып таңбалау, буындары бекіп марқайған төлдерді қырқу, күйек алу сияқты күзгі науқандардың дайындық жұмыстарын ойластыра бастағанда ғана сезіп, Арқадан келген қыз-жігіттер елдеріне қайту қамына кірісті. Ұябайлар да Сыр бойына аттанбақшы болып, жолға жинала бастады.

Бір елдің арқалаған аманатын,
Мырзаны сұлу Сырға апаратын,
Сапар тартып жатты алда дала жолы.
Аттандырып қайынжұрт қонақтарын,
Қош айтысты Ырғыздың жота-жоны.
          Жазыларын35 киінді түйе-керуен,
          Артқа тастап күндерді қызық толы.
          Қонақ күткен қайынжұрт  Орға36 қарай,
          Бағыт алды, дайын болып көштің қомы.
          Нар өркешке теңделген наруандар 37,
          Бұйда тізіп ілбитін көштің соңы.
                  
Дәл елге аттанар күні Ұябай мырзаға кенеттен шаншу қадалып, қайта-қайта демі бөлініп, қатты ауырды. Ұябай бабына келтіре күй тартып отырғанда, Жемнен келген бір көзі көк, екінші көзі соқыр жігіт ағасының сұқтана қарап, таңдана таңдай қағып тұрғанын көргендер, сол «Көк-шегірдің» көзі  тигенін сезіп, көзіқарақтылар кетіп қалған оны қайта алдырып, ем жасатты.

Соңғы күн тұншықтырып от сезімді,
Зипа тәні Мырзаның дерт сезінді.
Сұғынан сезіктенген құрдастары,
Тауып әкеп, түкіртті Көк-шегірді 38,
Сол сәтте жанарынан от ұшқындап,  
Қырандай жемтік ілген бір сілкінді.
Бекзадаға сүйеу боп, күтім жасап,
Жігіттер отау жықпай, көш іркілді.

Ұябай дертін білдірмей, тәуір болғандай сыңай танытқанымен, жаны жаралы болатын. Еліне аттанар алдындағы соңғы түнді Ұлы даланың аспаны астында аяулысы Қымбатпен бірге өткізді. Табиғаттың сол түнгі перзенттеріне сыйлаған кереметі де ерекше еді. Алланың сыйындай болған сол түн бұл екеуін мәңгілікке қоштастыратынын ешкім сезген жоқ.

Соңғы түнді Тәңірім жәннат қылды,
Ғажап күйге ендіріп қырат-қырды.
Көбесінен сөгіліп тамаша түн,
Таразының самалы 39 таң аттырды.
Жұлдыз тарап, шығыстан Шолпан40 ару
Ғашықтарды қия алмай, қарап тұрды.
Мөлдіреген таңғы шық тамшы бермей,
Боз даланың бауырын шылап тұрды.
Тіршілік тұнығы мен пәк сезімді,
Жаратқан шеберлікпен астастырды.
Ғашықтардың от демін алау етіп,
Ауа-желек үп желді ықтаттырды. 
Перзенттерін аялап туған дала,  
          Сұлу мезет сән беріп қоштастырды.

Махаббаттың қайталанбас сәтінің от-жалынына оранған күйі Қымбат сұлу да жан дүниесінен тоғытылған ой толқына ерік беріп, тағдырына  разы жандай,  сүйгеніне сездірмей өлеңдете берген:

Тұсауы ағытылып көк пен жердің, 
Демін жұтты күн нұры өбкен желдің.
Түнімен қорғап тұрған періштелер,
Көтерілді көгіне жеті белдің. 
Тәңірім тарту еткен бұл ғажап түн –
Қайталанбас дәурені абзал ердің.
Сезе тұра салқынын дүлей-кердің41,
Төзіміңді сынатып, түлей бердің.    
Жал-құйрығын төгілтіп, ғайып болған,
Дүлдүлі ме ең, дариға-ай,  Әли-Шердің42 ?!
Иесі – Сіз, киесі – Ғайып-ерен 43, 
Анамның аманаты – белбеу-зердің 44.

Екеуі түнді бірге өткізіп, күн шыға қайтып оралғанда, Қымбат сұлудың үлкен жеңгесі жігітотаудың түндігін ашып жатыр еді. Ұябай сабырлы қалыппен қасына келіп өтініш айтты. Өтінішіне арқау болған ой – аяулысы Қымбаттың өзі Хиуадан дайындатып әкелген қалыңдық киімін кигенін, ақ торғын желекті сәукелесін басына қондырғанын, әшекей-бұйымдарын тағынғанын, қалыңдық бейнесін көріп, онымен салтанатты түрде қоштасқысы келгендігі болатын. Ой жетегіндегі Ұябай  өтінішін былай деп білдірді, әрі олармен қоштасқан сыңай танытты. 

– «Жолын беріп, жеткізсе Ұлы далам,
Төрт күн жүрсем, жеңеше,елге барам. 
Рұқсат етсеңіздер, бүгін сәске,
Қайынжұртпен қоштасып, атқа қонам.
«Жалбағай-Сарықыздан»  маза кетіп,
Шырақ жақты түсімде әзиз анам. 

Әз аға, ізетті іні, құрбы-құрдас,
Араласып ай бойы, болдық сыйлас.
Кезекпен түндік ашқан жеңгелердің,
Көрдім асыл әдебін, пұлға қимас. 

Атақазық басына ат байлатқан,
Жаяулатып күйеуді, «жан қинатқан»,
Бас жеңгеме бас ием айбаты зор,
«Пірлі айымдай»45 өзіне күйді арнатқан. 
«Үрлі айымды»46 арнаймын жас жеңгеме, 
Үр қызы - аруыма шаш сипатқан47.
Барлық жеңге жайдары, жаны жайсаң
Кәделеп сыбағалы асты тартқан.
Құрметіңе ризамын текті жұртым,
Құт дарыған шұрайлы белде жатқан.
«Ғапу ет» деп сұраймын бәріңізден,
Артық-кем қате кетсе біздің жақтан.
Көріскеше күн жақсы дидарласып,  
Аман-саулық тілеймін жаппар хақтан.
Қоштасарда жеңеше, қалауым бар,
Қабыл алып, келіссе перизаттан.
Ат үстінен ұзатсын бекзадасын,
Сапарында қайтатын «Иран-бақтан»48.
Жады жаттап, көңіліне медеу етер,
Ғұмырым айналғанда жұлдызға аққан. 
Қалыңдық киімдерін кидіргейсіз,
Ұнатқанын жарасып, жанға жаққан.
Сәукелесін қондырып, сәндегейсіз,
Төбетейін шештіріп үкі таққан.
Шекелігін49  қадасын сол жағына,
Өзіне арнап соқтырған зүбаржаттан50.
Арманыма айналмай, көрсем деймін,
Бекзат бейне, дидарын желек жапқан» ...

Қымбат келісім берген соң, Ұябайдың өтінішін қабыл алған жеңгелері оған күйеужігіт арнайы Хиуадан тіккізіп әкелген қосетек патсайы көйлегін, күміс қапсырмалы дүрия камзолын, зүбәржат шекелік қадаған ақ-торғын желекті сәукелесін, тұмсығы мен сірісі күміспен жиектелген көксауыр кебісін кигізіп, асылтасты күміс дегмент белбеуін қынай будырып, жүзік, сырға әшекейін таққызып, бар салтанатымен қоштастырмақ болды. Солай жасандырып, ұзамай қалыңдықты отауынан алып шықты.
Салт бойынша, ұзатылатын қыздың қасындағы құрбыларына ақ жібекке байлап үкі таратылатын. Бұл – қыздардың үкіленген дәуірінің салтанатын білдіретін. Бас жеңгесі қалыңдықтың алдында, өзге жеңгелері мен үкілі қыздар қапталында келе жатқан Қымбат күйеу жігітке арнап тігілген отауға беталғанда, Ұябай серіктерімен ат үстінде тұр еді. 
Оларға жақын тұрған кестелі тақия киген бозбалалар қалыңдық тобын қарсы алып, аттылар тобына жақындатты. Осы сәтте, үстіндегі иесінің көңіл-күйін жазбай сезетін Сүлікқара51 тыпырши бастады. Киелі жануар мығым сирақты түрікпеннің теке-жәумітінің тұқымы болатын. Ол үсті-үстіне  жер тарпып, қалыңдықтың тобына қарай құлағын қайшылай түсіп, оқыранып қойды.

Майда қоңыр жел соғып шығыс жақтан,
Ылғал дегдіп, босатты жерді жапқан.
Бекзада қалыңдықпен қоштасарда,
Сезілді ана мейірім табиғаттан. 
Арнап тіккен отауға ту52 байлатып,
Серілер сап түзеді оң қанаттан.
Қонаққа қызмет етіп, аттандыру –
Қалыптасқан қағида ата салттан.
Ерттетіп келтірді сол қанаттан, 
Тұлпарларды туылған қазанаттан.
Тізгінді ұстап жігіттер атқа қонды,
          Бозбалалар  көлденең алға тартқан.
Мырзаның ерекше еді ат үстінде, 
Түр-тұлғасы, жанары жалын атқан.
Мәрт бейне білдірмеді сұм шаншуды,
Жауырыннан қадалып жанға батқан.
Иесінің көңілін жазбай танып,
Сүлігі жер тарпиды оза топтан. 
Жүрек сыздап, сезгенде ақырғы істі,
Сығымдады қамшысын күміс саптан ...

Қалыңдық киімін киген Қымбат бейнесі ерекше сұлу еді. Жеңгелері оны  ат үстінде тұрған Ұябаймен қоштастыру үшін, атының қамшылар жағындағы үзеңгі тұсына әкеліп тоқтатты. Осы сәтте түндігі ашық тұрған қалыңдық отауының шаңырағынан екі ақсарыбас үйрек ұшып шығып, үйді екі айналды да, қанаттарын жаза, шығысты бетке алып көзден ғайып болды. 
Ұябай оларды жанарымен ұзатты. Кеудесінен ұшқан өзінің қиял-қанаты сол  «ақ-сарыбас» үйректермен ілесе, мәңгіге ұшып бара жатқандай, жүрегі шымырлап кетті. Олардың мойын  толғағаны зерек жанға ақырғы істі ұғындырып кетсе де, ол сыр бермеді. Қалыңдығына сүйсіне қарап тұра берді. Өзі соқтырып сыйға тартқан сәукеленің сол жағына қадаған зүбаржат шекелігі, аш белін қынай буған дегмент белдігі Қымбат сұлуға жарасып-ақ тұр.

Жеңгелер зипуынға53  үкі байлап,
Қыздардың сыйын берді күткен айлап.
Қалыңдықты отаудан алып шығып,
Мырзалардың тобына жүрді жайлап.
Сүлікқара - тұлпары көзі жайнап,
Ауыздығын тұр еді қарпи шайнап.
Шаңырақтан сол сәтте ұшып кетті,
«Ақсарыбас қос үйрек» мойын толғап.
Жүрегін шымырлатып бекзаданың, 
Суық ағыс барады тамыр бойлап.
Сезімнің сездіргені-ау, үзілерін,
Тіке тіннің тектіні тұрған жалғап.
Келбеті шырай берді сабыр сақтап,
Асыл ер, күйдірсе де жанын аптап. 
Қалыңдығын келтірді бас жеңгесі,
Салтанатын асырып, сәндеп-баптап.
Бекзада кезек алды қоштасуға, 
Кептелген көмейдегі сөзін саптап:
           - «Асқарына қондырған көңіл-патша,
Көріскенше күн жақсы, Қымбат ханша.
Киелі мекеніңнен кетіп барам,
Шуағына шомылған күн батқанша.
Алтыбақан тербетіп, сыр айтыстық,
Тәтті түндер өткізіп таң атқанша.
Биік өре, сымбатың,текті қылық,
Көкейімде сақтаулы жазған хатша.
«Аман ет»,- деп тілеймін бір Алладан, 
Шамшырағым, кеудемнен жан шыққанша.
Дөдегенің54 астына қойып кеттім, 
Мүшкілән,55  жұпар қалта һәм назымша56,
Меңзеген ойым мәнді, сөзі арабша.
Сағынғанда оқырсың көңіл бөліп,
Жүрегімнен жұлынған ол парақша!
Кідіруге мұрсам жоқ, сапар алыс,
Рұқсат бер, жүруге Қымбат ханша»... 

