Күз айларының мизам шуақ күндері аяқталып, ызғарлы суығы күшейіп, терістіктен ызғырық жел соққан мазасыз шағы. Бұл-күздің соңғы айы қарашаның алғашқы күндерінің бірі болатын. Құс біткен жылы жаққа бет түзеп кеткенімен, әлі де «туған жерін қия алмай, үмітін үзе алмай» қараша қаздың көтеріле қоймаған кезі. Көз жетер жерде шабылған шөбін жинап үлгермеген бірлі - жарым шөпшілер күздің бір-екі күндік «жылтырағанын» пайдаланып, жанталаса еңбек етіп жүргені байқалады. Жалпы, науқандық қарбалас басылып, шаруа қолы біршама босаған уақыт
«Қарашқазған» қыстағындағы қой өсіруші «Жас жігер» комсомол- жастар бригадасында биылғы қысқа бес отар қой түсетіні белгілі болып, қысқы азыққа жетерлік жем-шөбі де жинақталып, қоңыр тіршілікке бет бұрған шақ. Қыстақтағы биыл шабылып-жиналған бес кебен шөп сыртынан қарағанда көңіл тоятындай, көкпеңбек. Былтырдан қалған, әр жері кұлап аяққа тапталып шашылған бес жүздей буылған шөп те малға қосымша азық.
Күздің бұл мезгілінде кебенге түсетін «жау» көп. Далада түнеп қалған бойдақ сиырлар, үйір-үйір жылқы мен түйе малы бір жағынан ықтасын іздеп, бір жағынан тегін шөптен ұзап кете алмай, маза бермейді. Тәлімгер ағамыздың айқайымен кебенге түскен малды әрі айдап, әбден ығыр болған кезіміз. Бүгін де ферма отралығынан келген Ұлықпан бастығымыз: - Кебенде жиырма-отыздай түйе тұр, неге қарамайсыңдар! –деп ұрсып, малды қайырып айдап тастауға мені жұмсады. – «Ақтанауды» мініп «Қосаралға» қарай бір-екі қырдан асырып тастарсың! -деді.
Жалпы 1975-1980 жылдар осы «Қосарал» ауылында ат жарыстан аудандық бәйгенің алдын бермей жүрген қос жүйрік - «Ақтанау» мен «Ақтанкердің» атағы аспандап тұрған кез еді. Ел аузында «Атақты атсейіс Хамит пен Ұлықпан баптаған соң бәйге «Қарауылкелді» совозында қалатыны заңдылық қой»-деген сықылды әңгіме де тарайтын. Биылғы көктемде де шопандар тойында болатын ат жарысына осы екі жүйрікті қоспақ ойы бар екенін Ұлықпан ағамыз айтып жүретін. Жараған аттарды күніне бір желдіріп қайтуды көбіне Серік пен Қапатқа тапсыратын. Ал, Ербол екеуіміз басқа шаруадан босамайтынбыз. Сол бәйге атын бір міну арман боп жүрген кез, тапсырманы лезде орындауға ұмтылдым. Атты ерттеп, қора төбесіндегі құрықтың бірін қарыма іле сала кебендегі түйелерге қарай шаба жөнелдім.
Астымдағы атым «Ақтанау» омыраулы, бөкен бас, жұмыр мойын , кең танау, жалпақ маңдайлы ірі ат. Аяқтары жуан болғанымен талай рет бәйге алған нағыз жүйріктің өзі. Батырлар жырындағы пырақты елестететін сұлу мүсін, көзі ботадай жануар еді шіркін! «Жалпы бота көзден жүйрік аз шығады, мыңнан бірі ғана шын жүйрік болады»- деп ауылдың ақсақалдары айтып отыратын . Балалықтан арыла алмай жүрген бозбала шақ, астымда жүйрік ат- өзімді ақ найзалы батырларша сезініп келемін.
Келе-сала айқайға басып, ысқырып, кебендегі он-он бес қаралы түйені алдыма салып үйіріп айдай жөнелдім. Алдымдағы келелі түйенің ен-таңбасына, түр- түсіне қарап, өзімше баға беріп те келемін. Айыр өркешті жабайы түйе «Қаптағайдың» тұқымы көнтабан, пірі «Ойсылқара»- ұлық мал ғой деп те ойлап қоямын.(Әжемнен естігенім) Сүгірдің «Бозінгені», Ықыластың «Желмаясы», Тәттімбеттің « Бозінгені» осы түйе малының бағасын асырып тұрған жоқ па?! Алдымдағы үйірдің арасында мен танитындардан Өтеннің жырық ерін ақ түйесі, Жұмақұлдың қамшы құйрық бақырауық түйесі, бірлі- екілі шау түйелер де бар екен. Әне бірі өркеш түбі жуандап қоңданып қалған семіз 4-5 жасар тығыршын дөнежін Қабижандікі болса, енді біреуі өркеші көтерілмей бір жақ бүйіріне қарай қисайып, жабыса жатқан –жапырақ өркешті Бауыржаннің түйесі. Арасында мен танымайтын өркеші бір жағына қисаймай айырлана екі жағына қайшылана құлаған – қаусырма өркешті және де басқа түйелерді қарап келемін. Бір кезде омырау түгі бұйра қара қошқыл , шынтағы мен тізесіндегі қажау сүйелдері шорланған қорқынышты қара бураға көзім түсіп, тұла бойым дір ете қалды.
«Кісіге қарайтын» қауіпті бураны бұрын қамап, тұсаулап ұстағанын, тым қауіптілерінің өркешіндегі шуда ұшына қызыл шүберек байлап қоятынын ( себебі былайғы жұрт мұндай белгісі бар бурадан сақтанып, айналып өтсін дегені) , талай адамның бураның шабуылынан мерт болғанын да әжемнің әңгімелерінен естіп, өзім де талай рет оқығанмын.
