- Жайрағырдың келер жылы басын кесіп, етке өткізбесек, мал бағудан қалдық қой, түге! Екі атанды шайнап мертіктіріп, қара наршаны келеден қуып шығыпты. Енді оны қайдан іздеймін. Санақ болса, мынау, қыр астында. Пілдей үш түйенің орнына сақалымды санап салмасам, тігерге тұяқ қалдырмай қуғынға түсіріп бітті, сары антұрған!
Бетін жел қағып күреңіткен сары жігіт таусыла шағымданды. Өзі сірә, малдан келген беті болуы керек, киімін де ауыстырмапты. Босағаға арқасын сүйеп жүрелеп отыр. Төргі есіктері жабық кең үйдің дәлізі қонақ бөлмеге ыңғайластылған. Пеш түбінде қолтоқпақтай сары шал жатыр. Іргесінде радиоқабылдағыш, күл салғыш пен темекі сауыты. Әңгіме кеңшардың екі жүз қаралы түйесіне иелік етіп жүрген келебасы Сарыбура төңірегінде болатын-ды.
-«Жампоздың», «Ақбала» мен «Шойқараның» тайлақтары түгел ме? Сарыбура қайсысын келеден қуып шығыпты?
Орнынан әбжіл көтеріліп, бойын тіктеген сары шал шаншыла жауап күтті.
- Жалпы, бұрынғы түйелер түгел, кейінгі қосылғандар ғой, жоғалып жүрген,- деп сипақтаған аға бақташы абдырап қалды.
- Әрине, түгел болуға тиіс. Келесіне азу ақситатындай Сарыбура әзір ақылынан алжаспаған болар. Қиякелді келімсектерді қуса, келер ұрпағының азбауын ойлағаны Айуан-ғұрлым ақылың жоқ, азын-шоғын түлікті ауыстырып-түйстіріп, бүлдіріп біттіңдер! Сөйте тұра, алдыңа қарсы келгенді құртуға асығып, айдауыңа жүрмегеннің бәрінен құтылғың келіп тұрады екен. Ендеше, мына мені де атып таста!
-Ана жоғалтып отырғандарың атасы түйе демесең, түлікке жататын қандай қасиеті бар. Өңкей көйін мен күрт. Есіңде болсын, хас үлек пен түс айырдан, немесе, түркімен аруана мен таза айыр бурадан ғана жөндем тұқым шығады. Сарыбураны сол үшін ұстап келген жоқпын ба!
Ашуы тыз етпе болғанмен қайтымы тез жұқа шал ақырындап жөнге келіп, келелі әңгіменің тиегін ағытты.
- Біле білсең, түйенің де түрі мен тұқымы көп, шырағым! Мысалы, маяны түс айырға шөгерсең қоспақ туады. Қоспақтың да алуан түрі бар. Нарқоспақ, балқоспақ, балақоспақ дегендей. Онан өзге нар, инермая мен көйін, күрт дегендер де кездеседі. «Хас үлектен туған кәтепті қара нар керек бұл іске!» демекші нар тұқымдастар ыстық-суғыңа төзімді. Оның бойына аруана мен түсайырдың қасиеті тел дарыған. «Нарқоспақ тізерлеп тартса да белге шығарар» деген бұл буданның да буыны берік, қажырлы. Инермая-сүттің бұлағы. Нар мен мен түсайырдың қоспасы болғандықтан сүті қою, әрі мол, маңызды болады. Алдыңдағы жүз қаралы түліктің сырын жыға танымай тұрып, келебасы Сарыбураның көзін жойғың келеді. Келебасысыз түйені қайтіп бақпақсың! Баламысың деген, біле-білсең ол бура сенің жұмысыңды істеп, малыңды қорып жүр. Тантыма өйтіп! Сары шал қайтадан шатынап барып, басылды.
Сарыбура - қара інгеннің соңғы төлі еді. Өмірі өркешін тіктеп, қомы бүтінделмегендіктен «Мыржық» атанған қара інген 9 боталаған-тұғын. Ақырғы, оныншы төлі осы болар!
