Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Арайлым МҰРАТӘЛИЕВА: «Жарты əлемге дауысым жетер ме екен...»

31 желтоқсан, 1997 жыл, Шымкент қаласында туған, ақын. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.  

Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Педагогика және мәдениет» факультетін тәмамдаған.

Республикалық "Күміс қалам-2022" поэтикалық дуэлінің бас жүлде иегері. 

Халықаралық (Қырғызстан)  “Жашыл аалам” поэзия фестивалінің 
лауреаты.

***
Біз оңаша қалғанда не болады?
Бәлкім, бізден ұяңдық жоғалады...

Бәлкім, үнсіз қалармыз ақтарылмай,
Не айтуға болады шақта мұндай?.

Қаласаңыз, асырмай мөлшерінен
шарап жасап ішерміз жан сөлінен.

Бәлкім, вальс билерміз сырлы түнде,
Қос жалғыздық айналып бір бүтінге.

Нәзік әуен бітпесе таң атқанша,
Жұлдыз біткен таңданып қарап қалса.

Асылармын мойныңа мен еркелеп,
Сені өртемек үшін де, сені өртемек…

Сонда біздің түйісер жанарымыз,
Сол жанардан көрінер хабарымыз.

Сыбырларсың қозғап бір көңіл қылын,
Тек өлтіріп алмашы сенім гүлін.

Келеді ыстық деміңнен сезгім бәрін,
Оңашада айтылар сөздің мәнін.

Ертегі айтып берерсің сонда маған,
Соңы бақыт болатын мен қалаған.

Ертегіге неліктен сенем әлі?
Ары қарай білмеймін не боларын.

Не істеуге болады тағы басқа?
Жүрегіңде атымның бары рас па?

Бары рас па Құдайдың сол жүректе?
(Құдайы жоқ жүректер елжіреп пе?)

Елжіреттім жаныңды қалайша мен?
Сол жылы сәл жымиып қарай сап ем.

Содан бері санаңа салмақ болдым,
Содан бері санама салмақ  болдың.

Алыс жүріп неге азап тартамыз біз?
Неге оңаша қалудан қорқамыз біз?

Неге оңаша қалудан қорқамыз біз?

 

БАҚ ІШІНДЕ

Күз де келді шықпайтын жүз күн ойдан,
Жүрегімде басталды ізгі майдан.
Айтыңызшы, көрдіңіз осы қашан,
Сұлулықты сүймейтін қызды қайдан?

Қарашы, аға, бақтағы тамашаға,
Сап-сары түс Тағдырға жарасады, ə?!
Сары өлеңнің тербеліп ырғағына,
Мүмкін, вальс билерміз оңашада...

Қылықты емен, қызға тəн жоқ бұрымым,
Бір жүректің сонда да от-жырымын.
Мені ақын деп ойлайды ел, шындығында -
Тағдыр ғылымдарының докторымын!

Уақыт деген - Түндер мен Таң күресі,
Күресі жоқ тірліктің мəнді несі?
Жел дегенің - Өмірдің күрсінісі,
Өмір деген - Жүректің əңгімесі.

Сыршылдығын ұнатам мына бақтың,
Жалғыздығын тұр оның кінəлап кім?
Құстың бəрі қайтыпты Көктеміне,
Өткеніне оралып бір ағаш тұр...

Жүрегімде басталды ізгі майдан,
Кетпейікші алыстап Біз Құдайдан.
Жарты əлемге дауысым жетер ме екен,
Күзді қатты сүйемін,
Сізді қайдам...


***
Жүрегімді шер қысты сені ойлап ем, 
Сені ойладым, білмеймін, неге ойладым?

Неге? Неге? Негесі бітпес өмір,
Жүрек-Ақыл егесі бітпес өмір.

Жүрегімді тыңдасам — жұбанамын,
Ақылымды тыңдасам — дүбәрамын…

Сағынышқа ұқсайтын тым әсерлі
Ішімдегі қайтемін мына шерді? 

Қайтемін шер іштегі отқа айналса,
От ішінен өзімді таппай қалсам? 

