Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бейімбет Ермұқанов: «Алтын Орда тарихындағы ақтаңдақтар»

Бейімбет Бәйектіұлы Ермұқанов 1936 жылы Астрахан облысы, Володар ауданы, Тюрин ауылында туған. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері. ҚазМУ-ды және Мәскеу университетінің аспирантурасын, КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылым академиясының докторантурасын бітірген. Алматы жоғары партия мектебінде аға оқытушы, доцент, профессор, Алматы педагогика шет тілдер институтының, қазіргі Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ректоры, ҚазҰПУ-да кафедра меңгерушісі болып қызмет жасады. 2000 жылдан аталған оқу орнында профессор.  Ермұқанов - 100-ден астам ғылыми-зерттеу еңбектің авторы. Вьетнамның Хошемин қаласының Құрметті азаматы.

Батыс Қазақстан - ең алдымен географиялық ұғым. Сонымен қатар - ол республиканың бес табиғи-экономикалық аймақтарының бірі. Ол батыста Еділ сағасынан, шығыста Торғай даласына дейінгі кең алқапты алып жатыр. Терісте Жалпы Сыртпен, түстікте Үстіртпен шектеседі. Батыс Қазақстанға Каспий теңізінің солтүстік және солтүстік-шығыс жағалауы да қарайды. Батыс Қазақстан құрамына Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының жерлері кіреді.
Территориясының көлемі жағынан (736 мың шаршы км) бұл аймақ бірінші, халқының саны жағынан (2,2 млн. адам) ол республикада үшінші орын алады. Аймақтың орасан зор экономикалық потенциалы бар. Айталық, 90-жылдардың басында оның үлесіне республикада шығарылған мұнай мен газдың 100 проценті, сол сияқты хромит және никель-кобальт рудасы, борат, хром тұздары, өндірілген балық консерві мен қара уылдырық, ферроқорытпаның 70 проценттен астам, минералдық тыңайтқыштың 27 проценті тиесілі болды. Аймақтың экономикасында ауыл шаруашылығы да үлкен орын алады. Батыс Қазақстан — Кіші жүз қазақтарының мекені (территория жағынан Батыс Қазақстан аймағы Кіші жүзден біраз кем, себебі кішіжүздіктер қазіргі Қызылорда, бұрынғы Торғай облыстарының біраз жерін мекен еткен). Кіші жүз - Қазақ хандығының үш саяси-экономикалық орталығының бірі
Батыс Қазақстан, сонымен қатар, тарихы да ұшан-теңіз бай өлке. Оның өткені мен кеткені ежелгі заманмен ұштасады. Қола дәуірінде Батыс Қазақстан жерін арьялар мекендейді; арья – зороастризм дінінің қасиетті заңдар жинағы Авеста бойынша тайпалардың жинақы аты. Авеста бұл өлкеде сайрима, хьона деген тайпалардың атын атайды. Ерте темір дәуірі кезеңінде (б.з.д - VІІІ-IIІ ғасыр) бұл жерде савроматтар, массагеттер, сарматтар, аландар өмір сүрді. Осы кезде де Орал тауының түстігінде бірінші рет Геродот атаған монголоид нәсілдес аргиппейлердің мекендегені де ықтимал.
Б.з. II ғасырдың ортасында Батыс Қазақстан территориясына «іркілмес хүндар» (ғұндар) орнықты. Олар екі ғасырдай уақытта бұл жерде бой жиып, күшейіп, содан кейін IV ғасырдың 60-70-жылдары Европаға қарсы жеңімпаз жорығын бастайды. V ғасырдың ортасыңда олар Аттиланың басшылығымен атышулы құдіретті Ғұн державасын құрды. Ғұндар - ежелгі түркі халқы, олар Қазақстан жерін мекендеген европоидтық, ирантілдес көшпенділердің түркіленуіне шешуші рөл атқарды (тіл және антропологиялық жағынан да). Ғұндардың әсері Қазақстанның батысы мен шығысында басым болды, өйткені V ғасырдың аяғына дейін батыста ғұндардың Суда, шығыста Юэбань деген мемлекеттері болды. Ғұндардың арқасында түркі тайлалары мен халықтары Алтай тауынан Дунай өзеніне дейінгі орасан зор алқапты өзінің ата-мекені етті. Олар Ұлы даланы XVIII ғасырдың аяғына дейін мекендеді. Патша үкіметі даланы ноғайлардан «тазартты», оларды қырып-жойды, жер аударды, көбін жерін, елін тастап қашуға, босқын болуға мәжбір етті. Қырым татарларының басым бөлігі, сол сияқты ноғайлар да Түркияны паналады.
VI ғасырдың 50-60-жылдары шығыста Сары теңізден (Тынық мұхит), батыста Қара теңізге дейін ұлан-ғайыр жерді өзіне бағындырған Ұлы Түрік державасының құрылуы Батыс Қазақстан тұрғындарының этногенетикалық процесінде түркі компонентінің біржолата жеңуіне әкелді. Ежелгі (көк) түріктердің қолдауымен Еділ бойындағы хазарлардың құдіреті асып, олар дербес мемлекет құрды (651 ж.). Еуроазиялық ірі мемлекет - Хазар қағанаты өзінің құдірет-күші жөнінен Византия мен Араб халифатына төтеп беріп, оларды өзімен достық қарым-қатынас жасауға мойынұсындырған мемлекет болатын. Сайып келгенде, Хазар қағанаты Түркеш және Қарлық қағанаттары сиякты Батыс Түрік қағанатының тікелей мұрагері. Түріктер хазар ұлысының маңызды бір бөлегі болып келді.
Астанасын Еділдің төменгі құйылысындағы Еділ қаласы етіп, батыста бір шеті Дунайға дейін, шығыста бүкіл Маңғыстау мен Атырау және Арал өңіріне қанат жайған Хазар елі қазіргі Батыс Қазақстан аймағын түгел алып жатқаны бесенеден белгілі. Осының өзі-ақ тарихшыларымызды, Хазар елімен, оның өткенімен тікелей шұғылдануға міндеттейді емес пе? Амал не, ондай қарақет әзірше байқалмай отыр.
Біздіңше, бұл қаракетсіздіктің басты бір себебі — дерек көздерінің тапшылығында, хазарлар жөніндегі мағлұматтардың әр тілге, әртүрлі шығармаларға шашырап кетіп, материалдык, мәдени ескерткіштердің, антропологиялық ақпарлардың аз қалғанында болып отыр. Әйткенмен, мұндай қиындық кез-қелген келелі зерттеуде кездесе береді. Біздіңше, бұл арадағы басты себеп саяси жағдай болса керек. Оны Мұхамеджан Тынышбаевтың қайғылы тағдырынан-ақ көруге болады. Кезінде ол қазақтардың тарихын Қазақ автономиялық республикасының мемлекеттік-әкімшілік аумағымен ғана шектеуге қарсы шықты. Ақиқаттың тереңіне бойлағысы келген ғалым Қара теңіз бен Азақ (Азов) бойындағы түркі халықтарының ертедегі тарихын аудара қарап, ақтара тексеріп, содан өз халқының түп-тамырын тапқысы келді. Алайда, патриот азаматқа «ұлтшыл» деген айдар тағылып, ол сталиндік зұлмат тұсында абақтыда опат болды. Қазірдін өзінде де республика шекарасынан тыс жерлерден ата-бабаларымыздың түп-тегін іздеу қатерлі. Бұдан әбден зәрезап болған қазақ тарихшылары сабақ алған сияқты. 
Асылы, осынау өлкенің өткенін зерттеу ісінің ең басты олқылығы отандас зерттеушілердің Алтын Орда туралы қалыптасып қалған пікірден шыға алмай отырғанында болар. Өйткені, Алтын Орда олар үшін өз ой-пікірін тануға келмейтін басқаның иелігіндегі жат ғибадатхана сияқты. Шынтуайтына келгенде, Алтын Орда кұрамына Жетісу мен Шығыс Қазақстанның аз-мұз бөлегі болмаса, бүкіл Қазақстан аумағы, яғни қыпшақ тайпалары одағының жері түгел дерлік кірген емес пе? XI ғасырдың аяғында қыпшақтар Жаңакент, Жент, Сырдария бойындағы және басқа қалаларды өзіне қаратып алды. XII ғасырдың алғашқы жартысында қыпшақтар екіге бөлініп, біреуі Батыс Қазақстан мен Аралдың терістігін, ал екіншісі Орталық Қазақстан аймағын мекендеді. Соңғысының астанасы Сығанақ қаласы болды. белгілі тарихшы марқұм Сержан Ақынжановтың пайымдауынша, қаңлылар - оғыз-бөсенелер мен қыпшак тайпаларының қаны араласуынан пайда болған ұлыс-қыпшақтардың Сығанақ иелігінде өмір сүреді.
