Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары соғыстан соңғы бұрқ етіп жанып, жалынын шашқан қазақ әдебиетінің қайтадан қоздап, жаңа леп әкелген айтулы кезеңі болғаны белгілі. Алматыда республиканың әр тарабынан жиналған Жұмекен, Қадыр, Әбіш, Төлеген, Тұманбай, Мұқағали сияқты көптеген ақындар алғашқы жинақтарын шығарып, өз оқырманын елең еткізсе, аулақта жатқан Атырауда да арқасы қозып, адырна жырдың ақ бозына аяқ артқан жас дарындар да аз емес-ті. Солардың арасында Фариза Оңғарсынова, Нұралы Әжіғалиев, Марат Отаралиевтар да бар еді.
«Нарынның наркескені» атанған Нұралы ақын кешегі шұбар ту ұстап, Исатай мен Махамбет өткен, Құрманғазы мен Дина, Ерғали менен Жаңбырбай күйлерін төгіп, Жантұрған мен Мақаш, Нұрымдар тоқтап, Насихат сынды дүлдүлдер жырын баптаған киелі Нарынның айтулы азаматы, ардақты ақыны. Ақындық дегеніміз - өлеңді тек үйіп-төгіп жазумен ғана айқындалмайтын қасиет қой. Аз да болса мәз жазып, алашының жүрегіне асыл сөзі анық қонақтаған адамдарды ғана халық өзі бағалап, «АҚЫН» деп атайды. Бар өмірінде 200-дей ғана өлең жазған ұлы Абай, 80 өлең шығарған Махамбет, 27 ғана өлеңімен грузин поэзиясының классигі атанған Николаз Бараташвили секілді артында айта қаларлық асыл мұра қалдырған, қазақтың бір туар ақыны Нұралы Әжіғалиев те сөз түренін салған ғажайып ақын десек, ешбір жаңылмаймыз.
Ақын өскен өлке – Нарын өлкесі - ән мен күйге, жырға бөккен өлке. Шалкиіз, Қазтуған, Доспанбет, Жиембет, Махамбет жыр теңіздерінің толқынына халық қиялының қанатын малған өлке. Бұл аймақ - құмы мен бұйырғын-жусанының арасында күйшілік пен ақындықтың дәні шашылған аймақ. Кіндігі мен тұсауы жырмен кесілген, бесігі жырмен тербетіліп, сәби шағынан құлағына сіңген, жырдың нәрін шұбат пен қымыздай сімірген, даласының әр бұтасы жыр төккен Нарында Нұралының ақын болмауы да мүмкін емес еді.
Нұралы Әжіғалиев 1939 жылы 23 қыркүйекте Нарын құмындағы Сүйекті елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Ұлы Отан соғысынан оралмаған жалғыз ұлын анасы Рапыш колхоздың қара жұмысын бел шешпей атқара жүріп өсірген. Сөзге шешен, ойға жүйрік анасы баласының бойында қазақтың қара өлеңіне деген сүйіспеншілігін оята алды. Жастайынан алғыр, зерек бала қатарының алды болды, озат оқушы атанды.
«Ол сабақ үстінде дискуссия, талас тудырып отыратын. Нұралының мұғалімге кенеттен қойылатын сұрағы мұғалімді де, бізді де елең еткізетін. Содан соң-ақ әркім әртүрлі пікірлерін айтып, мәре-сәре болатын. Бұл Нұралының ой ұшқырлығы, фантазиясы жоғары екендігін байқатушы еді», -дейтін сыныптасы, айтулы ел азаматы Жанай Беркалиев.
