Биылғы жылы Атырау топырағында дүниеге келіп, өмірден ерте кеткен, бергенінен берері көп, әлі де беймәлім шығармаларын тылсым дүниеге өзімен бірге ала кеткен, дүниеге келтірген туындыларымен оқырмандарының мерейін үстем қылған, халықтың аяулы да асыл перзенті, қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына 90 жыл толуы республикамызда кеңінен аталып өтуде.
Мен бұдан 76 жыл бұрын Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданындағы Нарын құмында орналасқан «Жасқайрат» жетіжылдық мектебінде танысқан, бүгінде ортамызда жоқ болса да ұлы ақынның 90 жылдығын кең түрде атап өтуге арналған шараларға үн қоса отырып, осы мақаламды оқырмандар назарына ұсынып отырмын. Өйткені, қазіргі мезгілде Жұмекенмен мектептес болған адамдар бірлі – жарым ғана. Мен солардың бірі ретінде Жұмекеннің мектеп оқушысы кезіндегі өмірін қысқаша болса да бүгінгі ұрпақтың білгені дұрыс деп есептеймін.
Оқушы Жұмекен
Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген мектептер материалдық жағдайларының әлсіздігіне байланысты жабылып қалуға мәжбүр болды. Сондықтан да оқушылар бастауыш сыныпты бір мектепте, орталау білімді басқа мектепте, ал орта мектепті басқа жерден бітіретін. Дәл осындай жағдайды Жұмекен де бастан кешірді. Ол өзі туып – өскен Қошалақта бастауыш білім, «Жасқайрат» жетіжылдық мектебінен орталау білім алса, кәмелеттік аттестатты Нұржау ауылындағы Ворошилов атындағы орта мектептен алды.
Мен алдымен Жұмекеннің Дыңғызыл ауылдық кеңесіне қарасты «Жасқайрат» орталау мектебінде оқыған кезі туралы айтқым келеді. Мектеп Ворошилов атындағы колхоздың Нарын құмындағы мал жайылым орталығында орналасқан болатын. Мен сол кезде мектептің бастауыш сыныбында оқитынмын.
1945-1955 жылдары мектепті Қ.Нұрмұханбетов, А.Әбішев, Ғ.Әпенов сияқты алдыңғы қатарлы мұғалімдер басқарды. Мектепте С.Қайырмеденова, М.Исмағұлова, апалы–сіңлілі Насеновалар, сол сияқты, З.Махмудов, Ә.Өтебаев, З.Бекжанова, Ө.Сидеғалиев, С.Жәкиева және басқа да білімді мұғалімдер оқушыларға сапалы біліммен бірге саналы тәрбие берді.
Жұмекеннің сол ауылға келгені әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кезде бұл ауылға келушілер негізінен кіреге ілесіп келетін. Кіре деген – қырдағы малшыларға және басқа да еңбеккерлерге арналған азық - түлік, өнеркәсіп және тұрмыстық тауарлар артылған түйе керуені. Қыр халқы айына бір–екі рет аудан орталығы Ганюшкиннен келетін түйе керуенін тағатсыздана күтетін.
1948 жылғы қыркүйек айының бас кезі әдеттегі жылдардан ыстықтау болды. Бір күні түс ауа он шақты түйеге артылған жүгі бар, ауылда ұста Құмар, шатақ Құмар деген атпен белгілі Құмар ақсақал бастаған кіре ауылға келіп жетті. Жұмекен де осы кіремен оқуға келді. Ол әуелі Хален Бимұхамбетов деген жездесінің, кейін мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Жұмекеннің немере ағасы Төлеген Қайырмеденовтің үйінде жатып оқыды.
Мектебімізге жаңадан келген оқушы болғандықтан, жұрт Жұмекеннің қай жақтан келгенін, ата – анасының кімдер екенін білуге құмартты. Сол оқу жылының қысына жетпей-ақ, жұртшылық бұл сұрақтың жауабын біліп те үлгерді. Оның «Жасқайрат» мектебіне келгенге дейінгі қысқаша өмірбаяны төмендегідей болып шықты. Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылы 28-ші қарашада қазіргі Құрманғазы ауданы, Қошалақ ауылындағы «Ашақ» деген жерде дүниеге келіпті. Руы – Алашаның Қоңырбөрігі. Атасының аты – Нәжімеден, әжесі - Бақытжамал, әкесі – Сабыреден (Сабыржан), анасының аты – Мүслима. Жұмекеннің дүниеге келгенде қойылған аты Жұмеден болыпты деген де сөз бар. Жұмекеннің Сәбила, Жаңылсын деген қарындастары болған. Нәжімеденнің Қайырмеден деген інісі, Қалимеден, Зинеден, Шәмеден деген немере інілері болған.
Әкесі Сабыреден 1915 жылы Дыңғызыл ауылдық кеңесіне қарасты «Қуат» деген жерде өмірге келген. Сабыр тілге шешен, өткір, сөздері мірдің оғындай, парасаты биік, танымы терең, ақылды адам екен. Домбырамен ән айтатын өнері де болған. Жүйрік тазы ұстаған, аңшылықпен де айналысқан. Өлең де жазған. 1940 жылы Фин соғысына аттанған. Соғысқа кеткенде Сабырдан екі дәптер өлең қалған. Майданнан үйге жазған хаттары сақталған. 1941 жылы тамызда хабарсыз кеткен. [1 ,66-67 бб]
Соғыстың нағыз қызған шағында Нәжімеден ақсақал жалғыз баласы Сабыржанды майданға аттандырады. Соғыстағы ұлын қатты сағынған Нәжімеден қарт 31 шумақ өлең шығарады. Онда мынадай жолдар бар:
Сабыржан, өзің кеткен орындамыз,
Ашақтың айдын ирек сорындамыз.
Өзіңді сағынғанда анда – санда,
Ізіңді басып кеткен көріп тұрамыз.
Сабыржан-айналайын сағындырдың,
Қайғыға бас идіріп бағындырдың.
Құдайға еш арманым болмас еді,
Бұйырса өз қолыңнан топырағың...
Осы жолдардағы «ізіңді басып кеткен» деген сөздердің өзіндік тарихы болған. Ол туралы ұлы жазушы Әбіш Кекілбаев былай деп жазады: «Жалғыз баласы Сабыр майданға аттанғалы жатқанда, Нәжімеден ақсақал Ашақ сорына ертіп апарып, аяғына биік тақалы әмірхан етігін кигізіп, тұзы шығып жатқан жентек сазға із түсіртіп алады. Тайға басқан таңбадай сайрап түскен сыңар ізге атына өңгеріп әкелген темір қазанды төңкереді. Онысы - жаңбыр жауса, су шайып кетпесін деген амал еді. Бір жағынан, қан майданнан балам атамекеніне аман оралсын деген тілекші ырым болса, екінші жағынан жалғызын сағынғанда іздеп барып, көріп мауқын басатын көз жұбаныш еді». [2]
Жұмекен бірде Рақымжан Отарбаевпен кездесу барасында айтқан екен: «Әкем соғысқа аттанғанда Ашақтың сорына көкем (Атасы Нәжімеден-А.Ш) алып барып, аяғының ізін бастырыпты. Сосын мал таптап, құм баспасын деп, үстіне үйдегі қара қазанды әкеп төңкеріпті. Әкем майданнан оралмады. Көкем сол ізді өле-өлгенше сақтады. Сағынғанда бізді ертіп барып, қазанды ақырындап ашып көретін. Қасиетіңнен айналайын қара қазанның астындағы ізі әлі жатқан шығар. Тәуір болсам, жаз шыға арнайы барамын». [3] Өкінішке орай бұл науқас Жұмекен мен Рақымжанның соңғы жүздесуі болыпты. Кейін, Рақымжан осы оқиға негізінде «Із» дейтін әңгіме жазған. Дүние жалған деген сол, бүгінде ортамызда Рақымжан Отарбаев та жоқ.
