Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Бөрібай КӘРТЕН: «САЛ МҰХИТ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ДҮНИЕТАНЫМ МӘСЕЛЕСІ»

 Мұхит сал өлеңдерінің көркемдік сыпаты

Мұхит сал Мералыұлы – этностық  мәдени генофондымызға  айтулы  үлес қосқан тұлға. Мектеп  оқулықтарына  енген. Құрманғазы атындағы Мемлекеттік  консерваторияда, музыка  колледждерінде ашылған оның  әншілік  дәстүр-мектебі бойынша жастар  білім алып келеді. Алайда, Мұхит салды композитор, әнші ретінде бір жақты уағыздау басым. Ақындығы, поэзиясындағы ойлау формаларының дүниетанымдық сипаты таразыланып  оқытылмайды. Сондықтан бұған тіл-әдебиет ғылымы  тарапынан  нұсқа-жол  көрсетілуі – қажеттілік. Бұлай  деуіміздің  себебі: халық  композиторлары Біржан сал  (1834-1897), Жаяу Мұса (1838-1929), Ақан сері (1843-1913), Балуан Шолақ (1864-1919) т.б. шығармалары жоғары оқу орындары бағдарламаларына енгізілген, филология  факультеттерінде  арнайы оқытылады. Ал, Мұхит  туындылары  шет қалған. Тіпті  елге  жақсы таныс XV  ғасырдан  ХХ  ғасырдың  бас  кезіне  дейінгі  қазақ ақын-жырауларының еңбектері  топтастырылған көп томдық  «Бес  ғасыр жырлайды» кітабында  жоғарыда  аты  аталған тұлғалар  есімдері  бар, Мұхит  мұнда  тағы да ескерілмеген.
       Сөз өнерін насихаттауда, дамытуда зор  істер атқарған халық композиторларының қызметтері жайлы «ХІХ ғасыр әдебиеті» атты хрестоматиялық оқу  құралында: «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне  елеулі үлес  қосқан ақындар  тобының  ішінде әнші лирик ақындар тобы да болды. Олар  әнші – орындаушы,  шығарушы-композитор болуларына қоса, талантты ақындар  да еді. Біржан  сал, Ақан  сері, Жаяу Мұса, Мұхит пен Әсет, басқа да әнші  ақындар  туындыларынсыз әдебиетіміздің  өткен  жолын толық  тану  мүмкін  емес (астын сыздық.-Б.К.). Бұл  орайда, олардың, әсіресе  қазақ  лирикасын  дамытуға  қосқан  үлес  салмағы салиқалы. Лирикаға  тән  нәзік сезім, адамның  жан сыры – олардың  шығармаларының  негізгі  арқауы», – делініп  әділ  байлам  жасалған.


       Сондықтан Мұхит поэзиясының  танымдық қырының  кейбір тұсын   ашып көрсетуді  нысана еттік. Мақсатымыз – ол  ғұмыр  кешкен  дәуір  келбетін, бағзы адамдар ой-санасын  таныстыру, дарын  шығармаларын сөз өнерімен синкреттік  тұтастықта  қарастыру. 
       Ғылымда: «Тіл  тек  коммуникативтік  құрал  емес, сонымен  бірге, ол – әр  халықтың  тарихы,  оның  өмірі, тіршілігі,  шаруашылығы  мен  әдебиеті», –  делінген  тұжырым бар.  Осы  пікірдің  негізділігін Мұхит салдың  ән-өлеңдері  арқылы да қуаттап, көз  жеткізуге  болады.  Бұған  оның  халыққа  белгілі  туындысы «Үлкен  айдай» нақты дәлел, ондағы сөз  астарынан  алыс  дәуірдегі  замана  келбетін  бажайлаймыз.    
       Былай дейді ол:
                                      «Дүние – қызыл түлкі бұлаңдаған,
                                      Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
                                      Мегзеген асқар тауға есіл көңіл,
                                      Дүниеде еш нәрсеге тына алмаған».
       Мұхит өмірдің өткіншілігін, тірліктегі арманның шексіздігін һәм тұрақсыздығын, бақ тайса дәулеттің де шайқалатын баянсыздығын қызыл түлкіге, оның   алдамшы қимылына, айлалы қозғалысына балайды. Академик Рәбиға  Сыздықова  фольклорлық  шығармаларға қатысты: «Қазақ  халқының  өткен  дәуірлердегі  негізгі  шаруашылық  күн  көрісі  малға, мал  өсіретін  кеңістік пен табиғатқа  қатысты  болғандықтан  образдардың  да  басымы  осы  саладан  алынады» – деп пікір  айтқан. 
       Ой  негізін  ашуда,  нақты  ақиқатты  дәлелдеуде «түлкі»  сөзі халықтың  қара  өлеңі тармақтарында да кездеседі. Мысалы, «Дүние  ойлап  тұрсам  қашқан түлкі, – Жігіттің қайда қалмас жиған мүлкі».  Шәңгерей  ақын да  қолданған: «Құйрық  атып құлия,  – Түлкідей  қашқан  жымия. – Қараңды  үзіп  барасың,  – Бізден де қайран  дүния!»  – дейді. Айғаққа  келтіріліп  отырған  бұл жолдардағы  пікірлер  де  ғұмыр-тірлікті қашқан  түлкі  бейнесіне  ұқсатады. Жалпы қазақ фольклорында қулық,  залымдық түлкі арқылы беріледі. Уәдесіне тұрақсыз не пасық кісіні де соған теңеп жататынын білеміз.
       Мұхиттың  дүниенің  баянсыздығы, не нәрсенің  де  мәңгілік  еместігі  турасындағы осындай өзіндік  пайымдауына негіз  болған  жайт –  отарлық  саясат  еді. Оның жасы жиырмалардан енді аса бергенде, оң мен солын тани бастаған тұста қазақ халқының басына ауыртпалық түсті. Патша өкіметі 1864 жылы жаңа отарлық жетілдірілген реформа жасау жобасын қолға алды. Бұл іс төрт жылдан кейін аяқталып, 1868 жылы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының қырлық облыстарын басқару жөніндегі уақытша ережемен» оны бекітті. Бұндағы басты мүддені: «Россия қол астындағы халықтарды бір басқарманың шеңберіне біріктіру, жергілікті ақсүйектерді өкімет билігінен тайдыру, қазақ даласының бірте-бірте Россияның басқа бөліктерімен қосылуына жету үшін рулық негіздерді әлсірету», – деп ашып көрсетеді тарих парақтарында түзілген тұжырымдар.  
       Осы «Ереженің» алғашқы жобасын талқылауына орыстың қоғам қайраткері, тарихшы А.И.Левшин де қатысып, ол – сұлтандарды өкімет билігінен тайдыруға, сондай-ақ, ру жігіне қарай басқаруды жоюға қарсылығын білдіреді. Оның бұл тілегі қабылданбады. Жер Ресей империясы меншігіне өтті. Облыстар құрылды. Облыстар уездерге, уездер болыстарға бөлінді. Салық түрі көбейтіліп, төлем мөлшері өсірілді. Рұқсатсыз мешіт салуға тыйым салынды. Әр болысқа бір ғана молда болады деген шектеу енгізді. Қазақтарды шоқындырудың амалдарын жан-жақты қарастырды. Сұлтандар село  тұрғындары  қатарына  жатқызылды. Жаулаушы  жат  жұрттықтардың  бүтін  бір   ұлттың  басынан  бағын тайдырған  шектен  асқан  осы  қысастығы, қиянаты  өр  рухты ақсүйек  тұқымы  Мұхиттың да жан дүниесін күйзелткенін  түсінеміз. 
       Уақыт өте келе өзгерістердің ауыр зардаптары көріне бастады. Көшпелі елдің тіршілік көзі – мал. Оның өсім-өнімі шұрайлы жайылымға тікелей байланысты. Алайда, өріс тарылған. Бұның салдары күнкөрістің төмендеуіне әкелді. Бұл жәйді Мұхиттың «Азаға салған әнінен» аңғарамыз. Ол:
                                           «Мұхитта мал дегенде жалғыз сиыр,
                                           Болады баспағымен төртеу биыл.
                                           Салыңның алып келген иісі осы,
                                           Жетекке жылқысы жоқ үйір-үйір», – деп қамығады. (А. Жұбанов түсірген осы әннің нотасы назарға ұсынылып отыр. «Замана бұлбұлдары» кітабынан алынды). 
       Өлең мазмұнынан қоғамда зорлықпен орныққан әлеуметтік қайшылықтың туғызған  жағымсыз салдары ап-айқын байқалып тұр. 
        Шығарманың тарихы былай екен: Мұхит Тайсойған құмы өңірін аралап жүргенде белгілі бір кісінің беріліп жатқан асына кез болады. Ол сонда әлгі үйдің бәйбішесіне келіп: «Марқұмның азасына бағыштағаным», – деп осы әнді салыпты.
       Мұхит ғұмыр кешкен уақыт болмысын оның қоғамдық санасын бейнелейтін еңбектерін терең  пайымдау  арқылы тани аламыз. Ауылы аралас, араларында тек екі жас қана айырмашылығы бар өзінің тұстасы, М. Әуезов «зар заман ақыны» атаған атақты Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906) да дәуір сүреңіне наразылық білдіріп өткені тарихтан белгілі. Демек, осы кезеңдегі тұлғалардың шығармаларына торығу, қапалану сезімдерінің үнемі, тұрақты өзек болуы – заңдылық.
       Мұхит  қолданған «бұлаңдаған қызыл  түлкі»  деген тіркес ойдың  идея-мазмұнын   ашуда өлеңде экспрессивті  қызмет  атқарып тұр. Бұған ғалым Мылтықбай Қараевтың  «Қазақ тілі» деген оқу құралында сөздің  әуелгі  тура  мағынасынан  полисемияға  айналу  себептеріне  жасаған  мына  тұжырымы: «Адамның  санасында  қалған... зат  туралы  түсінігі басқа  бір  затқа да  байланысып, ұқсап тұрады, соның  нәтижесінде, екі заттың  не  сапасында не  атқаратын  қызметінде  жалпы ұқсастық  пайда  болады. Сол  ұқсастық  негізіне  сүйеніп,  адамдар  өзара  ұқсас  екі, я  бірнеше  затты  бір  атаумен  атауға  мәжбүр  болады», – деп түсінік береді.
       Әдетте  түлкі  құйрығын  біресе  оң жаққа, біресе сол жаққа  бұлаң еткізіп, айламен ауық-ауық жалт бұрылып, бағдарын жиі өзгерте  қашатыны белгілі. Сондайда оны  қуған тазының екпінін тежей  алмай басқа бағытқа  ағып өтетін кездері де болатыны аян  жәйт.
Көшпелі  заман  перзенті  Мұхит  та табиғат  аясынан бұрын қабылданған осы бейненің тұтас көрінісін  жадында қайта  жаңғыртып, абстрактілі ұғыммен салыстыра елестетіп әрі  оларды шығармашылық қиялымен параллель етіп біріктіруі арқылы сезімінің психологиялық-эмоциональдық күйінішін пікір өзегі – «Үлкен айдай» атты шығармасында  шебер аша білген. Бұл – Мұхит салдың өз аңдауы, өз ойлау қисыны  бойынша  өмір  құбылысына  берген  бағасы. 
       Мұхит сал шығармасындағы жастық шақ туралы ұғым
 Мұхит шығармалары – этномәдени білімнің ақпараттық көздері. Себебі, қай туындысынан да халықтық ұғымдар мен түсініктер жиі кездеседі. Пікіріміздің нақтылығын «Паңкөйлек»  өлеңі куәландырады. Ғарифолла Құрманғалиев шығарманы бірнеше мәтіндік нұсқада орындаған. Солардың бірі мынадай шумақпен түзілген: 
                                        «Паңкөйлек асыл көйлек кие-тұғын,
                                        Әзілің жанға жайлы тие-тұғын.
                                        Жігіттің сірә арманы бола қалмас,
                                        Па, шіркін, сондай жанды сүйе-тұғын. 
                                        Көрдім де сен сияқты сұлу жанды,
                                        Көңілім құмарланып ішім жанды.
                                        Түскенде сен есіме беу, қарағым,
                                        Ұйқысыз атқызамын ұзақ таңды».
       Албырт, отты, жас кезге тән сезім. Бірақ ойлылық та бар. «Әзілің жанға жайлы тие-тұғын» дейді. Қыздың тек сырт сұлулығына емес, ақыл бітіміне де құмарланып құлаған ғашықтық көңіл бұл... Ойдың мағынасы Мұхиттың мұны жас уақытында шығарғанын айқындап тұр. 
       «Паңкөйлектің» басқа бір нұсқасын келтірейік енді, оны қарттыққа бой алдырған тұста қалыптаған. Өйткені, мәтіннің екінші шумағында:
                                         «Кім білер, кімдер болар мейірі қанар,
                                         Рухым сөнген менің қайта жанар.
                                         Еңіреп Мұхит бабам өтіпті-ау деп,
                                         Кейінгі ұрпақтарым есіне алар», – деуі жастық шақтан тым алыстаған кезеңін cипаттайды. Өзінен кейін әніне мейірі қанып, есіне алып отыратын ұрпақтың барына, бола беретініне үміттенеді. Ал, осы шығармасының бірінші шумағында Мұхит былай деген:
                                         «Паңкөйлек маң-маң аяқ басатұғын,
                                         Жар қайда ондай  көңіл ашатұғын.
                                         Кешегі жиырма бестің желігінде,
                                         Көңілім тау суындай тасатұғын».
       Өлеңнен Мұхиттың өткен күнге деген сағынышы көрініп тұр. Мұның негізін академик Мұхтар Әуезовтың «Әдебиет тарихы» атты шоң еңбегіндегі: «Өткен күннің, әсіресе қымбатты болатыны, қартайған шақта. Қарайып, гүл суалып, от өшкен  кезде адамның аяқ  астында  қол  созып қараңғы көр тұрғанда, тіршілік  шері бойды жеңбей  тұра  алмайды. Сол күндегі өмірдің жалғыз жұбанышы ескіні  еске түсіруде. Ескі  күндегі  көргенін, ұйқыда көрген тәтті түстей есіне алып, өткен жайын  әңгіме  қылуда. Сонымен  өзін  жұбатады. Адам баласындағы  сезім  тіршілігінің бұл күйін басынан кешірмейтін  кәрі жоқ. Сондықтан  қазақтың да  қартайып, қуаты  қайтқан ақын, әншілерінің өткен  күнге  қоштасып  айтқан  өлеңдері  бар», –  деген пікірі ашып көрсетеді.
       Жігіттіктің бейқам дәуренін Паңкөйлектей ғашық жардың ыстық  құшағына,  болмысына теңейді. Басынан  өткен қызықты күнді осылайша есіне алып, қимастықпен аңсаған Мұхиттың  көңіл сыры Омар һәйямның (1040 ж.ш.т. – Нишапур қ., – 1123, сонда) жан дүниесімен  үндес. Шығыстың ғұлама  шайыры да: 
                                          «Сап болды-ау, о дариға, жастық ісі,
                                          Өмірдің көктемі өтіп, басты  қысы.
                                          Қай кезде,  сезбей  қалдым,  гүл бағымнан 
                                          Жайдары жастық шақтың қашты құсы», –  деп  мұңданады. 
       Мұхиттың Омар һәйямды естіп-білуі екі  талай  нәрсе. Алайда, әр дәуір перзенттерінің ой-өрістері деңгейін, олардың  өзара жақындығын, сабақтастығын көріп отырмыз. Даңқты шайыр дулы кезеңін, жастық дәуренін гүл-баққа, ал оның  өте шыққан сәтін  қашқан құсқа ұқсатады. Мұхит болса, адам өмірінің тайсалуды біле қоймайтын батыл да албырт уақытын «жиырма бестің  желігі» деп көрсетеді. Жалпы  «жиырма бес» сөзі  қазақ  халқында қалыптасқан ұғым. Ойды жеткізуде ертеден қолданылып келеді. Баршаға  жақсы мәлім «Жиырма бес» ән-өлеңінде: «Жиырма бес, қош, аман бол, қайтып келмес, –  Жастықты  ойламаған  қолға бермес» немесе, «Жиырма бес тотыдайын толғайтұғын, – Қызыққа ертеңді-кеш тоймайтұғын», – дейді. 
       Мұхиттың замандасы атақты Балқы  Базар жырау да (1842-1911) былай  толғаған:
                                               «Екі  ауылдың арасын
                                               Қиқулатқан жиырма бес.
                                               Бұғалықсыз асауды
                                               Құр-құрлатқан жиырма бес...
                                               Ақысы  кеткен кісідей
                                               Көшкен елді  қуалап,
                                               Күн-түн қатқан жиырма бес,
                                               Қыз-келіншек кез келсе
                                               Қыңырықтап құр кетпей,
                                               Бір тіл қатқан жиырма бес.
                                               Айдын көлдің аққуын
                                               Атып алған жиырма бес
                                               Қай-қайдағы бәлені 
                                               Сатып алған жиырма бес,
                                               Әр нәрсеге  ұрынып,
                                               Аман жүрмей сау басын – 
                                               Шатып алған жиырма бес...».
       Балқы  Базардың тізбектеп баяндап отырғаны – көшпелі дәуірге тән жағдайлар. 
       Қазақ әдебиеті тарихынан жақсы білеміз Шернияз жырау да (1807-1867) бір шығармасында:
                                               «Тостағанды  қолға  алып,
                                               Айқай  салған  жиырма бес;
                                               Шаншатұғын найзадай
                                               Қылтың еткен жиырма бес;
                                               Шабатұғын қылыштай
                                               Жылтың еткен жиырма бес.
                                               Жиырма бестен өткен соң,
                                               Орда бұзған  отыз бес...» –  деп өтеді. 
       Бұл ұғым ХХ ғасырда  өз мәнін  сақтап, қолданыста сабақтастық тапқан. Ақын Төлеген Айбергенов «Жиырма бес» атты жыр  шығарып, онда:
                                «...Күй ғой ол  қанша тартса  қайта тыңдар,
                                Қайта тыңдар күйлерден нәр татыңдар.
                                Жиырма  бесін  желпінбей айтатындар – 
                                Бұл  дүниеге  босқа кеп қайтатындар», – деп толғайды. 
       Айта  кетер жәйт, Т. Айбергенов өнерге өте жақын болған. Домбыра  тартып,  халық әуендерін  қосылып  орындаған. Көзін көргендердің куәландыруларынша, ол той-топырда, көңілді  отырыстарда Мұхит әндерін  жиі салған. «Жиырма  бесті»  арнайы  тақырып етіп, кеңейтіп  жырлауына осы жағдайлардың да ықпал етуі бек мүмкін.  
       Қазақ халқы адамның өсіп жетілу  мерзімін мүшелдерге бөліп қарастыратыны  белгілі. Алғашқысы 13 жас, бұдан кейінгілер 25 жас, 37 жас, 49 жас, 61 жас болып есептелінетіні де аян жайт. Сонда әрбір 12 жылдың арасы – дамудың  белгілі бір сатысындағы тұлға  болмысының өзіндік ерекшелігін анықтайтын сапалық  кезең  екенін ұғамыз. Демек, жоғарыда мысалдарға ұсынылған ақындар, жыраулар пікірлері бірінші мүшел мен үшінші  мүшел, дәлірек айтсақ, 13 пен 37 жас аралығындағы адамның психологиялық сипаттамасы  хақында. Тура мағынасында емес.
       Халқымыз «Он үште  отау иесі» дейді. Негізсіз айтылмаған. Мұны биология  ғылымы: «Жас өспірімдік шақта  организмде  оны дене  жағынан, жыныстық және рухани толысуға әзірлейтін  өзгерістер болады. Бұл  кезең қыздарда 12-15, ұлдарда 13-16  жаста  өтеді... бозбала мен бойжеткен арасында өзара құштарлық, бір-бірін  ұнату талпынысы  байқалады», – деп нақтылайды. Қазақтың бағзыда  жастық дәуренді  нақ  осы  сәттен  бастауы  жаратылыстың  атап  көрсетілген  заңдылықтарын толық  мойындауынан  еді. 
       Өмірдің бұла шағын өзіндік танымымен толғай келіп Шал ақын: «Қырық та бір жас  екен, қырдан астым, – Көңілді тасып жүрген әрең бастым», – десе, тағы бірде: «Қырқымда  қынаптағы қылыштаймын», – дейді. Сөздер астарынан көңілдің, алып ұшқан  мінездің байсал тапқан  уағын  аңдаймыз. Бұл жағдаят та өмірден алынып отыр. Сонда бұрынғылар 13 пен 37 жас аралығын жастық шақ (шартты атауы «жиырма бес») деп мөлшерлеген (астын сыздық.-Б.К.). 
       Мәдениеттану ғылымында мынадай  анықтама  бар: «Белгі – сезіммен  қабылданатын, басқа бір зат, құбылыс, қатынастың өкілі түрінде көрінетін нәрсе... Нәрсе туралы ақпаратты сол нәрсені  тікелей келтірмей-ақ, белгі арқылы алу және пайдалану қабілеттілігі абстракты-ұғымдық ойлаумен байланысты... Көркем мәдениет саласында өнердің  ерекшелігінен пайда болған әрбір өнер түрлерінің өзіндік бейнелеу-белгілеу  жүйелері бар».
       Олай болса, бұл ғылыми тұжырымды негіз етіп, Мұхит пайдаланған «жиырма бес» сөзі жастық шақ болмысы жайындағы ұғымды білдіретін  шартты белгі деп түйіндейміз. Тура мағынасында емес. Ақын оны шығарманың көркемдік қасиетін өсіріп, ой мазмұнын ұғынықты, жинақы қылу үшін ұтырымен қолданған.