
«Толқында туғандар» романындағы Дауыл бейнесі жазушының прототипі іспетті. Оның өзі де жеті жасында жетім қалып, он жасында Каспий теңізіне балықшылармен бірге «қазаншы бала» болып аттанған.
Мұз үстінен балық аулаған теңізшілердің ауа райына тәуелділігі, сең үстінде ығып кеткен балықшылардың қыл үстіндегі қалт-құлт еткен тағдырлары аса бір шыншылдықпен өрілген. «Капитан ұлындағы» Болатхан бейнесі де шыншыл табиғатымен таң қалдырады. Әкесінен айырылған Болатханның отбасын асырау қамымен әкесінің орнына теңізге шығуы – автордың өзі басынан кешкен тағдыр ауыртпалығын оқырманның көз алдына келтіре отырып, төндіре суреттейді. Болатханның теңізге шыққан алғашқы сапарындағы басынан кешкен қиындығын, итбалық аралындағы жантүршігерлік оқиғалардың жасөспірім Болатханның санасына төңкеріс жасағанын сөз құдіреті арқылы жеткізген. Итбалық аулаған теңізшілер жайлы жаза отырып, итбалықтардың аянышты өлімін жүрек сыздата әңгімелейді. Теңіз табиғатын, балықшылар өмірінің қиындығы мен бейнетін дәл Әбудей етіп суреттеген қазақ жазушысы әлі дүниеге келген жоқ деп сеніммен айта аламын! Көк теңізді соншама махаббатпен, сүйіспеншілікпен көк жойқын, көк дүлей деп дәріптеп, арыстан жал теңіз толқындарының бір-ақ сәтте орасан зор күшке, дүлейге айналатынын, тып-тыныш тұрған теңіздің енді бір сәтте барлық сабыры мен төзімінен айырылғандай асты үстіне келіп, төңкеріліп, тулап жататынын ешбір жазушы жаза алған жоқ. Дүниежүзілік марианистер мен бакалистер қоғамының мүшесі. Әбу Сәрсенбаев тек жазушы ғана емес, ол — ақын. Өзінің әдебиеттегі жолын ақындықтан бастаған кейіпкеріміз «Екі кеме құйрығын,
ұста, жетсе бұйрығың» деген тәмсілді жиі есімізге салатыны да рас. Міне, ол кісі мәңгіліктің қақпасына беттегелі де отыз жылдың жүзі болып қалыпты. Өмір неткен жүйрік! Осы тұста абыз ақынның «Жазушы» баспасынан 1995 жылы шыққан «Ғасыр мен ғасыр беттессе» деп аталатын жыр жинағы туралы толғанысымызды қағаз бетіне түсіргіміз келді. Көпті көрген, көнекөз ақын сексеннің сеңгірінде де сергек толғап, ХХ ғасырдың ұлы оқиғаларын ой елегінен өткізеді. Сол сапырылысқан жылдардың халқымызға әкелген жақсылығы мен жамандығын ақыл таразысына тартады. Өзі кітаптың беташарында айтып өткендей, 1982-1983 жылдары жарық көрген «Қасиетті махаббат», «Ұстаздар мен тұстастар» атты жинақтарынан кейін он жылдан астам уақыт бойы оқырманға жаңа кітап ұсынған жоқ. Себебі 1982 жылдың күзінде аяулы жары, жан серігі, қамқоршысы, кеңесшісі, адал досы болған Ләзиза Серғазинадан айырылады. Бұл қайғы ақынға өте ауыр тиді. Қолымыздағы жинақ ақынның жан дүниесі қиналған тұста тартқан азаптарға мойымай, туған халқының тағдырын жеке басынан жоғары қойған ұлылығының куәсіндей.
«Қатігез ғасыр құрдасым» деген толғаныспен ашылған жыр кітабы одан әрі тереңге қарай тарта жөнеледі.
«Уа, беймаза ғасырым,
Тетелес аға-сырласым,
Арамыз бес-ақ жас екен,
Бәлі, ендеше құрдаспыз.
Тағы да он бір жылдан соң
Сен архивке көшесің.
Мықыннан белбеу байланып,
Мен бертінде-ақ өшемін.
Кейіннен келер ұрпақтың –
Ризығына айналып» деп басталған толғаныста ХХ ғасырмен емін-еркін сырласады.

Құрдас ретінде батырып айтатын тұстары да бар.
«Бес жасыңа оқ атқан қара жүрек,
Ақ патшаға көтердің жұдырықты.
Қаһарыңнан соқтырып қатты дауыл,
Аруағыңнан сескеніп қашты жауың.
