Жазушы Заря ЖҰМАНОВАНЫҢ «Уақытша неке» әңгімесі турасында бірер сөз...
Жазушы қаламының қарымдылығы туралы бізден бұрын да айтылып жүр, бізден кейін де айтыла бермек. Көркем шығарманың құндылығы немесе шығармашылық адамының екінші өмірі дегеніміз – ұмытылмау . Біздің шағын ғана мақаламызда тоқталып өткіміз келген мәселе – қазақ қыздарының бауырмалдығы. Иә, жазушы бұл тақырыпқа әлсін- әлсін, әртүрлі көзқараспен, әрқилы уақытта оралып отырған сыңайлы, өйткені біз қарастырған жазушының жарық көрген «Екіге бөлінбейтін келіншек», «Түнгі оттар», «Сіз іздеген әлем» кітаптарындағы әңгіме, хикаяттардың басты кейіпкерлерінің дені- қазақ қыздарының сан қилы тағдыры. Негізі қазақ қыздарының жан дүниесі, олардың өзге халықтарда жоқ қасиеттерін ашуда суреткердің шеберлігіне, кейіпкер характерін сомдауда психологиялық иірімдерге бару әдісін толық меңгергендігіне тәнті болғанымыз тағы рас. Біз сол хикаят, әңгімелердің ішінен «Уақытша неке» әңгімесіне айрықша тоқталуды жөн санадық. Оның да өзіндік себептері жоқ емес. Дәл қазіргідей, адамдардың жүрегінде мейірім нұры азайып, «біз» дегеннен гөрі «мен, мен» деп көкірек соғу басымдылық алып отырған кезеңде аталмыш әңгіменің маңызы өте жоғары, арқалаған жүгі әжептәуір салмақты. Олай дейтін себебіміз, бас кейіпкер Күлшаттың қара басының мүддесінен бауырларының тағдырын жоғары қойып, өзін бірге туған інілерінің жолында құрбандыққа шалуы – өте бір жанды сыздатып, жүректі шымырлататын жағдай деуге болары сөзсіз. Әңгіменің: «Аққу құс ұшты көліне,...е,...е, Ақсұңқар ұшты шөліне,...е,...е»- Күлшат зарлы жоқтауды естігісі келмей, құлағын басып, маң далаға тұра қашқысы келді»,- деп басталуының өзінде үлкен салмақ, зілдей мағына тұр. Асқар тауы – әкесінен айырылған Күлшаттың дәл сол сәттегі көңіл күйінің көрінісі. Ешқандай ауырмай, сырқамай, жүгіріп жүрген адамның кенеттен бақилық болып кеткені кім- кімге де жеңіл соқпады. Мектеп бітіріп, өз күшімен оқуға түскен Күлшаттың алғашында есеңгіреп қалғаны да рас. Алайда, өмір бойы үй шаруасымен жүріп, күйеуіне арқа сүйеп үйренген шешесі Күнтайдың күйрегенін көрген сәтте, қаршадай қыз бойын жиып ала қояды. Жалпы, адамға ауыртпалықты жаратқан ие көтере алатындай етіп қана береді дейді ғой. Ата-әжесінің бауырында өсіп, әке-шешесін аға-жеңгесіндей көріп, еркін өскен намысқой қыз шешесінің ет-бауыры езіліп жылағанын көргенде, аяқ астынан өзін қайрап, намысқа тырысып, басын тік ұстайды. Сөйтіп, қайғыдан есі шығып, дүниені ұмытқан анасының есін жинатардай, ағайын-тума, көрші-көлемді қайран қалдыратындай шешімге келеді: «Күнтай,-деді қатқылдау үнмен,-Мен сені тым-тәуір әйел ғой деп жүрсем...жаман біреулер құсап, мырқылдап жылай бердің ғой. Болды, жетер енді. Мынша баланы қалай жеткізем деп уайымдама. Құдайдан аман жүрсем, бәрін өзім өгіздей өрге сүйреймін!- деді ол тәуекелге бел буған кесімді үнмен. Тік мінезді, адуын енесі тіріліп келгендей, селк етіп ес жиған Күнтай жылай-жылай ісіп кеткен көзін әзер ашып:
-Тентек қыз-ау, сен-жолы жіңішке баласың ғой. Қайтіп өрге сүйремексің? Кейін күйеуің, ата-енең не дейді?- деді қарлығыңқы үнмен... Күлшат екі қолын айқастыра құшақтап, қасқая қарап тұрды да:
