Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ: «Ер Едіге»

Өтепберген Әлімгерейұлы 1949 жылдың 26 мамырында Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Жиделі елді мекенінде дүниеге келген. 1972 жылы Абай атындағы қазақ педагогика институтының филология факультетін бітірген соң, еңбек жолын Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында мектеп мұғалімі болып бастады. 1973–1990 жылдар аралығында Атырау облыстық «Коммунистік еңбек» («Атырау») газетінде еңбек етті. Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірген (1987). 
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында (1999–2001) директор, Атырау облыстық телерадиокомпаниясында (1998–2008) бас редактор-төрағаның орынбасары, Атырау облыстық «Атырау» республикалық «Алтын Орда» газеттерінде (2008–2012) бас редактордың орынбасары қызметтерінде болды. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде (2000–2011), доцент (2007), Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының профессоры (2009), 2004 жылдан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Атырау филиалының жетекшісі. 
Әдеби туындылары 1966 жылдан түрлі газет-журналдарда жарияланып келеді. «Мақаш әкім» (1991, 2000, 2005, 2010), «Сарайшық» (2000), «Құныскерей» (2002), «Еділ жайлаған қазақтар» (2012), «Алаш аңсаған азаттық» (2011), «Құрманғазы» (2013), «Жадымыздағы жұлдыздар» (2013), басқа да жиырмадан астам әдеби, ғылыми-танымдық, публицистикалық кітаптардың авторы. Оның сценариі бойынша (А. Баетовамен бірге) түсірілген «Тағдыр» атты деректі телефильм Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы халықаралық телефестивальде 2-орынға ие болған. 
Махамбет, Асан Қайғы, Жиренше шешен, Бала Ораз, Мақаш әкім туралы зерттеулер жазған. «Егемен Қазақстан» газеті (1987) мен «Ара» журналы (1980, 1981) байқауларының жүлдегері. «Сарайшық», «Ақ Жайық ұлы», «Түлік төресі», «Ұзақ жол», «Тағдырмен тайталас», «Бәйтерек» атты кітаптары мен көлемді очерктері жарық көрді. 
Қазақстан журналистер одағы мен Орталық табиғат қорғау қоғамы сыйлығының үш дүркін (1980, 1982, 1994), Атырау облысы әкімінің Т. Амандосов атындағы (2012), Республикалық «Алаш – Рух» (2009), сондай-ақ Махамбет атындағы (1996) сыйлықтардың иегері. Қазақстанның Құрметті журналисі (2009). БЛКЖО, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеттері, облыстық ұйымның, Республика Мәдениет және Ақпарат министрлігі, Атырау облысы әкімі мен облыстық Мәслихаттың Құрмет грамоталарын иеленген. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерейтойлық медалімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медальдарымен марапатталған. «Құрмет» орденінің иегері. 2024 жылы қыркүйек айында дүние салды.

Ақ Орданың жиырма жылға жуық әмірі болып, Алтын Орданың гүлденуі мен Ноғай Ордасы іргесінің бекуіне бар күші, ақыл-айласын жұмсаған қандасымыз (Қоңырат) Құттықияұлы (кей деректерде Балтышахұлы) Едіге (1356-1419) тарихта аты қалған ұлы тұлға. Оның басқару, ел тұтастығын сақтаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Ол кезде Орданың билеушісі хан емес, би болған. Биден кейінгі тұлға Нұрадын, одан кейінгі лауазым – Кейқуат. Олар жайлы жан-жақты зерттеген В.В.Бартольд пен В.М.Жирмунский болса, қазақ ғалымдары ішінде Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Е.Мағауин, Ә.Сарай және басқаларыдың еңбектері зор.   