1956-1960 жылдар аралығында Нұралы Әжіғалиев Гурьев педагогикалық институтының кеңейтілген «қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түсіп, бітіріп шықты. Поэзия патшайымы Фаризамен бірге оқып, бір- біріне деген ыстық ықылас, сөнбес сезімде болған қос ақын өмірлерінің соңғы күндеріне дейін үлкен достық, өзара сыйластықта болып, бір-бірін қадірлеп өтті. 2003 жылы Атырауда Махамбет поэзиясы күндері өткізілгенде Астана, Алматыдан Әбіш , Тұманбай, Фаризалар бастаған қазақтың бір топ біртуар ақын- жазушылары келді. Жоспарлы бір шара ретінде «Арыс» баспасынан шыққан Нұралының «Таңдамалы» өлеңдер жинағының тұсаукесері солардың қатысуымен өтіп жатқанда Фариза Оңғарсынова: «Біз де аспаннан ақын болып түскен ештеңеміз жоқ. Қадам бастық, қарайластық, қаз тұрдық. Шынымды айтсам, өлең жазуды өзгеден емес, осы Нұралыдан үйрендік», - дегені Нұралы ақынның өлең өлкесіндегі алтын тағын одан әрі биіктетіп жіберген еді.
Гурьев педагогикалық институтын бітіргеннен кейінгі жұмысы — Жылыой мектептерінде орыс тілі мен әдебиеті, осы ауданның комсомолының хатшылығы. Мұнда жүргенде Нұралы актерлік өнерімен де көрінді. Жылыой аудандық халық театрында көптеген спектакльдердің басты рольдерінде ойнап, Алматыда аудан драма үйірмесінің «халық театры» деген атаққа ие болуына күш салды. Бұл кездерде актерлігімен дүрілдеді. Мектепте сабақ бергенде, орыс әдебиетінің небір дүлдүлдерінің жырларын жатқа оқып, оқушыларын таң қалдырса, театрда көрермендердің аузын аштырды. 60-шы жылдары жергілікті және орталық баспасөзде жалынды жырларымен жарқ етіп танылған жас ақын кейінгі жылдары тас қалыптағы заманының өлшеміне сыймай, өзінше «еркін» өмір сүрді. Тірлікте бәріміз қаншама теңбіз десек те, шолақ ғұмырдың аламан додасында жүзден жүйрік , мыңнан тұлпарлар ойқастап шығады ғой. Өкініштісі сол: ел бағы үшін жарқырап туған жұлдызды таланттың бәрі көкжиек асып, көкке өрмелеп жатқан жоқ. Көзіміз көрген кешегі күн, міне, бүгін де «саналыға абақты болған» бұл ғұмыр диірменінен өткен де бар, ұнтақталып кеткен де бар.
....Құдайым маған тап қылды талай пендені,
Жолыққан жолда жандар да жақсы кем бе еді?!
Уысында болсам ұйытқыған талай заманның,
Басымнан мына кешпеді дейсің мен нені?
Желкендей болып желпіндім кейде жел керген,
Белімді шешпей аттадым талай белдерден.
Бәрін де кештім ел кешкен бастан бақыттың,
Бәрін де көрдім қасіреттің де ел көрген.
Жасалып жатар атымен ұлы Шындықтың,
Жер асып жүріп түр – түрін көрдім сұмдықтың!
Үмітім талай үлбіреп тұрған үзілді,
Арманым талай түбіне кетті ындықтың , -
дейді өз өлеңінде өзі жайлы ақын. Сол жылдары жазылған бір чемодан өлеңдері мен дастандарын алыстағы Алматыға апарып баспаға беремін деп ұзақ жолға шыққанда желпілдеп жүріп жоғалтып алғанын ол өкінішпен еске алып отыратын...
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынанан бастап, таңдаған тағдыры - өмірі өлеңге, өлеңі өмірге айналған ақын республикалық ақындар айтысына да қатысып, танымал атана бастады . Оның білекті сыбанып, дендеп өлең жазғаны — сексенінші, тоқсаныншы жылдары ғана. Қолымыздағы жырлары - осы өмірінің соңғы 20-25 жылдар бойына жазған өлеңдері ғана.