Осылайша, Сабыржанның аяғының ізі Ашақ сорында ұзақ сақталған. Ашақ сорындағы осы із туралы біраз ақындар өлең де шығарған. Соның ішінде Жұмекеннің жерлесі, Қошалақтың тумасы, ақын Есмұхан Жанизиннің «Сордағы із» – атты өлеңінен үзінді келтірсек, артық болмас:
Ұлы әскерге күн туып аттанғанда,
Ізін басып қазанмен сорға жатқан.
Мұны істеген қария Нәжімеден,
Байқадың ба, ұтып тұр шалың неден?
Ала қырда сол заман қайдан болсын,
Аппараттар суретке салып жүрген.
Мәңгілік жүрген жоқ жастап адам,
Жұмекен де бастады – басқа қадам.
Келіп-кетіп кейінде жүріпті ол,
Әке ізін көруге астанадан...
Жұмекен мектепке барар алдында көршісі, әрі досы Хабиболла Хабдешевтен әріп тануды үйренеді. Осылайша, кішкентай Жұмекен бастауыш мектепке оқып - жаза алатын дәрежеде барады.
Жұмекен аласа бойлы, толықша келген сабырлы бала еді. Көп кешікпей оның атағы мектептен асып, бүкіл ауылға белгілі болды. Оған себеп болған нәрсе - Жұмекеннің домбырашылығы еді. Біз бұған дейін осы мектепте домбырашы Әзидолла Есқалиев деген оқушы оқып кеткен деп естігенбіз. Бірақ біз оны көрген жоқ едік. Сол мезгілде Көшербай Әубекеров деген оқушы домбыраны жақсы тартатын. Дегенмен, мына Жұмекеннің домбыра тартысы ерекше еді. Ол домбыраны солақай тартатын. Әуелі асықпай домбыраның құлақтарын бұрап, күйге келтіріп, алдымен Құрманғазының «Қызыл қайың» күйін тартатын. Жұмекен бұл күйді ерекше шабытпен беріліп орындайтын.
Ол бұл күйді орындамағанның өзінде жиылған жұрт «Қызыл қайыңды» тартуды сұрайтын. Жұмекеннің орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияға түсуіне мектеп қабырғасында қалыптасқан орындаушылық шеберлігінің әсері болғандығында еш күмән жоқ.
Кейінгі жылдары Алматы қаласында тұрған кезіндегі Жұмекеннің орындаушылық қабілеті туралы заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев былай деп жазады: «Ұялып отырғандай,басын бір қырын бұрып, домбыраға да, тыңдармандарға да көз қиығын салмай, небір әдемі әуезді сіркіреп жауған сәуірдің жаңбырындай төгілте жөнеледі. Тартқан сайын тал бойыңды ерітіп бара жатқан сіңімді саздан жұрт балбырай түсетін». [4, 52 б]
Жұмекеннің өзі де:
Бақыт жайлы толғам көп,
Менің бағым -домбыра.
Майсаңдап күй шертпесем,
Неге керек қол мына, -деп жырлаған. [5, 46б]
Мектепте Жұмекеннің беделі уақыт өскен сайын өсе берді. Оған себеп, біріншіден, оның домбырашылығы болса, екіншіден, оның оқуға алғырлығы еді. Мұғалімдер енді оны қоғамдық жұмысқа араластыра бастады. Бір күні мұғалім апайымыз Рапиха Нәсенова біздің сыныпқа Жұмекенді ертіп келіп, оны бізге таныстырды. Апайымыз мектептің пионер ұйымындағы біздің отряд кеңесінің төрағасы бұдан былай Жұмекен болатындығын, оның мектептегі үздік оқушы екендігін, сондықтан да біздердің одан үлгі алуымыз керек екендігін жақсылап түсіндірді. Сөйтіп, біз мектепте Жұмекенмен жақсы араласып кеттік. Үзіліс кезінде мектептің сыртындағы дене шынықтыру алаңына барып, турникке тартылып ойнайтынымыз әлі есімде. Турниктің биіктігі екі метрге жуық болса, менің бойым бір метрдей ғана болатын. Осындай жағдайда маған Жұмекен жиі-жиі көмекке келіп, турникке қолым қолым жету үшін менің ту сыртымнан құшақтап көтеретін. Ол бұл қамқорлығын басқа оқушыларға да көрсетті.
Жұмекеннің Бисенбай Әбдрахманов, Ақмырза Батырхайыров деген оқушыларды (ішінде мен де бармын) күреске баулығаны әлі есімде. Дегенмен, көптеген оқушылардың ішінде күресті еркін меңгеріп кеткен Ақмырза Батырхайыров қана болды. Ол орта мектепті бітіргенше спортты, соның ішінде күресті тастаған жоқ. Кеңес әскері қатарында жүргенде де күресті тастамады. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында Гурьев қаласына көшіп келгеннен кейін, күреспен біржола шұғылданып, спорт шебері нормасын орындады. КСРО-ның көптеген қалаларында жарыстарға қатынасып, жүлделі орындарды иеленді. Спортты қойғаннан кейін, тренерлікпен айналысып, жастарды күреске баулыды. Оның біраз шәкірттері спорт шебері, спортқа еңбегі сіңген шебер атақтарына ие болды.
Анда – санда болса да, біздің Жұмекенмен бірге батпа қуатын мезгілдеріміз де болды. «Жасқайрат» орталау мектебінің оқушысы Жұмекен Нәжімеденов осылайша менің есімде қалды.
1990 жылы «Жасқайрат» жетіжылдық мектебіне бір кезде осы мектептің үздік шәкірті болған, ал 1954- 1955 жылдары осы мектепте мұғалім болған, кейін ақиық ақын, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері Жұмекен Нәжімеденовтың есімі берілді. Бұл –сөз жоқ, сол мектептің түлегі ретінде бізге де, қазіргі шәкірттерге де зор мақтаныш.
1951 жылы Жұмекен «Жасқайрат» орталау мектебін бітіріп, «Нұржау» ауылындағы сол мезгілде Ворошилов деп аталған орта мектепте оқуын жалғастырған. Мұнда да Жұмекен өзінің күйшілік өнерімен көрермендерді таң қалдырған. Жұбайы Нәсіп Мұстахқызының айтуынша: «Қазақстан» атты колхоздың клубында Жұмекен Нәжімеденов пен Бақыт Қарабалина күй тартқанда халық оларды жібермей, қайта – қайта күй тартқызатын. Жұмекен сахнада «Бұлбұл» күйін скрипкада орындайтын».
Ол мектепте оқушылар комитетінің төрағасы деген қоғамдық жұмыс атқарған. Сол жылдардағы Ворошилов атындағы орта мектебінің директоры, кейінгі жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры Хасан Кәрімовтың айтуынша: «Жұмекен өте ұстамды, үлкен адамдай салмақты, ұқыпты, тындырымды және қарапайым да сезімтал, мұғалімдер ұжымының алдында аса беделді оқушы болған. Сонымен қатар, Жұмекенде менменсу, көкірек қағу, дауыс көтеру, жанжалдасу, қулық- сұмдық деген жат қылықтар жоқ еді. Менің байқауымша, инабаттылып, сезімталдық Жұмекеннің бойына туа біткен, ананың ақ сүтімен сіңген, ата –ана тәрбиесімен қалыптасқан табиғи қасиеттер болатын». [6]
Жұмекен Нәжімеденов 1954 жылы Нұржау ауылындағы Ворошилов атындағы орта мектепті бітіріп, «Жасқайрат» жетіжылдық мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ берген. 1954 жылы 20 шілдеде Жұмекен алғаш рет паспорт алады. Онда ол 1935 жылы 23 маусымда туған деп көрсетілген. Бұл дата, сірә, атасы Нәжімеденнің айтуымен жазылған болса керек. Кейін, жаңа паспорт алған кезде Жұмекен 1935 жылы 28 қарашада туған деп көрсетілген. Бұған анасы Мүслиманың Жұмекен соғымға екі күн қалғанда туды деп айтуы себеп болса керек. 1955 жылы 19 маусымда атасы Нәжімеден дүниеден өтеді. Сол 1955 жылдың тамыз айының бас кезінде Жұмекен 20 жасында Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына оқуға түсуге Алматыға аттанды.
