Қаламшәріп киесі кез-келген жанға дарымасы ақиқат. Тұранның тұлғалы ұлдарын, тумысынан тұмарлы туған тұйғындарын болашаққа таныстыру, келер ұрпақ жадына сіңіру - ақындарға берген Алланың аманаты. Осы аманатқа қиянат жасамаған ақынның кез-келген жырынан жусан исі аңқып, саумал самал лебі есіп тұратыны үшін де оқырман оны іздеп жүріп оқиды. Жер деген алып ғаламшардың түкпір-түкпірінде жүрген қазақ баласының Ғалым Жайлыбай үшін өгейі жоқ. Олардың тағдыры, олардың бүгіні мен ертеңі алаңдатады оны. Ертең нұрлы болу үшін кешегіден сабақ алған дұрыс екенін білетін ақын тарих доңғалағын кері айналдырып, сол бір ақиқатынан гөрі ақтаңдағы, белгілісінен гөрі белгісізі басым қасіретті жылдарды дастанына арқау етеді.
Көкбөріні тотемге айналдырып, небір батыр ұландарын соған теңеген Дешті-Қыпшақ даласы небір сойқандарды бастан кешпеді десеңізші?! «1928 жылы қыркүйектің үшінші жұлдызында Арқа жерінде ұйымдастырылған Сарысу ауданының орталығы Ақкеңсе деп аталады. Бұрынғы бес болыс Тама, екі болыс Тарақты он бес ауыл осы жаңа ауданның құрамына енді. Сталиннің «Кіші Қазан» төңкерісі, байларды кәмпескелеу, «Қара ноғай» оқиғасы, Созақ көтерілісі бір-біріне жалғасқан елдің үрейін алар оқиғалар болды. 1927 – 28 жылдардағы мал-мүлкі тәркіленгендер ішінде жағалбайлы Арғынбай балалары Өксікбай, Қақу, айдарбалта Иманбек, Әуесбек, шақа Түсіпбек (Ықылас Дүкенұлының баласы), шажа Кеңгөлдің Ақбергені, ноғайлы Түсіп, жабал Жанбектің Төленбегі секілді байлар кәмпескеге іліккен. Олардың арасында тарақты руынан бірде-бір адам жоқ. Арып ашқан ел 1932 жылы қарашаның 24 жұлдызында Әулиеатаны бетке алып босты. Аштықтан, жұттан қырылған елдің Шабақты өзенінің бойына, Байқадамға жеткені 500-дей түтін ғана. Ал Сарысу өзені бойынан кеткен ел екі жарым мыңнан аса шаңырақ болатын» дерек көздерінен алынған осы бір ақпараттан бастау алатын «Тамакөшкен» дастаны қазақ басына төнген қаралы жылдардан сыр шертеді.
Дүниеде алай-түлей, астан-кестең,
Бұл қазақ сан тағдырды бастан кешкен.
Баяны жоқ ғұмырда байыз таппай
астаң-кестең тірліктен қашқан, көшкен...
Көлдері болса дағы шалқар, нұрлы, - деп бастаған ақын Ұлы Даланың жұлдызды шақтарының да болғанын жасырмайды. Қазақтың басынан өткен құйынды күндерді, шерлі жылдарды қаттау, тарихты парақтау — әрбір ақынның міндеті қасиетті парызы. Ақынның ары мен жаны осыны айтпай тыныштық таба алмасы айқын. Оның жаны мен арын жиырмасыншы ғасырдың қанды елесі табаға сап қуырады. Тамырында қан дағы қарайған жусанның жанарынан жас көрген ақын Бетпақтың бедеу шөлінің бедірейген өңінен де сыр оқиды. Тағдыры талапайға түскен елдің тәспихтың тасындай шашыраған ғұмырлары ақын жүрегіне жүк түсіреді.
Ерлері асып талай туды Алаштан,
Тағдырдың тайғақ жолы қуған, асқан.
