Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, алты алаштың Ақұштабы аталған ақын жырларының өз мінезі, өз ерекшелігі бар екені даусыз. Олай болмаса, қалың оқырман оның жырларын іздеп жүріп оқымас еді. Ақын өлеңдерін бірнеше тақырыпқа бөлуге болады. Соның ішінде, біздің бүгінгі талдайтын өлеңдеріміз - ақынның ана тақырыбына жазған жырлары. Адам баласы үшін анадан қымбат адам жоқ. Алайда, Ақұштап ақынның анасына деген перзенттік сезімі өзгешелеу.
Қалмадым бірге жаныңда
Болмадым сенің ермегің.
Шаршап бір жүрген шағыңда
Дайындап сусын бермедім.
Ауырып көп түн қиналдың
Қасыңда тағы болмадым.
Алыстан қатты сыйладым,
Алыстан хаттар жолдадым,- деп анасымен ойша сырласады ақын. Қазақтың салты бойынша, өзінің бауыр еті баласын енесінің қойнына салып, өзі ішінен жарып шыққан баласының жанына жақындап келе алмай, «айналайын» деп еркелетіп, құшақтап сүйе алмау – не деген қиын! Бірақ қазақтың әр келінінің басынан өткен жағдай бұл. Лирикалық кейіпкер содан да болар, анасын «алыстан» ғана жақсы көреді. Осы бір ауыз сөздің астары ұғынған жанға қандай терең, қандай ауыр!
Сен үшін білем тым ауыр,
Көп көштің кеттім ішінде.
Мен үшін аз ғой бір ауыл,
Сөкпеші, мені түсін де,- ақын болып жаратылып, жаратқан Иеден аманат етіп алған Өлеңін жүрегінің түбінде қымтап жасырған ақын қыздың тағдыры ғой бұл деген! Иә, ол үшін бір ауыл аздық етті, ауыл түгіл, аудан, облыс аздық етіп, Қазақстанның астанасы ару Алматыға аттанды. Ал, ана бір Алладан бақ тілеп, соңында қол бұлғап қалды. Бірақ соңыңда сағынарың болғаны қандай жақсы! Сағынып іздейтін тілекшің-анаң жер бетінде жүргенде перзент үшін алынбас қамал жоқтай көрінетіні де рас екен. Ана мен баланың арасындағы махаббаттан асқан киелі сезім болмас, сірә! Өзінің емес, баласының бағын ойлаған ана перзенті үшін қандай да құрбандықтарға да дайын. Не деген құдірет?! Ұшам деп талаптанса, қанат сыйлаған, көзге көрінбес оқтардан, тілдінің тілінен көздінің көзінен, сұқтының сұғынан қорғайтын сауыт болып қорғаған ана тілегіне бұл жалған дүниеде жететін не бар дейсіз? Ақын жүрегі осыны сезініп, сол бір биік сезімдерден өлең болып ақтарыла сөйлейді:
Өмірім сенен мүлде өзге,
Жолдарды тану көп керек.
Қинама мені бұл кезде,
Қинама «алыс кетпе» деп.
Биіктік болса қаларым,
Төменді маған ұсынба.
Құстар да балапандарын
Баулиды биік ұшуға, - «биіктік» пен «төменді» егіздеу арқылы психологиялық параллелизмге құлаш ұрады. Құс екеш, құстың да балапандарын биік ұшуға баулитынын алға тартады. Сөйтіп, метонимия арқылы, өз мұратының көкжиегін айқындайды.
О басында ақынды құдай жаратқанда, махаббатпен жаратқан деседі. Әйтпесе, таңдайына халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлайтын қуатты сөз салады ма? Маңдайына сол халықтың сүйіспеншілігін бақ етіп дарыта ма? Асылы, адам баласы өзгелерден жүрегіндегі қазына-көмбесімен ерекшеленетіні ақиқат. Шын асылдың көкірегінде ат басындай алтын жатады дейді қазақ атамыз. Расында да осы сөздің шындығына «Алты алаштың анасы» атанған Ақұштап Бақтыгерееваның өлеңдері дәлел.
Болған емес сүюдің жолы жаңа,
Қыз мұраты - қашан да болу Ана.
«Жаным» деген жігітті жек көрмеңдер,
Өзі сүю – қыздардың соры ғана,- деген шумағымен бір кезде бүкіл қазақ қыздарының айтып жүретін, сүйіп оқитын ақынына айналған болатын. Әлі де солай. Шындығында, «қыз – өмір қызғалдағы» екенін ескерсек, қызғалдақтың ғұмыры қысқа ғана сәттерден тұратыны рас. Сол бір күрмеуге келмес қыз-ғұмырды аялап, дұрыс жолын табу, өмірлік бақытына жолығу- қыздардың ең басты арманы. Міне, осыны тереңнен сезіп, мыңдаған нәзік жандардың жүрегіне жол табу, әрине, оңай емес.
Осыншама сұңғыла сезім ақынға қалай берілді десек, бала кезінен әкесіне еріп, өзін «ұлмын» деген лирикалық кейіпкер уақыт деген мықтының тезінен аса алмайды. Ақырында, тағдырдың маңдайға жазғанына амал жоқ, әке де баласының «жолы жіңішкелілігін» мойындайды. Осының бәрін жыр жолына түсірген Ақұштап Бақтыгереева поэзияға құштар, ақын жанды жұртының сүйіктісіне айналғаны сөзсіз. Қазақта «төбесінің тесігі бар» дейтін сөз бар. Оны қазақ тектен-текке айтпаған. Елден ерекше, нысаналы жаратылған адамдардың Жаратушымен, он сегіз мың ғаламмен байланысы бар екенін сезген халқымыз. Сондықтан да ақындарды ерекше сыйлаған, құрметтеген, тылсыммен байланысы бар адам деп санаған. Шындығына келсек, қазіргі тілмен айтқанда, биоөрісінің қуаты ғарыштық қуатпен байланысқа шыға алатын адамдар ғана осындай алапат қасиетке, талантқа ие. Біз шығармашылығын зерделеп отырған Ақұштап ақынның өлеңдерін оқып отырып, ойға батасың, сезім тұңғиығына сүңгисің. Апырай, жерді басып өзімізбен бірге жүрген қарапайым адамның көкірегінен осындай селді тасқын қалай шықты деп таңырқайсың кейде. Ол рас.
Ақынның оқыған жанды тебірентіп, соңынан ертіп кететін жырларының бір парасы жоғарыда айтып өткеніміздей, Ана тақырыбына арналған.
Апа, сенде құдай бар, жасаған бар,
Ал, мұнда оқ атқандар тасадан бар.
Жан айғайын ешқашан түсінбейді,
Жандары тасқа айналған тас адамдар,- деп басталатын өлеңдер циклында жан-жүректі қозғайтын психологиялық иірім бар. Осынау жолдарды оқыған жандардың бәрі де ақын айтқандай «тас қоғамда» өмір сүріп, «тас адамдардан» беті қайтып, сағы сынып жүргендерін жасыра алмайды, ақынмен сырласады, лирикалық кейіпкердің мұңын өз мұңдарына айналдырып жібереді. Бұл бақыт – көп ақынға бұйырмаған, қонбаған бақ. Өмір деген жер бетіндегі ұлы сапардың мән-мағынасын түсінбей, оны тек материалдық дүние деп қабылдайтындар бар. Шындығына келсек, жер бетіндегі бес күн жалған – сынақ. Осы сынақтан сүрінбей өткенде ғана сана биігіне көтеріліп, материяны сана тастап шығып, өзі армандаған шыңның құзар басына көтерілері айқын. Ақын - осыны жүрекпен түйсініп, сананың сәулеленуі арқылы сезген жан. Осынау материалдық дүниеде пенделер бір-біріне қиянат, озбырлық жасап, біреудің атының алға озып шыққан көтере алмай, қызғаныштан ішіне пышақ айналмай ғұмыр кешеді. Осы арқылы өзінің де, ұрпағының да жолын байлап тастайтынын ол бірақ сезбейді. Бүгінгі қарны тойып тамақ жегеніне, жылтырап киім кигеніне, белгілі бір топтың даурықпасына, мақтап-мадақтауына, жәдігөй жағымпаздардың көлгірлікпен алдағанына мәз. Өзі біреуден алданады, біреуді өзі алдайды. Ал, осы да тірлік пе? Ақын жаны осындай жанды кірлететін пендешіліктерден түршігеді. Айналасынан өз деңгейінде сөйлесіп, мұңын түсінетін, сырын айтатын адам таба алмай түңіледі. Сөйтіп, анасының рухына мұң шағады. Қазақ әдебиетінде Аналар образын жасау сонау лиро-эпостық жырлардан бастау алып келеді. Мәселен, «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы аналар образы, «Айман-Шолпан» жырындағы ақылман әйелдер образы десек, қазақ Кеңес әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов те өз туындыларында аналардың тұтас бір галереясын жасағанын көзі қарақты оқырман біледі..
Ал, поэзия тілімен Ана бейнесін асқақтата жырлаған ақындардың бірегейі – Ақұштап Бақтыгереева. Жоғарыда айтып кеткендей, «Анамен сырласу» циклды өлеңінде:
Аналық ауыр парыз атқардың да,
Қыз қалдырып соңыңда батқан мұңға,
«Есімің жер бетінде өшкен жоқ» деп,
Әкеме барған бетте мақтандың ба? – иә, бір ұлға зар болған ата-ананың бар тілегі – лирикалық кейіпкердің үстінде екені айқын. Өзінің ұл болып тумағанына назаланып, табиғаттың заңынан аттай алмай, жат жұрттық болғанымен, әке есімін мәңгілік өшірмеуге ант еткен қыз баланың жан дүниесі қазаққа түсінікті. Ақын жырларының өміршеңдігі де осында болса керек. Ақын болып туып, ақын болып ғұмыр кешірудің бір басқа жететін қайғысы да бар, қуанышы да жетерлік. Өз ұлтын жанындай сүйетін ол ұлттың рухани құндылықтарының сақталуына аса көп мән береді. Бүгінгі қоғамда қазақылықтың жоғалып бара жатқан уақытында, көне ғұрыптардың ұмытылып кету қаупі төніп тұрған кезеңде ұл мен қыз тәрбиесінде жіберілген қателіктердің ұлт келешегі үшін аса қымбатқа түсетінін сезген ақын жүрегі жәй пендеден гөрі екі есе артық жүк көтеретіні рас. Қазақ халқының ең бір салт-дәстүрінің ішіндегі ерекше атап айту керектісі – ата-ананы ардақтау. Үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпей, жасы үлкенге иіліп сәлем беріп, үлкеннің сөзін бөлмей тыңдап өскен ата-бабаларымыз қандай еді?! Сайын сахараны әнмен әлдилеп, жырмен тербеткен сол бір даланың арда перзенттері елмін деп келгендермен қолын жүрегіне қойып достасты, жаумын деп келгеннің жолын кесті! Қазіргі жаһандану дәуірінде қазақ тарихы мен шежіресінің, салт-дәстүрінің жұтылып бара жатқаны жүрегін жылатады ақынның.
Іргесін салып аулақ надандардан,
Сатқын мен жағымпазға жаға алмаған,
«Баласы әй-кәпірдің» дегізбейтін
Өлсең де, бақыт шығар, балаң қалған,- деп, өзінің өмірлік кредосын осы өлеңінде айқын аңғартқан ақын ата-анасының берген тәрбиесіне дақ түсірмейтініне сендіреді. Надандардан аулақ жүріп, опасыздар мен жағымпаз-жалтақтарға өз биігінен қараған ақынның мұраты биік, арманы асқақ. Нағыз қазақы тәрбиені бойына сіңіргендіктен де шығар, туған халқының, атамекен ақ Жайығының халін көзінен таса етпегені. Мүмкін, ақынның жүрегіндегі осы бір мәңгілік махаббатты сезгендіктен де шығар, елтаңба авторы Шота уәлихановтың Ақұштап Бақтыгерееваны «Ақ Жайықтың көз жасы» деп атағаны... Әйтеуір ақын мен Жайық арасында тылсым бір байланыс бар екені даусыз. Ол перзенттік сезім. Бойына ата-ана дарытқан өшпес, өлмес сезім!
Әкеме айт, кеудесін ән-күй кернесін,
«Өмірді қызым менше сүйген» - десін!
Намыссыз ұлы қалған біреулердің
Алдында сөйлей қалса, именбесін,- нағыз қазақы мінез! Қазақ аруына тән намыс, өрлік деген осы!
Ақ айдын айырбас боп тас қалаға,
Тұрсам да жанға жайлы баспанада.
Парлатып көздің жасын Жайыққа ұшқан
Мен, апа, секілдімін ақ шағала.,- деген ақын жүрегін қапысыз түсінеді оқырман. Осындағы «Ақ айдын» мен «тас қаланың» психологиялық егіздеу арқылы баламаланып алынуы көңілге мұң орнататын сурет. Бір кезде Жайықтың жағасында қамсыз балалық шағын өткізген ауылдың аруы - бүгінде қаланың тұрғыны. Өзі айтқандай «тас қаланың». «Парлатып көздің жасын Жайыққа ұшқан» деген тіркес психо-эмоциялық жүк көтеріп тұрған деталь. Ақын жанының қаншалықты күйзеліске түскенін, тағдырдан торығып, түңілуін, ақырында, жүрегіндегі сырын өлеңге төккенін аңғартатын штрих. «Мен, апа, секілдімін ақ шағала» деген төртінші тармақ әрі теңеу, әрі метонимия.
