Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Маржан ЕРШУ: "ХАЗАР ЖЫР МЕРЕКЕСІ ЖӘНЕ СЕЗАЙ КАРАКОШ"

                                                                                            Елазыктағы жыр алауы
  Жақында ақын Ықылас Ожай екеуміз Түркияның  Елазык қаласында өткен Халықаралық Хазар поэзия фестиваліне  Қазақстан атынан қатысып қайттық. Хазар жыр мерекесі түркі елдері тәуелсіздік  алған соң ,1992 жылдан бастап Түркия мемлекеті тарапынан жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шараға айналған.

Биыл 26 рет өтіп отыр. Әлемді шарлаған пандемия кезінде ғана бұл жыр мерекесі  өтпей қалған еді. Хазар Каспийдің ежелгі аты деседі. Хазар - Түркиядағы көлдің аты. Біздегі Каспий теңізіне аты ғана ұқсас. Каспий- Хазар аты жалпы түркі елдеріне жақын болғандықтан, дәстүрлі жыр мерекесін әу бастан осы Хазар көлі маңында өткізуді түрік ағайындарымыз дұрыс таңдағандай. Мақтанарлығы, жыр мерекесін өткізуде  Түркия елі алда келеді.Себебі: түрік халқында мынандай мақал бар: «Дұшпандар бір- біріне жыр оқымайды» деген. Жыр , поэзия - жүрек пен сезімнің елшісі. Жыр деген жылылық қой. Мейірім мен мінез ғой. Биылғы Хазар жыр мерекесі түріктің белгілі ақыны Сезай Каракоштың шығармашылығына арналды. Хазардағы жыр мерекесіне Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Косова, Өзбекстан, Татарстан, Ирак  және Түркияның жерінен көптеген ақындар қатысты. Алғашқы күні Елазык көшелерінде Хазар жыр мерекесінің ашылу салтанаты болды. Мәдениет және Туризм министрі Ахмет Демирдаг пен Елазык қаласының әкімі Өмер Тораман бастап, ақындар сап түзеген лек Елазық көшелерімен жүріп өтіп, шара ашылар алаңға келді. Бұл көріністі қала тұрғындары да тамашалап , ақындарға ілтипатты көңілдерін білдіріп жатты. Келесі күні ақындар топ-топқа бөлініп, оқу орындарының студенттері және лицей оқушыларымен кездесулер  ұйымдастырылды. Хазар жыр мерекесінің салтанатты мәжілісі Хазар көлі маңындағы Сиверижи  ауданының Мәдениет үйінде өтті. Кешке Елазыктың  шенеуіктері түгел келген екен. Ол кісілерге арнайы бөлінген алдыңғы қатардан орын жетпей қалып, қызық болды. Әйтеуір ығысып-сығылысып , қысылып-күлімсіреп орын тауып жатты. Бізде ақындардың шарасына шенеуніктеріміз «өлең тыңдасақ ұйықтап қаламыз» деп ойлай ма екен , бас сұғатындары сирек қой деп ойлайсың.  Кеште Хазар жыр мерекесінің тарихы мен Сезай Каракош шығармашылығы туралы әңгімелер айтылып, қатысушы ақындар жырларын оқыды. Кеш соңында Елазык қаласының әкімі Өмер Тораман ақындарға алғыс айтып, дипломдармен марапаттап, сый-сияпаттарын ұсынды. Стамбулдан осы шараға арнайы келген Түрік Әдеби Қорының бастығы Серхат Кабаклы қатысушы ақындарға Қор атынан Алғыс сертификатын тапсырды. Хазар жыр мерекесі аясында ақындар үшін мәдени шаралар да  ұйымдастырылды. Он бесінші ғасырдың мұрасы саналар Харпут сарайына реконструкция жұмыстары жүріп жатыр екен. Сарайды алыстан тамашаладық. Сол маңда сан түрлі Музей бар екен. Ежелгі түрік Моншасы Музейін, ежелгі түрік Музыкасы Музейін  және аспан асты Музейін тамашаладық. Ертеде салынған Мешіт үйімен де таныстық. Ел азаттығы жолында қаза тапқан шеһиттер зиратына да соғып, құран оқып, бет сипадық. Хазар көлінде яхтамен серуендеп, теңіз жағасындағы Демалыс саябағындағы әдемі кафеде тамақтандық. Жан-жақтан келген ақындар бір-бірімен танысып, шығармашылықтары туралы әңгіме тарқатысты. Хазар поэзия фестиваліне жан жақтан қатысқан ақындар қазақстандық ақын достарына, Ұлықбек Есдәулет, Ақұштап Бақтыгереева, Дәулеткерей Кәпұлы, Танагөз Толқынқызы сияқты белгілі ақындарға ыстық сәлемдерін жолдауымызды өтінді. Қырғызстанның белгілі ақыны Дуйшенбек Керимов пен қырғыздың жас ақыны Алтынбек Исмаилов маған Елазык қаласындағы Шыңғыс Айтматов атындағы Паркке бірге барайық деп қолқа салды. Шыңғыс Айтматов 2008 жылы Халықаралық Түрксой ұйымының ұйымдастыруымен Елазык қаласына келіп, халықпен жүздескен екен. Шыңғыс Айтматов сол кезде қасына Мұхтар Шахановты ертіп барыпты. Шыңғысты пайғамбардай сыйлап күткен түрік ағайындар қала ортасынан Айтматовқа арнап Парк ашқан.Және сол жылы Шықаңды Нобель сыйлығына  ұсынған түрік ағайындар еді ғой. Айтматов паркі қаланың жақсы жерінде орналасқан. «Шыңғыс Айтматов паркі» деген жазу тұр екен. Бұл жерде болашақта Айтматовтың ескерткіші қойылар. Сол жерде қырғыз ақындарының хабарына Шыңғыс Айтматов туралы сұхбат бердім. Дуйшенбек Керимов ағамыз Ықылас Ожай екеумізге Бишкекте өтетін Шыңғыс Айтматов шарасына шақыру жіберетінін айтты. Хазар жыр мерекесі шынымен де жыр мерекесі болды. Жыр алауының жарығы алысқа жетіп жатыр. Ақындарға шабыт пен қуаныш сыйлады. Сөзімнің басында бұл жыр мерекесі Сезай Каракош шығармашылығына арналғанын айтып едім. Сезай Каракош деген кім? 
                             

