«Махаббат әні-аққу әні» деп І.Есенберлин айтқандай, оқыған, тыңдаған адамның жүрегін тербеп, қиялын қозғап, санасына ақ шуақ нұр құятын поэзия жанры – махаббат лирикасы. Әрине, қос жүректің арасындағы тебіреніс нәзік болмағанда, қандай болсын? Мысалы, Шәмшінің «Дүнген қызы» әнінде: «Өзгені емес, өзіңді ойлап жүдедім.
Түсінер деп бір қазақтың жүрегін» деген жолдар тек дүнген қызына ғана арналмаған деп ойлаймын өз басым. Өйткені, осынау әнді естіген сайын ғашығына нәзік сезімін жолдап тұрған Шәмші ағамыз көз алдыма елестейді. Сүйіспеншілік сезімі арман қанатында қалықтатқан ағамыз өзінің жүрегіне тыныштық бермеген ғажап аруды көңіл көгіне көтереді, махаббаттың символы дәрежесіне дейін жоғарылатады. Шіркін, сол арудың да арманы бар ма екен?! Махаббат ұлтқа, дінге, басқасына қарасын ба? Шәмші кімді сүйсе де, өз таңдауына бар құрметін көрсеткен.
Ал, бізбен замандас ақындардың шығармашылығы туралы айтатын болсақ, жоғарыдағы көңіл-күй бірден өзгеріп сала беретінін мойындағанымыз абзал. Өйткені, жиырма бірінші ғасырдың ақындары қазақ қызын асқақтатып, сұлулығына тамсанып, ақылына таңырқап, аспандағы Ай мен Күнге теңеп әуре болмайды. Оған дәлеліміз де жеткілікті. Жақында танымал блогер, әнші Әлішер Қонысбаевтың «Ол ару» әнін естідім.
«Сағынған, бағынған,
Келші деп жалынған,
Сол жанның қадірін біл» деп басталған шумақтан ұққанымыз - жиырма бірінші ғасыр қыздарының бұлы бес тиынға да татымайтын болып қалғаны. Өзі «сағынып, бір жігітке бағынып, келші деп жалынып» жүрген қыздың қадірі де жоқ екен жігіттерге. Айналасына асқақ қарап, аруға тән тәкаппар қылық пен жұмбақ жымиыс арқылы жігіт жүрегін жаулау – өткен ғасырда қалып қойған құбылыс екен. Бұрынғы өткен әпкелерінің жолын қуып, сән-салтанатына таңдай қақтырып, жігіт-желеңнің жоғарыдағыдай ән арнауы түгіл, маңайына келуге батылы бармайтын арманға айналған қыздар бүгінде шынымен-ақ жоқ болғаны ма? Неге автор қазақ қызының арын арлап, мұңын мұңдамайды? Неге автор қазақ қызын беделден жұрдай етеді? Осы сауалдың төңірегінде шырмалып отырып, әнге әрі қарай құлақ салдық:
«Ол ару тек саған иіледі,
Себебі тек сені сүйіп еді.