Әдебиеттер:
1.Кеңшілікұлы А. Парасат биігі. «Арда», 2016.
2.»Алтын аймақ» газеті. 9 қараша 2016 жыл
3. «Жалын», 1990, №6.
4.Ахметбекұлы А.Жұмекеннен 100 өлең. Алматы, «Сардар» баспа үйі. 2022
5.АхметбекұлыА.Жұмекеннен 100 өлең. Алматы,»Сардар» баспа үйі. 2022
6. «Жалын» журналы, Алматы- 1990 №6
Гурьев -Алматы – Қарағанды - Алматы
Жұмекен Алматыға келгеннен кейін, қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына құжат тапсырады. Алғашқы емтихан қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жазбаша шығарма болады. Өкінішке орай, Жұмекеннің жазған шығармасы «қанағаттанғысыз» деп бағаланады. Осы жерде зайыбы Нәсіп Мустахованың мақаласынан мынадай үзінді келтіруге болады: «Жұмекен Алматыға келіп, КазПИ-ге документтерін тапсырады. Емтиханнан алғашқы жазба жұмысынан құлаған балалардың ішінен өз атын көргенде, өз көзіне сенбепті. Сол жерде біраз есеңгіреп тұрғаннан кейін, өзімен бірге келген пысықтау балалардың бірінің айтуымен деканның атына арыз жазып, әрең дегенде өзінің жазба жұмысын қолына алып, көреді. Қараса, қатесіз жазылған тап - таза дәптердің бетіне көлденең етіп сия төккен де, «екі» деген баға қойған. Шығармасын сия төкпей, өз қолымен таза тапсырғанын айтып ешкімді сендіре алмаған. Осындай көзсіз әділетсіздікке шыдай алмай, буын-буыны дірілдеп, қайда барарын, кімге шағынарын білмей көшеде жүре берген. Ауылға қайтып баруға намыстанады. Мектепте жазба жұмысынан «бестен» басқа баға алып көрмеген Жұмекен сияқты балаң жігіттің оқуға түсе алмай қайтқаны қандай қорлық?! «Дәптеріме сия төкті» деп кімді сендірмек, кімге түсіндіріп жатпақ? Ауылға қайтуға ақшасы да болмай (өз сөзі) бір арықтың жағасында еңсесі түсіп отырғанда Ғұбайдолла Ержанов деген бейтаныс адам қасынан өтіп бара жатып, бұрылып келіп: «Балам, өңің кетіп қалыпты. Бұл жерде неге отырсың, бір жерің ауырмай ма?»- деп, жөнін сұрап үйіне алып келеді. Әлгі мейірімді жан: «Үйіңе бармасаң, осы үйде тұра бер, бір жыл жұмыс істейсің, келесі жылы қалаған оқуыңа қалайда түсесің» депті. Сөйтіп, сол үйдің бір баласындай болып тұрып жатады. Кешкі тамақты ішкеннен кейін ас үйдің есігін жауып алып, түнімен өлең жазады екен. Кейін Ғұбайдолла ағай: «Жұмекен өте еңбекқор еді. Мінезі өте ауыр, қиын, ас үйімізге кіре алмай, есіктен қарауға бата алмай жүретін едік». [1]
Сүйтіп жүргенде, Жұмекен БЛКЖО Орталық Комитетінің жолдамасымен Қарағанды шахтасына жастарды жіберіп жатқанын естиді. Жұмекен де өз еркімен сол шахтаға барғысы келеді. Заңгер, жұмекентанушы Марат Азбанбаевтың жазуынша: «1955 жылы 8 қыркүйекте Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында кешкі сағат 8-де өткен жастар жиналысында Қарағанды көмір бассейінің бастығы П.Иноземцев пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің І – хатшысы Л.И.Брежнев жастарды кеншілер астанасына шахтерлік жұмысқа шақырған. Бұл хабар, сол жылы «Лениншіл жас» газетінің 11 қыркүйек күнгі санында жарияланады. Газеттегі хабарды оқыған Ғұбайдолла Ержанов Жұмекенді Алматы қалалық комсомол комитетіне жұмсап, Қарағандыға шахтерлікке жолдама алдыртады. Сонымен бірге, «Лениншіл жас» газетінің сол жылғы 16 қыркүйектегі санында Жұмекеннің «Шахтаға мен де барамын» деген өлеңі жарияланады.
Онда мынандай жолдар бар:
Ежелгі менің арманым-
Шахтер боп шығу болатын.
Қиялмен шарлап лаваны
Жүрекке шаттық толатын.
Қолымда міне,жолдама,
Жарқ етті сол бір арманым.
Тұрыңдар, достар қатарға,
Шахтаға мен де барамын. [2-177б]
16 қыркүйек күні Жұмекен Алматыдан Қарағандыға баратын поездың 10 вагонында шахтерлар қаласына аттанады. Жұмекентанушы М.Азбанбаевтың анықтауынша, Жұмекен Қарағанды қаласына 1955 жылдың 18 қыркүйегінде келіп, 28 қыркүйекте Қарағанды қаласындағы № 33-34 «Сталинуголь» шахтасында комбайнердің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Кейін ақын Жұмекен шахтер кезін еске алып:
Қарағанды бір қараған секілді,
Күйе басқан кірпіктерін сәл ашып,
Содан кейін менің қоңыр бетімді
Сүйді желі күн нұрымен таласып.
Әр тасынан бір - бір ұшқын жүр ыршып,
Қарашы, анау породаға үйілген.
Қара таулар қайғыдан да тымырсық,
Әлсін-әлсін түтін құсап ыңырсып»,- деген өлең жолдарын жазады. [3,43б]
Жұмекен шахтер болып жұмыс істеп жүрген кезінде 1956 жылдың ақпан айының 8-27-сі күндерінде шахтерлердің ән-би ансамблі құрамында Мәскеуге барып, Совет Одағы коммунистік партиясының ХХ съезі өтіп жатқан Кремльдің төрінде өз өнерін паш етеді. Онда Жұмекен хорға қосылып, «Қараторғай» әнін айтып, бір күй тартады. Жас өнерпаздар Қарағандыға І орынды иеленіп қайтады. Шахтаның кәсіподақ басшысы Әукебай Кенжин Мәскеуден жүлделі оралған Жұмекенге Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияға түсуге арнайы жолдама алып береді. Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінен №33-34 шахтасы конбайншысының көмекшісі Жұмекен Нәжімеденовтың 1956 жылдың 5 шілдесінде Алматы қаласына оқуға кеткені туралы құжатты көруге болады. 1956 жылдың 20-шы шілдесінде Жұмекен барлық емтиханды тапсырып, консерваторияның халық аспаптар бөліміне бес студенттің бірі болып оқуға түседі. Осы мезгілде болашақ ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов та консерваторияның студенті атанады.
Осы жерде Қарағанды шахтерлерінің облыстық кәсіподағының төрағасы Әукебай Кенжиннің Жұмекенге 1955–1956 жылдардағы Қарағанды қаласындағы шахтерлік өміріне жасаған жақсылығы тұралы ерекше айтқанымыз жөн болады.
Ә. Кенжин кәсіподақ мүшесі, ән-би ансамблінің белді мүшесі Жұмекенді шахта басшыларынан оны мерзімінен бір жыл бүрын жұмыстан босатып, Алматыға Консерваторияға оқуға жібертуге күш салды. Бұл – Жұмекенге жасалған ерекше қамқорлық. Өйткені, ол жерде Жұмекенге өнер адамы ретінде болашағын болжап, көмектесе алатын бірде-бір қазақ жоқ еді. Егер сол 1956-шы жылы Жұмекен Консерваторияға оқуға түспесе, Шәмші Қалдаяқовпен жолығар ма еді, ол жағы мүлде неғайбыл болатын. Патриоттық сезімге толы сөз іздеп жүрген Шәмшіге басқа бір ақынның тап болуы да мүмкін еді гой. Сондықтан да жалындап тұрған қос таланттың қосылып, дүниеге әнұранның келуіне себепкер болған үлкен жүректі азамат Әукебай Кенжинге қазақ халқы мәңгі риза деп айтсақ, артық болмайтын шығар.
