Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА: «Ике» Әңгіме

Көктей өтсін сен салған соқпақ, 
Бас сүйектерді таптамасқа жердегі. 
                    Абу-ль-Аля аль-Маарри* 
                                                                
Сорлы жүрек семіп қалды, әсем кебін тоқып ап,
 Өлетұғын жібек құрты секілді. 
                           Хакани*
        
            Жеті қырда жалғыз қап бір ашығып көрмеген,
            Тандырдағы күлшенің қайдан білсін қадірін.
            ...Арып-ашып көрмеген аттың сырын біле ме,
            Көк шыбықты көзге ілмес жығылмаған дүреге,
            Ала шөлін Алғидың көрмесе егер шүрегей
            Айдын шалқар көлдердің қайдан білсін қадірін. 
                                    Мақтымқұлы* 
                 
            Қас батырдың ішінде 
Ат басындай шер өсер. 
                        Ақтамберді жырау

Көп бейнеттен құтылтқан,
Бар қайғыны мұтылтқан,
Сүйегімен жұтылтқан,
Тынышты көрім, аузыңды аш.
                          Шәкерім. «Мұтылғанның өмірі»

                                  Мұтылған* 
Ике қабара қызарған күн ұясына батарда өлді. Шағын ауыл оның жаназасына келген жоқ. Киіз үйдің алдына көлденең жатқызып қойған, басы күнбатысқа қараған, серейген ұзын дене ақ бөзбен жабылған өлген адамның екі жағында – бірі басында, бірі аяғында асықтай екі бала сұңқылдап құран оқыды. 
– Ей, Алла! Оны жарылқай ғөр! Рахым ете ғөр, қабір азабынан сақта. Әкемнің кірер жерін кең ет, қараңғы қабірін сумен, қармен, бұршақпен тазала. Күдіксіз Сен аса жарылқаушы, ерекше мейірімдісің. Жақсы істер жасаған болса, жойқын күнәсін кешіріп, сауабын арттыр. 
Екі ұл мәйітке жаназа намазын оқып, дұғаның соңын қосанжарлап құлқуалламен бітірді. Артынша кебін жамылып қимылсыз жатқан өліктің қолы қозғалып, бүркеулі бетін ашып, басын көтеріп, шоқиып отырды. Кенже ұл лып етіп, әкесінің үстіне жапқан кездемені бүктеп, жүкаяққа апарып қоя салды. Шағын ауыл тосын көрініске көзі үйренген, әуелде тосырқай қарайтын. Сақал-мұрты ағарған Ике күнде кешкілік бір өліп, бір тіріледі. Ол пайғамбар жасына келгелі кітап аударып, дін жолына құлай беріліп, қарғадай екі ұлына құран жаттатқан. Шындықтың жүзі өткір. Ике күн сайын өзін азаптап, екі ұлына жаназа шығартады. Кескен теректей сұлап жатса жан тері шыққан бұлғақ күйді бастан өткізуге құлшынды. Ике баяғы ауыр күнәсін жуып, лайық жаза тартып, ластан арылу үшін күн батар мезетте өтірік өледі. Екі ұл балғын дауыспен сұңқылдап арабша дұға қайырса ақ жамылғы астынан әкесі мұқият тыңдап, қатесін түзеп жатады. Сен ана аятты тастап кеттің, дұрыс оқымадың, былай оқы деп бұйырады. Өлген кісіні молда атымен атамайды, әке деме, мәйіт деп айт, марқұм, аруақ деп сөйлеңдер деп кішкентай ұлдарын қарадай үйретіп жатады. 
Балалар «Фатиха», «Ықылас», «Аятүл-күрсиден» мүдірмейді, кей аяттарды айқын айта алмай мүдірсе, әкесі ренжиді. Буыны қатпаған жас балалардың нығыз естілмейтін ұяң дауыстары қайғының сызымен әсте үйлеспейді. Ботасы өлген інгеннің боздауынан, енесі өлген құлынның кісінеуінен, жоқтау жылаудан бір бөлек үркек сарын. 
Өмірі ат жалынан түспеген Икенің тым кеш көрген екі ұлының үлкені он үш жаста, кішісі тоғызда болатын. 
   – Қазақ әкең жынды болса байлап бақ деген, – дейді Ике жас балаларына, – Апақ-сапақта жау шабады, пері көшеді, жын иектейді, алакөлеңкеде дауыстап оқылған дұғаның күші зор, сауабы мол болады. Әуелде дүние дыбыстан жаралған. 
Ее, бұл жалған кімге опа берген. Оның ел естімеген мына қылығын тумақ бар да, өлмек бар, о дүниеге жанын күйдірген сұмдық кеселден ақталып барғысы келген өзінше бір амалы шығар деп екіұдай қабылдаған. Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді. Қаңтарда қатқан мұздай Ике ешқашан алған бетінен қайтып көрген емес. Тобықты-текебай тұқымында одан асқан барымташы болмағанын ағайын-туыс бек біледі. Құдайдың құдіретімен ұры әулиеге айналса несі бар. Құдайдан қорықпағаннан қорық. Қазақ құдайдан қорыққан кісіні қадірлейді. Бірақ Икенің бұл қылығы шектен шығу еді. Жаназа оқу рәсімі он күннен асқанда кіші баласы жерде қимылсыз жатқан әкесінің бетінен жамылғысын жұлып тастап, періште түсі бұзылып, көзі жасаурап айдалаға қаша жөнелді. Үлкен ұл дұғаны құлықсыз, әрең-әрең оқып отырған, селк етіп, тілін жұтып алғандай үнсіз қалды. Ертесі Икенің үлкен нағашысы, құсмұрын ақбас шал көрші ауылдан желе жортып жетіп, ат арқасынан түспей: «Тәйт! Доғар мұныңды! Өлімнің беті ары. Күн сайын өтірік өліп-тірілгенің ырымға жаман, өлсең шын өл, қаза қас пен көздің арасында. Ажалмен жасырынбақ ойнап, жас баланың санасын әсіре уағызбен улама, ештеңеге құлай берілме, елге алабөтен пәле шақырма! Көрге кірген тірі шықпас. Жарық дүние баршаға өлшеулі, күні жеткен байласаң да тұрмайды, күні өткен шақырсаң да келмейді! Асыққан  шайтан ісі, өтіріктің құйрығы бір тұтам. Тірінің қамын өлі жер, мұның астамшылық!» деп қатты кейіс білдіріп, бекер қылығын қойғызды. Бірақ жұмақ пен тозақ адамның өз ішінде екенін бұл елде Икеден артық ешкім білмейді.   
                                     Саяқ 
Ағыны күшті күркіреуік су шуылына ат тұяғының дүрсілі ілесе жортып келе жатқан Ике құз-қияда ұялаған бүркіт дауысынан балапан басып шығарғанын білді. Құсқұмар жиені Оражанға бүркіт балапанын Бақанастың аспанға тік шаншылған тауларынан, тобықты мен керейдің жаз жайлауы тоғысар тұстан алуға боларын айтуға бекінді. Қарқуар құс келген соң ай тола жыл құстары топ-тобымен туған жерге орала бастайды. 
Тау етегіндегі құлама терең сайдың іші салқын, ұшып-қонып секектеп жүрген құстар қауырсын қанат суылымен дүние дүрмегін қыздыра түседі. Сол толқын ырғалып таралған сайын тұмсық, тұяқ пішіні әр алуан құстардың бір-бірінен қабығы сәл өзгешелеу, аппақ, көкшілтім, тарғыл-шұбар жұмыртқаларын қоса тербетіп жатқан тәрізді. Табиғат тұтас толықсып жататын көктеме лебі өтіп, құралайдың салқыны кеткесін де Ике басынан қозы терілі қоңыр бөрігін әсте тастамайды. Салт басты. Жасы қырықтан асқанмен жортуыл азат тірлігін ешнәрсеге айырбастамайды. Дала жолы көкжиекпен астасып, Құс жолына шығындап кететұғын шексіздік. 
 Кең дала, тау іші қуыс, үңгір, ұра, қойтас, сай-саланы өз үйі, өлең төсегі көретін. От кешіп, мұз төсенді. Құлатүз елсізде аттың тері сіңген қамшы жын-сайтанды жолатпайды. 
Түз тағысы, көк қыранынан бетер байлаусыз еркіндікті сүйетін от жүрек Ике барымтаға түп қиян, жеті судан өтер алысқа аттанады. Күншығыс пен күн батысты ат тұяғымен талай-талай баса көктеп өткен Ике Бұлғар су ақ Еділдің жал-жал толқындары ұршықтай иіріп әкетіп, астындағы атымен суға кетіп қала жаздап, ажалдан аман қалғаны бар. Өр Алтай асып, мұнар таудан өтіп телеуіттен үйірлеп жылқы айдап әкелгенде орда бұзар отыздан асқан. Еділ-Есілдің жазық даласын көктей өткен. Өмір ат арқасында өтіп барады. Икенің белі мықты қашаған атының азу тісі қажалды. Ат баспаймын деген жерін үш мәрте басады, ендігәрі жоламаспын дейтұғын қатерлі жерлердің әккі ұрыны тартып тұрар сиқыры бар. Қазақ арасынан жылқы алса, ол малы қисапсыз көп, момын елге өктем, қиянатшыл, қитабан надан байларды ториды. 
Әсіресе қара қатқақта ұрының аяғы қозады. Ала тұяқ малдың іздеушісі болса да, дала заңында ұсталмаған ұры емес. Ике қара күзден айлап жоғалып кетіп, олжалы оралған сайын ел іші оны тақымы кеппес, тебінгі сауған ұрының қатарына қосып қойған.Жасы елуден асқанша үйленген жоқ. Мүлгіген тау ішінде ұйқы қысса қара тас мамықтай, Құс жолын қара түнекке жұтқызбайтұғын шұғыла жамыраған, миллиардтаған жақұт жұлдыздар тізілген көк аспанды айқара жамылып ұйықтайды.Жеті қараңғы түнде көшпелі қазақты көкте мызғымайтын Темірқазық адастырмайды. Тазыдай иісшіл, ізшіл. Қия бұрыс жолдармен бүлкілдеп келе жатқан Ике ат үстінде маңғаз. Тақымы ерге жабысып туған шабандоз ат-матымен көкке ұшып кетердей желік буса, көзі оттай жайнап шыға келді.  
Тобылғыжарған өте сала бүршік атқан бұталардың хош иісі ұшы-қиырсыз көкжиекті қуалай сағымға сіңген даланы жаз жамалы дүркіреген жасыл нуға, сарқырама сарынға толтырып тастайды. Икенің ең сүйікті мезгілі, мұндайда ол байыз таппайды, киіз үйде бөстек жастанып, үйелеп қона жатқысы жоқ. Кең жазира жер-суын танып, мүйізін ақ бұлт шалған таутекелер тізіліп тұратын тік қияға өрлеп, ой-қырын байқастап келмекке ойқастап алыс жортып кетеді. Қазақ былғары күміс белбеуді белден екі орап, тағынса, ат үсті ұзақ жүрістен шаршау жоқ. Тартпа белдік буынды босатпай, адам денесін тік ұстайды. Икенің қандықол ұры болуы астамсыған пасық байдың ит қорлығынан басталды. Жаз жайлау бір-бірінен қозы көш жер алшақ қонатын ауылдарда түтін басы әрі кетсе үш-төрт киіз үйден аспайтын. 
                    Дүре 
О баста ер жігітке нақақтан жала жауып, жоғалған малын өтірік даулаған. Тобықтының өз ішінде ұрланған үйір-үйір жылқының құнын Икенің мойнына салды. Көп қорқытады, терең батырады. Жылқысы жоғалған Ойнар байдың талабымен Икеге жиырма бес қамшы, інісіне жиырма бес қамшы дүре соғуға үкім етті. Ол кезде Ике жиырма төрт жаста еді. Жар дегенде жалғыз інісі он алты жаста. «Мен кім, інім кім? Ініме кескен жиырма бес қамшыны маған бер, елуін де мен көтерем», – деді ол қасқайып. 
Мұны естігенде жаза кескен Майшеке би селк етті. Елу қамшыдан кісі өліп кетеді. Адал сүт емген ер жігіт сонша қаншыл, бауырмал болғанына сүйсініп кетсе де, сүйегі сырқырап, бүйі шағып алғандай сескенді. Жау шапса ел қорғайтын ер жігіттерді ұрлық үшін бекер опаттап жібермесек игі еді деп екі ойлы болып, басын төмен салып үнсіз қалған. 
Икені әлекедей жаланған ерлер қара жерге етпетімен жатқызып, жон арқасын жалаңаштады, күн тимеген аппақ жауырын қақ тілініп қан жоса боларын ойлағанда Майшеке би одан әрмен шөге түсті. Ике қошқар мұрын, көкшіл көз, ат жақты ақсары жігіт, бойы теректей биік, албырттықпен өрекпи тепсініп тұрғанымен кесімді жазадан белі қайрылып, сағы сынады-ау деп қамықты. Бірақ қатал дала заңы бұлтартпайды. Жоғалған жылқылардың ізі Тұлпарбасқанда жер жұтқандай сұйылып кетіпті. Икенің үлкен аталарының ескі қорасы сол маңда. Би кесімін орындау үшін екі кісі алмакезек соза тартып, дойыр қамшымен Икеге дүре соға бастады. Бірі тоқтаса, екіншісі білеудей қылып тіліп түседі. Малымды ұрлады деп даулаған жақтың атқосшысы қызылкөз Ойнар байға жарамсақтанып, дүрені дауыстап санап тұр: «Бір, екі, үш... жиырма бес... отыз жеті...». Елу дүреден жас жігіттің жон арқасы қызыл түске боялып, былжырап шыға келді. Икенің жон терісі сыдырылып түсіп қалды, еті жалбырап, тілік-тілік қан соқта үгіліп түсердей көрінген. Икенің жасөрім інісі жаны ышқынып, өзін ез санап іші бауыры күйіп бара жатқанымен ағасының қайтпас қайсар мінезінен аттап өте алмаған. Ике айтса бітті, кессе үзілді. Көнбеске лаж жоқ. Дүре соққанда дыбысы шықпаған Ике терісін тірідей сыпырғанда қыңқ етпес деп аңыз қылатын бөрі тектес ер екенін қуғыншылар аңдап қалғанымен, екі кісі оны жер төсекке көтеріп салғанда көзі жұмулы сұлқ қалғанын жақсылыққа жорымаған. Салтаттылар түксиіп түнерген қалпы аттанып кетті. 
Күзгі күннің суық қабағы талаурап батқан. Інісі Икенің қасында екі иіні түсіп, іші оттай жанып, булығып, жаны құлазып жылап отырды. Өлік сияқты жансыз жатқан Ике кенет басын көтеріп алғанда ол ышқына өксіп жылап жіберді. Ағасы тіл тартпай кете ме деп үрей меңдеп, құсадан тұншығып зорға отырған. Икенің көкшіл көзі жасылданып көрінген.
–Қара тоқтыны сойып, құйрық майын арқама тұтас орап, таңып бер, – деді Ике інісіне. 
Ике жон арқасына тоқтының суып үлгермеген аппақ құйрық майын үш білем етіп жапсыртып, қыл арқанмен шандып байлатты.Түнде ол қасына інісін ертіп, өзіне өтірік жала жапқан Ойнар байдың бағусыз жатқан қалың жылқысына аттанып кетті. 
– Суқұзғын жемін тереңнен іледі, өйткені су астында да көзі көреді, – деді ол бетіне аңтарылып, абдырай қараған інісіне. –Көкқұтан балықты қалай аулайтынын сен көрмеп пе едің?  
Ике құс келерде тырналар легі жүздеген қанаттардың қағысымен сусып дамылсыз ұша беретінін, жер бетінде бір түн қонақтап, дамылсыз ұша беруге неліктен бейім жаралғаны туралы кәрі аңшыдан естіген. Оның айтуынша, көк жүзінде сыналай ұшқан тырналар ауа толқынымен жел кеулеп оп-оңай қалқиды, суға сүңгіген қасқалдақтай лыпылдап, тайғақ көк мұзда сырғанап келе жатқан тәрізді көрініс. Жол бастаушы көсем артқа кетіп, арттағы тырна алдыға суырылып шығатын көрінеді. Қарқара тартып бара жатқан аталық тырналар ауық-ауық орын ауыстырып отырады. Тырналар жұмыртқадан шайқалған ескі ұясы қалған атамекен суына асығып, көк жүзінде дамылсыз ұша береді. Тырналар – қазақ пен жылқы сияқты аса жершіл құс. Сондықтан жер төсінде шоқиған көшпелі қазақ құс келерде елегзи қуанып, құс қайтарда биік тыраулаған тылсым үнге жаны елітіп, құс керуенді қимай көкке телмірсе көз ұшында көкжиекке жұтылып ұзай беретін үшкілденген көркем сызықтар кішірейе түскен сайын мұңаяды. 
Кемпіртаста ұшырасқан кәрі аңшының қосында Ике үш күн, үш түн қонды. Аң мен құс туралы небір адам сенгісіз таңғажайып оқиғаларды сол шалдан естіген. Есімі Шолақ болғанымен қол-аяғы бүтін аңшы төпелей құйған нөсерден тамызыққа жарамды отын атаулы суға малшынып, жуық маңда кебе қоймаған соң тобылғы бұтасының майлы қабығын аршып, отқа жаққан. Айдалада маздақ от басында шоқиған бірі қарт, бірі жас екеу бағзы ата-бабалары қазақ шығып кеткен азат кезінен бері жыртқыш аңнан қорғайтын қару-жарағына, жын-періні үркітер тобылғы сап дойыр қамшысына, құлатүзде жан серігі жүйрік атына сенген нағыз кезбе саяқтар болатын. Құдайдың иелігіндегі кең даланың берер ырзығы таусылмайды, ешқашан керегіңнен артық алмасаң, жердің иесі мен киесін ұмытпасаң мына жалғанда аман жүресің деген кәрі аңшы отқа қақтанып отырып, қырқыншы киікті атып алудан сақтанып қоя бергенін жыр қылып айтып берді.Орамал тонға жарамағанымен жолға жарайды. Шолақ шал Икеге жыртқыш аңнан қорғайды деп Кіндік Қарағайдан аулаған аюдың шор тырнағы тігілген былғары тұмарын мойнынан шешіп берген. 
Жаралы Ике ат беліне қисаймай түзу отырғанын көргенде балғын інісі сенер-сенбесін білмей, іштей «а, құдайлап» жаны шығып барады. Ауа тоңазыған салқын. Түн жамылған ағайынды екеу қозыкөш жүріп, иесіз тау аңғарында дүркіреген қалың жылқыға ілікті. Икенің жас көкірегін қаңтардағы бурадай намыс буып, өлтіріп барады. Таяқ еттен өткенмен, бекер күйдірген наласы шыдатпай барады. Тең атаның баласы кемдікке көнбейді, аруағы қозды. «Жаным – арымның садағасы» деп серт еткен Ике мұнымды құдай да қабылдайды деп білді. Жазықсыз дүре салғызды, ұрлықтың күнәсін өзін оған мәжбүрлеген надан бай арқалайды деп сенді.  
                     Өлермен 
Үйір-үйір жылқыдан жеті биені айдап әкеп, екеулеп сойып, омыртқа, қол, сан етін бұзбай таудағы құпия тас үңгірге тығып тастады. Ертесінде бір топ жылқысы жоғалған Ойнар бай мұны кімнен көрерін білмей айран-асыр, аң-таң болды. 
–Әй, тура Икеден келді, – десті сұңғұла біреулер. – Әйтпесе шеттен келген бөтен жау жоқ. Сол тентектен келген пәле, соның қосынын барып тінту керек. 
–Ее, істің ағы білмейді, жігіттің бағы біледі. 
–Алған бір жазықты, алдырған мың жазықты деген дәл рас. 
–Ойбай-ау, естерің дұрыс па? Ике елу дойыр қамшы жеп, жанымен қайғы арпалысып жатқан жоқ па! Ұрлық қылмақ түгіл кірпігін қозғалта алмай қалмасын. Әй, қылшылдаған жас болғанымен елу қамшыдан өліп кетуі мүмкін. Сол жігітің арқасы жазылмай, беті бері бұрылмай, мүрдем кетері даусыз, – десті өзгелер. – Иті үрмейтін ауылға кетсе қара сорпасын ішесіңдер әлі. 
 –Оңай олжа оңалтпас, өлсе өз соры. 
Қырық дүреден бір ұрының өкпесі қабынып, жаман ауруға ілініп, үш айға жетпей дүние салғанын естіген, жақсының алдын көрген, Икеге шын жаны ашыған Майшеке би: 
–Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен деген. Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан, бірақ ол қайдан жортуылға шықсын, кескен теректей сұлап жатқанын көз көрген жоқ па! Аруақты жерден ат үркеді. Түкті Қошқар тұқымы, соңына ерген бір атадан жалғыз бауырын қорғаштап өлуге бар ер азаматтың мазасын алып, бекер обалына қалмаңдар! – деп жекіді. 
Ике сол жатқаннан бас көтермей, екі ай төсек тартып жатты. Екі айдан соң елу қамшы салған ауыр жарадан айықты. Жылқы жануар судың тұнығын ішіп, шөптің асылын жейді. Желдеп кетсе тұяғы гулеп, шабыстан талмайды. Ике жылқының қабырғасына біткен қазылық шикі майын күн сайын жаралы арқасына басып жата берді. Жылы-жұмсақ етін асып жеп, сықпа құрт қосқан майлы сорпасын ұрттап, сусынға қымыз, шұбат жұтқасын, көзі бар бұлақтың суынан құлантаза жазылып кеткен. Жеті биенің бармақтай қазылық майының емдік күші елу қамшының уытына шипа болмағанда кесел меңдеп, бір шеті өкпесі кектен қарайып өліп кетеді екен. 
                                             Аттаныс 
Шөлмек мың күн сынбайды, бір күні сынады. Талай мәрте жолы болған Ике қара күзде ұрынған. Жетісу жаққа ұрлыққа атанып, үйірлі жылқы алғанда қасына ерген серігі Тоқпан екеуі қырсық шалып, қарадай тұтылды. Ай жарығымен үйірлі жылқыны қуып әкеткенде құс ұйқылы жылқышы дабыл қағып, түнгі даланың тынысын жаңғырық бұзып, қаңғалақтап жоғалды: «Аттан! Аттан! Жау шапты! Жылқыны айдап әкетті!». 
Тау бөктеріндегі ауылдан бір топ қуғыншы соңдарына түскен. Кілең шабандоз ерлер аттың басын жіберген. Сойыл сүйреткен жылқышылар түн жамылып үйірлі жылқы айдап әкеткен бөтен екеудің соңынан тұра ұмтылған. Қашқандар аузымен құс тістейтін жүйрік аттарына сеніп, қуғандар қиқулап еліріп келеді. Тоқпанның қаракер аты құстай ұшып ағызып келе жатып, сарышұнақ іні шұқынақтан сүрініп кеткен. Икеден бір мүшел жас кіші Тоқпан атымен жер сүзе құлап, үзеңгіден аяғын шығарып үлгергенше қуғын жетті. Қаракер айғырдың жер бетін тесіп жіберердей қатты тұяқ дыбысы естілмей қалған соң Ике артына жалт қарап, ай сәулесі нобайын сызғандай анадай жерде топырлаған қараң-құраңды көрді. «Ұсталды! Атаңа нәлет!» деген ашулы дауыстар құлағын жарғандай оқыс зорайып естілді. 
Икенің көз алдына Тоқпанның жесір шешесінің жүзін жас жуған құсалы кейпі елестеп кетті. Үзеңгі жолдасын тағдырдың талқысына жалғыз тастап, сытылып кете беруге жүрегі дауаламады. «Айдарлының алғашқы жан бергені осы ма екен?» деп ашынған Ике кері бұрылып, ат үстінен алысып, төрт-бес қаралы қуғыншының біреуінің атын аударып алмаққа оқталды. Тоқпанды арқанмен байлап, шоқырақтап шаба жөнелген салтаттының соңынан салған. Қалған үшеу арт жақтан айқай сала шауып келеді. Жазмыш кірпік қаққанша. Икенің өр мойнына бұғалық түсті. Қуғыншы шірене тартқанда тақымы берік Ике қылғынып, ат белінен ұшып кеткен. 
Икенің дүре іздері салған тақыр арқасын көргенде: «Е, қасқа, бұрыннан ұры таңбасы басылып қойыпты ғой!» деп ұстаған жақ мысқылдай күлді. Ескі қазақта қолға түскен қаскөй ұрыны әуелі белінен былғары белдігін шешіп алғасын жазалайды. Ұзақ сапарға бел шыдас беру үшін Ике мен Тоқтар тұрпайы мата белбеуді жалпақтай орап, қатты таңып, шарт буынып алған. Қатты жел, долы дауыл соқса киіз үй шайқалып, қозғалмас үшін ту сыртынан арқан белбеу тартқаны сияқты. Қос ұры күдері белдіксіз ұсталғанын жақтырмаған ызақор біреу қамшымен жон арқадан осып-осып жіберген. Жұмсақ теріге бөрі басын өрнектеп басып, күміспен күптелген, белді екі орайтын күдері белдікті, бозбалалық бойтұмар күміс белдігін және жоңғар-қалмақты атамекеннен қашырған атадан қалған ши қорамсақ пен кісе белдігін* Ике аңға шыққанда болмаса қатерлі сапарға тағуға сақтанатын еді.  
Ескі дәстүрде жылқыны үйірлеп қуып әкететін ұрыларды жез бұйдалы тайлақтай жетектеп, аямай сабап, үстіне құрым киіз кигізіп, кісендеп, құлша жұмсап, алты ай тұтқында ұстайды. Барымташыдан ұры-қарының мәртебесі төмен. Егер артынан кісі іздеп келсе, құнын алып кері қайтарады. Іздеушісі болмаса жарты жылдан соң тұтқындардың көзін байлап, күншілік алыс елсіз далаға апарып, бірнеше күнге жетерлік ас-суын қалдырып, жаяу тастап кетеді екен. 
                    Құлдықта 
Ике мен Тоқпан қара күзде тұтқын болып, бит пен бүргеге әбден таланған. Зиянкес жәндіктер Қарынбайдың қисапсыз қой-ешкісіндей өріп, өсіп-өніп, ащы тер тұтқан денені қотыр басып, шаш, сақал-мұртынан сорғалап ағып, сұмдық қышынғанда қаптап кигізген құрым киіздің сыртынан жұлқи қасынады. Шіркін, асау өзенге бір сүңгіп шыққан жанның арманы жоқ, суға түссек анадан қайта туғандай ластан тазарар едік деп екеуі әбден күйзелді. 
Ике мен Тоқпанды ауылдан бөлек жерде, ел көзінен таса тау ішінде ұстады. Екеуімен тірі жан сөйлеспейді, өйткені малды бай өз кісілеріне ұрыларды үйір қылмаңдар, олар артық ештеңе білмесін деп бұйрық берген. Сондықтан бұл ауылдың қай ел, қай ру, мал иесі кім екенін қос тұтқын естіп-білген жоқ. Бұларды күзететін қарала, сарыала екі иті бар егделеу мылқау кісі, ол бәрін ыммен көрсетеді. Жалшылықта жүрген екеуге жастардың, қатын-қыздардың жолауға тіпті қақысы жоқ. 
Бұлардың елі тобықты екенін әу дегеннен тергеп білген паңсыған бай: «Арқаның, арғынның ұрысы болсаңдар, аюға намаз үйреткен таяқ. Көресіні көрмей көрге кірмейсің деген, ұры-қарыға жалшылық жағады» – деп езу тартты.Ересек ұры жастау серігін тастап кетпей қолға түскенін білетін байекең жалшыларына «мыналарды құлша жұмса, бірақ ішер астан тарықтырма!» деп бұйрық беріп кетіп қалды. Екі тұтқын алты айда түн қараңғысында жүздерін анық көрмеген қуғыншылар, ат үстінде шіренген бай және мылқау қарауылдан басқа тірі жанды көздері көрген жоқ. 
Бұл жақтың қысы Арқаның ақпан-қаңтарда ысқырған ақтүтек боранына ұқсамайды, жұмсақ екен. Қыс бойы Ике мен Тоқпан отардағы қойдың күтімімен алысты, маядан арбамен шөп тасиды. Бірсарынды ит тірлікке көнген. Көктем туғалы кең дүниеге сыймай елегзитін Ике бие сауатын тері ыдысты білегіне іліп алып, мойнын созып көк жүзіне телміре қарай-қарай алға жүрді. Қазақ әзелден тіршілік салтын – күн жадына бағынып ескі қонысын тастап, байтақ түзге тізіле көшуді көктегі жыл құстарынан, Тәңіріге жалбарынуды тау басында шоқиған, тұмсығын көкке көтерген көк бөріден көз ақы алғанына еш күмәні қалмады. Бөтенге бағынышты қоршылық уақыттан арылып, азаттық алып, жер түбіндегі ауылына қайтар күн қайда? Етектеріне сауыс-сауыс тері алжапқыш байлаған екі еркек бір тізерлеп шөгіп, әлсін-әлсін бие сауудан қажыған. 
Қоңыр қаздар тым биік самғап ұшады. Құсқа кішкентай бас біткен, қос қанаты үлкен, қауырсындары бүгіліп, жайылып ұшып-қонуын реттейді. Басқа салған баспақшыл, құдайдың жазасын аспан әлдилеген қанатты азат құстарға қараған сайын терең сезінеді. Жарық күнде бостандықтан асқан бақ жоқ екен!  
Құлындар желіде байлаулы жатыр. Тоқпан екеуі тізерлей отырып, отыз шақты биені бірнеше сауыммен сауады. Жазғы ыстық үрлесе құрым киізден өлердей қышынған тұтқын сорлылар жынданып кете жаздайтын. Көн терідей сірескен денені қотыр басты. Ике жолдасымен ала жаздай бие сауып, сиыр сауып, құрым киіз денелерін құрсап, биттері ағып, екеуара қанша аршыса да арылмаған. Елден екеуін іздеп ешкім келмеді. Өйткені олардың қай жаққа ұрлыққа аттанғанын білмейтін. Жаз шыға мылқау қарауыл алыстан жебе белгі арқылы жеткен, әлгі жасамыс байдың бұйрығымен қос барымташының көзіне шүберек байлады. Көп ұзаған жоқ, ел жақтан үш салтатты суыт жетіп, көзі байлаулы екеуді қос атқа отырғызып, жетекке ала жөнелген. Олар бірнеше сағат жол жүріп, қос ұрыны мимырт құмға апарып тастады. Аттан түсіріп, жаяу қалдырған. Адасқан жан артына айнала беретін құлан елсіз меңіреу жерде екеу амалсыз қала берген. Екі сорлыға жазалаушы жақ үш күнге жететін азық пен сусын, ескі бәкі қалдырып кеткен. Бұл даланың жазылмаған заңы болатын. Орамал тонға жарамағанымен жолға жарайды. Мылқау жалшы қоштасарда қойынға тері қалта сықпа құрт салып жіберген. Ол зәбірсіз кісі екен, алты айда қос тұтқынға тізесі бата қоймаған. Сол адам жұмбақ күйі қала берді. 
      Оражан 
Ике мен Тоқтар сулы-нулы жасыл өлкеге жетіп, Балқаштан, Қамаудан өтіп, Тарбағатай жоталарынан асып, Аяғөз суынан үш атпен жүзіп өткен соң туған жерге жарым күншілік жол қалған. Ақшатаудың қар басқан жатаған төбесі ақшырайып көрінгенде бір ай жол жүріп, ел шетіне іліккен екеу аттан түсіп, қара жерге бауырын төсеп, сұлап жата кеткен. Ақшатау сыбан руының атақонысы, тобықтыға тиіп тұр. Шет, Құндызды суын қыз алып, қыз берісіп отырған тобықты мен сыбан рулары тең жайлайды.
 Теріскейден жолаушылардың алдынан балаша секіріп жүгіріп шыққан жас жігітті көрген Икенің жүрегі солқ ете түсті. «Япыр-ай, мынау біздің Оражан болмаса игі еді?!». Салтатты жүргінші нағашы туысы Ике екенін танып, Оражанның көзі тұманданды. Бірақ ол босаңсуды жек көріп алған болатын. Ике оны бауырына басып, «Бауырым-ау, бұл сенбісің?» деп жан тартып, құшақтап көріскенде селт етпей, қаққан қазықтай қалшиып қатып қалды. «Оражан кісі танымайтын болғаны ма, сұлу кескіні ерекше көз тартатын жас жігіт, мына сабалақ-сабалақ түрімен не күйге ұшыраған болды, құдай-ау?!» деп абыраған Ике оның жүдеу жүзіне қинала қарап қалғанда айтарға түк сөз таппады. Оражан жылдам болар ма, туған жерін өлердей сағынып жеткен екеуін «жүр-жүрлеп» соңына ерте жөнелген. Қамысты көл жағасына бастап әкелді. Көл түбіне шағындау қара қазанды салып қояды екен. Суға қасқалдақша сүңгіп алып шықты. Оражан қазанын жат көзден суға жасырып ұстайтын. 
–Бұлағы басында, аң-құсы қасында, – деді Оражан қара қазанды суға толтырып, тасошаққа қойып жатып. Қамыс арасынан алып кепкен құс етін қазанға салды. Құлдықтан арып-ашып жеткен екі ұры әуелі күн шуаққа елігіп, қазандай төңкерілген оймақ көлге ұзақ шомылды. 
Оражан бұрыннан артық сөзге жоқ болатын. Томаға-тұйық қалыпқа біржола көшіп алғандай. Ас үстінде Ике Оражанды бөтен біреумен ауыстырып қойғандай күй кешіп, жүрегі қан жылады. Ол жарытып ештеңе айтпаған. Селқос. Таң елең-алаңда оянса, Оражан тоқыма ши үстінде арқан шеңберлеп жатқан орнында болмай шықты. Ошақта қара қазан көрінбеді. Күн түске ауғанша екеуі Оражанды күтті. Ол оралмаған. Ике балтырын түріп, су жалдап көлге түсті. Судың тұнығынан көл түбінде шөккен қара қазанды көрді. Олар жарты қап өрік-мейіз және сабын, айна-тарақты көл жағасына қалдырып, жолға шықты. Ауылға тезірек жетпекке тағаты таусылып барады. 
 Ике жақын-жуығымен көріскен соң Оражанның жайын сұрап білген. Ол үйлене сала қырсық шалып, есі ауысып, тау-тасты кезіп кетіпті. Жаңа түскен жас келіннің сұлу көркіне мас болып, ішкен асы бойына тарамай, құмар болған біреу қара суды теріс ағызатын молдаға барып, үш күн дұға оқытқызып, дуаның күшімен уыздай келіншегін айналдырып алған. Оқылған дәмнен әуелі келіншек жейді, заматта бөтен еркекке есі кетіп, басы ауған, әлгі астың қалдығын жас күйеуіне әкеп жегізген. Тобықты Наз атаның баласы Оражан табан астында жынданып, есі ауып, қыстаудан шығып жүре беріпті. Сол беті күзгі қара суықты елемей айдалаға безіп кеткен. Артынан шарқ ұрып іздеген туыстары күн батарда Жынтастан тапқан. Ала жаз жазықта, жал-жал тоғай кезіп қаңғырады, қыста ескі қыстауға түнейді. Қысқы аяздарда тымақ пен тон, саптама етік киіп, суы қатпайтын қарабұлақтарды жағалап, тау-тасқа өрмелеп жүретін көрінеді. Қарасуды үйірлі қасқырлар ториды. Ол ештеңеден үркіп-қорықпайтын, өлімді, қауіпті елең қылмайтын сияқты. Қақпанға түскен бөлтірікті құтқарған екен. Бір жолы омбы қарда астындағы атымен малтыққан Оражанды бір ізбен шұбырған бөрілер айналып өтіп кетіпті деп ел аңыз қылады. 
–Оның некелі келіншегін оқытып, дуалап алған ұябұзар сұм кім?
Ике сілкініп жөн сұрағанда көрші апа: «Атың өшкірді қайтейін деп едің?! Желегі түспеген жас келінді ай өтпестен азғырып, сиқырмен жетектеп әкетті емес пе! Әке баласын қойнына қатын салып, бауырына қазан орнатып, енші беріп, бөлек шығарып еді. Жазмышқа не шара. Болары болды, бояуы сіңді. Мал құлағы саңырау» – деп көзі алайып шыға келді. 
Оражан жылқы ішінде аласы дейтұғын көркем өңді жігіт. Ике мән-жайды тереңірек білетін құлағдар жұрттан сұрастырғанда естіп-білгені мынау: Оражан ауыл-ауылға оқта-текте бір соғып өтеді. Кезбелікке салынған, байыз таппайды. Шілденің ыстығында әркімнің киіз үйіне бір кіріп, сусын сұрап ішеді. Шалап, айран немесе қымыз құйып берген сырлы аяқты көзінше жуған бәйбішеге қатты өшігіп, кектенеді. Ағайын арасында жанашыр жандар көп болғанымен, жынды санап, жиіркеншек мінезін көрсетіп қалатын қытымыр қатындарға қысас қылады дейді. Байділдәнің бәйбішесі Салтанат Оражан салып ұрып жетсе алдына бауырсақ төгіп, қымыз құйып береді, піскен ет жегізеді, дорбаға құрт-ірімшік, қаймақ, таба нан салып береді. Ол ас ішіп болысымен ыдыс-аяқты дастарқаннан жимай қоя салады. Ыдысын Оражан шығып кеткен соң барып жуады екен. 
Айтуар байдың реңді жас тоқалы Оражан сусын ішіп болысымен оның көзінше ағаш тостағанды ыстық сумен жуғыштап, шая берген. Оражан үн-түнсіз киіз үйден шығып, безіп жөнелген. Ол жүгіргенде құстай ұшады, жүйрік атқа жеткізбейтін желаяқ деседі. Көл жағалай қонған шағын ауылда бір кісі әлгінің құйындай жүйткіп безіп жөнелгенін көзі шалып қалып, «Ойбай, қайсысың көңілін қалдырып едіңдер, тез, артынан қуыңдар, анау біреуіңнің қыстауыңды өртеуге кетті!» дейді. Іле атқа мініп шапқан кісілер Оражанның қайда кеткенін аңғармай қалған. Бір кезде тау ішінен қою түтін көрінген. Олар құйғытып жетсе, Оражан қарқ-қарқ күліп, жанған отты айналып жүгіріп жүр дейді. Қыстауда күнсіп, әбден кеуіп, қызып тұрған текше қиды өртеп жіберген. «Қараубайдың қиы қарау-қарау жанады десе, дау-дау жанады, ей!» деп мәз болып күледі. 
Ол бір байдың күмбезді зиратына салған әдемі ағаш есігін жұлып алып, қыстауына әкеп орнатқан. «Бұл сұмдар тірісінде де жақсы есік, өлгенде де сырлы есік, кетсін әрі!» деп айтқанын естіген жұрт басын шайқады. Ашынған тілді болар, ашыққан ұры болар. «Сорлы бейбақ, енді қайтсын, өзіне сонша қастық жасаған тасжүрек адамдардан алған бір өші де...Сұлулық кейде сорға бітеді деген. Қандай реңді, көркем жігіт, қызғаныштың қара сайтаны қайран жиырма бесінде бақытын ұрлап, өзін шала ес жынды қылып, әзиз басын қаңғыртып, қор қылып қойды» дейтұғын ел-жұрт Оражанды мүсіркеп, не бүлдірсе де жазалаудан аулақ. Әйткенмен алтын асықтай бозбала жастық шағы қор болып, дауасыз бәлеге басы тұтылып, ел жаман, жәутік* санап, қарадай мүсіркегеннен артық не ауыртпалық болсын. 
                                Құса  
Ике құлдықта өткен алты айда әбден ашығып үйренді. Артық ас батпайды. Сылынып қалған. Жасы қырықтың бел ортасынан асқаны білінбейді. Елге оралғалы ай сайын үш күн ашығады. Тоғайда жабайы араның ұясын білетін. Бал арасының балауыздары ғарышта самсаған жұлдыздардың сәулесі түсіп, текше-текше әр ойығы, әр қуысы рет-ретімен торланған. Нәр сызбай барып, балқұрттары балынан саусағымен іліп жалайды. Со замат басына небір ой ұялайды. «Дүние бір қисық жол бұраңдаған». Қара өлең. Қазақ бекер солай ойлайды, әйтпесе жер мен көкте, табиғатта қиғаш ештеңе жоқ. Қыл аяғы өрмекшінің торы айқын сурет, әсем құрылыммен тоқылғанда адам өмірі неліктен ретсіз?! Ағын судай өмір бір орнында тұрмайды, не нәрсе болсын айниды, өзге  қалыпқа өзгереді. Айнала тірі табиғат, күн мен ай, жеті қат көк, жер бетінде бәрі қисынды екенін, не ексең соны орарын Ике құлдықта, битке таланып жүріп ақиқат сезінген. 
Елге оралған соң ол ештеңеге көңілі шаппай, жаман ойға тұтылып, тұнжырап теңселіп отыратын қояншық күйге ұшырады. Кей сәт бүк түсіп жатып алады. Жиені Оражан сияқты елсіз түзде сенделмесе де іші алай-түлей тұншығып, еңсесін езген күйзелістен шығар емес. Көкейінен қамау ой шықпай жанын қинайды. Арылуға дәрмен жоқ, жатса-тұрса соны опынып ойлайды да қояды. Ол өзін қақ бөлінген екі адам сияқты көреді. Өткен шақты ілкім сәт ұмыттырмас сол Біреу төбесінен қара құстай төніп тұрады, жынша иектеп алған. Көзге көрінбегенмен, сол Біреу түйе жетектегендей дедек қақтырып ала жөнеледі.  Шошымалы, елегзи беретін Ике пышағын жастықтың астына тығып ұйықтайды.  Өткен өмір – көрген түс сияқты. Бірақ сол бір қилы мезет түн түнегімен қоса кіретін бастырық түске айналғандай. 
      Шөлейт тақырда Тоқпан екеуі аңқасы құрып, бір жұтым суға, бір үзім нанға зарығып келе жатты. Кей жылдары гүлді шөптердің кейбір тұқымы бұғып, өспей қалатынын Ике талай көрген. Кейде жер түгі жап-жасыл ойпат-беткейлерді шұбарала реңкке бояп, ақ, қызыл, көк, күлгін, сары шешек көз жауын алып, қаулап өседі. Бір түп шөп шықпаған, шөптесін қылтимаған қу тақыр. Бір түйір шөпті ауызға алып шайнаса, сөлі екі тамшы су болып тамағын жібітер еді ғой, шіркін. Бір айналдырғанды шыр айналдырады. Соқыр құдық кезіккен, кеуіп қалған. Тілдері ауызына сыймай, қаталап келеді. Ат арыса – тулақ, ер арыса – аруақ. Сусыз тіршілік қараң, тілдері аузына сыймай, Ике аузына ұсақ тас салып сорды. Қайың емген қазақ баласы, бірақ айналада көгерген бір бұта жоқ. Бөдененің үйі жоқ, қайда барсаң бытпылдақ.Көкжиекке таралған тұлдыр дала тентіретті. Көктен жаңбыр жауса деп тілеген. Шын тілесе құдай береді, жауынға алақан тосып, су ішкенде мәз болған. Үшінші тәулік Кербаланың шөлінен құтылуға зар, сор басқан екеу суы мен азығы бітіп, өлуге аз қалып, қарға адым жер оздырмай, құлап-сүрініп сүйретіліп келе жатқанда қарсы алдынан шошайып төртқұлақ зират көрінді. Титықтап, әлі құрып жетсе, жаңа ғана көмілген жас қабір екен, топырағы кеуіп үлгермеген. Назары аштың ақыры оңбас. Екеуі жалма-жан қабірді ашып жіберді. Бастан аяқ бөзге оралып, үш жерден буылған балаң жігіт екен,  өліктің бетін ашып көруге жүрек құрғыр дауалаған. Түрінен суға кетіп тұншығып өлгені көрінді, біреудің әп-әдемі жиырма жасар баласы қалғып кеткендей момақан кейіпте жатты.  
Әу бастан көкейге түскен кесір ой аян болғанымен өлінің қасында отырған тірі екеу көп ойланып тосылды. Аш не жемес. Өліктің бір аяғынан ет кесіп алып, пісіріп жемесе болмайды. «А, Жаратқан құдай, кешіре ғөр! Я, аруақ, кеш! Сен өлі аруақ болсаң, біз тірі аруақ, арып-ашып зорға жеттік. Қара басып, мәжбүрліктен барғалы тұрған сорақы қылмыс, сұмдық күнәні көк аспан, қара жер, аруақ-құдай кеш, кеш, кеш!» десіп, ескі бәкімен өліктің балтырынан кесек-кесек ет кесіп алды. Зираттан аларын алып, сыртқа шығарда тізерлеп, бүгежектеп отырып мәйіттің топырағын екеулеп қайта жапты. Көкте күн көзі куә. Атқақтап шоршыған жүрек куә. Алыстау ұзап кетіп, екеуі сексеуілді отқа жағып, шоғына екі кесек ет қақтады. Үлкендер жас өлік шыққан үй ас бергенде ет қан татып тұрады дейтін.  Кісі етінің қант татитын дәмін тіл ұшымен сезу қос ұрының қайғылы жүрегін езіп, лоқсып жіберсе де, аш өзек ақыл-есті билеп кетті. Со мезет екі еркек жыртқыш аңмен теңелген. Үш күн нәр татпаған аш қарынға харам ет талғажу болғанын сезу қиын екен. Бірақ әлсіреген денеге со мезетте әл кірген. Бірден күш алып, тіріліп кеткені қайран қаларлық. Әл-қуатты сезісімен сенделген екеу су іздеп кетті. Қозы көш жер сүйретілмей, тік жүріп кеткен. Көз ұшында тау сілемі мұнартқанда жер бедері өзгере бастаған. 
Өлігін бірге көміскен ағайындары жас жігітті ақ жуып, тазалап көрге салғанда құдай айдап аштар келіп, мәйіттің балтыр етін кесіп жейді деп кім ойлайды? Қазақ өлген адамды арғы дүниеге арулап жерлеу ғұрпын бұзбайды. Рух – әулие. Қара жерге қастерлеп тапсырған аруақты қорлаудың ақыры не болмақ? Бірақ болары болды, бояуы сіңді. Өлмей тірі қалғанымен Ике мен Тоқтардың ақыл-есін өрмекші торындай уайым-шер орап тастады. Зираттан алыстаған сайын іс мұнымен бітпесін, түбі кісілік қасиетке қиянат қылғандықтан зауал тартарын біліп, ауыр күрсініскен.  
    Алдан сылдырай аққан бұлақ кездесті, судың дыбысы неткен әуезді, қаталаған қос мұңлық жер бауырлап жата қалып, шөл қандырған. Япырмау, құдай бұларды жазалайын деп әбден ашықтырған сияқты. Харам кепке ұрынды. Көп кешікпей елді мекенге ілігеді. От бар жерде – жан бар. Ұсақ шоқылыққа жетіп, тауешкілер келе беретін жалаң жерге жата қалып, Тоқпан екеуі тұз жалаған. Ересек жолаушы тұзда тазартатын қасиет барын біледі. Өңешті ластап алған соң не шара.
                          Қарақшылар 
Томардай  домаланған ұсақ шоқылар біртіндеп биіктей берген. Биік кезеңге іліккен. Жартас ауызы жолға тиіп тұр екен, тараң жол сол жерден ғана өтетін ұрымтал тұс. Бір кезде алыстан шаң көрінді. Қараса екі салтатты алда келеді, артта екі пәуеске келеді. 
     «Құдай берді деген осы, бұйырса, елге аман-есен жетеміз. Сен ана жартасқа бар, мен мына жерде тұрайын. Алба-жұлба киімді шешіп тастап, жалаңаш тиеміз, бізді жабайы адамдар деп қорқып қалсын», – деді Ике Тоқтарға. 
Ол қарақшылық қылып, кісі өлтіргеннен аулақ болатын. Ике жылқы ұрлауға алыс аттанса, жазатайым біреуді жазым қылмас үшін тақымына шоқпар қыстырмайтын еді. Қос салтатты қатарласқанда жартастан тыр жалаңаш, сабалақ шашы арқасын, сақал-мұрт кеудесін жапқан еңгезердей екі еркек атып шыққан. Албастыдан аусашы. Айқай сүрен салып, жартасты жаңғырықтырып, атты жолаушыларға биіктен барысша атылған. Салтаттылар қарулы екен, алтыатар мылтығы, ат мойнына ілген шоқпарлары бар. Бірақ оқыстан тиген мына пәледен естері шығып, буындары құрып кеткен соң түк қарсыласа алмады. Үрейден өткен қатер жоқ. Екеуін әп-сәтте байлап тастады. 
Пәуеске жартастың түбіне тақап қалған. Атқа мінген сәт арқасына аруақ қонған қос қазақ қару кезеніп, жолды кес-кестеді. Ат айдаушы екі бозбаладан бөлек алдыңғы пәуескеде сарттың әйелі он шақты баласымен отыр. Артқы пәуескеде анасының бауырына тығылған жеті-сегіз баланың көздері жәудірейді. Күнгейден келе жатқан саудагерлер болып шықты. Қап-қап өрік-мейіз, қант-кәмпит, дүрия, жібек, шағи, бөз маталар, айна-тарақ, мал баққан көшпелі қазаққа қат нәрселерді толтырып әкеле жатыр. 
Анадан туғандай жалаңаш, жабайы қос еркекті көргенде екі әйел бетін басып, шүпірлеген балапандар тәрізді жас балаларын құшақтай алды. Жол тосқан қарақшылар алтыатар мылтық кезеніп, бұйырып тұрған соң іс тез бітті. Бір атты жетекке алып, бір қап кепкен өрік-мейіз теңдеп, қос қоржынға толтырып дүрия, шағи, бөз кездеме, айна, мүйіз тарақ, иіс сабын, ұстара, ине-жіптен уыс-уыс салғызып, екі ұры бірталай олжа алды. 
Ат айдаушы бозбалаға: «Қоржынның бір басына екі кісіге шапан, тақия, көйлек-дамбал, кебіс, бір басына толтырып сабын, айна-тарақ, ине-жіп, ұстара сал!» деп дауыстады Ике. Зәресі ұшып кеткен сарт баласы асып-сасып, үсті-басы кір-қожалақ екі еркекке лайық киім іздеп тапты. Сұраған заттары пәуескеден тез табылды. Екеуі ине-жіптен шыққан таза киімдерді иығына ілген жоқ. Бөз кездемеден жыртып, белден төмен алып байлай салды.  
