Филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Қадыр Жүсіптің «Күй падишасы» дастаны - Қазақстанның Халық артисі Айгүл Үлкенбаеваның таланты, дәулескер домбырашылығы туралы жазылған шығарма.
Дастан бес тараудан тұрады. Автор «Қаситті домбыра» аталатын прологтан бастап, өнер, оның ішінде күй өнерінің өзіндік ерекшелігі, табиғат құбылыстарымен үндестігі туралы толғанады. Адам баласының бойындағы тебіреніс пен табиғат құбылыстарын егіздеу арқылы үлкен философиялық тұжырым жасайды. Ол тұжырым – адам мен табиғаттың егіз жаратылысы, пенде шіркінге барлық қасиет табиғат-сыңарынан жұққаны, ауысқаны, сол табиғаттың таңғажайыптарының жүрек пен мида өзгеше бұлқыныс жасап, әуен болып құйылғандығы. Ал, домбыра болса, санадағы сәулеленген ғажайып әуезді адамзат баласына қайтарып берген аспап, яғни, сол бір көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын керемет үнді, дыбысты құлаққа естіртетін киелі дүние екен. Шындығында, да солай екенінде еш күмән жоқ. Алайда, оны сезім түйсігінде түйсініп, жан-тәнімен қабылдап, жүрегінен өткізе қалың елге өлеңімен жар салатын ақын қаламы неткен құдіретті! Оқырманның еріксіз осы ойлардың құшағында тербелетіні анық.
Дастанның көтеріп отырған тақырыбы – өнер, өнер адамының қиын да қызықты өмір жолы. Идеясына келетін болсақ, жас ұрпақты, қалың оқырманды өнерді сүюге, қадірлеуге, өнер шығармасын түсінуге, өнер адамдарын құрметтеп, алақанға салып әлдилеуге шақырады. Өнер арқылы Отанды, туған жерді сүю, табиғатты аялау, қамқорлау жалпы адамзаттық құндылықтарды сақтау идеясы ақынды шабыттандырып, қанаттандырғанға ұқсайды.
Поэманың экспозициясы – бірінші тараудың екінші бөлімі, яғни, «балауса талап» аталатын бөлімі. Ақын қасиетті құм Нарынды мекендеген халық туралы толғанады. Ерекше сарынымен жанды баурайтын құм Нарын - талай жақсылар мен жайсаңдарға бесік болған уиелі мекен. Бұл жерді мекен еткен халықтың талай жаугершілікті, талай сыртқы жаулардың, дұшпандардың шабуылын басынан кешіргенімен, мойымай, дұшпанын табанға салып жаныштап, ата-бабадан мұра болған қасиетті өңірді қорғауда қанын судай шашып, жанын аямай, дұшпанын ойрандаған жандар екенін ерекше пафоспен жеткізген.
«Құм Нарын мекен бопты Адайға да,
Туылған адайлардан талай дана.
Төсегі – сусылдаған құмы екен де,
Аспаны – көз жеткісіз сарай ғана» деп, шабыттана, арқалана жырлайды ақын. Бұл жерді мекен еткен жандардың батырлықпен қоса ақындығы, күйшілігі де ақын назарынан тыс қалмайды. Ұрпақтарына жан-дүние көркемдігі мен сыртқы келбетінің үйлесім табуын өсиет еткендердің бірі – Үлкенбай екен. Оның шаңырағында Нариман деген ұлдың дүниеге келуі, жас өреннің домбыраға әуестігі, күйді сүюінің өзі Нарын құмның уілдеген сарынынан бастау алатын сияқты-ау... Қыста ақ бораны, ақшұнақ аязы бет қаратпай, долы дауылы түнімен уілдеп, құм ішін тербетіп шықса, көктем келген кезде оның әуені де өзгеріп шыға келетіні қызық. Құм іші жап-жасыл оазиске айналып, ал құмды бұрқыратып соққан көктемгі желдің үні бірде сыбызғының үніне ұқсаса, енді бірде сырнайдан шыққан әуендей жүректің түбіне жаймашуақ күндердің елесін құятындай...
Үлкенбай ата мен Зейнеп ана болашағынан көп үміт күткен Нариман көпұзамай мектеп қабырғасына барады, одан кейін дәрігерлік мамандықты таңдайды. Бірақ баяғының сал – серілеріндей Нарын бойын ән-күймен әлдилеген нариман Шолпан атты сұлу қызға құрығын салады. Шолпан да - оған сай, ақылына көркі келіскен, өнерлі қыз. Екі жастың тілегі бір жерден тоғысып, үлкендерден бата алып, отау құрады, шаңырақ көтереді. Міне, осындай өнерлі ортада дүниеге келген Айгүлдің өнер жолын таңдамасқа шарасы да жоқ еді.
«Көрінді әрбіреуі талабымен,
Тірлікке қарап сәнді жанарымен.
Айгүлдің ерекшелеу табиғаты,
Әуре ішек, домбыра шанағымен» деп, болашақ өнер иесінің бала күннен домбыраға жаны құмар болғанын ерекшелеп келтіреді.
«Бұл қызым домбырашы болады,-деп,
Нариман оны алдына алады кеп.
Күні бойы әуресі дыбысқа ауып,
Болмады ойыншыққа алаңы көп»,- иә, әке балаға сыншы! Сәбиінің әр ісін зерделеп, пайымдаған ақылды әке Айгүлінің талабын ұштап, үйден күй сабағын өткізеді. «Тайғақ жол бөгет емес тағалыға» дей отырып, ақын домбырашы әкенің қызына берген күй сабағы мен өмір бойы жанына азық болған ақыл-кеңес, өсиетін де дастанға арқау етеді. Шығармадағы сюжеттік байланыс – «Сәби Айгүл ойы» аталатын бөлім. Аталған бөлімде болашақ дәулескер күйшінің балаң үміті, ақ қанатты арманы сөз болады.
