Қазіргі қазақ әдебиетіндегі қолына қалам ұстаған нәзік жандар арасында суреткерлік дара қолтаңбасымен, өзіндік шеберлік өрнегімен ерекшеленетін жазушылардың бірі – Баян Болатханова. Баян – әдебиетке журналистика саласынан келген, өткен ғасырдың 70–80-жылдары қазақ руханияты ошақтарының бірі болған атақты «Лениншіл жастағы» (қазіргі «Жас Алаш») Сейдахмет Бердіқұлов, Аян Нысаналин, Орысбай Әбділдәұлы сияқты баспасөз тарландарының мектебінен шыққан қаламгер. Ол сол кезеңде журналистік қарым-қабілетімен республика жұртшылығына кеңінен танылды. Еліміздегі бүтін бір ұрпақтың рухани өре өрісіне, адамгершілік-моральдық тәрбиесіне үлкен үлес қосқан жастар баспасөзінің беттерінде журналист Баянның суреттеме, публицистика, очерк жанрларында, өнер тақырыбында мөлдіретіп жазған талай дүниелерінің ізі қалды. Кейіннен ол «Кино әлемі», халықаралық «АЗиЯ», «Заман-Қазақстан» басылымдарында да қалам қарымын танытып, тәуелсіз қазақ баспасөзінің қаз тұрып, қалыптасуына белсене атсалысты.
Сөйтіп журналистиканың «қара қазанында» қайнап, шынығып, шыңдалғаннан кейін әдебиет ауылына ат басын бұрған оның қаламынан бірнеше көркем шығармалар туды. Баянның «Кездесу», «Гауһартас», «Қазақтың Қаршығасы», «Өнер өлкесіндегі өрім», «Шипагердің шын сыры», «Бибіажар мен Бойтұмар», «Қарагөз-ғұмыр» атты көркем, деректі повестері мен әңгімелері – оның әдебиет әлемінде төл қолтаңбасы қалыптасқан қарымды қаламгерге айналғанының дәлелі. 2010 жылы жазушының «Бибіажар мен Бойтұмар» хикаяты дәстүрлі «Дарабоз» байқауының бірінші жүлдесін иеленді. Ал 2012 жылы «Сарыкөжек» атты әңгімесі 600 шығарманың ішінен аталмыш байқаудың ынталандыру сыйлығына ие болды. Осы ретте Баянның Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын өткізу сценарийі жобасы үшін жарияланған мемлекеттік жабық байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алғанын ерекше атап өткен орынды. Бұл жолы ол осы тойда қойылған театрландырылған көріністің әдеби жобасын ақ өлең үлгісімен жазып шығып, таланты мен шеберлігінің кемелденіп, толыса түскенін танытты.
Б. Болатханованың қаламгер ретіндегі ұстанымы замандастарының шынайы көркем бейнесін сомдау арқылы ұлттық дүниетаным мен түсінік-пайымды, салт-дәстүр мен ұстанымдарды ұлықтауға саяды. Әр кейіпкерінің образына, мейлі ол ересек адам, мейлі бүлдіршін бала болсын, халқымыздың жан-дүниесі, табиғи бітім-болмысы, менталитеті, тіршілік философиясы өзек болып, өріліп жатады. Туындыларында адамдардың жан-жануарлармен, табиғатпен қарым-қатынасын бейнелей отырып, ұлттық характерді, кейіпкер психологиясы мен мінез бітімі қасиеттерін мейлінше аша біледі. Бала жасынан табиғат аясында күн кешкен қазақ ауылында өсіп, рухани уыздан мейлінше қанып ішкен ол адам тіршілігіндегі қарапайым оқиғалар арқылы үлкен ой айтып, ұлттық рухты, текті танып-білуге, оны жоғалтпауға үндейді. Баян сусындаған рухани бастаудың екі қайнар көзі бар, бірі – ата-әже тәрбиесі, қазақы тәлім-тағылым болса, екіншісі – бала кезінен бойына сіңіре білген эпос пен ауыз әдебиеті туындыларының ұлағатты үлгісі.