Академик В.М.Жирмунскийдің пайымдауынша Едіге Тоқтамыстың баласы Қадырбердінің қолынан өледі. Өлген жері жайлы Қадырғали Жалайыр «Ол уақытта Қадырберді хан Едіге бимен соғыс қылды. Жайықтан шыққан Елек суы еді. Одан жоғары үш Бөрте шығады. Соның орта Бөртесінде Қадырберді хан мен Едіге би қатты соғыс қылды» деп бидің қазіргіше айтқанда Ақтөбе облысы аумағында өлгендігін көлденең тартады. Ал ел әңгімелеріне құлақ түрсек, осы аймақта, яғни, Ақтөбе, Атырау облыстарының шекарасындағы Ноғайты, Сағыз өзендері арасында және Байғанин ауданында «Едіге», «Едіге ойпаты», «Едігенің жалы» деген жер атаулары бар. Сағыз өзені бойында Едігенің әке-шешесі жатыр деген де сөз бар. Халық айтса, қалт айтпайды, бәрі де негізі бар әңгіме болуы керек.   
Тарихта Ақсақ Темір мен Тоқтамыс және Едіге бір заманда өмір сүрген. Соған сай олар бірде тату боп бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жауларын жапырса, тағы бірде қатуланып, қайшылыққа да келеді. Зерттеушілердің пікірінше, Едігенің түркі тарихындағы екі еңбегін ерекше бағалайды. Оның алғашқысы Литваның әлемге әйгілі князі Витовтының 1399 жылы онсызда әлсіреп тұрған Алтын Ордаға Тоқтамыстың тобын бастап келіп, соғыс ашқанда Едігенің 12 тамызда қолбасшылығы арқасында Борсықтыда (өзен) ойсырата соққы бергенін Н.М.Карамзин «Мұндай жеңісті Шыңғыс та, Бату да көрген емес» деп жазды.  
Ал екіншісі, Едігенің түрік тектес халықтардың жер бетінен құрып кетуіне бел шеше кіріскен Ақсақ Темір шабуылынан сақтауы болатын. Едіге билік басына келген соң, Ордада Темірге қарсы 200 мың атты әскерді тұрақты түрде ұстап отырды. Соған сай қанша оқталса да Әмір Темірдің үлкен ұрысты бастап кетуге дәті бармады. 
Едігенің есімін елге әйгілеп, әлемге танытқан төрт түрлі ісі бар. Оның бірі – жоғарыда айтқан Борсықтыдағы ұлы ерлігі болса, екіншісі – 1408 жылғы Мәскеуге жорығы, кейін Хорезмді қорғауы мен Киевке шабуылы. Бұл оның ел билеп, мемлекет басқарудағы саяси жетістігі болумен бірге дарынды дипломат, ғажайып қолбасшы болғандығын дәлелдейді. Оған кезінде Шығыс тарихшылары «Жошы ұлысын өз дегенінше биледі», «Дешті елінің, Сарай мен Қырымның шынайы билеушісі», «Дешті Қыпшақ пен Өзбек елінің әміршісі» деп бағаласа, орыс жылнамаларында «Ұлы князь» деп атаған. Еуропалықтар «Дешті Қыпшақ әміршісі», «Татария императоры», «Алтын Орда билеушісі» деп айдар тағады.   
Алтын Орданы 18 жыл басқарған Тоқтамыс Едігенің әкесі Құттықияны, тағы бір нұсқада Балтышахты өлтіреді. Шындығында көптеген тарихшылар Едігенің әкесі Құттықия деп біледі. Кейін сол Тоқтамыстың басын Едіге алады. Бұл оқиға Түмен жерінде болған еді. 1397 жылы  Темір-Құтлық хан басқарып отырған Алтын Орда Сарайын Тоқтамыс екінші рет басып алып, арада бір жыл өткенде беклербек Едіге мен Темір-Құтлық оны тақтан құлатады. Тоқтамыс бала-шағасымен Киевке қашқанда Жәніке есімді қызы мен үш жасар ұлы-Қадырберді қолға түседі. Едіге Жәнікені күшпен әйелдікке алады. Бірақ ол үш жасар інісін жасырын түрде тәрбиелеп, өсе келе Қырымға қашырып жібереді. Кейін хандық таққа отырып, әкесінің кегіне бола Едігені өлтіреді.  
