Жақында аяқталғанына 79 жыл толатын Ұлы Отан соғысы- халқымыздың басынан өткерген соғыстардың ішіндегі ең ауыры. Ол жиырма миллионнан астам адамның өмірін қиды. Бұл соғыста миллиондаған адамдар қаза тапты, тұтқынға түсіп, концлагерьлердің азабын көрді.
Кеңес Одағының халқы жұдырықтай жұмылып, қауіпті жауға қасқая қарсы тұрды. Соғыс жылдарында 54 мыңға жуық атыраулық Отан қорғауға шақырылса, олардың ішінен 24 мыңнан астамы майдан даласында қаза тапты. Ерен ерлігі үшін он атыраулық азамат Кеңес Одағының Батыры, бесеуі «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.
Ұшқыш Хиуаз
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның ең жоғары наградасы - «Халық Қаһарманы» атағы жерлес апамыз Хиуаз Доспановаға беріліп, есімі жеңіс шежіресіне алтын әріптермен жазылды. Жерлесіміз, есімі мәңгі ұмытылмас Хиуаз апа Доспанованың ерлігі туралы қалың оқырман қауымға бұрыннан талай рет айшықты материалдардар жазылып, Атырау қаласының әуежайында батыр ұшқыштың ескерткіші ашылды. Бойындағы қорқынышын жеңіп, туған жерін сақтап қалу жолында жауды күйреткен санаулы адамдар ғана батыр атанады. Ерлік пен қайсарлықтың тағы бір жарқын мысалын Хиуаз Доспанованың соғыс кезіндегі басынан өткен оқиғасынан білдік.
Жауынгерлік тапсырмалардың бірінде Х.Доспанованың ұшағына жаудың зениттік пулеметіyен атылған снаряд тигендіктен, ұшақ басқаруға көнбей, жерге құлайды. Ұшақтағы екі ұшқыш қыздардың екеуі де ұшақ кабинасынан бейне бір жапырақтай ұшып барып, жерге соғылады. Өкінішке орай, ұшақтың ұшқышы жерге қатты соғылғандықтан қаза тауып, денесі жеңіл әрі нәзік, көптеген сүйектері сынып, әбден қираған Хиуаз тірі қалады. Ол аздай, госпитальда емделіп, азды-кем айыққан соң,(не деген жанқиярлық десеңізші!) ол ұшаққа қайта отырып, жауынгерлік ұшуларының санын 300-ге жеткізеді. Біз білетіндей, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Галина Курлина да екі рет жараланғанына қарамастан, соңғы жараланған сарбазды аман алып қалу үшін ұрыс даласынан кетпеген. Олар адами мүмкіндіктерінің шегіне дейін өздерінің әскери борышын өтеді. Біздің қасиетті борышымыз – олардың есімдерін ұмытуға жол бермеу. Осы бір ғажайып әйелдер туралы кітап жазу немесе деректі фильм түсіру, соның ішінде соғыста көрсеткен ерлігімен ғана емес, жанқиярлық еңбегімен жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлерімен де басқа да қаһармандар туралы материалдарды жинақтап, жүзеге асыру біздің ұрпақтарымызға зор үлгі болар еді.
Дәрігер Галина
Ұлы Отан соғысының оқиғалары жыл өткен сайын тарих қойнауына қаншалықты тереңдей түссе де, совет халқы мен оның Қарулы Күштерінің ұлы ерлігі халық арасында мәңгі сақталады. Бұған соғыстан кейінгі жылдарда жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге үнемі үлкен көңіл бөлінуі ықпал етті. Біз, аға буын өкілдері, сол кезеңдегі «Ел ерлерін білуге тиіс», «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген ұрандарды жақсы білеміз. Сондықтан Жеңіс күні қарсаңында мен бүгінгі ұрпақ өкілдеріне ерен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған Ұлы Отан соғысына қатысушы, біртуар әйелдің тағдыры туралы айтқым келеді. Әңгіме 1924 жылы Гурьев қаласында туған Галина Никоновна Курлина туралы болып отыр.
Мен өлкетану ісімен көптен бері айналысып жүрсем де, осы уақытқа дейін ол кісі туралы мүлдем білген жоқ едім. Қазір біздің анықтағанымыздай, Галина Курлинаның халық қаһарманы Хиуаз Доспановадан кейін облысымызда әскери орденмен марапатталған бірнеше әйелдің бірі екені белгілі болды.
Алайда, ол кісі туралы соғыс жөнінде жазылған бірде-бір кітапта көрсетілмеген. Атырау облысының батырлары туралы «Жеңіс сарбаздары» жинағында ол туралы бірде-бір мәлімет жоқ (2015). Жақында облыстық мұрағат қызметкерлері Р.Тастемірова және Ж.Альпиярованың көмегімен даңқты жерлесіміз Галина Никоновна Курлинаға қатысты Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан бірегей құжаттарды алуға қол жеткіздік. Бірінші құжат - Галина Никоновна Курлинаның марапаттау парағы, екіншісі - 230-шы атқыштар дивизиясының марапаттау туралы бұйрығы, онда Г.Н. Курлина тізімде көрсетілген. Бұйрыққа гвардия дивизиясының командирі полковник Украинский мен сол дивизияның штаб бастығы подполковник Дубинин қол қойған.