Қазір қоғам дамуының әсерімен өмірдегі құндылықтар мен ұстанымдар түбірімен өзгеріске ұшырап, жаһандану үдерісіне сай жаңа сана қалыптасып, басқа мұраттар алға тартыла бастағаны аян. Алайда біз жер-дүниеге ауа жайылған осы мұхит толқынына жұтылып кетпеуге, өзіндік бітім-болмысымды жоғалтып алмауға тиіспіз. Бұл – халық ретінде сақталып қалудың, іргесі берік ел болудың кепілі. Қаламгердің қай шығармасын алсаңыз да, осы көкейкесті оймен үндесіп, астасып жатады, осы мұратқа қызмет етеді.
Жазушының «Қарагөз-ғұмыр», «Майдангер шалдың немересі», «Әжетхана «ханшасы», «Орыс келін» әңгімелеріне қазіргі қоғамдағы түйінді әлеуметтік мәселелер арқау болған. Мәселен, «Қарагөз-ғұмыр» әңгімесінің негізгі кейіпкері – өтпелі кезеңде ала қап арқалап, күнкөріс қамымен базарда тентіреген бір жарым миллион қазақстандық қыз-келіншектердің бірі Қатираш. Бұрын көз көріп, құлақ естімеген нарық заманына тап болғанда тұрмыс-тіршілік ауыртпалығы әйелдердің мойнына түскені аян. Ер-азаматтар екі қолға бір күрек таба алмай, үй күзетіп отырып қалған кезде олар жанын жалдап, тағдыр тауқыметін тарта жүріп отбасын тарықтырған жоқ. «Заман жүгінің салмағын нәзік иығымен көтеріп», өз отбасын ғана емес-ау, бар қазақты ауыр кезеңнен алып шыққан қазақ әйелінің жанкешті тірлігі, қайсар мінезі екеніне дау жоқ. Міне, жазушының «Қарагөз-ғұмыр» шығармасында небір қиындыққа қасқая қарсы тұра білетін қазақ әйелінің осындай кесек образы сомдалған. Ақыры «Пәкеткүл»-Қатираш жасы келіп зейнетке шыққанда, өз қолы өз аузына жеткен баласы дүркіретіп той жасап, «Джип» көлігін сыйлайды. Алайда бұл темір тұлпар Қатираштың табанынан – сыз, маңдайынан күн өтіп жүріп кешкен қаракөз-ғұмырының өтеуі бола алмасы анық, бірақ ол өмірім текке өтті деп өкінбейді, өйткені аналық борышын адал атқарып, аузымен су тасыған қарлығаштай қиын кезеңде отбасын аман сақтап қала білді, оның ғұмырының мәні де, көңіліне медет етер жұбанышы да – балаларын адам қатарына қосу, ұрпағының болашағына қызмет ету. Қазақ әйеліне тән осындай өмірлік ұстаным, тіршілік философиясы жазушы әңгімесінде нанымды суреттеліп, қоғамдық-әлеуметтік мәселелер негізінде бар қырынан ашылады.
Сондай-ақ «Майдангер шалдың немересі» әңгімесінде де өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақ қоғамын тығырыққа тіреген нарық заманының кесел-кесапаты сөз болады. Жоғары біліммен қарауыл боп есік күзетуге ғана қолы жеткен Бейсенбек тіршілік түйткілін несие арқылы шешпек болып, оның да «дәмін» татады. Араны одан әрі ашылып, «қиялымен байып, көбік ақшаның буына піскен» ол төрт құбыламды сай етем деп жүріп, түс көреді. Түсіне мұсылман салты бойынша о дүниеге біреуге қарыз болмай кету жайы енеді. Мұны ол Алладан келген бір белгі деп қабылдап, райынан қайтады. Сөйтіп, қолындағы барымен несиесін жауып, өзінің қоңыртөбел тірлігіне қайта оралады.
Ал «Әжетхана «ханшасы» әңгімесіндегі институтты қызыл дипломмен бітіріп, бір кездері үздік мұғалім атанған Бәтима ақыры әжетхана «ханшасына» айнала жаздайды. Қазір Бәтима сияқты қаншама қазақ әйелі көше сыпырып, базарда әлі де арба итеріп жүр емес пе. Бірақ сонда да рухы мықты қазақ әйелінің сағы сынып, өмірден баз кешіп кеткен жоқ, қай істі болсын меңгеріп, көштен қалмай келеді. Негізі нарық заманында аязға тоңып, ыстыққа қақтала жүріп шарболаттай шыңдалған қазақтың жаңа бітім-тұрпаты қалыптасты. Автор ойы осыны меңзейді.