Нұралы Әжіғалиевтің тұңғыш өлең кітапшасы 1993 жылы «Жаңғырығы жанымның» деген атпен жарық көрсе, 1999 жылы «Арыс» баспасынан «Тағдырым осы таңдаған» атты өлең кітабы, ал 2001 «Өлке» баспасынан «Беу, дүние» жинағы, 2003 жылы «Жазушы» баспасынан «Таңдамалысы» басылып шықты. Махамбет атындағы сыйлықтың тұңғыш лауреаттарының бірі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Исатай ауданының, Атырау облысының Құрметті азаматы атанды. Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, Аққыстау орта мектебінде мұғалім, Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінде қызметкер, «Атырау» газетінде тілші болып еңбек етті. Өзі айтқандай, тарлан тартқан шағында өрге аққан шын жүйрік ақын 2004 жылы 11 қазанда ауыр жол апатының салдарынан өмірден озды. 2014 жылы «Ағатай» баспасынан жарық көрген Н. Әжіғалиевтің «Есіңде мәңгі қалғалы келгем» атты жыр жинағы оқырмандарының қолында. Махамбет атындағы сыйлықтың тұңғыш иегерлерінің бірі, Атырау облысының Құрметті Азаматы Н. Әжіғалиевті көзі тірісінде-ақ туған жерінің халқы «Наркескен ақын Нұралы» деп төбелеріне көтерсе, өмірден озғанына ондаған жылдар өткенімен, жырларын жатқа соғып, есімін ардақтап келеді. Нағыз ақын бақыты деген осы болса керек.
Ақын дегенді періштелік пен пенделіктің қосындысы деуге де болар еді. Нұралы ақын да өлеңге деген тазалықты адал сақтағанымен, мынау қисыны көп өмірге деген аңғал көзқарастан арыла алмай, оның алдауына түсіп, арбауына көнген еді. Өмірдің не бір қиын-қыстаулы өткелдерінен өткен. Осылардың бәрінен де ол поэзияның «ақбоз» пырағына мініп, аман шыққан. Қандай жағдайда да оған халқының арнаған сыйы таусылмады. Жеткіншек кезінен бастап, жасамыс жасына дейін елдің «бір Нұрекеңі» атанды. Бұл да бір ақынға оңай келген бедел емес еді. Бұл оның шын мәніндегі «халық ақыны» болғанының нағыз айқын белгісі болса керек. Ақынның артында ұшан-теңіз мол мұра да қалған жоқ. Бірақ, оның әрбір өлеңі сом алтындай салмақты, жүрегіңе тым жақын, ардақты туындылар болып енгені хақ. Оның өлеңдерінен ақынның қайтпас-қайсар бөлек мінезі айқын аңғарылып тұрар еді:
Бағым баспай ілгері, тоқтап қалған,
Тағдырыма қатыгез, тоқпақталған.
Кездерімде – мендегі қайсарлықты
Сендерсіңдер, жырларым, сақтап қалған, - деп жырлайды ақын.
Өлең – көңіл айнасы. Жалған дүниенің таусылмас күйбеңдері бой жаздырмай, қысқа жіп күрмеуге келмеген тірліктен пенде шіркіннің сағы сынып, тауы шағылар сәттер аз емес. Сол бір кірпікті зілдей мұң көтертпеген, жүрекке қорғасын бұлт үйіріліп, еңсені басқан шақта еріксіз қолға өлең кітабын алып, музамен сырласар шақ болады. Сондайда алдымен кез келген ақынның емес, жүрекке жақын, әр сөзі арқылы тағдыр қайшылығын дөп басып, ағыл-тегіл сезім селіне шомылдыратын ақынның кітабын іздейді адам. Жыр жолының тасасынан көзге көрінбес ақ шуақ айналаны ақ нұрға толтырғандай әсер алатыны тағы ақиқат. Бірақ оқырман іздеп жүріп оқитын жыр жинақтары ілуде біреу. Халықтың төбесіне көтерген таңдаулысы болу– бақытты өнер жолына бас тіккендердің бәріне бірдей бұйырмаған. Нұралы Әжіғалиев болса, маңдайына өнер бақыты жазылған бірегейлердің де дарасы. Ақын жалған дүниенің сырларын, өз басынан өткерген тағдыр ауыртпалығын шыншылдықпен, сол қалпында жайып салады:
Халықтанмын жыр десе марқаятын,
Бал қымызын ұсынып сапырылған.