                                                                                    Асауқанды  Сезай Каракош

    Бұл жолғы Хазар жыр мерекесі түріктің белгілі ақыны , жазушы, философ, саясаткер, баспагер Сезай Каракоштың шығармашылығына арналды. Сезай Каракош 1933 жылы 22 қаңтарда Түркияның Диярбакыр қаласында  дүниеге келген. Анкара университетінің саясаттану факультетін бітірген. Еңбек жолын журналист болып бастап, одан соң түрлі мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарған. Сезай Каракош  түрік поэзиясында белгілі тұлға болса, саясатта өз партиясын құрған табанды саясаткер болған. Бірақ соңында саясаттан гөрі шығармашылыққа ден қойды. Түрлі тақырыпта әдебиет пен тарихқа байланысты монографиялық еңбектер жазды. Шығармашылық пен саясатта өзін тұлға ретінде таныта алған С.Каракош өз ұстанымда: Өмірдің мәні - шындық, ал ғылым - ақиқат жолы деген. Ол ақында үш түрлі қасиет болуы керек деп есептеді: біріншіден, ақын еркін болуы керек. Ақын өзіне сенуі керек және шығармашылығын сүюі керек. Осы үш қасиет біріккенде ғана ақын рухани биіктікке жетеді  әрі ортасына жылу мен жарық, рух пен рухани азық сыйлай алады. Сезай Каракош шығармаларында өршіл рух, терең лиризм бар. Ол шығармаларында  батыл пікірлері мен сыни көзқарастарын өте шебер жанды суреттеумен бере білген. Оның «Жылдамдық қырық сағат», «Отты би», « Мона Лиза», «Ләйла-Мәжнүн», «Қиындық тап болғанда», «Портреттер» , «Уақытқа арналған сөздер», «Дауыс» т.б көптеген танымал туындылары бар. Өмірінің соңына дейін  қаламын серік еткен Сезай Каракош 2021 жылы 16 қарашада  88 жасында  Стамбулда қайтыс болды. Сол кезде Түркияның басылымдары «Түріктің ұлы ойшылы, ақын Сезай Каракош дүниеден өтті» деп жазды.
     Бар өмірін жазу мен күрестерге арнаған Сезай Каракош өмірде қызық адам болған сияқты.Оның табиғатын ашып білу қиын-ақ. Мысалы: Түркия Республикасының  мәдениет пен өнер иелеріне берілетін ең жоғары сыйлығына ұсынылып, марапаттау үшін шақырғанда бармай қалыпты. Бұл өрлік пе , әлде ұяңдық па? Кім қалай түсінсе де, ақындық мінез бұл. Тағы бір деректе, Сезай жас кезінде бір сұлуды құлай сүйген. Бірақ әлгі сұлу «қылмойын жалаңаяқ ақын» деп менсінбей қойыпты. Кейін  Сезай Каракош атақты ақын боп аты шыққанда, әлгі ару көзінен ұшқын атып, жүрегі тулап «мен саған ғашықпын» деп алдына келген. Бұл көрініс ақынның махаббатын емес, ызасын тудырған. Ыстық жүректің суынғаны ма ,әлде сатулы сезімнің құлы болғысы келмегені ме?  Әлде Меңдекеш Сатыбалдиевтің: 
 «Маңғаздардың махаббаты-
Елден бұрын ертерек оянады.
Сарбаздардың махаббаты-
Қызыл қанға белшеден боялады.
Кербездердің махаббаты-
Жаңғырығып жатады төсегімен.
Енді ездердің махаббаты-
Өртенеді өлексе кеселімен.
Пақырлардың махаббаты-
Ауса күндік тиын мен тебеніне.
Ақындардың махаббаты-
Өлерінде көшеді өлеңіне» - деген жырындағыдай нағыз ақындарша өмірін өлеңіне көшіргісі келді ме екен, кім білсін?! Сезай өзіне қайрылып келіп, жүрегін ұсынған сол сұлуға қарамай қойған және өмір бойы үйленбей өткен. Бұл да бір ақындық мінездің белгісі сияқты. Мен Сезай Каракоштың үш өлеңін аудардым. Үш өлең үш түрлі жаста жазылған. «Қар жыры» жастық шағында, «Ана мен бала» орта жасында, ал «Астаналардың астанасы» өлеңі Стамбулға арналған, егде тарта бастаған шақта жазған жыры екен. 

