Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Бұлбұл АЛЬПИЯРОВА: "Алтын қайықты ару" (дастан)

       «Атырау облысының Махамбет ауданы жерінен Әз Жәнібек ханның қызы жерленген алтын табытты мола алты ғасыр бойы іздестіріліп келеді.

Тіпті 1929 жылы Лондоннан саяхатшылар келіп іздеген. Аңыз-дерек бойынша, Әз Жәнібек ханның маңдайына басқан жалғыз қызы болған. Сүйікті қызы үшін сарай алдына қолдан көл жасап, жасанды көлдің суы екі аптада бір ауыстырылып тұрыпты. Ханшайым алтын жалатқан қайықпен көлде серуендеп, аққуларға шекер беріп тұрған. Аққулар осы жерден кетпес үшін көлге 40 атанға тиелген тәтті шекер төгілген көрінеді... Ханшайым 15-ке толғанда кенеттен қайтыс болып, Әз Жәнібек қызын алтын табытқа салып, алтын қайығымен қосып, жасырын жерлеген».
                                                                                                    Газеттен.
                            
Кең байтақ қазағымның даласында,
Жандар бар бой бермеген дара сынға
Хандар бар көне тарих қойнауында,
Келмеген жалғанымен жарасымға.

Мейлі, сен баласың ба, данасың ба,
Ардақты әкесің бе, анасың  ба...
Сұм ажал қарамайды біріне де,
Алады ханын дағы, қарасын да.

Қайғының емдей алмай жарасын да,
Қаласың шарасыздық наласында.
Еш нәрсе жанға ара тұра алмайды,
Құр босқа әурешілік таласың да!

Өмір сүр мол байлықтың арасында,
Арала бар әлемнің қаласын да.
Ажалдан құтылмайсың тура келсе,
Емдеудің таба алмассың шарасын да.

Содан соң сырғып қайғы шанасында, 
Өшесің, оттай лаулап жанасың да...
Дарындар, би, батырлар аз болмаған,
Киелі Ақ Жайықтың жағасында.

Тайдырмай мұзға тұлпар тағасын да,
Түсірмей ел-жұртының бағасын да.
Хан бопты Әз Жәнібек Сарайшықта,
Ғасырдың он бесінші шамасында.

Белгілі бұл жай бізге тарихтан да,
Естиміз аңыз-дерек халықтан да.
«Ханның қызы қазы жеп ұшынды»-деп,
Мақалдап жаттаймыз ба жалыққанда?!

Не жетсін сұлу жырды жан ұққанға,
Көңілге демеу болса жабыққанда.
Сол ханның жалғыз қызы болған екен, 
Білмеген жасқануды тамұқтан да.

Қызының қалағанын алдырыпты,
Бар ісін кейде кейін қалдырыпты.
Сүйікті жалғыз қызы көркіменен, 
Есінен  көрген жанды тандырыпты.

Жыл сайын сұлуланып, құлпырыпты,
Айтқанын орындатып тындырыпты.
Бір өзі дүйім елдің еркесіндей,
Аспанға Айды алам деп ұмтылыпты.

Алайда, Айға қолы жетпегенмен, 
Бір адам оған қарсы беттемеген.
Әкесі бар талабын екі етпестен,
Тілегін, өтінішін шектемеген.

Бір күні хан қызына сый қылыпты,
Сарайға бар нөкерін жидырыпты.
Жасанды көл жасатып, қолдан оған
Өзеннің мөлдір суын құйдырыпты.

Әмірі ханның таудан асады әлі,
Қазылып қазыналар тасадағы.
Бұйрығы орындалып хан-әкенің,
Әп-сәтте алтын қайық жасалады.

Ханшайым серуендеп сол қайықпен,
Тамсанып табиғатқа зор байыппен.
Көлдегі аққуларға шекер беріп,
Күн санап жайқалады мол байлықпен.

Аққулар – айдын көлдің ажары ғой,
Сұлулық – бұл өмірдің базары ғой.
Сол көлге қырық атан шекер төгіп,
Алады дүниенің ғажабы бой.

Тәттіні төккеннен соң қолдан бекем,
Көл суы бал татитын болған екен.
Кейіннен «Секер көл» деп аталыпты,
Әсемдік аққулармен қонған мекен.

Суын да екі аптада ауыстырып,
Шаттықпен ханшайымды қауыштырып.
Бөлейді жалғыз қызын хан бақытқа,
Төзімін талайлардың тауыстырып.

Қызына бар асылды жабыстырып,
Үнемі қуанышпен табыстырып.
Хан-әке алтын тақта отырған соң,
Ханшайым танытады таныс қылық.