Соңғы кезге дейін қыпшақ, қимақ, қаңлы біртұтас халық деген ұғым тарихи зерттеулерде үстем пікір болды. Қимақ аты тарихта біржолата жоғалғаннан кейін, Қазақстан жерінде қаңлы, құман деген ұлыс-тайпалар кең өріс алды. Соңғы зерттеулерде қыпшак, қаңлы, құман біртұтас халық емес, олар әртүрлі, бөлек ұлыстар (этнос) деген болжам тарауда. Біздің ойымызша, бұл пікір орынды, ол көп тарихи мәселелерді дұрыс шешуге жол ашуы сөзсіз, Алайда, құман, қаңлы тайпаларының шығу тегі, олардың кейіннен кең өріс алуы, қазақ халқының қалыптасуындағы рөлі осы күнге дейін нақты шешілмеген мәселелердің бірі. Олар көбіне қыпшақ деген жалпы атаумен тариғи оқиғаларда басты кейіпкер болып жүр. Мағлұматтардың аздығынан,  тіпті олар жоққа жақын, қаңлы, әсіресе құмандардың төл тарихын қыпшақ тарихынан ажыратып, бөлек жазуға әзірше мүмкіншілік жоқ. Сондықтан да олардың тарихы ескі сарынмен қыпшақ тарихымен ұштастарылады.
Қыпшақтар кезінде Жошы ұлысының, кейін Алтын Орда халқының негізін құрады. Бұған нақтылы дерек көздері куә. Мәселен 1245-1247 және 1253-1255 жылдары миссионерлік және барлау мақсатымен Моңғолияға саяхат жасаған католик сопылары Плано Карпины мен Гильом Рубрук. Дунайдан Еділге дейінгі құмандар (қыпшақтар) мекендейді деп айтады. Рубруктің айтуы бойынша, Еділден шығысқа қарай құмандарға бәзбір туыс кангиттер (қаңлылар) тұрады. Аталған саяхатшылардың мағлұматы Алтын Орданың түстік-шығыс шекарасын айқындауға көмек. Мысалы, Карпини Батудың інісі Шейбанның ордасы Сырдария бойында, ал ағасы Орда-Еженнің тұрағы Алакөл аймағында деп жазады. Рубруктің сөзіне ол арабтардың атауы, түрікше Талас шығысқа қарай алты күншілік жол жүрсең, Батудың иелігі бітіп, ұлы хан Мөңкенің ұлысы басталады.
Араб саяхатшысы Әл-Омари (XIV ғасырдың алғашқы жартысы) да Алтын Орда аумағының толық сипаттамасын береді. Өз шығармасында ол Алтын Орданың белгілі қалалары мен уәлаяттарының атын тізіп шығады. Олардың арасынан біз Хорезм, Сығанақ, Жаркент, Жент, Сайрам, Сарай қалаларын, сондай-ақ Сібір мен Ібір, Башқұрт және Шұлыман (Сібірдегі өзен) облыстарын табамыз. 1331 жылғы қытай картасында да Алтын Орда шекарасы нақпа-нақ көрсетілген. Оған қарап отырып Хорезмнің терістік бөлегі Үргеніш қаласы мен Сырдария сағасынан Сауран қаласына дейінгі жер Алтын Ордаға жататынын анық байқаймыз.
Алтын Орданың Батыс шекарасын Дунай өзеніне дейін тіреп, шығысын қазіргі Барабы және Құлынды далаларына дейін апаратын тарихшы В.Л. Егоровтың пікірі дұрыс қой деп ойлаймыз. Оның айтуынша, Құлынды даласынан әрі шекара түстікке ойысып, Алтай тау сілемдері арқылы Балқаш көліне бет алады. Ал Балқаштың шығысынан ұлы ханның жері басталады.
Алтын Орданың тарихына немқұрайлы қарау тарихымызды жұтандандыруы былай тұрсын, Қазақстан тарихшыларын ыңғайсыз қателіктерге де ұрындырып жүр. Көп томдық «Қазақ ССР тарихын» іргелі еңбек санай отырып, В.Л. Егоров Алтын Орданың жалпы та-рихын пайымдағанда жаңсақтық жібермеумен қатар, кейде тарихта жағырапиялық деректерді тұжырымдағанда орашолақ қателерге де ұрынады деп атап айтты. Аталған еңбектің II томындағы (1979 ж.) қателікті Егоров былай деп көрсетеді: «Мысал ретінде Ноғай ордасы жөніндегі мәселені алуға болады. Кітапта оның бөлек ұлыс болып кетуі XIII ғасырдың екінші жартысына жатқызылыпты. Соның өзінде де Ноғай ордасының негізгі аумағы Еділ мен Жайық өзендерінің аралығындағы далада, яғни Еділдің сол жағалауында болды деген тұжырым жасалады. Географиялық тұрғыдағы әнтектік тарихты білмеумен астасып жатыр. Мөңке Темір Батудың баласы емес. Ал Ноғайдың иелігі Днестрдің оң жағалауында болды. Ноғай ұлысы мен Ноғай ордасы аумақ жөнінен де, уақыт жөнінен де бір-бірінен мүлдем бөлек тарихи-географиялық түсінік» (Егоров В.Л. Историческая география Золотой Орды в ХІІІ-ХІV вв. М., 1985. 45-6).
Дәлелді сынға даудың қажеті жоқ. Шынында да Мөңке Темір Батудың баласы емес, немересі. 1369 жылы Талас өзенінің бойында болған құрылтайда Бату мен Үкітайдың немерелері Мөңке Темір мен Хайду, сондай-ақ Шағатайдың нәсілі Барақ Иранды билеп тұрған Халгуге қарсы өз күштерін біріктіру жөнінде шешім қабылдайды. Алтын Орданың ең қиыр батыс ұлысын билеп тұрған аса құдіретті Ноғай (Византия императоры оған әйелдікке қызын беруге мәжбүр болған), өзі Дунайда тұрғанымен, иелігінің ұйтқысы Прут және Днестр өзендерінің аралығы болды, 1300 жылы Алтын Орда ханы Тоқтыға қарсы күресте қаза тапты. Ноғайдың иелігі Шыңғыстың басқа ұрпақтарына ауысып, халқының біраз бөлегі Еділдің сол жағалауына көшірілді. Болашақта қазақ халқының қалыптасуын Ноғай ұлысынан келген тайпалардың шешуші рөлі тарихи болжам ретінде айтылатыны белгілі.
Алтын Орда — бұл моңғол империясының бір бөлегі, Шыңғыс хаңның үлкен ұлы Жошының ұлысы. Оның баласы Батудың батысқа жасаған жорықтарынан кейін ұлыс орасан зор территорияны қамтып, көптеген халықтардың басын біріктіріп, соңынан дербес мемлекетке айналды.
Тарихта оны Алтын Орда, Жошы ұлысы, Ұлы ұлыс, Қыпшақ патшалығы және тағы басқа атаулармен де атады. Алтын Орданың қазақ тарихына тікелей қатысы барын аңыз, тарихи жырлардан байқауға болады, оларды тарихи деректермен дәлелдеуге мүмкіншілік бар. Қазақ халқы осы күнге дейін Еділ, Жайық ара атамекен деуі, әрине, кездейсоқ нәрсе емес. Бір қызығы Уәлихановтың пайымдауы бойынша, «Еділ мен Жайық орыстардың Алтын Орда деп атайтын жері» (Уәлиханов Ш.Ш. 5 шығармалар жинағы. 1-том. Алматы, 1984. 167-б.). Алтын Орда кең мағынасында мемлекеттің, империяның атауы болса, тар мағынада ол хан ордасы. Алтын Орда деп Бату ханның және ұрпақтарының иелігін атады.