Он жетіңде «түрмелі Ресейде»
Ленин боп орнаттың жаңа қауым» дей отырып, өткен ғасырда қазақтың басынан өткен алмағайып замандарды да шолып өтеді. Тоғыз тараудан тұратын толғауда ақын жанының дірілі, жүрегінің лүпілі тұр. Туған халқының болашағына алаңдаған көңілі тұр. Әсіресе, «Көне сөзден, салттан без…» және «Табиғат, мейлің, шырылда» деген тарауларда жастардың қарияларды сыйламайтыны, халқының тілін, салтын білмейтіні туралы тебіренсе, табиғаттың да жағдайының қиындағанын айтып егіледі.
Тартып алдық бойыңнан бермесіңді,
Табиғидан ада еттік, жер, бетіңді!
Өзіңнен де «өнерпаз» құдірет боп,
Қайта пішіп, өзгерттік келбетіңді, – бұл жолдар абыз ақынның келер ұрпаққа жасаған ескертуіндей боп естіледі. Тек соны естір құлақ пен сезінетін жүрек, сараптайтын сана болса, кәнекей!
Құт мекеннің қарудың сынақ алаңына айналғаны да оның нәзік көңіліне тікен болып қадалып, сыздатып тұрып алады. Сөйте отырып, алдан жақсылық күтеді, ертеңге үмітпен иек артады.
Кітаптың екінші бөлімі – «Ұлттық ұлы тұлғалар». Тақырыбынан-ақ айтылар ой атой салып тұр. «Абылай жайлы толғаныста» ақын:
Кешір, баба,
Кездерім бар сеніменен
Мақталған да жәбірлене датталған,
Сауыт киген хас батыр боп
Түспепсің сен аспаннан.
Сабалақ шаш сәби шақта
«Елім-айлап» өзің де,
Қаһарлы тау бөктерінде
Табаныңды тілдіріпсің тастарға, – деп Абылай ханның рухымен сырласады, сол арқылы кейінгі ұрпаққа ата-бабалар ерлігін паш етеді. Елі үшін еңіреген ерлердің есімдерін ертеңге алып бару – ақындарға артылған ұлы міндет екенін ескертеді. Абылайдың жастайынан жетім қалып, үйсін Төле бидің түйесін бағып жүрген кездері туралы ой қозғай отырып, әр қазақтың баласы көкірегіне намыс отын сақтай білсе, өшіріп алмаса, олардан да ұлы ерлік күтуге болатынын жырға қосады. Ұлы Отан соғысы жылдарында ар туындай Абылай атын биік көтерген батырларды да жырына қосады.
Ақын-жыраулар рухына да мінәжат етіп, Шортанбай ақын, Тәуке хан, Бұхар жырау сынды халықпен біте-қайнасып кеткен тұлғаларды еске алып, терең тануға ұмтылады, заман желіне ілескен жастық шағына өкініш айтады. Ұлы Абай рухымен тілдесіп, қазақтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновты ел жадына кері оралтады.
Бөгеу үшін ұлтқа төнген:
Мынау апат-сұмдықты,
Алдыменен сылу керек, сылу керек,
Санадағы құлдықты, – деп ұран тастайды. Ақын халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды, оның көрген қиындығына қабырғасы қайысады, сөйте отырып, жолбарысша сілкінеді, арғымақша алғы күндерге қарай жыр-тұлпарымен құйғытады.
Міржақып, Мағжан, Мұхтар, Сәбит пен Қаныш туралы да ұрпаққа ұлағатты сөзбен өсиет жазады абыз.
«Алданған ұрпақ азабы» деп аталған үшінші бөлім қарт коммунистің толғанысынан басталыпты. ХХ ғасырдың сексен үш жылын түгендеп сөйлеген қария даусы дәуірлерге дабыл қаққызғандай. Өзін ғасырдың «бес жас кіші інішегі, жо, жоқ, тіпті қазақша айтсақ, құрдаспыз» деп санаған ол өзінің өміріне сын көзімен қарайды.
«Сынатпайтын, келсе-дағы сынағың» деп ащы шындықты күлбілтелемей, төтесінен қойып қалған абыз болашақ алдында есеп беруге кіріскен. Қателігін, жеңілісі мен жеңісін, өкпесін, өкініші мен қуанышын төкпелетіп төккен. «Революционер-Филипп қанішерді» ар сотына шақырады. Сәкен, Бейімбет, Нұғыманды жау еткен сол бір қанды қасап саясатқа лағынет айтады.