Ән тыңдасам жүресің ән ішінде,
Сен әлде дүниенің бәрісің бе?

 Қалаға кеше жауған қар да сен бе?
Мазалайтын жүректі Ар да сен бе?

Сен шығарсың көңілдің тазалығы,
Сені ұнатып қалғам ба сөз анығы?!

Жан-дүниемді балқытқан шарап та сен, 
Балқымасам бұл жырды жаратпас ем!

Табиғаттың сезініп  заңын үстем,
Өтіп жатқан өмір-ай жанып іштен.

Келемін деп сертіңнен тайғанап па ең,
Жолымыздың түйіспей қойғаны, әттең…

Сені ойладым, білмеймін, неге ойладым…

 

UNFATHERED 
[экспромт] 

Мен әкемді көрмедім… көрінбеді,
Көрінбейтін Жүректің төрінде еді.
Содан болар, мен оны іздемедім,
Іздегенін сезбедім оның мені…

Бәлкім, көрген шығармын, жоқ есімде,
Есіме сақтамаппын елесін де.
Менімен жасырынбақ ойнаймын деп
тығылды ма анамның өңешінде?!

Тығылып қалды ма оның өткеніне?
Жан тербеген аяулы сәттеріне?
Бүгінде анам да жоқ… табылды олар
өлеңнен… тамып түскен дәптеріме.

Содан бері хат жазу болды ермегім,
Сол хаттар жүрегіме салды өрнегін.
Ешкім жауап бермеді,  мен де ешкіммен 
жасырынбақ ойнауды жөн көрмедім.

Орныма қанша көктем төкті жасын?
Қанша әке қай жартасқа соқты басын? 
Бәрі жақсы болады-ау, бәрі жақсы,
Кешіре алсақ Тағдырдың көп күнәсін.

Айтып еді жан анам бірде сырын:
Мен — өмірдің ғажайып жүлдесімін!
Мен — Ұлы махаббаттың жемісімін! 
Содан болар тербетсем жыр бесігін...

Әкем жайлы
санама анам соққан мұнараны
қиратпадым… өзі де құламады.
Маған ауыр тиеді, менің емес,
Әкесі бар қыздардың жылағаны.

Мен әкемді көрмедім... жыламадым…
Тұрағы Жүрегімде шығар оның,
Жұмағы Жүрегімде шығар оның.
Өмірге биігінен қарап тұрмын
Анам соғып қалдырған мұнараның.

 

ОШ КӨКТЕМІ 
[Қырғыз жігітіне]

Бір болмыс бар қиялымда, 
Бала күннен ғашық еткен.
Біз кездеспей қалған болсақ,
Бұл көктемнің несі көктем? 

Кетіп едім көптен сүймей…
Тосынсыйсыз болған ба өмір?
Ошқа келіп ойда-жоқта
Өртке оранды тоңған көңіл. 

Сансыратты санам ішін 
сан сұрақтың аламаны.
Ой орманын аралатты,
Ойлы көзбен қарағаны.

Шіркін, неткен отты қарас!
Жан-дүниеңді қарып өтер. 
Сүйе алмаған күндерімнің
Жазасындай ауыр екен.

Оның айтқан әрбір сөзі
“Манас” болып естілгендей. 
Қарап тұрмын Жүрегіммен, 
Мен көргенді ешкім көрмей.

Тұрып алды көз алдымда, 
Сұңғақ бойлы сырбаз жігіт.
Ғаламыма Күн орнатып, 
Қаламыма жыр жаздырып.

Қаламыма жыр жаздырған
Маңдай бағы бес елі екен. 
Ал өзі ше, мені көрсе
Қандай күйді кешеді екен?

Айып етпес, үш күн бойы
Жан-жүрегі жүрсе езіліп. 
Парасаты паң *Памирдің
Биігіндей тұр сезіліп.

Көркемдігі мінезінің 
*Кара-Койдай ғажап екен!
Сол ғажапты күнде көрмеу —
Арулардың азабы екен.

Тұлғасына болдым ынтық,
Сол жігіттің Ошта туған.
Қолымыздан басқа бірақ
не келеді қоштасудан?