«Ертеректе бір ақсақал қырдағы жылқыларын қарауға келе жатса анадайдан бура шауыпты. Атамыз бір орнында тапжылмай тұра беріпті. Әрі- бері көбігін шашып айбат шегіп шабынған бура мойнын жерге төсеп, аунаған кезде үйелеп тұра алмай қалыпты. Сол кезде ақсақал атынан түсіп бураның тұмсығынан қамшымен тіліп-тіліп жіберіпті де, өркешінен демеп қайта тұрғызып, тездетіп атына мініп алыпты. Орнынан тұрған бураның қаhары қайтып, аттылы адамға біраз қарап тұрыпты да, кейін бұрылып кете барыпты. Сөйтсе, ақсақал дұға оқыған екен.
Тағы бір әңгімеде : «Даладағы келесіне қасқыр шауып, оны қорада қамаулы тұрған бурасы сезіп, қораны бұзып- жарып шаба жөнелген дейді. Сол кезде бураның күркіреген даусын сонадайдан естіген қасқырлардың құйрығын бұтына қыса қашқаны соншалық, «ақ қарға зәрі тамған» -деп түйенің киесіне таңданған жайлы әңгіме де есіме түскен . Осындай естіген-оқыған әртүрлі жайттардан кейін бурадан сескеніп қорқуым да заңдылық еді.
Қара бура үсті- басы аппақ ала көбіктеніп, өркештері таудай боп, лоқалақтап, мойнын төмен салып, құтырынғандай жалт қарады. Тістерін егей қайрап шақұр-шұқыр сықырлатып, күндей күркірегенде есімнен танып қала жаздадым. Құлағын едірейтіп барып басын жерден көтеріп алды да, аузын арандай ашып маған қарай тура салды. Қара бураның салбыраған ерні, қазандай басы, бір құшақтай шудасы, алып денесі , қып -қызыл көзі маған сол сәтте қара тажалдай көрінгенді. Әдетте, жараған бура қаңтардан мамыр айына дейін келеге түсетінін де білетінмін. Мұндай кезде оларға кісен салып, тұмылдырық кигізетінін әлгінде айтып өттім. «Қазір қарашаның кезі, әрі астымда жүйрік ат-неден сасамын!»- деп өзімді жұбатып, атыма қамшы салып, кейін қарай қаша жөнелдім. Бірсыдырым уақыт өтті. Бірталай ұзаған секілдімін деп ойлап жайлап бұрылып артыма қарасам, ұзамақ түгілі бура жақындап , «құйрық тістер» жерге кеп қалған екен. Әлем-жәлем екі иығын жұлып жеп жосылтып келеді. Таудан құлаған жартастай қара жерді қақырата соғып, «Қарашқазғанның» күнбатысынан шыққан жалғыз шоқ бұлттай түйіліп, емініп таяна түсті. Ойдан ұшқыр не бар бұл жалғанда?! Бала кезімде марқұм әжем ертегі айтып отырғанда айтатын «түйе қуғанда- ылдиға шабу керек»-деген әңімесі ойыма оралып, атымның басын «Жұмашқазғанның» қырынан төмен қарай қоя бердім. Байқаймын, арамыз біршама ұзарыпты. Бір кезде байқағаным: алдымнан көктемгі балшық кезінде совхоздың «Кировец-700» тракторының жерді тіліп өткен терең ізіне таяп келіп қалыппыз. Қайран жануар, жалма-жан құмай тазыдай бүгіліп барып, серпи секіргенде ені бес-алты адымнан астам жолдың арғы жағынан бір-ақ шықты. Байқаусызда аттан ауып, құлап қала жаздадым. Бура митыңдап шұңқырдан өтемін дегенше екі жүз-үш жүз қадамдай тағы да ұзап кеттік. Енді не істемек керек? Бура да қалмастан артымызда «ұшып» келеді. Түйенің аттан жүйрік екенін енді ғана біліп, таң қалудамын.
Бір кезде адамдардың айқайы, машина сигналының даусы естілгендей болды. Басымды көтеріп қарасам- бағанағы шөпшілердің машинасы екен. Жартылай тиеген шөптері жолшыбай шашылып, маған қарай салып келеді. Құтқаруға келе жатқандарын бірден түсіндім де, жақындай бере аттан секіріп түсіп, машинаға мініп алдым. Әрі қорыққаннан, әрі қуанғаннан болуы керек, жүрегім өрекпіп аузыма тығылып , тынши алар емеспін. Әлі есімде- шопыры Таушанбаев Мұрат пен қасындағы жігіт Жанабергенов Әлік деген ауылдас ағаларым екен. Шөпшілер мені анадайдан көріп «Байғұс бала өлетін болды-ау»-дегенде, машинаның үстіндегі адамдарды түсіре сала, шашылған шөптеріне де қарамастан мені құтқаруға асыққан екен. Маған су беріп, «жүрегіңді бас»- деп жұбатып жатыр. Қара бура аттың соңынан әлі де желіп қуып барады. Бірақ мен «Ақтанаудың» бурадан құтылып, жеткізбей кететініне сол сәт сенімді едім. Қарап отырсаң- әдемі сурет!
Содан бері далада бура көрсем (тіпті көлікпен келе жатырсам да) жүрегім зырқ ете қалады. Бұл оқиғаны ол кезде ата-анама да, басқаларға да айтпаған едім. Бірақ күні кешегідей есімде жатталып қалыпты.
ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, дәрігер кардиолог Мұңайтбасов Нұркен Орынбасарұлы: «Бурадан қашқан бала» Әңгіме
- Толығырық
- : Проза
- Көру саны: 94