Ғұлама жазушы Әбіш Кекілбаев былай деп жазады: «Біз онымен (Жұмекенмен - А.Ш) дәл сол жылдары таныстық. Жатақханада кітап оқып жатыр едім. Дудыраған шашы желкесіне түскен, тәмпіш мұрын бала жігіт кіріп, қара көзілдірігінің мүйіз сабын ерніне қыстырып, сығырая қарады. Жұлып алғандай қылып: «Е, Кекілбаев, сен де осында екенсің ғой» деп мырс етті. Лекцияға бармай қалғандарды тексеріп жүрген студенттер комитетінің бірі екен деп қалдым. Ғайып ерен көріп тұрғандай аңырдым да қалдым. Ол қасыма келіп: «Жұмекен Нәжімеденов», - деп қолын ұсынды. Орнымнан атып тұрдым». [4]
1956-1957-ші оқу жылын ойдағыдай аяқтаған Жұмекен, екі жылдан кейін Алматыдан туған жері Қошалаққа аттанады. Елге келген соң уақыт өткізбей, сүйген қызы Нәсіпке ұйленеді. Ақынның зайыбы Нәсіптін айтуынша, ұйлену тойында Жұмекеннің жанындағы күйеуқосшы болашақтағы қазақтың белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев болған. Менің пайымдауымша, Зейнолланың күйеуқосшыға таңдап алыну себебі, біріншіден, Жұмекен де, Нәсіп те, Зейнолла да Нұржау ауылындағы Ворошилов атындағы мектепте қатар оқыған, Зейнолла кейін аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектептен кәмелеттік аттестат алған. Екіншіден, 1956 жылдаң бастап Жұмекен де, Зейнолла да Алматыда біреуі консерваторияда, екіншісі - қазақ мемлекеттік университетінде оқыған.
1957 жылдың тамыз айында жас жұбайлар Жұмекен мен Нәсіп Қошалақтан Алматыға аттанады. Сол 1957 жылдан 1983-ші жылдың қараша айының 22-не дейін олар Алматы қаласының ерлі-зайыпты, бала-шағалы тұрғындары болып өмір сүреді.
Жұмекен Нәжімеденов Консерваторияда 1959 жылдың соңына дейін оқиды. Жаңа жылда оған қатты салқын тиіп, ауырып, ауруханаға түседі. Дәрігерлер «егер күн сайын үзбей қымыз ішетін мүмкіндігің болса, қымызбен ғана жазылуың мүмкін», - дейді. Дәрігерлер Жұмекенге ауруханадан шығарда "бір жылға дейін музыка аспаптарында ойнауға болмайды, өкпеңе күш түседі» – деп жазып береді. Сүйтіп, Жұмекен 4-ші курста оқып жүріп, бір жылға академиялық демалыс алады. Академиялық демалыстан кейін ол оқуын жалғастырмайды. 1959 жылдың қыркүйек айында Жұмекен Нәжімеденов Көркем Әдебиет баспасына кіші редактор болып жұмысқа орналасады. Баспаның бас редакторы Тайыр Жароков, Ғапу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен және басқалары бір бөлмеде отырады. Мінеки Жұмекеннің 1955 – 1959 жылдардағы өмірі осылай өрбиді.
Әдебиеттер
1.Мұстахова Н. Ақбозат мінген ақын-ды. «Жалын». 1990ж №6
2.Азбанбаев М Менің Қазақстаным-Жұмекен. «Қарағанды». 2006
3.Азбанбаев М Менің Қазақстаным-Жұмекен. «Қарағанды». 2006
4.Әбіш Кекілбаев - Қайсарлық. «Алтын Аймақ» газеті. 9 қараша 2016 жыл.
Жұмекен Нәжімеденовтың прозалық шығармалары
XX ғасырдың 60-жылдарында «ақын Жұмекен Нәжімеденов» дегенге біздің құлағымыз әбден үйренген болатын. Сүйтіп жүргенде 1973 жылы Жұмекеннің «Ақ шағыл», 1975 жылы «Кішкентай», 1977 жылы «Даңқ пен дақпырт» романдары, сонымен бірге «Бетпе бет», «Домбыра мен көсеу» және тағы басқа повестері жарық көрді. Біз үшін күтпеген жаңалық – Жұмекеннің проза жанрына қалам тартып, жемісті еңбек етуі болды. Зайыбы Нәсіп Мұстаққазының айтуынша, ол «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен Дақпырт» атты романдарын Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы әдебиет институты жанындағы Жоғарғы әдеби курста оқып жүргенде жазған. Бұл романдарда жазушы соғыстан кейінгі қазақ ауылында өмір сүріп жатқан адамдардың мінез құлқының, тағдырының үлкен галереясын жасаған.
Кейінгі жылдарда белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев: «XX ғасырдың 60 жылдарынан бері қарайғы бүкіл қазақ әдебиеті тарихының сүбелі бір тарауы - Жұмекен Нәжімеденов»,- деп жазған.[1.144б]
Жұмекентанудың негізін қалаушы және оны күш-жігерін аямай дамытып, Жұмекен жұмбағын шешіп келе жатқан ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп Жұмекеннің шығармашылығын үш кезеңге бөліп: «... ІІ кезең - прозаға ден қойған жылдар»,- деп саралайды.
Романдар бір-бірінің жалғасы сияқты, бірақ өз алдына сюжет желістері, автордың өз айтпағына, концепциясына негізделген, өз алдына тартыс - қақтығыстары бар. Шығармалардағы кейіпкерлердің көпшілігінің прототиптері өмірде болған адамдар. Мысалы, Әжімгерей - Жұмекеннің атасы – Нәжімеден; «Қызыл кемпір» Бақытжамал – Жұмекеннің әжесі; Садықжан – әкесі – Сабыржан; Мәруа, Мүсілима – анасы; Сейсімет - Хисмет есімді ауылдастарының бірі; Идаят – автордың өзі; Тесіктамақ Сабыр – күйші; Өтеген Сахманов - совет төрағасы; Ерәлин Сәку – газет тілшісі; Сапар, Отар – қойшылар;
Осы мақаланың авторы ретінде айтайын дегенім, мен Жұмекенмен бір мектепте оқыған мектептес ретінде ғана емес, сонымен бірге сол романдардағы кейіпкерлердің қай - қайсысы да мен көрген адамдар еді деп айтқым келеді. Сондықтан да осы тақырыпта шағын мақала жазуға бекіндім.
Романдарда оқиғалар жалғасады, кейіпкерлер ортақ. Мысалы, «Ақ шағылдағы» қара бала «Даңқ пен дақпыртта» басты кейіпкер, алғашқысындағы бозбала Еділхан, соңғысында совхоз директоры. Темірәлі, Сейсімет кейіпкерлер үш кітапта да көрініс тапқан. Алайда, сол үш кітапты трилогия емес, романдар циклі дейді. Үш кітапты оқып шыққан оқырман өзін Қошалақ пен Дыңғызылдың құмында жүргендей сезінеді.
«Ақ шағыл» романында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл тіршілігі суреттелген. Кітап ауылдың абыз ақсақалы Әжімгерейдің жалғыз ұлы Садықжанды майданға аттандырғанымен басталады. Ауылда қара бала Идаят пен екі қыз, әжесі қызыл кемпір және анасы Мәруа қалады.
«Ақ шағыл» - Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарындағы «Жаңа өмір» колхозы мен көрші ауылдарды, былайша айтқанда Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданы өмірін арқау еткен роман. Онда елдегі халық тынысы, жеңіс жолындағы жанқиярлық еңбек, тылдағы тіршілік суреттеледі.