Әкім келе жатқанда шалқаятын,
Ақын келе жатқанда жапырылған.
Бітіспейтін жауымын жамандықтың,
Дәрежеге, дәулетке аз алаңым.
Анкетаға, тұсына мамандықтың
‘‘Ақынмын’’ деп ұялмай жаза аламын, -
деп, ағынан жарылған ақын жүрегінің ғана айтқанымен жүретін шыншыл да сезімтал мінезін ашық аңғартады. Алдағы күннен шұғыла күткен сыңаймен арманға қол созады.
Ақын тағдыры - қиын да күрделі тағдыр. Кейде өмірдің көлеңкелі тұстарына кезігіп, жанардан мөлдір шық аунатады, енді бірде орны толмас қателікке ұрынып көкірегін жалын қариды. Дидарынан ақ нұр саулаған әлемге тоймас іңкәрлікпен ғашық боп қуаныш-қайғысымен өліп-өшіп құшатын да - ақындар. Олай болса о баста маңдайына өнер - муза бақыты бұйырған ақын өмірі жөнінде ақынның өзі ғана айта алса керек-ті:
Өр мінезді Өлең деген тақсырдың
Жиғанымды жағасына жапсырдым.
Өзге бәрін шаруамның пенделік
Аманат қып тағдырыма тапсырдым , - деген ақын өлең өнеріндегі өз орнын айқындайды.
Нұралы – өзіндік табиғаты бар ақын. Нұралы ақындығы табиғат сыйлаған дарындылық, табиғат дарытқан қасиет. Бұл қасиет жас кезінен тәрбиеленбесе, бапталмаса, ол өз-өзінен өшіп қалған болар еді. Нұралы өз бойындағы сөз құдіретіне деген құштарлықты ерте сезіп, үнемі жетілдірумен болған. Нұралы өлеңдерінде ой мен сезім қыранның қос қанатындай бірі артық, бірі кем сермелмей, қыран-жырды оқырманның шың іспеттес жүрек биігіне жеткізді. Оның өлеңдерінен біреулер әлдеқашан айтып кеткен ой да, тіркес те таба алмайсыз. Бәрі өзінікі, әр шумақ «мен Нұралы жырымын» деп атой салып тұрады. Әрдайым тапқыр сөз, тың ойға кенелесіз. Нұралы өлеңдерінің дені әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Адам тағдыры, туған жер, ата-ана, бала, еңбек, тарих тамыры, достық, махаббат лирикасы да қомақты. Нұралы өлеңінің шынайылығы, пәктігі, сонылығы, ыстығы, екпіні жүрегіңізді дүрс-дүрс соқтырып, сезіміңізді сілкілейді:
...Ұқсасам деп шыңына бір өрілген,
Тауға қарап кездерім көп керілген.
Шың боп шырқау кете алмадым бірақ мен,
Биіктігім шығар өлшеп берілген.
Тамашалап толқындарын тайпалған,
Көлге қарап шақтарым көп шайқалған.
Көл боп көлкіп кете алмадым бірақ мен,
Ұялдым да ұлы дария Байкалдан, - дей келіп өз ойын былайша түйіндейді:
‘‘Ұшар болсаң, - дейді өмір, - озып ұш’’
Озбақ түгіл, қалмаудың да өзі – күш.
Болмайын деп болмайды емес әр адам,
Жоқ болады жазмыштан озмыш...
Ал ақын «Өрліктің мәні осындай» деп аталатын өлеңінде ерлік пен өрлік тәрізді қасиеттерді қыран тағдырымен сабақтастырып, терең философиялық ой айтады. Биік арман мен мақсатты мұрат тұтқан ақын намыс пен өжеттілікті, сын сағаттағы сертке берік адалдықты қыран ғұмырымен егіздеп өрнектеген. Бұл өлеңдегі қыран символ - Өрлік символы.
Сенбейтіндерің сеңгірлі таудан сұраңдар,
Тауларда жатыр қатпарлы нендей сыр аңдар.