Алтын Орданың Жошы ұлысының хан ордасы екенін тамаша дерек көздері дәлелдейді. Айталық, Өтеміш-хажының «Шыңғыс-намесі», 1627 жылы құрастырылған орыс мемлекетінің ресми құжаты «Книга Большому Чертежу». Аталған кітапта былай деп «Царицын қаласынан төмен, Еділден Актөбе өзені ағады. Ақтөбенің бойында Царицыннан 90 шақырым жерде Алтын Орда орналасқан, онда татарлардың тастан жасалған мешіттері тұр... Алтын Ордаға қарсы 100 шақырымдай Нарын құмы... Бұзылық өзенінен Көк (Арал) теңізге дейін Үлкен ноғайлардың қонысы» (Книга Большому Чертежу. М.—Л., 1950. 143-144-б.). Аталған деректің тағы бір мағлұматы тарихшыларды да, оқырмандарды да ойландырмай қоймайтыны анық. «Ақтөбе өзенінен 90 шақырымда Алтын Орда басталады, онда орданың патшалары тұрған, олар Россия мемлекетінің қаһарлы ұлы князі Иван Васильевичке дейінгі ұлы князьдерінен алым-салық алған, олардың тастан жасалған мешіттері мен дүние толған қорымдары осы күнге дейін тұтас сақталған, айтушылардың хабарына қарағанда патша қазынасы да сақталған, оның байлығы мол, бірақ оны алуға ешкімнің мүмкіншілігі жоқ» (Сонда. 182-б.). Бұл үзіндіден XVI ғасырдың аяғына, тіпті XVII ғасырдың басына дейін Алтын Орданың қирамай, патша сарайлары, мешіттердің сақталғанын байқаймыз. Патша қазынасын ешкімнің алуына мүмкіншілігі жоқ дегенге қарағанда, хан ордасы иесіз қалмаған сияқты. IV Иван Қазан, Астрахан хандықтарын басып алғаннан кейін Алтын Орданың иесі кім болды? Ол - жұмбақ. Дей тұра, оған ноғайлардың қатысы бар екендігіне шүбә келтіру қиын.
Ноғай-қазақ біртуған. Ноғай ордасы туралы сөз болғанда, оның құрылуы Алтын Орданың құдіретті биі, атақты қолбасшысы, 1419 жылы Тоқтамыс ханның баласының қолынан Жайық бойында қаза тапқан Едігемен байланысты екені белгілі. Батырдың иелігі Едіге ұлысын, шын мәнінде Маңғыт жұрты деп атады (маңғыт - түркіленген моңғол тайпасы). Маңғыттар Жайық озенінің сол жағалауында үстемдік жасады. Едіге опат болғаннан кейін, Алтын Орда қайта қалпына келместей болып құлап, ұлттық сипаты бойынша бөлшектеніп кетті. Алдымен ол екі бөлікке: Батыс және Шығыс болып бөлінді. Араларында Еділ өзені тұрды, Шығыс бөлегіндегі кескілескен феодалдық өзара қырқыс 1429 жылы тоқталып, ол көшпелі өзбектер деген ат-пен тарихи әдебиетке кірген ұғыммен Шейбани әулетінен шыққан Әбілхайыр хан билік құрған мемлекет құрумен аяқталды. Кейін бұл арадан тәуелсіз үш мемлекет: Сібір және Қазақ хандықтары, сондай-ақ Ноғай ордасы шықты. Орда аталған хандықтарға қарағанда біраз кейінірек, яғни XVI ғасырдың 40-жылдарына таман құрылды. Ал Батыс бөлегіне келсек, бұнда XV ғасырда Крым, Қазан, Астрахан хандықтары мен Үлкен Ноғай ордасы ірге көтерді.
Қазақ хандығы мен Ноғай ордасының қарым-қатынасы мәселесі біздің тарихымыз үшін өте-мөте маңызды екенін атап айтқан абзал. Алайда, алдын-ала ноғайлы, ноғай деген ұйымдардың мән-мағынасын дұрыс түсінген жөн, Әдебиетте, кейбір зерттеулерде ноғайлы мен ноғайды бір ұғым, олар синоним деген, біздің ойымызша, жаңылыс пікір бар. Шынтуайтқа келгенде, ноғайлы өзбек сияқты Қыпшақ сахарасында моңғол шапқыншылығынан кейін қалыптаскан этникалық қауым. Моңғолдар қыпшақ арасында мидай сіңіп, қан араласып, өз тілдерінен айырылып, түркіленіп, қыпшақтарға да өз әсерін тигізіп, әсіресе иедология (чингисизм), мемлекеттік құрылыс жағынан, жаңа ұлыстардың (этностардың) пайда болуына үлкен себепші болды. Міне, сондықтан да көптеген түркі халықтарының құрамында бұрынғы моңғол тайпалары: маңғыт, қият, үйсін, дулат, барлас, қоңырат және т.б. кездеседі.    
Екінші жағынан моңғолдардың саяси үстемдігі кезінде түркі тайпалардың есімдері жойылып, көбіне моңғол атаулары ғана қалған, немесе түркі тайпалары моңғолша атанып кеткен. Осы жаңа этникалық қауымды шығыс деректерінде өзбек деп атаса, түркі халықтарының жырларында ноғайлы деп атаған. Сөйтіп, өзбек, ногайлы Қыпшақ даласындағы көшпенді тайпалардың ортақ жинақы аты болса, ноғай - ол этноним, яғни халықтың төл аты. Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде ноғай, ноғайлы деген ұғымдар қатар қолданылады, бірақ олардың мәні этнонимді білдірмейді. Халық аныздарына сүйеніп, Шоқан «ноғай — көшпенді дала татарларының (түркілердің) жалпы есімі», - деп жазады (І-том, 276-б.). Енді бір ол былай дейді: «Олар (қазақтар) ноғай деп Ақ Орданың татарлары мен ноғайлардың өздерін атайды» (ІІ-том, 60-б.) (Ш.Уәлиханов. Шығармалар жинағы. 4-том. 1985).
. Ақ Орда мен Алтын Ордадағы аласапыран (1360-1380) жылдары кезінде (Ұрұс) хан құрған қазақтың тұңғыш мемлекеттілігі болғанын ескерсек, онда ноғай, қазақ деген алғашында бір халықтың атауы екені айқын көріңіп тұр. Демек, қазақ және ноғай халықтарының белгілі сатысында ортақ, біртұтас тарихы болған.
Едіге ұлысы немесе Маңғыт жұрты Алтын Орда құрамында дербестік жағдайға жеткендердің алғашқысы болса да, тұрғындары өздерін маңғыт деп атап, тек XVI ғасырда ғана ноғай деп атала бастады. Ал маңғыттар болса, олардың тарихы сол кезден бастап қарақалпақ халқының тағдырымен тікелей байланысты болды. Шоқанның еңбектерінде, мысалы, қарақалпақ пен маңғыт қатар аталады. Алғашында маңғыттар Жайық пен Жем өзендерінің аралығында орналасса, XV ғасырдың аяғында — XVI ғасырдың бірінші жартысында маңғыттар (ноғайлар) Еділ мен Жайықтың төменгі саласын мекендейді. XVI ғасырдың екінші жартысында ноғайлар Сырдарияның сағасын, Арал теңізінің жағалауын және Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауларын мекендеді. XVI ғасырдың ортасында Қазақстан территориясында тағы бір ноғай ордасы пайда болды — Алтыұл немесе Жембойлық (Жем мен Сырдария аралығында). Бұл орданы құрған Үлкен Ноғай ордасының ұлы биі Шейх-Мамайдың Қосай бастаған алты ұлы болды.
Қазақ пен ноғай халқының бір кезде тарихы да, тағдыры да бір болғанын мынадай екі объективтік фактордан көруге болады: олардың рулық-тайпалық құрамы және аумақтық орналасуы.
Шынында да, Ноғай ордасының құрамына, мәселен, маңғыттар, наймандар, қоңыраттар, қытайлар, қыпшақтар, мыңдар, алшындар, қаңлылар, тоғышақтар, қияттар, керейіттер және т.б. кірді. Осыдан көрініп отырғанындай, Ноғай ордасының рулық-тайпалық құрамының Қазақ хандығының этникалық құрамынан онша айырмасы жоқ. Алшындар (Кіші жүз қазақтарының жиынтық аты) Ноғай ордасы халқының негізі болды десек артық болмас. Ал қазақтар мен ноғайлардың жер аумағы бір-бірінен тіпті айырғысыз. Ноғай ордасының батыс шекарасы Еділдің төменгі ағысының бір тармағы — Бұзан өзенінің бойымен өтеді, шығыс шекарасы Сырдария сағасымен шектеседі. Сайып келгенде, ноғайлардың қоныстанған өңірі кәдімгі қазақ жері, Қасым ханның тұсындағы Қазақ хандығының бөлінбес бөлегі. Демек, Ноғай ордасының XVI ғасырдың 40-жылдары Қазақ хандығы күрт әлсіреп кеткен кезеңде, Қасым хан қайтыс болғаннан кейін феодалдық өзара қырқыс күшейген тұста дүниеге келуі тіпті тегін емес.