Галина Курлинаның ерлігінің сипаттамасында былай жазылған: «Дәрежесі: Қызыл Армия жауынгері. 1942 жылдан Қызыл Армия қатарында. Шақырылған жері: Гурьев ГВК, Қазақ КСР, Гурьев облысы, Гурьев қаласы. Қазіргі орны: Оңтүстік-Батыс майданы, 990 атқыштар полкі 230 атқыштар дивизиясы. Ерлік күні: 17.07.1943 - 20.07.1943. Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттауға ұсынылды. Ерлігі: 1943 жылдың 17 шілдесі мен 20 шілдесі аралығында Банновское және Богородничное селолары үшін болған шайқаста жаудың пулеметтері мен минометтері астында 30 жауынгер мен командирді қаруларымен ұрыс даласынан алып шықты. Екі рет жараланған ол ұрыс даласынан кетпей, жаралыларды таңуды жалғастырды, осылайша олардың өмірін сақтап қалды». Енді мұндай ерлікке қандай баға беруге болады? Әрине, «Қызыл Жұлдыз» ордені - оған берілген өте лайықты марапат. Дегенмен, біздің ойымызша, ол ерлігі үшін әлдеқайда маңызды марапатқа немесе тіпті атаққа лайық болды. Барлық уақытта шайқастың сәттілігі тек жойылған жаулардың санымен ғана емес, сонымен бірге мүмкіндігінше құтқарылған жауынгерлердің санымен де анықталады. Өйткені, ол өз өмірін қатерге тігіп, екі рет жараланып, үш күннің ішінде 30 жауынгерді ажал аузынан аман алып қалды, сол арқылы тағы бірнеше ұрпақтың өмірін ұзартты.
Жерлесіміздің ерлігіне тәнті болған оның әріптесі ефрейтор Коровин майдандық газетте былай деп жазған: «Дәрігер Галя Курлина жараланған жауынгерлерге үлкен сүйіспеншілікпен қарайды. Біздің бөлімше өзеннен өтіп, жауға қарсы шайқасқа аттанғанда, ол үнемі ұрыс құрамаларында болып, жауынгерлерге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Көрші бөлімшеде дәрігерлік нұсқаушы жұмыстан шығып қалды. Ұрыстың өрті мен қатты шаршағанына қарамастан Галя оны ауыстырып, барлық жаралыларға көмек көрсетті. Ерлігі мен қаһармандығы, жауынгерлерге деген сүйіспеншілікпен қарағаны үшін жолдас Курлина үкіметтік наградамен марапатталды». Оқиғаға қарап, бұл Галина Курлинаның тағы бір ерлігі болды деп қорытынды жасауға болады. «Өкінішке орай, қаһарман қыз бар болғаны 22 жыл өмір сүрді. 1944 жылы оның денсаулығы сыр беріп, әскер қатарынан босатылды. Гурьевке оралғасын өзінің сыныптасы Хамит Ахмировқа тұрмысқа шықты. 1945 жылы Татьяна есімді қызы өмірге келді, ол қазір Ресейде тұрады. Анасы туралы ол былай дейді: «Менің анам Курлина Галина Никоновна – Орал казак әскері армиясының казактары арасынан шыққан Курлин Никон Фомич пен әлеуметтік тегі бойынша дворян Добровольская Мария Даниловнаның қызы. Менің әжем медбике болып орыс-жапон соғысы және бірінші дүниежүзілік соғыстарына қатысқан. Менің анамның әже жолын қууы кездейсоқ емес деп ойлаймын. Олар Красноармейская қазіргі Ж. Нәжімеденов көшесіндегі 66-шы үйде тұрды. Анам мектепте жақсы оқыған, белсенді болған, сталиндік грамотамен марапатталған. Ол керемет билей білген. Әкем екеуі бір сыныпта оқыды. Жеті жылдық мектептен кейін мұнай техникумына түсіп, оны бітірді. 1942 жылы жасы 18-ге толғанда медбикелік курсты бітіріп, ерікті ретінде майданға аттанды. Соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Фашисттік Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды. Ол 1944 жылы жарақат алып, елге оралды. Әкемді кездестірдіп, олар үйленді. Мен соғыстың аяқталуына 2 ай 2 күн қалғанда дүниеге келдім. 1946 жылдың ортасында анам сүзекпен ауырып, қайтыс болды. Кезінде тарихи-өлкетану мұражайында анама арналған стенд болатын. Менің анам туралы іс жүзінде ештеңе есімде жоқ, өйткені ол қайтыс болғанда мен бір жарым жаста едім. Дегенмен, ол туралы жақсы естеліктер ол кісімен сөйлескен, араласқан адамдардың арасында ұзақ уақыт сақталған еді. Балалық шағымнан есімде қалғаны: көшедегі көршілер анамды адамдарға мейірімді, сыйластығы үшін, көмектескені үшін «кішкентай күн» деп атайтын. Ол әсіресе қарт адамдарға үнемі қамқорлық танытып, оларды көшенің арғы бетінен өткізіп, ауыр заттарын көтеріп, көмектесіп жүретін. Міне, біздің тамаша жерлесіміз Галина Никоновна Курлина - осындай жарқын адам.