Әл кеткен шақта көк тасқа соғып кеудесін,
Дүниемен жарық қоштасады екен қыраңдар.
Сұраңдар, айтсын құба түздер мен көк жондар,
Әрлі де берлі айқыштап жатқан көп жолдар,
Бірінің бірі жеп кетеді өлігін,
Көлденең көзге көрсетпеу үшін көкжалдар.
Қайтпекші енді тағдыры солай қарысқан,
Бітіспес жауды аңдымау керек алыстан.
Сондықтан оны алаңда, ашық айқаста
Мерт қылып, иә мерт болады екен арыстан.
Қалпында сол бір жұлдыздай аққан жарқырап,
Қатерлі тұстан қуатын сарқа қарғып ап,
Дарадан – дара арқанды қиып керілген
Құлайды екен алдында көптің арғымақ.
Жоғалар болсаң, жалт ет те жоғал жасындай,
Езілмей еңсең, ешкімге кеудең басылмай!
Тірлікте мынау бәкінің келте басындай
Ерліктің және Өрліктің мәні осындай!
Неткен тәкаппар ұлылық! Осыны жүректі тітіркендіре жеткізген ақын шеберлігіне неге таңдай қақпасқа. Өлең психологиялық параллелизмге құрылған. Сондай-ақ сеңгірлі тау, қатпарлы сыр, көк тас, жарық дүние деген эпитеттер ақын тілінің мол бояуын аңғартады.
Нұралының «Нарынның Наркескені» атануы - оның ақындығы әрі өлеңінің халықтың ойына жақындығы. Көкірегіне қонымды, өзің айта алмаған ойыңды, мейірінді қандыра, сыздағаныңды басып, жараңды жазып, өшкеніңді жандырып, өзегіңді талдырып, жылағанды жұбатып, оқығанды құлатып жаза білуінде. Өлеңдерінің әр жолын оқысаң - нақыл, ойыңа тоқысаң - ақыл болып келеді. Өмір оны еркелеткен жоқ, бірде алдын, бірде артын тосты, иығынан басты, аяғынан шалды. Сол өзінің әрі өр, әрі өжет қайсарлығымен қиындықтардан аман қалды. Осылардың барлығын өзінің де, өзгенің де көзіне тура қарап бүкпесіз жазды:
Шырылдап шындық үшін бас тігемін,
Түршігем түрін көрсем жасандығының.
Қуансам, налысам да жас төгемін –
Бар сондай бойға біткен осалдығым.
Шығармын аяқ жетер қырларыма,
Барымды – аз ба, көп пе – алар халқым.
...Ұқсатуға ұмтылмаймын жырларыма,
Жырларым маған ұқсас болар, бәлкім, – дейді ақын.
Оның ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі– өз өлеңдерін еш уақытта қағаздан оқымайтын, тек жатқа айтатын болғаны. Соның өзі аруақ қонған ерекше қасиеті, ерекше құбылыс еді. Оның тағы бір ерекшелігі- орыс тіліне шеберлігі еді, әсіресе, орыс ақындарының өлеңдерін кез-келген шумағынан іліп әкетіп, жатқа айтатын.
Нұралы ақынның досы, белгілі ғалым Қадыр Жүсіп былай дейді: «Нұралының мінезі ерекше жаратылған жан болатын. Өте пысық, тарпаң мінезді, бірақ ашық, айтарын күлбілтесіз айтып тастайтын. Ақкөңіл, ешкімге жамандық ойламайтын. Кемшілігіңе күйініп, жетістігіңе сүйініп отыратын. Курстастарының бәріне адал көңілмен қарым-қатынас жасайтын. Ренжіген адамына қатты ашуланатын. Бірақ, қайтымы жылдам болатын.
Нұрекең бойында керемет бір тасқын күш барын байқадым. Не деген сезім, не деген бұла күш. Ол бойындағы сол тасқынды қайда қоярын білмейтін. Алдыңда тау тұрса, тауды аударып тастайтындай жойқын күші бар сияқты. Мұндай қасиет бірге оқығандардың ішінде тек Нұралыда болды. Тарпаң мінез, бұла күш көзсіз ерлерде болады. Нұралы шын мәнісінде «көзсіз ер» еді. Ештеңеден тайсалып, ештеңеден қорықпайтын.
