Бірінші бөлім
1995 жылдың қазан айы. Күзгі аспан дымқыл тартып тұр. Сарғайып түсіп жатқан жапырақтардан күз белгісін анық көресің. Күннің көзін анда-санда қылтитып көрсеткен аспан көбіне қабағын түйіп,сірескен қалың бұлттар сес көрсетіп, "қазір жауамын, қолшатырыңды дайындай бер" деп қорқытады.
Кейде себелеп, кейде нөсерлете жауған жаңбырдан кейінгі таза ауа мұрныңды жарса, туған жердің бауырмал балшығы аяқ киіміңе жабысып былғап жатады. Суға малынған қызыл-сары жапырақты теректердің арасынан өте қалсаң, күн жаумай-ақ жаурайтының тағы бар. Теректердің арасымен жүретін ұзын жол тура біз білім алған орда Атырау педагогикалық университетіне бастап апарады. Жайықтың жағасына орналасқан осынау білім ордасынан кімдер сусындамады дейсің... Күз басталысымен ерсілі-қарсылы ағылып жатқан талапкерлерден аяқ басатын жер жоқ. Бәрі де бел буып, бақ сынамақшы. Дұрыс. Құласаң, нардан құла деген... Солардың ішінде мен де жүрмін. Ауылда мектепті тәуір бағалармен тәмамдап, көпшілікті таудай талантыммен табындырып жүрсем де, қалаға келгелі көптің бірі боп қадірім кете бастағандай сезіндім. Үйрене алмай жалғызсырап, жан-жағымдағыларды жатсынып та жүрдім. Мен үшін өмірдің ауырлау кезеңі енді басталғандай. Шіркін, ен даланың төсінде емін-еркін қой бағып жүріп, қопырата жазған шуақты да шумақты күндерім-ай... Сағыныш жүрек сыздатты. Міне, міне ақыры көзімнен жасты да еріксіз сығып шығарды. Қой. Болмас. Балалық балдәурен осымен тәмам шығар.
Оқу уақыты басталды. Студенттер кең залдың ішінде лық толы. Кенет зал ішіндегі ызың-шу су сепкендей басылып қалды.Есіктен кірген мұғалімді көрдік. Ер адам болғанымен, жүзінен ызғар сезілмеді. Қараторы, ұзынша келген мұртты кісі. Қолында папкасы мен журналы бар. Амандасып, жайғасып танысып болар сәтте журналын ашып, тізім бойынша тексере бастады. Есімін атағандар орнынан тұрып,оларды тез-тез белгілеп жатты. Кезек маған келді. «Гүлжан бар ма?» деген дауыс естілісімен орнымнан тұрдым. Бірақ мені көре алмады. Әрі-бері қарап мазаланды. «Нұрекенова Гүлжан бар ма, келді ме сабаққа?»деп тағы сұрады. Сол уақытта студенттер: «Ағай, міне, қақ алдыңызда тұр ғой» деп жамырай жөнелді. Мені енді ғана көзі шалған мұғалім сәл жымиып тұрды да «Алдай-алдай, өзі тұрса да көрінбейді, отырса да көрінбейді, кім екен сені осы жерге жіберген ә?..» деп таңдана қарады .Естігендер жақсылап тұрып бір күліп алды. Шынында да менің тұрқым өзгелерден кіп-кішкене болатын. Қотыр тілді Көркембек ағай да «нар қыз» деп ат қойып алып, «өзің не қылған уызға жарымай жүрген жансың?» деп әзілдеуші еді.
Лекция басталып кетті. Бірін нұсқалай, бірін қысқалай тездетіп көшіремін деп жазуымды да әбден бұзып алдым. Міне, енді сынақ, емтихандар да судай ағылды. Солардың бірі - мәдениет сабағынан дәл қазір тапсыратын сынақ. Көпшілік есік сыртында дайындалуда. Біреулері сынақты, ал енді біреулері ағайдың өзін әңгімелеп тұр. –Алдыңғы курста оқығандар кейде сәл қабағын түйіп қойғаны болмаса, негізі адамгершілігі мол адам деп айтып жүр бұл кісіні,- деп қойды шашын қызғылт түске бояп алған әдеміше келген қыз Жанар.
– Иә мен де солай естігем,- деп қосыла шуылдасып жатты біреулер. Кезек күтіп тұр едім, жанымдағы әзілқой жігіт руымды сұрай салды.