-Саспа! Күйеуге шықпаймын!- деді де есікті сарт жауып, темір жол стансасына апаратын салдырлақ сары автобуқа мініп, қалаға тартып кетті...». Жазушы дәл осы детальды өмірдің өзінен алғандай етіп, шебер бере білген. Дәл осы кішкене ғана деталь арқылы кейіпкер мінезін ашып көрсеткен. Сонымен қатар, алда болатын оқиғалардың сюжетімен өте шебер байланыс бар. Екі ауыз диалогта бәр-бәрі сан қырынан ашылған. Күнтайдың жуас, бала табудан басқа ештеңе білмей, ата-ене, күйеуінің қас-қабағын бағып өскен қарапайым ғана момын ауыл әйелі екені, Күлшаттың әжесіне тартқан адуындау, шешім қабылдағыш, тік мінезі де қамтылып кеткен. Одан әрі сюжет ширыға түседі. Күлшат бүкіл ауыл алдында шешесіне берген уәдесінде тұрды. Өзі білімділігімен, өжеттігімен жоғары оқу орнын бітіріп, үлкен қалада қызметте қалады. Баспаналы болып, бүкіл бауырын мектеп бітірісімен қалаға әкеліп, жоғары білім алуына көмегін береді. Сөйтіп жүріп, өзінің де өмір сүруі қажеттігін ұмытып кеткен іспетті. Ауылдағы анасына сүйеу болып, соңынан ерген інілерін ағасындай қамқорлап жүріп, жеке бас бақытының бар екенін естен шығарып алғанға ұқсайды. Дәл осы мінез, бауыры үшін қандай қиынға да бара алатын қасиет қазақ қыздарына ғана тән екенін баса айтқан дұрыс. Мәселен, ақын Күләш Ахметованың «Бауыр» деген оқиғалы өлеңінде сонау қазақ-қалмақ шапқыншылығы тұсында орын алған бір оқиға суреттеледі. Кезекті бір жаугершілік кезінде баласы, күйеуі, бауыры қалмақтардың қолына түскен жас әйелге қалмақ қолбасшысы: « үшеуінің бірін таңдайсың, сол таңдауыңды менің алдымда дәлелдей алсаң ғана басыңа бостандық берем»,- дейді. Сонда жас келіншек бауырын таңдап, қалмақ қолбасшысына былай деген екен: «Аман жүрсем күйеу табылар, күйеу табылса бала да болады. Ал, бақилық болған ата-анам қайтып келіп, маған бауыр туып бермейді». Әйелдің уәжінен жеңілген қалмақ қолбасы бауырын, баласы мен күйеуін де босатқан екен. Осы аңыз желісін айтып келіп:
Бауыр үшін бардым мен де талайға,
Талай сынды көңіл деген шарайна.
Ауырдым да, ақ та түсті самайға,
Бауыр деген қиын екен қалайда,- деп аяқталады өлең. Міне, ұлттық мінез. Қазақ қыздарына тән өрлік, ерлік, намысқойлық бар. Осының өзі жасыл шалғын жайлау төрінде ай-жұлдызбен сырласып өскен халқымыздың қанына сіңген тектіліктің айғағы іспетті. Жазушы Заря Жұманованың Күлшаты да қазақы әдет пен дәстүрді бойына сіңіріп өскен намысқой қыз. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей, әкесінің жоқтығын, қолының қысқалығын былайғы жұртқа байқатқысы жоқ. Сондықтан, шешесінен ісмерлікті үйреніп, нағашысының үйінде пайдаға аспай жатқан елтірі папахалардан өзіне қаракөл тон тігіп киеді. Жоқтан бар жасай біледі. Сол нағашысының үйінде үюлі жатқан былғары мәсілерді жинап әкеп, ұзын былғары плащ тігіп киеді. Иә, он қолынан өнері өгілген, нағыз «ерге-ер, серіге - серік» болатын ару. Таңертеңнен кешке дейін мамандығы бойынша кеңседе қағаз кемірсе, қолы қалт еткен уақытта қолын қаппаған жұмыстың бәрін атқаруға әзір. Тек өзінен кейінгі бауырларына жоқшылықтың зардабын тарқызбаса екен. Дәл осылай өмірі ағын судай зырлап аға берер ме еді, егер, өзінен кейінгі інісі үйлену қамын жасамаса. Егер, болашақ келіні : «отырып қалған апасының бар екенін» інісінің бетіне шіркеу қылмаса. Сонда ғана өз өміріне ойша шолу жасап, бауыры үшін