Нұралының басқа ақындардан «айбергеновтік» ерекшелігі — өз өлеңдерін жатқа білуі. Ол Сергей Есениннің түгелге жуық өлеңін жатқа айтатыны сияқты, өз өлеңдерін жатқа соғады. Бұл – үлкен феномендік.
Нұралының көп ақындардан тағы бір артықшылығы — өлеңді шебер оқи білуі. Ақын жүрегінде тыңдаушысын табындыратын үн, құлақ кілтін ашып, адам психологиясының жай-күйін ұғып отыратын, қалай әсерлендіру керектігін білетін тамаша қасиет болды».
Ақын шығармаларына негізінен өмір, адам, туған жер, ұрпақ ұлы Отан соғысы мен Жеңіс, алты алаштың арыстары, замана өзгерістері кеңінен арқау болады. Махамбет жырының жалыны, азаматтықтың туын көтерген Исатайдың батырлығы, Құрманғазы мен Дина сынды күй дүлдүлдері ақын жанына нәр берген бұлақтай. Содан да Нұралы ақынның Нарынның Наркескені атануы да туған жерін емірене құшып, тебірене жырлауы да атамекеніне деген перзенттік сүйіспеншілігінде болса керек. Нұралы өлеңдерінің құдіреттілігі сол – ол осы әлеуметтік өмір қатпарларын, тіршілік түйткілдерін көкірек көзімен көре білуі, өзі өнген құм мекен - Нарынды жалпақ әлемге жариялауы, дөп басып жырлай алуы еді. Өзі өскен топырақтың ырыздық, құнарын, оның алтындай ажарлылығын, сынаптай сусыған тазалығын ертелі-кеш Нұралыдай етіп ешкім суреттей алмаған шығар. Оның өлеңдері дәлдіктен тұрады. Семсердей сөзімен дәл көздейді, дәл тигізеді. Сол атылған жебелерін көктен іздеп таппайсың, сол киелі топырақтан табасың.
Қазақ «Әркімнің туған жері - өзі үшін Мысыр шаһары»,- дейді. Нұралы ақын да өзінің кіндік қаны тамған Ақ Нарынын шексіз сүйіп, қадірледі. Сонау Махамбеттен, кешегі Насихат Сүгірұлынан кейін Нарынды жырға көбірек арқау еткен Нұралы ақын екен. Сол Нарында ақынның балалық шағы өтті. Нарынның мақпал құмында ақын тұңғыш рет еңбектеді, алғаш рет қара жерге табанын басты, ақ шағылына аунады, өз ырыздығын теріп, туған жерінен бірде алыстады, бірде оған жақындады.
«Нарын» өлеңін оқығанда адамның жаны нұрға толып, көкірегі күймен күмбірлеп жүре бергендей болады. Өн бойынан сағыныш ескен бұл өлең ақынның туған жерге, кіндік кескен топырағына деген перзенттік махаббатынан хабар бергендей. Өлең - адам сезімінің хабаршысы. Нұралы Әжіғалиев өлеңдерінде дала бейнесі ерекше сезіммен нақышталған. Нұралы ақынның даласы мүлдем бөлек , өзгеше.
Жымиясың жайсаң далам,
Боз жусаны бойшаң далам.
Құба қырдан шұрқырайды,
Құлыншағың майсаңдаған.
Бұл өлеңдегі көріктеу құралдары туған жерге деген ақынның перзенттік махаббатын дәлелдейді. Боз жусан деген эпитеттің өзінің арқалап тұрған жүгі ауыр. Ұлттық поэзияда боз деген сөз мұңнан , наладан хабар береді. Мысалы, боз дала, боз інген. Нұралы ақынның даласы– қазақтың кеңдігінің, жомарт та жайсаңдығының символы. Ақын өз көңіл-күйін табиғатпен тұтастықта алады. Бұдан ғажап бір ортақ үндестік байқалады.