Арқадан ауа көшкен қалың Тама
Бетке алып Қаратауды Шудан асқан,- қазақтың қанын қасықтап ішкен отыз екінің зобалаңына Арқадан ауа көшкен қалың Тама Орынборға, Уфаға барып, одан да әрі асқан. Ақын қаламына сол бір зарлы кезеңнің зарын айтқызады.
Кеппеген көздерінің жасы қарғам,
Бабаңның бетпақ жонда басы қалған.,- деп аңырата отырып, сол бір боздақтарға зарлы реквиемін арнайды. ..Ықылас қобызының сағағындай,
– Сүгірдің күйлеріндей қасиетті,- шежіренің парағы ғой бұл. Бетпақтың бедеу белінде көшкен жұрт аштан қырылған. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп қазаққа қолдан жасалған геноцидтің құрбаны боламды қанша адам? Қанша ана баладан айырылды? Қанша бала ата-анасыз қалды? Үш бірдей немерені жер қойнына тапсырған Әсіп кемпірдің зары арқылы ақын бүкіл қазақ анасының зарын берген. Осы сұмдықты көзімен көрген халық ақыны Бұралқы Құдайбергенұлы: Құлазыған құмайт бел,
Арыған неге мұнша ел.
Елес беріп есіл ер – Еске түсер қайран жер – деп жылапты. Арқадан босқан Тама, Тарақтының Шу бойына аман жеткені 1934 жылғы санақ бойынша 4 мыңға жетер-жетпес. Шұбырған 15 мыңға жуық халықтың қалғаны Бетпақтың бедерсіз белінде аштан қырылған. Ел ақсақалы, қарт ұстаз Жақсыбай Сүлейменовтың естелігінен алынған бұл деректерді ақын босқа келтіріп отырған жоқ.
Бетбақта Мұңлы, Қулы тау аттары,
Жазылар бара қалсаң сауапқа әлі.
Жұқалап жұт жылынан сауал қойсам –
Қос таудың әзір ме екен жауаптары? - деп өксиді ақын қаламы.
Ақыннан аңыз тыңдап аңыраймай –
Сен бір сәт тіл қатсаңшы, Мұңлы, Қулы!
Қар борап қарашада, күн бүлінді.
Сен бірақ айтпайсың-ау, шындығыңды.
...Бауырыңда көктей солған көп Таманың –
Көк тасы өзің шығар, Мұңлы, Қулы!
«...Сарысу ауданындағы 7000 қожалықтан тек 500-дей қожалық қалған, өзгелері Әулиеатаға және басқа аудандарға көшіп кеткен, ал бірсыпырасы тіпті Қырғызстанға ауып барған. Қараша айында осы ауданнан әлденеше жүздеген қазақ тайлы таяғы қалмай шұбырып ұзақ жолға шыққан. Осы жол үстінде олардың біразы қаза тапқан. Қаңтардың екінші бескүндігінде ғана 24 адамның сүйегі табылған. Жолда оларға қарулы қарақшылар шабуыл жасаған. Шарасы қалмаған әйелдер балаларын суға лақтырған. 5-6 қаңтарда Әулиеатаның шайханаларында үсіп өлген 20 баланың сүйектері жинап алынған және сол мерзім аралығында 84 ересек адам аштан өлген» ,- бұл мәліметтер Сарысу ауданы жөнінде уәкіл болған Ораз Жандосовтың мәліметтеріне сүйеніп 1933 жылы 9 наурызда Тұрар Рысқұловтың Иосиф Сталинге жазған хатынан алыныпты.
Тұрар аға! Иман берсін құдайым,
Шындығымның сен ашқансың шырайын.
...Аштан өлген екі миллион қазақтың –
Құнын кімнен сұрайын?..
Құла дүзде қирап жұрттың қосы қап,
Тағдырының тауқыметін тосып ап.
