Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Иосиф БРОДСКИЙ: «КІТАПТЫ ҚАЛАЙ ОҚУ КЕРЕК»

Жүз жыл бұрын Ницше ақылынан айырылған қалада кітап жәрмеңкесін ұйымдастыру идеясы оқырман үшін қызықты болуы керек. Мұны Мёбиус жолағы (әдетте шексіздік символы атауына ие) десе де болады, өйткені бұл кітап жәрмеңкесіндегі бірнеше стенд осы ұлы немістің толық не таңдамалы шығармалар жинақтарына арналған. Жалпы алғанда, шексіздік – кітап баспасының барынша айқын аспектісі, себебі ол дүниеден өткен автордың өмірін өзі болжағаннан гөрі алысқа апарады немесе көзі тірі авторға бәріміз тілеулес мәңгі келешек сыйлайды.

 Айналып келгенде, кітаптардың ғұмыр өлшемі біздікінен өзгеше. Олардың ең нашарларының өзі авторларына қарағанда ұзақ өмір сүреді - мұның басты себебі олардың физикалық кеңістікте өзін жазғандардан гөрі аз орын алуында жатыр. Олар жазушының сүйегі қурап кеткеннен кейін де сөрелерде шаң басып тұра береді. Алайда сенің артыңда қалған, сенуге тұрмайтын дос-туыстан гөрі естеліктің мұндай түрі әлдеқайда артығырақ, міне, сондықтан да өлімнен кейінгі өмірге деген құлшыныс бізді қалам ұстауға жетелейді.
Сондықтан біз қолымыздағы осы тікбұрышты заттарды — in octavo, in quarto, in duodecimo және тағы басқа форматтарда айналдырып қарап отырып, өзіміздің қайта жаңғырған шынайы не потенциалды ғұмырымызды аялап отырмыз десек аса қателесе қоймаспыз. Ақырында,  роман болсын, философиялық трактат, өлеңдер жинағы, өмірбаян немесе триллер болсын — кітап жазуға жұмсалатын адам өмірінің жақсысы да, жаманы да , әрдайым шектеулі.  «Философиямен айналысу — өлімге жаттығу» деген ойдың айтылуы тегін емес, өйткені кітап жазған кезде ешкім жасарып кетпейді.
Кітап оқыған кезде де ешкім жасарып кетпейді. Демек , біздің табиғи таңдауымыз жақсы кітаптарға түсуі тиіс. Алайда парадокс мынада: әдебиетте, барлық жердегі секілді, жақсы өз алдына бөлек категория емес; ол нашар нәрседен ерекшеленуі арқылы анықталады. Сонымен қатар, жақсы кітап жазу үшін жазушы қаптаған макулатураны оқып шығуға міндетті — әйтпесе қажетті критерийлерді қалыптастыра алмайды. Міне, дәл осы тәжірибе нашар әдебиеттен қиямет күніндегі ең жақсы қорған болар еді; сонымен қатар, біз қатысып отырған бүгінгі іс-шараның да өміршеңдігінің сыры осында жатыр.
Бәріміздің ажалды пенде екеніміз және кітап оқудың біраз уақытымызды ұрлайтынын ескерсек, бізге уақыт үнемдеудің белгілі бір жүйесін ойлап табу керек. Әрине оқиғалары баяу өрбитін қарабайыр қалың романға көміліп отырудың да өзіндік ләззаты барын жоққа шығара алмаймыз, алайда біздің бұл қанағат сезіміміздің ғұмыры ұзаққа созылмасы анық. Түптеп келгенде біз жай оқып шығу үшін емес, танып-білу үшін оқимыз. Міне сондықтан да бізге шығармаларды қысқа, сығымдалған, , адами халдің алуан жағдаятын мүмкіндігінше анық көрсетуге мүмкіндік беретін форма қажет; басқаша айтқанда, ең қысқа жолға қажеттілік туындайды. Сонымен қатар біздің болжамымыздың нәтижесін алар болсақ, мұндай ең қысқа жолдар бар (және олар шынымен бар, бірақ бұл туралы кейінірек), және  бұл мәселеде қазіргі баспа өнімдері мұхитындағы компас қажет болады.
