Ақпан айының аязды күндерінің бірі. «Қарашқазған» қыстағындағы қой өсіруші комсомол- жастар бригадасындағы жас шопандардың жаздың ыстық аптабы мен күздің қара суығында шыңдалып, мал ауылдағы таусылмайтын тірліктің тәсіліне бірталай машықтанып, кәдімгідей төселіп қалған кезі. Ауыл адамдары «Қарашқазғанның қысы қатты болады» деуші еді, әзірше табиғаттың оғаш қылығы байқала қойған жоқ. Бір-екі мәрте қалың қар жауып, ара-арасында күн жылынып жылымықтанып қар күреудің қиындығынан қажыған сәттер болмас, атышулы ақбаспай бораннан хабар жоқ. Кейде ауа райының тосын мінезіне таң қаласың. Кейбір адамның мінезіне көңілі толмаған сәттерде әжем марқұм : «Әй, мінезің құрысын сенің, ауаның райындай мың құбылатын. Қазір тым жақсы отырасың да бір сәтте аяқ астынан бүлініп шыға келесің» деп айтатыны есіме түсетін.
Дәл сол айтқандай желтоқсанның соңғы күні күн кенет жылып, қар еріп айнала «телегей-теңізге» айналды. Ауыл сыртындағы сайлар тасып, таңертең жайылымға шыққан малды кешке ауылға жеткізу қиынға соқты. Жаңа жыл қарсаңында бәрімізді әбігерге салып, титықтатып тастаған еді.
Бүгін таң ата қар ұшқындап, сәлден соң жел көтеріліп, күн қабағы түйіле бастады. Мұны байқаған тәлімгеріміз Ұлықпан аға бізге алаңдай қарап:
- Қойды желге қарсы жайың, күн бұзылғалы тұрған сыңайлы, көп алысқа ұзатпаңдар!- деп Серік пен Ербол, Бажантай(Ақбазар) үшеуіне өріске шығатын үш отар қойдың бүгінгі шығар жайылыс бағытын нақтылап, тапсырмалар берді. Ауылдағы шаруаларға қалатын біздерге де: - Үш-төрт атты ерттеп дайын ұстаңдар, боран басталып кетсе ыждағаттап алдынан шығармыз, - деп іштей алаңдаулы екенін аңғартты.
Түске таман сағат 11-лер шамасында аудан жақтан келе жатырған УАЗ-69 автокөлігі көрінді. Совхоздың партия комитетінің хатшысы мен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы және ферма меңгерушісі Бақдәулет ағалар екен. Әдеттегіше аман-саулық сұрасып, қысқаша малдың жағдайын білгеннен кейін «Қызыл бұрыш»- Ленин бөлмесіне жиналдық. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ибрахим аға жақында ғана комсомолдың кезекті Республикалық съезді өткендігін, онда СССР Ленин комсомолының атқарған орасан жұмыстары мен жеткен жетістіктері және алдағы бесжылдықта атқарар бекітілген жұмыс жоспарлары жөнінде хабарлама жасап, бірер сағаттай жиналыс өткізді . Бір кезде жиналыс өтіп жатырған бөлмеге Ербол кіріп келіп сәлем жоқ, сауқат жоқ :
-Күн борап кетті, кебеннің тұсынан ығып кетіп барамын, тездетіңдер!- деді де асығыс қайта шығып кетті.