Халық аңызында Тоқтамыс пен Едігенің қазалануы жайлы әрқалай айтылса да, екеуінің мүрдесі мейлі Ұлытау болсын, болмаса Сарайшықта жатсын қатар жерленген. Олай дейтініміз, Ұлытау шоқыларының біріндегі қос бейітті  ел Едіге мен Тоқтамыстікі деп таныса, сол екі арысты Сарайшықтағы хандар пантионында жатыр деп те аңыздайды. Десе де, Тоқтамыстың денесі Түмен жерінде де, басы Сарайшықа қойылған көрінеді. Бұған дәлел ретінде мына бір әңгімені еске алайық. 1406 жылы Едіге мен Шәдібек хан (Едігенің туған жиені) Түменге жақын жерде Тоқтамысқа қарсы шайқасып, ақыры соңғысы қаза табады. Осы кезде Тоқтамыстың балалары Едігеге кеп «Беклербек, сіз өз мақсатыңызға жеттіңіз, әкеміз өлді. Енді мүрдесін алып жер қойнына беруге рұқсат етіңіз» десе керек. Сонда Едіге «Әкелеріңді қайда жерлемексіңдер?» деп сұрайды. 
– Шыңғыс хан ұрпағы екенімізді жұртың бәрі біледі. Алтын Орданы жиырма жылдай биледі. Төре тұқымы мүрделерінің тоғысқан жері Сарайшыққа апарамыз, - дейді балалары.
– «Батыр өлген жерінде» демей ме халық дәстүрінде. Олай болса, денесі осында қалады. Басы қадірлі екен, қалаған жерлеріңе апарыңдар! – деп қылышпен қолбасшы тамағын орып жіберіпті. Сөйтіп, артында ұмытылмастай із қалдырған Тоқтамыстың басы халық аузында айтылатын Жәнібек, Қасым хандар мен Қамбар батыр, Ер Тарғын, сол Едігенің өзі сынды Сарайшықта жерленеді.
Бір қарағанда, Едіге тек қазақ, ноғай халқының ғана есінде қалған тарихи тұлға емес, көптеген түркілердің ғасырлар бойы қадірлеп, айтып, жырлап өткен ел билеушісі және белгілі би. Халық аузында «Едіге айтыпты» деген билік сөздер жетерлік.  Бұл арада Едіге есімді билердің де болғанын естен шығармаған дұрыс.
Билеуші ретіндегі еңбегін тарихшылар талай уақыттан бері айтып та, жазып та жүр. Едіге бар өмірін ат үстінде, жаугершілікте өткізген. Тіпті демі үзілген 63 жасында да ол бес қаруы бойында жорықта айқасып өлді. Әдейі әкесінің құнын қуып, анау Қырымнан қылышын көтеріп, Еділден ат жалдап өткен Қадырберді Електің Үшбөртесінің жазғы жайлауында отырған Едігені өлтіреді де, осы жолғы алған жарақатынан өзі де жазым болады.   
Академик В.М.Жирмунский Ибн Арабшахтың хаттауынша «Едіге бет-әлпеті қарақоңыр, орта бойлы, нығыз денелі, айбатымен қарадай жаныңды шошытатын көзсіз ержүрек, шексіз кемеңгер, жұмсақ күлкілі, жомарт, айтпай түсінетін елгезек, табанда шешім табатын сергек, ғалымдар мен жақсы адамдарға үйір, жымия күліп әзілдесе сөйлесетін, ораза ұстап, намазын қаза жібермей шариғаттың етегінен ұстаған жан еді» деп жазады.     
Едіге кезінде Алтын Ордада Ислам дінінің түпкілікті орнығуына айтарлықтай еңбек сіңірген Алланың адал үмбеті. Мүмкін, содан да шығар, оны қандастары ақылдылық пен қайырымдылықтың үлгісі деп біледі, әулие деп қадірлейді.  