Әрине мұндай компастың рөлін әдеби сын, рецензенттер атқарады. Өкінішке қарай, оның тілінің бағыты еркін тербеліске ие. Кейбіреулер үшін солтүстік болып көрінген нәрсе басқалар үшін — оңтүстік (дәл айтқанда, Оңтүстік Америка); шығыс пен батысқа қатысты да дәл солай, тіпті одан да еркін түсіндіріледі. Рецензенттерге қатысты қолайсыздық кем дегенде үш түрлі:
а) ол қарапайым қолөнерші болуы мүмкін және өзіміз сияқты надан болуы ықтимал;
ә) белгілі бір жанрда жазылған дүниелерді ғана ерекше ұнатуы немесе жай ғана белгілі баспалар үшін жұмыс істеуі мүмкін;
б) егер ол талантты жазушы болса, онда ол рецензиясын дербес өнер түріне айналдырады — Хорхе Луис Борхес - соның айқын дәлелі, — сөйтіп сіз кітаптардың өзін емес, сол рецензияларды оқумен шектелуіңіз әбден мүмкін.
    Қалай болғанда да, сіз бұл мұхитта рульсіз һәм желкенсіз қаласыз, оның үстіне әр алуан тұстан сытырлап  кеменің шаужайына жабысқан парақтардың қайсысы су бетінде аман қалатынына да онша сенімді емессіз. Сондықтан да дұрысы өз талғамыңызды қалыптастырып, өз компасыңызды жасау, мейлі көмескі, мейлі жарқын, бірақ әрдайым алыстан көрінетін , белгілі бір жұлдыздар мен шоқжұлдыздарды өзіңіз танып-білу болар еді. Алайда мұның орасан көп уақыт алатыны сонша, қолтығыңызға түкке тұрғысыз бір кітапты қыстырып шыққанша, сақал-шашыңыздың қудай боп кетуі әбден мүмкін. Тағы бір жолы немесе жоғарыда айтылғанға ұқсас жайт - өзгенің пікіріне бой алдыру: дос кеңесіне, кез келген көңіліңізден шыққан мәтіннің сілтемесіне сүйену . Бұл рәсім ресми түрде бекітілмегенімен (алайда бекітілсе, жаман болмас еді), таңдаудың бұл түрі бізге бала күннен таныс жазылмаған заңдылық десе де болады.. Бірақ бұл да сенімді кепіл емес, өйткені әдебиет мұхиты үнемі өсіп, кеңейіп келеді, мұны осынау мұхиттың тағы бір дауылы іспетті  осы кітап жәрмеңкесі айқын көрсетіп тұр. 
    Сонымен, мейлі адам аяғы баспаған арал болса да табан тірер жеріміз қайсы? Читаны айтпағанның өзінде мейірімді Жұмамыз қайда?
    Мен өз ұсынысымды — дәлірек айтқанда, әдебиетте дұрыс талғам қалыптастырудың жалғыз жолы деп санайтын ойымды— баяндамас бұрын, осы идеяның иесі жөнінде, яғни өзім туралы, бірер нәрсе айта кеткім келеді. Бұл жеке бастың мақтаншылығынан емес, тек ойдың құндылығы оның қандай контексте туғанына тікелей байланысты деп есептейтіндігімнен туындап отыр.
    Жалпы, егер мен баспагер болсам, кітаптардың мұқабасына авторлардың есімдерімен қатар, олардың белгілі бір шығарманы жазған кездегі нақты жасын да көрсетіп қоятын едім. Сонда оқырманға кітапта берілген ақпарат пен көзқарастардың қабылдауға тұрар-тұрмайтынын, яғни оны өздеріне қарағанда әлдеқайда жас, не әлдеқайда жасамыс адамның жазғанын ескеріп, таңдау жасауға мүмкіндік берілер еді.