Сауыры бурадан, бауыры сауыншыдан босамаған «кәртәміш» інген соңғы ботасын қиналып туды. Көп түйенің ішінде күйі болмай, әрі кәртайып қалған Мыржық бошалап та ұзай алмады. Толғағы қысып, жаны көзіне көрінген аналық «Сарыкөлден» құбылаға қарай «Тілеген-Тұрлан» мазарын бетке алып ұзай берген. «Түйеқазақ жартасынан» аса шөгіп, жата кетті. Сай табанына көлбей құлаған қара інген қайтсе де діттеген жеріне жетпек болған. Кәрі буын сырқырап, аяғы құрығыр алдырар емес. Амалсыз болашақ ботасын осы арада қарсы алды. Асылы, түйе малы туар шағы таяғанда аяғы жеткенше жүріп, бошалап боталайтын. Жыл аралата төл өргізетін Ойсылқара тұқымы төліне аса қызғаншақ болады. Нарлар жыл он екі айдан 40 күн асырса, түс айыр 60-70 күнге артық көтереді. Осылайша сирек боталайтын түлік төлін қызғанбағанда қайтсін! Мыржық та аулаққа барып, ақырғы төлін аяқтандырғысы келген. Енді, міне, айдалада айра-жайра жатысы. Сәскеде басталған толғақ бойын буып, адымын аштырмаған қара інген осы қырды зорға асқан. «Түйеқазақтың» сайынан өте бере, бота төмен тартып, бой бермеді. Құбылаға басын беріп көлбей сұлаған інген, үн шығармастан күшене берді. Түс ауа бота оңғарылып, туыт сәті де жетті.
Жатырынан тулап түскен шарана алғашқыда ауа жетпегендей аузын аша берген. Іле аяқтарын түзеп, шөгеріліп жатты. Жас боталаған түйенің белін таңып, ботаның кіндігін байлар жан иесі жоқ, айдала!. Мыржық қатты қиналды. Сары бота пысық екен. Енесінен қайран жоғын аңғарғандай тірмізік неме, ұмтылып-жығылып жүріп бойын тіктеп алды. Аяғын әлтек-тәлтек басып енесінің бауырына жанаса берді. Қайта–қайта құлап тұрып, буынын бектікен жас бота, сәлден кейін желінге жармасты.
Кеш боталаған қара інген сол жылы сауылған жоқ. Шау тартса да, шайлығы бар енесі өзіне дербес тиген сары бота тез жетіліп, желкілдеп өсіп келе жатты. Алайда, мал дәрігерлерінің ұйғарымымен күзде кәрі інген етке өткізілді де, сары тайлақ алғашқы қысын анасыз-панасыз жалғыз қарсы алды. Сөйтіп, Сарыбураның жеке өмірі басталған-тұғын.
Құнан шығар жылы қой ауылдарға атан керек болып, алдыңғылармен бірге Сарыбура да тізімге ілінді. Бұл бір қора тоқтыға иелік етіп жүрген Сиғуат деген жас шопанға бұйырған. Бойы шарқы болғанымен шөпшеңдеген тоқтыларды тойдыру адамға да, атанға да сын екен. Қыс бойы қора мен маяның екі ортасын жол қылған Сарыбура, көктемге өркешін жығып шықты. Жазғытұры қой ауыл жайлауға бет алғанда мұны бұйдасын түріп бос қоя берген. Сарыбура салып ұрып үйренген өрісі Сарыкөлден бір-ақ шықты. Көп түйе мұны қабылдамады. Қыс бойғы мігірсіз жегілу мен бағымның кемшілігінен арып шыққан бұған келебасы ғана емес, буыршындардың өзі «мәтіби» болып шеттетіп тастады. Десе де, келенің шетін ала жайылып, тамыз туа өркешін тіктеп дередей буршын боп шыға келді. Желтоқсан туып, күн суыта буралар бойын жинай бастағанда сары буыршын да тісін шиқылдата қайрап, ақ көбік атып жүрген. Сол кезде бұрынғы иесі Сиғуат келді. Алайда, сақылдап жарап жүрген жас бураны ұстауға тәуекелі тұрмады ма, басқа бір құнан атанды алып ауылына қайтты. Бұл көп түйенің ішінде қала берді.