«Орыс келін» әңгімесінде автор қытымыр ене қыспағына ұшыраған Гүлнәрға діні басқа болғанмен, иманды, мейірбан Нина көршісінің көмектесіп, достық қолын созуын, сол арқылы оның ене сынынан сүрінбей өтуін әсерлі баяндай отырып, ұлтынан, тегінен тыс, жалпы адамзат баласына тән адами қарым-қатынас мәселесін көтереді.
Әдебиет – ұлт жанының айнасы десек, оның төресі – балалар әдебиеті. Б. Болатханова шығармаларының дені – балалар мен жасөспірімдерге арналған шағын әңгімелер мен ертегілер. Жазушының балалар әлемін нысан еткен, жас оқырманға ұғынықты, қызықты тілмен жазылған бұл туындыларында олардың кіршіксіз таза, балауса дүниетанымы, түйсік-пайымы шынайы суреттеледі. «Мәңгілік ел», «Балықтар», «Ию-қию», «Қарақиядағы көкпар» сияқты әңгімелерінің қай-қайсысы болсын танымдық тереңдігімен, тәрбиелік-тағылымдық мән-мағынасымен ерекшеленеді. Жазушы жалпы адам баласына тән құндылықтарды жасөспірімдердің санасына сіңіруді, олардың бойында жоғары адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруды мақсат етеді.
Қаламгердің балаларға арналған туындыларында адам өмірінің табиғатпен, жан-жануарлар дүниесімен астастығы, егіздігі шеберлікпен үйлесім тапқан. Мәселен, қыршынынан үзілген қаршадай иесінің соңынан қарасын көрсетпей, із-түзсіз жоғалған күшік («Сарыкөжек»), қалаға көшкенде иелері амалсыз жұртта қалдырып кеткен мысық («Ақ мысық») хикаялары адам мен жан-жануар арасындағы нәзік те тылсым байланыс жайлы сыр шертеді. Автордың суреттеуінше, Сарыкөжек те, Ақ мысық та суыққа тоңып, аптапқа шыжғырылып жүрсе де, өз тағдырларын қабылдай білген хайуанаттар. «Сені де, мені де жайлы өмірден айырған несиелі несібенің екпіні ғой. Жайлы үйімізге несиеден құтылып әйтеуір бір көшіп кірер болсам, бұйырса бір іздеп табармыз. Мүмкін, өзің-ақ сезерсің. Сенің түйсігің екі аяқты бізден жоғары ғой» деп ойша сырласады иесі мысығымен. Бұл жерде де нарық заманы тудырған қиындық пен шарасыздық шырмауы көрініс береді.
«Итбалық» әңгімесінде балалықпен қызықтап өзеннен итбалық ұстап алған бүлдіршіндердің атасының айтуымен оны босатып жіберуі, сөйтіп табиғаттың өзінен және атасынан рақым сабағының алғашқы әліппесін меңгеруі, ал «Қызылеспедегі өскін досымда» дала перзенттеріне қара жерді жарып шығар бар болмыстарымен қайсарлықты, нәзіктік пен мейірімді үйреткен жас өскін шөп хикаясы баяндалады. «Қайтып келші, қарлығаш!» әңгімесіндегі балалардың білместікпен қарлығаштың ұясын бұзуы, кейіннен қателіктерін түсініп, құстың жолын тосуы суреттелсе, «Алашапанда» бір перзентке зар болған ерлі-зайыптылардың қозыны балаға балап, мәпелеп өсіруі, шопан ата төлі оларға құт әкеліп, соңынан ұрпақ сүюі әңгімеленеді. Бұл шығармаларында автор «Аяушылық сезімі, адам баласының көңіліне жел боп тимейтін мейірім сезімі малшы ауылдың балалары біздерге осынау елең-алаң шақта дари бастаған. Қазақ балалары қозы-лақ бағып жүріп шексіздікпен тілдескендіктен ойшыл болады» деп тұжырым жасайды. Бұл әңгімелерге Жер-дүние жаратылғалы бергі адам мен табиғат арасындағы үзілмес байланыс, бір-біріне тәуелділік кіршіксіз таза балалар әлемі арқылы осылайша желі болып тартылған.