     Келесі пайымның шығу тегі мына санаттағы адамдарға (өкінішке орай қандайма бір сан мен бірліктің ұғымын беретін «Ұрпақ» терминін бұл жерге қолдана алмаймын) арналады: олар – зайырлылықтары Робинзон Крузо  не Тарзанның өзін дір еткізетін, әдебиет дегенді әрқашан бірнеше жүз есімнен ғана тұратын дүние деп түсінетіндер;  үлкен жиындарда өзін қолайсыз сезінетін, кештерде билемейтін, адюльтерді ақтау үшін метафизикалық дәлел іздейтін және саясат туралы әңгімеде шамадан тыс кірпияз,  өздерін өзгеден артық сөгіп ; героин немесе марихуанадан гөрі әлі күнге дейін алкоголь мен темекіні артық санайтындар; және Одэннің сөзімен айтқанда, «баррикадалардан ешқашан табылмайтын, әрі өзіне де, сүйіктілеріне оқ атпайтын» адамдар.     Егер ондай адамдар ғайыптан тайып абақты еденіндерінде өз қанына малтығып жатар болса , не мінберге шығып қалса, бұл олардың нақты бір әділетсіздікке емес, дүниенің тұтас құрылымына қарсы көтеріліп (дұрысы — қарсылық білдіріп) жүргенінің көрінісі деп ұққан жөн. Олар ұстанатын көзқарастарының объективтілігіне қатысты ешқандай иллюзияға бой алдырмайды; керісінше, өздерінің икемге келмес субьективтілігін табалдырық аттамай жатып табанды түрде жайып салады . Алайда олар мұны ықтимал шабуылдардан қорғану үшін істемейді: әдетте олар өздерінің пікірлері мен ұстанымдарының қаншалықты осал екенін толық түйсінеді. Соған қарамастан — белгілі бір дәрежеде дарвиндік дүниетанымға қарама-қарсы көзқарасты ұстана отырып — олар осалдықты тірі материяның басты белгісі деп есептейді. Мұның, айта кету керек, қазіргі кезде әр жазушыға телініп жүрген мазохистік бейімділікке қатысы шамалы; бұл — олардың туа біткен, ешкімнен қарызға алынбаған түсінігі: шексіз субъективтілік, біржақтылық және түптеп келгенде идиосинкразия —  яғни өнерді штамптардан құтқаратын нәрселер. Ал дәл сол штамптарға қарсылық өнерді өмірден ажыратады.
   Енді, сіздер мен жеткізбек болған нәрсенің астарын аңғарған кезде, айтатыным : әдебиетте жақсы талғам қалыптастыру үшін өлең оқып үйрену керек. Егер маған мұны айтқызып отырған кәсіби қызығушылық деп ұқсаңыздар, яғни өз мүддесін тықпалап, өз қауымымды ілгерілетуге ұмтылып отыр деп түсінсеңіздер, қателесесіздер: мен ешқандай кәсіподаққа  мүше емеспін. Мәселе мынада: адам сөйлеуінің ең жоғары формасы ретінде өлең тек ең ықшам ғана емес, сонымен бірге адам тәжірибесін жеткізудің ең конденсацияланған тәсілі болып табылады; сонымен қатар ол кез келген тілдік әрекет үшін, әсіресе қағазға түскенде, мүмкін болатын ең жоғарғы стандарттарды ұсынады.