шапқылаған тірлігінің құр әбігершілік сияқты болып қалғанын бүкіл жан дүниесі сыздап отырып түйсінеді. Болашақ қайын жұрты інісінің бетіне салық қылмау үшін «уақытша» күйеуге шығуға бекінген жайы бар. Алайда кімге?! Жас шағында соңынан жүгірген жігіттер үйлі-баранды боп кеткен. Дәл осы кезде есік қағып, өміріне енген Әділбектің де тағдырының өзіне ұқсастығына қайран қалады әуелі. Соңынан анасыз жігіттің жан сырын тыңдай отырып, оның тағдырына жаны ашиды. Сөйтіп, осы бір «жағына пышақ жанығандай жүдеу» жігіттің жары болуға келісім береді. Күлшаттың қанына сіңген бауырмалдық Әділбектің де бойынан табылып, екеуінің тіл табысуына, ағайынның ұйтқысы болуына әкеледі. Бір қарағанда, өмірде болып жататын жағдай. Жазушының қырағы көзіне ілініп, қаламына арқау болған осы бір әңгімені оқыған оқырманның жан жүрегі езіліп, көңілі босап отырып оқитыны анық. Өйткені, дәл осыған ұқсас жағдай басынан өткен. Өтпесе де, әңгіме сюжеті таныс ауыл тірлігімен қабысып, қарбалас қала тірлігін суреттеу арқылы жанына етене жақын. Жоғарыда әңгіменің тақырыбы қазақ қыздарының тағдыры, бауырға деген жанашырлық көзқарасы, мейірімі екенін айтқан болатынбыз. Әңгіме идеясы : жастарды бауырмал болуға, бауырлар арасында мейірімділік қарым-қатынастың болуына шақырады. Ал, әңгіменің композициялық құрылымына тоқталар болсақ, композиция әңгіме сюжетінің өрбу кезеңдерін жүйеге түсіріп қана қоймаған, сюжеттен тыс нәрселерді де өзара қиюластырып, белгілі бір арнаға салғанын көреміз. Иә, сюжетті шығармалардағы оқиға желісін, адамдардың арақатынасын, образдар жүйесін қалыптастыруда қатып қалған ештеңе жоқ. Әр суреткер өз шығармасының сюжетін қалауынша құрады. Демек, сюжеттің композициялық бітімі де әркімде әр түрлі болуы мүмкін. Өзіміз талдап отырған «Уақытша неке»әңгімесінің де композициялық құрылымы мен сюжетінде өзіне тән ерекшеліктер басым. Әңгіменің экспозициясы- жоқтау арқылы басталып, Күлшаттың әкесінің өлімі, шешесі Күнтайдың күйрегенін көрген оның аяқ астынан «күйеуге шықпаймын», деп шешім қабылдауы. Ал, сюжеттік байланыс- інісінің үйленуіне «отырып қалған апасының кедергі болуы»...Міне, осыдан кейін шығарма ширыға түседі. Намысқой Күлшат бауырын ыңғайсыз жағдайдан қорғау үшін кіммен болса да «уақытша некеге» тұруға бел буғаны анық. Тап осы ширыққан жағдайдың үстінде есік қаққан Әділбекпен жолығуға шығуы – шығарманың шиеленісуі. Ал, екеуінің тағдырындағы ұқсастықты сезіп, жігітке келісім беруі-шығарманың шешімі. Жазушы әңгіме соңында Күлшаттың жұбайлық өмірдегі бақытын суреттеп, екі ұлды болуына, бар туысқанды, қайны-қайынсіңлілерін қамқорлығына алуына қысқаша эпилог есебінде тоқтала кеткен. Мынау жарықтың жылдамдығына парапар зымырандай зулап бара жатқан уақыт деген сәйгүліктің жалына жармасып, өмірден өз орныңды таба білу-нағыз бақыт. Жазушы қаламынан шыққан әр туынды оқырманды осы ойға жетелейтіні анық. Күлшат – типтік бейне. «Көркем әдебиеттегі жинақтау – типке әкелсе, даралау – мінезге әкеледі дедік. Образ осылай туады»,- деген болатын академик Зейнолла Қабдолов. Образдың жасалу түрлеріне қарай талдайтын болсақ, Күлшат-реалистік бейне. Бұл туралы З. Қабдолов былай деген болатын:«Реалистік образ – әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Мұның