Отырғандар жапа-тармағай орнымыздан атып тұрып ерттеулі тұрған аттарымызға қарай ұмтылдық. Біріміз кебен жаққа, енді біріміз ауылдың күнбатысына, қойдың келетін бағытына қарай шаба жөнелдік. Ойымыз-екі жақтан қыса шауып, қойды тоқтату. Мақсат екеуіміз кебен жаққа қарай барсақ, не қой жоқ, не ізі жоқ- «жер жұтқандай!». Басшылар да қой қарасуға машинамен шыққан екен, онысы бес-алты шақырымнан кейін қалың қарға малтығып, әрі қарай жүре алмай тоқтап қалыпты. Біз не істерімізді білмей ауылға қарай кері қайттық. Келсек, өзіміздің бір отар кәрі қой мен басқа жақтан ығып келген иесіз бір отар қой араласып кетіп, ауылдағылар соларды қораға қамап әлектеніп жатыр екен. Осы аласапыранда көзіме бір көрініс ерекше түсті: қара айғырға мінген ұзын тұлыпты бір алып кісі боранмен араласа қыстақтан шығып «Қосаралға» қарай бағыт алып бара жаттты. Сол сәтте ол маған адам қиял- ғажайып ертегілерінде кездесетін батырлардай не бір қорқынышты кино кейіпкеріндей көрінді. Қасымдағы Мақсаттан «бұл кім?» деп сұрадым.
-Байқамадың ба, ферма басшысы Бағдәулет аға ғой, мана қара айғырды ерттеп жатырғанын көргем, - деп жауап берді . Бір сәт әлгі кісінің соңынан ұзақ қарап тұрып «мына боранда адаспай қалай барар екен!» деп таң қалғанмын. (Ол кезде оның ауданға, совхозға рациямен хабар беру үшін атқа қонғанын білмеген едік ). Біздің құр қайтып келгенімізді бірден түсінген бастығымыз маған бұрылып:
- Мақсат екеуің тездетіп екі шанаға буылған шөптен тиеңдер де, шананы бір-біріне тіркеп «Сары атанға» жегіп, дайындай беріңдер, -деп тапсырма берді.
Күн райы одан әрі бұзыла бастады. Әншейінде күн сәулесіне шақырайған аппақ қардың да реңі солғын тартып жаяу бұрқасынның жетегіне еріп, шетсіз-шексіз қиянға қарай жөңкіліп жатыр. Көп ұзамай-ақ нағыз алай-дүлей боран басталды да кетті. Қарлы боранмен арпалыса жүріп кебеннен буылған шөпті екі шанаға артып тиеп алып, оны атанға жегіп болдық та Мақсат екеуіміз түк түсінбей бір-бірімізге қарадық. Қанша шаруаға ысылдық дегенімізбен, әлі де білмейтініміз көп екенін іштей түсініп те тұрмыз. Ойымызда жалғыз сұрақ- бұл шөпті не үшін, кім үшін тиедік?! Осы ойдың жетегінде келе жатқанда алыстан Ұлықпан да көрінді. -Аттарыңа мініп, атанды жетекке алып «Борбас» жаққа қарай бет алыңдар. Абайлаңдар, шөп ауып қалмасын, көп ұзамай мен де қуып жетермін, -деді де, басқа шаруасымен асығыс кері бұрылып кетті. Сары атан екі шанаға артылған шөпті бұйым ғұрлы көрмей аттармен қатарласа ыққа қарай желіп келеді. Не деген тегеурінді күш десеңші?!
Боран басылар емес, керіснше, ішегін тартып долдана соғып тұр. Қарды бұрқыратып, боратып әкететін адуынды желді қазақ халқы оның күшіне, бағытына , ұзақтығына қарай түрліше атаған. «Долы боран» дейді. Ол –екілене соғатын боран. «Алақаншық» - бәсеңси келе қайта ұйтқып соғатын боран. Ал «алақұйын» боран - астан-кестең ұйтқыған боран . «Түтек»- бұл дым көрінбей, алай-түлей соғатын ызғарлы боран. «Көкдауыл»-аязды, қарлы боран екен. Бұл жазушы Тахауи Ахтановтың «Боран», Шыңғыс Айтматовтың Шерхан ағамыз аударған «Боранды бекет» және де Ізтай Мәмбетовтың, Мұқағали Мақатаевтың шығармаларынан есте қалған әңгіме-деректер еді.