Хат жазысып тұрар, бәлкім, 
Сағыныштан сарғайғанша.
Арман шіркін азаяр ма,
Болашақ жар сондай болса!

Алматыға кетіп барам, 
Біз жолыққан күн ескіріп.
Жүрегімнің түкпірінен
“Бегімайдың жыры” естіліп...
Арайлымның үні естіліп... 

_
*Памир — Орта Азияның ең биік тау жүйелерінің бірі.
*Кара-Кой — Қырғызстанның Ош облысындағы жайлау.

 

ЖАҢБЫРЛЫ КЕШ

Сәттерге оралуға кешегі өткен
Арада өтеді енді неше көктем? 
Жаңбырда сені ойладым, аяулы адам,
Ғаламның бір бұрышын мекен еткен. 

Демеймін қолым жетпес шалғайдасың, 
Мендегі тағдырдасың, маңдайдасың. 
Сен иісін ұнатқан Гүл болайын, 
Кеудеңдегі Көктемің сарғаймасын.

Уақытым іңкәрлікпен өтсін өстіп,
Сырымды қоймасын тек ешкім естіп.
Мен — жаңа атқан таң едім, 
Сен — сағатсың, 
көрсетіп тұрған тілі кешкі бесті. 

Тағдырдың күлкілі емес неге әзілі?
Сен жайлы ойлар болды жан азығы. 
Кешіккен Көктем үшін шым-шым еткен
Жүрегіңнің бар еді не жазығы? 

Сендегі тазалыққа іңкәр еткен,
Өмірді ойладым ба тұмса деп мен?
Көбелек қанатындай хаттарыңның
Самалы дидарымды жұмсақ өпкен…

Жолортада кездестік сәл кешігіп…
Бойтұмарым секілді болды есімің.
Ешкім жүре алмаған жолым үшін
Ешкімнен сұрамаймын мен кешірім!

Өзіңді салып еске мына жаңбыр,
Ғаламды тазартқандай күнәдан бір. 
Бәлкім, ол сен шығарсың өзімді аңсап
Аспанның көңілінен құлаған жыр.

 

БӨЛМЕДЕ

Бұл — менің жатын бөлмем,  
Көзімнің ел көрмеген жасын көрген…
Сіз жолдаған сағыныш хатын көрген...

Бұл бөлмеде мен бармын, сосын өлең,
Жазылатын жүректің жасыменен. 
Екеуміз де — аңғалмыз, баладаймыз, 
Махаббатқа сенеміз расыменен.

Мекен еткен бөлмемнің бір бұрышын,
Жалғыздық та бар мұнда… жүр кім үшін? 
Момақан көрінгенмен, ұйқымды ұрлап,
Басып тұрар секілді түнді мысы. 

Ақындарсыз түн бе екен қараңғы түн?
Ақылдан адасқам жоқ, санам бүтін.
Ай нұры сығалап тұр тереземнен,
Арымды тергегендей боп алды тым.

Жауабы жоқ сұрақтар жанымды жеп, 
Жылатып ала берді әнін жүрек. 
Тыныштығым жоғалған сәттерімде,
Тек сіз ғана сұрайсыз хәлімді кеп. 

Тұрлауы жоқ тірліктен жоқ аларым,
Белгісіз қайда барып оңаларым.
Хатыңызға өртеніп кетердеймін,
Отыңызға өртенсем не боларын…

 

АҚЫН ҚҰРБЫҒА
[Экспромт]

Өзіңді жүр ме екенсің таппай әлі?
Келешексіз сүюдің жоқ баяны…
Жаныңды күйдіреді әлі күнге, 
Он сегізде тұтанған от баяғы.

Білдің бе көкірегіңе шер тұнарын? 
Жан екенсің, құрбыжан, дерті қалың.
Сөндіріп алмайын деп сол бір отты, 
Жұбатарға сөз таппай мен тұрамын.

Ол бірақ сөнбейтін от оңайлықпен!
Сегіз жыл… Сезім. Үміт. 
Жолайрық. Сен.
Жылайтын да шығарсың өзіңді аяп,
Тоғыспайтын тағдырды талай күткен. 