Сен үшін сұлу боп боянады,
Ең ғажап көйлегін киінеді» деп қыздың қарапайым киім-киісінің, жүріс-тұрысының бәрін бір ғана жігітке арнап қойғанына басымызды шайқадық. Шынын айтқанда, қазақ қызын абырой-беделден жұрдай еткен әннің авторларына ренжиміз бе, әлде, қыздарға ренжиміз бе, әлбетте, екіұдай сезімде болғанымыз ақиқат. Қандай жағдайда да, халыққа насихатталатын әннің сөзі көркемдік кеңесте талқыға түскені жөн деп есептеймін. Әйтпесе, бүтін бір ұлттың, бүкіл қазақтың қызын осылай төмендетуге жол беру – қылмыспен тең. Аталған әнді эфирге қойып отырған радио, телевидение қызметкерлерінің де ән мәтініне баса назар аудармағаны қынжылтады. Иә, қазір әлеуметтік желі арқылы да танымал болып жатқандар аз емес. Алайда, көркемөнер туындысын әлеуметтік желіге салу үшін де бір шектеу болуы тиіс. Өйтпеген жағдайда жас ұрпақтың талғамы «Ол ару» сияқты әннің төңірегінде қалады. Қыз баланы жігітке ғашық етіп, алдында иілдіріп, жігіттің қыр соңынан қалмайтын етіп көрсететін бұл ән - ұлтымызға, қазақ қызына қарсы жасалып отырған қастандық! Қыз баланы жігітке жалындырып әрі, өз өмірін сол үшін құрбан ететінін айтып, осыған үгіттейді. Осыны дәріптейді. Неткен сорақылық?! «Сен басқа біреуге бармасын деп,
Басқаға ғашық боп қалмасын» деп сөзін жалғайды. Қалай? Қыз атаулысы сонда өзі үшін сыланып, бояна алмай ма? Қыздар оған жауап ретінде: «Ол жігіт сен үшін қырынады, Сен басқа біреуге шықпасын» деп әндетсе қайтпекпіз? Тұлғалық қырын екінші жартысына байлап, ердің болмысын әйелге арнап қойса, не демекпіз? Дара адам екенін ұмыттырып, ән арқылы ер азаматты тек бір ғана қыз үшін өмір сүр деп үгіттесе, мына қоғам не дер екен?
Енді, мына қызықты қараңыз. Бұл бер жағы болса, ар жағында бұдан да ауыр өлеңдер баршылық екен. Тағы бір шығармашыл жанның туындысы, ішімді ашытты. Асантемір Қаршығаұлының «Тәңірге хат» кітабында:
«Өзіңнің жүрегіңді жылата бер,
Мен өзімнің көгімде тұрақтаймын.
Мейлі сен мені ұната бер,
Мен де сені ұнатам...
Ұнатпаймын» - дейді. Неге кел деп отыр, неге кет дейді - түсініксіз. Қыз баланың басын щырғалаңға салып шыр айналдырып, соңғы шешімді жауапкершіліксіз қабылдаған. «Жыласаң жыла, мен өзімнің көгімдемін. Ұнатсаң ұнат, ал мен сені ұнататынымды да, ұнатпайтынымды да білмеймін» деген ой жатыр бұл шумақта. Өлең емес, жаңылпаш деуге де болады. Сонда қалай? Ұлы Абай «махаббатсыз дүние бос» деп бағалаған асыл сезімді аяқ асты еткені қалай Асан ақынның? Ғашықтық дертімен ауырмаған адамның сөзі ғой бұл деген. Өзін сүйген, жауапсыз махаббаттан жүрегі жылап жүрген қызда атасының ақысы кеткен адамдай, онан сайын жерден алып, жерге салатындай не жазды ол қыз? Жазығы – сүйгені шығар. Сезім туралы емес, зат туралы айтып, саудаласып, барға бар, жоққа жоқ дегендей әсер қалдырады бұл шумақ. Мейлі бір шумақ па десем, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, одан да асып кеткен жыр жолдарын оқуға тура келді::
«Жүрмісің мен жайында әлі ойланып,
Ал, жүре бер, алысып елесіммен» дейді Асан ақын. Айтарын айтып, қыз сезімін аяққа салып таптап, жеңілдегендей:
«Білесің ғой , кінәмшіл баладаймын,
Енді менің басымды айналдырма.
Соңғы сөзім, бұрылып қарамаймын,
Отыра бер, ойланып айна алдында.
Хе-хе» дейді. Отбасылы, атпалдай азамат, өзінің әлі ой-өрісі қалыптаспаған жасөспірім баланың ой-санасы төқңірегінде қалғанын танытып, өзін жақсы көрген қыз байғұсты «хе-хехелеп» мұқатады.
Өзі өмір бойы ғашық болған Тоғжанына: «Мен не болсам болайын,
Сен аман бол» деген Абай әулие ғой!