«Жымиясың жайсаң далам, боз жусанды бойшаң далам, дана далам, дарқан далам, бұрқан-тарқан далам, сылқым далам, момақан марқа далам, омырауы алқа далам, жүкті далам, ырысқа күпті далам, жұмбақ далам, мықты далам» деп ерекше тебіреніп жырлайды. Атырау өлкесінің Даласы ерекше – жұмбақ. Аптап ыстығы, қытымыр қысы ақпанымен жұмбақ. Қазақтың Ұлы Даласы қандай кең болса, халқының мейірімі де, құшағы да сондай кең!
Жатыр, міне, жымиып жұмбақ далам,
Жұмбақ далам көп сырды құндақтаған.
Көктемімен, аптабы, ақпанымен,
Осы дала алтыннан қымбат маған.
Нарында туып, оның қасиетті құмына табан қыздырып, жусанын теріп, желкегін қазып, құмаршығын қағып жидегін жинап, аптапты ауасын жұтып өскен ақын осылайша «Нарыным» деп жырлады. Нұралы ақын Нарынның ақ шағылды құмына қажыса, аунап алып, тынығып қалады. Құмның жұпарлы жусаны - бойға дәру беретін асыл шөп, жастары үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсете білетін иман жүзді деп сүйсіне жырлайды. Қайран Нарын қазақ тарихының талай түйіндері тоқайласқан киелі өңір ғой. Нарын - ұлттық рух пен намыстың мұқалмайтын шар қайрақтай қайсар символы, әр сөзі елдік пен ерліктің ұранына айналған Махамбеттің арпалысты ғұмыры өткен жер.
Нұралы ақын бір өлеңінде :
Нарынымның мен бір түп қияғымен,
Тыңдап өскен жыр лебін, күй ағынын.
Сүйір тілді сонауғы бабалардың,
Тастап кеткен артына тұяғымын!- депті.
Бар мәселе осында. Еділмен шектес, Жайықпен жапсарлас қасиетті құм Нарын кімдерге мекен болмады? Ақ жарылып Асан Қайғы, дауылдатып Доспанбет, шіреніп Шалкиіз, қардай боратып Қазтуған, желкілдетіп Жиенбет сөйлеген жер емес пе бұл? Берідегі Махамбет баба ше? Күні кешегі Сүгірдің Насихаты ше? Осыны айтсақ, осындай өңірде Нұралы сынды бірегей ақынның да дүниеге келмеуі мүмкін емес еді. Ол:
... Ақтау үшін солардың аманатын,
Атақ-даңқын ақынның, адам атын,
Бір жекіріп жауымен жан алатын,
Іздеймін кеп, іздеймін ғаламат үн,- дейді.
Иә, Ақ Нарынды әрлі-берлі жортып өткен сүлейлер мен дүлейлердің аманатын, ақынның айналасында жүретін атақ пен даңқты ақтау оңай шаруа емес. Ол үшін шыныңда да ғаламат үн керек. Аршыңды, адымды, аруақты шағына жетіп отырған ақберен ақынның:
Санамаңдар күпірлік, мақтан мұны,
Айтып отыр демеңдер, жаттандыны.
Тербелтемін тауларды, теңселтемін,
Сол үнімді дүниеден тапқан күні!- дегеніне әбден сенуге болады.
Нұралы– елдің бәрі мойындаған дарынды ақын. Оның өлеңдері тақырып кеңдігімен де, мазмұн байлығымен де, ой тереңдігімен де ерекшеленеді. Ол – әбден қалыптасқан, өлең жазудағы өз әдісін тапқан, бойына ақындықтың бай тәжірибесін жинақтаған сөз зергері. Ақын жырларының басты ерекшеліктері – қай өлеңінде қамтып отыратын азаматтық әуеннің жоғарылығы, суреткерлік, айтылар ой мен оны кестелеу шеберлігінің шынайлығы, шыншылдығы, сыршылдығы, тұтастығы, титтей дерек арқылы үлкен азаматтық ойды жеткізе білу қасиеті.