Жұбатар ем мен сені шамам келсе, 
Түсінбейді жаныңды қоғам менше! 
Құсалықтан күл болып кетер ме екем,
Сендегі махаббатты маған берсе…

Жаныңның пәктігін-ай балапандай, 
Сен соны қорғай алсаң жара салмай…
Жігіттің сұлтанына ғашық болған
Талғамың биік қандай Алатаудай! 

Сен айтқан сырдан болдым наз ұққандай, 
Сол бір наз көңілімді қажытқандай. 
“Сүюге жаралған жан” дейсің оны,
Қыздардың махаббаты нәзік қандай!  

Сүйгеннің ерек болар есімі елден, 
Батыл жетпес санаңнан өшірерге.
Үнсіз ғана сүйесің, ал махаббат
сендегі үнсіздікті кешірер ме?

 

САРЫ КӨКТЕМ

Күз — әрбір жапырағын гүлге теңеуге болатын екінші көктем.

Альбер Камю

Сары күз, сүймеуші едім сізді бұрын,
Жапыраққа ұқсатқан қыз ғұмырын…*
Жапыраққа ұқсатқан адам жанын…
Не тылсым табыстырды бізді бүгін? 

Бүгін маған ұнайсыз, данышпан күз,
Алдыңызда — сүюден мән ұққан қыз. 
Есіңізде бар ма екен, екеуіміз
менің бала күнімде танысқанбыз. 

Содан бері сыр аштық біз әлемге:
Мен ақынға айналдым, Сіз — өлеңге. 
Қалам деген жақсы ғой, сиясымен
қателігін өмірдің түзегенге.

Тағдыр дейміз, қаша алған кім бар одан?
(Тағдырын да түзейді шын қалаған).
Жалығамын жаттанды мысалдардан,
Айта ала ма өз ойын діндар ағам?

Еркіндігін аңсай ма діндар әпкем?
Ғұмырлар-ай ертегі тыңдап өткен…
Мен Тәңірді сүйемін ақындарша,
Оны есепсіз сүйетін кім бар, әттең?

Неткен сұлу едіңіз, Сары көктем,
Неткен сырлы едіңіз, Кәрі көктем?..
Мен көргенді көре ме қала шамы,
Жүріп өткен жолымды жарық еткен.

Күз дейтін атыңыз бар ел білетін,
Жапырақ хатыңыз бар жел білетін. 
Сол хаттан жаны аяулы ғашықтардың 
іштегі алаулаған көрдім отын.

Жырға сенген сезімдер тұнық қандай!
Көңіл қылы тербеген үміт қандай!
Сары күз, сізге ұқсатам сол адамды, 
Жан дүниемді нұрымен жылытқандай.

Жалын отпен жанымды қарып өткен,
Маған сондай ұнайсыз, Сары көктем!.. 

_
*Әлі үзілмей тұрған, қыз жанын алып қалған сол жапырақ еді…

(О’Генри, “Соңғы жапырақ” новелласынан)


***
Сары түстің ғажап екенін
Күзге қарап ұғындым.
Сыр сақтаудың азап екенін 
Сізге қарап ұғындым.

Адаспаудың қиын екенін
Жол ұқтырды бұралаң. 
Қоштасудың күйік екенін
Көз ұқтырды жылаған. 

Жалғыздықтың көркем екенін
Жан ұқтырды сөз берген.
Тәтті сөздің ертегі екенін
Дәмі ұқтырды өзгерген. 

Кінәлісіз… Бәрін білесіз,
Білгеніңіз ұнайды. 
Мен бар жерде жанып жүресіз,
Ар отына сыңайлы...

Сізді осылай ақтап аламын,
Мен де өзімше Тәңірмін. 
Тұрғынысыз басқа қаланың,
Бір мұңысыз көңілдің. 

Жырақ жүріп боламын мен де,
Халіңізге жиі алаң. 
Жаныңызға барамын деуге
Жарыңыздан ұялам.

Сары түстің ғажап екенін
Күзге қарап ұғындым.
Сыр сақтаудың азап екенін 
Сізге қарап ұғындым…