сымбаттылығы да, шынайылығы да шыншылдығында; бұл кәдімгі өмірде болған, бар және бола беретін, бірақ қайталанбайтын, әрқашан бұрын- соңды белгісіз тың қырынан көрініп, ылғи жаңарып отыратын тип». Айналамызға қарар болсақ, өз өмірін бауыры үшін сарп еткен қаншама қыздар жүр десеңізші! Шіркін, солардың бәрі де Күлшат сияқты өз бақытын табар ма еді?! Себебі, өмірге келген әрбір адамның бақытты болуға құқы бар. Кейде демографиялық ахуалды сараптаушы ғалымдардың кәрі қыздардың саны артып барады деген тұжырымдарын оқығанда санамыздың сан-саққа жүгіретіні де шындық. Сондықтан, бір-бірімізден жүрек жылуын, жан шуағын аямайық дегің келеді, осы бір әңгімені оқығанда. Әңгіменің тілі жатық, әсерлі. Кімді де болсын жетегіне алып, тұңғиығына тартып әкететін дүние. Бұл орайда жазушының тақырып таңдауына да мән берген дұрыс. Өйткені, үнемі ізденіс үстінде жүретін суреткер қаламына іліккен тың тақырыптан үлкен философиялық мәні бар идея туғыза білген. Өмірдің шындығын нақыштаған суреткер адам жүрегіндегі мейірімділіктің бастауы-отбасы екеніне көз жеткізгендей. Дүниедегі басты нәрсе-адами құндылық болса, сол адамзаттың бүкіл әлем тағдыры үшін жауаптылығын сезіндіргендей. Өйткені, әр отбасы – шағын мемлекет. Сол мемлекеттің негізгі ұстыны-әйел. Суреткер осы жағына да айрықша мән бере білген. Халқымыздың «жаман әйел жақсы еркекті ұлтан етеді, жақсы әйел жаман еркекті сұлтан етеді»,-деген қағидасы немесе, «еркек – бас, әйел – мойын. Бас - мойын қайда бұрылса, сонда қарайды» деген ұстанымын да назарынан тыс қалдырмаған іспетті. Өз отбасының шырайын келтіріп, болашақта елінің мақтанышы болар ұрпақты дүниеге әкелетін де осы Күлшат сияқты жанқияр қыздар. Өзінің уақытын аямай, өзгенің бақытын аялайтын осындай қыздар көп болса ғой! Негізінен, жастарды жақсылыққа үндеп, төңірегіне жарық шашуға шақыратын көркем әдебиет. Бұл ретте суреткер тұтас бір ұрпақтың тәрбиеші ұстазы десе де артық емес. Ұлттық мінезімізді даралау арқылы жастарға ой салатын осындай туындылар – қазақ әдебиетіне қосылып жатқан қазына. Жазушының тілі шұрайлы, сөздік қоры мол. Фольклордан бастап, сөз мәйегінің сан алуан түрін кездестіруге әбден болады. Мәселен, бүгінде сәл ұмытылыңқыраған «жоқтаудан» бастап, көптеген қазақы әдет- ғұрыптарды да қамтып кеткен осы бір шағын ғана әңгіме әдебиеттегі дәстүр жалғастығының куәсіндей. Тұңғыш баланы ата-ененің қойнына салу, күйеуге кеткен қыздың жасауын жасап, соңынан іздеп бару, құда мен жекжаттардың арақатынасы сияқты келелі мәселелер де орынды қозғалған. Бір сөзбен айтқанда, жазушы Заря Жұманованың «Уақытша неке» әңгімесі – бүгінгі күннің өзекжарды тақырыбын көтерген келелі туынды. Замандастарымыздың өміріндегі көкейтесті проблемаларды суреттеу арқылы қоғам шындығын, айналамыздағы адами қарым-қатынастарды аша білгенімен де құнды. Әдеби шығарма – заман жүгін көтеруімен мәнді дейтін болсақ, бүгінгі күннің нақты да өзекті шындығын көз алдымызға елестете отырып, ең басты құндылық адамзат баласы, оның өмір сынағынан жеңілмей бақытқа қол жеткізуі үшін табанды күрес, қажыр-қайрат пен намыс қажет екенін ұқтырады. Осы қасиеттер бүгінгі ұрпаққа ең қажеті дер едім.Жазушы Заря ЖҰМАНОВАНЫҢ «Уақытша неке» әңгімесі турасында бірер сөз...