Автор өзі «экологиялық әңгіме» деп айдар таққан «Құрбақа айтқан әңгіме» оқиғасы да табиғат пен адам арасындағы үндестікті, астарлы сырды уағыздауымен құнды. Ел арасында Бейбіт хан атанған хан табиғат апатын алдын ала сезген білгіш қырғауылдардың айтқан әңгімесіне құлақ асып, ел-жұртын басқа жерге қоныс аударады, сөйтіп алапат апаттан аман қалып қалады. Бұдан кейін жас та болса дана баланың ақылымен шөл даланың кемесі түйені қолға үйретіп, сол арқылы елін сулы-нулы жерге қондырады, артынан ел тізгінін сол Дана ханның – Бала ханның қолына ұстатады. Бұл көш бастар көсемге де, ел бастар басшыға да үлгі боларлық ғибрат екені даусыз.
Жазушының шағын әңгімелерінің енді бір парасы қазақы салт-дәстүрді – отбасы жауапкершілігі, бауырмалдық, туысқандық сезімдерді әспеттеуге саяды. «Аңғақ» әңгімесінде жынды судың желігімен отбасының шырқын бұзған Сайлаубайдың қылығына күйінген бір топ ауыл қарияларының данагөй қасиеттері алға тартылады. Қазаққа тән бір ауыл – бір қауым боп өмір сүру қағидасын тірек еткен қарттар бас қосып, ақылдаса келе, көрші ауылдағы құдаларының аяғына жығылып, келіндерін алып қайтады. «Әппақи» әңгімесіндегі ашаршылық жылдары балалар үйіне өткізілген бауырынан айырылып қалған Ләтифа апаның өмір бойы тартқан күйігі кімді болсын бей-жай қалдырмайды. Ал «Ши қалпақ» әңгімесіндегі ши қалпағына қызыққан құйтақандай қонақ сіңлісі Бөкенге әпкесі Төмпішкенің оны еш қиналмастан шешіп беруі қазақ қыздарына тән терең зерде-пайым мен мейірімділік, бауырмалдылықтың үлкен үлгісі деуге болады. Қаршадай бүлдіршіннің осындай ірілік танытуы қазақ қыздарының бойындағы бауырына деген қамқорлық пен жанашырлық сезімінің, ұлттық сом характердің айғағы екені даусыз. Мұны автордың осындай бір шағын мысалмен ғана ашып көрсетуі жазушы шеберлігін танытса керек.
Қаламгердің балаларға арналған ертегілерінің ішінде «Мәңгілік ел», «Тамшыдағы тарих», «Балықтар», «Тұяқ батыр» ертегілері – бөле-жара атауға тұрарлық шығармалар. «Мәңгілік елде» Арсен атты балаға түсінде ұлтын сүйетін қазақтардың намысы мен жігерінен жаралған Құрыш қыз бен Құрыш бала жұлдыз болып ұшып келіп, өздерімен бірге көк жүзін самғатып, аспандағы Қазақстан елінің көшірмесімен таныстырады. Онда Арсен батырлармен, күйші, ақындармен кездесіп, қазақ дегеніміз – ана тілінде сөйлеу білу, дәстүрді ұмытпау екенін, ұлттық код дегеніміз – сана, аспан – халықтың санасы екенін ұғынып, Мәңгілік ел болу идеясын түсініп қайтады. «Тамшыдағы тарих» ертегісінде күн сәулелері жаңбыр тамшыларымен шағылысып, баланың көз алдына ата жауы – қалмақты жеңген батыр бабаларын елестетеді, сол арқылы ерлікке, өрлікке үндейді.