Киелі Нарын топырағының ыстығында табаны күйіп, туған жерінің қамын ғана ойлаған Қызғыш құсы саналатын, кестелі жырдың хас шебері, от ауызды, орақ тілді Нұралы Әжіғалиев - біртуар ақындардың бірі десек, асыра сілтегендігіміз болмас. Нұралы ақынның қай өлеңін алып қарасаңыз да, он бойына тартылған алтын арқау, күміс желі – туған жер, ауыл тынысы, сонда өмір сүріп жатқан «таңдаған тағдырлары ортақ» қарапайым жандардың тіршілік нақыштары, автордың жалқыны айта тұрса да, жалпыға бағыттаған сезім иірімдері, көңіл-күй толғаныстары. Ақын шығармашылығының ең басты құндылығы мынада: оның өлеңдерін оқи отырып, одан өзіңді көресің, өзіңмен бірге ғұмыр кешіп жатқан замандастарыңды танисың, ақынмен қатар отырып аруақтанасың,арқаланасың.
Нұралы – өз мінезін өлеңге көшірген ақын. Үлкен әдеби мектептің сабағын қан тамырларына дарытқан. Ол — халық поэзиясының мектебі, Махамбет поэзиясының мектебі, ол — Қасым мектебі, ол — Хамит мектебі. Өзге ешкімге ұқсамайтын, өзімен табиғаттас мектеп ерекшелігін бойына сіңірген Нұралының өз ақындық мектебі де шәкірттеріне есігін айқара ашып тастады. Қазақтың көрнекті әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев көзі тірісінде: «...егер шын дарынның өзегін жарып шықса, тегіне тартпайтын тіршілік түйнегі бола ма, әйтеуір шумақ құрастыру машығымен несібесін айырып жүрген ең танымал, көрнекі біраз замандастарымыздан қалай десеңіз де Н. Әжіғалиевтің жұлдыз шырағы жарқырап анағұрлым қуаттырақ шалынады; ақындық генетикалық кодысы жартылысынан жаңылмас мықтылығымен әр көрінісінде әсте сүйсіндірмей қоймайды» - деп , бағалап кеткен болатын.
Біреу қарт, біреу мүлде жас шағында,
Аттанып кетіп жатыр қас – қағымда.
Кеудесі күмбірлеген көп жандардың,
Сұр тас тұр үнсіз – түнсіз бас жағында,
- деп өзі айтқандай, Нұралы ақын бұл күнде арамызда жоқ. Бірақ ортамызда оның өшпес ізі – өлмес өлеңі бар. Ардақты ақынымыз өмірден өткелі он бес жылдың жүзі болыпты, сол жылдардың ішінде Нарынның наркескен ақыны Нұралының өлеңдерінсіз той, жиын, мерекелік шаралар өтпепті. Елдің жасы да, кәрісі де Нұралы ақын айтқандай деп, оның өлеңдерін жатқа соғады, кітабының керектігін айтады. Өнер уақытқа бағынбайды да, бас иіп, мойындамайды да. Себебі өнер халықпен бірге болашаққа аттанады. Ғасырлар бойы солай болған және осылай жалғаса бермек. Ендеше өнер адамы соның ішінде ақын уақытқа тәуелді емес. Ақын жырларының төрешісі – тек қана уақыт. Қоғам мен замана желі бірде олай ұйтқып , бірде бұлай соғып, адамдарды бағыт-бағдарынан адастыруы мүмкін. Бірақ ақынға әлі жетпейді. Ел-жұртына кітабы шықпастан бұрын-ақ танымал болған, анкетасына «Ақынмын» деп жазуға құқы бар, «Азаматтық мандаты - жыры» болған Нұралы Әжіғалиевтің өлеңдері - жүректен шығып, жүректерге жеткен өлмес жырлар. Олардың өміршеңдігін уақыт өзі дәлелдеп отыр.
Қорлығайын ДҮСІПҚЫЗЫ, ақынның жары