Елдегі мергендерді салыстырып,
Бастайды аққу атып жарыстырып.
Осындай шамадан тыс еркелікпен,
Қойыпты елді мұңмен алыстырып.

Жақтарын қарсылардың қарыстырып,
Жасайды хан-әке де ауыс қылық.
Артынан айырылып жалғызынан,
Жылайды Әз Жәнібек дауыс қылып.

Аққудың киесіне сордай батып,
Алдамшы қызықтары болмай бақыт.
Ханшайым өмірімен қош айтысты,
Гүл-ғұмыр солды он беске толмай жатып.

Бір-ақ күн ауырады бар болғаны,
Әкесі жидырады бар молданы.
Бірақ та, ешқандай ем көмектеспей,
Жүзеге аспайды еш заң қолдағы.

Араша бола алмайды байлығы да,
Не шара Жаратқанның жарлығына?!
Амалсыз мойындап хан өмір заңын,
Бір өзін кінәлайды барлығына.

Ашуын өзіне-өзі төндіреді,
Бар отын өз қолымен сөндіреді.
Жалғызын таза алтын табытқа сап,
Қайығын бірге қосып көмдіреді.

Атанын аза-мұңның шөккізеді,
Аяусыз жанға уайым төккізеді.
Қызының қабірінің ізін жойып,
Бір табын жылқы айдап өткізеді.

Жасанды көлді ғана қалдырады,
Сол көлге қарап көзін талдырады.
Жерлеуге қатысқандар жазаланып,
Бәрінің басын түгел алдырады.

Жалған-ай десеңізші, жарқылдаған,
Қарғадай арам тамақ, қарқылдаған.
Дүниең, бар байлығың – қолдың кірі,
Өтеді шіркін дәурен қарқындаған.

Пайдаға аспас мүлкің алтындаған,
Байлықпен өлшенбейді жарқын заман.
Қанағат қылып қолда барына да, 
Тілегін қыла гөр деп халқымды аман!

Тасытпай ыстық қанды салқындаған,
Қастерлеп, сақтағайсың салтыңды аман.
«Аққуды атпа» деген даналық бар,
Қашанда қадір-күші сарқылмаған.

Көл бар ма тасып, кейін тартылмаған,
Жүк бар ма нар, атанға артылмаған.
«Байлықтың қуанышы – алдамшы» екен,
Бағына баламасын алтынды адам!

Бірақ та, пендеміз ғой, періште емес,
Іздесең қазба-байлық – теріс те емес.
Пайдалы бизнесті дамытпаса,
Өнері саяхаттың өрістемес.

Бұл аңыз ел мен елді жүздестіріп,
Қомағай нәпсі талай із кестіріп.
Келеді алты ғасыр бойы адамдар,
Сол алтын табытты да іздестіріп.

Белгісіз кім табары, таппасы да,
Атары бақыт таңы, атпасы да.
Бату хан алтын пырақ құйдырыпты,
Сарайшық қаласының қақпасына.

Сол шақта шапқыншылар төніпті елге,
Алдымен ұрлап, кейін көміп жерге.
Кеткен деп, екі арғымақ мүсінін де,
Іздейді әлі күнге төгіп тер де...

Нәтиже шықса төккен терлерінен,
Бір зейнет болар бейнет, еңбегінен.
Іздеуде саяхатшы жандар оны,
Астрахань, Волгоград жерлерінен.    

Осылай тарих бетін ақтарамыз,
Аз емес ел ішінде жатқан аңыз.
Алтын көп көмілген деп жер астына,
Табиғи байлықпен бір мақтанамыз.

Кез-келген қазынаны ап қараңыз,
Ғасырлар бедерінен бақ табамыз.
Мысалы, «Алтын адам» табылды деп,
Марқайып, қуанамыз, шаттанамыз.

Тарихқа көз жіберсек көш ілгері,
Белгілі байлық желі есілгені.
Қашан да қазағымның хандарының,
Алтынмен байланысты есімдері.

Шыңғыс хан да алтынын «ала кеткен»,
Бату хан алтын атпен алаң еткен.
Жәнібек жалғыз қызын алтындады,
Есіме қайықты да алам еппен...

Таңданба, ретімен санай шық та,
Куә бол алтын-сырға, сан айшыққа.
Ежелгі хан ордасы болғаннан соң,
Барлығы орын алған Сарайшықта.

Орыны жоғалған жоқ бұл мекеннің,
Айтамын мақтанышпен, жыр етемін.
Сақтаулы «Секер көлдің» сұлбасы да,
Суы жоқ, сезем, бірақ, сырлы екенін.

Мекенге бақ ордасы бола алмаған,
Аққулар сол кеткеннен оралмаған.
Ал, «Алтын қайықты ару» өзімізге,
Бұйырсын қазына боп тоналмаған.