Екі халық тарихының тығыз байланыстылығын ауызша да, жазбаша да деректер дәлелдей түседі. Ол-ол ма, Батыс Қазақстан, оның халқы: қазақтар мен ноғайлар Қазақ хандығының орталығы болды деген жаңа тұжырымға толықтай негіз бар. Бұрындық (Мұрындық) пен Қасым хандардың кезінде (Қазақ хандығының іргетасын қалаған Керей мен Жәнібектің ұлдары) қазақ мемлекетінің батыс шекарасы Еділ, Жайыққа дейін шектелді. Жайық бойындағы Сарайшық қаласын олар хандықтың астанасы етті. (Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. Ч. 2. Спб., 1864. 139, 154-бб.).
Қазақтың тұңғыш тарихшысы Қадырғали би Қосымұлы өзінің «Шежірелер жинағы» атты еңбегінде (1602 жыл) қазақ, ноғай хан, сұлтандар, билер генеалогиясы туралы өте құнды мағлұмат береді. Едіге би 63 жасында опат болды деп, Қадырғали би Едігенің мұрагері Құйыршық ханның (Әмір Темір Алтын Орданың ханы Тоқтамыс жеңіп, орнына хан етіп Ұрұс ханның баласы Құйыршықты тағайындайды) Сүйду деген қызынан туған Мансур би болады. Ақырында оны Барақ хан (Құйыршықтың ұлы) өлтірді Едігенің ұлдары Қази, Наурыз Барақ ханмен соғысып, ақырында оны өлтірді. Сөйтіп, Маңғыт ұлысында Мансур бидің орнына Қази би болады. Ол опат болғаннан кейін Едігенің үлкен ұлы Нұраддиннің ұлдары Афас, Уақас би болады. Олардан кейін Уақастың ұлдары Мұса, Ямғұрчи (Жаңбыршы) билік құрды. Онан соң Хорези би болды, — деп хабарлайды Қадырғали би. Онан сон, Хасан би болды, бірақ ұлысты Алшағыр (тағир) мырза биледі. Хасаннан соң Мұса бидің ұлы Шидақ би болды. Онан соң ұлысты Шэйх Мамай мырза басқарады. Онан соң Юсуф би болды, ол Мұса бидің ұлы еді. Онан соң Мұса би ұлы Исмаил би болды. Содан соң билік бұл заманға дейін Исмаилдың ұрпағынан таймады, деп тұжырымдайды қазақ жылнамашысы (Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. Алматы, 1997. 118-119-бб.).
Түрік халықтарының тарихын зерттеуде атағы шыққан, түріктің ғұлама ғалымы Зэки Валидың (ұлты башқұрт) еңбектерінде қазақ, ноғай халықтары туралы құнды мағлұмат береді. Мысалы ноғай билерінің қай уақытта билік құрғанын оның деректерінен білуге болады. Шидақ (Сейдақ) 1540 жылы қайтыс болған, Шейх-Мамай (1540-1548), Юсуф (1548-1555), Исмаил (1555-1563), Исмаилдың ұлдары Дін-Ахмед (1563-1580), Ұрұс (1580-1590), Дін-Ахмедтің ұлы Ормамбет (1590—1601) жылдары билік құрған (А. Zeki Velidi Togan. Bugunku turkili. Istanbul, 1981.124-б). 
Зэки Валиди сонымен қатар Алшағыр ұлы Орақ, оның ұлы Қази, Қарасай мырзалар (қазақ эпосында атақты Орақ батыр, Қарасай, Қази батырлар), Естерек ұлы Ер Тарғын туралы айтып, 1601 жылы Сейдак пен Дін Ахмет ұрпақтары бүкіл елімен 1600 жылғы аштықтан кейін Құбан мен Қырымға көшкенін де сөз етеді.
Қадырғали би өз еңбегінде Қасым ханның атақты хан болғанын, оның іс-қимылы көпшілікке мәлім екенін айта келіп, «оның хиқаясы әр жерде айтылады, сондықтан мәлім, мәшһүр болды» дей келе, «ақырында Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр», — деп хабарлайды. Сейтіп, казақтың атақты ханы Мырза Мұхаммед Хайдардың (XVI ғасыр) айтуынша, Жошы ханнан қейінгі Дешті-Қыпшақтың кұдіретті ханы Қасым туған жерінде, өз елінде, хандығының астанасында жерленуі орынды да, түсінікгі.
«Қазақстан тарихының» (2-том, 1997) авторлары орыс тарихшысы Н.М. Карамзиннің еңбегіне сүйене отырып, бірақ оған сілтеме жасамай, 1580 жыл шамасында Сарайшықты орыс қазақтары басып алып, тас-талқанын шығарып, тіпті молаларды да қиратып, қопарып, адам сүйектерін де, қабірден шығарған деп жазып, Қадырғали өз кітабын жазған кезде қалада Жошы ұрпақтарының зират-қабірлері де мүлдем болмаған, Қадырғали бек бұл кезде өзінің патронымен (тағы да қате, қазіргі кезеңге қисыны келмейтін ежелгі Рим империясындағы саяси-әлеуметтік ұғым; олардың «патрон» деп тұрғандары Россия құрамындағы Қасым патшалығының немесе хандығының патшасы, ханы қазақ сұлтаны Ораз Мұхаммед) ол туралы білмеген немесе білсе де бұндай вандализм әрекетін айтпаған деп кесіп тұжырымдайды (366-б.).
Біздің ойымызша, бұл пайымдау шындыққа жатпайтын сияқты. Карамзиннің еңбегіне сүйенсек, онда былай жазылған: «Казактар тұтқиылдан шауып Ноғай астанасы Сарайшықты да алды, оны талқандап, қабірлерді де қазып, сүйектерді де ашып, көп олжамен қайтқан» (Карамзин Н.М. История государства Российского. Т. IX. Спб., 1821. 380-б.). «Қазақстан тарихының» авторларының Сарайшықтың тас-талқан болып қирауы, тіпті жойылып кетуі деген пікірі күмән тудырады. Шынында да, орыс деректері де қаңғыбас, қарақшы болып саналатын казактар сан жағынан онша көп емес, осылар кенеттен Сарайшықты басып алып, оның тас талқанын шығарып, жойып жіберетін халі жоқ-ты. Бұл кезде қалада әскер де, көп халықта болмағаның болжау қиын емес, олар жайлауда, әдет бойынша, болған. Казактардың қатыгездігіне, жауыздығына еш күмән жоқ. Ноғай әскерінен зәресі ұшқан казактар, әрине, тегін олжаға қуанып, қаланы жылдамдап тастап кеткеніне мәз. Қала түгелдей қиратуға казактардың уақыты да, құралы да болмағаны анық. Сондықтан олар қайықтарына отырып, Жайық өзені жоғарғы саласына жүзіп барып, өздерінің калашығын тұрғызды. Бұл қалашык (Яицкий городок) қазақ даласында екі ғасырдай жападан жалғыз тұрған орыс мекені болды, ол жауынгер көшпенділердің: ноғайлардың, қазақтардың, қалмақтардың қоршауында    болды. Сондықтан да біз тарихшы М.Г. Сафарғалиевтің «Сарайшық Ноғай ордасы өмір сүрген уақытта қайта қалпына келтірілмей, жартылай қираған күйінде қалды» деген пікірі шындыққа жақын деп санай мыз (Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. Саранск, 1960. 22 б.). Қасым ханның қабірі тоналса да, Қадырғали заманында әлі сақталуы мүмкін.
XVI ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығының нығаюы Хақназар, Тәуекел хандардың басшылығымен байланысты десек, әрине, дұрыс. Алайда, тағы бір үлкен себепті атап көрсеткен жөн. Ол Ноғай ордасындағы алшындардың Қазақ хандығына қосылуы. Алшындардың арқасында Есім ханның кезіңде (XVII ғасырдың алғы ширегі) Қазақ хандығының халқы, М. Тынышбаевтың болжамы бойынша екі есе өсті. Кіші жүз құрамына, яки қазақ халқының құрамына ноғайлардың біраз бөлегі, олардың ішінде Алтыұл неме Жембойлық ордасының халқы түгелдей қосылды. XVII ғасырдың 20-жылдары қалмақтар Еділ-Жайық аралығына көшіп келгенде олар бұнда ноғайлардың бытыраңқы қалдықтарын ғана кездестіріп оларды өздеріне бағындырды. Сөйтіп, ғасырлар бойы бір тұрған, бірге өскен қазақ, ноғай халықтары XVII ғасырдың басында біржолата ай ырылысады, бұдан кейін олардың тағдыры басқаша, тарихы өзіндік болды.