Сарыбура - түс айырдан туған нағыз қазақы тұқым еді. Бойы биік, екі өркеші баладай дерлік мүсіні кімнің болса да көзіне түспей қоймайтын. Ол түйе түлігін асылдандырып сүт пен шұбатты көбейтеміз деген желеумен келеге үлек пен аруана қосып, кейін Қалмақ қырынан жүні қымбат, тегі белгісіз ақ буралар әкеліп, ауылда алапес тұқымдар көбейіп келе жатқан шақ еді. Шаруадан қалса да, баласына кеңесші сары шал бір жолы малды аралай жүріп сары буыршынға назар жықты. Кәнігі көз мұның бой бітісіне көңілі толып, бура салуға ұйғарды. Сөйтіп, Сарыбура құнанша-дөненшесі аралас 30-ға тарта інгеншесі бар келеге түсті.
Сарыбураның жасы он екіге шығып сақа бура атанған жылы Қызылқоға өңірінде қыс айтарлықтай қатты болды. Желтоқсанда жауған қардың арты боранға айналып, даланы сіреу қар басты. Қаңтардың ортасында-ақ, бойдақ түйелердің өзі қар астынан азық ала алмай ауылды жағаттады. Тек Сарыбура бастаған шағын топ жылдағы өрісінде қалып қойды. (Бұл-оның кіндік қаны тамған, әр бұтасы таныс, туған мекені болатын.) Топ түйе «Тілеген-Тұрлан» мазары маңындағы сайларды паналап, қараған мен көкпекті көлдерде жайылып жүрді. Құт айы туа аяз күшейіп, күн тіптен қатайды. Бұл кезде Сарыбура әбден бабына келген еді. Қаншырдай қатып, жарап алған. Құйрығымен сабалап қатырған сауыры сауыс-сауыс, желкесінен шыққан шайыры өркешке үйкеліп қарақошқыл тартқан. Кәрлі бура келені шырқ үйіріп, адым аштырмайтын даусыз көсемі болып алды. Сондай бір күні өріске сары шал ат ізін салды. Ашық күнді пайдаланып, келенің халін білгелі шыққан түйеші Сарыбураның шамына тимей ғана, топ түйені алыстан көздеп. ауылға қайтты. Шамшыл бураның маңына аң түгілі, адамды да жолатпасын біліп кетті.
Сол жылы Сарыкөл төңірегінде итқұс қалың болды. Әсіресе, ұйықтан шыққан аш бөрілер жылқы мен қара малға қырғидай тиген. Сондай бір ұя қасқыр Сарыбураның келесін іздеп тауып, ұзамай қойды. Бөрілер жағалағалы Сарыбурадан мүлде маза кетті. Аузынан ақ көбік атып, күркілдеп келені айналып жүріп алады. Күндіз шөгіп шамалы мігір алады да, түн баласы топ түйені жусатып тастап, өзі қақшиып қыр басында тұрады. Кейде, артқы екі аяғына отырып, шабынып бойын тіктегенде былай да бойшаң бура алып жартастай алыстан менмұнадалайтын. Сайын сахараның қас қақпайтын қаһарлы қарауылы дерсің...
Бір күні келедегі шынжаулау құнаншаның бірі мертігіп қалды. Ернеудегі шөпке ұмтылам дегенде тайып құлап, аяғы көктен келді. Асылы, түйе малы күшті болғанымен оралымсыз, аяғы жоғарыда қалса оңғарыла алмайды. Ал қоңыр құнаншаның оқыс жығылғанда «ақшелегі»(ортан жілігі) морт сынған еді. «Барқ» еткен ащы үн төңіректі тітіркендіріп жібергендей болды. Қанша жанталасқанмен қасат қардың бетіне жайылған қанға малтыққан құнанша бойын тіктей алмай, сай табанында қала берді. Сарыбура оның тұра алмасын сезгенімен, тастап кеткен жоқ. Келені сол маңға иірді.
Қан иісін аш қасқырлар сол заматта-ақ сезген. Бірақ қаһарлы бурадан қаймығып, қас қараюын күтті. Іңір болды. Келенің алды күйіс қайырып, жусауға айналды. Тек Сарыбура ғана жаралы құнаншаның қасынан ұзаймай, жүріп алды.