Едіге өлген соң Алтын Орданың бағы қайтты. Сыртқы жау көбейді. Осы кезде халық «Еділ қатса, кім өтпес, Едіге өлсе, кім келмес» дейтін болды. 
Жыраулар:
«Едігем  менің ер еді,
Елдің қамын жер еді.
Ел ішіне дау келсе,
«Мен шешейін» дер еді.
Ел шетіне жау келсе,
«Мен барайын» дер еді» деп жырға қосты.
Арада 130 жыл өткенде Алтын Орда құлады. 

Едігенің тегі жөнінде бірер сөз. Жоғарыда біз Ибн Арабшахтың жазбалары негізінде оны қоңырат руынан шыққан дедік. Бұл кейінгі жылдары Ноғай жұрты туралы түбегейлі түпшектеп зерттеген жазушы ғалым Әнес Сарайдың да тұжырымы. Ол Муин ад-дин Натанзи мен Әбілғазы Баһадүрдің жазбаларына сүйенген В.В.Трепавлов, басқа да орыс зерттеушілерінің Едігені маңғыт тайпасының тумасы дегеніне түбірімен қарсы. Әнес Төлендіұлының пікірінше, 1900 жылы Тифлисте шыққан Г.Ананьевтің «Караногайские исторические предания» кітабы мен «Моңғолдың құпия шежіресінде» (Өлгий, 1979), Қадырғали Жалайыр (Шежірелер жинағы, Алматы, 1997), А.Сикалиев («Ногайский героический эпос». Черкесск, 1994), басқа да ғалымдар еңбектеріне сүйене отырып және «Қырымның қырық батырындағы» (Алматы, 1989) Едігенің:  
«Атам атын сұрасаң,
Алатайлы Аңшыбай.
Баба түкті шашты Әзиз
Аңшыбайдың баласы
Парпария сұлтан хан еді.
Өз әкемді сұрасаң,
Құттықия бек еді,
Өз атым Едіге» деген сөзін келтіреді де, Едігенің Маңғытқа еш қатысы жоқ, ол қыпшақ Баба Түкті шашты Әзиздің ұрпағы деп нақтылайды. 
Едігенің әдеби бейнесі түркі халықтарының эпостық жырларында ерекше сомдалды. Басқасын былай қойып, Қарақалпақтың өзінде «Едіге» жырының 10, өзбек, ноғай, башқұрт, татар,  алтай тілдерінде 19 нұсқасы бар екен. Ал қазақ халқындағы күні бүгінгі қолда бар 550-ден астамғы эпостық жырдың біразы осы Ер Едігенің елдің басын біріктіру, іргесін бекітіп, қорғаудағы еңбегіне арналады.   
Соңғы жылдары Ақтөбе облыстық әкімдігінің қолдауымен белгілі жыршы-жырау Қазақ ұлттық университетінің профессоры Алмас Алматовтың жетекшілігі нәтижесінде «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбом жасалынды. Оған «Едіге батыр» эпосы, эпик жырау Мұрын Сеңгірбайұлы жырлаған «Қырымның қырық батырындағы» және ел ішіндегі кеңінен айтылып жүрген көлемді дастандар елуге тарта жыршының 60 сағаттық толғауларымен таспаға түсірілді. Мұндай қомақты іс бұрын-соңды қолға алынған емес. Керек десеңіз, кеңестік дәуірде татарлар мен башқұрлар, ноғайлар мен қарақалпақтарға «Едіге» жырын айтуға үзілді-кесілді тыйым салынды. 1938 жылы Қарақалпақстанда аталған жырды айтқаны үшін 76 жастағы Ерболат есімді қария (Оның толғауындағы «Едіге» жыры 1937 жылы Мәскеуден жеке кітап болып шыққан-ды) өкімет тарапынан іске тартылып, өлім жазасына кесілді.  