Роман оқиғалары отбасы тірлігіне, адамдардың өзара қарым -қатынасына құрылған. Ондағы кейіпкерлер қоғамдық өмірде, мемлекеттік қызметте саяси күресте көп көріне бермейді. Сол кездегі идеологиялық тұрғыдан алғанда бұл кемшілік деп есептелінетін. Кеңес өкіметі кезінде көркем әдебиетте коммунистік партияның рөлі биік тұрғыдан көрсетілуі талап етілді. Көптеген шығармаларда шаруашылық немесе өндіріс басшыларының орашолақтығын партия түзетіп отырады. Немесе, аса маңызды мәселені шешуге «Ұлы халықтың» бір ақылды адамы қатынасып жүреді. Бұл жағдай қазақ жазушыларының барлық дерлік шығармаларында анық байқалады. Ал, Ж.Нәжімеденовтың «Ақ шағылында» бұл үрдіс көрінбейді.
«Кішкентай» романында соғыс салған ауыртпалықты жеңіп жатқан ауыл адамдарының қажымас қайраты – басты тақырып. Автор шығарманың тіліне барынша көркем, түсінікті, қарапайым берілуіне үлкен мән берген.
«Ақ шағыл» мен «Кішкентай» - нақтылығымен, терең сезімді суреттілігімен, халық тағдыры туралы жазылған шыншыл, сонымен бірге сыншыл туындылар деп айтуға әбден болатын шығармалар.
«Даңқ пен дақпырт» романының басты кейіпкері Идаят Садықжанов, оның өмірдегі прототипі - Шәмші Қалдаяқов, өзінің рухтас замандасы.
Академик Ғарифолла Есім: «Абайдың заңды жалғасы - Жұмекен» деген мақаласында: «ғұмыры болса Жұмекен бұл романды ары қарай жалғастыруы мүмкін еді», - деп жазады. Байқаймын, оның өнер туралы айтқысы келген сөздері баршылық». [2,211 б] «Даңқ пен Даңғырт» романын студенттік өмірді реалистік тұрғыда көрсетілген шығарма деп толық сеніммен айтуға болады.
Романда шынайы жасалған характерлер, нәзік психологизм, халықтың ұлттық ерекшелігі мен наным-сенімдері, жазушының туған өлкесіне деген ыстық махаббаты оқырманды мейлінше тебірендіреді. Еңбек ету, адалдық пен адамдық, білім мен қайрат – бақытты өмір мен адамдар жарастығын жасайтындығына сендіреді.
Жұмекеннің «Бетпе-бет» повесін бүгінгі заманғы тұрмыстан алынып, мораль тақырыбына жазылған новелла деп те айтуға болады.
«Домбыра мен көсеу» повесінде адамдар мен өнерді қастерлеу, оған жалаң тұтынушылық, сауда-базар нарқымен қарауға болмайтындығы басты мазмұн етіп алынған.
Бұл романдарда автордың сол кездегі саясатқа, қоғамдық құрылысқа сын көзбен қарайтындығын байқау қиын емес. Бұл пікірлерді мынадай детальдардан көруге де болады: аудан орталығы – Қанішкен (Ганюшкин емес), мылжың тілшісі бар «Социалистік жол», Қали атты әпербақан милициясы бар аудандық тәртіп сақтау мекемесі, жағымсыз, бос сөздерді көп айтатын аудандық финанс бөлімінің бастығы, қойшылықтан келген өнерлі жас сұлуға қырындап жүрген облыстық мәдениет бөлімінің бастығы және басқалары. Колхоздың малына дұрыс зоотехникалық көмек те жоқ. Романдарда әміршілдік пен бос мылжың, дипломы барлар арасындағы таққұмарлық және басқа да келеңсіз жағдайлар айқын суреттеледі.
Демек, Жұмекен Нәжімеденов - өз заманындағы қоғамдық саясатқа оппонент, батыл сыншы.
Осындай шығармаларды бұдан елу жылдай бұрын жазған жас қаламгер – Жұмекеннің батылдығы мен зергерлігі қазақ әдебиетіндегі жаңа құбылыс екендігі кейін түсінікті болды.
Жұмекеннің романдарын өз заманындағы сыншылар қабылдамады. Себебі, Жұмекен Нәжімеденов социалистік реализм әдісін қабылдамаған жазушы. Социализм заманына тән коммунистік партияны мақтау, райком, партком хатшыларын мақтау, соларды басты кейіпкер ету Жұмекен шығармаларында жоқ деп айтуға болады.
Романдардың жиі басылуы біреулердің қызғанышын туғызды ма, әйтеуір оларға «өмірді зерттелмей жазылған совет адамдарының шын бейнесі жоқ» деген сын айтыла бастаған.[3] 1975 жылдың әдеби қорытындысын талдауға арналған партия жиналысында айтылған осындай негізсіз сындар Жұмекен Нәжімеденов прозасына теріс көзқарас қалыптастырды. Енді оның кітаптары сирек басылатын болды. Жұмекеннің соңғы романы «Даңқ пен дақпырт» 1977 жылы баспадан шықты. 20-шы ғасырдың 70-ші жылдарының соңына қарай Жұмекен Нәжімеденов прозалық шығармаларды жазуды тоқтатты.
Қорытындыда айтарымыз, Жұмекен Нәжімеденовтың романдары – нақтылығымен, терең сезімді суреттілігімен, халық тағдыры туралы жазылған шыншыл да сыншыл туындылар, өлмес мұралар болып табылады. Дегенмен, Жұмекеннің прозалық шығармаларын терең талдап, тағылымдау – әлі де алда тұрған міндет деген пікір білдіргіміз келеді.
Әдебиеттер :
1.Нәжімеденов Ж. Толық шығармалар жинағы.Алматы: «Қазығұрт» баспасы. 2012ж 488б
2.Есім. Ғ.Жұлдызды Жұмекен (Жалғыздық философиясы). Астана, «Хас-Сақ» баспасы,2015
3. «Атырау» газеті. 19.01.2006
4.«Ақ шағыл» Алматы, «Жазушы», 1973
5.«Кішкентай» Алматы, «Жазушы», 1975
6.«Даңқ пен дақпырт» Алматы, «Жазушы», 1977
«Менің Қазақстаным»: патриоттық әннен-Мемлекеттік Гимнге дейін
1961 жылы мен Алматыдағы С.М.Киров атындағы (кәзіргі Әл-Фараби) Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Сол кезде Жұмекеннің «Балауса» атты алғашқы жыр жинағы баспадан шыққан болатын. Оған қоса осы мезгілде Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Қазақ КСР халық әртісі Жамал Омарованың орындауында радиодан жиі беріле бастады. Оның өзі Жұмекенді жақсы білетін біз үшін үлкен мақтаныш болды. Сондықтан да менің тезірек Жұмекенді көргім келді. Сөйтіп жүргенде, ойда – жоқта 1962 жылдың күзінде теміржол вокзалында мен Жұмекенмен кездесіп қалдым. Уақыт тығыз болды да, ол мені қаланың шығыс бетінде, тау баурайында орналасқан Подгорная көшесінде жалдап тұрған үйіне шақырды. Көп кешікпей мен Жұмекеннің үйіне бардым. Үйінде Нәсіп жеңгеміз, кішкентай Әйкен бар екен. Менің Нәсіп жеңгемізді бірінші көруім болатын. Ол кісі сол кезде Алматы кілем фабрикасында жұмыс істейді екен. Жұмекен екеуміздің әңгімеміз негізінен «Жасқайратта» оқыған кезіміз, ақ шағылда батпа қуып ойнағанымыз, мектеп бітіргеннен кейінгі өміріміз туралы болды.