    Поэзияны неғұрлым көп оқыған сайын, саяси немесе философиялық толғау болсын, тарихта, қоғамдық ғылымдарда немесе көркем әдебиетте болсын, көпсөзділікке төзіміміз азаяды. Жақсы прозаның стильдік сапасы әрдайым поэзиялық сөйлеудің дәлдігіне, қарқынына және ықшамды қарқындылығына тәуелді. Эпитафия мен эпиграммадан бастау алып, кез келген ойға жетудің ең қысқа жолы ретінде ойластырылған поэзия прозаны айтарлықтай тәртіпке келтіреді. Ол прозаны тек әр сөздің қадірін бағалауға үйретіп қана қоймай, эмоциялық күйдің өзгергіштігіне, желілік композиция баламаларына, басы артыққа бой алдырмауға, детальдерді айқындауға, антиклимакс техникасын қолдануға баулиды. Ең бастысы, поэзия прозада өнер туындысын жай belles lettres-тен айыратын метафизикалық ізденісті дамытады. Алайда мойындау керек: осы тұрғыда проза кейде өте жалқау шәкірт болып шықты.
    Өтінемін, мені дұрыс түсініңіздер: мен прозаны кемсітуге тырысып отырған жоқпын. Ақиқаты сол: тағдыр тоғысында өлең прозадан бұрын пайда болып, алып даңғылға айналды . Әдебиет өлеңнен басталды, отырықшылардың жазу-сызуы пайда болмастан бұрын көшпенділер салған әннен басталды . Және де мен бір жерде өлең мен прозаның айырмашылығын әуе күштері мен жаяу әскер арасындағы айырмашылықпен салыстырғаныммен, қазір айтып отырған ұсынысымның ешқандай иерархияға немесе әдебиеттің антропологиялық түп-тамырына қатысы жоқ. Менің мақсатым – үнемдеу және сіздің көзіңізді, ми жасушаларыңызды қажетсіз баспа материалынан құтқару. Бұл тұрғыда, поэзия дәл осы мақсатқа арналған деуге болады – себебі ол үнемдеудің синонимі іспеттес. Сондықтан бізге керегі – біздің мәдениетімізде екі мың жыл бойы болған процесті, тіпті миниатюралық түрде болса да, қайталау. Бұл ойлағаныңыздан әлдеқайда оңай, өйткені поэзия көлемі прозадан әлдеқайда аз. Сонымен қатар, егер сізді негізінен қазіргі әдебиет қызықтырса, онда сізге қиналудың тіпті қажеті жоқ. Бар болғаны тек өз тіліңізде бірнеше ай бойы, мүмкіндігінше осы ғасырдың бірінші жартысынан поэзия оқыңыз.  Менің ойымша, бұл бірнеше жұқалтаң кітап болса да жетіп жатыр және жаздың соңына дейін сіз тамаша формада боласыз.
      Егер сіздің ана тіліңіз ағылшын тілі болса, мен сізге Роберт Фрост, Томас Харди, У. Б. Йейтс, Т. С. Элиот, У. Х. Одэн, Марианна Мур және Элизабет Бишопты оқуды ұсынар едім. Егер  неміс тілі болса – Райнер Мария Рильке, Георг Тракль, Питер Хухель және Готфрид Бенн. Егер испан тілін білсеңіз – Антонио Мачадо, Федерико Гарсия Лорка, Луис Сернуду, Рафаэль Альберти, Хуан Рамон Хименес және Октавио Пас. Егер польяк тілі болса немесе сіз польяк тілін білсеңіз (бұл сізге үлкен артықшылық болар еді, себебі осы ғасырдың ең керемет өлеңдері осы тілде жазылған) – мен Леопольд Стафф, Чеслав Милош, Збигнев Херберт және Вислава Шимборскины атар едім. Егер француз тілін білсеңіз – әрине, Гийом Аполлинер, Жюль Сюпервьель, Пьер Реверди, Блез Сандрар, сондай-ақ Поль Элюардың кейбір шығармалары, Арагонның бірнеше туындысы, Виктор Сегален және Анри Мишо. Егер грек тілін білсеңіз – Константинос Кавафис, Георгий Сеферис, Янис Рицос. Егер голланд тілін білсеңіз – әсіресе Мартинус Хейхоф, оның керемет «Аватер» шығармасын оқыңыз. Егер португал тілін білсеңіз – Фернандо Пессоа және, мүмкін, Карлос Друмонд де Андраде. Егер швед тілін білсеңіз – Гуннар Экелёф, Гарри Мартинсон, Томас Транстрёмерді оқыңыз. Егер орыс тілін білсеңіз – кем дегенде Марина Цветаева, Осип Мандельштам, Анна Ахматова, Борис Пастернак, Владислав Ходасевич, Велимир Хлебников, Николай Клюев. Ал егер итальян тілі болған жағдайда, мен бұл аудиториядан нақты бір есімдерді атауға батылым жете қоймас; әу бастан жеке алғысымды білдіруге асығып жүрген және өміріме шешуші әсер еткен Квазимодо, Сабу, Унгаретти және Монтале туралы сынды төрт ұлы ақынға деген құрметімді итальян жерінде тұрып жасасам бақытты болар едім.