«Балықтар» ертегісінде Көкаспан мен Көктеңіз атты екі алтын балық дауыл екпінімен аспанға – шексіз кеңістікке көтеріледі, сөйтіп армандары орындалып, алқара аспанға жұлдыз боп қонады. Осылайша Балықтар шоқжұлдызына айналады. Автор алдыңа биік мақсат қоя білсең, алынбас асу жоқ деген ой арқылы балалардың жігерін жанып, мотивацияға жетелейді. «Тұяқ батыр» тағылымдық ертегісіндегі сюжет де аса қызғылықты. Ертеде жау қолына түскен кіші анасының құрсағында кеткен шынашақтай бала алтын қайықпен әкесін іздеп келіп, балық аулап отырған оның қармағына ілігеді. Сөйтсе, анасы бесік жырымен бірге өсиет айтып, «тұяқсыз кеткен әкеңді іздеп тап» деп құлағына әбден құйған көрінеді. Әкесі болса «бір ұрпаққа зар болып жүріп ел билеген не теңім?!» деп тақтан бас тартып, дүние кезіп, дәруіш боп кеткен хан еді. Кейіннен сол бала ат жалын тартып мінген Тұяқ батырға айналады. Жазушы ханның бәйбішесінің аузымен «Өнегелі елдің ұрпағы өсиетті құлағына құйып өседі, сексеуілдей сіңірлі, тобылғыдай төзімді келеді» деген қорытынды жасайды. Автор бұл туындысында қазіргі қоғамда етек алып отырған, қазақ дәстүріне жат дерттердің бірі – қартайған ата-анасын қараусыз қалдыру мәселесін көтергенін айтады. Біз, оқырман ретінде, бұл ертегіден қазақ дүниетанымына тән тағы бір астарлы желіні аңғардық. Мәселен, А.С. Пушкиннің атақты «Алтын балық» ертегісін алайық, мұндағы алтын балық – аяқ астынан тегін байлыққа кез болудың, дәулеттің, молшылықтың символы болса, ал қазақ ертегісіндегі алтын балық, алтын қайық дегеніміз – артына тегін жалғастырар ұрпақ – мұрагер қалдыру, соған қол жеткізу. Яғни қазақ үшін өмір құндылығы басқада, оның ұлттық ерекшелігі, халықтық даналығы да осында.
«Ию-қию», «Менің жасыл әлемім», «Автобус-Апа» әңгімелерінде автор бала кезінен көңіл түкпірінде сақталып қалған, қаз-қалпында тостақан жанарына көшіріп алған жасыл әлемнен дүниені тану туралы сыр ақтарады. Бұл әңгімелердегі «жантанушы – әже», «әжесі бар балалар ешқашан қорқа алмайды» деген ой-түйіндерінде отбасындағы, соның ішінде бала тәрбиесіндегі әжелер рөліне баса мән беретіні аңғарылады. Иә, біздер, алпысыншы-жетпісінші жылдардың төлдері, әжелерімізден естіген тәмсіл әңгімелер арқылы жан-жағымызды танып-біліп, солардың қуатымен ержеттік. Тіпті сол кездегі әжелердің сөйлеу тілі де басқа еді. Олар небір мақал-мәтелдерді қиыстыра қолданып, майын тамызып шебер сөйлейтін. Қазір «әже тілі» ұмытылып, қолданыстан шығып қалды, тіпті әжелер институтының рөлі де төмендеп кеткені жасырын емес. Кейде балалық шақтан бері санамыздың бір түкпірінде «жасырынып» жатқан, қазіргі «Түсіндірме сөздіктерде» де кездесе бермейтін сол бейнелі сөздер ойда-жоқта ойымызға сақ ете қалғанда, әжелеріміздің рухымен жүздесіп, олардың даналық қасиеттерінен бойымызға күш-қуат алғандай сезінетініміз бар.
Жоғарыда атап өткеніміздей, әдеби конкурста жүлдеге ие болған «Бибіажар мен Бойтұмар» хикаяты – жазушы шығармашылығындағы шоқтығы биік туынды. Басты кейіпкер Бибіажар – халық даналығын бойына сіңіріп өскен, ата мен әже тәрбиесін көрген тау қызы. Кітапқұмар қыз батырлар жырын жатқа айтады, там үйдің бұрышындағы сөреде тізіліп тұрған кітаптарды әжесінің «қыздың жүгі» деп шаң жуытпайтын жасауынан артық көреді. Асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын шаруашылық тұрмысы нарық қыспағымен тығырыққа тіреліп, құны алтынмен бағаланатын таза қанды тұлпарларды бір орталыққа жинап әкеткелі жатқанда, шаруа қожалығының басшысы Ағдарбек Абсенттен қалған тұяқ – Грабитті тізімге іліктірмей, Бибіажардың атасына сеніп тапсырады. Грабиттен туған, атасы мен апасы өзіне бәсіре етіп атаған құлынға Бибіажар «Бойтұмар» деп ат қойып, оны «күн тигізбей көзіне, жел тигізбей өзіне, түндікпенен күн беріп, түтікпенен су берген» Құртқаша мәпелеп, бағып қағады. Кейіннен бәйгеге қосып, өзі шабады. Автор бұл хикаятында Құртқа – Бибіажар, Тайбурыл – Бойтұмар параллелін алға тартады. Оқырман Бибіажар образынан –Құртқаның, Бойтұмардан Тайбурыл бейнесінің жаңғырығын көріп, батырлар жырынан тамыр тартатын үндестікті сезеді. Сөйтіп, Құртқа әпкесіне тартып туған Бибіажардың арқасында қазақ даласының бір пұшпағын Тайбурыл-Бойтұмар тұяғы қайта дүбірлетіп, кер заманның кесірінен қалғып кеткен қазақ рухын қайта оятқандай болады. Бибіажар бәйгеге берілген машина кілтінен бас тартып, Бойтұмарды басыбайлы қалап алғысы келеді. Автор бұл хикаятта осылайша қазақ қызы мен жылқы малы арасындағы жанды байланысты көркемдікпен бейнелей келе, дәстүрлі де соны образдар сомдайды.