Салыстырып қарасақ, екеуміздің де мектепті бітіргеннен кейінгі өмір жолымызда ұқсастықтар көп екен. Ол 1954 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін бір кезде өзі оқыған «Жасқайрат» орталау мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріпті. 1955 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына түсе алмай, ауылға қайтуды намыс көріп, комсомол жолдамасымен Қарағандыға көмір өндіру шахтасына аттанып, бір жыл жұмыс істеп, Алматыға қайтып келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түсіпті. Ал, мен болсам, кәмелеттік аттестатты Зормата ауылдық кеңесіне қарасты Сталин атындағы орта мектептен алдым. Сол мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмекеннің немере ағасы Қайырмеденов Төлегеннің көп қамқорлығын көрдім. Жұмекеннің кенже қарындасы Жаңылсын да мектепті сол ағамыздың үйінде жатып оқыды.Орта мектепті бітіргеннен кейін ҚЛКЖО Теңіз аудандық комитетінің жолдамасымен Калинин атындағы колхозда тракторшының көмекшісі болып қызмет істедім. 1960 жылы Алматыға келіп, Ауылшаруашылығы институтының агрономия факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Бірақ конкурстан өте алмадым. Ауылға қайтуға намыстанып, не істерімді білмей жүргенде біреулер Қарағандыға, шахталарда көмір қазуға барам деушілерге жолдама беріледі екен деген әңгіме таратты. Менің де жолдама алып, Қарағандыға кеткім келді. Алайда маған ол жақтың дәмі бұйырмаған болып шықты. Себебі менің Ауылшаруашылық институтында танысқан жігіттерім (олар да оқуға түсе алмағандар) 2-ші Алматы жүк түсіру стансасына жұмысқа орналасайын деп жатыр екен. Мен де соларға қосылып, теміржолда вагондардан жүк түсіруші болып жұмысқа кірдім. Жұмыс жеңіл болмағанымен, мені оның жатақханасы қызықтырды. Осылайша мен Қарағандыға бармай Алматыда қалып, келесі жылы оқуға түсуге дайындалуға бекіндім. Сөйтіп мен бір жыл теміржолшы болып жұмыс жасап, 1961 жылы ҚазМу-дың тарих факультетіне оқуға түстім. Менің университетке оқуға түсуге дайындалуыма бір кезде Нұржаудағы мектепте Жұмекенді оқытқан Кәрімов Хасан ағайдың үлкен көмегі тиді. 1961 жылы ол кісі университеттің қазақ тілі кафедрасында оқытушы болып істеп, әрі сырттай аспирантурада оқиды екен. Түсу емтиханында қазақ тілі мен әдебиетінен ауызша және жазбаша «өте жақсы» деген бағаға тапсырғаннан кейін оқуға түсу мәселесі негізінен шешіліп те қалды...
Біраздан кейін әңгімеміз «Менің Қазақстаным» әнінің қалай жазылғанына ауысты. Мен Жұмекенге «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарияланған әннің мәтінінде «Жеті жыл жоспары, Жеті қыр асқаны, Думанды бастады, Қазақтың жастары» деген шумақ бар ғой, бірақ, бұл шумақты Ж.Омарова радиода әнге кірістірмейді ғой, дедім. Бірақ Жұмекен бұл жерде ештеме айтпады. Біраздан кейін ғана «бұл жерде саясат бар» деді. Ол қандай саясат екенін ол кезде мен біле алмадым. Тек 60-жылдардың ІІ-жартысында университеттің жоғарғы курсында оқып жүргенде ғана, мен ол саясаттың мәнін түсіндім. Ол былай екен: ХХ ғасырдың 54-64 жылдарында партия мен үкіметті қатар басқарған Н.С.Хрущев Ресей мен Қазақстанның көптеген аумағында тың және тыңайған жерлерді игеруге бастамашы болды. Тың игерудің пайдалы жақтарымен бірге зияны да аз болған жоқ. Жыртылған жер топырағы эрозияға ұшырап, астық түгілі қарапайым шөп шықпай талай жыл қуаңшылықтар да болды.Көптеген жерлер жыртылып, мал жайылымы әбден тарылды. Қазақстанда әкімшілік бөлініс жиі-жиі болып тұрды. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан өлкесі, Батыс Қазақстан өлкесі, Тың өлкесі деген өлкелер пайда болды. Н.С.Хрущев Тың өлкесінің орталығы Ақмола қаласының атын Целиноград деп өзгертті. Тіпті сол мезгілде Тың өлкесіне кіретін Қазақстанның бес облысының болашақта Ресей Федеративтік Республикасы құрамына қосылуы да мүмкін деген сөз де тарай бастады. Оның алдында Шымкент облысының екі ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Сондықтан да ел ішінде жаңағы қауесеттің соңы шындыққа айналып кете ме? деген қорқыныш та болды. Бұл жөнінде композитор Ш.Қалдаяқов республикалық теледидардан берген сұхбаттарының бірінде былай деген: «Қазақстанның солтүстік аймағындағы бес облыс Ресейге берілуі мүмкін» деген сөз менің жаныма қатты батты. Бабаларымыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ғасырлар бойы шетелдік басқыншылардан қорғап қалған жерімізден айдың күннің аманында айырылып қаламыз ба? деген ой басымнан шықпай қойды. Сол кездерде менің басыма бір әуен келді. Кейін сол әуеннен марш екпінінде ән шықты. Мен бұл әннің мәтінін кім жазар екен деген оймен біраз жүрдім. Ақыр соңында жақында Гурьевтен келген жалындап тұрған 21 жасар жас ақын Жұмекен Нәжімеденовке менің әніме сөз жазу туралы қолқа салдым. Менің ұсынысымды консерваторияның І курс студенті Жұмекен бірден қабыл алды». Осылайша, композитор Ш.Қалдаяқов пен ақын Ж.Нәжімеденов өздерінің Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін білдіретін марш екпінінде жазылған «Менің Қазақстаным» деген әнді дүниеге әкелді.
Жұмекеннің қызы Әйкен былай дейді: «Ол (Жұмекен - А.Ш) 1956 жылы Қарағандыдан Алматыға келген еді. Жолда жүргенде алып жүретін аспан түстес бір шабаданы болатын. Ол шабаданды біз жеті жыл бойы пәтерден пәтерге көшіп жүргенде жанымыздан бір елі тастаған емеспіз. Әлгі шабаданның ең астына газет төсеп қоятын. Алматыға келгенде көрдік, Жұмекен сол газеттің астына «Менің Қазақстанымның» кейбір нұсқаларын жазып қойыпты».[1]
1956 жылы қазақ халқы тың игеру барысында еңбектегі ерліктің ерекше үлгісін көрсетіп, 1 (бір) миллиард пұт астық жинауға қол жеткізді. Бұл туралы «Социалистік Қазақстан» газетінде 1956 жылдық 31 шілдесінде сүйінші хабар жарияланды. Сол 1956 жылдың 20 қазанында ҚазақКСРы Ленин орденімен марапатталды. Ал, 23 қазанда «Социалистік Қазақстан» газеті указды толық жариялады. Онда былай делінген: «СССР Жоғарғы Советі Президиумының указы бойынша тың және тыңайған жерлерді игеру ісінде аса көрнекті жетістіктерге жеткені, елімізде жаңа аса ірі астық базасын жасағаны, астық өндіруді мықтап арттырғаны және 1956 жылы мемкелетке 1 миллиард пұт астық тапсыру жөніндегі міндеттемелерін ойдағыдай орындағаны үшін Қазақ Советтік Социалисттік республикасы Ленин орденімен наградталсын. СССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі К.Ворошилов. СССР Жоғарғы Советі Президиумының секретары А.Горкин. Москва, Кремль. 1956 жыл 20 октябрь». [2-96б].
1956 жылы 22 қазанында кешкі сағат 17-де Алматы қаласындағы «Коминтерн» алаңында республикамыздың Ленин орденімен наградталуына байланысты қала еңбекшілері қатынасқан үлкен митинг өткен. Митингіге алаңның іргесіндегі Құрманғазы атындағы консерватория студенттері қатынасқан. Солардың ішінде бірінші курс студенттері ақын Жұмекен мен композитор Шәмші де митингінің басы - қасында болған болуы керек.