Жазушы қаламының қарымдылығы туралы бізден бұрын да айтылып жүр, бізден кейін де айтыла бермек. Көркем шығарманың құндылығы немесе шығармашылық адамының екінші өмірі дегеніміз – ұмытылмау . Біздің шағын ғана мақаламызда тоқталып өткіміз келген мәселе – қазақ қыздарының бауырмалдығы. Иә, жазушы бұл тақырыпқа әлсін- әлсін, әртүрлі көзқараспен, әрқилы уақытта оралып отырған сыңайлы, өйткені біз қарастырған жазушының жарық көрген «Екіге бөлінбейтін келіншек», «Түнгі оттар», «Сіз іздеген әлем» кітаптарындағы әңгіме, хикаяттардың басты кейіпкерлерінің дені- қазақ қыздарының сан қилы тағдыры. Негізі қазақ қыздарының жан дүниесі, олардың өзге халықтарда жоқ қасиеттерін ашуда суреткердің шеберлігіне, кейіпкер характерін сомдауда психологиялық иірімдерге бару әдісін толық меңгергендігіне тәнті болғанымыз тағы рас. Біз сол хикаят, әңгімелердің ішінен «Уақытша неке» әңгімесіне айрықша тоқталуды жөн санадық. Оның да өзіндік себептері жоқ емес. Дәл қазіргідей, адамдардың жүрегінде мейірім нұры азайып, «біз» дегеннен гөрі «мен, мен» деп көкірек соғу басымдылық алып отырған кезеңде аталмыш әңгіменің маңызы өте жоғары, арқалаған жүгі әжептәуір салмақты. Олай дейтін себебіміз, бас кейіпкер Күлшаттың қара басының мүддесінен бауырларының тағдырын жоғары қойып, өзін бірге туған інілерінің жолында құрбандыққа шалуы – өте бір жанды сыздатып, жүректі шымырлататын жағдай деуге болары сөзсіз. Әңгіменің: «Аққу құс ұшты көліне,...е,...е, Ақсұңқар ұшты шөліне,...е,...е»- Күлшат зарлы жоқтауды естігісі келмей, құлағын басып, маң далаға тұра қашқысы келді»,- деп басталуының өзінде үлкен салмақ, зілдей мағына тұр. Асқар тауы – әкесінен айырылған Күлшаттың дәл сол сәттегі көңіл күйінің көрінісі. Ешқандай ауырмай, сырқамай, жүгіріп жүрген адамның кенеттен бақилық болып кеткені кім- кімге де жеңіл соқпады. Мектеп бітіріп, өз күшімен оқуға түскен Күлшаттың алғашында есеңгіреп қалғаны да рас. Алайда, өмір бойы үй шаруасымен жүріп, күйеуіне арқа сүйеп үйренген шешесі Күнтайдың күйрегенін көрген сәтте, қаршадай қыз бойын жиып ала қояды. Жалпы, адамға ауыртпалықты жаратқан ие көтере алатындай етіп қана береді дейді ғой. Ата-әжесінің бауырында өсіп, әке-шешесін аға-жеңгесіндей көріп, еркін өскен намысқой қыз шешесінің ет-бауыры езіліп жылағанын көргенде, аяқ астынан өзін қайрап, намысқа тырысып, басын тік ұстайды. Сөйтіп, қайғыдан есі шығып, дүниені ұмытқан анасының есін жинатардай, ағайын-тума, көрші-көлемді қайран қалдыратындай шешімге келеді: «Күнтай,-деді қатқылдау үнмен,-Мен сені тым-тәуір әйел ғой деп жүрсем...жаман біреулер құсап, мырқылдап жылай бердің ғой. Болды, жетер енді. Мынша баланы қалай жеткізем деп уайымдама. Құдайдан аман жүрсем, бәрін өзім өгіздей өрге сүйреймін!- деді ол тәуекелге бел буған кесімді үнмен. Тік мінезді, адуын енесі тіріліп келгендей, селк етіп ес жиған Күнтай жылай-жылай ісіп кеткен көзін әзер ашып:
-Тентек қыз-ау, сен-жолы жіңішке баласың ғой. Қайтіп өрге сүйремексің? Кейін күйеуің, ата-енең не дейді?- деді қарлығыңқы үнмен... Күлшат екі қолын айқастыра құшақтап, қасқая қарап тұрды да:
-Саспа! Күйеуге шықпаймын!- деді де есікті сарт жауып, темір жол стансасына апаратын салдырлақ сары автобуқа мініп, қалаға тартып кетті...». Жазушы дәл осы детальды өмірдің өзінен алғандай етіп, шебер бере білген. Дәл осы кішкене ғана деталь арқылы кейіпкер мінезін ашып көрсеткен. Сонымен қатар, алда болатын оқиғалардың сюжетімен өте шебер байланыс бар. Екі ауыз диалогта бәр-бәрі сан қырынан ашылған. Күнтайдың жуас, бала табудан басқа ештеңе білмей, ата-ене, күйеуінің қас-қабағын бағып өскен қарапайым ғана момын ауыл әйелі екені, Күлшаттың әжесіне тартқан адуындау, шешім қабылдағыш, тік мінезі де қамтылып кеткен. Одан әрі сюжет ширыға түседі. Күлшат бүкіл ауыл алдында шешесіне берген уәдесінде тұрды. Өзі білімділігімен, өжеттігімен жоғары оқу орнын бітіріп, үлкен қалада қызметте қалады. Баспаналы болып, бүкіл бауырын мектеп бітірісімен қалаға әкеліп, жоғары білім алуына көмегін береді. Сөйтіп жүріп, өзінің де өмір сүруі қажеттігін ұмытып кеткен іспетті. Ауылдағы анасына сүйеу болып, соңынан ерген інілерін ағасындай қамқорлап жүріп, жеке бас бақытының бар екенін естен шығарып алғанға ұқсайды. Дәл осы мінез, бауыры үшін қандай қиынға да бара алатын қасиет қазақ қыздарына ғана тән екенін баса айтқан дұрыс. Мәселен, ақын Күләш Ахметованың «Бауыр» деген оқиғалы өлеңінде сонау қазақ-қалмақ шапқыншылығы тұсында орын алған бір оқиға суреттеледі. Кезекті бір жаугершілік кезінде баласы, күйеуі, бауыры қалмақтардың қолына түскен жас әйелге қалмақ қолбасшысы: « үшеуінің бірін таңдайсың, сол таңдауыңды менің алдымда дәлелдей алсаң ғана басыңа бостандық берем»,- дейді. Сонда жас келіншек бауырын таңдап, қалмақ қолбасшысына былай деген екен: «Аман жүрсем күйеу табылар, күйеу табылса бала да болады. Ал, бақилық болған ата-анам қайтып келіп, маған бауыр туып бермейді». Әйелдің уәжінен жеңілген қалмақ қолбасы бауырын, баласы мен күйеуін де босатқан екен. Осы аңыз желісін айтып келіп:
Бауыр үшін бардым мен де талайға,
Талай сынды көңіл деген шарайна.
Ауырдым да, ақ та түсті самайға,
Бауыр деген қиын екен қалайда,- деп аяқталады өлең. Міне, ұлттық мінез. Қазақ қыздарына тән өрлік, ерлік, намысқойлық бар. Осының өзі жасыл шалғын жайлау төрінде ай-жұлдызбен сырласып өскен халқымыздың қанына сіңген тектіліктің айғағы іспетті. Жазушы Заря Жұманованың Күлшаты да қазақы әдет пен дәстүрді бойына сіңіріп өскен намысқой қыз. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей, әкесінің жоқтығын, қолының қысқалығын былайғы жұртқа байқатқысы жоқ. Сондықтан, шешесінен ісмерлікті үйреніп, нағашысының үйінде пайдаға аспай жатқан елтірі папахалардан өзіне қаракөл тон тігіп киеді. Жоқтан бар жасай біледі. Сол нағашысының үйінде үюлі жатқан былғары мәсілерді жинап әкеп, ұзын былғары плащ тігіп киеді. Иә, он қолынан өнері өгілген, нағыз «ерге-ер, серіге - серік» болатын ару. Таңертеңнен кешке дейін мамандығы бойынша кеңседе қағаз кемірсе, қолы қалт еткен уақытта қолын қаппаған жұмыстың бәрін атқаруға әзір. Тек өзінен кейінгі бауырларына жоқшылықтың зардабын тарқызбаса екен. Дәл осылай өмірі ағын судай зырлап аға берер ме еді, егер, өзінен кейінгі інісі үйлену қамын жасамаса. Егер, болашақ келіні : «отырып қалған апасының бар екенін» інісінің бетіне шіркеу қылмаса. Сонда ғана өз өміріне ойша шолу жасап, бауыры үшін