Ат үстіндегі сәл үнсіздіктен соң, Ұябай қолына бүктей ұстап тұрған күміс сапты қамшысын жерге тастай салып:
– Қымбатжан, қамшымды алып берші, – деді. Сәукеледегі шекелігі өзімен бірге иілген қыз, сыпайы қимылмен күміссапты қамшыны жерден іліп алып, оны ат үстінде отырған Ұябайға ұсынды. Ұябай сәл езу тартқан күйі, жүзін қалыңдығына бір, қасында үзеңгі қағыстырып тұрған Аманжолға бір бұрып: «Біздің елде Гүлстан деген бар еді. Өзін соған ұқсатып тұрғанымды қарашы»,- деді. Сонан соң сыр білдірмей, барлығымен қоштаса бастады. Ұябай соңғы түнгі серуенге шығар алдында Қымбат отауының үзігіне жапсыра тігілген дөдегенің астына мүшкілан салынған жұпар қалта мен қалыңдығына арнап өлеңмен арабша жазылған хат қойып кеткен еді.    

Қондырып домбыраға көңіл сазын,
Күй тартып  ақырғы рет «Арда бозым»57,
Қоштасты қалыңдықпен сері Ұябай,
Арасы ат үстінен құлаш созым.
Тарихқа еншілетіп бара жатыр,
Көккөлді, Ырғыздағы жайлау-жазын.
Ерік бермей жанары қадалады,
Еселетіп лүпілін, ерке - назын.
Сыпайы жерге қарай лақтырады,
Жұмыр өрім, таспалы қамшы сабын. 
Тәнін шарпып барады қалыңдықтың, 
Көзінен ұшқындаған отты жалын.
«Қамшымды алып берші»,- деп өтінді,
Бір керіп маңдайдағы қасын қалың.
Жаны бір иесімен Сүлікқара,
Қүдірейтті жарықтық, жібек жалын,
Тұяғы тыныш таппай, тірсек қағып,
Құйрығы күлтелейді мінер жағын.
Шедірейген танауы желді желпіп,
Тікелей қайшылайды сақ құлағын.
Қалыңдығы баппенен алға жүрді,
Сүліктің оң жамбастан алып ығын.
Ұсынды мырзасына әдеппенен,
Көтеріп қамшысының күміс сабын.
Әркім-ақ білгенінше баға беріп,
Тартып тұр таразыға қыздың бағын.
Қалыңдығы сымбатты, сұлу келбет,
Жинақы, қаршығадай тұрқы шағын.
Мойылдай мөлдіреген қарашығы,
Қоныпты нұрландыра көздің ағын.
Жүріс-тұрыс, қылығы танытады,
Жаратылған болмысын, дегдар-затын.
Көргені көп, келісті ханым болар,
Ардақтап шығаратын ердің атын.
Қалыңдық киімдері, тіпті ерекше,
Ажар беріп ашып тұр түр-cипатын.
Алтын тәж, ақ торғынды желегі бар,
Сәукелесі көрген жан тамсанатын.
Дегмент58 белдік буыпты жақұт салған,
Сән беріп, аш беліне жарасатын. 
Дүрия камзол, қос етек шәйі көйлек,
Шебердің білдіргендей өлшем-парқын.
Қос білезік сомдалған, шын ұстаның,
Қөрігінде маздаған шоқтан жалқын.
Шекелік, жүзік, сырға, қарсы-ілгегі, 
Мәдемі59 жалатылған қоңыр алтын.
Көксауырдан тіктіріп, күмістеген,
Кебісінің тұмсығын, өкше сыртын.
Салтанаты жарасып бір басына, 
Камшысын алып берді мырзасына.
Қоштасуға жиналған дүйім жұртын
Сүйсінтіп тәрбие мен ибасына.
Бекзада қамшыны алып ат үстінен,
Ілдірді бүлдіргісін60 қол басына.
«Гүлстанға ұқсатып тұрмын»,- деді, 
Қатар тұрған өзімен құрдасына.
Үзеңгіні бос тастап тақым қақты,
Емеурінін білдіріп жолбасына.  
Туған елге бет алды тобыменен,
Көңілі толып бір қарап қимасына ...

Ұябайдың Қымбатқа «Сені Гүлстанға ұқсатып тұрмын» деуінің өзіндік сыры бар-тын. Гүлстан Ақжан байдың қызметшісінің әйелі болатын. Оның шын аты Хұршида және тәжіктің белгілі бегінің әлпештеп өсірген жалғыз қызы еді.  Жаугершілік кезінде қолға түскен Хұршида серіппелі сылқым денесін ұршықша айналдырып билегенде, ауылдың жастары тәнті болып, оны үнемі бастаңғыға, ойын-сауыққа сұрап алып кетеді екен. Сол ауылдағы кестелі орамалдар мен моншақталған тақиялардың барлығы Хұршиданың қолынан шыққан. Ол – адалдығының, ақылы мен асқан шеберлігінің арқасында, үлкен беделге ие болып, Ақжан аулынан алдына мал салып, енші алған, жақсы ғұмыр кешкен жан. 
Қымбаттың қазіргі келбеті, сән-салтанаты мен сәнді жүрісі Ұябайдың көз алдына сол Хұршида сұлуды еріксіз елестеткен болатын. Қалай болғанда да, Ұябай бастаған серілердің қалыңдық тобымен қоштасуының осы соңғы сәті салтанатқа қатысқан барлық адамдардың мәңгі есінде қалары сөзсіз еді. 
Қымбат сұлу мен жеңгелері, құрбы-құрдастары мен ауыл жастары айға жуық сауық-сайран құрса да мауықтары басылмай, оның үстіне, қалыңдығын қимаса да, амалсыздан аттанып бара жатқан Ұябай тобының соңынан қимай қарап біраз тұрды. Іле-шала, өздері де ауылдарына тез жетіп алуды ойлап, көш түзеуге асыға бастады.

Қайталап қарағанда қимасына,
Қамшы тиді Сүліктің жамбасына.
Қыз-бозбала ұзатты көздерімен,
Аттылар жеткенінше қыр басына.
Рудың келіндері отау жықты,
Ұялатып сан сұрақ санасына.
Зердесі артық жеңгенің көңілі алаң,
Дерт меңдеген жігіттің қарасына.
Тіл-сұқтан амандығын тілеп тұрды,
Көз тояттап сымбатты  тұлғасына.
«Перзент қалса игі»,- деп күбірлейді, 
Қылаң беріп қуқыл ой ағзасына.
Жігіттер бие ағытты, желі жинап, 
Құлын ойнап ілесті анасына.
Қомдалған түйелерге жүк артылды,
Әркім өзі ие боп шаруасына.
Көш жылжыды батысты бағыттаған,
Лайықты белгі ұстап пардасына.
Ер-тұрман, өмілдірік кигізілген,
Қымбаттың көгілдір «Паң жорғасына»61,
          Төрт аяғын тең тастап, ырғалтады,
          Қос бұрымды төгілген арқасына.
          Ұрын тарап, қалыңдық сапар шекті,
          Әкенің алтын бесік ордасына. 

Қымбат әкесі Құлымбайдың Ор өзені маңындағы қыстауына жеткенше жолай аялдайтын «Бөкен төбедегі»62 ордасына аттанды.  Ол ат үстінде келе жатып, ұрын сұрау, оған берілген жауаптан бастап, соңғы жылдардағы, әсіресе, үшінші рет келген Ұябаймен бірге өткізген  қызықты күндерін, тойды келесі жылы жазғы жайлауда өткізбекші болып уәделескенін есіне алып, тебіреніп келе жатыр.
 
– Бекзадам  өмірімнің мәні болды,
Алауы, жастығымның сәні болды.
Мезеттік айта жүрер бақ сыйлаған,
Әкемнің жайлаудағы жазы болды.
Басымды бағалаған рулы елдің,
«Ұрын» сұрап білдірген базы болды.
Ізетпен ол сауалды қабыл алған, 
Перзенттің әкеге айтқан назы болды.
От алып, от жағатын бабалардың,
Салт-дәстүрден тұтанған мазы болды.
Қияметтік дос болып, атастырған, 
Текті ойлаған әкелер – әзі болды.
Қонғанда көл жағалай сәнді отаулар,
Үркер ауып, шілденің азы толды.
Қызотау, жігітотау арасында,
Ойнап-күлген жастардың мәзі болды.
Көк шалғынға құрылып алтыбақан,
Әуелеген ақжелең сазы болды.
Әуеніне жастықтың әуез қосқан,
Көк көлдің сұлу аққу-қазы болды.
Талай елдің дарынды жасы болды,
Жеңгелер бастаңғының басы болды.
Табақ тартып, сыбаға әзірлеген,
Әр бөлек әрқайсының бәсі болды.
Жал-жая, қазы да емес, ең пұлдысы –
Күйеуге арнап берген төсі63  болды.
Сабада сары қымыз жігіттерге,
Қыздардың саумал ішер месі болды.
Шырын сауып, назымды қорек еткен,
Шешен-дүрдің ерекше мысы болды.
Сөз астары пішіліп шеберлікпен, 
Зердемен көмкерілген тысы болды.
Жылқы айдатқан үйірлеп бекзадамның, 
Кәде-сыйда сақилық ісі болды.
Былғары, алтындатқан би әкеме,
Лайқатты сыйлығы кісе болды.      
Жоралғыны жөнімен тарататын,
Қолы сарас, сөзі әділ кісі болды.
Балдыздар олжалады тауып сынды,
Қылышын алтын балдақ, күміс қынды.
Қалыңдығын қөрсеткен жеңгелерім,
Ақық, маржан, тағынып жорға мінді.
Бек-асыл бәйбішелер ретімен,
Алтын сырға, білезік, жүзік киді.
Қыз-қырқын, келін-кепшік, бозбалаға,
Хиуаның қоржынынан үлес тиді.
Жанат ішік, қамқа тон – ата жолы,
Аруаққа ізетпен атады оны. 
«Жайлауда, келер жазда ұзату» деп,
Жайылды ақ батаға қария қолы...

Ал, Ұябай бастаған шағын топ Ырғызды артқа тастап, Арғынның Қаракесегінің бәйбішесі, өзінің ақыл-парасатының арқасында есімі руға берілген Айбике64 қатын белгісіне ат шалдырып, оңтүстік-шығысты бетке алып, дүзгенді ерекше биік төбеге келіп тоқтаған еді. Ол сәл ойланды да, көзін тартып баурай берген биік төбенің етегіне серіктерімен бірге қонып шығуды ұйғарды.
 