Қазақстанда мемлекет қамбасына бір миллард пұт астық құйылуына байланысты қазақ ақындары «Социалистік Қазақстан» газетінде өз өлеңдерін жариялай бастайды. Мысалы, сол газетте 12 қазанда Хамит Ерғалиевтің «Миллион туралы ой», Жұбан Молдағалиевтің «Біз жырлаймыз», 24 қазанда Сырбай Мәуленовтың «Менің Ленин орденді Қазақстаным» атты өлеңдері басылған. Осындай бүкілқазақстандық қуанышты оқиғаға Жұмекеннің ақын ретінде өз үлесін қоспауы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Оған Жұмекентанушы М. А. Азбанбаевтың мына пікірін келтірсек те жеткілікті: «Біздің зерттеу бойынша «Менің Қазақстаным» әнінің өлеңі 1956 жылдың 25 қазанында дүниеге келіп, қағаз бетіне түскен. Тоқ етерін айтқанда, өлең сөздері орден алған қуаныш кешінде туған».3,110б]
Композитор Шәмші Қалдаяқовтың ақын Жұмекен Нәжімеденовке әуенге сөз жазуы туралы қолқа салуы да осы митингіден кейін болса керек. Шәмші айтқандай, Жұмекен бұл ұсынысты бірден қабылдайды.
Әннің алғашқы мәтіні мынадай болған:
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы.
Думанды бастады,
Далама қарашы.
Кең екен Жер деген,
Жерге дән шықты ғой,
Дән егіп, терлеген,
Қазағым мықты ғой.
Қайырмасы
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін.
Жырың болып төгілемін, елім,
Туған жерім менің-Қазақстаным.
Айнала қарасам,
Асықты жүрегім,
Заманға жарасам,
Жарасып тұр елім,
Біздің ел орденді
Көтерді туларын,
Ел мен ол тербелді,
Тербеле жырладым.
Қайырмасы
Сағымды далам бар,
Сабырлы көлім бар.
Қараңдар, жараңдар,
Осындай елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Ежелгі досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай.
Алайда, бұл әннің баспасөз бетіне жариялануында үлкен қиыншылық болған. Авторлар әнді жариялау үшін оны «Мәдениет және тұрмыс» журналына апарады. Ондағылар әннің мәтінінде коммунистік партия және оның басшылығымен қабылданған жеті жылдық жоспар туралы ешнәрсе айтылмаған, сондықтан ән журналға жарияланбайды, - деп кейін қайтарады. Жұмекен амалсыз жеті жыл жоспары...» деп басталатын шумақты қосуға мәжбүр болады. Осыдан кейін ғана ән мәтіні журналға жарияланады.
Ән мәтіні мынадай:
Алтын күн - аспаны,
Даласы-алтын дән.
Қырандай жастары
Қияға талпынған.
Жайқалған орманы,
Жап-жасыл көлдері,
Ел даңқын қорғады,
Еңбектің ерлері.
Қайырмасы
Менің елім,менің елім,
Көз тұндырар жерің егін,
Партияның аясында елім,
Қазақстан - менің Қазақстаным.
Жеті жыл жоспары,
Жеті қыр асқаны.
Жаңалық достары,
Біздің ел жастары.
Алтын күн азат күн,
Жаңғыртты жотаны.
Осындай қазақтың
Советтік отаны. [4.112-113 б]
Ән тұңғыш рет 1959 жылы ҚазақКСР-нің халық әртісі Жамал Омарованың орындауында радиодан берілді. Кейін бұл әнді Ришад Абдуллин, Сара Тыныштығұлова және басқа да әншілер тамылжыта орындады.
Әйкен Жұмекенқызының айтуынша қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Жұмекеннің жұбайы Нәсіп Мұстаққызы әннің алғашқы түп нұсқасын іздеп, радионың алтын қорында сақталған шығарманы көшіртіп, көзінің қарашығындай сақтаған.
“Менің Қазақстаным” әнін жұртшылық өте жылы қабылдады. Тіпті балалар бақшасындағы бүлдіршіндерден бастап, ел ақсақалдарына дейін “Менің Қазақстаным” әнін айтатын болды. XX ғасырдың өзінде - ақ бұл әнді жұртшылық ұлттық гимн деп атаған. Менің пікірімше, мұның бірнеше себептері болды. Біріншіден, сол кездегі саяси - әлеуметтік жағдайға орай әннің сөзі патриоттық рухта жазылған. Екіншіден, ән әуенінің марш екпінінде жазылуы, әннің айтылуы барысында адам бойында ерекше сезім туғызатын. Үшіншіден, Жамал Омарова, Сара Тыныштықұлова және басқа да әншілер әнді нақышына келтіріп, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандыра орындайтын. Осылайша, ән елге тез тарап кетті.
1986 жылғы желтоқсан айындағы Алматы қаласындағы көтеріліс дүниеге келгеніне 30 жылдан кейін бұл әннің мәртебесін жаңа деңгейге көтерді. Сөзі мен сазы үйлескен бұл ән қазақ жастарының қаһармандық рухын биіктетіп, бойларына үлкен жігер бітірді.16-18 желтоқсан күндері Республика алаңына жиналған жастар “Менің Қазақстаным” әнін қайта-қайта шырқап, Қазақ елінің рухын асқақтатты. Алаңда осы әнді шырқаған біраз жастардың қаны төгілді, өмірлері құрбан болды...
Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда “Менің Қазақстаным” әні мемлекетіміздің ресми емес әнұраны ретінде көптеген жерлерде, әсіресе үлкен концерттердің соңында орындалып жүрді. Еліміздің Қарулы күштерінің сарбаздары осы әнмен шеру жасаса, Қазақстанның кейбір демократиялық партиялары бұл әнді өз партияларының әнұраны етіп қабылдады.Осылайша, “Менің Қазақстаным” мәңгі жасайтын халық әніне айналды.
“Менің Қазақстаным” әнінің өлеңі арқылы Жұмекен Нәжімеденов ұлттық ақынға айналды. Қазақстандық патриотизмге толы “Менің Қазақстаным” әнімен Шәмші мен Жұмекен өздеріне мәңгі ескерткіш орнатты.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбайұлы Ж. Нәжімеденов пен Ш.Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным” әнінің Қазақстанның Мемлекеттік Гимні болып қабылдануы туралы былай деп жазады: “2005 жылдың 26 желтоқсаны еді. Сол күні сағат үште Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссиясының кезектен тыс отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде бір ғана мәселе-мемлекеттік гимнді ауыстыру мәселесі болды. Мемлекеттік хатшы (Оралбай Әбдікәрімов-А.Ш) гимнді ауыстырудың мән-жайын, жаңа астанада жаңа гимн дүниеге келетінін және оған Ш.Қалдаяқов пен Ж. Нәжімеденовтың “Менің Қазақстаным” әні арқау болатынын баяндады”. [5]
“Егемен Қазақстан” газетінің 2006 жылғы 7 қаңтардағы №7санында сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Парламентіне хаты жарияланды. Онда былай делінген: “Еліміздің қай түкпіріне барсам да, кәрі де, жас та әнұрандық мәртебесі болмаса да аса көрнекті композиторымыз Шәмші Қалдаяқов пен талантты ақынымыз Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне жазылған “Менің Қазақстанымды” әнұран есебінде шырқағанының талай рет куәсі болдым. Бұл мен ғана емес, Қазақстандықтардың сан буыны әлдеқашан білетіні шындық. Осы уақытқа дейін бейресми әнұран қызметін атқарып келген бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті деп есептеймін.
Осы орайда ән мәтініне қатысты өз пікірімді ортаға салмақпын.
Бұл әннің мәтіні Қазақстан тыңын игерушілер құрметіне жазылғаны ешкімге құпия емес. Сол себепті мәтінді әнұран ретінде қабылдау үшін оған бірқатар өзгерістер енгізу керек деп есептеймін.
Біріншіден, әнұранда ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуге тиіс. Екіншіден, мәтінде сол ата - бабалардан қалған асыл мұрамыз - жеріміздің кең байтақтығы орын алуы керек. Үшіншіден, Еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына жарқын жол ашатына да айқын көрініс тапқаны жөн. Ең бастысы біздің тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі - ел бірлігі баса көрсетілуі керек.