«Қайран қимас достарым» бөлімі «Жар рухымен сырласудан» басталыпты. Жас нәресте күнінен іздеген жанының іңкәрін тапқан сәті сәулелі өлеңмен өрілген. Мешітбай қажының қызына ғашық болғаны үшін қудаланғаны, алайда оның бәрін елемеген ақын жігіттің өзін жас Вертерге теңегені оқыған адамның жүрегін ақ нұрға шомылдырғандай әсер қалдырады. Өзімен бірге жүрген жолдастары мен достарын да еске алып, олардың адал достығы үшін риясыз алғысын арнайды, сағынады, жүрек жасын төгеді. Бесінші бөлім – «Табиғат ана, тәңірім». «Көктем құбылыстарымен» басталған бұл бөлімде арнасы ақ нұрға шүпілдеген дариға-дүниенің дидары өлең жолымен нақышталған.
Қыс ауырып, сұлық жатыр төсекте,
Ажал-көрге сүйрегендей етектен.
Күйе-жана қызулаған күртікті –
Тер-тамшылар еріктен тыс жетектеп –
Қырқалардан құлатады төменге, – ақын көріктеу құралдарының ішінен кейіптеуді таңдап алыпты. Қысты бейне бір қызулап, ауырып қалған адамның бейнесінде суреттейді. Еріп жатқан қар — аққан тер болып өрнектелген. Еріксіз өзіне тартады, иірімінде үйіреді.

«Қайран, Арал, күрсінесің» деген толғауында:
Қайран, Арал, ақ толқын өрген шалқар ең,
базары едің байлығыңмен де, халқыңмен.
Жау шапқан елдің жұртындай жұтап қалыпсың,
Бақытыңды ұрлап, қазанаңды талай сарқып ем, – деп сыр-сұхбат құрады, емін-еркін шерін тарқатады. Арал қасіретіне жаны өртенеді, жүрегі күйеді. Қайтадан қалпыңа келген күніңді көрсем деп армандай отырып, алғы күндерге үмітпен қарайды. Бұл бір Арал тағдыры — адам тағдыры екенін екшеуге мүмкіндік беретін реквием-толғау.
Уланып өлген қаязды көріп жағада,
Еңіреп көктен сорғалайды шағала.
Дерттеніп туған сәбиін қысып кеудеге,
Баралы ілбіп өзі де дертті жас ана, – қандай трагедия! Қазақ топырағындағы осынау нала барша әлем жұртына да ортақ екенін жырмен ұқтырады.
Алтыншы бөлім «Сәбилік шаққа саяхат». «Қияндағы іздерім» сондай бір сәулелі өлеңнен басталған бұл тараудың өн бойында ата-анаға деген махаббат, өзі туып-өскен ортаға тағзым, кіндік кесіп, кір жуған алтын бесігін сағыну, жетімдіктің босағасынан сығалаған жеті жасар жаутаңкөз ұл суреттеледі.
Ал «Батырлық шежіресінде» бір сәт халық батыры Бауыржан Момышұлының ерлігін жырласа, енді бір сәт майдан мергенінің жанында отырады. Көк дәптеріне түсірген жазбасындағы деректерге сүйенген майдан тілшісі қатардағы қарт солдат боп тіл қатады.
«Тілші осылай кеше жүріп ажалды,
Жырын жүрек қаныменен жазады» дейді бейнелі түрде. Бір қолына қару, бір қолына қаламын алып, қатыгез дұшпанға қарсы кеудесін оққа тосқан майдан тілшісі қиын шақта жауынгерлерге дем берген жалынды сөзімен де кескілескен ұрыс даласында майдандас достарына рух береді. Иә, азат етуші қызыл армия сапында сонау Еуропа елдерін неміс фашизмінен тазартысқан абыз ақын өзінің табанының ізі қалған жерлердің бәрін дерлік қағазға түсіріп, зерттеуші, тарихшы сияқты сол жердің тарихына терең үңіледі. Мәселен, Венгриядан өткенде «Шандор Петефидің елі» деп толғанса, Гейнемен де ойша сырласады. Оның туған жерін фашизмнің ойрандап жатқаны, Ұлы Гейне туған Германиядан фашизмнің ұраны тасталғаны жөнінде жыр жолына түсіреді. «Ғасыр мен ғасыр беттесе» атты жыр-жинағындағы Әбу Сәрсенбаевтың өлеңдері негізінен философиялық толғанысқа құрылған. Тоқсан жастың есігін ашқан абыз ақынның ғасырмен тілдесуі, туған жері, өскен елі, қара ормандай халқы, соңынан басқан ізі – ұрпағына айтқан өсиет болып өріледі. Осы арқылы «Қазақ Айвазовскийінің» өлмес мұрасының жаңа қырын танып, жаңаша ізденісіне куә боларымыз хақ. Тау қашанда асқақтығымен, теңіз тереңдігімен таңғалдыратыны рас екен-ау.