Аттанып күн сәскеде көлді қырдан,
Серілер кеште өтті жалғыз жардан.
Айбикеге аялдап, ат шалдыртып,
Келе жатыр сапардан ұрын барған.
Әкенің жайлауына бағыт алды, 
Ала жалға асылып Жаршағылдан.
Арқа тұсы – кешегі бабалардың,  
Қанын төккен Бұланты, Қалмаққырған65,
Желе жортып келеді құмдауытпен,
Шалдықпай ылғи жүйрік жалтылдаған. 
Үзеңгі қағыстыра әзіл айтып,
Үстінде жігіттері жарқылдаған.
Ер басына байланған көн торсықтан
Қымыздың исі аңқиды мұрын жарған.
Үшінші күн жігіттер өте шықты,
Қоңыр төбе, Бестөбе 66 бұйрат құмнан. 
Көз тартып өкпе тұстан биік төбе,
Ықтиярсыз Ұябай мойын бұрған. 
Арасы бес шақырым, жобалап тұр,
Қақ кеуіп, кебір жапқан Ақтақырдан67.
Ғасыр бұрын үстінен бұл тақырдың,
Сағынысып ай менен күн шағылған.
Желге қарсы жүгіріп жан ұшыра,
Тұмса киік лақтап таң айырған.
Жан-жағына зейінмен қарады да,
Ойын айтты мазалап толғандырған:
– «Жігіттер, жан-дүнием сезінеді,
Көз бен тілдің беймезгіл ауын құрған.
Көк-шегір көзі шыққыр мерген екен, 
Жауырынымда оғы тұр дәлдеп ұрған.
Егер тағдыр қоспаса, амал бар ма, 
Қымбатым аман болғай, жаным құрбан?!
Ай да бүгін қоштасты, дала тұнық, 
Қорғалаланып төбеде кеше тұрған. 
Айсыз түнгі «Құс жолы»  ағараңдап,
Асылады төбеге аттап қырдан.
Күлтеленген көктегі Үркер-шоғыр,
Серік екен батыстан бетін бұрған.
Бүгін қонақ қылады биік төбе,
Осыларды жібермей матап қойған»...
        Жігіттер бәрі қонды сол төбеге,
        Майда құмнан мамықтай төсек жайған.
        Түн түрілмей оятты Ұябайды,
        Бір тылсым күш тасыған тұла-бойдан.
        Нұр дидарын көруге ғашық болып,
        Сауға сұрай келіпті Шолпан Айдан.
        Тәтті  ұйқыда, маужырап тыныстайды,
Серіктері бірге өскен құлын-тайдан.
Бозторғайы даланың тың тыңдайды,
Жаңылысып таңдағы шырылынан.
        Тобылғыға тығылып жек-дуадақ,
        Пысылдайды, үні жоқ жақын сайдан.
        Таңды атырып төбенің қақ басына,
        Дүзген шауып үйдірді кісі бойдан.
        Көздерімен жігіттер ұғынысып,
        Істемесін біліп тұр мұны жайдан.
       -«Белгі салдың жер шұқып, себеп қандай, 
        Деп сұрады біреуі Ұябайдан»:
        -«Дәрі анасы әкеме аян берді,
        Қалт кетпейтін киесі, түбі сойдан.
        Төрт періште қонақтап, ғайып болды, 
        Білмей қалдым бұл жерге келді қайдан.
        Ғасыр өтіп бұл маңнан сапар шегер,
        Бір ғажайып зымыран жерді жарған.
        Қысқа құлаш көктегі жұмбақ әлем,
        Араласқан адамзат болар майдан.
        Аялап асығады мына төбе,
        Қондырам деп басыма мұра-қорған.
        Бөб анам, тағаты жоқ күтіп отыр,
        Екі көзі төрт болып құба жоннан.
        Тоқсанға таяп қалған әз әкеме,
        Дүние көрінеді тар боп қыннан».

Ұйқыларын қандырып, таң қылаң бере оянған серіктері Ұябайдың ұйықтай алмағанын сезді, әлдеқашан орнынан тұрып кеткенін білді. Жалғыз өзі биік төбенің басында төмен қарап жер шұқып отырған оны серіктерінің қасына келгені елең еткізбеді. 
Аманжол жақынырақ келіп: 
– Ұя-еке, мазаң болмай тұр ғой. Түс көрдің бе, әлде бірдеңе сездің бе? – деп еді, ол үндемеді. Тек сәлден соң ғана: 
– Жігіттер, анау қалың дүзгеннен көп қылып шауып әкеліп, мына жерге үйіңдерші, – деп, өзі саусағымен шұқып отырған жерді нұсқаған кезде, от шашқан жанарының алысты шолып, ойға батып тұрғанын аңғарды. 
Серіктері тез-тез қимылдап, дүзгенді биік етіп үйіп болған соң, бір серігі:
– Ұя-еке, айтшы, бұл үйгеніміз ненің белгісі? – деді, таңданған кейіппен. 
Ұябай тағы да біраз уақыт үнсіз тұрды да:
    – Біріншіден, мына аумағы биік төбе Қырымдағы (бұрын, көзіқарақтылар «қырымдағы» деген сөзді өте алыс деген мағынада қолданған - Автор) нәрсе анық көрінетін жер кіндігі және көктен қысқа-құлаш екен. Әкем өлсе, осы араға жерлейін дегенім ғой. Екіншіден, түндегі «Құс жолын» көрдіңдер ме? Ол – менің тағдырым және мәңгілік серігім. Үшіншіден, құладүзде құйғытқан құлан еленер, көк шенелмесе де, жер шенелер, бабалардың қасиетін тектілер зерделер, құм астында судың иірімі бар. Ол бұлақ болып шығып, ғасыр бойы ағар. Мына сайын даланың қойнынан ұрпақ несібесін алар, – деді.  
Сонда әлгі серігі:
– Біріншің де, үшіншің де түсінікті, дауласуға жатпайтын ақиқат. Ал, екіншіңе түсінбедік. «Құс жолы» – жер бетіне ортақ, әркімдер назар салар қалыптасқан құбылыс. Түсінбейтінім, неге ол тек сенің ғана тағдырың, мәңгілік серігің болуы керек?! «Көктен қысқа-құлаш»  дейсің. Құлаштап өлшедің бе, әлде, ойыңмен орап өлшедің бе? – деді. 
Ұябай: «Оны кейін түсіне жатарсың!» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Бірақ, қанша жерден әкесін сылтауратқанмен, көрген түсі тікелей өз тағдырына байланысты еді. Жолдастарына сездірмесе де, Ұябай түсін оңашада Аманжолға айтты.

Жай ғана сібірлейді, таң да атпайды,
Ай-дағы шалқалайды, бір батпайды,
Ер-тоқым, үзеңгі жоқ Сүлікқарам, 
Қасына жақындасам маңдатпайды.
Оң жақта мойын салған көбікті айғыр,
Тұрасы68 жоқ жер тарпып шаңдатпайды.
Киелім сейістерді мойындатқан,
Менен әрі алыстап, шалқақтайды.
Сол жақта тұғырында Шаhин-шекше69,
Қанатын қомдағанмен, бір қақпайды.
Хиуалық «Мейіз-көкше»70 соғып берген,
Қылышым қол жеткізбей, қын сақтайды. 
Әбзелдес тұлпарыма күміс қамшым,
Сабы жоқ, таспа-өрімі түр сақтайды.
Баптаған аңдып алып жұмыртқадан,
Құмайым ымымды ұқпай, қашқақтайды. 
«Ақжанақ»71 алдымда екен, топшы тайған,
Алысты шолғанымен, міз бақпайды.
Көзіме көлденеңдеп түлкі-мыршай72,
Қош  айтысып, қылымси бұлтақтайды.
Асылзатым - Айбастың ханышасы, 
Жанымда жоқ, сағымда бұлғақтайды.
Жел қағып, дала жұтқан жан даусымды,
Амалсыздан тіл менен жақ сақтайды.
Домбырам сағағы жоқ, шанақ бітеу,
Күйімді енді менің жан тартпайды!
Жасау артып, тоқтаған шерулі көш,
Маған жат боп, құпия сыр сақтайды.
Шаңырақ артқан жампоздың бұйдасы бос,
Қол созсам да бір дүлей ұстатпайды. 
Ібіліс ізін аңдып жануардың,
Аяғын шандып-буып, шатпақтайды.
Мойнына байлап қойған кәрі жілік73,
Кәззаптың мысын басып, жан сақтайды.
Бел асып бәрі кетіп, жалғыз қалған,
Тал-бойым ырық бермей, дерт қаптайды...

Осы араға келгенде, оның тынысы тарылып, өзін тұншығып бара жатқандай сезінді. Сәл ентігін басып, азалы әуенге қосып, тағы да тақпақтай жөнелді:

Шандозым, мендік болған жүрегіңе,
Кете бардым, қайтейін, тастап қайғы?!
Қайран жұрт, қош бол елім, бекзаттарым,
Кідіртпейді керуенім тұрған сайлы.

Ел-жұртыма тапсырдым дүрім дара,
Құндағың жоқ қолыңда «Құмай-пора»74,
Жұп етпеген, ғажайып түнді сыйлап,
Әміріне Алланың бар ма шара?! 
Тінің текті, түбірің – «Балта-қара»75,
          Қалауыңды өзің айт таразылап,  
          Меңдемесін бойыңды «жесір жара»,
Айнықтың би-бектері, қыдырлы әкем, 
Тілегіңді ескеріп, шешер сара.
Ақырғы айым батты, сезесің бе?
Тағдырымды түтіп тұр – «өлі–ара».
Жүрегім аялайды тоқтағанша,
Ғашық жарым, Айпара, Аян-дара.
Арқа-жоны дірілдеп тақымымда,
Жанарынан жас тамды Сүлікқара ...
   
Ұябай ішқұсасын осылай баяндап болған соң, кідірудің реті жоғын сезген Сапақтың Аманжолы, дереу атына мініп, жолға түсті. Қалғандары соңынан ерді.

Сағынышын сездірген Қаражалдан,
Бір ыстық леп жеткендей Бөб анадан.
Ұябай асықты енді тез жетуге,
Алақанға құлынын аялаған. 
Жігіттер атқа қонып, тура тартты,
Ақжанның жайлауына сол арадан.
Кім білсін, қайран жүрек, сезді ме екен, 
Өтерін опа бермей дүние-жалған?!
 
Ұябай Сырдағы Ақжантөбеден сонша алыс емес Қаражалдағы әкесінің жайлауына келіп, сол арада серіктерін үш күн қонақ етті. Ертеңіне оларды ауылдарына аттандырғаннан кейін, тұғырда тұрған бүркітіне келді. Қыран оның даусын танып, шаңқылдай бастады. Сол сәтте, үйде жатқан құмай тазы сыртқа атып шықты. Иесі «аңға шығады»  десе керек, жанына келді,бірақ құйрығын бұлғаңдатып еркелемеді, аспанға қарай тұмсығын көтеріп оны шарқ ұра бір айналды. Ұябай екеуіне кезек-кезек елжірей қарады да, олармен құдды бір қоштасқандай сыңай танытты.
 
Сапардан ұрын барған оралғасын,
Тай сойдырып, берді әке  қонақ асын.
Жайдары амандасып ел-жұртына,
Мәрт жігіт білдірмеді жан жарасын.
Тақым жазып, демалып серіктері,
Елдеріне бұрған-ды аттың басын.
Ұябай: «Бір өтініш айтамын» деп,  
Іздеген Сырға кеткен жан-ағасын.
Екі күнді өткізіп, ойын жинап,
Бүркітінің сыпырды томағасын.
Қанатынан сипатып Шаhин-шекше,
Төспен қақты көргендей ұяласын.
Шаңқ етіп көтеріліп тұғырынан,
Кең жайып, тез жинады қос қанатын.
Көзі жанып отырып иығына,
О, тоба!  иесінің жаурынын сабаласын.
Құмай тазы төрінен тағат таппай, 
Іздегендей шарқ ұрды италасын.
Сүлікқара жусамай үркіп тұрды, 
Көрінгендей көзіне бір қара сын76 ...