                                                         Сезай Каракоштан аудармалар:

       ҚАР ЖЫРЫ
Аппақ қарды көргенімде,
Топырақты ойлап мұңайдым.
Ақ пен қара –Жер өңінде
Екі түсте – тұр айбын.
Ақша қарлар – аппақ сезім,
Жаныңа нұр төгейін.
Аппақ дала. Сен және Өзім
Әнімді айтып берейін.
Күндер өтер, құстар жетер,
Алмасар сан түстер де.
Ойлап мені сағынарсың
Жырым еске түскенде.
Сен оқыр деп, жаздым жырды,
Аппақ қардың бетіне.
Көзім жасы тамып кетті-ау
Ақ қағаздың шетіне...

АНА МЕН БАЛА
Шешесі өлсе, бала қалар мұң басып,
Өлі шеше аруағымен сырласып.
Шерлі көңіл жер шұқиды көзімен
Жан-жүрегі шын жасып.
Баласы өлсе, ана күнде мың өлер,
Ана үшін бала қымбат біле бер.
Көздің жасы қара қан боп төгілер
Шерлі жүрек тыншу көрмей егілер.
Тұрақ таппай мынау жалған ғаламнан,
О, адамдар! Не арсыз бар ажалдан?!
Анасы өлсе, бала жетім сол қайғы
Баласы өлсе, ана байғұс сорлайды.

АСТАНАЛАРДЫҢ АСТАНАСЫНА
Кел бауырым!
Жыр бастайын ескіше бабаларша,
Менің мынау кейпіме қара қанша?
Көктем-қызды қысып ап жүрегіме
Сол жырлармен әлемді араласам.
Дүние деген бір ұлу қабы болса,
Айналайық інжу-маржан тастарға.
Дүние бір ағаш болса,
Әні болса бұлбұлдың,
Ән салайық аспанда.
Ақын шіркін! Түндерді орап төсегіне,
Қасіреттің мұңы етер.
Өткен күннің естелігі көз алдыңнан бір өтер.
Бүкірейген арқаң менен жотаңды
Шамаң жоқ қой түзетер?!
Кәрі тері, кәрі сүйек қалжыраған күй қашып,
Бірде мұңды, бірде сырлы пернелерді бір басып.
Ет пен сүйек арасында бұлқынған
Қайда қалды жастық-жалын жылғасы?
Кәрі сүйек, кәрі тері –
Жеңіліс пе, жеңіс пе?
Келер күндер өткен күнді тыңдашы.
Керек емес маған қазір Париждің де,
Еуропаның  даласы,
Керек емес -
Мәскеу, Лондон, Пекин, Нью-Йорк қаласы,
Керегі не? Мұның бәрі –
Тек «Ромды» еске алсам
Шарап-шаттық мөлдірейді шамасы?!
Жо-жоқ, тоқта, 
«Ромда» да мұң боп ақты-ау ұстағанымда,
Бір кока-кола ма, әлде вискидің стаканында...
Содан әрі-
Көктем-қызды қолтықтап жыр-бағына,
Жыр жазайын, шырағым, тыңда, ұға.
Бұлбұл құстың үнін бір сайратайын
Сыбызғы ғып сырларыма.
Ұмытпадым өткенді, жасты-мұңды,
Сатпадым көрінгенге достығымды.
Күндей күліп нұр шашқан аспаным-ай-
Қайтып берші, 
Қайтаршы жастығымды!
Еһ, дүние-ай! Дүние-ай! Жалған-ай!
Жабылған қақпалар ашылып,
Шіріген құлыптар құрысын!
Қараңғы түндерге қосылып
Үркек ой алмасын тынышын.
Бұлақтай сыңғырлап ән болып,
Жетсе екен маған бір дыбысың.
Сыбырлап тәтті сөз айтар ем
Түсінсең мұны шын.
Жо-жоқ, өртті дауылды үнімдей,
Ақ шаштар көбейер білінбей.
Көбейер күндермен қайғым да, жарам да
Сан сұрақ сабылар санамда.
Керегі жоқ! Париждің,
Нью-Йорк пен Пекиннің ?!
Сенде тудым топырағым,
Сенде ұлы екенмін.
Күніме де, түніме жарық өзің екенсің
Жүрегіммен көтердім.
Көздерің бар -Лале заман терезесі сияқты,
Қолдарың бар ақын шейх Галибтей қуатты.
Ойға батып жастығымды жастанам-
Алтын қанат  құс сияқты,
Таусылмайтын күш сияқты
Аман болшы, туған жұртым! 
Асылым сен, Астанам!

Түрік тілінен аударған Маржан Ершу