шапқылаған тірлігінің құр әбігершілік сияқты болып қалғанын бүкіл жан дүниесі сыздап отырып түйсінеді. Болашақ қайын жұрты інісінің бетіне салық қылмау үшін «уақытша» күйеуге шығуға бекінген жайы бар. Алайда кімге?! Жас шағында соңынан жүгірген жігіттер үйлі-баранды боп кеткен. Дәл осы кезде есік қағып, өміріне енген Әділбектің де тағдырының өзіне ұқсастығына қайран қалады әуелі. Соңынан анасыз жігіттің жан сырын тыңдай отырып, оның тағдырына жаны ашиды. Сөйтіп, осы бір «жағына пышақ жанығандай жүдеу» жігіттің жары болуға келісім береді. Күлшаттың қанына сіңген бауырмалдық Әділбектің де бойынан табылып, екеуінің тіл табысуына, ағайынның ұйтқысы болуына әкеледі. Бір қарағанда, өмірде болып жататын жағдай. Жазушының қырағы көзіне ілініп, қаламына арқау болған осы бір әңгімені оқыған оқырманның жан жүрегі езіліп, көңілі босап отырып оқитыны анық. Өйткені, дәл осыған ұқсас жағдай басынан өткен. Өтпесе де, әңгіме сюжеті таныс ауыл тірлігімен қабысып, қарбалас қала тірлігін суреттеу арқылы жанына етене жақын. Жоғарыда әңгіменің тақырыбы қазақ қыздарының тағдыры, бауырға деген жанашырлық көзқарасы, мейірімі екенін айтқан болатынбыз. Әңгіме идеясы : жастарды бауырмал болуға, бауырлар арасында мейірімділік қарым-қатынастың болуына шақырады. Ал, әңгіменің композициялық құрылымына тоқталар болсақ, композиция әңгіме сюжетінің өрбу кезеңдерін жүйеге түсіріп қана қоймаған, сюжеттен тыс нәрселерді де өзара қиюластырып, белгілі бір арнаға салғанын көреміз. Иә, сюжетті шығармалардағы оқиға желісін, адамдардың арақатынасын, образдар жүйесін қалыптастыруда қатып қалған ештеңе жоқ. Әр суреткер өз шығармасының сюжетін қалауынша құрады. Демек, сюжеттің композициялық бітімі де әркімде әр түрлі болуы мүмкін. Өзіміз талдап отырған «Уақытша неке»әңгімесінің де композициялық құрылымы мен сюжетінде өзіне тән ерекшеліктер басым. Әңгіменің экспозициясы- жоқтау арқылы басталып, Күлшаттың әкесінің өлімі, шешесі Күнтайдың күйрегенін көрген оның аяқ астынан «күйеуге шықпаймын», деп шешім қабылдауы. Ал, сюжеттік байланыс- інісінің үйленуіне «отырып қалған апасының кедергі болуы»...Міне, осыдан кейін шығарма ширыға түседі. Намысқой Күлшат бауырын ыңғайсыз жағдайдан қорғау үшін кіммен болса да «уақытша некеге» тұруға бел буғаны анық. Тап осы ширыққан жағдайдың үстінде есік қаққан Әділбекпен жолығуға шығуы – шығарманың шиеленісуі. Ал, екеуінің тағдырындағы ұқсастықты сезіп, жігітке келісім беруі-шығарманың шешімі. Жазушы әңгіме соңында Күлшаттың жұбайлық өмірдегі бақытын суреттеп, екі ұлды болуына, бар туысқанды, қайны-қайынсіңлілерін қамқорлығына алуына қысқаша эпилог есебінде тоқтала кеткен. Мынау жарықтың жылдамдығына парапар зымырандай зулап бара жатқан уақыт деген сәйгүліктің жалына жармасып, өмірден өз орныңды таба білу-нағыз бақыт. Жазушы қаламынан шыққан әр туынды оқырманды осы ойға жетелейтіні анық. Күлшат – типтік бейне. «Көркем әдебиеттегі жинақтау – типке әкелсе, даралау – мінезге әкеледі дедік. Образ осылай туады»,- деген болатын академик Зейнолла Қабдолов. Образдың жасалу түрлеріне қарай талдайтын болсақ, Күлшат-реалистік бейне. Бұл туралы З. Қабдолов былай деген болатын:«Реалистік образ – әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Мұның сымбаттылығы да, шынайылығы да шыншылдығында; бұл кәдімгі өмірде болған, бар және бола беретін, бірақ қайталанбайтын, әрқашан бұрын- соңды белгісіз тың қырынан көрініп, ылғи жаңарып отыратын тип». Айналамызға қарар болсақ, өз өмірін бауыры үшін сарп еткен қаншама қыздар жүр десеңізші! Шіркін, солардың бәрі де Күлшат сияқты өз бақытын табар ма еді?! Себебі, өмірге келген әрбір адамның бақытты болуға құқы бар. Кейде демографиялық ахуалды сараптаушы ғалымдардың кәрі қыздардың саны артып барады деген тұжырымдарын оқығанда санамыздың сан-саққа жүгіретіні де шындық. Сондықтан, бір-бірімізден жүрек жылуын, жан шуағын аямайық дегің келеді, осы бір әңгімені оқығанда. Әңгіменің тілі жатық, әсерлі. Кімді де болсын жетегіне алып, тұңғиығына тартып әкететін дүние. Бұл орайда жазушының тақырып таңдауына да мән берген дұрыс. Өйткені, үнемі ізденіс үстінде жүретін суреткер қаламына іліккен тың тақырыптан үлкен философиялық мәні бар идея туғыза білген. Өмірдің шындығын нақыштаған суреткер адам жүрегіндегі мейірімділіктің бастауы-отбасы екеніне көз жеткізгендей. Дүниедегі басты нәрсе-адами құндылық болса, сол адамзаттың бүкіл әлем тағдыры үшін жауаптылығын сезіндіргендей. Өйткені, әр отбасы – шағын мемлекет. Сол мемлекеттің негізгі ұстыны-әйел. Суреткер осы жағына да айрықша мән бере білген. Халқымыздың «жаман әйел жақсы еркекті ұлтан етеді, жақсы әйел жаман еркекті сұлтан етеді»,-деген қағидасы немесе, «еркек – бас, әйел – мойын. Бас - мойын қайда бұрылса, сонда қарайды» деген ұстанымын да назарынан тыс қалдырмаған іспетті. Өз отбасының шырайын келтіріп, болашақта елінің мақтанышы болар ұрпақты дүниеге әкелетін де осы Күлшат сияқты жанқияр қыздар. Өзінің уақытын аямай, өзгенің бақытын аялайтын осындай қыздар көп болса ғой! Негізінен, жастарды жақсылыққа үндеп, төңірегіне жарық шашуға шақыратын көркем әдебиет. Бұл ретте суреткер тұтас бір ұрпақтың тәрбиеші ұстазы десе де артық емес. Ұлттық мінезімізді даралау арқылы жастарға ой салатын осындай туындылар – қазақ әдебиетіне қосылып жатқан қазына. Жазушының тілі шұрайлы, сөздік қоры мол. Фольклордан бастап, сөз мәйегінің сан алуан түрін кездестіруге әбден болады. Мәселен, бүгінде сәл ұмытылыңқыраған «жоқтаудан» бастап, көптеген қазақы әдет- ғұрыптарды да қамтып кеткен осы бір шағын ғана әңгіме әдебиеттегі дәстүр жалғастығының куәсіндей. Тұңғыш баланы ата-ененің қойнына салу, күйеуге кеткен қыздың жасауын жасап, соңынан іздеп бару, құда мен жекжаттардың арақатынасы сияқты келелі мәселелер де орынды қозғалған. Бір сөзбен айтқанда, жазушы Заря Жұманованың «Уақытша неке» әңгімесі – бүгінгі күннің өзекжарды тақырыбын көтерген келелі туынды. Замандастарымыздың өміріндегі көкейтесті проблемаларды суреттеу арқылы қоғам шындығын, айналамыздағы адами қарым-қатынастарды аша білгенімен де құнды. Әдеби шығарма – заман жүгін көтеруімен мәнді дейтін болсақ, бүгінгі күннің нақты да өзекті шындығын көз алдымызға елестете отырып, ең басты құндылық адамзат баласы, оның өмір сынағынан жеңілмей бақытқа қол жеткізуі үшін табанды күрес, қажыр-қайрат пен намыс қажет екенін ұқтырады. Осы қасиеттер бүгінгі ұрпаққа ең қажеті дер едім.