Ал, Асан ақын өзін жүрегінде сақтап, шын сезімін арнаған қыз баланы жұбатудың орнына, оның жанын түсініп, сөзбен болса да жігер берудің орнына: «Сен не болсаң, о бол. Бастысы, маған тәуелді бол! Мені сүйіп, мені ойлап айна алдында отыра бер» деп кекеткендей біртүрлі. Өзі айтқандай «өзінің көгінде өзі тұрақтап, қара жерге сүйгенін қалдырып кеткендей ме?» Әрі қарай, дәл осы қарқында, «кет-кел, кел-кет» деп өлең жолдарын пайдаланып, қазақ қызына, менің замандасыма білгенін айтады. Бұрын ақын жігіттер ғашық болса, қыздар қуанушы еді. Енді қашатын болды-ау.
Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» шығармасында, Ерболдың көшеде келе жатып шығарған «Қызыл көрпе» өлеңін білетін боларсыз:
«Тым болмаса көйлегіңнің киетін,
Не сол көрпе астарының бір сабақ,
Жібі болсам, денесіне тиетін» деп Меңтайды қиялымен көкке шығарып, асыл арманы етіп, ғашығының көрпесіне айналғысы келеді. Аласапыран 1946 жылы жазылған жырда сезім неткен мөлдір, пәк күйде. Ал, бейбіт заманның қаламгерлеріне не жетпейді? Ерболдың бір параққа жазылған жыры, сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім сыйлайды. Ал, том-том кітап шығарып, премьера жасаушылар тақпақтарымен тақылдап, төбемізді ойып тұр. Лирикалық кейіпкер қазақ қызы десек, Асан ағамыз «Әй, кімнің бағысың» , «Қош» десең,
өштесем құрысын» деп тіс қайрайды. Әбден қыздың миын ашытқан соң, «Енді менің басымды айналдырма» деп бұртиып қалады. Құдай-ау, «сүй-сүйме, кел-келме» деп отырған мына сіз емес пе?
Әлішер де сол, қыздың арына тиіп, жігіттің соңынан жүгіртіп, жалындырып, бағындырып болған соң: «Тым биік қыз намысын,
Ешқашан құлатпа» деп ақыл айтады. Өлеңнің бастапқы жолынан бастап, қыздарды бұ дүниеге ерлер үшін әкеліп, ерлер үшін о дүниеге аттандырардай болып отырып, ең соңында ердей болып ақыл айтқаны қалай?
Ең сорақысы, соңғы кезде шыққан әннің бірі, көпшілік мән бермей кеткен тағы бір творчестволық туынды бар. Қаракесектің, «Орамалды» әні:
«Оған әңгіме айтпа,
Ол құптаннан кейін ұйықтайды.
Сен білмейсің, ол біледі,
Ол - аққу, сен - көбелек». Орамал таққан қыздар мен тақпаған қыздардың дәрежесін бөліп, құптаннан соң ұйықтатып, қызға режимді өзі құрыпты. Бұл жерге ештеңе жазбай-ақ қояйын. Сөзім жоқ. Сұрақ көп. Жауап аз.
Қазақ қыздары Мағжан сияқты ұлы ақындардың жырларында ай мен күнге, лағылға, гүлге және басқаларына теңеліп жүр еді. Ақан сері «Балқадишаны»: «Сексен қыз серуенге шықса-дағы,
Ішінде қара басың – хан, Қадиша» деп аспандатқан. Лирикалық кейіпкердің өзі сүйген аруды арманына балап, биіктетудің бұдан артық үлгісі бола ма?! Сондықтан да, бұл ән ел аузында жатталып, санасында сақталып қалды. Ендігі жерде қазақ қызының лирикалық бейнесі кейбір ақындардың жырында төмендеп, махаббаттың добына айналғаны өкінішті. Алдағы уақытта шығармашыл азаматтардың туындысынан сауатты өлең, сана биігіндегі сезім күтеміз.