Сол кезде әкесі Ақжанның тоқсанға жуықтаған шағы еді. Бұлар жайлауға келгенде, Сүмбіле туған.  Жылқышылар биелерді ағытып, көшу қамын жасап жатқан. Түйелер қомданбаса да, жазылар жайылып қатар құраған, наруан дайындалған. Сабаның соңғы сары қымызын ішіп, Ұябаймен жаздай бірге болған сал-серілер елдеріне тараған-ды. Олар кеткен соң төрт күннен кейін,  Ұябай дүние салды. Ақжан байдың қаралы аулының шаңырақтарында тұлданған аттың қылын байлаған қара жалау көтерілді.

Төртінші түн меңдетіп жарақатын,
Кезек берді мезгілге таң ататын.
Хабарын періштенің күтіп жатты,
Құбылаға әзиз басты қарататын.
Әке аялап, анасы сүтін кешіп,
Алласына тапсырды аманатын. 
Жиырма бес, мүшел жасы ғайып етті,
Бір елдің ардақ тұтқан азаматын.
Қайта жинап Ақжан бай серіктерін,
Түсінді ұрын жолдың жағдайатын.
Сүлікқара-тұлпары жан тапсырды,
Күттірместен кезегін тұлданатын.
Жал-құйрығы бақанда - қара жалау,
Шаңырақтан өткізіп байланатын. 
Дүзген үйген төбенің қыр жағына,
Үй тіктіріп шығарды жан-азасын.
Мәңгі бесік-бөледі биік төбе,
Қазақтың текті туған бекзадасын.
Қырық қысырақ, жүз бие төрт Шөмекей,
Айдаттырып әкелді қайғы азасын.
Жолдастары Хиуадан кештеу келді, 
Есітіп Ұябайдың жан қазасын.
Ақжан бай ұйғарады там салуға,
Хиуаның алдырып төрт ұстасын ...

Ұябай қайтыс болғаннан кейін, әкесі серіктерін қайта жинатып, мән-жайды сұрады. Олар, Ақжанға Шөмекей еліндегі көл жағасында өткен күндерді, баласының ел-жұртпен және қалыңдығы Қымбатпен қоштасқан сәтін, соңғы күні кенеттен ауырғанын, «жаурынымнан шаншу қадалды» деп ат үстінде келе жатып мазасызданғанын, содан соң Ақтақырдан төрт-бес шақырым жердегі биік төбенің басына қондырып, кісі бойы дүзген үйдіріп кеткенін түп-түгел баяндады. 
Ұябайдың «Сол  айсыз түндегі «Құс жолы» – менің тағдырым және мәңгілік серігім» деген кезде, қос жанары жан күйдірерліктей ұшқын шашып тұрғанын қинала жеткізді. «Мына төбе «көктен қысқа-құлаш, Қырымдағы нәрсе көрінетін жердің ерекше биігі екен. Әкем өлсе, осында әкеліп жерлеймін» дегенін де жасырмай айтып берді.
Сүйекке кіргендер Ұябайдың жауырынының түп-түгел қарайып кеткенін айтқанда, қарттар жағы: «Ұрын барған сапарында оған көз тиген екен» деген ұйғарымға келді. Ел азаматтары: «Ұябай жай адам емес білімді, киелі, дарынды жан еді. Оның  хат жазып, бір аманат қалдырмауы мүмкін емес қой» деп, қаншама ойлар із кесті, перзент қалар ма екен деген дәме де қылаң берген ... Салт бойынша қалыңдықтың ұрыннан кейін аяғы ауыр болса,сәбиді салтанатпен қабылдаған. Ақырында, ұрынға бірге барған достарының бірі оның жан серігі - қара домбырасының шанағынан жіңішкелеп бүктелген қағаз суырып алды. Ол – өзі дүзген үйдірген төбенің басына қонған айсыз түнгі көрген түсін айтып, елмен қоштасқан хаты екен.
Ұябайдың қоштасып жазған хаты табылғаннан кейін, үзеңгілес досы Сапақтың Аманжолы өзіне оңашада айтқан түсін қайталап болып, оны жорып, әрі ата-анасы мен туыстарына көңіл айтты:

– «Дегдарлы, асыл Ұя-екем,
Ұстап-тұтқан дүниең,
Өмірлес болған кие екен.
Тұспалдап тылсым сездірген,
Талшығы текті ми екен.
«Айбаста» сауық құрғаның –
Алланың соңғы сыйы екен.
Ұрын барған сапарың –
Із тастаған  қия екен.
Бүр жарған талай талантың –
Мәуесіз қалған мия екен.
          Тіл менен көз қадалған,
          Тосын тажал – «бүйі» екен.
Қымбатқа арнау «Бекзаттым»77–
Теңдессіз тылсым күй екен!
Жорғалатқан «Жек жорғаң»78 –
Көн жібіткен ій екен.
          Күй тартқанда Ұя-екем,
          Шеттеу тұрған Көк-шегір,
          Тамсанып қарап тұр екен.
          Жем жақтан келген сауыққа,
          Топ жігіттің бірі екен.
          Көн етікке сірі екен,
          Бір көзі аққан бәтшағар,
          Екінші көзі мір екен.
Ескертіп еді-ау, би-екем,
          Көз – бұйрықсыз ұры екен
          Қапыда қалып білмедік,
          Жайылып кеткен у екен.
          Жиырма бесті жетектеп,
          Қайрылмай кеткен, Ұя-екем,
          Биік төбе, құла дүз, 
          Мәңгілік саған үй екен.
          Үйдіріп кеткен дүзгенді,
          Сені күткен жер екен.
          Өмір-көшің, көлігің,
          Тоқтаған ақыр мәре екен!
          Сүлігің болды жан пида,
          Нәті жылқы, пір екен, 
Құлағы тесік жануар,
Өзіңмен жаны бір екен.
Нақышты сұлу күйлерің,
Шанақта қалған шер екен.
Сапарлас болған күндерім,
Кездесу, тәтті түндерің,
Келешек айтар жыр екен!
Ұябай жатқан бұл төбе –
Ғашықтардың сыры екен!
Шолпан бетін бұратын,
Үркер келіп тұратын,
Жердің биік төрі екен!
Бөбекен анам, Ақжекем,
Шүкірлік етіп, бол бекем!
Дәм-тұзы бітіп фәниден,
Бақиға кетті Ұя-екем.
Пейіштен күтсін перде ашып,
Шырақ боп жаны сөнбеген!
Дидары енді нұр-ғайып,
Құраны – сусын шөлдеген!
Қымбаттың жөні бір бөлек,
Қазына–қазық, сыр–дерек,
Кісі есігі «төң-тезек»,
Ерітуге ер керек!
Қалауын сұрап ханшаның,
Ақжекең шешсін зерделеп»!

Салт бойынша, қазаға аза салып, көңіл айтушы Шөмекейлердің тобын бастап құдасы Құлымбай би келді. Ақжан бай мен Құлымбай би қайғыға ортақтаса келген ел азаматтарын бастап, Ұябайды биік төбенің өзі дүзген үйгізіп кеткен жеріне әкеліп жерледі. 
Әлімдер Ұябай жерленген төбеге қалыңдығы Қымбаттың келіп дұға бағыштауына Шөмекейлердің рұқсатын  алған. Құлымбай би қызын жеңгелерімен бірге Ұябайға тағзым ету сапарын ұйымдастырған екен...
Ұябайды жерлегеннен кейінгі қою түндер сейіліп,  бірінші ай туғанда анасы Бөбекенге әулие саналған Дәрі енесі аян берді. Қайраттанып, белін бекем буған ол, пірім деп алдынан кесе өтпеген жұбайы Ақжанға басу айтып, енесінің берген аянын баяндады. Жаңа айдың тігінен туғанын да жақсылыққа балады, әдет-ғұрыптағы «жарылқау тілеп бет сипауын» да ұмытпады.Ұябай анасына қалыңдықпен қоштасар соңғы күнгі отаудан мойын толғай, шығысты бағыттап,  көзіне көріне елес беріп ұшып кеткен «ақсарыбас қос үйрек»79 жайлы баяндаған болатын.Содан бері, есінен бір шықпаған «ақсарыбас қос үйрекпен» ол -  Бөбекен анасы, жаңа ай туылғанда Дәрі енесінің аянында табысты. 
Жаратқанның жарлығына дауа бар ма ?! ...

«Шүкір делік, Ақжеке, асыл емен,
          Қын жарады, жай жатпай алмас-берен.
          Айсыз түнді ұзатып, жаңа ай келді,
          Жер айналып, жарықтық, кіндігінен.
          Көктен ізет білдіріп қайғымызға, 
          Шалқаламай, туыпты тіп-тігінен.
          «Жарылқа, сақтай көр» деп қол жаялық,
          Қымбатты «көлденеңнің» тіл-көзінен.
          Бүгінгі таңсәріде төсегімде,
          Аян берді «бал енем»80 тілін емген.
          Шаhинның домбырасын қолына алып, 
          «Қара бұйра тоқтының»81 ізіне ерген.
          Кідіріп, домбырамен қада қақты,
          «Тоқтысы» бір үзім шөп жұлған жерден.
          Қонақтады қанаты сабыр тауып,
          «Ақсарыбас қос үйрек» ұшып жүрген.
          Сал мойыннан сыпырған желбегейі 82,
          Пердесіндей даланың түнді түрген.
          - «Ал, енді зейін қойып, тыңда Бөбен:
          Үшінші ай жаңарғанда бұлақ шығар,
          Қада қағып, шөп жұлған құмды белден.
          Атауын «Ұябайдың бұлағы» деп,
          Тұсау кесті бұйрықпен «Ғайып-ерен».
          ...Үш ай өтті арада кесіп берген,
          Аяндағы ененің сөзі - мерген.
          Жер исініп, тереңнен тамырланып,
          Құмды жарып, сол жерден бұлақ өнген.
          Тәңірінің тартуы ол  баласына,
          От-жалыны лауламай ерте сөнген.

Ай туылған күннің тылсым мезетінде Ақжан абыз Ұябай жерленген биік төбенің Сары-арқаға қараған артқы ық жағынан құмды жарып ағып жатқан бұлақты көрді де, қасындағы зайыбы Бөбекенге: «Е, Дәрі анам құтым сенде қалсын деп тілін бекер емізбепті»,- дегеннен басқа ештеңе айтпады. Үнсіз. Ойлы. Саусақтары тасбихта жорғалайды. Санасы:
... «Құмай-порам,
          Ақ некемнің асыл тіні үзілген,
          Қапияда,
          Ғайып болдың, перзент ермей ізіңнен», - деп ұзай берді.

Ал, Бөбекен бұлақ басында күбірлеп тұрып қалды. Шүкіршілік етті. Аспанға қарады. Жаңа айға сәлем салды. Жүрек көзі:             
... «Таба құрсақ, толған ай жерігіңді,
          Жерден іздеп бастың ба, желігіңді?
          Қою түнге асылған «Құс жолымен»,
          Ұлымды алдың, суырып кіндігімді.
          «Есіркеген ескі ай» да алыстады,
          «Жарылқады жаңа айым», бұлақ өнді.
    Тәу етіп, дұға арнаумен өткіземін,
          Өмір-өрмек жүзі ауған кемді-күнді.


      Құм төбеде сүйегің, ұлпа-тозың83,
      Рух өлмейді, келесің  ая-қозым.
       «Ұрын» барған отауда елестеген,
          Тыным тапты «қос үйрек, қоңыр қазым».
      Перзент ермей артыңнан, бұлақ өнсе,
          Аллаға жеткен шығар жоқтау-сазым.
          Қайран балам, болжапсың жер-кіндіктен,
          «Әуенің кеңістігін – құлаш созым».
      Қанатың да босанар «сүтке ұйытқан»,
        Жетіп жатса, қарағым, айға назым»,- деп бет сипады. Қиыршақ құмдағы табан ізідері алыстай берді ...

P.S.
    Назым-дастанда адам аттары, жер-су атаулары өзгертілмеген. Тек , Ырғыз маңындағы «Сасық көл», «Көк көл» деп өзгертілген. Қалғандары қаз-қалпында, атымен аталып, түсімен түстелген.

Эпилог:

Дастанның арқауы
    Осы дастанға арқау болған Ұябай (лақап аты Шаhин – «Алланың қалауымен» деген мағынаны білдіреді – Автор) мен Қымбат сұлу кімдер еді?! 
    Ұябай Ақжанұлы өткен ғасырдың сонау отызыншы жылдарына дейін Қазалы уезіне қарасты болған, ал қазіргі кезде Өзбекстанның Бұхар облысының аумағына кіретін, Тамды аймағы жерінде дүниеге келген.  
    Ол – жас кезінде әйгілі тәжік ақыны Садраддин Айни мен Сырдың өрен жүйрік шайыры, дамолла, ортағасырлық парсы ақыны Фирдоуси шығармасы «Шаһнаманың» өзіндік нұсқасын 1936 жылы өмірге келтірген Тұрмағанбет Ізтілеуұлы және қазақтың басқа да көптеген ұлылары оқыған оқу ордасы Көкілташ медресесінде дәріс алған, ескіше  сауатты, ақын, сері, бірнеше күй шығарған күйші, асқан шебер домбырашы азамат болған. 
    Ұябайдың қалыңдығы Қымбат болса, кезінде патшалық Ресейдің Орынбор генерал-губернаторына бағынған сұлтандық өңірлердің бірінде қазақ билері мен байлары бірлесіп ашқан медреседе білім алған.  
    «Ол ғашығына арнап: «Пай-пай», «Бекзаттым», «Арда бозым» атты күйлерін, қалыңдығының бас жеңгесіне арнап «Пірлі айым», жас жеңгесіне арнап «Үрлі айым» күйлерін шығарған. Оның «Жек жорға» атты күрделі күйін Әлімнің Қарамашағының (Төртқарасының) Шал аталығынан шыққан әйгілі күйші Мырза ғана тарта алған!» деп отыратын, өткен ғасырдың бірінші жартысындағы аласапыран кезінде тарыдай шашырап кеткен, өмірдің қилы-қилы өткелдерінен өткен, Қазалы мен Қарақалпақстан жерінен, Түркменстанның Марысы мен Шарлауықтан ат арытып келіп, біздің үйде айлап әңгіме-дүкен құратын алыс-жақын туыстар, құда-жекжат болып келетін белгілі көнекөз қарттар.
    Атақты күйші Шал Мырза Тоқболатұлы (Төртқара, Шал аталығынан,1850 -1934 -Автор) Ұябайдың тәлімін алған, өнерде тетелес іні болған. Оның дүниеге келген жері Ұябайдың үйтамынан онша алыс емес құмды алқаптың Жыланды қыстағы дейтін. Сол қариялардың талай басқосқанда айтқан әңгімелері де, кейбіреулерінің аты-жөндері де әлі күнге дейін жадымда...
    Ұябайдың жиырмадан асқан шағында, оның болашақ қайынжұрты саналатын Шөмекейдің үлкен ұлы Тоқаның немересі Айбастың есімі берілген аталықтың жасы үлкендері қалыңдығының ауылына ұрын бара беруіне рұқсат еткен екен. Қазақтың сол  кездегі салтымен, Ұябай үш жыл қатарынан дос-жарандарымен бірге, қалыңдығына барып, жаз айларында Қарабұтақ пен Ырғызды жайлап отыратын болашақ қайынатасы Құлымбай бидің ауылында Қымбатпен бірге өткізеді екен. Бидің қыстауы Ор өзені мен Мұғалжар тауының қойнауы болған. 
    Бала кездерінен айттырылып, балиғатқа толған соң, олар бірнеше рет кездесіп, бір-біріне риясыз ғашық болған.     Ауылдарына барған сайын, Ұябай мен Қымбат екеуі жеңгелері жастарға арнап ұйымдастырған бастаңғылардың сәні болған. Олар сөз сайыстырғанда, ақындарша айтысқанда, бірі-бірінен қалыспаған.
    Ұябай мен Қымбат жайлы, кесененің салыну тарихы мен басқа да көптеген деректерді жас шағында Ұябайдың ағасы Көкен (Қымбатпен некелескен - Автор) Ақжанұлының қолында тұрып, мектеп ашып бала оқытқан, «Сары молда» атанған Нұрмахан қарт көп білетін. Сол уақыттағы Қарамашақтың  (Төртқараның - Автор) Тәлтекем аталығының діни сауаттыларының бірі болған.
    Нұрмахан – қазақтың туымды азаматы, кеңес үкіметі тұсында өмір сүріп, басқа да қазақ дарындары сияқты сол кездегі сүреңсіз қоғамға сыймай жас кеткен әдебиетші, драмматург, аудармашы, сыншы және қырғыз халқының ұлы перзенті Шыңғыс Айтматовтың  досы болған Қалжан Нұрмахановтың әкесі,Ұябайдың ағасы Көкеннің күйеу баласы (тәрбиесінде болған өкілқызы Кенженің жұбайы - Автор).
    Ол, Балапан атам қайтыс болғаннан кейін, біздің үйде оған және 28 жасында (Сталиндік репрессия құрбаны), құғын-сүргін зардабынан бала үстінен дүниеден озған зайыбы Зейфунға қырық күн бойы құран аударып, хатым еткен тұста, көптеген шұрайлы да мазмұнды әңгімелер айтқанын естігендердің бірі мен едім. 
    Нұрмахан молданың сол жолы, яғни, 1970 жылдың 10-шы сәуірінде Көкенұлы Балапанның «40 күндік» асына жиналғандарға айтып берген өрен жүйрік «Қасқалдақ» аттың тарихы, Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гулсары» повесінің желісімен өзектестігін  кейін әкемнен де бірнеше рет есіттім. Шыңғыс Төреқұлұлы досының әкесі Нұрмаханнан көптеген маңызды, деректі әңгімелер тыңдаған адам. 
    Ал, «Шөлқарсақ» аттың (Кенесары ханның Қарақұмға іргелес Ырғыз бен Торғай маңында әкесі Қасым ханға ас беріп, ат шаптырғанда бәйге алған Кіші жүздің  арғымағы - Автор) дерегі, сейістердің сыншылық кереметі туралы да асқа келгендер біраз мағлұмат алған болатын.
    Сол аста, 7-ші сыныпта оқитын менің есімде жатталып қалғаны мынадай жағдай еді. Нұрмахан молда жиналғандардың сұрақтарына жауап берді, Ұябайдың кесенесі 1870-1880 жылдар аралығында салынғанын тілге тиек етті, және күрсіне отырып: «Міне, бұған да жүз жыл болғаны-ау!» деген болатын ...

Қалыңдық тағдыры
Ұябайдың жылдық асынан кейін, Ақжан бай мен Құлымбай би ұзатылмай жатып оң жақта жесір қалған Қымбат тағдырына қатысты кеңес өткізді. Сүйікті кенже ұлынан ұрпақ қалмағанына өкінсе де, Ақжан елінде қалған қалыңдығы Қымбатқа: «Талай жылдан өріс қосып бауырласқан, ұрпағыма тамыр тартып қан қосқан, ахиреттік дос болып төс қағысқан аса қадірлі құдаларым! Мына фәни дүниеден өткен балам Ұябай перзентімнің кенжесі еді. Одан кіші ұлым жоқ. Қалыңдыққа ауыр болса да, Алланың ісі ғой, сіздер арқылы ойын білгім келеді. Оның қандай қалауы болса да, орындауға әзірмін. Келіссе, немере туыстас інілерімнің басы бос балалары бар. Солардың бірімен бас қосам десе рұқсатымды берем. Жауапты өзінен күтем»,- деп аталық сәлем жолдаған. Құлымбай би қызына Ақжекеңнің сәлемін жеткізгенде, Қымбат қалыңдық: 
... «Асқар тауым әке, қыдыр қонған Шаңқан ата («Шаңқан ата деп отырғаны – Ақжан. «Шаңқан» ақ дегенді білдіретін болған соң, қайынатасының атын бұрып айтқандағысы. – Автор), Ұябай бар өмірімнің мәні болды. Ол менің баға жетпес асыл қазынам еді. Немере туыс інілеріңіздің балаларына, не басқаға бас қосуға қайлы емеспін. Оған келісім бермеймін. Менің қалауым – Ұябаймен бір дамбалға түскен азамат. Оның он әйелі болса, он бірінші әйелі болуға ризашылығымды берем»,- деп жауап қайтарды. (Ақжан мен Қымбаттың арасындағы диолог өздері айтқандай қаз-қалпында берілді – Автор). 
Қымбат келісімін берген соң, Ақжан бай мен Құлымбай би оны Ұябайға арнап сүйегін  Шымбайдың қайыр талынан жасатып, көтеріп қойған ақшаңқан киізүйге ендіріп, Көкенге некелеп, «кіші отау» атандырады. Көкен – Ақжанның Ұябайдан үлкен баласы, Ұябай серіктерімен ұрыннан  Қаражалдағы әкесінің жайлауына келген кезде іздеген тетелес ағасы  осы болатын. Шаруамен дария бойына кеткен сол ағасы Көкен, інісінің қазасын естіп оралды,өкініштен өзегі өртенді.
Оның зайыбы Ақым – Ақжанды пір тұтып, сыйластығы жарасып дос болған руласы, Қарасақалдың Шіңгірінен тараған Мұратбайдың (Ғанидың әкесі – Автор) қарындасы болатын және ол кезде олардың төрт баласы бар-тын. Бұл әулеттің тәртібі бойынша, ата-шаңырақтың түндігін ашу мәртебесі ерте тұрған келінге бұйыратын. Бұл рәсімді татулықпен ғұмыр кешкен Ақым мен Қымбат екеуі кезек атқарған. Көк көлдің жағасына Ұябай соңғы рет ұрын келгенде  қоштасатын түндегі отау үзігінің дөдегесіне ол қыстырып кеткен мүшкілан салған жұпар қалта мен  өзіне арнаған өлеңді Қымбат өмірінің соңына дейін сақтапты.
Көкен мен Қымбаттан 10 бала туылған. Бірақ, бәрінің де тағдырлары сталиндік тәркілеу, қуғын-сүргін жылдарында тәлкекке түскен еді. Үрім-бұтақ таратқандары үшеу ғана. Олар: Балапан, Зылиха, Әнипа. Қымбаттан туылған үлкен ұлы Мыңтұрған, (1930 жылдары) елді аштықтан аман алып қалу мақсатында, көптеген руларды Қызылқұмның үстімен, Қос бүйректің құмындағы керуен жолымен Өзбекстан, Тәжікстанға көшірген. 
Ол – күні бұрын, көштің жолындағы жазық жерлерге үлкен-үлкен қамбалар қаздырып, оған атан мен нардың жілігінен жасаған түтіктер қондыртып, кірешілердің әкелген астықтарын көмдіріп-сақтап, көшкен елдің өзегін талдырмай, бір қараға жеткізген азамат болған. 
Мыңтұрғанның өзі мен әйелі Жанбибі безгекке шалдыққандарына да қарамай, Әмударияға жақын Түрікменстан елімен шекаралас жатқан Ауған асуынан соңғы көшті өткізіп жіберіп, екеуі де бір түнде дүние салған. Олардың сүйектерінің қай жерде қалғаны белгісіз. Елдің қамын ойлаған сол қайырымды жандардың жалғыз ұлы Әбиболла фин соғысының ауыр зардабы салдарынан ұрпақсыз, 1948 жылы Қазалы қаласында дүние салса, тағдыр айдап өзбектер арасында қалған жалғыз қызы – 1922 жылы туған Нәзипа Бирунийдің Бибазарында ғұмыр кешіп, Қазақстанмен, туыстарымен 1978 жылы ғана табысып, дүниеден өткен еді. Бала кездерінде сол оқиғалар естерінде қалған Қарақалпақстандағы қарттар астық құйылып көмілген қамбалардың кейбірінің 1950 жылдары бұзылмастан табылғанын жыр ғып айтатын. 
Кеңес үкіметі билік құрған өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қарақалпақстан, Түркменстан елінде тұратын туыстас қарттар келіп  Арал, Қазалы өңірлеріне әке-шешелері мен ағайындары құпиялап көмген алтын-күмістерін, түрлі бұйымдары мен ыдыстарын, іліми және құрани кітаптарын, сондай-ақ Ерімбет шайырдың қолжазбаларын іздеп, талай жерді жобалап трактормен қаздырса да, ештеңе таба алмағандарын білемін. 
    Осылайша, Сырда туған Ұябайдың мәңгілік мекені Қырда болса, Қырда туған Қымбаттың мәңгілік мекені Сыр болды. 1922 жыл шамасында, қоңыр күзін Ұябайдың мәңгілік мекенінен алыс емес жайлауда өткізіп, қара күзде көшіп бара жатып, Қуаңдариядан өтер жерде Қымбат дүниеден озған. Ол туыстас қайынатасы Ақша батырдың (Ерімбеттің атасы–Автор) мұнарасына жақын жердегі ескі қорымда жерленген. 
Бұл қорымды Ерімбет шайырдың өзі мен оның шақыртуымен келіп мектеп ашып бала оқытқан, «Қарасақал руының ишаны» атанған қожа Ақпамбет ишан, Айнық пен Итемгенұлы Ақша батырдың басқа да ұрпақтары мәңгілік мекен еткен.