Осы талаптарға жауап беретін өзгерістер түскенде ғана “Менің Қазақстанымның” музыкалық редакциясын сақтай отырып, әнұран ретінде Қазақстан Республикасы Парламентіне ұсынуға әбден болады деп есептеймін.
Елбасы есебінде ғана емес, Қазақстанның азаматы ретінде де мен осы әннің сөзіне жоғарыдағы талаптарға жауап беретін тиісті өзгерістер түсіріп, мәтіннің жаңа нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмын. Авторлығына еш таласым жоқ. Мен үшін биіктерге беттеген туған елімнің әлі талай буыны асқақтата шырқайтын Қазақстанның бүгінгі келбетіне сай әнұран қабылданса болғаны. Нұрсұлтан Назарбаев.”[6,247]
Одан әрі мәжілісте қабылданған жаңа гимн Президент Н.Ә.Назарбаевтың қол қоюына жіберілген. Президент сайлауынан кейінгі Елбасы Н. Ә. Назарбаевты ұлықтау кезінде авторлары ақын Ж.Нәжімеденов, композитор Ш.Қалдаяқов және Елбасы Н. Ә. Назарбаев болып табылатын жаңа Гимн тұңғыш рет Астана қаласында 2006 жылы 11-қаңтарда салтанатты түрде шырқалды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні болып қабылданған сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев болып табылатын “Менің Қазақстаным” әнінің жаңа мәтіні мынадай болды:
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны-
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім,менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін,елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Сүйтіп, 1956 жылы Алматы қаласында белгілі шаңқобызшы Гүлсара Піржанованың үйінде жазылған «Менің Қазақстаным» әні араға елу жыл салып Мемлекеттік Гимнге айналды. Бұл ән алғаш дүниеге келгенде авторлары Ш.Қалдаяқов -26, ал Ж.Нәжімеденов 21 жаста екен.
Қазіргі салтанатты жиындарда, Мемлекеттік мерекелер мен ресми қабылдауларда рухты көтеріп, кеудеңді мақтаныш пен жігерге толықтыратын Мемлекеттік Гимн орындалғанда, әсіресе, мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндері Мемлекеттік Гимн шырқалғанда қолдарын жүрек тұсына қойып, қосыла әндеткенде әрбір қазақ елінің азаматы ерекше сезімге бөлінеді. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде елімізде болған әртүрлі оқиғалар, қуаныштар мен қиындықтар көз алдына келеді. Әнді дүниеге келтірген авторларды қимастықпен еске аласың. Олардың төл дүниелерінің Тәуелсіз қазақ елінің әнұранына айналғаны көңілді шексіз мақтанышқа бөлейді. «Менің Қазақстаным»- еліміздің азаматтарын татулыққа, теңдікке, еркіндікке, ел мен жерге қызмет етуге шақыратын ән болды.
Ендігі әңгіме - «Менің Қазақстаным» әніне ҚР Мемлекеттік сыйлығының берілуі туралы. Бұл жөнінде сол жылдары Мемлекеттік хатшының кеңесшісі қызметін атқарған Өтеген Оралбайұлы былай деп жазады: «2010 жылдың 20 наурызында мен Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевқа биылғы жылғы Әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ҚР Мемлекеттік Гимнінің авторларын ұсыну туралы ұсыныс жасадым. Бұл дәстүрдің әлемнің көптеген елдерінде барлығын және оның қоғамдық - саяси мәні зор екендігін айттым»,-деп жазады. Алайда, бұл жерде бір қиындық болған. Мемлекеттік сыйлық ережесінде «Қайтыс болған авторларға мемлекеттік сыйлық берілмейді» деген жол болған. Бірақ сол ережеде «Мемлекет басшысы кез келген уақытта мемлекеттік сыйлық беретін еңбектерді, авторды өзі ұсына алады және оның шешімі - түпкілікті шешімі болады», - деген де бап болған. Бұл жерде «Менің Қазақстаным» әнін Мемлекеттік сыйлыққа ұсынушылар осы бапты негізге алған болуы керек. Президент Н.Ә.Назарбаев та ұсынысты қолдайды. Бұл туралы Ө. Оралбайұлы былай деп жазады: «...жақсы ұсыныс, дереу жүзеге асырыңдар, ұйымдастырыңдар...». Көп кешікпей, ҚР Мемлекеттік Гимнінің авторлары Ш. Қалдаяқовқа, Ж. Нәжімеденовке, Н.Назарбаевқа ҚР Мемлекеттік сыйлығын беру туралы қаулы жарық көреді. Осылайша, «Менің Қазақстаным» әнінің авторлары ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары атағына ие болады.
Сөйтіп,кезінде таланттары бағаланбаған қазақтың қос жұлдызының бағы ашылып, «Ештен кеш жақсы» дегендей, тарихи әділеттілікке қол жетті.
Өкінішке орай, өз өлеңінің Республикамыздың Әнұраны болғанын ести алмай Жұмекен Нәжімеденов өмірден ерте кетті. Алайда, оның есімі тәуелсіз қазақ елінде ұмытылмайтын ұлы тұлға болып қала береді.
Әдебиеттер:
1. «Атырау» газеті,4.06.2021
2. Азбанбаев М.А.Менің Қазақстаным - Жұмекен.Қарағанды: 2005.
3. Азбанбаев М.А.Менің Қазақстаным - Жұмекен.Қарағанды: 2005.
4. Азбанбаев М.А.Менің Қазақстаным - Жұмекен.Қарағанды: 2005.
5. «Атырау» - 16.06.2020.
6. Азбанбаев М.А.Менің Қазақстаным - Жұмекен.Қарағанды: 2005.
Р.S. Жуырда Атырау облысының Құрманғазы ауданы мен Атырау қаласында қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Мемлекеттік Гимнінің негізгі авторы Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына 90 жыл толуына арналған әдеби-мәдени, ғылыми шаралар өз мәресіне жетті. Осындай маңызды шараларды үйымдастырушыларға ыстық ықыласымызды білдірген жөн болады деп есептеймін. Ал, Алматы, Астана және басқа қалалардан келген қонақтарымыздың сындарлы да салиқалы, мәнді де мағыналы пікірлері үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Кезінде мен де, Жұмекен де Нарын құмындағы «Жасқайрат» мектебінде оқыған едік. Ол менің пионер вожатыйым болған. Жұмекенмен оқушылық кездегі өткен қызықты шақ әлі күнге дейін көз алдымда.
Жұмекенмен Алматыда үйінде талай кездесіп, «Менің Қазақстаным» атты өлеңінің қалай әнге айналғаны туралы бірнеше рет әңгімелескенбіз. Осының бәрі университетте сөйлеген сөзімде, «Атырау», «Прикаспийская коммуна», «Сахара» газеттерінде жарияланған мақалаларымда кеңінен сөз болды.
Енді 10 жылдан кейін үлкен мереке - Абайдан кейінгі ұлы ақындардың бірі Жұмекен Нәжімеденовтің 100 жылдығы аталып өтіледі. Соған дейін мынадай шаралар жүзеге асырылса деген ұсынысым бар:
1) ҚР Мемлекеттік Гимнінің қабылданғанына 20 жыл толуына орай, 2026 жылы «Менің Қазақстаным» әнінің шығу тарихын, әннің бүгінгі замандағы ролін, маңызын көрсететін телефильм шығару.
2) Ақын Жұмекен Нәжімеденов немесе оның жастық шағы туралы толық метражды фильм түсіру.
3) Астана немесе Алматы қалаларында бір тұғырда тұрған Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовке ескерткіш орнату.
4) Атырау облысы аудандарындағы мектептерге, көшелерге Жұмекен Нәжімеденовтің есімін беру.
5) Атырау қаласындағы биік қатарлы үйлердің қасбетіне Жұмекен Нәжімеденовтің суреті салынып, «Менің Қазақстаным» өлеңінің екі не төрт жолын жазу.
6) Атырау қаласындағы Салтанат Сарайына Жұмекен Нәжімеденов есімін беру.
7) Құрманғазы-Қошалақ тас жолын асфальттап, оны болашақта «Жұмекен жолы» деп атау.