«Күй үшін дүниеге келгендеймін,
Нәзік үн қасиетін тергендеймін.
Қаптаған мына әлемнің дыбыстарын,
Күйіме біреуін де теңгермеймін», деп, құлашын кеңге сермеген балапан қанаттың еркін самғауына алғаш жол ашқан Шәмшиден ұстаз екенін оқырманға жеткізеді.
Дастан сюжетінің дамуы – «Айгүл-оқушы» деген екінші тарау. Бұл тарауда Айгүлдің мектепте оқи жүріп, талантын таныған ұстаздарға кездесуі, мектеп ансамблінен, мектеп оркестрінен басталған өнер көгіне самғауға деген құлшыныс көрініс тапқан. Алғаш рет халық алдына шыққан жас дарынның ішкі буырқанысы, іштей ширығуы оқырманды да бейжай қалдырмай, соңына ілестіріп отырады. Жас талантты бағалаған көрермен ілтипатына тұңғыш рет бөленіп, қуаныштан жүрегі лүпілдеген балауса қыздың өзіне деген сенімі, жігері мен намысы да өрнекті өлең жолдарымен нақышталған.
Әрі қарай дастандағы шегіністер мен монологтар өнер жолының қиындығынан хабар беріп, қолтығынан демейтін қара орман халқы барда таланттың танылмай қалмайтынын, оған жететін баспалдақ тек еңбекпен келетінін ақын өлең жолдарымен шебер өрген. Шығармадағы сюжеттің шиеленісе түсуі үшінші тараудың «Жыр басы», «Айгүл студент», «Түйін» бөлімдерінен көрініс тапқан. Чайковский атындағы музыка мектебіне оқуға түсуі, Қаршыға сияқты дүлдүлдердің сынынан өтуі, Тілеш ұстазының дәрісі туралы ақын өте жатық тілмен баяндаған. Оқырман пафосқа толы сөздердің астарындағы үлкен мағына астарына үңіле отырып, сол бір өнерге құштар көркем ғұмыр иесіне – жас қыз Айгүлге ғашық сезімнен арыла алмайды. Жүректі саздырып, жан-дүниенің сан түрлі сырын қозғап, сезімге түрткі салатын дауылпаз күйлерді жүрекпен сезініп, күйшінің осы арқылы қандай сезімде болғаннын санада түйсініп орындау оңай емес! Сонау құм Нарынның бұрқасынды дауылы, құмның ішін уілдетіп, бірде зар еңіреткен, бірде баласын жұбатқан анадай әлдилеген ғажайып әуен, дыбыс гармониясы оның бар болмысын тұтқындап алған сияқты. Күзде аспаннан төніп тұрған тұнжыр бұлттың астында қалып, қорғанышсыз сәбидей, тарамыс қолдарын көкке жайып, дауылдың, желдің өтінде жалғыз тұрып сыңсыған жыңғылдар, желдің әміріне көніп, өз бағытынан мәңгілік адасып қалған қаңбақтар, тарбиып тұрған құмаршық, жантақ сияқты құм өсімдіктері кө алдына келіп, соның бәрі жердің үсті, аспан астындағы алып оркестрдей ерекше үн, әуен тыңдататынын қайтерсіз?! Ақ Жайықты қимай шырқыраған шағала үні жанын бебеулетіп, жай таптырмайтынын қай пенде түсінер?!
Айгүл Құрманғазы, Дина сияқты күй алыптарының туындыларын санасына сіңіріп, бойына құйып алғаны сондай, жүрген жүрісі, тұрған тұрысы, күлкісінің өзі күйге айналып кеткендей ме?! Тек қазақ композиторларының шығармаларын емес, әлемдік деңгейдегі композиторлар туындыларын да егіз шекке сыйғыза білген күйші қыз өсу үстінде.
Дастанның шарықтау шегі – төртінші толғам. Құрманғазы атындағы академиялық халық-аспаптар оркестріндегі жылдар Айгүл талантының өрлеу жолын биікке, тым биікке жетелей түсті. Шың басына қанат қаққан сұңқардай, күй өнерінде өзіндік шеберлік биігін бағындырған Айгүл талантын Шамғон Қажығалиев сынды талантты дирижер жоғары бағалады.
«Сырбаздай жүректерін күйге ендірген,
Алаңсыз бірін-брі сүйген бірден.
Күй атты Айгүлді осы жігітіне,
Табиғат өз қолымен үйлендірген» деп тұжырым жасайды ақын аталған тарауда.
Айгүлдің өзі бала жасынан ғашық болған күй өнерінің биігін бағындыруын «Күй-падиша» бөлімінде баяндайды ақын. Бұл бөлім – осы дастанның шешімі.
«Әлемді өнерімен табындырған,
Көрмесек сахнадан – сағындырған.
Айгүл – күй падишасы дүниеде,
Жаратқан екен Алла тағын нұрдан» деген ақынның тұжырымы осынау өнер адамының шым-шытырыққа толы дүниеде өз жаны қалаған өнердің аспанында еркін самғауын суреттейді. Дастан өте көркем тілмен, әртүрлі оқиғалар өрімімен оқырманды өзіне тартады. Ақын тілі бай, түрлі теңеу, метафора, метонимия, теңеулерден көз сүрінеді. Бұл жөнінде келесі мақалада тоқталамыз деген ойдамын. «Күй-падишасының» сапары сәтті, ғұмырлы болсын!
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, әдебиет сыншысы.