...Тарихымның қанмен басқан таңбасы –
Сталинге Тұрар жазған осы хат, - ақын 1932 жылдың шыңғырған шындығын бере отырып, қазақтың басынан өткен қасіретті бүкіл адамзаттық қасіретке айналдырады. Құрсағында тіршілік бүлкілдеген Жер — Ана мен балалары аштан қырылған, сүзектен өлкен аналардың тұлғасын біріктіре отырып, бүкіл адамзат баласының басындағы зауалмен теңестіреді. Оған араша түскен, әділеттің қоңырауын қақпақ болып жанталасқан — Тұрар Рысқұлов. Ақиқаттан жаралғанда әлемі,
Бозторғайдың бебеу қағар әуені.
...Қыран болып қалқу үшін көгімде –
Тұрар болып туу керек әуелі ,- дейді ақын.
Шыр-пыр болып шырылдаса шығанда ел,
Мұнартады, мұңаяды мұнар бел.
...Ботаң үшін бозқасқаңды айтарсың
– Отан үшін Ораз бол да, Тұрар бол!
Жазирада жолыға ма жаз алдан,
Мынау халық қайтпаса екен базардан.
От ішінде Ораз, Сәкен, Тұрар жүр –
Алаш жұртын арашалап ажалдан,- қазақ халқына қойылған жыр-ескерткіш «Тамакөшкен» екені анық. Аш-арық жұрт аштықтан бірін-бірі жеп, адамжегішке айналады. Қазақ осы қасіретті де көрген, басынан өткізген. Ақын Айман мен Нәсір оқиғасы арқылы осыны айтады. Адамжегіштеге жем болғанша деп жалғыз ұлы Нәсірін Қарасуға тұншықтырып өлтірген Аймандай кейуананың зарын аспан ғана тыңдаған, Қарасу ғана көрген, кең далада жүйткіген жел ғана куә болған.
Соқпағы сорға айналып дүздің ауыр,
Шайқаған шаңырағын күзгі дауыл.
...Хиросима қайғысы жайлы айтасың –
ал мынау – біздің ауыл! - жаттың қайғысын айтып қан құсқанша, елдің қанды көз жасына толы шежіресін парақтағанды дұрыс көреді ақын.
...Иә, солай, шідер көрдім, көген көрдім,
өксіген өткенімнен өлең көрдім.
Бас алған, шаш ал – десе саясаты –
Сталин, Голощекин дегендердің,- қолдан жасалған аштық, қолдан жасалған қасіретке жауаптылар тарих алдында мәңгі жауап береді. Дастаннан осыны ұғынамыз. Бүтін бір халықтың қырылып қалуы — бұрын соңды болмаған зұлмат. Ар алдында, ұрпақ алдында қаражүректердің беті ашылып, әшкере болатыны да ақиқат. Егер, тамұқтың бар екені рас болса, солар тозақ отында шыңғырып -ақ жазаланып жатқан шығар-ау!
Ұрпақ бар аққу құстай таза демі,
қанатын көкке самғап жазады елі.
дауылын дәрия өмір жолықтырмай –
бауырың бүтін болсын, ҚАЗАҚ ЕЛІ!
Қайғыңның қайрағына қайралайын,
түніңде жұлдыз санап, Ай қарайын.
Сен менің тағдырымсың – ҚАЗАҚСТАН –
Сен менің жан-нұрымсың, айналайын!
Аман бол, арда туған халқым, елім,
жолымен мәңгіліктің тартып едің.
Сен менің жалғызымсың – ҚАЗАҚСТАН –
Жаратқан жар бола гөр, бар тілегім! - деп аяқтайды ақын дастанын. Ақын жүрегіндегі халқына деген махаббат оқырманға да рух береді. «Ел қамын жеген ерлердің,
Сөз білген жанда хақы» бар деген Ығылман Шөрековтың жыр жолдары еске түседі. Ұлы Дала елініңөткен тарихы, бүгіні мен келешегі, әр басқан қадамы оған шабыт сыйлайды. Шындығында, ақын халқымен бірге. «Тамакөшкенді» оқи отырып, көзіміз осыған жеткендей болды.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
"Сарайшық" журналы