    Осылардың кез келгенін оқығаннан кейін сөреден алған прозалық кітапты кері орнына қойсаңыз , сіз айыпты емессіз. Егер әлгі кітапты оқуды жалғастырсаңыз, бұл жазушының пайдасына шешіледі,  біз жоғарыда атап өткен ақындарға ғана аян  біздің өмірдің шындығына бұл автордың қосар түйіні бар екенін; бұл кем дегенде , автордың артық сөзге жоқтығын, оның тілінің дербес энергиясы мен әсемдігі бар екенін дәлелдейді. Немесе бұл сіздің шексіз іңкәрлігіңізді көрсетеді. Ал іңкәрлік – ең жаман нәрсе емес.
   Мұнда мен карикатура салып көрейін, өйткені карикатура - мәннің айқын көрінісі. Бұл суретте мен екі қолына беттері ашық кітап ұстаған оқырманды көремін.  Сол қолында өлеңдер жинағы, оң қолында проза томы. Көрейік, қайсысын бірінші тастайды. Әрине, ол екі қолына да прозалық кітаптар ұстай алады, бірақ бұл жағдайда ол өзін-өзі жоққа шығаратын қағидалармен қалады. Әрине оның жақсы поэзияның нашарынан айырмасын, сол қолындағы кітаптың шынымен де оқыған бейнетіне татитынына қандай кеплідік барын сұрауға қақысы бар.
    Біріншіден, сол қолындағысы, ең алдымен, оң қолындағыдан жеңілірек болады. Екіншіден, поэзия – Монтале айтқандай – семантикалық тұрғыдан үмітсіз өнер, және онда алаяқтыққа мүмкіндік өте аз. Үшінші жолға жеткенде, оқырман сол қолындағы қандай дүние ұстап тұрғанын түсінеді, себебі поэзия тез әсер етеді, және оның тілдік сапасы дереу сезіледі. Үшінші жолдан  кейін ол оң қолындағы кітапқа басқаша қарауы мүмкін.

    Бұл- мен айтқанымдай, карикатура. Сондай-ақ,  менің ойымша, бұл – бүгінгі кітап жәрмеңкесінде көпшілігіміздің бейсаналы түрде қабылдайтын қалыбымыз болуы мүмкін. Ең бастысы – қолыңыздағы кітаптардың әртүрлі әдеби жанрларға жататынына көз жеткізіңіз.
     Әрине, назарыңды солдан оңға ауыстыру – ақылға сыймайтын әрекет; бірақ енді Турин көшелерінде салт аттыларды көрмейсіз және жеккен атын шықпыртқан арбакештің көрінісі сіздің осы залдан шыққан беттегі көңіл-күйіңізге көлеңкесін түсірмейді. Сонымен қатар, жүз жылдан кейін  саны осы жәрмеңкедегі барлық кітаптағы кішкентай қара әріптерді қосқандағыдан анағұрлым асып түсетін тобыр үшін әлдебіреудің ақылынан ауысуы онша маңызды болмасы анық. Демек, неге менің жаңа ғана ұсынған осы шағын қулығыма жүгінбеске?
Турин қаласы, 1988 жыл, 18 мамыр 

Аударған: Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА