Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маржан ЕРШУ: «БАУЫРЖАН БАТЫРДЫҢ БАТАСЫ...»

Ханбибі Есенқарақызының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Эсселер» кітабы туралы сөз қозғасам дедім. Ханбибі ақынды елдің бәрі біледі. Шығармашылығымен жақсы таныс деп ойлаймын. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Эсселер» кітабы ақынның ішкі табиғатын ашып қана қоймай заман келбеті, өмір мен өлім арасындағы уақыт іздері, кеше мен бүгінді бағамдау, әдебиет әлемі, мәдениет пен ел жайлы, елдегі қаһарман адамдар жайлы, адамгершілік  қасиет құны жайлы, сезім мен парасат жайлы сыр шертеді. Бұл кітап несімен қызық? Несімен құнды? Осындай сұрақ туары сөзсіз. Барлық қаламгерлер де естеліктер, эсселер жазады. Рас, қаламгерлер жазған, соның ішінде ақындар жазған  эсселер таңғы шықтай мөлдіреп тұрады. Мөлдіреп тұратыны , оларда поэзиялық тіл бар. Ал, Х. Есенқарақызының эсселері өзге қаламгерлердің жазған эсселеріне ұқсамайды. Ұқсамайтыны, ақынның өмірбаянында өзгешелік бар. Ақынның бай өмірбаяны бар. Астанадан алыстағы Шымкентте тұратын ақынның қоғам ісіне белсене араласып, бірнеше мәдени ошақтарында басшы қызмет атқаруы және өмірдегі қиындықтармен бетпе бет келуі, жеңіс пен жеңілістер, сәттілік пен сәтсіздіктер батыл ойлы ақынды аласартпаған сияқты. Қайта өз өлеңі мен өмірінің қаһарманы болуға шыңдағандай. Бұл эссені жүйелеп, жинақтап жазып шықса, мемуарлық  романға татырлықтай. Қаламгерлер әдетте өмір мен өзгелер туралы жазып отырғанда, өзі туралы жазып отырмын ойламайды ғой. Сөйлемнің құрылысынан, ойлау жүйесінен жазушының өз бейнесі көрініп тұрады. Қазір жазылып жатқан естелік-эсселерді иманды және имансыз деп екі топқа бөлуге болады. Мұны сезгіш те көргіш сыншы қауым жақсы аңғарар. Ханбибі эсселерінен қайнаған өмірдің  көрінісі, көк пен жердің арасындағы адамдардың қарым-қатынасы, өрттей лаулаған ақындық күш-қуаты, ақыл-ой-парасаты мен  шешендік қыры, кейде айлакерлігі мен ақжүрек аңқаулығы  да  аңғарылып отырады. Кітапты оқып отырып, иманы бар эсселер екен дейсің.

Кітаптың алғысөзін жазған белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев былай депті: 
   «Естелік көп айтылады, бірақ қағазға түсіру әркімге бұйыра бермейтін нәсіп. Есіңдегіні жазуға ақыл-ойдың ұшқырлығы, нақтылық, дәлдік пен адалдық қажет. Осы қағидадан ауытқыған жағдайда жанрдың шырайы ашылмайды. Ханбибінің өзін сөйлетсек: «Ақын көңілі ешқашан қалыпқа сыйған емес, бірде алай, бірде дүлей». Оның естеліктерінен, ақындығын ғана емес, қара сөзді қатар алып жүретін прозашы екенін аңғардым». Тұрсынбек ағамыз адалын айтқан. Бұл сөзге бас иземеске шараң жоқ.  Х.Есенқарақызының Бауыржан Момышұлы туралы эссесі суретшінің қылқаламынан шыққан әдемі картинадай екен. Қызығып оқисың. Амандаса барған жас ақын Ханбибіге Бауыржан батыр аталық сөзін айтады:
«Балам, кейде ақыл шатасып, ой алдайды екен. Менің сен туралы пікірім басқашалау еді. Екі өлеңі жарық көрер-көрмес Алматыға қарай жөңкілетін ақындардың қатарынан көремін деп ойламаппын. Астана  жоқ талантты дарытып, ақын ғып шығаратындай. Одан да есің барда қайт ауылыңа. Өмір де, өлең де сонда» деп, қолына темекі тартатын мүштегін алды».  Ханбибінің « Отбасыммен Шымкентке қайтам» дегеніне риза болған екен батыр. Мүмкін осы жерден Ханбибі ақынның бағы ашылып жүре берген шығар. «Туған жерге туыңды тік» деген Бауыржан Момышұлының ақылы көңіліне қонғаны шығар, сол мекеннен алыс кетпеді. Тастай батып, судай сіңді. Шымкентте жүріп –ақ еліне елеулі, халқына қалаулы ақын болып қалыптасты. Эсседе тағы бір батыр ағамыз, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің Ханбибідей ақынды іздеп Шымкентке келгені туралы жыр. Жырдай болып төгіліп жазылған эссе екен дейсің. 
«- Мен соғысқа бастан-аяқ қатысқан адаммын. Мен туралы, соғыс туралы көптеген кітаптар жарық көрді. Немістер бізге қаталдық жасады. Біздің қаталдығымыз олардан асып кетті ғой. Әке-шешем айтатын: «Қасым, сен бала кезіңнен көзіңе жас алып жылаған бала емессің» деп. Ал, сен қазір көріп отырсың, менің көзімнен жас ағып отыр. Әбден жұқардым. Қажыдым. Бір аттасам, тоқсан тұр жанымда. Біз соғыста көп қаталдық жасадық. Қазіргі мынау қиыншылықтар соның салдары. Адам баласына ылғи қаталдықпен қараған жан қатал тағдырмен өледі. Соғыста ерлікпен өлмеген адам тірлігінде қорлықпен өледі. ...Жаңа сөзімнің басында айттым ғой, соғыс туралы, менің партизандық өмірім туралы он жеті кітап шықты. Бірақ бәрінде де менің батырлығым, жауға қаталдығым, Отанға берілгендігім, ел-жұрт алдындағы парызымды адал өтегендіктерім жазылды. Ал адам ретіндегі сезімдерім, түсініктерім, мұңайып-жылайтыным, жақсы әсерге бөленіп қуанатыным толық жазылып біткен жоқ. Ол бір-екі кітапқа сыймайды да!.. Міне, осының бәрін, көңіл кірін шайып алайын деп айтып отырмын. Мен бүгін үйіңе келіп бір босап қалдым, бір жасап қалдым. Мұның бәрі – жүрек жылағанда айтылатын сөз. Өзімнің де жылағым келеді, мүмкін бәрі де қарттықтың әсері, енді қаншалық өмір қалды, білмеймін, қажыдық қой, қарағым... 
Сөзін аяқтамай беторамалмен көзін сүртті. Қайран жүрек! Қарт жүрек! Түкті жүрек, бүгінде күпті жүрек... 
– Аға! – дедім, – жақында апай екеуіңіз туралы түсірілген деректі фильмді көріп, мен де жылап қалдым. Онда да осы ойыңызды айтып, өзіңізді кінәлі санағандай, толқитыныңыз бар. Тебірене сөйлегеніңіз жұрттың еңіреп жылағанына тең болды. Менің ойымша, сіздер тыныш жатқан бейбіт елге шабуыл жасаған жоқсыздар. Керісінше, тұтқиылдан тиіскен неміс басқыншыларының тырнағынан, Отанды азат ету жолында күрестіңіздер. Соғыстың аты – соғыс. Майдан құрбандықсыз болмайды. Сіз оқ шығармасаңыз, өзіңіз оққа байланатын едіңіз. Бұл бір сіздің басыңыздағы жай емес, миллиондаған Отан үшін от кешкендердің басты парызы әрі міндеті болды! Ал енді, қажыдым, дейсіз. Қазақта «жақсы адам қартайғанда – қазына, жаман адам қартайғанда – қазымыр» деген сөз бар. Әдемі қартая, яғни, ұлғая білудің өзі де - жақсылықтың нышаны. Сізде үлкен жүрек бар. Ол жүрек кезінде қазіргідей ойланып- толғануға, тебіренуге мүмкіндік бермеген-ді. 
«Садағына сары шіркей ұялап, жау іздеген ерлердің қайда басы қалмаған?» деп Махамбетше белді бекем буып, толарсақтан қан кешіп, ауыздықпен су ішіп, темір етік тебендей, тебінгісі инедей болып жүрген ерлердің әсте қиялдануға уақыты да бола қоймас! Оны мына біздер түсінеміз». Осы бір диалогта қарт батырдың  ішкі күрсінісі мен тебіренісі жатыр. Ер адам мұндай мұңын әсте інілеріне мың жерден әсерлеп жеткізсе де, көңілі көнши қоймас. Қазақ қарындастың бағасын білген. «Тарғыл, тарғыл тарғыл тас,Тарықса шығар көзден жас, Тар қолтықтан оқ тисе, Сүйеп қалар қарындас» деген қазақ. Қасым Қайсенов те сол қазақы мінезбен аты мәшһүр мінезді ақын қарындасын іздеуі өте заңды. Қарындастан аталы сөз күтеді. Анасының алақанындай ыстық  жылылықты тілейді. Жас болсын, кәрі болсын ер азамат жаны жабырқап қиналғанда жанын түсінер, сөзін ұғар, көңіл жұбатар  әйелзатына бас ұрады. Соның сөзіне ден қояды, мейірімділік  пен батылдықты да соның табиғатынан іздейді. Тағы бір белгілі жазушы ағамыз Әзілхан Нұршайықов та Ханбибіні қадір тұтады. «Кітаптарымды оқы» деп жіберіп жатады екен. Х.Есенқарақызы Әзілхан Нұршайықов туралы толғана отырып, жазушылар тағдырына  жаны ашиды. Ақынның эссесіндегі мына сөздер қазанда бабымен қайнаған сорпаның бетіне шыққан майдай емес пе?!
  «Қазір кітап шықпайды емес, там-тұмдап болса да шығып жатыр. Қал-қадірінше тарап жатыр. Бірақ, сол кітаптар нағыз оқырманын тауып жатыр ма? Гәп қайда? Авторды мазасыздандыратын да осы. Қазір іздеп жүріп оқитын кітапқұмарларымыздан айырылып қалдық. Шыққан кітаптарды бұрынғыдай жүйелеп, жіберіп отыратын «Кітап палатасы» көзден бұлбұл ұшқалы қай заман? Жақсы кітапты насихаттайтын бұрынғы «Білім», «Кітапқұмарлар» қоғамдары да жер жастанған. Адамды кітап оқудан, дербес ойланудан мақұрым ететін оңдаған телеарналардың кітап жарнамалағанын көзіңіздің көргені бар ма? Әрине, жоқ. Алдымен әдебиетші әдебиетшіні іздеу керек. Шығармашылығымызға оң баға беріп, бір ауыз жылы сөзімізді аямасақ, мүмкін аздау ауырып, өміріміз ұзара түсер ме еді? Қолына қалам ұстаған рух қайраткерлері – ешкімге салмақ салмай, қайсар мінезімен, өжет болмысымен, өмірдің өзіндей өткірлігімен, суы қайтқан теңіздің шалдықпас шағалаларындай қанатын өршелене қағып, қомданған қыранға да, жорғалаған жыланға да сыр бермей келе жатқаны рас»-, деп тебіренеді Ханбибі ақын. Ақын сөзінде мұң бар. Шындық бар. Өзіңіз ойлап көріңізші,  қазір оқырманнан кітап көп. Айналамыз –толған кітап. Әуежай, вокзал, сауда орындарында да толған кітап. Сол маңға барып, сауда жасап, кітап сатып алушылар неге аз? Сіресіп тұрған кітаптар жылап тұрғандай көрінеді маған кейде. Оқылатын кітаптар бар, оқылмайтын кітаптар бар. Осы тұрғыдан алғанда, Х.Есенқараның «Эсселер» кітабы оқылатын әрі ойландыратын кітап. Өмірдің өзіндей  қатпарлы тереңдікке толы кітап. Жақында бір жас жігіт телеарнадан сөйлеп отырды. Жаңадан шыққан бір роман туралы. Төрт рет оқыдым, түсінбедім. Сосын  автордан сұрадым мағынасын дейді. Қарап отырып, сөйлеушіні аяп кеттім. Сорлы-ай, төрт рет оқып, рәсуа кеткен уақыт –ай! Одан да стадионды төрт айналып жүріп келсең, денсаулыққа сол пайдалы ғой деп ойладым. Ұлылықтың өзі –қарапайым әрі түсінікті жазу емес пе! Ал қарапайымдылықтан күрделік тудыру мықты таланттардың  ғана қолынан келеді. Ханбибінің Төлеген Айбергенов туралы эссесінен Төлеген ақынның қыран мінезін танимыз.
«– Ақын адам батылдау болу керек, – деп, саңқ ете қалды. Дәптерде қайбір өлең бар дейсің, майда-шүйде тақырыптар. Менің талай күн жазған өлеңімді қас-қағымда парақтап шықты. Талай көріп, талай оқып жүрген өлеңдері сияқты. 
– Мынауың үлкен арнаның бастауы екен, қарағым, сен түбінде бір қараға жетіп жығылатын боларсың! – деп, оқушы дәптеріне жазылған өлеңдерімнің ашық тұсына бірдеңе жазуға оқталып біраз отырды. Аз-кем уақыттан соң, өлеңмен жазылған қолтаңбасын қалдырды. Онда: 
«Ұшуға қанат қомдаған, 
Аққудай көкке самғаған. 
Құралай көзді ақын қыз, 
Ақұштап ізін жалғаған. 
Сен шыққан биік жоқ әлі, 
Сен шықпақ биік жоғары. 
Алқынып туған жас жүрек, 
Қиып түссем деп соғады!» – 
деп, қолын қойды. Буырқанған шабытты шағында, ақындықтың алтын тағында отырған бұл ағаны жүзбе-жүз тұңғыш көруім еді»,- деп жазады  Ханбибі арада сан жылдар өткен соң. Уақыт өте келе Төлеген ақынның балаң ақынға арнаған тілек-сөзі шындыққа айналды. Өзіне біткен көзбен, мінез-болмыспен  өз жолын тапты, поэзияда өз қолтаңбасын танытты. Ақынның ақындығын жырын оқып білерсің. Фариза апай туралы эссесінде де, өрмінез ақынның өзгеше табиғатын айнытпай суреттей білген. «Қызылорда облысы әкімінің орынбасары: – Фариза апай, сіздерге жүріп кетті! – деп, қай поезбен келетінін, уақытын хабарлады.  – Жәй ма екен? – деп жүрегіміз зырқ етті. Вокзал басында апайдың жүзі жарқын. Ее, тоба, тыныштық екен ғой, деп үйге алып келдік. Есіктен кіріп үлгермей жолдасым Тұрдықылышқа:  – Сені бір әсем ән жазды деп есітіп, соны тыңдауға келдім! Жылдам отыр пианиноға, асығыспын! – дегені бар. 
– Қандай ән? – деді сасқалақтаған Тұрдықылыш. 
– «Нұрикамал» дей ме, әннің аты? 
Тұрдықылыш, күйсандыққа жақындады. 
Апай талантты ақын болуымен қатар, музыкалық қабілеті де бір музыканттан кем емес. Есте ұстау, ырғақ, әуенді қағып алу секілді қасиеттері ерекше. Күйсандықпен қосылып орындап берген әнге қанағат қылмады, «тағы, тағы да қайтала», – деді, сүйінген апай. Үшінші рет орындағанда апайдың өзі де қосыла кетті. Ән тексті мынадай: 
              «Аспандағы ай ма дедім, 
Жастық шағым қайда менің? 
 Жүрегімді елжіреткен, 
Жаным қандай, жайдары едің?! 
Нұрикамал, Камалым-ай, 
Күндей ашық жанарың-ай. 
Қолым жетпей, сөзім де өтпей, 
Жаутаңдадым, жанарыңа-ай, қарағым-ай», – 
дейтін қайырмасында апай ерекше бір шабытпен қосылып, әннің ойдағыдай шыққанына баладай шаттанып еді. 
– Тұрдықылыш! – деді, – енді басқа ән жазбай-ақ қой! Композиторға көп ән жазу міндетті емес, ол бәрібір бір-ақ әнімен танылады! Ол әнді сен жазыпсың! Құтты болсын!». Ел сүйсіне айтатын «Нурикамал» әнінің тұсауын кесіп, болашағын болжаған да Фариза апай екен. Қазақтың алыстағы қайсар қайраткер ұлы Аман Төлеев туралы эссе де мән-мағыналы жазылған. 
   «Сарыағашта» демалып жатыр едік. Аманкелді Төлеев Сарыағашқа келіпті» деген хабар бірден-бірге тарап жатты. Қазақ деген жарықтыққа телефонның да қажеті шамалы ғой. Аз күн болса да бірге болдық. Бірде  жұбайы Эльвираға: 
– Эльвира, қарындасым Ханбибі творчествоның адамы. Ол әрқашан «формада» болуы керек. Оның шашының әр қылына шейін сен жауап бересің! – деді. 
– Әрине, әрине, бикеш үшін мен жауап беремін, – деп бәйек болды әйелі. 
Бәріміз бұл қалжыңға күлдік те қойдық. Ертеңіне таңертеңгісін бөлменің есігі қағылғасын ашсам, Эльвира тұр. 
– Бикеш, бүгін қандай көйлек киесің, өтектеп берейін, – дейді. 
Мен таңырқай қарадым, қалжыңы ма деп. Жоқ, шын ынта- ықыласымен сұранып тұр. 
– Жеңеше, – дедім бетінен сүйіп, – ниетіңе ырзамын! Өзімнің де қолым бар ғой. 
– Жоқ! Ағаң естісе ренжиді, оның айтқан әрбір сөзі – мен үшін заң! 
– Жә, жарайды! Мына көйлекті киейін де, сізді өтектеп берді деп айтайын. 
Шәй үстінде көйлегіме көзім түсіп кетіп, күліп жібердім. Сөйтсем, мен мұнда келгелі бері үстімнен спорт костюмім түспепті ғой. Киім түгілі, кейде әйел екендігім де есімнен шығып кететін кездерім көп. Өзгелер менің көңіліме тиіп қала ма деп айтпайды екен де, ағаның соншалықты мәдениеттілікпен, астарлап жеткізгеніне қайран қалдым».  
      Шығармашылықтағы қыздарды зор көретін біздің ел, мақтаса, «ер-азаматтың жүгін арқалап жүрсің», «ердің сөзін айттың, ердің орнында жүрсің» деп айтады да, осы қыздарымыз еркекшора боп кетті, осының бәрі кеңестік тәрбиенің , орыстың кесірінен» деп жатады. Кеңестік елдің, орыстың ортасында тәрбиеленген Аман Төлеевтың бойындағы нағыз қазақылық мінезге таңғалмасқа болмайды. Атам  қазақтың тәрбиесінде о бастан айқайлап емес, астарлап жеткізу, тұспалдап сөйлеу қасиеті болған. Қазіргі кезде  шалбарланып немесе  арабша тұмшаланып бара жатқан әйелдер қауымының көбеюі де сол ұлттық мінез бен ұлттық таным-тәрбиемізден алыстап бара жатқанымыздың көрінісі емес пе?!
        Ханбибі ақын әзілге де жүйрік екен. «Саид Ахмед немесе 1:1» эссесін оқысақ, күлкіге қарық боламыз. Астарлы әдемі әзіл-қалжың, әжуа. Басында ұтқыр сөзбен Ханбибі өзбектің қарт жазушысын жеңіп кетеді. Соңында есеп бірде бір. Басымызға сап етіп таяқ тигендей есеңгіреп қаламыз. Бұл эссені оқу керек. Аздап үзінді келтіре кетейін:  «1990 жыл. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов бастаған қазақ қаламгерлері Өзбекстан Жазушылар одағымен әдеби-мәдениет байланыстарын одан әрі нығайту жөніндегі келісім-шартқа қол қою мақсатымен Ташкент қаласына келетін болды. Шымкент облысы Ташкентке жақын әрі мұнда қалам тартып жүргендер көбірек болғандықтан, біздің облыстан да бірнеше адам баратындығы айтылды. Жазушылар – Мархабат Байғұтов, Мұхамеджан Рүстемов, Әмзе Қалмырзаев және мен қосылдым бұл топқа. Саид Ахмад ақсақал Дүрмендегі өзбек жазушыларының шығармашылық үйі орналасқан саяжайында тұрады екен. Мен бұл жазушыны бұрын естігенім болмаса көрмеген екенмін. Ол кісінің Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері, сонымен қоса мықты драматург екендігінен хабарым бар. Бірнеше тілге аударылып, театр сахналарында үлкен табыспен жүріп жататын «Келіндер көтерілісі» спектакілінің авторы. Кейін байқасам, біздің елдегідей әдемі қыз-келіншектеріне қонаққа шәй құйғызатын дәстүр мұнда жүрмейді екен. Жиырмаға жуық ақын-жазушылардың арасында жалғыз әйел екендігімді енді байқадым. Солай ойлағандықтан ба, өзбек әріптестерім мен туралы: «өзін ақынмын деп жүрген мына келіншектің өлеңдерін мыналардың қайсысы «түзеп» беріп жүр екен, қайсысының арқасында ақын атанды?» дегендей болды да тұрды. Оның үстіне соңғы кезде толыса бастағаным да басыма бәле болды. Тағы да: «Жазу-сызумен айналысатын әйелдер жүдеулеу, әрі қарапайым болар еді, мына бір бастықтың еркетотайы ғой, сірә да содан жібі түзу дүние шыға қоймас» дейді-ау деген секемшіл ой да жаулап алды. 
  ...Өзбектің  белгілі жазушы-драматургы Саид Ахмад әзілдейді : Мен қазақ қыздарына өте ілтипатпен қараймын. Ғашықпын десем де болады. Өмірбақи Сәбира Майқановаға ғашық болып өттім. Енді сөз салам ба деп жүргенімде, о кісі де о дүниелік болып кетті.Иә, бүкіл қазақ өнерінің анасындай болған сахна саңлағынан айырылып қалғанымызға да көп өтпеген еді. 
Бір-бірімізге көңіл айттық. Сәбира апамыз сүйсе, сүюге тұрарлық адам. Ол бір адамның ғана емес, көптің, халықтың махаббатын жаулап алатын, киелі құдірет емес пе еді?! Осы Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» Парманбикенің бейнесін ерекше жасап шығарған жоқ па? Драматург үшін оның кейіпкерін жеріне жеткізе ойнаған таланттан жақын жоқ та шығар-ау! 
Егіліп қалған қарт көңілді қалайда жұбатқым келді. 
– Саид аға, адамды сүйе білетін, адал сүйе білетін жүрегіңіз аман болсын. Біз жаққа сапар шегіңіз. Алдыңыздан қырық қыз ертіп шығайын! 
– Ниетіңізге өте ризамын. «Жедел жәрдем» мәшинесін қоса шақыруды ұмытпаңыз. 
– Қорқып қалдыңыз ба? Сол мәшинені қазір-ақ шақырсам қайтеді? 
– Ханым, сіздің жүрегіңіз кең. Маған қырық түйенің де, қырық қыздың да қажеті жоқ. Бәрінен өзіңіз артықсыз. Ақылды, зерделі, талантты. Мақұл деңіз?! 
– Саид ака, мен үшін сіз тым жассыз. 
– «Махаббат жас талғамайды» деген. 
Сасайын дедім. Әзіл соңы зілге айналып бара жатқандай ма? Жалған айтып, жалт бұрылсам ба? Жоқ, ол өте арзандап кетеді. Талант үшін екі жол бар. Не – жеңу, не – мойындау! 
– Саид аға, өзіңіз білесіз, басым бос емес. 
– Сол да сөз болып па? – деді ақырын күліп. – Сіздің елде «қос тілділік», «қос азаматтық» дегендер бар емес пе? Бұл да соның бірі болар... 
...Өлтірді! «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» деп жырлаған Сара апамның кебін кидім. Аталы сөзге арсыз тоқтамас. Өткір тіл байланды! 
– Саид аға, – дедім үстімнен ауыр жүк түскендей. – Жеңілдім, жеңдіңіз! Есеп: бірде-бір! 
– Иә, бірде-бір болды, – деді тарлан талант, – бірақ бұл жеңіс маған онша қуаныш әкелген жоқ!». 
Әбіш Кекілбаев туралы эсседе Әбекеңнің алпыс жылдық мерейтойы туралы жазылады. Оқырмандармен кездесуінде Әбіш ағаның сол жылы жарық көрген «Дүние ғапыл» атты жыр жинағына туралы  әсерлі баяндайды. 
Әбіш аға сол жиында былай деген екен: 
– Жасыратыны жоқ, мен прозаға өлеңнен келдім. Кейінірек қойып кеттім. Әйтсе де, «Ұрыдан шыққан патша таққа отырса да, қасына жақындағанның қалтасын бір сипап қалмай қоймайды» екен, – деп оқырмандарын күлдіріп, бір серпілтіп тастады. Өлең – менің күнделік құралым. Өмір трактаттарымның шифрограммасы сияқты. Мен бұл кітабымның жарық көру-көрмеуін ұзақ ойландым, қабырғаларыммен кеңестім. Сосын жариялауға келістім. Әр оқырманның талғамы әр түрлі. Біреу іздегенін табар, біреу оқымас, ол – оқырманның өз еркі. Ал, әрбір жазушының өз оқушысы болады. Баршаға бірдей ұнау мүмкін емес, ал солай боламын деп тырысу – ақымақтың ісі». Рас сөз. Енді Ханбибі ақынның тұрмыстық тақырыптағы эсселеріне тоқталайын:
  «Денсаулық және қайырымдылық қорында» істеген жұмысым бірден көзге шалынды. Бір жыл көлемінде қор есебіне демеушілер көмегімен миллионға жуық қаржы түсті. Тіптен, республикалық қордан асып түстік. Себебі, ол кезде Шымкенттегі алып зауыттар мен фабрикалардың түтіні өше қоймаған шақ еді. Мәскеудегі басшымыз, әйгілі академик, нейрохирург Святослав Федоровтың өзі бізге ерекше көңіл бөліп, республика бойынша жұмысымызды үлгі етіп отырды. Арада екі жылдай уақыт өтіп, жер-жерде «Қазақ тілі қоғамын» құру жөнінде үкімет қаулысы жарық көрді. Асүйдің асай-мүсейіне айналған, өзге тілдің отымен кіріп, күлімен шығатын ана тілімізге жан біте бастағандай. Бұл қуанышты хабарға жабағы жүніміз көтеріліп, жанымыз масайрайған күндердің бірінде мені обкомның жауапты қызметкерлерінің бірі шақырды. 
– Жақында Республикалық «Қазақ тілі қоғамының» өкілдері келіп, конференция өткізбекші. Облыстық «Қазақ тілі қоғамын» құрмақпыз. Онда құрметті төраға және төрағаның жұмыс істейтін орынбасары сайланбақ. Соған сізді ұсынсақ деп отырмыз,-деді. Көп ұзамай, облыстық конференцияда тағы да сайлауға түсіп, бірауыздан сайланып, облыстық «Қазақ тілі қоғамын» басқаруға кірістім»- деп жазады «Күнгей мен көлеңке» эссесінде. Осы кезеңнен бастап, Ханбибі ақын өмірінде қызметтік өрлеу кезеңі басталады. Мемлекеттің қызметтің сан салалы қырлары мен белестері ақынды кейде мұңайтады, кейде ширатады. 
    «Арада екі-үш күн өткенде, облыс әкімі шақырады деген хабар алдым. Бұл 1992 жыл – облыстық Кеңес атқару комитетінің тарап, ел билігі тек әкімнің қолына көшкен уақыт. Елдегі жаңалықтарды басылымдардан, теледидардан оқып-естігенім болмаса, облыс әкімінің алдын көрмеппін. «Үркімбаев М.Ф.» деген жазуы бар есіктің табалдырығынан аттадым. Төрде төредей болып отырған Марс Фазылұлы маған қарай жүрді. Жайғасуымды сұранды. Аз- кем үнсіздіктен соң: «Сіз туралы біраз мәліметтерге қанықпын», – деді орысшалап. – Сізді шақыру себебім, облыс мәдениетін көтеруге тура келіп тұр. Ақылдасқан жігіттер сіздің кандидатураңызды қалап отыр. 
– Мәдениет төрт аяғынан тұралап тұр ғой!.. 
Ол маған таңырқап әрі сұраулы кейіпте қарады. Шамамда қазақы сөзімнің түп-төркінін түсіне алмады-ау деймін. 
– Не дедіңіз? 
– Мәдениет төрт аяғымен құлаған! – «Түсіндіңіз бе?» дегендей, жүзіне көз жүгірттім. 
– Иә, иә, мен де соны айтып отырмын. Сіз тым болмаса екі аяғын көтеріңізші!». Эсседегі оқиғалар желісі бұдан әрі қоюлана береді. Жер жердегі жедел жүргізілген жекешелендіру  саясаты Шымкент облыстық филармониясын да шарпып  өтіпті. Ол күндерді  эссесінде Х. Есенқарақызы былайша еске алады:
«Мемлекеттік акті мен қаулының ықшамдалған түрін ұсынамын: 
Өздеріңіз байқап отырғандай, филармония бүкіл қорымен «Қазына» ансамблінің жетекшісі Мұсабек Жарқынбековке тегін тарту етіліпті. Әрине, Мұсабек біреулер үшін жанды қуыршақ та, шымылдықтың артында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлік жөніндегі мүлік комитетінің төрағасы Қылышбек Ізбасқанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Мүсірәлі Өтебаев, сол кездегі Мәдениет институтының ректоры, бүгінде марқұм Мүтән Жүнісбаев тұр еді... Не істеу керек? Шұғыл сотқа жүгіндім. Қаулы Жоғары жақтан болғандықтан оған жергілікті соттың үкімі жүрмейді екен. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, Республикалық сотқа жүгінуге мәжбүр болдым. Шегінуге жол жоқ. Бір шындыққа кәміл сенемін. Ол – заңдағы мәдени мұралардың жекешелендірілуге жатпайды деген тармағы. Жүз жылдан астам тарихы бар, яғни 1882-1886 жылдары I Николай патшаның тұсында салынып, алдымен шіркеу, кейіннен офицерлер үйіне айналған бұл мұра тірі тарих емей немене?! 1950 жылдары тұңғыш рет КЭБ – (концертно- эстрадное бюро) болып құрылып, қазіргі Шанин атындағы қазақ- драма театры да осында жасақталып, кейіннен (1966 ж.) енші алып шыққан қара шаңырақ осы емес пе? Алматыда үш рет сот мәжілісі шақырылды. Бірақ, кейінге қалдырыла берді. Мәселеге қатысты «куәгерлердің» түгел қатыспауы сот ісінің созылуына әкеліп тіреді. 
Қат-қабат тірлікпен уақыт өтіп жатты. Бір күні жұмысқа Алматыдан Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев телефон соқты. 
– Жеңісіңмен, Ханбибі! – деді жұмсақ даусы құлағыма жағымды тиіп. – Сот сенің филармонияңды мемлекет меншігінде қалдырды! 
Көзіме жас үйірілді. Мұндай жылы хабарды еститін күн де бар екен-ау.Жергілікті мәдениет өкілдерінің бәрі осылай жұмыс істесе, «жекешелендіру» деген жендеттіліктің желкесіне балта шабылып, мәдениет ошақтары «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпес еді. Мәдениет бер жағы, небір алпауыт зауыттар мен фабриктерді айтсаңызшы?! Олардың иесі де «жекешелендіргіштердің» о жақ, бұ жағында жүрген «жуандар» еді. Халық жоғалған, жұтылған дүниелерді іздеуге мұршалары келмей, ол кезде «өлтірме Құдай» деп, қара бастарының қамымен кетіп еді. Ашыққан қарын тойынар, жыртық киім бүтінделер, бір уақ сол халық рухани көтерілуді аңсар...Облыс мәдениетінің басына қалай оңай келсем, кетуім одан да оңай болды. Себеп-салдар іздемейсің. «Ау, бұл қалай, қай жерімнен мін таптың?» деп сұрауға шамаң жоқ. Саясат сондай. Қоғам сондай. Ол кезде жаңа әкім келген соң, сала басшыларының бәрі «өз еріктерімен жұмыстан босану» жөнінде арыз жазуға міндетті. Ал, әкім өз командасын жинауға құқылы. Арманың ішіңде кетсе де, дымың шықпасын. Жалпы, мұндай заң бұрын да болған ғой, несіне таңданасың? Үйге жеткенше қас қарайып кетті. Есік алдында қараң-құраң адамдар жүрген сияқты. Олар үйге бізбен қосыла енді. Қайдан құлақтанғандарын қайдам, қызметімнен кеткенімді естіп келген жақын-жуық, жанашырлар екен. Арқын-жарқын жүргеніме таңданған біреу: 
– Ханеке, қызмет қолдың кірі, – деп күңіреніп, «көңіл айта» бастағанда тіптен күлкім келді. 
– Жігіттер! – дедім жігерлі. – Шынында да заман өзгерген екен, мен байқамай қалыппын. Бұрындары қазалы үйге көңіл айтушы еді, енді «қазалы қызметке» жұбату дәстүрі өмірге еніпті ғой. Қойыңдар, онан да әңгіме төркінін басқа тақырыпқа аударайық! Тоңазытқыштағы бір-екі асым ет «жұбатушылардың» алдына бұйырып, соңына жетпей қалды.Көңіл айтып, ниет білдіру келесі күндерде де жалғасып жатты.Мен қызметімнен босағаннан кейін, басқармадан келіп, теледидар мен қалта калькуляторын алып кетті. Өзім апарып беретін едім ғой деп ыңғайсыздандым. Үйде бірінші сыныпта оқитын ерке қызым Ақмарал екеуміз едік. Ол теледидарды бермеймін деп қиғылық салып, жер тепкілеп жыласын келіп. Жұбата алмай әлекпін. Үйде теледидар бар ғой, бірақ, түрлі-түсті емес. Бір мекеменің басшысы болып істесем де, түрлі-түсті теледидар сатып алуға шамам келмепті. 
– Жылама, ертең әдемісін, жаңасын сатып әперемін, қоя ғой, – дегеніме табандап көнер емес. 
Оған қоса телефон безектеп, үйдің іші ел көшкендей азан- қазан. «Телефонды алсам, бала алданар-ау», – деген оймен тұтқаны көтергем. 
– Алло, апай, халіңіз қалай? – Таныс емес дауыс. 
– Тыңдап тұрмын, кім керек еді? 
– Сіз мені танымайсыз, апай. Менің атым – Бауыржан. 
– Жақсы, айналайын не айтпақ едің? 
Жылауын қояды деген қызым одан сайын үдетті. Не істерімді білмей, телефонның құлағын қоя салайын десем, ар жақтағыдан ұят, мына баланың даусы түк есіттірмейді. 
– Апай, бала жылап жатыр-ау деймін, неге жылайды? 
Қап, мынаны-ай! 
– Оның неге жылағанының керегі не саған? Осы үйде бір кішкентай теледидар болатын. Біздікі емес, жұмыстікі, соны жаңа алып кетіп еді, соған есімді шығарып жатқаны... 
– Конфискация жасады десеңізші! Алдымен репрессиялайды, соңынан... – Айналайын, сен кімсің өзі? Қайдан қоңыраулап тұрсың? 
– Атымды жаңа айттым. Дәл қазір – түрмеден. Бүгін босадым. 
– Түрмесі несі? 
– Ханбибі апай, шошымаңыз. «Ат жақсысы – арбада , адам жақсысы – түрмеде» деген. 
Қанша дегенмен, көңілім сұлқ түсті. Білдірмейін деп: 
– Қандай шаруаң бар, айтсайшы? 
– Сіз қорықпай-ақ қойыңыз. Небәрі үш ай отырдым. Ешқандай қылмысқа қатысым жоқ, апай. Күдікті ретінде ұстаған. Қылмыс ізі анықталмаған соң, кешірім сұрап, босатты. Айтайын дегенім, сіздің оқырманыңызбын. Өлеңдеріңізді өте жақсы көріп оқимын. Көбін жатқа білемін. Бірақ, мәселе онда емес, сіздің қайырымдылығыңыз жөнінде, түрмеде көптеген аңыз-әңгімелер айтылады екен. Кезінде біреулерге көмектескеніңіз құрметіңізді асырып, бірден-бірге кеткеніне көзім жетті. Шынымды айтсам, мұндағылар саяси сауатты адамдар. Сіздің қызметтен босағаныңызды естіп, наразылық білдіріп жатыр. Соны хабарла деп өтініш етіп еді, осыны жеткізейін деп телефон соқтым. Кешіріңіз, уақытыңызды алғаныма. Ал, балақайға сәлем айтыңыз. Жыламасын, бәрі ойдағыдай болады. 
Телефон тұтқасын қоя салды. Аң-таң қалып мен тұрмын. Көз жасын енді тиған балаға қарап: «Не деді әлгі Бауыржан деген? Сенің де арқаң қозбайтын жерде қозады!» – деп, бұрқылдап ұрсып жүрмін. «Япыр-ай, түрмедегілердің есінде қалардай не істедім? Айтпақшы, осыдан бірнеше жыл бұрын ақындар Олег Постников, Борис Хайкин үшеуміз тұтқындармен кездесіп, өлең оқып едік, содан естерінде қалдым ба екен? О, жоқ! Менің қазақша оқыған өлеңімді бірі ұққан, бірі ұқпаған. Есте қалатындай қандай өлең оқыдым?» Есіме ештеңе түсіре алмадым. 
О, қойшы, бұл қоңырауды ойымда сақтамай-ақ қояйын. Баяғыда бір келін айтқан екен: «Қайғы жоқта қайғы екен қайын енемнің қайғысы», – деп. Дәл солай, онсыз да қатқан басты несіне қатырайын? – деп, диванға енді жайғаса бергенім сол, көз алдымнан бір көрініс елес беріп өте шықты. 
Иә, иә... Есіме түсті. Мүмкін, сол шығар? Бұл да бір есте сақтар нәрсе еді! Ол кезде қайырымдылық қорын басқаратын кезім еді. Сәске әлетінде есіктен адам бейнесіндегі, жартылай құлтемір секілді бір кісі кіріп келді. Жасы шамамен алпысты алқымдап қалған қарт. Мүгедек. Көкшіл көзінен асқақтық пен тәкаппарлықтың суық ызғары еседі. Нәсілі еуропалық. «Туған жерім, соңғы тұрағым – Хабаровск», – деп еді-ау, шамамда. Сөзінің нобайына қарағанда, түрмеден босаған. Қысылып-қымтырылу жоқ. Ұсынған орындыққа отырып, асықпай-саспай тізе тұсындағы  бұрандаларды босатып, жасанды аяқтарын алып, жанына қойды. Бір қолының басы да пластмассадан жасалынғаны байқалып тұр. 
– Туһ, шаршадым! – деп, маңдай терін сау қолының алақанымен жиып, үстіне сүртті. 
Күн ыстық. Орнымнан тұрып, мұздай су ұсындым. Демалмай сіміріп, бетіме қарап жымиғансыды. Күлкісі жылауға ұқсай ма, бір түрлі. 
– Мадам! – деді, өзіне-өзі келген соң. – Сен қайырымдылық қорын басқарады екенсің, алдымен маған қаржылай көмектес. Түрмеден шыққаннан бері нәр татқаным жоқ. Сосын, өтінішімді тыңда! 
Сөзінен өтініш емес, бұйрық райы байқалады. 
– Жасым алпыстан асты. Оның жиырма бес жылын түрмеде өткіздім. Адам өлтіргем. Әрине, адам өлтіргенді кешірмейді, бірақ, түсінуге болады. Оқиғаны бастан-аяқ баяндағым жоқ. Бірақ, осынша жыл отырғаныма өкінбеймін. Ол адам өмір сүруге тиіс емес еді, мен соны орындадым. Қазір бостандыққа шықтым. Бірақ, бұл бостандық маған қажетсіз кезінде берілді. Өзің көріп отырсың, жұмысқа жарамсызбын. Ұрлық та істей алмаймын. Адам да өлтіре алмаймын. Енді, не істеуім керек? Сен түрмеден босанған біраз адамның Отанына, еліне, үйіне жетіп алуына көмектесіпсің. Ал, менің үйім де, күйім де жоқ. Алдымен мені тамаққа тойғыз да, сосын түрмеге қайта баруға көмектес! 
Қатты састым. Ойпырмай, үш күннен кейін адам тозаққа да үйренеді деген осы ма? Әйтпесе, қай адамның түрмеге түскісі келеді? Талай тағдырды, талай адамды көріп жүрмін. Бірақ, мынау ешқайсысына ұқсамайды. Көресіні көрсе де, рухани мұқалмаған, еңсесін тік ұстаған бұл жан маған өте құпия әрі қызық болып көрінді. Мұндай адамдарға көмектесу біздің құзырымызға кірмейді. Бірақ, адам ғой. Қалтамнан он бес сом шығарып: 
– Сіз асықпаңыз. Алдымен, барып тамақтанып алыңыз. Сосын ойласайық, сіздің алдағы тағдырыңызды.
Ол рахметін айтып, шығып кетті. Түс қайта кездесуге келістік. Көмектескім келді. Қалай? Қарттар үйіне хабарластым – орын жоқ. Оның үстіне, қиын адамдар оларға да ұнамайды. Ауруханаға қашанғы жатады? Пәтер жалдауға мүмкіндігі тағы жоқ. Мәшинеме отырғызып алып, (ол кезде өзім рөлдемін) талай-талай жатақхананың есігін қақтық. Қаратөбе тасжолындағы мерзімді кесімін өтеушілердің жатақханасынан әупіріммен бір бөлме тауып, орналастырдым. Бір қызығы, әлгі кісі менің аты- жөнімді бір рет те сұрамады, мен де сұрамағам. Тек қоштасар сәтте бетіме тіке қарап, шоқынып алып, рахметін айтты. «Осылай ет» деп ешкім міндеттемесе де, қолымнан келген қайырымды жүрегімнің әмірімен орындадым. Біраз күн ойлап жүрдім де, уақыт оза ұмытқанмын. Кейінірек, сол жатақхананың қызметкеріне телефон соғып, хабарласқанымда «Жағдайы жақсы, кезінде түрмедегілердің «паханы» болған екен», – деген сараңдау хабар алдым. «Әйтеуір, адам баласы ғой, аман болсын» дегем де қойғам. Бүгінгі хабар, мүмкін, бір кездегі сол қартқа жасаған қамқорлығымның қайырымы шығар, бәлкім?! Бас қатырған ойымды осылай жүйеледім. 
Телефон тағы да шырылдап, мені шақырып жатыр. Табанды Әжібек: 
– Ханбибі, бүгін сағат бесте өзіңнің бастамаңнан бастау алып, бүгінде дәстүрге айналған «Мүшәйра» болады. Ұмытқан жоқсың ба? Сен ақынсың ғой. Өзің де қатысып, бір-екі өлең оқып берсең қайтеді? 
Ойланып қалдым. Қызметте жүрген кезімде «Айтыс ақындары армансыз, ал жазба ақындарының жазығы не?» деп, жыл сайынғы облыста өтетін «Мүшәйра» – жыр кешінің ұйымдастырушысы болатынмын. «Мүшәйраның» кезекті байқауы бүгінге жоспарланған. Әрине, өз тойыңда өзің ән салмайсың. Сондықтан, қанша жерден ақын болсаң да, өз іс-шараңда өзің өлең оқымайсың. Ал, қазір – боспын. Сайда саным, құмда ізім жоқ. Қызметімнен босатқанымен, ақындығымнан ешкім босатқан жоқ. Ендеше, халық алдына шығып, неге өлең оқымасқа?! «Қой, үй күшіктеніп қамала бермей, ортаға – халыққа шығайын. «Өлеңімді бағалайтын да, саралайтын да сол, айналайын халқым ғой», – деп, бір ауық қалың ойға берілдім де, іле: – Аға, жақсы, келістім! – дедім. 
Соңғы жазған өлеңдерімді алып, айтылған уақытында Ж.Шанин атындағы драма театрына жеттім. «Мүшәйраны» сонда өткізу келісілген. Көңілім шат. Қолымда екіжүзді алмас қылыш бар сияқты. Бір жүзі кетілсе, екінші жүзі бар. Алдаспандай жарқылдап, поэзия жанкүйерлерінің алдында бір серпілейін деген үмітім көп ұзамай жетімсірей бастады. Кездескен, көріскен тамыр-таныстардың бәрі аянышпен қарайтын сияқты. Бір нәрсені бүлдірген немесе әлдеқандай қылмыс жасап қойған жандай, біреулер мүсіркей, біреулер табалай қараған көзқарастар шыны көңіліме көлеңкесін түсіріп үлгерді. Қайда қашып құтыласың, орта солай болса?! Бәрінің ойында – менің қызметімнен жұмбақ кетуім. Әр түрлі ой көкірегімді буып, тілімді күрмеп, бей-жай күй кештім. Қазақтың көрнекті ақыны Нармахан Бегалыұлы бастаған қазылар алқасы да таңырқап қарағандай. Мүмкін, қатты толқуым!.. Осыны байқаған сезімтал Нараға маған қуат бергісі келіп: 
– Ханбибі, махаббат жырларын оқышы, сенің лирикаңа халық шөлдеген шығар? – деп қолтығымнан демеп қойды. 
Бас-көз демей қамшы басар әділетсіздік үрейі меңіреу кеудеме еніп, билігін жүргізе бастағандай. Толқу үстінде дірілдеген үнмен екі өлең оқыдым да, мінбеден түсіп кеттім. Сол кеткеннен үйге келсем, «бар болса көре алмайтын, жоқ болсаң бере алмайтын» әңгіме қуған бір топ ағайынның төбесі көрінді. Бірден жатын бөлмеге өтіп, жатып қалдым. Қанша уақыт өткенін қайдам, есік қоңырауынан оянып кеттім. Жолдасым бір жас жігіттің шақырып тұрғанын хабарлады. Мен жиналам дегенше уақыт өткен болуы керек, есікті ашсам, адам жоқ, адам бойындай қорап тұр. Қораптың үстінде тілдей қағаз жатыр. «Балақайға – Бауыржаннан!» түсінсем бұйырмасын. Ішке еніп, отырғандарға көргенімді баяндадым. Оларға қызық керек, өре тұрып есікке беттеді. 
– Ой, мынау теледидар ғой, – деді бірі, – ішке алып кірейік! 
Екіұдай сезімде болғанымызбен, әлгі қорапты ішке енгіздік. Иесі белгісіз қорапта, кең экранды, соңғы үлгідегі түрлі-түсті теледидар. Өзгелер аң-таң, ойыма таңертең телефонмен сөйлескен жігіт орала берді. Таң қалғаным – оның неге тілдеспей кеткені. 
Қызықтың көкесі алда болды. Тағы да есік қоңырауы соғылып, ішке мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Бастарбек Пірімбетов бастаған жігіттер және бір теледидар көтеріп келе жатыр. 
– Жігіттер, бұл не? 
– Ханеке, «Мүшәйрада» оқыған өлеңдеріңіз бас бәйгені иеленіп, мына сыйлық сіздің қанжығаңызға байланды. 
Қорап көзге қораштау көрінді. Кішкентай ғана ақ-қара көрсететін теледидар. Менің бәйгеге тіккен теледидарым басқа еді. «Өзгеріп жатқан заман-ай» емес, «өзгеріп жатқан күндер, сағаттар-ай» демеске лажың жоқ». Кітапта суреттелген бұл оқиғалар боямасыз өмірдің көрінісі. Бұдан әрі эссесінде баяндалатындай, Мәдениет басқармасының басшысы қызметінінен босаған соң  филармонияға директор болып тағайындалады. Тоқсаныншы жылдардағы қиындықтар, сол кезеңнің аумалы-төкпелі кездері туралы да шынайы да батыл айта білген. Эсседен үзінді келтірейін: «Кадр мәселесіндегі саяси тұрақсыздық бір біздің облыста емес, республика бойынша сеңдей соғыстырды. Басқа саланы қайдам, тек Мәдениет министрлігінің өзінде төрт жылда бес министр ауысты. Кездейсоқ кадрлар онсыз да тұралаған мемлекетті жер бауырлатып тастады. Қолыма тиген жұмысты қонышынан баспай, бір жапырақ нанымды адалдап жеу үшін, міндетіме құрандай қарау әдетім. Төрт жылда төрт министрдің табалдырығын тоздырып жүріп, аты жоқ филармонияға оңтүстіктің төл перзенті, ғасырымыздың теңдесі жоқ таланты Шәмші есімін әперу үшін қажымадым, талмадым. Еңбек кейде еш кетпейді екен, 1998 жылдың көктемінде облыстық филармонияға Шәмші Қалдаяқов аты беріліп, жүректі нұрландырғанымен, үлкен ғимаратты жылытуға шамасы келмеді. Басына тартсаң аяғына жетпейтін бюджеттің аз қаржысы... Оның үстіне, өнер керек болмай қалған заманда. Тым құрыса, жарық беретін мотор алуға көмектесер, демеушілік жасар деген оймен біраз мекеменің есігін қақтым. Кейбірі жұбату сөз айтып, өтірік уәделерін беріп қалады. Енді бірі ләм-мим деп, жұмған ауызын ашпаған күйі шығарып салды. Тағы да қаламға сыйынамын. «Жоқ» деген өлең жаздым.
...Өткенді есіңе алу – кинотаспаны кері айналдырып көру емес. Бұл – қиын кезеңнің ойға оралған тамшыдай ғана елесі. Ең бастысы – халық үшін игілік істің жасалуы»- дейді  жазады ақын .Ақынның өмірі, оның отбасы туралы да білгісі келеді ғой оқырманның. Мына бір эссесі көңілсіздеу жазылғанмен ,тағы да табанды жанкешті әйел жанының тынысын сезесің, күрсінісін естисің, көз жасын көресің:
 «...Отбасымда күтпеген жағдай кезікті. Балалы болуыма байланысты демалыстамын. Жолдасым жоғарғы оқу орнында оқытушы. Жыл сайын студенттерді ауыл шаруашылығы жұмысына жегетін. Басқа оқу орнындағылар мақта теруге аттанады да, Мәдениет институтының студенттері жүзім жинауға жіберіледі. Жолдасым жақында ғана алған «Жигули» мәшинесімен Киров атындағы ауданның бір кеңшарына жүзім терушілерге баскөзділікке кеткен. Үш балам мен үш бөлмелі үйдің тірлігін тап-тұйнақтай етіп, дөңгелентіп отырамын. Балалар әкесінің бар-жоғын елең де қылмайды. Бар шаруаны атқарумен қатар, күнделікті газет-журналдарды жібермей оқимын. Бір күні «Южный Казахстанның», «Окно ГАИ» деген бөліміне көзім түсіп, жүрегім дүрсілдеп қоя берсін. Онда: «Вчера вечером в Кировском районе старший преп-ль института культуры тов Т.Ж.И. в нетрезвом состояний совершил аварию. Рядом в машине находилась студентка второго курса Н.Т. Обе они госпитилизированы» деп жазылыпты. Газетті бетіме басқан күйі жылап жібердім. Балаларым жаныма үрпиісе келіп, түсінбесе де мен жылаған соң олар да жылай бастады. Қателік жібергенімді ұғынып, балаларымның басынан сипап жұбаттым. 
– Жәй, әншейін ғой. Жүріңдер, тамақ берейін! – Бірін көтеріп, бірін жетелеп асүйге тарттым. 
Балалар жұбанады ғой. Өзімді қалай жұбатам?! 
Түн өтті. Таңалакеуімнен балаларымды көршіме табыстап, «Киров, қайдасың?» – деп тартып отырдым. Жол ұзақ екен. «Сұрай- сұрай Меккені де табасың» деген. Таптым. Аурухана. Бір бұрышта торы түскен кереуетте жатыр екен. Кінәлі баладай, жасқаншақтаған жанарын тайдырып әкетті. Жылағысы келді, жылай алмады. 
– Балалар қалай? – деді әлден уақытта. 
– Балалар жақсы. Жасыма! – дедім бар жігерімді жинап. 
– Осылай болды, – деді күшене жөтеліп. – Кеудемді көтере алмаймын. 
– Рентгенге түсірді ме? 
–Жоқ, әлі салған жоқ. Ауруханаға «ішіп» түскен адамды жөндеп қарамайтын сияқты. 
Оның мүсәпір халде, бейдәрмен жатқаны сай-сүйегімді сырқыратты. Бас дәрігердің алдынан бір-ақ шықтым. 
– Мұнда түскен адамның дәрежесі мен тегіне, ұлты мен руына қарамай емдеуге, диагноз қоюға міндеттісіздер! Тіптен, қылмыскер болса да! Сіздер Гиппократ антын қабылдағансыздар! Міне, үш күннен бері аурудың қай жері сынғанынан хабарларыңыз жоқ. 
Сөзім уәжді ме, бас дәрігер дереу қарамағындағыларды шақырып, бидайдай қуыра бастады. Айналасы бір сағаттың ішінде рентгенге салып, қабырғалары сынғанын, миы шайқалғанын анықтап берді. 
Көп ұзамай, институт ректорының темірдей суық даусы телефоннан естілді. 
– Келін, айналайын, болған іске болаттай бол, өздерің білесіңдер, екеуіңді де жақсы көремін. Бірақ, менің сендерге болысуға әлім келмейін деп тұр. 
– Не болып қалды, аға? 
– Не болушы еді, өзің білесің Андроповтың ішкілікке тиым салғанын. Оның үстіне жолдасың ұшырағаны жөнінде ішкі істер басқармасына хабарланып қойылған. Олар бізге үсті-үстіне хат жазуда. 
– Не дейді сонда? 
– Шара қолданыңдар дейді. Біз жолдасыңды қызметтен босатуға тиіспіз. Арғы жағын ішкі істер басқармасы өзі шешеді. 
– Олар да жаза қолдана ма? 
– Иә, істі болып кетуі де ықтимал. Бір-екі жылға... 
Денем тітіркеніп кетті. Сотталады... Менің балаларым «сотталғанның балалары» деген атаққа ілінбек. Не істерге керек? Сол саланың білгірі кездессе, солқылдақ заң да иілгіш шығар. Адамдар аман. Жазылып келеді ғой екеуі де... Өзіммен-өзім ойланып кеттім білем, ар жақтан: 
– Жақсы, келін, сау бол! – дегенде селк ете түстім. 
– Аға, ағатай, тұтқаны қоймаңызшы! Одан да айтыңыз, ақыл қосыңыз маған... 
– Не айтатыны бар, қолымнан келмейді дедім ғой. 
– Кімнің қолынан келеді? Қайткенде де азаматты сақтап қалуымыз керек. Он бес жылдан бері «Құрмет тақтаңызда» суреті ілініп тұрып... Енді, қателік кімнен кетпейді? Бәріміз де адамбыз, қайсымыздың алдымызда не күтіп тұрғанын қайдан білейік? 
Менің мұңлы да зарлы дауысым аяныш сезімін оятқандай ма, ол кісі жұмсарғандай: 
– Бір көмектессе, жоғары жақ көмектесер, – деді. 
– Жоғары жақ дегеніңіз қай жақ? 
– Обком. Онда да анау-мынауы емес, тек хатшылары ғана! 
– Рахмет, аға! 
Ертеңіне обкомның идеология жөніндегі хатшысы Әсен Сүлейменқызы Беспаеваның қабылдау бөлмесінде отырдым. Әсеннің алдына ақын сияқты жайраңдап кірмедім, қылмыскер сияқты басымды төмен салып, именшектеп ендім. 
– Қиын болған екен, – деді Әсен Сүлейменқызы менің хабарламамнан кейін, – заңның аты – заң, оның алдында баршамыз бірдейміз. Оны бұзуға ешкімнің құқысы жоқ. 
– Дұрыс айтасыз, – дедім күрсініп, – бірақ, сол заңда адамның жан-дүниесінің кейбір факторларының еленбейтіні қиын да. 
– Қандай факторлар? 
Әсен Сүлейменқызы, маған бір түрлі үмітпен қарады. «Көмектескім келеді-ау, бірақ, амалым жоқ қой» дегенді көзінен оқып қалдым. 
– Ер басына күн туды. Қазір ескексіз қайық секілді. Барар бағыты белгісіз. Тар төсекте таңылып ол жатыр, көрінгенге жаутаңдап. «Құлыным» деп баратын не әке, не шеше жоқ. Ағатай дейтін іні жоқ, айбарым дейтін аға жоқ. Тырнақтай балаларының зарлап жылағаны демеу бола алар ма? Шырылдап жүрген жалғызбын. Менде қайбір қауқар бар? Жар жағалап, құрдымға кетіп барам. Тал қармаймын, қолыма түскен тал өзіңіз сияқтысыз. Басқа айтарым жоқ! 
       Басымды көтеріп, хатшының бетіне қарадым. Әсен жылап отыр. Сөз құдіретін ұғатын, сөз қасиетін түсінетін адам бар екен! Менің де жүзімді тарамданған жас шайды. Босап кеткеніне намыстанып қалды ма, денесін қайта тіктеп алды да: 
– Ханбибі, айналайын.Тәуекел, араласып көрейін,-деді. 
...Иә, бақытты деген адамда да таудай арман, аласармас мұң болады екен де... Бүгінде осы көрініс санамның саңылауынан еміс-еміс елестей сығалайды. «Күннің жаманы өтеді» дегендей, өтіп жатқан жаман күнді де, жақсы күнді де қимастықпен еске алып, кейде езіліп отырасың. Ал, сол күндер, сенің күндерің бір минут артына бұрылып қарап, сені еске алар ма екен? Әй, қайдам?»- деп тебіренеді ақын. Х.Есенқарақызының «Эсселер» кітабы режиссері табылса, киноның сюжетіне дайын тұрған тақырып.  Кім біледі, «Жыр жазатын әйел» болар киноның аты ?! Таланттың тағдыры дегеннен шығады. «Женщина, которая поет» деген әйгілі фильмі бар еді ғой Алла Пугачеваның. Әр ақынның жүрегінде бір мұң бар, бір кірбің бар. Әдетте мықты ақындар өз жарасын өзі жалап жазатын қасқыр тәрізді. Сол көкжалдық мінезге  елдің бәрі ғашық. Сол мінезден тек жақсылықты күтеді. Қолдауды да, қорғауды да. Ақынды ақын іздейді. Ақын Тұрсынай туралы жазылған эсседе былай деп ойын тарқатады:
«Жұмыс кабинетімде отырғам. Хатшы қыз: 
– Сізге Мәскеудегі Тұрсынай Оразбаева деген ақын қыз келіп тұр, – деді. 
Орнымнан тұрып, есікке беттедім. Емен-жарқын амандасып, орындық ұсындым. Жүзінде кірбің бар сияқты. Мәнісін сұрағанымда, әкімшіліктегі қызметкерлерге өкпесі барын байқатты. 
– Облыс әкімі Сапарбаев қабылдамай қойды. Бергі жағындағы жігіттер де солай. Алматыда шығармашылық кездесу кешімді өткізбекші едім, соған демеушілік жасай ма дегенім ғой... Сосын өзіңді іздедім. Жанымды сенен артық кім түсінеді, кім ұғады? Мынадай қиын кезеңде ауылым деп келгенімде, «Ақын екенсің-ау» деп жатқан бір адамды көрмедім, -деп өкпесін айтқан Тұрсынайды  аудан әкімі  Қуаныш Айтахановқа алып барып, «Мынау Тұрсынай Оразбаева деген ақын қыз. Өзі -мәскеулік. Баяғы «Союз писателей СССР» деген бүгінде «ТМД елдерінің Жазушылар қауымдастығы» деп аталады, соның Қазақстан бойынша жазушылар өкілі. Оның үстіне осы ауданның төл перзенті. Қазір демеушілері бар ақындар оқта-текте шығармашылық кештерін өткізіп, оқырмандар алдында есеп беріп тұрады. Сондай бір кешті Алматыда өткізсем деген ниеті бар екен, сізді іздеуіміздің бір шеті осында жатыр. Тұрсынайды демеп жіберіңіз» деп, мәселесін шешіп беріп, осылайша қамқорлығын жасайды. Бұл да бір адамгершілік. Әбіш Кекілбаев ағамыз бірде айтқан екен: «Осы сендер Фаризаны мықты дейсіңдер, әй, бірақ мына Ханбибі одан да мықты. Фариза Шымкентке үш күн шыдамас» деген екен. Расында, Ханбибі Есенқарақызы -  «өлең иесіне тартады» дегендей, өмірдің сан түрлі соқпағында  адаспай не жоғалып кетпей, өз биігін сақтап қалған қаламгер. Сонау бір студент кезінде осы өткір мінезін ұнатпаған профессордың  «мемлекеттік емтиханнан құлатам»  деп айбар шеккенінде  студент Ханбибі  Шымкентке сапарлап келген Бауыржан Момышұлына жолығады. «Баукеңе сәлем берейіік» деп келген бір топ шымкенттік қаламгердің ішінде Ханбибі де болған. Есік аузында мұңайып тұрған жас қызға көз тастаған батыр Баукең: «Сен баланың көзің мұңды екен. Не қиындық көріп жүрсің?» деп сұрайды. Сонда ол өз басындағы жағдайын айтқанда, Баукең қаламын алып , хат жазады да, «осы қағазды сол ұстазыңа апарып бер» дейді. Хат арабша жазылған еді. Профессор оқиды да , қарқылдап күледі. «Егер бұлай жазбаса, Баукең Баукең бола ма?! Хатта мынандай сөздер жазылған екен» деп хатты аудиториядағы студенттерге  дауыстап оқып береді. Ол хатта: «Баламды - саған, сені - Құдайға тапсырдым! Құлатсаң - атыласың! Бауыржан Момышұлы» деп жазылған екен. Өмір мен өнердің асау толқынында тербетіле жүріп , кейде батып кете жаздап, кейде өртене жаздап, кейде өмірден түңілген сәттерінде Ханбибі Есенқарақызына қуат беріп, құлатпай келе жатқан бір күш бар сияқтанады. Сол құдіретті күш Баукеңнің батасы-ау деп ойлап қалам...