«Ұябайдың үйтамы»
...Арқа тұсында қазақтың әйгілі Сарыарқасы, солтүстік-батысында көктемде толып ағатын Торғай өзенінің аяғы саналатын және оның суын ғасырлар бойы аш айдаһардай жұтып жатқан Құрдым, одан әрі Ырғыз бен Тәуіп жерлеріне шектесетін, оңтүстік-шығысында «Алаштың анасы» атанған Сырдың сағасына барып тірелетін ұшы-қиыры жоқ шетсіз-шексіз дала – Қарақұм. Ол - шөбі шүйгін, жерасты суы мол, маса-сонасы жоқ, жазығы жонды, құм төбелері өркештенген малға да, елге де жайлы жайлау-қоныс. Сол құм төбелерінің Арқаға жақын тұсында алыстан-ақ биік тау сияқты боп көрінетін ерекше бір төбе бар. Бұрын «Дүзгенді» аталған  бұл төбе екі жүз жылға жуық уақыттан бері «Ұябай биігі», ал оның басына салынған кесене-кешен «Ұябайдың үйтамы» деп аталады.
Ол – Жезқазған бағытына қарай созыла түсіп барып «Бестөбе», «Қоңыртөбе», Түркістан өлкесінің онбес жыл бойына генерал-губернаторы болған Константин Петрович фон Кауфман Ташкентке барып-қайтар сапарында арнайы сәлем беріп, түстеніп кететін  қазақтың біртуар ұлы Темірбек Жүргеновтың әкесі жайлаған «Қараның  құмы» сияқты биік-биік құмды төбелер тізбегіне қосылады да, «даланың сұлу еркесі» жез киіктердің Арқаны артқа тастап, Бетпақтың даласы арқылы батыс жақтағы жусанды-селеулі Ырғыз жазығына өтер жолында бірнеше күн аялдайтын, сазына бауыр төсейтін, тыныстайтын  жері болған, ұзындығы онекі шақырым тақтайдай тегіс ақтақыр - «Жанту тақырына» ұласып кетеді. Қазаққа қорған болған Жанқожа батыр жайлаған киелі Көкдомбақ та үйтамнан Арал бағытындағы Қылыш тауына қарай 50-60 шақырым шамасында мұнартып тұрады.
 «Ұябайдың үйтамы» сол бір мамыражай замандардан бері айдалада, жел өтінде, қысы-жазы ұзынаяқты малдар ықтап-саялайтын, қоршаусыз, қараусыз қалған бүтіндей бір кешен еді. Үйтамды өткен ғасырдағы кеңестік үкімет тұсында аштық, қуғын-сүргін сияқты түрлі зұлматтарға көне алмай, туған жерлерінен амалсыздан үдере көшкен отбасылары мен қызыл үкіметтің қылышынан қорқып қашқан босқындар, ұры-қарылар, кейде баспанасыз қалған адамдар мекендеген. Сол тұста, түрлі мақсаттарға пайдалану үшін, атеистік іліммен уланған белсенділер мен иманнан ада болғандар кешеннің нысандары тобына кіретін мейманханалары мен асханасын құлатып және бұрын құлаған қабырғаларының түрлі пішіндерде құйылған кірпіштерінің біразын тасып алып кеткен. Соған қарамастан, үйтам қазір де биіктен белгі беріп, ғасырлар көш-керуенін бастап бара жатқан алып нарға артқан қазақтың киелі қара шаңырағындай дөңгеленіп, жанарың жетер алыстан айбаттана мұнартады…
Осы бір қасиетті жандардың мәңгілік мекені тұрған биікті санасы тарихи шежіреге толы дала абыздарының: «Нағыз жер кіндігіне орналасқан қасиетті  төбе» деп кие тұтқанын есітіп өстік. 
Бала кездерінен айттырылып, бірін-бірі құлай сүйген, бірақ тағдыр қоспай, фәниден өте жас кеткен Ұябай сері мен Қымбат сұлудың араларында болған кіршіксіз, шынайы махаббатты баяндайтын ғажап  әңгімелерді, Қымбаттың әкесі атақты Құлымбай бидің сән-салтанаты, Шөмекей руынан шыққан басқа да ауқаттылардың байлықтары мен әділ биліктері жайлы өткен ғасырдың ортасында өмір сүрген көнекөз, ділмар қариялардың: «О-о, дарих, заманында солардай атышулы билер мен байлар да өтті ғой!» деп, олар жайлы кезек-кезек жыр ғып айтып, тыңдаушыларын тамсандыра еліттіріп отырған сәттерін көрдік, жас болсақ та, есіткендерімізді құлаққа құйып, санаға сіңірдік.
Сондай шытырман оқиғаларға толы небір қызықты тарихи, шешендік әңгімелерді өткен ғасырдың отызыншы жылдарында сталиндік қуғын-сүргін тұзағына бірнеше рет ілініп, ГУЛАГ-тың азапты саяси тұтқындар лагерлерінде болған, соңғысы Кемер облысының Тайга колонисынан менің төрт жасар кезімде, осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын ғана құтылып келген «халық жауы» (ақталған–Автор) атам, Қымбат пен Көкеннің бесінші перзенті Балапан Көкенұлы көп білетін. Әке-шешесінің - Ұябай атамыз бен Қымбат әжеміздің хикаясы, атамыздың өлімі мен оның кесене-кешенінің қалай салынғаны жайлы бізге, тыңдаушыларына айтып кеткен..
  Қуғын-сүргін жылдарында елден алыс кетіп, Өзбекстан, Түрікменстан республикаларын мекен еткен туыстас қарттардың айтуы бойынша Ұлы Отан соғысы бітетін (әлде біткен) жылдары аса көрнекті тарихшы, төре тұқымынан тараған азамат, "XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан" атты монография жазған ғалым Ермахан Бекмаханов Ақжанов Балапанмен кездесіп Қарақұм өңірін Кенесары ханның Қырғыз еліне аттанар алдында бір-жар жыл жайлап кеткені, «Кілем жайған», «Бопай қазған» (Кенесарының қарындасы–Автор) құдық туралы және басқа деректерді жазып алып кеткен екен. 
Бала кезімнен  бабалар жайлы санама сіңген, жүректе тұнған шынайы тарих ой-қиялымды қоздырып, айсыз түндегі құс жолымен қанаттаса ақиретке аттанған дарынды күйші, туымды азамат Ақжанның Ұябайы туралы осы рухани мұраны – «Айсыз түнгі құс жолы» дастанын жазуға жетектеп әкелді.
Ақжан абыз кенже баласы Ұябайды өзі дүзгін үйгізіп белгілеп кеткен биік төбенің басына жерлегеннен кейін, Хиуадан ұсталар алдырып, үш нысаннан тұратын кесене-кешен салдырған. Ол, шамасы, 1870-1880 жылдар аралығы болса керек.
«Үйтам» бие сүті мен тұлданған аттардың құйрық-жалы қосылып иленген саздан жасалып, күйдірілген кірпіштен, шығыс үлгісімен күмбезделіп, шағын терезелер қалдырып, түрлі ораммен шебер өріліп салынған. Кірпіштері әртүрлі пішінде даярланған.
Төбенің баурайына салдырған зауыттан күйдіріліп шыққан кірпіштерді төбенің басына түйеге артып тасыған. Үйтамның негізгі бөлігінің әр қыры батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті мегзеп тұратындай етіп салынған.  
Осы төртбұрышты еңселі қабырғаның біткен тұсынан бастап кірпіштер дөңгелене, қиюластырыла өрілген кең мойындық-барабан бірте-бірте күмбезге ұласып кеткен. Кесененің өн-бойына қаланған әртүрлі пішіндегі кірпіштердің өрімдері, олардың қалануының мінсіздігі сондай, көрген жанды еріксіз таңғалдырады! 
Оның еменнен жасалып, шығыс өрнегімен ойылып таспаланған және тұтқа орнына қол сиятындай дөңгелек тесігі бар қос ашпалы қаусырма есігі де болған екен. Бірақ, ол кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында қолды болғанға ұқсайды. Жоғарыда айтқанымдай, осы сәулетті кесене-кешен құрамына кіретін екі мейманханасы болған. Қазір бір мейманхананың өзі тұрмақ, орны да қалмаған! Екіншісінің орнында тек құлаған кірпіштер үйіндісі ғана жатыр. Бірақ, мейманхананың есігінің күйдірілген кірпіштен өрілген орны сақталып қалыпты. Кірпіштерінің арасында таңбалар мен белгілер кездеседі. 
Таң алдындағы Шолпан туған сәтте бірінші болып шығыс жақ қыры сәулеленіп, сол жарық жұлдыздың дәл астына тұспа-тұс келеді. Бұл ғажайып құбылысты біреу сезсе, біреу сезбес еді! Ал, оның үстіңгі тұсында, айсыз түнгі көгілдір аспанда жымыңдаған сансыз жұлдыздар арасында солтүстіктен құбылаға қарай белдеулене асылып қалған «Құс жолы», тіпті ерекше! Биік төбе басындағы әулие бабамның кесенесі жанында түнеген түндерде табиғаттың әр құбылысының үйлесіммен өтіп жататын кезегіне куә болдым.
Сүмбіленің қою қараңғылығын ысырып, түндігін түрген дала түні ше, ғажап көрініс! Сондай сәттерде қиял қанатың ғажайып әлемді қанша шарласа да талмайды, жан-дүниеңде екінші тыныс пайда болып, көкте қалықтап тұрғандай көңіл-күйді сезінудің өзі бір ғанибет! «Құс жолының» бағдарымен оңтүстіктегі қысқы мекендерін бетке алып, жаз жайлаған сайын даласымен сыңқылдай қоштасып,   қалықтай самғап, балапандарын ерткен құстар тізбегі – «туған жердің ыстығы-ай», деген сезімдерін қанатымен себелеп ұшып  бара жатқандай ...  
Тып-тыныш дала түніндегі көктен күлтелене көрінген Үркердің шоғыры да, тұмандана ағараңдап шұбалған «Құс жолы» да, өзі айтқандай шенеулі жерде жатқан Ұябайға шенеусіз көктен белгі беріп, ғасырлар бойы серік болудан айныған емес, анық байқалып тұрады. Бір ғажабы сол, алыста тұрып кесененің қай тұсынан қарасаң да, шоқ жұлдыз бірдей көрінеді. Тап бір, саған қарап қимылыңды бағып, ой-армандарыңды сезіп тұрғандай!
Көрген жанды осындай ой тереңіне еріксіз жетелейтін керемет көріністерді зерде таразысына тарта отырып, мен жиырма бес жасында қыршын кетсе де әулие саналған Ұябай жатқан, әкесін «сылтауратса» да, бірінші болып оның өзіне бұйырған сол бір биік шоқыны бұрынғы қариялардың «жер кіндігі» санағандарына бүгінде риясыз сенгендей болам!  
Кесене-кешенді салған Хиуа шеберлерінің күмбездің ұшар басындағы үш кірпішті неге байламай кеткені, сол үш кірпіштің үш жылдан кейін құлайтынын, қалғаны ғасырларға кететінін дәл айтқаны және мұның себебі, өз алдына  бөлек әңгіме... 
«Ұябай үйтамының» салыну тарихын, оған қатысты әңгімелер мен деректер жайлы жергілікті халық азды-көпті біледі.Оқиғалар олардың ой-санасында жатталып, бүгінгі ұрпаққа жеткен тарих екені аян. 
Ұябай серінің жалындап өткен қыршын ғұмыры қазақ болып қалыптасқан халыққа айта жүрер естелік  болып қалды. Оның жарқын бейнесі мен өнері ұрпаққа рухани мұра болса, сол айсыз түнгі «Құс жолы» қазір де оның қысқа ғұмырының жарық дүниедегі жалғасындай, «Үйтамның» үстінен айқын көрініп, өткен-кеткендерге бағыт-бағдар сілтеп тұрады. XIX  ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басындағы саяхатшылар мен геологтардың назарын аударған кесене олардың бағдар картасына «Йобай» деген атпен енген. Ал, туған аймен ілесе құмды жарған бұлағы ғасырға жуық тіршілік иелеріне нәр берді де, көзі ғайып болды. Оны тылсым-құдірет еншілемесіне кім кепіл ?! 
Бүгінгі күні, «Ұябайдың үйтамы» Қазақстан Республикасының қорғалатын ескерткіштер санатында, қайта жөндеуден өтетін кезегін күтіп тұрған ескерткіш нысан.

Мәңгі мекен дерегі
Ұябай мәңгілікке мекен еткен бұл өңір сол кездері Сырдария облысының Қазалы уезіне қараған. Қазір ол, Қызылорда облысының Арал ауданының аумағына кіреді.
Әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша, Ұябайдың кесене-кешені Ақтөбе, Қарағанды облыстарының оңтүстік шекарасына жақын, Жезқазған қаласынан, шамамен, 280-300 шақырымдай жерде орналасқан.
Ұябайдың кесене-кешені салынардан екі мүшел (25 жыл) бұрын, Ақжанға түсінде Дәрі анасы аян берген. Түсінде сол анасының киесі – «қара-бұйра тоқтысы» қазіргі өздері жатқан биік төбенің басында төртеуге айналып, көзден ғайып болады. Кейін Ақжанның аянда көргені өңінде айнымай келіп, төбе басына бірінші болып өзінің баласы, Дәрінің немересі – жалындаған жас жігіт, 25 жасар Ұябай (Шаhин) – жерленеді.  
«Ұябайдың үйтамының»  ішінде төрт адамның сағанасы бар. Олардың оң жақтағы біріншісі ең алғаш жерленген Ұябайдыкі. Төрде оның әкесі Ақжан мен анасы Бөбекен, ал Ақжан сағанасынан төменгі, қам кесектен өрілген сағанаға абыздың: «Өлген соң, менің аяқ жағыма жерлеңдер» деп тапсырған өсиеті бойынша, қызметшісі жерленген. 
Қазалы қаласынан 50-60 шақырым жердегі «Ақжан төбе» аталатын биіктің (ол маңда одан биік жер жоқ!) етегіне Ақжан байдың Хиуаның ұсталары биенің сүтіне аттың қылын қосып илеп, кірпіштен салған қыстауы да ғасырға жуық құламай, талай адамға пана болған. Одан әрі Қаражалға тіреліп, тегістік арқылы Бетпақдалаға ұласатын бұл өңірдің сол замандағы тұрғындары да Әдіұлы Ақжанды әулие санап, кие тұтқан. 
Кіші Жүздегі ірі тайпаның атын иемденген Әлімнің үшінші ұлы Айнықтың (лақап аты Қарасақал – Автор) екінші немересі Быладан тараған  Ақжан Әдіұлы сол замандарда Сырдария облысының Қазалы уезіне қарасты Тамды өңірін (Сталиннің қалауымен өткен ғасырдың 30-шы жылдарында Өзбекстанға беріп жіберілген – Автор), Қызылқұмның шығыс бөлігін, Арал теңізінің оңтүстік-шығысындағы Қосбүйрек құмын қыстап, жазда Сырдария мен Қуаңдариядан өтіп, Ырғыз бен Торғайдың шектескен тұсындағы Тәуіп пен Жайсаңбай, Құлжұмыр-Қасқатөбе мен Қараүңгір-Тұздақты, Қарақұмды жайлап, Шөмекей руларымен қоныстас болып, олардың белгілі бектерімен достасып, өте жақын қарым-қатынас жасаған. Төрт арыс Шөмекейдің төрт бұтағымен де құда болып, балаларына айттырып қыз алып берген.
Мыңдап жылқы айдаған Ақжан Әдіұлы тарихта «Ақжан бай» деген атпен қалған. Қыдыр көрген өз заманының абызы, кедей-кепшіктердің панасы болған, құманындағы тәрет алатын қара суы ұйып қалатын, қымыз құятын сабасынан «ақ-сары бас қаз-үйрек» қатар ұшып шаңырағына қонақтайтын әулие 1795-1890 жылдар аралығында өмір сүрген.
Хорезм елінің қан базарлары мен қазақ жерінде өтетін жәрмеңкелерге мыңдап жылқы айдатқан Ақжанның ел арасындағы абыройы мен беделінің зор болғандығы соншалық, тіпті, Кіші Жүздің белгілі рубасылары мен керуенбасылары, балуан-батырлары мен би-болыстары жауапты сапарға шығар, не қандай да бір маңызды іс бастар алдында, абызға сәлем бере барып, сарқытын ішуге, батасын алып аттануға асыққан. 
Ақжанның зайыбы Бөбекен болса, ескіше терең білімді, медресе ұстаған ишанның қызы болған. Ол әке-шешеден жастай жетім қалыпты. Адалдығы үшін атақты Дәрі енесі жан тәсілім етер алдында «құтым сенде қалсын» деп оған тілін емізген екен. Бөбекеннің абысын-ажындарына: «енемнің тілін емгенде ғажайып күйге түстім, бал ма екен дедім»,- деп айтқан сөзі ел арасына тарады, кейінгі ұрпақ біздің де құлағымызға тиді.Тірісінде «адуын ене» атанса, дүниеден өткен соң «бал ене» атанған. Ақжанның кенже ұлы Ұябай осы Бөбекеннен туылған. Ақжан ешқашан билік құрып дау шешпеген адам. Ол өнер де қумаған, домбыра, қобыз да тартпаған, тек ойшыл, көріпкел-әулие болған. Оның әулиелігіне ол өңірде мекен еткен бір де бір жан шек келтірмеген. Оның замандастары болған, бүкіл Сыр бойына белгілі Мұрат бақсы мен естері ауысып кеткен адамдардың талайын дін жолымен емдеп қатарға қайта қосқан Ақпамбет ишан Ақжанды «шын әулие» деп мойындаған.
Ырғыздан қырық-елу шақырым жердегі «Дәрі қатын кесенесі» немесе «Көк қатын кесенесі» деп аталатын мазар – сол Ақжанның шешесі Дәрінің кесенесі дейтін. Оның әкесі қазақ, ал анасы құба қалмақ ханының  қызы екен. 
Кесенесінің басына қойылған құлыптастың қайдан әкелінгені, ондағы жазудың қай тілде жазылғаны зерттеушілердің өздеріне де осы күнге дейін құпия күйінде қалған.
Тарих керуені кірені қайдан тартты дерің бар ма?! Әйтеуір, ізінде тағлым қалары қақ ... 

ТҮСІНІКТЕМЕ:
1. «Көкілташ» – Бұхардағы діни медресе.
2. «Ұрын» – күйеу жігіттің қалыңдығымен кездесуі.
3. «Құлжұмыр-Қасқа төбе» – 1711 жылы қазақтың бірінші Құрылтайы өткен төбе.
4. «Қараүңгір - Тұздақ» – Ресей империясының патша әскеріне қазақ жастарын күшпен
    алуға қарсылық білдіріп қазақтардың патша әскерімен қанды шайқасқа түскен жері. 
5. «Жаршағыл» –Арал ауданы жеріндегі «Баршақұм» алқабының батыс жағындағы жер
    атауы.
6. «Шаhин» - Ұябайдың лақап аты.
7. «Айнық» - Әлімнің бәйбішесі Құбадан туылған ұлы. Кіші жүздегі үлкен ру атауын
    иемденген батыр (шежіре бойынша «Қарасақал» деген лақап атқа ие болған).
8. «Жалбағай-Сарықыз» – алда болуға тиіс оқиғаларды  екі құлаққа кезек-кезек сыбырлап
    тұратын, өте әріден қалыптасып, Ақжан әулетіне ұзақ жылдар қызмет еткен киелерінің
    иесі.
9. «Алтын» –  Кіші жүздегі ру атауы.
10.«Ақ ишан» (Ақпамбет) – ұстаз молла, Қарасақал руының ишаны атанған қожа.
11.«Қызылұм» – Қазалы ауданы мен Қарақалпақстан шекарасының және Әмудария мен
     Сырдария арасындағы үлкен құмды алқап. Тамды – Бұхара облысындағы жер атауы.
12.«Тораңғыл», «Тораңғыл әулие» – Қарақалпақстан жеріндегі Шымбай қаласы
     маңындағы ескі қорым.
13.«Жанқожа» – Сыр бойында 1774-1860 жж. аралығында өмір сүріп, Хиуа, Қоқан
     хандықтары мен патшалық Ресейдің басқыншылығына қарсы жетпіс жылға жуық
     шайқасқан хас батыр, ұлт-азаттық көтерілістің басшысы. 
14.«Дабыл» – Қарасақал руынан шыққан ел қорғаған батыр. Жанқожа жасағының
     мыңбасыларының бірі.
15.«Кісе» – қадірлі белбеу.
16.«Шағырай» - Шағырай Мырзагелдіұлы (1710-1790), Кіші жүз, Қарасақал руынан
     шыққан батыр әрі би. 
17.«Кәдір, Сәдір» – Кіші жүз, Қарасақал руынан шыққан ел қорғаған ағайынды би-
     батырлар.
18.«Бируний»,«Қызылқала»,«Бибазар» – Қарақалпақстан жеріндегі қалалар мен елді
     мекендер.
19.«Қалыңбас» - хандық жүйе жойылып,облыстық басқару жүйесі құрылған кезеңде 
     Сырдария облысы, Қазалы уезіне қарасты 9-14 ауылдан құралған болыстық (негізінен
     Қарасақал рулары жайлаған). 
20.«Абыла» - Қарақалпақстан Республикасы, Тақтакөпір ауданы маңында, «Тораңғыл
     әулие» тұсындағы құмды алқап, «Дәуқара» - «Қалыңбас» болысындағы жер атауы.
21.«Ақжантөбе» – Ақжан бай қыстайтын, Қазалы қаласынан 50-60 шақырым жердегі
     биік төбе. 
22.«Қаражал» – Ақжан төбеден әрі Бекпақдалаға тірелетін жер атауы.
23.«Баршақұм» – Арал Қарақұмының солтүстігіндегі құмды алқап.
24.«Кене» – Кенесары хан Қасымұлын кезінде халық осылай атаған.
25.«Жайсаңбай» – Ырғыз ауданындағы елді мекен.
26.«Тәуіп» – Ырғыз ауданындағы елді мекен.
27.«Шөмекей» –  Кіші жүздегі үлкен ру атауы.
28.«Айбас» – Шөмекейдің  Тоқа  руынынан тарайтын аталықтардың бірі.
29.«Қалыңдық ойнау» – айттырылған қалыңдық пен күйеу жігіттің тойдан бұрын
     оңаша кездесуі .
30.«Көк көл» – Ырғыз ауданы маңындағы көл.
31.«Жігіт отау» –  ұрын бару кезінде, не тойда күйеу жігіт пен серіктеріне арнап
     тігілетін киіз үй. 
32.«Қыз отау» – күйеудің ұрын бару кезінде, не тойда қалыңдық пен  құрбыларына арнап
     тігілетін киіз үй.
33.«Бастаңғы» – ересектер қатыстырылмай, тек жастар үшін, жеңгелері
     ұйымдастыратын сауық-кеш.
34.«Сүмбіле» – жұлдыздың аты, не соның тууына байланысты күз басталарда ауа
     райының салқындауын білдіретін амал. Қазақ ежелден-ақ: «Сүмбіле туды, су суыды.
     Енді өзен-көлдерге суға шомылуға болмайды» деп ескерткен.
35.«Жазы» - түйенің, нардың өркешінің екі жағына жүк артуға, адамдар отыруға
     қоршау жасау үшін кигізілетін қом-құрылғы. Түйенің терісін қажамау үшін ағашты
     кенеппен не жүнмен қаптап қомпайтады. 
36.«Ор» - Орск (Жаманқала) Ресейдің Орынбор облысындағы қала.
37.«Наруан» - қоныстан өріске көшкенде жеңіл ағаштан дайындалатын жүк артқыш.
     Ұзындығы 2-2.5 м., ені 1м.шамасында. Оны екі ұзын ағаштың ортасына қысқа
     ағаштар қағып бекітіп, басқыш (зәңгі) сияқты  дайындайды.Түйілген заттарды соған
     байлап, оны түйеге немесе нарға артады. 
38.«Көк-Шегір» – ойын-сауыққа келгенде, Ұябайға көзі өткен, бір көзі соқыр көккөз
     жігіт.
39.«Таразы» – жұлдыз және оның тууына сәйкес келетін ай атауы.
40.«Шолпан» – таң алдында туатын ең үлкен жарық жұлдыз атауы.
41.«Дүлей-кер» – ауыр сырқат дегенді білдіреді.
42.«Әли-Шер» – Мұхаммед пайғамбардың аты аңызға айналған батыр және пірлі күйеу
     баласы.
43.«Ғайып-Ерен» – періштенің аты.
44.«Белбеу-зер», «зер белбеу» – анасының өздері келін болып түскенде тағып келген,
     кейін қыздарына аманат ететін белдігі.
45.«Пірлі айым» – Ұябайдың қалыңдығының үлкен жеңгесіне арнаған күйі.
46.«Үрлі айым» – Ұябайдың қалыңдығының жас жеңгесіне арнаған күйі. 
47.«Шаш сипату» – қыз жеңгесінің күйеу жігітті қалыңдықпен отауда кездестіріп,
     оның шашын сипатып, сый алу дәстүрі.
48.«Иран-бақ» – жұмақтағы бақ.
49.«Шекелік» – қалыңдық келін болғанда киетін сәукеленің шекесіне қадайтын әшекейлі
     түйреуіш.
50.«Зүбаржат» – көк-жасыл түсті, қымбат бағалы асыл тас.
51.«Сүлікқара» – Ұябайдың тұлпары.
52.«Ту» - бұл жерде ту бие (семіз бие).
53.«Зипуын» – қытай жібегінен жасалған қымбат бағалы мата.
54.«Дөдеге» – киіз үй үзігінің қоршау шиімен ұштасар жиегіне қосып тігілген киіз
     қалақша.
55.«Мүшкілән» – киіктің (ақбөкеннің) безінен алынатын хош иісті зат. Киіктің үлбіреген
     шап терісінен арнайы нақыштап қалта тігіп, мүшкіләнді сонда сақтаған. Қонақтарға
     арналған салтанатты киізүйдің керегесінің басына да осы жұпар қалтаны іліп
     қоятын болған. Атамның айтуы бойынша, «мүшкілән» сөзі орыстың «мускус» сөзінің
     түп-төркіні, ол шығыс әдебиетінде кездеседі екен.
56.«Назымша» – қысқаша жазылған өлең немесе жыр.
57.«Арда бозым» – Ұябайдың Қымбат қалыңдығына арнаған соңғы күйі.
58.«Дегмент» – асыл тастар орнатып, күмістен жасалған белбеу.
59.«Мәдемі» – қоспаларынан барынша тазартылған шынкүміс. Көшпенді халықтар оны
     өздерінің тұрмыс-тіршілігіне және  емдік мақсатта қолданған, түйнемені (сібір
     жарасын) емдеуге пайдаланған.
60.«Бүлдіргі» – қамшыны білекке ілдіру үшін, арнайы шикі қайыстан жасалған ілмек бау.
61.«Паң жорға» – Қымбаттың жорғасы.
62.«Бөкен төбе» - жоңғардан, анталаған жаулардан ел-жерін қорғаған қолбасшы, хас батыр – Кіші жүз, Жеті ру, Табын Бөкенбай отырған төбе.
63.«Төс» - «Төс тарту» – күйеу жігітке арнайы сойылған малдың төсін тартып, одан
     сый алу кәдесі.
64.«Айбике» – Ырғыздың арқа тұсындағы жер атауы.
65.«Бұланты»,«Қалмаққырған» – Ұлытау ауданына қарасты жер атаулары,
     қазақтардың жоңғарлармен соғысқан жерлері. 
66.«Қоңыртөбе», «Бестөбе» – Ұябай жерленген төбеге жақын жер атаулары.
67.«Ақтақыр» – «Ұябайтөбеден» бес шақырым жерден басталатын тақтайдай тегіс,
     ұзындығы онекі шақырымдай ақшыл тақыр, қазіргі кезде Айнық Сарбас, «Жанту»
     тақыры деп аталады.
68.«Тұра» – аттың тұяғының астында тұратын қатты тіреуіші.
69.«Шahин-шекше» – Ұябайдың мұзбалағы.
70.«Мейіз-көкше» – Ақжанның Хорезмнен  әкелген шебер ұстасы. Ол байдың
     тұрмыстық заттарын, ат әбзелдерін, құрал саймандарын соғып жүріп, сол ауылда
     тұрақтап қалған. Көзі көк, мейіздей қақталған шикіл- сары болғандықтан, оны
     «Мейіз-көкше» атап кеткен.
71.«Ақжанақ» – Ақжан ауылының кәрі бүркіті.
72.«Мыршай» – түлкінің күшігі.
73.«Кәрі жілік» – қазақ «тіл- көзден, жамандықтан сақтаушы болсын» деп айтқа
     сойылған малдың кәрі жілігін керуенбастаған түйеге (нарға), үйдің босағасына іліп
     қоятын болған.
74.«Құмай-пора» –  құстың асылы. Құмай тазы «итала қаздан туады» дейді, қазақ.
     «Құмай» сөзі алғыр дегенді білдіреді. Айнық батыр әулетінен жалғасып келе жатқан
     үрдіс бойынша, дүниеге келген жас балаларды өсе келе сынағанда, бойларынан
    тапқырлық, батырлық, шешендік сияқты ерекше қасиеттер байқалса, абыз қарттар
    оларды киелі санап, «құмай-пора» деп айдар таққан. Киелі саналған Ұябайдың да
    «Шahин», «Құмай-пора» деген лақап есімдері болған. Айнық ұрпақтары арасында дара
    дарын «Құмай-пораның» бірі Ерімбет (Ермұхаммед) шайыр Көлдейбекұлы болғаны
    белгілі.
75.«Балта қара» – Ұябайдың қалыңдығы Қымбат сұлудың нағашы әжесінің әкесінің
     лақап аты. Ол әулие, киелі сынықшы  болған. 
76.«Қара-сын» – қара албасты (тылсым бейне) деген мағынада.
77.«Бекзаттым» – Ұябайдың Қымбатқа арнаған күйі.
78.«Жек жорға» – Ұябайдың күйі. Шамасы, ол бұл күйді Қымбаттың «Паң жорғасына»
     арнаған болар.
79.«Ақсарыбас үйрек» – ерекше қасиеті бар адамдардың шаңырағында, қазан-
     табағында, қымыз құятын сабасында немесе қиналған мезетте түрге еніп  елес беріп
     тұратын құбылыстың бірі саналған. Ол құбылысты әруақты адамдар ғана көре
     алады екен. Ұябай қалыңдығымен, қайынжұртымен қоштасатын соңғы күні отаудан
     мойын толғай ұшып кеткен «ақсарыбас үйректер» оның көзіне көрініп, санасына сезім
     салды, ақырғыісті ұғындырды.
80.«Бал ене» - қайыненесі  Дәрі .
81.«Қара бұйра тоқты»  -  Ұябайдың әжесі  Дәрінің киесі саналған. Көшкенде
     көшбасындағы Дәрінің өзіне ғана көрінетін «қара бұйра тоқты»  алдында жүріп
     отыратын болған. Қай жерден шөп жұлса, көшін сол жерге қондырып, жұтқа
     ұшырамаған екен.
82.«Желбегей» - жамылғы .
83.«Ұлпа-тоз» - тоз, беріктік қасиетке ие жасушалар (клеткалар) жиынтығы.