- Себек,- деп жауап қайтарғанымша болған жоқ:
- мә, онда сенен сабақты көп сұрайды, ағайдың руласы екенсің ғой, дайындала бер, - деп зәремді алды. Осы әңгімеден кейін мен де кірдім. Қолымдағы сөмкемді көре сала қабағын түйіп:-осы мен сендерге қашаңғы айтамын сөмкемен ішке кірмеңдер деп, біреулер бірдеңе қыстырып жатыр екен деп ойлайды ғой! Жә кел,отыр,-деп қарсы алдындағы орындықты нұсқағандай болды. Онсыз да дірілдеп тұрған мен үн-түнсіз отыра кеттім.
-Иә қай жақтан едің?
-Сарытоғайдан.
-Охо, жерлесім екенсің ғой. Жақсы. Мен Жалғансайданмын. Тәк саған мынадай сұрақ деп бірден екі-үшеуін қоя салды. Екеуінен шатасып, біреуіне ғана толық жауап бердім-ау, әйтеуір. Жауабыма қайдан қанағаттана қойсын, тағы бір сұрақты сарт еткізді. Бұнысын енді маған берілген жеңілдік деп түсіндім.
–Ертеректе сіздің ауылда атақты, білімді, ағартушы мектеп директоры болды. Сол кісінің есімін айтшы,- дегені.
- Қап, жеп-жеңіл сұрақтың сап ете қаларын кім білген? Соңғы кездері сол кісінің есімімен атаушы еді ииии тілімнің ұшында тұр. Ал, керек болса, қырсыққанда еске түсе қояды ма, әбден ұятты болдым-ау.
-Ағай, білетін едім, ұмытып қалып, есіме түсіре алмай отырғаным.
-Жоқ. Білмейсің ,- деп демін ішіне тартып бір күрсініп алды да:
- Сынағыңды есептелді деп жіберейін, бірақ сен мені түсін, бірінші рет тауыңды қайтармайын деп отырмын, жарайды бар,- дегенінен-ақ сөзінің астарын түсіне қойдым. Қап әттеген-ай, жаңағы сұрақтың жауабы университеттің есігінен шыға бере есіме түскені. Қарабай Қалыбекұлын бүгін ұмытып ұятты болдым, есесіне енді бұл күн де, бұл есім де есімнен қапелімде шыға қоймас.
Арада біраз уақыт өтті. Бүгін күн дүйсенбі. Ұйқыдан шошып ояндым. Түсімде баспалдақтан сүрініп кетіп құлап бара жатыр екем. Үстінде солдат формасы бар, қаламын қылыш қылып беліне түйреп алған бір ер адам мені сүйеп үлгерді. Түсімді жақсылыққа жорыдым да мұздай сумен бетімді ысқылап сергітіп алып жүгіре жөнелдім. Кезекті емтихан күтіп қалды. Ең соңғы болып шақырылдым. Бұл жолы қобалжу болған емес. Өйткені өзімнің сүйіп таңдаған пәнім. Әдебиет. Оның үстіне суырған билетте бұрыннан таныс тақырып- «Абай жолы» романы. Ал, кеп ақындығымен, данышпандығымен қазаққа ғана емес әлемге әйгілі есім Абайдың өмірбаянынан бастап сайрайын кеп. Әлі толық тыңдап та үлгермеген Гүлзия апай мені дереу тоқтатып тастады. Көңілінен шыға қоймаған екем.
-11-інші сыныптың оқушысы құсап қалай жауап бересіңдер осы сендер? «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деп көсіле кеткеніңде бірден өттің дер ем сынақтан. Ал, енді саған тапсырма - осы романның екі томын да қайта оқып шығып, дайын болғаныңда тапсырарсың.
Бұлай болады деп ойламаған едім. Есіктен шыға бере ұзын дәліздің бойына қабырғаға сүйеніп қалың ойға кеттім. Жарайды, қайта оқып шығармын-ау, бірақ қайта құласам ше? Елге күлкі боп көз жасына көміліп үйге қайтпақпын ба? Қой беті әрмен. Жаман ойға бірден берілмейін, не де болса көрермін. Кенет әлдекімнің тура маған қарай жүріп келе жатқанын байқадым. Жақындаған сайын жүрегім соғып, суланған көзімді байқатпайын деп сүрткілеп мазасыздана бердім. Жүзінен мейірім төгілген мұғалім Мейірбек екен.
-Әй, бір жапырақ, сені осы кім екен құлатып, жылатып жүрген,-деді де менің қысылып тұрғанымды сезгендей қолымдағы сынақ кітапшамды алды да кетті.
-Ағатай, әкеліңіз! Өзім-ақ...