«Мен туыппын ақпандатқан боранда,
Алай- түлей мінезім бар, бәлкім, әлде содан ба?
Алақұйын мінезім бар ашулы» ....Авторы есіме түспей келеді. Ізтай ма екен әлде Мұқағали ма? Бөлем Нысанбек ақпан айында туғандықтан ба, осы өлең жолдарын жиі айтатын. Бір жағынан боранмен арпалысып, біресе шана ауып кетпес пе екен деп алаңдап, әртүрлі ойға беріліп келе жатырмын. «Ат құлағы көрінбейтін боран» деп суреттеуші еді үлкендер мұндай сәттерді. Сол ойыма орала қалғанда астымдағы атым Қаратөбелдің де құлағына көз тастаймын. Әзірге анық көрінеді. Оны да іштей медет тұтқан боламын. Дегенмен ішімді бір беймәлім үрей мазалайды.
Меніңше, бүгін жоғарыда сипатталған боранның барлық түрлері бірігіп кеткендей. Дүлей боран аспан мен жердің арасын жалғап, барынша ойнақ салып тұр. Осы оймен алға жылжып келе жатқанда алдымыздан ығып бара жатырған қой отары да көмескілене көзге шалынды. Қойшымыз Ерекең айғайға басып, ыққан қойды қайыра алмай отардың алдын кес-кестеп шапқылап жүр екен. Мың қаралы қойға жалғыз өзі тығын бола алмай әлектеніп, алқынып жүргені анық. Жақындаған кезде байқағаным - астындағы әу бастан сидаң жаратылған қара биенің де әбден титықтап, шаршағаны білініп тұр. Осы сәтте арт жағымыздан кеп бұйыра сөйлеген дауысқа жалт қарастық- қара айғыр мінген Ұлықпан ағамыз бізді қуып жеткен екен.
-Алға қарай қойды басып озып жүре берің,- деді де, сары атанды өзі жетегіне алды. Көп ұзамай алдымыздан қойны қарға толы сайға кеп тірелдік. Ербол, Мақсат, Ұлықпан ағамыз бар, барлығымыз жанталаса екі шана буылған шөпті сайдың шығар жақ бетіне қиялай қалап, ықтасын жасап жинадық. Істің мәнісін енді түсінген біздер бір - бірімізге таңғала қарастық. Әлі де үйренеріміз көп-ау! Тоқтаусыз, ағын судай сырғып келе жатырған бір отар тоқты сайдағы оппа қарға малтығып жүрісі баяулай берді де, енді бір сүт пісірім уақытта ықтасынға кеп паналаған қойдың алды жата бастады. Жел екпіні де біршама басылғандай.
-Қой түгел жатқаннан кейін көпке дейін қозғалмайды. Отарды айналып қарап қойыңдар. Бірлі-жарым тұрып жүргені болса, шашау шығармай иіріп тұрың, қой бір қозғалса, сеңдей жапырып әл бермей кетеді. Совхозға рация арқылы хабарланды. Көмек келгенше осы қой сендерге аманат!- деп Мақсат екеуімізге бастырмалатып қысқа-қысқа бұйрығын берді де: - Біз жоғалған тағы бір отарды іздеуге кетті! -деп Ұлықпан Ербол екеуі боранды бетке алып қараңғыға сіңіп көрінбей кетті.
«Орай да борай қар жауса,
қалыңға боран борар ма?
Қаптай соққан боранда,
қаптама киген тоңар ма?»...
«Иә, бұны айтқан Махамбет!». Қалың мақтадан қаусырып тігілген күпайке, сыртынан ұзын брезент плащ кигенбіз, жел өтпейді. Аяқта киіз байпақ. Бағана қойға шығар алдында Тәттігүл жеңгеміз қарсылығымызға қарамай «үсімеулеріңе жақсы болады»- деп бетімізді қаздың майымен майлап берген еді. Плащтың сыртқы үлкен қалтасында бір уыс құрт пен туралған майлы қазы, үш-төрт кесек тілінген нанымыз да бар. Мақсат екеуіміз шөптің ық жағына отырып тамақтанып алдық та, тап-таза аппақ қардан асап-асап жібердік. Ішімізге ел қонғаннан кейін көңіліміз жайланып, кәдімгідей тынығып қалдық.