Ұялы бөрілер аш еді. Арагідік қалыңнан қоян қаққанымен қалжасыз ұсақ аң оншақты ауызға жұғын да болмайтын. Мертігіп жатқан құнанша жемтік аңсаған түз тағыларын көзсіз батылдыққа итермеледі. Бірақ, бас салып бара алмай, алыстан қар боратып, түйелерді орнынан қозғауға тырысты. Топ қасқырдың қимылын қалт еткізбей бағып жүрген Сарыбура бұл кезде әбден кәріне мінген еді. Келебасының қайратына сенді ме, ірі інгендер де андыздап келіп, мертіккен құнаншаны қоршап алды. Қанша жыртқыш болғанымен қасқырлар сомадай боп тізілген «тірі қорғанға» тіке шаба алмай, төңіректей берді. Бөрілерден құтылмай келеге де, өзіне де тыныштық болмасын Сарыбура сезді. Ал бөрілер болса, келебасын жайратпай «жылы қанның» ауылы алыс екенін аңғарды. Сөйтіп, иен далада жан беріп, жан алысқан аңдысу басталды. Ілкіде Сарыбура қасқырлар тобын қуып көрген. Бірақ қасат қар қасқырларды көтергенімен мұның зор салмағына шыдамай ақсақ ойылып, адымын ашытырмады. Борша-борша боп терлегенімен, бос әрекет болып шықты. Енді Сарыбура қулыққа басты. Түйелерді иіріп тастап, өзі аулаққа шығып аунап жата кетті. Бұл-тұқымдастарымен талай шайнасып, майданға түсіп жүрген қақсал бураның кәнігі әдісі болатын. Осылай аунап жатып маңайлағандарын адым аштырмай алып түсуге машықтанған. Тез шөгіп, шұғыл тұратыны сондай, қимылына көз ілеспейтін. Негізі Сарыбураның артқы аяқтары сіңірлі, аса қайратты еді. Інгендермен шағылысқа түскенде өзге буралар секілді шөгеріліп тұра алмай, болмаса, жантайып құлап көрмеген. Бойын суытқасын, түйенің сауырынан тік көтеріліп, жүре беретін.
Ажалды қақпанға алдымен жас арлан ілікті. Жаздағы күшік болғанымен жүндері қорбиып кәдімгі қасқырға айналған екі бөрі желе жортып, аңдып жатқан «қандықақпанға» таяй бере, тіке ат қойған. Әбжіл көтерілген бура біреуін мойнымен қағып ұшырып, басып қалды. «Қаңқ» еткен үн құмығып барып бураның бауырында өшті. Тоннаға тарта салмақтың астында қалған жас арлан тіл тартпастан кеткен еді. Екіншісі ұясына барып қосылды. Бөрілер аңтарылып қалды. Сарыбура түйелерге беттеді. Артына қайырылғанда манағы өлген қасқырдың үсті қанқасап болып жатыр екен. Ұяластарын жапырақтап бөліп жеген бөрілер сәл саябыр тапты.
Жанында жатқан жемтікке жете алмай, ыза болған бөрілердің ұлып шыққаны болмаса, түн тыныш өтті. Күн көтеріле Сарыбура түйелерді өргізіпі, ауылға қарай бағыттады да, өзі мертіккен құнаншаның қасында қалды. Алдыңғы айқастың ащы сабағы қасқырлардың жадында болғанымен, аштық шыдатпады. Түйелер ұзасымен, ұялы бөрі Сарыбураны қоршай бастады. Алдында арланы. Қылшықты жалы қаракөк, тайыншадай ірі қасқырдың түсі ақмаңғылданып алған. Аштықтан бұратылып жүрсе де, күйін жібермепті. Бұқадай жуан мойнынан бастап, бөксесіне дейін бұлшық еттен жаратылғандай тұтас бітім. Қимылында өзіне сенген, нағыз қасқырлық-жыртқыштық батылдық бар. Арланның буы ма, қалғандары да, бұдан көз алмай жедел басып, таяп келеді. Сарыбура топ қасқырға қаймықпай қарап, тұра берді. Қарсы шапса, қандыауыздар қапысын тауып жарып түсері кәдік. Алдымен таянған ақ арлан жанамалай бере бүйірден ат қойды. Бура тарпып үлгерген, арлан әккі екен, шалдырмай кетті. Сол замат екінші бөрі жұқа шапты көздеп таяп қапты. Шырқ айналған бура қанжардай азудан зорға бұлтарды. Бойын жиып алған ол, таяп келген жауын кешегі әдісімен аузымен қарпып, іліп лақтырды. Бірақ басып қала алмады. Шөксе, анталаған жауларының тұрғызбасы анық. Жаралы қасқыр «қаңқ» етіп аулаққа қашты Жаралы, шойнаңдап барады, бірақ өлетіндей емес. Тағы бірі аяқ астынан сытыла берген. Ашынған бура алдыңғы аяғымен тарпып құлатты да, басып өте шықты. Алып салмақтың астында қалған көкжұлын қимылсыз қалды. Осылайша сүт пісірімде екі жыртқыш қатардан шықты. Шаппа-шап шабуылдан шайлыққан қасқырлар аулаққа серпілді. Тұла бойынан ақбу атып, қырау басқан бура, құнаншаға қарай маң-маң басып кетіп бара жатты. Қасқырлардың мертіккені жарасын жалап, қалғандары өлген ұяластарын бөлісуге кірісті...