Сәлден соң қол қоюлы,мөр соғулы кітапшамды қолыма қысыла-қымтырыла алдым-ау, әйтеуір. Жоқ, бұлай болмайды, намыс оянды, берілген ұзақ демалысты пайдаланып ауылға барысымен жыңғылдың көлеңкесіне жатып алып бас көтерместен қайта оқып шықтым. Оқу орнына оралған соң Гүлзия апайдың алдына қайта барып сөзімді «Қалың елім, қазағым, қайран жұртымнан» бастағаным сол еді «жарайсың, нағыз әдебиетші осындай болады» деп мәз бола кетті. Бұндай қуанышты күндер көпке дейін есімнен кете қоймады. Жексенбі де жетті. Маған ылғи да қол ұшын беруден жалықпаған ұстаздың бұл сырын білгім келіп ақыры «ол сонша менің кімім еді?» деген сұрақ үйіне жетелеп апарды. Екі-ақ бөлмелі жер үй. Шарбағында «Москвич» маркалы ескі мәшине тұр. Аласа үйдің төрінен «LG» теледидарынан басқа қымбат мүлік көрініп тұрған жоқ. Кеше ғана қайырымдылығымен көзге түскен ұстаздың бүгін қарапайымдылығын да байқап үлгердім. Әп-сәтте шәй да әзір болды. Шәй үстінде Мейірбек ағай әңгімені өзі бастап кетті:
-Алла берген несібең-өнерің барда жерде қалмайсың, қорықпа, айналайын,тек сол өнерді тұншықтырып алмай білім, еңбекпен ұштастыра білсең әлі талай биікті бағындырарың сөзсіз. Талай-талай тума таланттар өткен менің алдымнан. Солардың бірі -қазір ғалым, бірі- ақын, бірі- ірі-ірі сауда фирмаларының қожайындары. Әлікүнге көрген сайын алғыстарын айтады. Ешбірін ренжіткенім жоқ. Қайта қолымнан келгенше демеп отырдым. Айналып келгенде бәрі де біздің қоғамның болашағы ғой. Өкінішке орай біздің қазақта етектен тарту, іштарлық, көреалмаушылық, жершілдік, рушылдық оған қоса жалқаулық та бар. Өспейтініміз де сондықтан. Біздің қолымыздан келмегенді сендер бұзып-жарыңдар. Өзің секілді келешектен үмітім бар, маленький болғанмен удаленькийсің-әй,- деп еркелете қағып-қағып қойды арқамнан.
Екінші бөлім
Тәтті кезең тәттілігімен тұра бере ме?... Мейірбек ағайдың көмектесемін деп жүріп опық жеген күндері де болды. Талай рет жазықсыз жала жабылды. Кім не десе, о десін, мейлі ғой, мен үшін биік кісі биік болып қала бермек. Досымдай болып кеткен ұстазыма бауыр басып кеткенім соншалық, келе-келе тіпті сырымды да жасырмай айтатын болдым. Жаңа ғана менің оқуға түсуіме мұрындық болған әкемнің бір танысы Дариға басшы адам болғанымен, бір-бірімізге бауырдай боп кеткелі әпке деймін ол кісінің атын атамай, дей бергенім сол еді, Мейірбек ағай: «ойбай онда ол маған көмектеспес пе екен, тығыз шаруам бар еді» деді аяқ астынан. Ойымда еш жамандық жоқ жарайды деп мен де көп ұзатпай екеуін кездестірген едім.
Мейірбек ағай:
-Бауырыңызға деген көмегімді бұлдағаны ма деп ойлап қалмаңыз. Жоғары оқу қызметкері болғаныммен, жағдайым орташа. Аз да болса тиын-тебен ғой деп дүкен ашпақшы едім. Соның құжаттарын реттеу үшін Алматыға баруым керек еді. Уақытым болмай тұрғаны. Соған бір көмектесіп жіберсеңіз...
-Иә әрине көңілдің бөтендігі жоқ. Адам күні адаммен деген ғой. Бір демалыс уақыт жеткілікті. Өзі де Алматыға жүргелі отырған әпкем 50 мың теңгені шытырлатып санап алып қалды.
Көзді ашып-жұмғанша жеті күн де өте шықты. Жатыс күні. Түс ауа Дариға әпкем екеуміз базардан киім қарап, керекті тағамдарды алып келмекші болып, тысқа шықтық. Ауа райы қолайсыздау екен. Суық жел үрлеген топырақ ілезде шаңға батырады. Аялдамаға жетер-жетпесте «маған мін, маған мін» деп тізіле қалған таксилердің біріне мініп алдық та базардан бір-ақ шықтық. Қайтарда ауыр жүк арқалап мәймеңдеп келе жатқан бізге ағайымның жолықпасы бар ма?!.. Аман-саулықтан кейін ағай уәде бойынша келіскен шаруасын сұраған еді. Әпкем сәл кідіріп, үнсіз тұрды да «әлі біте қойған жоқ» дей салды. Ертесіне ауылдан қапшық-қапшық көкөніс арқалаған әкем келді. Көптен ауылға бармаған мен әкемді көре сала құшақтап сүйдім. Сірә, сағыныш қысса керек. Иығынан пагон түспей тұрған кезде кеңседе отырып телефонмен жиі сөйлесуші едік. Жиырма жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққалы ол да қалды. Ауылдың амандығын, хәл-жағдайын сұрап жатырмыз.