Екі туысқан халықтың айырылысуы олардың есінде қайғылы кезең деп саналады. Оған Шоқан Уәлихановтың мына сөздері айғақ «Қазақ пен ңоғайлардың жылап айырылысуы, сол кезде дүниеге келген аңыз-дастандарда, күйшілердің қобызында ойнаған күйлерінде өшпес ізін қалдырды. Ол дастан-жырларды, күйлерді тыңдаған кәрілердің сақалынан тарам-тарам жас ағып, мұң-шерге батады. «Ормамбет би өлген күн, Он сан ноғай бөлген күн» деп жырлайды дала жыраулары» (Уәлиханов Шоқан. Тандамалы. Алматы, 1985. 124-б.). Туыс араласпаса жат болады деген рас-ау! Кешегі ең жакын туысымыз ноғай халқының тарихы, оның қазіргі өмірі, мүмкін тіпті болашағы да біздерге, қазақтарға жылы сезім туғызып, ағайындық парыз-борышымызды еске түсіріп, түркі ынтымақтастығына жол ашуға тиіс. Сондықтан да қазіргі уақытта шын мәнінде босқын болған Қырым татарларының тағдыры бізді ойландырмай қоймауға тиіс. 
Алтын Орда тарихын мұқият зерттеу қазақ тарихын дұрысырақ түсінуге мүмкіндік туғызып, ежелгі астана аймағының халықтың тұтастығы идеясының тууына, қоғамдық-саяси және философиялық ойдың қалыптасуына ықпал еткенін айқындауға арна ашады. Шынында да, қазақтың батырлық дастандары Ер Көкше, Ер Сайын, Ер Тарғын, Шора батыр, Қамбар батыр, Мамай, Тоқтамыс, Едіге жайындағы жырлардан бастау алады. Оларды жырлағанда бір рудың ер азаматы ғана емес, елін біріктіруге күш салып, Отанын қорғап қалған ұлттық батыр есебінде мадақтайды. Аталған есімдердің ішінде халық творчествосында Орақ, Қарасай, Қази батырлардың да ерлігі жиі аталады. Қорыта айтқанда, осы өңірден қазақтың тұңғыш ойшылы, философ әрі ақыны Асан Қайғының (Шоқан оны ноғайлардың перзенті деп санайды), тамаша ақын-жыраулар Қазтұған, Доспанбет, Шалкиіздің (ХV-ХVІ ғасыр) шығуы да заңды. Олардың бәрі де Еділ мен Жайықтың бойында туып-өсті. М. Тынышбаев Үлкен жүздің қазақтары Алтын Орданы жалпы білмесе, Орта жүздің қыпшақтары мен арғындары Алтын Орда мен ноғайлар жайындағы батырлар жырының алшындардан шыққанын ептеп қана сезеді,-деп атап көрсеткен-ді. Бір өкініштісі, осы пікірдің ауқымын бүгінгі тарихшылар кеңіте алмай отыр.
Кіші жүз — Қара шаңырақ иесі
Батыс Қазақстан Кіші жүз қазақ мемлекеттілігін құруда, «қазақ». «алаш» атауларының пайда болуында, яғни қазақ ұлысының қалыптасуына елеулі, тіпті шешуші рөл атқарды десек артық болмас. Осыған байланысты қазақ тарихының ғылыми негізін қалаушы, әлі де болса өзінің өзектілігі мен маңызын жоймаған ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың ой-пікіріне тоқталған жөн. Шоқан қазақ жүздерінін Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп атауының негізгі себебі ретінде олардың өзара жас үлкенділігін көрсетеді, яғни үлкен ұлдың ордасы (отауы), ортаншы ұлдың ордасы (отауы), кенженің ордасы (отауы). Соған қарағанда аталған жүздер уақыт жағынан да немесе олардын халкының саны, күш-қуаты жағынан да анықталмайды. Сөйтіп, Ұлы жүз, мысалы, жүздердің ішіндегі ең көнесі немесе ең құдіреттісі деген ұғым мүлде қате. Өкінішке орай, Шоқанның белгілі «Қазак шежіресі» деген еңбегін аударғанда автордың ойын дұрыс түсінбеген, дәл аудармай, тіпті бұрмалап та жіберген. Шоқан: «которые русские называют ордами и которые по старшинству у них называются Большая, Средняя и Меньшая сотня (Улу юз, Урта юз, Кичи юз)» дегенін қазақша: «Қазақтар үш жүзге бөлінеді: (орыстар Большая Орда, Средняя Орда, Младшая Орда деп атайды) Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз» (Валиханов Чокан. Избранные произведения. М., 1987. С. 253; Уәлиханов Шоқан. Тандамалы. Алматы. 1985. 110-б.). Өзіміз көріп отырғандай, аудармада «по старшинству деген негізгі мән жоқ сондықтан да жүздердің неге олай аталатындығы белгісіз болып қалады.
Шоқан: «По старшинству племенных союзов они составляют старшие орды Большую и Среднюю» дегенді тіпті бұрмалап жіберген: «Тайпалар одағының қуаты мен санына байланысты - Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деген ұғым қалыптасты» (аталған еңбектер: 254.112-б). Бұл үзіндіде тағы да «по старшинству» деген сөз аударылмай мүлдем жоқ сөздер пайда болады (қуаты, саны), олар Шоқанның пікіріне қарсы тұжырымға жол ашады. Орыстың «старшинство» деген сөзі үлкенділік, жасы жағынан үлкенділік деген мағына береді. Сондықтан да жүздердің бөлінуі жасы үлкенділігімен тікелей байланысты деген Шоқанның тұжырымы күмән келтірмеуге тиіс.
Шоқан бұл ойын қазақтың дәстүрімен, әдет-ғұрпымен байланыстырады. Алтын Орданың ыдырауынан дүниеге келген ұсақ хандықтар арасындағы талас-тартыстың салдарынан ірі-ірі әртүрлі рулар далаға қоныс аударып, қазақ қауымдарын құра бастады дей келе, Шоқан қазақтардың шыққан тегін Алаш, Алашамен байланастыруда тарихи шындық жатыр деп, Алаш XIV ғасырдың орта шенінде ғұмыр сүрген деген тұжырымға келеді. Еркіндікті аңсаған қазақ қауымдары өрлігімен, батырларымен көзге түскен. Шоқан: «Собственно прямыми потомками первых казачествующих баты¬ров, давших первичную самобытную жизнь союзу их, почитают Меньшую орду, основываясь на древнемонгольском законе, который, надо заметить, имеет у них до сих пор наибольшую силу и значе¬ние... право на наследие родителей, на их имущество... принадлежит младшему сыну или младшему члену фамилии — кендже. Посему на¬звание алчин, собственное имя всей этой орды, производят от имени первого законника — бия Майки казаков. Алача, одно отделение этой орды байулинского рода, прямо называется алача», — деп жазады.
Ал, бұл үзіндінің қазақша аудармасы адам түсінбестей бұрмаланған: «Жүздердің қалыптасуына ұйытқы болған, көне моңғол заң-жораларын қатты діттейтін қазақ батырлары қарашаңыраққа иелік ету, кенже ұлдың үлесі, әдет-ғұрыпты әлі күнге, дейін бұзбайды. Кіші жүз шежірелері Алшын атын қазақтың алғашқы биі — Майқымен байланыстырады. Он екі ата Байұлының бір тармағы да алаша деп аталады». Шын мәнінде Шоқанның ойы айдан-анық. Біріншіден, қазақ қауымына бастапқы өзінділік ғұмыр берген алғашқы қазақылық жасаған батырлардың нағыз тікелей ұрпақтары деп Кіші жүзді халық сайлайды. Екіншіден, бұлай болу себебі осы уақытқа дейін қазақ арасында әлі күшін жоймаған көне моңғол заңы бойынша қарашаңырақты кенже ұлының сақтап қалуы, ата жұртына ие болу. Үшіншіден, қазақтың төл аты алаш Кіші жүздің жинақы аты алшын болып, жалпы қазақ халқының құрамында тек осында ғана алаша деген ру сақталған. Сөйтіп, қазақ халқы Кіші жүзді, Шоқанның айтуы бойынша, бекер сыйламаған, ол ата жұртты, қазақтың төл атауын сақтаған.