Желмен жарыса ұйтқи соққан қар таусылар емес. Көз жетер жерді, тіпті
күллі әлемді тұмшалап бүркеп алғандай. Ықтасынға иірілген қойдың да жотасын көміп салған. Біреуі тырп етпейді- бейне қардан соққан мүсін тәрізді. Түн ортасы ауған сайын аяздың ызғары үдей түсіп, сүйектен өтер суық денемізді қари бастады. Бір сәт қойдың арасына жатып қолымызды жып-жылы қолтығына салып жылытсақ, енді бірде отарды айнала жүгіріп бойымызды жылытып жүгіріп аламыз. Үркітіп аламыз ба деген қорқынышымыз да жоқ емес. Дегенмен, байқағаным: аяз күшейгенімен жел саябырсып, боран да сәл басылғандай. Сейілген бұлттың арасынан жарқырап ай да көріне бастады. Айнала ағараңдап көз жетер жерді бағдарлауға болатындай. Біршама уақыттан кейін алыстан жылтырап әлдебір жарық көрінді. Әуел баста көзге елес сияқты көрінгенімен, сол жарық бірте-бірте жақындай түсті. Машина-тракторлар шығар деп қуанышымызда шек жоқ. Тағы да бір шай қайнатымдай уақыт өтті. Жарық жақындағандай анық көрінеді бірақ біртүрлі, техникалардың гүрілі естілмейді. Әдетте жел жақтан өзінен бұрын трактордың дауысы құлаққа жетуші еді ғой?! Кенет әлгі жарық ерсілі- қарсылы қозғала бастады да, ай сәулесімен сұлбалары да айқындала бастады. Сол сәтте-ақ жүрегіміз зу ете қалды: «Қасқыр!»
Боранда ыққан малды ит-құс торуылдайтыны белгілі. Жақында ғана «Көксерек» фильмін көргенбіз. От жағуға шырпы-сіріңкеміз де жоқ. «Енді қайттік?» деген үрейлі ой санамызды шырмап алды. Ең алғаш ойымызға «дүр етіп қой үріксе- біттік!» деген ой келді. Қорыққанымыздан қос құлағын қайшылап, қасқыр жаққа қарап айбат шегіп, осқырынып тұрған аттарымызға мініп алдық та өзімізше даусымызды жуандатып «Ақтөс» пен «Белканы» шақырып, айтақтап қоямыз. Жаңа байқадық, әншейінде аяққа оратылып жүргізбейтін ауылдағы төрт-бес иттің бірі де ермепті ғой, сабаздарың! «Қасқыр шапса қайтеміз? Қашсақ елден ұят, қоғам малын иесіз тастап, абыройдан тағы айырыламыз» деген ойлар басымды шырмап алды. Осылайша Мақсат екеуіміз екі атпен қатарласа, олай да былай орағытып, бірталай жүрдік. Қанша дегенмен, адамнан бата алмады ма, әлде айғырдан ықты ма, әйтеуір сол түні түз тағысы қойға қарай жақындамай, анадай жерде шоқиып отырды да қойды.