Тапқанша сол жағадан аңсағанын,
Жүрегім құса болып қаншама күн,
Жеткенде ұмытамын қуаныштан
Қауырсын қанатымның шаршағанын,- ақ Жайығындағы туған ауылын сағынған перзенттік махаббат, бейкүнә сезім баурап алады оқырманды. Өзіне таныс жағалауға жетіп, анасымен қауышудың қаншама бақыт, мейірім шуағын сыйлайтыны дүректі дір еткізеді. Көңіл күйсандығын күмбірлетіп шертіп тұрғандай әсер қалдырады. «Қауырсын қанат» деген әрі эпитет әрі метонимия жүгін көтеріп тұрған көріктеу осы бір шумақтың оқырман жүрегіне жол табуында үлкен рөл атқарып тұрғаны көзі қарақты оқырманға түсінікті болса керек.
Кеткенмен самғай ұшып қияға асқар,
Санама уақыт елес жия бастар.
Күткендей Ақ Жайықтың жағасында
Баяғы үлпілдеген ұяластар,-асқақ арманның ақ қанатында самғап, өмірлік мұратына қол созған пәк көңіл, аңғал да таза жүрек ару бүгін өзіне таныс жағадан өзін сағындырған өткен күн елесін іздейді. Ол жылдар – сағымға, сағынышқа айналған. Санасындағы елесті тірілтіп, өткен күнді көңіл лентасынан сырғытқан ақын жүрегі үздіге сағынады балаң күнін. Ақ жайық жағасында «күткендей үлпілдеген ұяластар» деген тармақ көңіл айдынын дір еткізеді. Көңіл көгін тұнжыратып, ақ жаңбырын сіркіреткендей ме, қалай?!
Айдынның аңсап таза таңғы лебін,
Елжіреп ел дегенде жан-жүрегім.
Жан-апа, сол Жайыққа сен кеткелі
Қайтейін, барғым келмей қалды менің, - анасынан айырылған ақын жүрегінің қан жылаған қайғысы, мәңгілік сағынышқа айналған ана бейнесі оқырман көз алдына тұра қалғандай... Иә, адам баласы үшін ең қымбат жандар – ата-ана. Олардан айырылудың қиындығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өмір деген ұлы көштің тылсым сырларын ақын ғана жанымен ұғады, содан да болар ақын жүрегі сезімтал, ақын көңілі кінәмшілдеу.
Ақынның есімін қалың қазаққа мәшһүр еткен өлеңінің бірі - «Ана туралы баллада». Халық аузындағы аңызға құрылған осынау өлеңде ессіз ғашық болған жігіттің тағдыры сөз болады. Ғашығының қойған талабы да өрескел екен – анасының жүрегін алып келу. Жалғыз ұл қиналады, азаптанады. Ақырында, махаббат азабына, жан дертіне дауа таппаған ол ұйықтап жатқан ғаиз ананың жүрегін жарып алып, ғашығына алып бара жатады. Жүгіріп бара жатқан жігіт жолда сүрініп кетеді. Қолынан түсіп кеткен жүрек: «Қарағым, байқамайсың ба?» деген екен. Өзіне қарамай, баласын ойлайтын асыл аналардың тілегі мен ақ ниетін жырға қосқан ақын қаламының құдіретін мойындамау мүмкін емес.
Осындай бір аңыз бар халық ішінде,
Мәңгілік махаббаттың даңқы үшін бе?
Болмасты да қалайда болдыр дейтін,
Қыз кездің тәкаппарлау салты үшін бе? – дей келіп ақын «Ананың айнымайтын махаббатынан» асқан ешқандай құндылық жоғын алға тартады.
Осынау баллада оқыған жанға ой салып, ананы ардақтауды, аналарды сыйлауды насихаттайды. Дидактикалық сарынмен жазылған балладаның ұлт келешегін, келер ұрпақты тәрбиелеуде маңызы орасан зор.
Ақұштап Бақтыгерееваның Ана тақырыбына жазған өлеңдері жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды ұлықтауға тәрбиелейтіні кәміл. Ақын өлеңдері еліміздің келешегі жас өскіндерді отансүйгіштікке баулитыны шындық. Өйткені, «Отан от басынын басталады» емес пе? Ананы сүйіп, қастерлеген ұрпақ Отанын, елін, жерін де сүйіп, қадір тұтары даусыз. Ақын өлеңдерінен осыны түсіндік. Ұлт үшін, халық үшін жасаған еңбек далаға кетпейді. Олай болса, Ақұштап ақын да қазақ барда ұрпақпен бірге болашақтың көшін алға сүйрей беретіні ақиқат.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
Ақын, Әдебиет сыншысы; «Сарайшық» журналының Бас редакторы