Кіші жүздің тағы бір ерекшелігіне көңіл аударған жөн. Оның халқы, Шоқан айтқандай, батырлар ұрпағы. Кіші жүздіктердің турашыл, өр мінезі, батылдығы мен батырлығы қазаққа мәлім. «Кіші жүзге найза бер де жауға қой» деген мәтел бекер емес, Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте Кіші жүз жасағының зор ерлігін М. Тынышбаев сүйсініп жазды. Қазақ жерінің тұтастығын сақтауда, оны батыста Қасым хан заманындағы Қазақ мемлекетінің шекарасына дейін ұлғайтуы жолында шешуші рөл атқарғанын айтқан да абзал. Шынында да, Абылхайыр хан бастаған Кіші жүз батырлары жоңғар мен қалмақтардың күштерінің бірігуіне мызғымас тосқауыл болды, 1801 жылы Абылхайырдың ұрпағы Бөкей хан патша үкіметінің келісімі бойынша қазақтардың ата-мекенін - Еділ-Жайық аралығын қайтарды. Бөкей хандығы - патша заманында қазақтың соңғы мемлекеттілігі 1845 жылға дейін өмір сүрді. Қазақтың соңғы ханы Жәңгір — қазақтың бірінші мектебін ашты, халықты өркениетке шақырды. Қазан революциясына дейінгі қазақ зиялы қауымынын негізі Батыс Қазақстанда болуы да кездейсоқ емес.
XX ғасырдың басына дейін Кіші жүз халқы сан жағынан басқа жүздерден басым болды. Айталық, XVIII ғасырдың аяғында Үлкен жүзде 133 мың. Орта жүзде - 159 мың, Кіші жүзде - 165 700 отбасы болған. Бұл деректерді келтірген «Қазақстан тарихының» (2-том, 1997 ж.) авторлары, неге екені белгісіз, отбасында үш адам деп есептеп, Үлкен жүзде - 399 мың, Орта жүзде - 478 200, Кіші жүзде - 497 100 адам бар деп шығарады (Аталған еңбек. 405-406-бб.). Сонда қазақтың жалпы саны XVIII ғасырдың аяғында 1 млн. 374300 адам болған. Қазақ халқының осы кездегі жалпы саны 2 млн. кем емес деп түзету жасайды еңбектің авторлары. Тарихи әдебиетте қалыптасқан методика бойынша, көшпенділердің отбасында 4-6 адам болады. Орта есеппен 5 адам деп санасақ, төмендегідей нәтижеге жетеміз. Үлкен жүз - 605 мың, Орта жүз - 795 мың, Кіші жүз - 828,5  МЫҢ адам, небәрі — 2288,5 мың. Шоқан Уәлихановтың мәліметі бойынша, XIX ғасырдың ортасында қазақтың жалпы саны 1,5 млн. болса, Кіші жүзде 800 мың, Бөкей хандығында 150 мың (30 000 отбасы) адам болған (Шығармалар жинағы. 4-том. 1985. 203-б.). Бұл, мәліметте қазақ халқының саны толық қамтылмаған болса да (Үлкен жүз әлі түгел Ресейге қосылмағанды), Кіші жүздің халқының басқа жүздерге қарағанда артық екені айқын көрініп тұр. Арада бір ғасыр өткенде халық саны жағынан алға Орта жүз шықты. М.Тынышбаевтың есебі бойынша, 1917 жылы Үлкен жүзде адам саны 1170 мың, Кіші жүзде — 1790 мың, Орта жүзде — 2020 мың адам болған.
Кіші жүз көсемдері елінің ерлігін, көптігін, күш-қуатын жақсы білген, оған арқатаңып, хан алдында да, ұлыс алдыңда да сүмірейіп тұрмаған, өздерінің өр мінезін көрсетіп, ар-намысын ешкімге де таптатпаған. Атақты еңсегей бойлы ер Есім ханның қолбасшыларының бірі, Кіші жүздің билеушісі, батыр, әрі жырау Жиембеттің Есім ханға айтқан отты сөздер  оған куә. «Мен өлсе құнсыз кетер деме сен, кешегі өзіңнің ұрып өлтірген Тілеуберді құлындай, Тілеуберді құлың мен емес» дей келе, өзіндей батыр, қолбасшысыз ханның күйі не болатынын бетіне айтады: «Мен жоқ болсам, Есім хан, ит түрткіні көресің, Жиембет қайда дегенде, не деп жауап бересің». Ханның әділетсіздігіне, қорлығына шыдамаған Жиембет, артында қалың елі барын, сүйеніші барын зор мақтанышпен, зілді қаһармен айтады: «Арқаға қарай көшермін, Алашыма ұран десермін, Алыста дәурен сүрермін, қарамасаң, ханым, қарама, сенсіз де күнімді көрермін!», — деп Жиембет батыр Есім ханға өз наразылығын ашық айтады (Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, 1989. 52—54-бб.). Даналығымен, көрегенділігімен атағы шыққан Кіші жүздің Әйтеке биі де, «29 рудан кұрылған, санымен де, батырлығымен де бәрінен асқан, тәуелсіздігімен даңқы шыққан», Кіші жүз деп ол мақтан етеді (Үш пайғамбар, 149-б.). 

Алтын Орда және қазақ тарихы 
Алтын Орданың тарихын зерттеу арнасында ғана қазақ тарихна-масындағы бір көшпелі қатені түзеуге болатын сияқты. Ол - Әз-Жәнібекке байланысты аңыз. Қазақ халқының көп ғасырлық тарихында Әз, яғни данышпан, көреген деген атаққа екі-ақ хан: Әз-Жәнібек пен Әз-Тәуке ғана ие болған. Тәуке бұл атаққа өзінің іргелі істерімен жетті. Ал Жәнібекке келетін болсақ, оның іс-қимылында бұрынғы-соңғы оқиғаларға атсалысуында ондай ерен еңбегі байқалмайды. Барлығы да ауызша айтылып жүрген әңгіме және олар да үлкен күмән тудырады.
Орыс (Ұрұс) ханның шөбересі Жәнібек өзінің немере інісі (шын мәнінде ағасы) Кереймен бірге Қазақ хандығының негізін салғаны белгілі. Алайда шығыс жазба деректері де, қазақ жылнамашысы Қадырғали би де Жәнібек ханның айырықша аты шыққан қызметін атай алмайды. Оның үстіне Қадырғали оны Кіші Жәнібек деп атаған, бұл, әрине, кездейсоқ емес, басқа Жәнібекпен шатыстырмау үшін атағаны әбден мүмкін. Шынында да, Әз-Жәнібек деп Алтын Орда ханы, Өзбек ханның ұлы — Жәнібек (1342-1357) аталса керек. Осы аталған хандардың тұсында Алтын Орданың астанасы Сарай әл-Жәдид (Жаңа Сарай) болды. Жәнібектің кезінде Жаңа Сарай Алтын Орданың ғана емес, сол тұстағы бүкіл мұсылман дүниесінің ең ірі мәдени, ғылыми, діни орталығына айналды. Осы Жәнібек қана өз атына кемеңгер, қайырымды патша, дін мен ғылымның қамқоршысы деген ат қалдырып кетті. Орыс жылнамаларында оны қайырымды патша Жәнібек деп атады. Ол туралы дарынды тарихшы Әбілғазы хан тандана отырып жазады. «Жәнібек хан мұсылман патшаларының ішіндегі ең ғажабы болды. Ол ғалымдарға өзінін ой-өрісімен, тақуалық істерімен, адалдығымен көзге түскендердің беріне керемет құрмет көрсетті», - деп жазады ол.
Көшпелі моңғолдар құрған Алтын Орда тек көшпенділердің ғана елі болған жоқ, жаулап алған халықтарына аяусыз өктемдік жасап, қалаларын қиратып күл-талқан еткенімен, Шыңғыс хан, оның өсиетін бұлжытпай орындаған ұлдары, немере-ұрпақтары тәртіп орнатып, сауданы дамытып, халықтар арасында бейбітшілік сақтауды өздеріне мақсат қойды. Сондықтан да олар қалалар әкімшілік, сауда жене мәдени орталық ретіндегі маңызын түсінді. Батудан бастап бертінгі Өзбек, Жәнібек хандарға дейін Алтын Орда билеушілерінің саясаты қала тұрмысын барынша көтеріп, кәсіпшілік пен сауданы өрістетуге бағытталды, — деп белгілі тарихшы А.Ю. Якубовский орынды атап өтеді. Жәнібек тұсында да қала тұрмысы гүлденіп тұрғаның ұмытуға болмайды.
Алтын Орданың тарихына, әсіресе оның қалалық тұрмысына, жаңа көзқараспен қарап, терең зерттеген ғалым В.Л. Егоров. Ол Алтын Орданың 110 қаласы мен елді мекеніне тарихи-географиялық сипаттама берді. 1254-1255 жылдары Бату салдырған Сарай қаласы замандастарын таң-тамаша етті деп жазады Егоров. Оған XIV ғасырдың бірінші жартысындағы араб саяхатшысы Ибн Батуттаның жазғандары куә. Егоровтың пайымдауы бойынша, Алтын Орда аумағы енді жаппай көшпенділер мекендеген ұшы-қиырсыз кең дала ғана емес, қала салу мәдениеті бар отырықшы мемлекет. 