Өлімтіктерді жеп алғанымен, қандыауыздардың бөтегесіне жұғын болмады ма, жыртқыштар тобы қайтадан тіріле бастады. Бұл кезде Сарыбура сай жиегінде қарағанның басын шалып тұрған. Ол ата жауын жаралы құнаншадан аулақта күтіп алғалы қасқырларға қарсы беттеді. Алғашқы шабуылдардан екі жақ та әдіс алған еді. Бөрілер тобы албастыдай бәлені жайратпай, құнаншаға тіс тигізе алмайтынын түйсінсе, Сарыбура тұқымдасын жыртқыштардың талауына бермеске бел буғандай.
Әдеттегідей, алдында ақ арлан. Қалғандары ізінен сүметіліп, шұбырып келеді. Арлан бураға таяп келіп шоқиып отыра кетті. Өзгелері тұс-тұсқа тарады. Ашулы, аяқтарымен қар боратып, айналаны борандатып жіберді.. Бірақ ұзаған жоқ. Аңдыс аңдып, торуылға көшті. Батысқа қарап шабынған бураның кең жанарында шығысты көлбей көтерілген күннің шапағы ойнап, қарашығы қып-қызыл қанға толғандай.
Егес басталды. Кәнігі қанды қырғынның алдындағы саябыр. Бура ақ арланның көзін жоймай айқастың аяқталмасын топшылады. Оны жыртқыштар да ұққандай, алдыға арлан емес, басқа екі бөрі шықты. Сарыбура мойнын созып, таяи берген көк қаншыққа шүйілген. Бұлтарып кетті. Екі жақтан да басқадай батыл қимыл болған жоқ. Енді ақ арланның өзі ашық майданды бастады. Көптігіне сене ме, әлде аштық пен ыза буған ба, ақшуланның аянтын түрі көрінбейді. Ажалды ауызға бір басып, екі басып мысықтабандай жылжыды. Сарыбура арланға қарсы бет қойды да, жалт бұрылып, бүйірлемек болған ірілеу қаншыққа қарсы ұмтылған. Арланмен бірге батыл қимылдап жүргеніне қарағанда «Басқұртқасы» осы болуы керек. Құртқа жалтарып үлгере алмай, тыпырлап қалды. Бел омыртқадан қапсыра тістеген бураның азулары бөрінің белінде айқасты. Ұйықтан шыққан қаншықтың күлімсі иісінен жиркенсе де, жібермеген Сарыбура бел омыртқаны күтірлете шайнап, көз көрінім жерге атып жіберді.
Қаншықтың жантәсілімін көзі көрген ақшулан бураның тура тамағын көздей атылған. Аузына алқыммен қоса, мол шуда ілікті. Қапысыз тістеген азулар ажырамай көкжал ауада асылып қалды. Манадан топ басының әр адымын баққан бура бұл шабуылға дайын еді. Арланды астына ала, шөгіп, төсімен мыжғылай берді. Сол мезет мінер жақ саны шым еткендей болды. Бұл-артынан келіп, ауыз салған екінші жас арлан еді. Алайда, бұлшық етті санға тісі батып, азуын бойлап батыра алмады. Артқы аяғын тіктеп алған бура оны серпіп жіберді. Майтабан дегенмен дүлей күшпен серпілген күштен жас арлан омақаса құлады. Сол сәт қалғандары бураға жапа-тармағай жабыла кетіп, жарып тастаулары керек еді. (Бөріше талау дегендей, бұл қасқырлардың ірі жемтігіне қолданатын кәнігі тәсілі-тұғын). Бірақ, ондай батыл қимыл болған жоқ. Бөрілер бет-бетімен бытырады. Расында, да топ басы ақшулан бураның астында қалды. Аналық-Басқұртқа ажал құшты. Екінші арлан болса бойын тіктей алар емес. Қалған «көрбала күшіктер» көзсіздікке бара алмады...