Таң ата боран едәуір бәсеңсіп, соңы сусыма-бұрқаққа айналып, одан жаяу бұрқасынға ауысып барып басылды. Есесіне маңдайды айырып жіберердей аязды жел күшейді. Қанша жылы киінгенімізбен кешеден бері денеміз жіпсіп терледік пе, омыраудан кірген жел іші-бауырымызды кеулеп, жеңімізден шығып, тоңдырып барады. Түнімен бораған қардың беті де қата бастаған. Үстін қар басып жүні жығылып, ұйлығып жатырған қойдың қаперінде ештеңе жоқ, алаңсыз күйісін қайырып, жатып бүйендейді, дымы кетер емес. Оған да шүкіршілік, тек-тек әзір орнынан қозғалмай жата берсе болар еді! Мақсаттың бетінің әр жерін үсік шалғаны байқалады, қатты тоңғандықтан ба, ол да үнсіз тұр. Тұла бойымды жалғыздық сезімі билей бастады. Күзгі суықта үзіліп түсіп, желмен ұшырып қиянға апарып тастаған жалғыз жапырақтай, мынау аязды зәрін шашқан ұшы-қиыры жоқ жапан далада жалғыз қалғандай көңілім құлазып тұр. Әр нәрсе ойыма оралып, кейде жылағым да келеді. Осынау көсіліп жатқан суық кеңістікке, ауыл жаққа көз тігіп қана тұрмыз. Ара –арасында атымызды тебініп, қару дегеннен қолымыздағы шолақ қамшымызды білеп, айқайлап қоямыз. Қанша тоңсақ та қойдың жел жағынан кетпеуіміз керек! Бұны ешкім айтып үйретпесе де, ішкі түйсікпен ұғынғандаймыз. Жаңа тебіндеп шығып келе жатырған түбіт мұртымызға қатқан қырауды жалап-сорып, құрғаған тамағымызды жібіткен боламыз.
Қыстың бұлыңғыр таңы да атты-ау! Бетінде бұрқасыны бар жазық дала қараңғыны кеулеп кірген күн жарығына шыдамай, етегі түріліп жарықтана бастады. Күннің жарығынан сескенді ме, әлде алыстан талып жеткен техникалардың дауысын бізден бұрын сезіп байқады ма, әлде қойдан да күдерін біржолата үзді ме, (мүмкін онша аш емес те шығар) әйтеуір бір кезде қасқырлар да орындарынан тұрып, марғау қозғала арттарына бір-бір қарап, сәлден соң бүлкілге басып ұзай берді. Көп ұзамай алыстан еміс-еміс тракторлардың гүрілі естіліп, кейін қарауытып барып өздері де көрінді. Түз тағыларының кеткен себебі енді белгілі болды.
Бұл - ұмытылмас түн еді. Қоғамдық мал басын аман сақтау жолында боранмен бетпе - бет келген екі баланың кеудесін қуаныш кернеп, жүздері бал-бұл жайнап тұр. Тіпті түнімен ұйқы көрмей, ат үстінде желдің өтінде, боранның ортасында жүріп тоңғандары мен қорыққандарын белгісіз бір үлкен күш бойларынан ығыстыра шығарып үлгерген. Бұ л- Отанын жаудан қорғаған солдаттың жүрегіндегі сезімге ұқсас елге, қоғамға деген патриоттық рух еді.
Боран басылғаннан кейін де далада ығып кеткен екі отар қойды қыстаққа жеткізуде үш күн бойы аттан түспей, ақ түтек боранмен, ызғарлы аязбен арпалысқан күндер сол кездегі жастарды ерте есейтіп, өмірге деген көзқарастарын түбегейлі өзгертіп, жауапкершіліктің салмағын сезіндірді.
Содан бері жыл сайын 19-шы ақпан келгенде, сол бір сұрапыл боранды еске алып, табиғаттың мінезіне зер салып, ауа райына алаңдай көз жүгірту күні бүгінге дейін әдетіме айналды. Ол күн жүрекке өшпес із қалдырған тағдырлы сәт болып есімде мәңгі сақталып қалған-ды.
Ақтөбе облысы,
Байғанин ауданы.
ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, дәрігер-кардиолог Мұңайтбасов Нұркен Орынбасарұлы: «Боранмен бетпе-бет» Әңгіме
- Толығырық
- : Проза
- Көру саны: 43