Алтын Орданы мемлекет есебінде сипаттауға мүмкіндік беретін казіргі қолда бар материалдарға үңілсек, ол — қала салу мәдениеті сол кездің деңгейімен алғанда барынша дамыған мемлекет. Мәдени дәстүрлерін ол жаулап алған халықтарының жетістіктері негізінде өрістете білді. Ал моңғолдардың өздері Алтын Орданың тұрғын үй және іргелі архитектурасына елеулі үлес қосты.
Қазіргі қазақ жерінде моңғол хандары салған қалалардың ішіндегі кезіндегі ішкі және халықаралық сауданың ірі орталығы болған Сарайшық қаласын атауға болады. Бір атап өтерлігі ол Жайық бойындағы жалғыз қала емес еді. Одан басқа қалалар да толып жатыр. Мәселен, итальян саудагерлері ағайынды Пициганилер (1367 жылы) Еділден шығысқа қарай Каспий теңізінің жағасында Хорезм аумағынан едәуір қашықтықта сегіз қала бар екенін, солардың бірі Маңғыстау екенін жазады.
Жазба дерек көздерінен Сарайшық жөнінде күтпеген (немесе тек біз білмеген) ғажайып мағлұмат табылады. Ал біз болсақ, бұрын қалыптасып қалған қасаң пікірден әрі аттап баса алмай, оны Алтын Орданың шалғай шеттегі елеусіз қаласы, мемлекеттің өмірі мен тағдырында ешқандай айрықша орны болған жоқ деп келдік. 
Сарайшық жайында алғашқы нақтылы деректі Ибн Батутта береді. Ол 1332 жылы Алтын Ордаға келіп, Бестау маңындағы Өзбек ханның ордасында болады. Өзбек ханмен Хажы-Тарханға, одан Сарайға (Сарай әл-Жәдид), әрі қарай Бұлғарға барып, Сарайға қайтып оралады. Кейін оның жолы Хорезмге түседі. «Сарайдан шығып, он күн жүргеннен кейін Саражүк («жүк» кішкентай деген сөз) қаласына келдік. Бұл қала арнасынан асып жатқан өзеннің жағасында екен, оны Ұлысу атайды, - дейді Ибн Батутта. – Өзеннің  үстінен Бағдаттағы сияқты кайықтарды қаз-қатар тізгізіп көпір жасаған. Бұл қалада Зәбия (дәруіштердің тұрағы, әсіресе тәуеп етіп келген жолаушыларды тегін азықтандырады) бар. Зәбияның иесі түркілердің бір тақуа қариясы, оны ата дейді, «әке» деген мағынада. Ол бізді сыйлап, батасын берді. Сондай-ақ бізді қаланың қадиы қабылдады», - деп жазады араб саяхатшысы (Ибрагимов Н. Ибн Батутта и его путешествия по Средней Азии. М, 1988. 72-б.). 30 күннен кейін Ибн Батутта Үргенішке келді.
Ибн Батуттаның әңгімесі Сарайшық жөніндегі тұңғыш тарихи жазба. Оның құндылығы да осында. Ибн Батуттаның Жайық өзенінің үстінен әлемдегі ірі қала Бағдадта сияқты аспалы көпір (понтон), түріктерден шыққан ислам дінін уағызшы қария жайындағы мәліметтер (араб сопысы емес, жергілікті түркі халқыың уәкілі болуы олардың арасында мұсылман дінінің кең тарағанының айғағы) қазақ тарихының жеке бір қырларына жаңаша қарауға мүмкіндік береді.
Исламның Өзбек ханның тұсында (1312-1342) Алтын Орданың ресми мемлекеттік дінге айналғаны белгілі. Ибн Батуттадан кейінгі деректердің хабарлауы бойынша араб саяхатшысының әңгімесіндегі қарияның есімімен Алтын Орданың исламды қабылдау тікелей байланыстырылады. Айталық, ұлы оқымысты, Орта Азияның билеушісі (Әмір Темірдің немересі) Ұлықбек өзінің тарихи шығармасында «Тарих-и арба үлүс» («Төрт Ұлыстың тарихы») қарияның есімін келтіріп, оның көшпенділер арасында мұсылмандықты таратуға қосқан айрықша рөлін айтады. «Сейіт-атаның арқасында Дешті-Қыпшақтың халқы хижраның 720 (1320) жылы исламға мойын ұсынды», — деп жазады Ұлықбек. Исламды қабылдағандар өздерін өзбек деп, кейіннен олар Арқаға көшіп кетеді. Өзбек тарихшысы Б.А. Ахмедовтың пайымдауынша, арқа Туркістан-Замин (Из истории науки эпохи Улугбека. Ташкент, 1979. 35-б.). Сейіт-атаның есімін Әбілғазы да атап кетеді. Сейіт-ата әулетінен шыққан Қисамеддин қожа жылына бір рет Арқадағы өзбектерге барып, зекет жинап қайтады деп жазады ол.
XIX ғасырдың 20-жылдары Сарайшық қаласының орнында болашақ «біздің халқымыздың Геродоты» (Ш. Уәлиханов) Левшин болып қайтты. Ол қаланың қысқаша тарихы мен сол кездегі жағдайын қағазға түсірді. Бұдан былайғы баяндауымызда сол оқымыстының деректерін негізге алуға тура келеді. Ал қазір Сейіт-атаның кім екенін айқындайтын мақаланың бір үзіндісін келтірсем артық болмас деймін. «Қазақтар мен татарлар Сарайшықтың жұртын (орнын) қатты қастерлейді, - деп жазады ол. — Бәз-бір обаны Мұхаммед уағызшысынын қабірі деп тәуеп етеді. Және әдейі арнап тәуеп етуге келіп құрмалдық береді» (Известия о древнем татарском городе Сарайчике).
Сарайшық қаласы салынғанда оның қоғамдық өмірдегі орны қандай болып белгіленгеніне қазір бірыңғай жауап беру қиын. Ол үшін деректер де, материалдар да әзір тапшы. Соған қарамастан бүгінде тарихшылар Сарайшықтың рөлі бұрын біз ойлағаннан әлдеқайда күшті болғанын жақсы біледі. Өзбек ханға дейін ис¬лам дінін Батудың інісі Берке хан қабылдағаны мәлім. Бұл жайында Әбілғазы былай дейді: «Бір кезде Берке хан (1255—1266) ағасы іргесін қалаған Сарайшық қаласына барды. Қаладан ол Бұхардан келген үлкен керуенді көрді. Сол керуеннен жақсы бір-екі адамды шақырып алып мұсылман ілімі, оның ережелері жайында сұрады. Олар мұсылмандықтың не екенін әп-әдемі түсіндіріп берді. Бақытты патша Берке хан шын жүрегімен елжіреп, мұсылман болды. Одан соң інілерінің бірі - Тоқай Темірді шақырып алып, оған өзінің сырын ашты. Ол да табан аузында мұсылман болды» (Абулгази. Родословное древо тюрков. Казань, 1906. 152-б.). Одан әрі Әбілғазы Сарайшықта Тоқты ханның жерленгенін, Жәнібектің осында таққа отырғанын, 17 жыл хандық кұрғанын, ақыры осында жерленгенін айтады. Жәнібек хан дүние салысымен, Сарайшыққа Әзербайжаннан оның ұлы Бердібек келіп, үш күннен кейін хан көтеріледі.
Бұл айтылғандардан Сарайшықты Бату салдырғанын, бәлкім, Сарай қаласымен бір мезгілде XIII ғасырдың 50-жылдарының басында еңсе көтергенін байқауға болады. Сарайшықта Жәнібек пен Бердібек хан көтеріліп, сондай-ақ мұнда Тоқты хан мен Жәнібек жер қойнына тапсырылғаны бұл қаланың саяси салмағын күшейте түседі. Әбілғазының әңгімесі бойынша Сарайшықтың маңызды рөліне таңқалған Левшин бұл арада сөз Жайық жағасындағы Сарайшық емес, Еділ бойындағы Сарай қаласы болып отырғанын топшылайды. Оның пікірінше, бұл екеуін шатастырып жүрген кейін деректі көшірушілер сияқты.
Меніңше, Левшиннің күмән-күдігінде онша негіз де жоқ. Қатенің осынау екі қаланың атынан кетуіне түсіну қиын. Өйткені, Левшиннің өзі Әбілғазының орыс тілінде шыққан шығармасына ешқандай күмән-күдік қелтірмейді. Оның үстіне Берке ханның Сарайшыққа баруын Сарай қаласымен әсте шатастыруға болмайды ғой. Өйткені, Сарай Алтын Орданың Беркенің өзі тұрған астанасы. Сондықтан ханның өзінің төл астанасына арнайы баруын қалай түсіну керек? Сайып келгенде, оның мұсылмандықты астыртын өз астанасынан басқа жерде қабылдауы да Сарайшықтың беделін өсіре түседі.