–Демалысыңа көп бар ма, қызым? Ауылдағылар күте-күте көздері талды. Соғымнан қалған сүр еттің жартысын, жаз бойы қайнатып жапқан тәтті тосаптарын «қызымның сыбағасы» деп апаң (шешем) алып қойған,- деген әкемнің әңгімесі онсыз да ауылды аңсап жүрген мені асықтыра түсті.
–Бұйыртса келесі аптада шығармын, әке,-деген даусым қаттырақ шығып кетті.
... Бұл жолы ауылға жалғыз барғым келмеді. «Аштықта жеген құйқаңды тоқтықта ұмытпа»,-деген бар ғой. Мейірбек ағайды қонақ қылмақшымын.
Сөйтіп біз ауылға қарай атбасын бұрдық. Атыраудан Сарытоғайға дейінгі аралық 75 шақырым, бір жарым сағаттық жер болғанмен, жұмыстағы адамға асықпасқа болмайды. Әнекей, ауылдың да төбесі көрініп қалды. Іргесінде бір кездері Махаңның іздері қалған ақ Жайық ағып жатса, екі шетін қоршаған екі үлкен жасыл алма бақ жайқалып тұр. Қаладан келген қонақтардың қай-қайсысы да таза ауада кеңінен тыныстап, өздерін шипажайға келгендей еркін сезінетін. Шарбақтың сыртына тоқтаған ақ волганы көре сала, қонақ келсе қуанатын інілерім хабаршы болып жүгіре жөнелді. Сөйтіп, Мейірбек ағай да дәм бұйырып біздің төрімізде болды. Үй ішімен жаңа ғана танысса да, бауырымдап келіп ақтарыла кеткенін көрген сырт кісі бұрыннан араласып жүр-ау, шамасы, деп қалады. Шәй үстінде тіпті өнерін де тамашалап үлгердік. Әкем баянмен, ол домбырамен қос дауыста тамылжыта салған ән әп-сәтте үй ішін көңілдендіріп жіберді. Бір кезде қонақтар асығыс екенін айтып, еттен ауыз тиді де рұқсат сұрап, жүруге дайындалды. Шөпір көлігін қыздыруға шығып кетті. Анам екеуміз дастархан жинастырып жатырмыз. Әкем мен Мейірбек ағай тысқа шығып, оңаша сөйлесіп тұрды. Сөз арасында Дариға әпкемнің 50 мың теңгесін алдап-сулап бермей қойғанын, әрі өз пайдасына жаратқанын да кейін анамнан сұрап біліп алдым. Әкеммен бөліскені еркекпен еркекше сөйлесейін дегені шығар. Ал, маған бұл туралы жақ ашпағаны көңілі түсіп кетпесін деген болу керек. Әпкемнің ісіне ұялған менің қолымнан келер ештеңе жоқ. Қайдан таныстырдымға қалып, ренжігенім болмаса. Бір қызығы - әлгі қайырымды жанның жүзінен осы уақытқа дейін еш реніш байқай алмағаным. Балаша ойнап-күліп жүргені. Сір,ә мұндай адамдарды қарттықтың өзі де жеңе алмаса керек.
Зымырап өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңші. Университетті бітіргеніме де екі-үш жылдай болып қалыпты-ау. Өзім сүйіп ұнатқан мамандығым бойынша жұмысқа орналасып та үлгердім. Бүгін бізге жиналыс еді. Бір минут та кешігуге болмайды деп жас маман асығып барады. Ішінде кісі толы маршруттар бірінен соң бірі тоқтамай өтіп жатты. Ух, әйтеуір біреуі тоқтады-ау. Ал, керек болса, «асыққан шәйтанның ісі» деген осы болса керек,қыстырылысып міне бергенімде сөмкемнің аузы ашылып кетіп, керекті қағаздарым шашылды кеп. Сол-ақ екен, біреу жанталаса жинап, қолыма ұстата салды. Қанша асықсам да қайта түсуіме тура келді. Мейірбек ағайды көрмегендей болып өтіп кете аламын ба мен?!.
Жақында сол мұғалім кандидаттық қорғап келіпті. Жұмысында да едәуір көтеріліпті. Мүмкін, көпшіліктің алғысына бөленген болар. Бөлене де бермек. Ол оған әбден лайықты!!!