1944 жылы ВКП (б) Орталық Комитеті Татар обкомының жұмысы туралы тыңдап, «Едіге» жыры өткен заманды, басқыншылықты дәріптейді. Сондықтан оны айтуға болмайды деген қаулы алды. Аталған қаулы одақтас республикалардың көбіне тиесілі құжат еді. Осылайша, «Едіге» жыры тәуелсіздік жылдарына шейін жабық күйінде қалды. Едіге жайлы да әңгіме қозғалмады. Енді, міне, Тәуелсіздік таңы атып, Едігенің елімен қайта қауышуына мүмкіндік туды! 
Адамзат баласының әрдайымғы аңсайтыны азаттық. Тағы да ол алғашқы қауымдық құрылыс болсын, немесе қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған капиталистік қоғамды айтыңыз, бәріне де «азаттық» сөзі алдыңғы кезекте тұрады. Мейлі ол би болсын, би бағынар бек болсын, қай-қайсысында да бақталастық пен бақастық бар. Оны темірдей тәртіп пен тегеурінді билік арқылы жеңеді. Бұл ретте Ер Едігенің еңбегі зор. Ол сол еңбегімен елдің, түркі жұртыынң есінде қалды, халықтың құрметіне бөленді. Арада алты жүз жылдан астам уақыт өтсе де, атының ұмытылмай ардақталып, аңыз болып келе жатқандығы да содан болса керек. Әрине, Едігенің еске алар істері көп. Оның бәрін санамалау үлкен дүниенің үлесі, іргелі ғалымдардың жұмысы. Біздің айтпағымыз ел есіндегі әңгімелерге ден қойып, Едігенің мәңгілік тыныстап жатқан жерінің Сарайшық екенін қаперге беру, ұрпақтарымыздың есіне салу. Мүмкін ол Ұлытауда жатқан да шығар. Оған таласымыз жоқ. Бірақ, естіген құлақ, көне әдебиеттерден көрген көз жазықты емес. Естігенді еске салу, көргенді көлденең тарту – міндетіміз. Ендеше, азаттық аңсаған күндеріміз баянды боп, жалғаса берсін. Ардақтыларымыздың аңыз әңгімелері таусылмасын.     
Тағы бір әңгіме. Жоғарыда біз айтқан Едіге атына байланысты жерлерге орай соңғы кезде біраз жұмыс атқарылды. Соның бірі –«Едіге жалы» қонысындағы бейітке қойылған құлпытас. Ол Сағыз ауылының (Қызылқоға ауданы, Атырау облысы) 20 шақырым шығыс бетінде, нақтысы қазіргі Ақтөбе облысының Байғанин ауданына қарасты. Қопа елді мекеніне таяу жердегі көлденең деген биік жалда. Оның дәл орталық жотасында көне уақыттардан бері иінін жел мүжіп, күн қақтаған еңсені қызыл кірпіш (күйдірілген) мазардың орны бар. Бірақ, бейіт жермен жексен із емес, тұғыры көзге ұрады. 2016 жылы жергілікті қариялар, тарихшы-өлкетанушы ғалымдардың қозғауымен бейіт сырты темір шарбақпен қоршалып, маңдайшасына мәрмәрдан қос құлпытас қойылған. 
Біріншісіне «Ер Едіге(1356-1419) – Алтын Орданы 17 жыл билеген әмірші.
«Едіге патшалық құрған күндер сан ықылымдағы нұрлы сәуле болса, ол салтанат құрған түндер замана кейпіндегі арайлы шапақ болды» Ибн Арабшах, ХІV ғ.» деп, екіншісінде бұл жерде Алтын Орданы 20 жыл билеген көреген саясаткер, сайыпқыран қолбасшы, ел сүйіктісі Ер Едігенің асыл сүйегі жерленгендігі. Белгі қойған «Ер Едіге» халықаралық қоғамдық қоры мүшелері екендігі жазылған. 
Аталған тақырыпқа орай басқа да жұмыстар атқарылды.
Қашан да ер қорғаны болу-ердің ісі. Ал сол ерді үлгі тұтып, ардақтау Алаштың парызы. Ендеше парызымызды ұмытпайық, ағайын.