Әлбетте, Әбілғазының шығармасы әлде автордың, әлде аудармашының, әлде көшірмешінің кінәсінен азын-аулақ ақаудан ада емес. Сауатты тарихшы үшін онысы бадырайып көрініп тұрады. Мәселен Әбілғазының айтуына қарағанда, Жәнібек хан 17-жыл хандық құрған. Ал шын мәнінде оның билігі 15 жылға созылған. «Моңғолдар мен түріктердің үрім-бұтағының тарихын, олардың қайдан шыққанын, аты-жөндерін қожа Рашид Қазынауи сипаттап берді», - деп жазады Әбілғазы (Аталған еңбек. 31-б.). Ғалымның сілтеме жасап отырған тарихшысы атақты орта ғасырлық парсы зерттеушісі Фазылаллах Рашидаддин. Әбілғазының өзі қожа Рашид Қазынауи деп жазбасқа керек еді. Өйткені, Рашидаддин мұсылман болғанымен де, қожа емес. Оның түп-тегі жебірейлдерден шыққан. Сол үшін де көзі тірісінде келеке етіліп қуғындалып, қайтыс болғаннан кейін де көп мансұқталған. Мәселен, Ақсақ Темірдің ұлы Шахрух Рашидаддиннің мүрдесін қорлаған. Оның Қазынауи аталауы да мүмкін емес. Өйткені ол Хамаданда туған. Хамдадлах Қазышуи басқа бір атақты оқымыстының өсімі. Сөз жоқ, есімді бұлай шатастыру көшірмешілердің қателігі. 
Тақырыбымызға қайта оралар болсақ. Сарайшықтың айрықша маңызды орын алуына оның Ұлы Жібек жолында болуы, сөйтіп Алтын Орданың Хорезм, Иран, Монғолия, Қытай және Үндістанмен арадағы сауда жолының түйіскен торабында жатып оларды бір-бірімен байланыстыруында. Ұлы дүрбелеңнің (1360-1380) кезінде Алтын Ордада Сарайшық үшін Ильбан мен Алыпқожа қапы күресті. 1373 жылы мүнда олар өз есімін теңгеге ойып жазғызды. 1380 жылдың жазында Токтамыс Алтын Орданың астанасы Сарай әл-Жәдидті ғана емес, Қажы-Тархан мен Сарайшықты да басып алды. Тоқтамысқа қарсы екінші жорығында (1395—1396) Ақсақ Темір Алтын Орданың күллі ірі қалаларын тас-талқанын шығарып қиратып, тонап-талап құтын кетірсе де осы күнге дейін белгісіз себептермен Сарай мен Сарайшықты қозғаған жоқ. Сөйтіп, Сарайшық XV ғасырдың бірінші жартысында саяси күрестің ең ортасы болды. Ал XVI ғасырдың 40-жылдарында ол Ноғай ордасының астанасына айналды.
Сарайшықтың өмір сүруін қашан тоқтатқанын, қай кезде күл-қоқысқа айналғанын тап басып айту қиын. Бұл туралы тарихшылардың арасындагы әртүрлі пікірлер жайында біз айтқанбыз. Тегінде, Сарайшық Еділ мен Жайық өзендерінің арасына XVII ғасырдың 20—30 жылдары қалмақтардың келуіне байланысты түп орнымен құлап, тып-типыл болған тәрізді.
Бір қызығы Қазан революциясына дейінгі орыс тарихнамасында Сарайшықты Алтын Орда астанасы Сарай әл-Жәдидпен жиі шатастырды. Тіпті, күні бүгінге дейін ғылымда Сарайлар: Сарай-Бату, Сарай-Берке және Сарай әл-Жәдид жөнінде талас көп. Соңғыны Сарай-Берке деп жиі айтады. Зерттеуші Г.Е. Федоров-Давыдовтың арқасында бұл дау түпкілікті шешілді деуге болады. Сәйтіп, Сарай Астрахан облысының Қарабала ауданындағы Селитерн селосына жақын қалашық. Ал Волгоград облысындагы Царево жұрты Сарай әл-Жәдид деп білу керек. Олардың екеуі де Алтын Орданың астанасы болған. Біріншісі — ескі астанасы да, екіншісі — жаңасы.
Бұлардан бөлек Сарай-Берке деген дербес қала болған жоқ. Сондықтан Сарай-Берке деп Сарай әл-Жәдидті шатастырмау керек. XIV—XV ғасырдығы Сарай – ол әрине, Сарай әл-Жәдид. Белгілі шығыстанушы Б.Н. Заходер ескі сарынмен Сарай әл-Жәдидті Сарай-Берке деп атаса да, ол Сарай-Берке күнделікте жәй Сарай деп аталатынын көрсетеді. Осы Сарайға, яғни Сарай әл-Жәдидке, 1438 жылы Герат, Үргеніш арқылы Щираз көпесі Щамседдин қожа келеді. Бұл кезде де Сарай Еділ бойындағы ең ірі және өте бай қала болды. Шамседдиннен 28 жыл кейін Сарайда орыстың Тверь қаласының көпесі, саяхатшысы Афанасий Никитин де болды. Никитин ешбір анықтаусыз қаланы Сарай деп атайды (Заходер Б.Н. Каспийский свод сведений о Восточной Европе. Том II. М., 1967. 168-б.). Сөйтіп, XV ғасырдың еқінші жартысында да Сарай өз атын да, атағын да әлі жоймады.
Атырау қаласынан қырық шақырымдай жоғары Сарайшық елді мекенінің түбіндегі Сарайшық жұрты зерттеушілердің назарын баяғыдан бері аударып келеді. Сарайшықтың қираған жұртын XVIII ғасырда Рычков, Паллас, XIX ғасырда Левшин сипаттап берді. Әріден (1861, 1937 және 1950 жылдары) барлау бағытындағы қазба жұмыстары жүргізілді. Олардың материалдарына қарағанда, Сарайшық төрт құбыласы тең, бай ірі қала болған. Мәрмәрдің сыңықтары, өрнекті кірпіштер, әшекей бұйымдар мен теңгелер, шыны және күйдірген балшық ыдыстардың қалдықтары өте көп табылды. Бір балшық ыдыстың сыртынан Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» кітабынан келтірілген өлең шықты.
А. Левшиннің сипаттауына қарағанда, Сарайшықтың үш бұрышты екі дуалы болған. Оның сырты үйілген топырақпен қоршалған. Ішінде бекініс бар. Қазір бұлардан нақтылап ештеңені айыруға болмайды, - деп жазады Левшин. Тек бірнеше қазылған орлардын орны ғана жатыр. Шамасы, ол бассейн мен су құбырларының орны болса керек. Топырақ үйген обалар. Обалардың өзі бірнеше рет қазылып, қопарылған, қайта үйілген. Олар қазіргі Сарайшық бекінісі мен көршілес Гурьев қаласының тұрғындарының қолынан келген іс,- дейді Левшин. Оның төрткүл шаршы кірпіштерінен олар тұтас үйлер тұрғызған сияқты.
Қаланың қалдығынан қазына қоймасын іздеген бекініс казактары қайта-қайта тонап, асыл тастарын тып-типыл еткен тәрізді. Сондықтан кейінгі ғылыми зерттеулердін олжасы шамалы. Екінші жағынан ірі олжа тауып, жұртты таңқалдыратын жаңалықтар ашудың да мүмкіншілігі азайып барады. Өйткені, Жайық өзенінің жиі тасып арнасы кеңуіне орай қала жұртының орнын су шайып кетіп жатыр, Мәселен, 1937 жылдың өзінде-ақ көне қаланың 320 гектар алаңын өзен шайып кетті (Известия АН КазССР, №46. Серия археология. Вып. 1. Алма-Ата, 1948. 127-б.). Қазір қалғаны Сарайшық елді мекеніне ұласып жатқан көне қаланың азғана бөлшегі. Ол жойылса, Алтын Орда мен Қазақ хандарының мүрдесін іздеп табамыз деген үміт мүлдем үзіледі.
Батыс Қазақстан аймағы көп жағдайда жас тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын айқындайтын өңір десек, әсте артық айтқандық емес. Оңың үстіне бұл - тарихы да ұшан-теңіз бай елке. Соған қарамастан оның ежелгі және орта ғасырлық тарихы күні осы уақытқа дейін зерттеушілердің назарынан тыс қалып келгені және ақиқат.