Б. Болатханова, сонымен қатар, өнер тақырыбына да қалам тербеп, бұл салада зерттеушілік, өнертанушылық қырынан танылды. Жүйелі зерттеуге құрылған, эстетикалық талғам мен таным мәселелерін арқау еткен көркем очерк, деректі повестерінде ол өнер тарландарының бітім-бейнесі мен келбетін, өсу жолын қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өмір байланысында көрсете отырып, төлтума мәдениеттегі келелі де өткір проблемаларды көтереді. «Қазақтың Қаршығасы» деректі повесіндегі атақты күйші Қаршыға Ахмедияров, «Гауһартастағы» М. Хакімжанова (қазақ поэзиясының анасы), С. Майқанова (Жер-ана прототипі), Ә. Өмірзақова (қазақ киносының Ақ әжесі), Б. Төлегенова (қазақ әнінің гауһар тасы), С. Оразбаев (қазақтың қара шалы – дана шалы), С. Нұрмағамбетова (дәстүрлі ән өнерін жалғастырушы), Т. Полтавская (қазақ даласының Татьянасы) сынды майталмандардың өмірбаяндары мен өнербаяндары қазақ руханиятының ұлттық тамырлары, дәстүр жалғастығы, өсу, даму, ілгерілеу үдерісі арқылы айшықталады. Жалпы, өнер тақырыбына төл тілімізде жазатын мамандардың саусақпен санарлықтай екенін ескерсек, Баянның бұл салаға да қосқан елеулі үлесі бар екені даусыз.
Жазушының тілі өте көркем, бейнелі. «Қарагөз-ғұмыр, қамажай қыз, найзағай ғұмыр, мөлдей қара мысық, алашапан, көк майса балалық, жасыл әлем» сияқты теңеулер – қаламгер қолтаңбасына ғана тән көркемдік айшықтар. Әңгімелеу тәсілімен, қарапайым тілмен баяндай отырып, небір күрделі ойларды нәзіктікпен, сыршылдықпен әсерлі жеткізеді. Баянның көркемдік әлемі – бала жасынан көкейіне ұялаған жасыл әлем, мөлдір әлем. Жазушының өз сөзімен айтсақ, «Балалық шақтың өмір бойы естен кетпейтін, есейген соң да зердеңде бойтұмардай қадірлеп сақтайтын әсерлі суреттері болады... Сәби кезіңде куә болып, төл табиғаттың өзіндей сіңісті болып кеткендіктен шығар, жаныңа жақын, тым етене. Беу, бұл тобылғы түсті дүние ғой. Өмірдің өз сабақтары... Ол – сенің, менің, бәріміздің жанарымызда. Жүректегі жазулар осыдан басталса керек-ті...»
Баян бүгінде журналист, жазушылықпен қатар баспагерлік кәсіпке де ден қойып, бұл салада да айтарлықтай істер тындыруда. Өткен ғасырдың соңғы жылдарында жоғары оқу орындарының талапкерлеріне арнап тұңғыш «Абитуриент», туризм саласына арнап «Турист» газеттерін ашты. Кейіннен газет шығару ісін баспагерлікпен ұштастырып, «Molia&DOS» ЖШС полиграфиялық кешенін құрды. Бүгінде ол жыр жинақтары, оқу құралдары, сөздіктер, естеліктер тәрізді жүзден астам кітаптарды жарыққа шығарып, баспагер ретінде бұл саланы да дөңгелентіп отыр. Баспаның бояуы кеуіп үлгермеген өнімдерінің бірі – «Мезгіл әуендері» атты қазақ ақындарының жыр жинағы. Республикамыздың түкпір-түкпірінде тұратын ақындардың басын қосқан бұл кітап тәуелсіздіктің төл перзенті саналатын осы баспа-баспахана кешенінің ел егемендігінің 30 жылдық мерейтойына тартуы ретінде дүниеге келді.