«Ұрлық түбі қорлық екенін сен екеуміз анық білеміз. Құдайтағала азғындықты, озбыр аламандықты кешірмейді. Мына байғұстарды түк қалдырмай тонап әуре болмайық. Осы алғанымыз жетеді. Сарт саудасын жасайды. Негізгі бөлігі қала берсін. Құдай бізге қарасып тұр, бойға сол құт!» деді Ике Тоқтарға. Серігі Икеден аспайтын. Жолдасыңды жорықта танисың. Таршылықта жауға қалдырмай, қашып кетпегенін қайтып ұмытсын. Оның жүрегінен соңғы жарты жылда көрген азап-шері тарқамаған болатын. 
Арбакештер тонаушылар өлтірмесін біліп, қатты қуанғаны, ризашылығы көзінен білінді. «Ей, пақыр, біз ұзап кеткен соң ана екеуін шешесіңдер, біз сендерді өлтірмейміз. Біз содыр-сойқан, ашкөз бұзақы, қара жүрек қарақшы емеспіз. Біз де бір пақырмыз. Басқа салған баспақшыл. Бәрімізге құдай көмектесті деп біл! Бас амандыққа шүкір ет! Қазақтар рұқсатсыз алған дүниені садақа деп қабылдаңдар!», – деді Ике саңқылдап. 
Бір қап пен екі қоржын артқан атты жетектеп, қос атпен желе жөнелген екеу күн бата сарқыраған өзен жағасына келіп тоқтады. Дереу сарт саудагерлерден олжа қылған хош иісті сабынмен бір-бірінің арқасын көк шөппен, томарда өскен қияқпен ысқылай жуып, бірқыдыру тазарған. Шөлде үш күн нәр сызбай ашыққанның әсерінен теріде сірескен көн қотыр сумен жібіп, жалбырап сыдырылып түсіп қалды. Екеуі бұл кереметке қайран қалды. 
Тоқпан жас талдан кескен солқылдаған бұтаны үшкілдеп, судан балық аулады. Екеу от басында үнсіз аухаттанды. Батпандай ой ұйықтай тартып әкеткен. Адал астан дәм татқаны төртқұлақ зират туралы естелікті қоздатып жібергенде қос ұрының көзінен еріксіз жас ыршып кеткен. Тоқпан өңешіне балықтың сүйегі қадалып қала жаздады, жеген асын лоқсып, құсып тастады. «Ащы мен тұщыны татқан білер. Тоқпан, айтпаса да білесің, біз ас ішкенде болсын, жайшылықта болсын, енді оңайшылықпен жадтан өшпес құсаға шырмала береміз. Басқа салған баспақшыл, құдай төбеден ұрып, амалсыз көніп, лағнет іске бардық. Сасықкүзенше көр қаздық. Көрге түскен аңның тажалдығын құдай ақтайды, бірақ екі аяқты адамдікін ақтау қиын. Бұл бір сынақ, енді бұған қайран қылатын, былғаныш, иіс-қоңыс, настан тазаратын адал іс қылмасақ болмайды. Ең әуелі елге жеткен соң ең жақын адамдарға шындықты жасырмай айтамыз. Өтіріктің құйрығы бір тұтам. Ұрлық түбі қорлық десе сүйегі ауыр неткен сөз. Білсін, естісін, құдай есіркесін. Енді өткенге қарай-қарай жан азабымен өмір кешу біздің маңдайға жазылған. Қалған тіршілікте Тәңір алдында асқан күнәдан мысқылдап арыламыз деп ант етейік!». 
Тоғай ішінде ұйқыға жатарда қыл арқан шеңберлеп түн асырған Ике мен Тоқпан таң атқасын өткір ұстарамен ебедейсіз өсіп кеткен шашын тақырлап, сақал-мұртын қырып, суға қайта шомылған. Бет теріде қылтанақ түк қалдырмады. Жабайылықтан адам кейпіне келгенде бір-біріне қарап езу тартқан. Екеуі екі апта жол жүріп, елге аман жеткен. Екеу жолай кенелген олжаны қылдай бөлісті. Көз жауын алатын жібек, дүрия маталарды үйір жылқы, боталы түйе, ұсақ малға айырбастаған Ике мен Тоқпан мал басы өскен ауқатты адамдарға айналды. Ескі кәсіпті ұмытқан. Тоқпан қалың малын төлеп, шаңырақ көтерді. 
Бір құдайдан басқаның бәрі бекер. Ике тіршіліктен түйген жалғыз ақиқат осы. Әуелде басқа салған зауалға көніп, адам айтқысыз жамандыққа ұрынған Ике бұрын мал ұрлығын күнә санамайтын. Моладағы қасіретті оқиға, жас өліктің бір кесек етін азық етіп, жан сақтағаны елге аман-есен жеткелі сұмдық жан азабына айналған.Беймаза жаны тыншымай аласұрған Ике қожа-молдадан құран үйреніп, бес уақ намазға жығылып, дінге бас ұрған. Өмір мен өлім арасында бастан кешкен небір аласапыран қатерлі кепті жады әлдеқашан ұмытса да, зират ішіндегі адамшылықтан безген ісін ақыл-ес еш ұмытпайды. Тау басында өскен аршаны әкеп киіз үйде лаулата жақсын мейлі, қайғы-мұң аршылмай, жан тазармай қинайды. Түн ұйқы бастырық қинап шошынады. Ежелден жүрегінің түгі бар ер азамат ішқұсалық меңдеп әбден жүдеді. Бір жолы егіліп жылап, тақуалық дұғада ұзақ сарылды. Адам өзіне ғана керек, өзінен бөлек ешкімге қажеті жоқ, бірақ бір жұбанары өзінен басқа құдайға ғана керек екен. 
                   Ай толған түн  
Ай толған түнде Әулиебұлаққа кәріліктен жүні ағарып, кей тұсы буылдыр көкшіл тартып, терісіне жабысқан шодырайған сүйегі арсиған, көзі мұнарланған, ормандай кәрі мүйізін зорға көтеріп жүрген можа* бұғы келді. Киіктің можа текесі сияқты қу мүйіз емес. Суы балдай киелі бұлаққа Құндыздының аң-құсы жан тартып тұратын. Шыңғыс тауының сырт жағынан арқырай кеп құятын Құндызды өзенінің айналасы сыңсыған қалың орман-тоғайдан көрінбейді. Өзен судың гүрілі жаз ауғанша естіледі. Ну тоғайды жарып аққан мол арналы судың жағасын қалың құндыз мекендейді. Қыс түссе белуардан асатын қалың қар басады. Құндызды өзенінің бір саласы Саға. Батыс беті ұсақ шоқылықтарға, шығыс жағы сірескен қалың қарағайлы қараорманға ұласады. Ол жақтың үкісі аппақ. Кісінің бас сүйегіне ұқсайтын домалақ тастарда жылан, кесіртке көп.   
Күн күйдірген жер түбінен туған жерге ұя салуға оралатын сұр қарлығаштар көк жүзінде ұйқылы-ояу самғап ұша беретін. Құс келерде, құс қайтарда Оражан кісікиіктеніп, байыз таппайды. Орман-тоғайды, жазық даланы жаяу кезіп, қаңғырып жүреді. Қияқ қаулап өскен жасыл томарға аунап, кесіртке қылтиған шұбар тасқа жатып күнге қыздырынады. Жазғытұры ол беткейден рауғаш, тау сарымсағын теріп жейді, жаз шыға қой бүлдірген, сиыр бүлдірген, жидек теріп жейді, ақ молая таудағы қойшыларға барып, қой-ешкі сауып, тасқорықтық жасап ішкенді жаны сүйеді. Майда тастарды отқа әбден қыздырып, ыдысқа сүтті сауып ала салысымен тастап кеп жіберсе, көзді ашып-жұмғанша бұрқ етіп қайнап сүт піседі. Мына дүниеде ыстық  сүттен асқан тіл үйірер дәм жоқ. Күз келсе өзен бойында тұтас өскен, одан бөлек әр тұста шашыраңқы өскен шошақ тоғайларда қарақат, қызылқат, итмұрын, ара балы даяр. Қыс түссе Оражан суықтан тоңып, қыстауда қамалып отырмайды, атқа қонып, шоқпар ұстап, семсер тағынып жылқышы қостарына барады.
Жай ойнап, сел ақсын мейлі, Оражан күркіреуік үнге бола тасаға жасырынбайды. Жұрт оның нөсер құярын алдын-ала біліп қоярын талай естіді. Аспанда бір шөкім бұлт болмаса да біліп қояды. Оражан мұны құмырсқаның илеуіне қарап білетін. Құмырсқалар жапырақтың астын паналамай, илеуіне тығылса нөсер құяды. Оражан белуардан шешініп тастап, жаңбыр құйып тұрса да ауада ұша беретін зырлауық сұр қарлығаштар сияқты жас балаша су астында құлдыраңдай жүгіретін. Биік таудың ұшар басында Оражан қарауыл қарап, шоқиып отырады. Ай толса ұйқысы қашатын Оражан омыртқасы шодырайған, сүйегі арсиған кәрі бұғының теңселе ілбіген өлімші кейпін күндіз Қабанатқаннан көрген. Киелі бұғыға аш қасқыр тиіспейтінін көзімен көрген. Можа бұғының қасынан көкжал бүлкектеп ит құсап өте шыққан. 
Ол Әулиебұлақтан мейірі қанып су ішуге шаған* түкті бұлан келгенін түн баласы жиі көретін. Түнде жүргеніне қарағанда, енесінен аппақ бұзау болып туған сияқты. Күн сәулесінен қорғанған кейпі. Кірпігі аппақ, мүйізіне шейін қырау шалғандай көрікті жас бұлан. Күндіз көрсе мүйіз өсіндісінен екі-үш қар басқаны білінер еді. Оражан бұлақ басында өскен қалың тал-шілік арасынан түлкі күлгенін естіді. Түлкі күледі. Мұны басқа білмесе де Оражан біледі. Түлкінің үрген дауысы адамның күлкісіне ұқсап кеткенде қараңғылық сұйылып, бұтаққа қонған жапалақ көзі зыр айналды. Таң сәулемен араның ұясындай гулеген ой тасқынынан қажып бұлақ басына келген Ике түлкінің күлгенін естіді. Аң жақын маңда айналаны Оражан шолып отырғанын білген жоқ. 
Ике жалғыздықтан жерініп, соңынан ерген жалғыз інісінің ұлдары ат жалын тартып, ержетіп қалғанда үйленді. Бірнеше жыл бала болмаған. Ұрпақсыз өтер ме екемін деп маңдайға жазғанға көніп, сақал-мұрты ағарғанда екі ұл сүйді. Кесірлі сапардан соң Ике ел ішінде айрандығы бар кедейлеу жұртқа жиі қайыр қылатын. Інісі малды-жанды, әйткенмен Ике оның отбасына ырзық-несібесін молынан беретін Атымтай жомартқа айналған. Малының бір бөлігін садақаға, зекетке арнайды. Бұрын еңкейгенге еңкей, атадан қалған құл емес, шалқайғанға шалқай, пайғамбардың ұлы емес деп жүрген өр мінезді қазақ жүрегін найзадай жаншыған сол бір күнәдан арылуға, өзін-өзі кешіруге тырысып өмір сүрді. «Арам түбі – реніш» екенін білгізген құдайға құлшылық қылуға асығатын. 
Икенің мол жылқысы бағусыз жайылады. Бөріге алдырмайтын қасқа айғырға сенеді. Қой-ешкісін қысы-жазы өзі бағады. Жанбүкір қыстауының тау-тасында тауешкі, арқар қоймен бірге өріп жүреді. Ике момын аңды атпайды, жан-жануардың киесіне сенеді. Кезінде жалғыз жортқанда ашықса қарақұйрық қуып, тұзақ құрып, құс аулағаны жетер. Істің ағы білмейді, жігіттің бағы біледі деу әншейін астамшылық, күпір екен. 
Зиратта кебінін ашып көрген жас жігіттің бейнесі Икенің көз алдынан ешқашан өшкен емес. Көрген айғақ. Мәйіттің көзі жұмулы жатқанымен қиянатты құдай көрді, мұны құдай қарғады. Ол қарғыс ұрпағыма қалмасын, құлшылық қылып, жойқын күнәмді өзім жуайын деп күн бата өлі кейіпке еніп, екі баласына жаназа намазын дауыстап оқытуды шығарған. Ағайын мұнысын хош көрмеген. Жұрт қарадай тітіркеніп, қызықтап қараудан ертесінде-ақ сап тыйылды. Молда оған құрбанға кісі шалып, соғысса кісі етін жеген ежелгі қасапшы, жалмауыз тайпалар жер бетінен құрып кеткен, сондай жебір халықтардың қалдығы, құрымаған обырлары түбі тұқымы құриды деп уағыз айтқан. Ике өтірік өлген сайын жан жарасы жеңілдейтін сияқты сезінді. Арада он екі күн өткенде нағашысы ат арылтып арнайы кеп тыйым салған соң бекершілікті қойды. 
1932 жылы қазақ халқының тең жарымын жалмаған алапат ашаршылықта жасы сексеннен асқан Ике аштан өлді. Үйде бар азын-аулақ азықтан, қабырғаға шыммен қалап, кезбе аш-арықтан тыққан бидайдан нәр татпай қойған. Ақтық сәтінде Ике Тәңірдің жойқын күнәсін кешіргенін түйсініп, талайына берген жазасына шын мойынсұнып, назаланбай көз жұмды. Көк аспан түбі тесілгендей селдетіп нөсер құйған. Үш күн өткенде қара жер құрғады. Ике шал жаным – арымның садағасы, артымда ұрпағым аман қалсын, ел-жұрт өлмесін деп құдайға жалбарынып, бозторғай шырылымен бозала таң атар-атпаста сарқырай аққан жалпақ өзенге қарай ілбіп жүріп кеткен. Жарқабақ опырылып, нөсер қопсытқан ойпаң қара топыраққа құлап кеткен Ике жығылған күйі дәрменсіз жатып қалды. Бір құдайдан басқаның бәрі бекер. Пенде қарғыстан қашып құтылмайды. 
Қабанатқанға аң аулауға кеткен ересек ұлдары күн аралап кері оралғанда кәрі әкесін іздеп таппай қалған. Жел соғып, жүзін топырақ басып қалған. Екі ұлы оң қолының саусақтары топырақтан шығып қалған әкесін әрең тауып алғанда топырақ демалып жатқандай көрінген. Көр азабын тартып тірі жатқан екен. Дереу қара топырақтан аршып алған сәтте кәрі шалдың соңғы демі үзілді. Сабырлы жүзінде асқан азап табы жоқ. Балалары аруақтай арыған әкесін арулап жуып, сүйегін атқа артып, туысы жатқан зиратқа апарып жерледі. 
Ике шалдың сүйегі Құндыздыда қалды. Азамат ұлдары ағайындарымен селбесіп, қабан, таутеке, арқар аулап, елге қарасып, нәубеттен аман қалды. Тоғыз жылдан соң герман соғысы басталды. Үлкен ұл қанды қырғыннан оралмаған. Кенжесі Тұрысбек соғыстан соң орыстан әйел алып, шетте қалып, елге қайтпады. Оның артында екі ұл қалған, анасы орыс, әкесі ұлдарының есімін қазақша қойған. Совет заманында Икенің үлкен немересі Черноморск флотында капитан болып, Қара теңізде жүзіп жүрді. Теңізде жүк кемесінде қызмет қылған теңізші қазақ көрсе, көмектеспей қалмайды екен. 
Табиғаты әсем Құндыздыны арғы тобықты-наз бабасынан бері иемденген Бодауханның жалғызы Оразхан кейінгі ұрпаққа Икенің бейітін көрсетіп, «Үлкен нағашым Ике қасиеті зор, қонақжайлылығы ерекше мейірімді кісі болатын. Жасында барымтаға барған. Балаларға жейдесін түріп, арқасын көрсететін, елу қамшы тиген ақтаңдақ таздың басындай аппақ еді» деп айтқан. Кейін жерленсе де ел аузында Икенің күмбезі атанып, аты қалған. Әуелде тобықты-текебай руының аталас Төрегелді деген кісінің зираты екен.       
                    
   Ескерту:
    Мұтылған*  – сопылық ілімде өлмей тұрып өлу. 
«Көктей өтсін сен салған соқпақ, / Бас сүйектерді таптамас үшін жердегі»*. «Пускай по воздуху пройдет твоя тропа, / Чтоб гордо не топтать людские черепа». Абу-ль-Аля аль-Маарри*. (Араб тілінен ауд. А.Тарковский). 
«Сорлы жүрек семіп қалды, әсем кебін тоқып ап, /  Өлетұғын жібек құрты секілді»*. ( «И сердце бедное похоже на гибнущего шелкопряда. /Себе он свил роскошный саван и в шелке горестно поник».  Хакани. (Парсы тілінен ауд. М.Синельников).
«Жеті қырда жалғыз қап бір ашығып көрмеген»*. Мақтымқұлы. Түркмен тілінен аударған Дүйсенбек Қанатбаев.   
Кісе белдік* – қалтасы бар, жаугершілікте қару, жайшылықта шақпақ сияқты  аңшылыққа қажет ұсақ-түйек заттар ілінетін әшекейлі күміс белдік. 
Жәутік* – ескі, мүжілген асық.  
Можа* – кәрі, жасы келген, қартайған. 2. Ескірген, тоз-тозы шыққан. 
Шаған* –аппақ түс.