Ақ арланды біржайлы қылған Сарыбура бойын тіктеген. Аман қалған үш бөрі сайдағы құнаншаға бет қойыпты. Жан ұшырған бура солардың соңынан салды. Саны мен мойнын жуған қанға қарамай ызалы бура өлермендене алға ұмтылды.
Бұл кезде Сарыбураның келесі ауылға таяп қалған. Өрістен үркіп шықса да, айуанбысың деген, жүре жайылып, жайымен оттаған түйелерді ауылдағылар бірден байқай қойған жоқ. Тек төбе басында тұрған қарт түйеші ғана Сарыбураның келесін танып, «жарықтық даладан талғажау таба алмаған-ау» деп қарап тұрды. Түйелер жақындай бере, келеде Сарыбураның жоғы көзге ұрды. Бұл-сары шалға сезік туғызды. Бастырма астында тұрған «Бәйгеқұланы» жабу сыртынан лезде ерттеп, атқа қонды. Келені аралап шықты. Ішінде қоңыр құнанша мен Сарыбура көрінбейді. Кейде «сарының» бурасыраған інгеншелерді аулаққа апарып шөгетіні болатын. Көңілін жамандыққа қимаған шалдың ойында күдіктен үміт басым. Әрі, бұл төңіректе «Сарысына» батып тиетін жыртқыш бар деп те ойламайтын. «Түйеқазаққа» дейін бұта-қалтарысты атүсті көзімен сүзген. Ізім-қайым. Күдік қалыңдай түсті. Түйеші Сарыбура жайылатын «Тілеген-Тұрлан» мазарын бетке алып, «Бәйгеқұланың» басын қоя берді. Батар күнді бетке алып ұшыртқан қарияның жүзіне қарау әсте мүмкін еместей. Тақымында мылтық, түлкі тымақтың құлағын артқа жымырып байлап алған. Шақшиған жанарында алау ойнап, жүзінен үскірік ескендей. Алдында арландар ұясы емес, аш арыстан тұрса да, жанына балаған түлігі үшін тәуекелге бел буғандай.. Мазарға жақындай бергенде қан іздері байқалды. Бұл Сарыбура мен қасқырлар бірінші шарпысқан майдан даласы болатын. Қарт түйекеш ауыздығымен алысқан аттың басын кілт тоқтатып, қанға үңілген. Түйенің өлімтігі көзге түспеді. Ақ ұлпа жүндер мен қасқырдың табандары жатыр. Денемен Сарыбураның катерге ұрынғаны анық болды. Сары шал Бәйгеқұлаға шындап қамшы ұрды. Онсыз да еті қызған арғымақ құйындай жүйткіді. Алда бұтасы қалың, паналы, терең сай болатын. Тақай бергенде сай бойынан Сарыбура көтеріліп келе жатты... Үсті-басын ақ қырау басқан, тұла бойына қан қатқан Ойсылқара төлі иесін көргенде, ыңырсығандай дыбыс шығарды.
-Аруағыңнан айналайын, асыл түлік! Боғыңды жейін адалым-ай, Айбарым-ай, тірі екенсің ғой. Бар екенсің ғой!- деп еңкілдеген шал аттан домалай түсіп, «Сарысының» мойнынан құшақтады. Тәуліктен аса жыртқыштармен айқасқан Сарыбура иесінің өңіріне тұмсығын тығып сұлқ тұрды.
Ол кезде сай табанында аяғы мертіксе де, тамағы сау қоңыр құнанша алаңсыз күйіс қайырып жатқан.
Қорғанышың болғаны қандай жақсы...