Түйіндей айтқанда, заман ағымына сай кәсіп пен қаламды қатар ұстаған, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Баян құрбымыз, «Қарақиядағы көкпар» әңгімесіндегі көкпар тартудан алдына жан салмайтын майдангер өз атасы сияқты, өмір-көкпар додасында қайсарлық пен үлкен қажыр-қайрат танытып келе жатқан қазақтың қайраткер қыздарының бірі де бірегейі.
2021 жылғы балалар әдебиеті жылында қаламгер қоржыны тағы бір ерекше туындымен толықты. Оның «Мейірбан жанарлар әлемі» қиял-ғажайып ертегі-фэнтезиі балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалардың республикалық «Ер Төстік» әдеби байқауында жүлделі үшінші орынды иеленді. Ертегі бүгінгі интернет заманында өздері аяқ баспаған әлемді сәби жанарымен-ақ шолып, ойша қабылдауға бейім балғындардың түсінік-танымына сай жазылған. Автор ақ пен қара, зұлымдық пен мейірімділік, жақсылық пен жамандық тайталасын көрсету арқылы, бүлдіршіндердің бойына ақ пейіл мен адал ниет, қамқорлық пен жанаршылық, татулық пен ынтымақ сияқты адамгершілік, гуманизм қағидаларын, таза жан дүние қуатын сіңіруді көздейді. «Зұлымдық ойға мүлде келмейтіндей әр сәтке, әр минут, әр секундқа жақсылық жебеушілерінен күзет қояр едік. Ұйықтамаса, қалғымаса Жақсылық, Ізгілік ұйықтамасын!» деген ойды өзек етіп, жалпыадамзаттық, ғаламдық көкейкесті проблеманы қозғап отырған ертегіні бүтіндей бір фантастикалық повесть, тіптен романның жүгін арқалап тұр деуге болады. Жаһан халықтарының арасындағы бөліну мен бақталастықтан, сатқындық пен нысапсыздықтан ада, бейбіт те мамыражай өмірді, бүкіл тіршілік дүниесіне, жаратылыс қағидасына тән үйлесімді гармонияны сақтап қалуға, мейірімділік кодын жоғалтпауға үндеген бұл шығарма қаламгер таланты мен суреткерлік шеберлігінің тағы бір жарқын дәлелі екені анық.
Баянның балаларға арналған танымдық, тәрбиелік мән-маңызы зор ертегі, әңгімелері мектеп оқулықтарына енгізуге, мультфильмдер түсіруге әбден лайықты шығармалар деп білеміз. Қазіргі кезде бүлдіршіндеріміз дүние есігін аша салысымен бөгде елдің тұзы жоқ, татымы жоқ мультфильмдерімен ауызданып, жат жұрттың рухын бойларына сіңіре бастауы көңіл қынжылтарлық жәйт. «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» деп Мұстафа Шоқай бабамыз тегін айтпаса керек. Барымызды бағалап, іске асыра алмайтын немкеттілігіміз бен салғырттығымыздың салдарынан ертең бөтен құндылықтарға бет бұрған жат ұрпақ өсіп шықпасына кім кепіл. Осы мәселеге тіпті мемлекеттік тұрғыда көңіл бөлінсе, құба-құп болар еді.
Бір қуантарлығы, 2022 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша шыққан кітаптар қатарында жазушының балаларға арналған «Менің жасыл әлемім» атты әңгімелер жинағы жарық көріп, бүкіл республикаға тарады. Қаламгердің бұл еңбегі бүлдіршіндердің рухани кәдесіне асып, жас ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосады деп сенеміз. Шығарма-тұлпарларың әдебиет әлеміндегі жүйріктер додасында өз кейіпкерің Бойтұмар сәйгүліктей бәйгеден озып келе берсін, Баян дос!