Мамандығы бойынша математика мұғалімі, Галина Никоновнаның қызы Татьяна анасының суретін сақтаған. Онда біз кеудесінде ордені бар әскери киім киген әдемі әйелді көреміз. Ал, ол біздің тағы бір тамаша кейіпкеріміз Хиуаз Доспановаға өте ұқсайды. Екі кейіпкеріміз де өте сұлу, сырт көзге нәзік көрінетін қыздар болғандарына қарамастан, Отанға қауіп төнген кезде ешқандай ойланбастан майданға аттанып, жанқиярлықпен шайқасты, батыр атанды. Бұл бүгінгі жастарға үлгі емес пе?
Ал енді Галина Курлинаның майданға қалай барғаны туралы қызы Татьянаның естелігінде анасының 1942 жылы ерікті ретінде майданға аттанғаны, ол үшін шұғыл түрде медбикелік курстарды бітіргені айтылады. Расында да, соғыстың алғашқы жылдарында Гурьев қаласындағы қысқа мерзімді курстарда 2769 атқыштар, 1156 фельдшер, 127 танк жойғыш, 356 пулеметші, 156 медбике, 40 радиотелефонист даярланып, майданға жіберілді. Бәлкім, біздің кейіпкеріміз соғыстың ең сұрапыл мезгіліне жіберілген 156 медбикенің бірі болса керек. Бұны біз нағыз патриоттың таңдауы деп бағалаймыз. Өйткені, ол кезде оның мұнайшы мамандығы бар еді. Соған байланысты мұнайшылар майданға алынбады. Олар майданға қажетті мұнай өндірумен айналысты, соған қарамастан ол өз еркімен соғысқа аттанды. Ол өзінің орыс-жапон және Бірінші дүниежүзілік соғыстардың қатысушысы, «мейірімділік әпкесі» ретінде Флоренс Найтингейл медалімен марапатталған анасының жолын қуып майданға аттанып, ерлік көрсетті. Флоренс Найтингейл медалі - осы кәсіп өкілдері үшін ең жоғары марапат. Жалпы, соғыста ерлікке жету, әсіресе, даңқты жерлесіміз Галина Курлина сияқты қыздар үшін өте қиын екені айтпаса да түсінікті. Бірақ ол жауынгерлердің өмірін сақтап қалу үшін ерлік жасады. Мектептен кейін майданға аттанған кешегі қарапайым жастардың ерлігінің сыры неде, оларды осындай ұлан-ғайыр істерге итермелеген не? Біздіңше, мұның сыры - олардың Отанын, туған жерін жан-тәнімен сүйгендігінде, нағыз патриот болғандығында болса керек. Әрине, батыр болып ешкім жаратылмайды, бұл талқыға түспейтін шындық. Кеңес жауынгерлерінің ерліктері туралы Бауыржан Момышұлы негізінен өлімнен қорықпайтын, қорқынышты білмейтін адам жоқ деп жазған еді.
Мұғалім Зейнеп
Осы ретте өзімнің өмір жолымда тағы бір тамаша апаймен таныс болғанымды мақтан етемін. Ол кісі - соғыстан кейін Индер ауданы мектептерінде мұғалім болып еңбек еткен Ахметова Зейнеп апай.
Ахметова Зейнеп 1922 жылы Астрахан облысының Краснояр ауданында өмірге келді. Мектептен соң, 1937 жылы Астрахандағы орысша оқытатын педучилищеге түсіп, оны бітіргеннен кейін өзінің туған жерінде ұстаздық етті.
1942 жылы партияның шақыруымен әрі өзінің өтінішімен армия қатарына ілікті. Әуелі Астрахандағы байланысшыларды даярлайтын бөлімде оқып, кейін Мәскеуге аттанды. Әрине, соғыс кезінде аса қажетті деп саналмайтын орын болған жоқ, сонда да Зейнеп майданның қызу жүріп жатқан, қайнаған ортасына жіберіліп отырылды. Сталинградтағы ұрыс даласы... Жаяу Әскер қатары... Ауыр танк бөлімдерін авиация шабуылымен жалғастырушы байланысшы болды. Телеграфшы да, «Жауынгерлік бетше» шығарушы да және басқа да қоғамдық жұмыстарды атқарушы болды ол.
Осындай отты күндердің бірінде бұлардың полкіне ерекше атақ беріліп, «Қызыл жұлдыз» ордені тапсырылды.
Қ. Әбдіқадыровтың:
«Соғыстың жоқ ешқандай тамашасы,
Бір өлім, мың өмірдің арашасы»
дегеніндей, талай жауынгердің жанына арашашы болғандай жалынды жігерімен көзге түскен Зейнеп Ахметова «Майдандағы еңбегі үшін» медаль және грамоталардың иегері болды. Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия және басқа майдан жолдарын өтті.
Күйзелген көңілдер, жүдеген жандар ұлы жеңістен жұбаныш тапты, қуанышқа кенелді. Соғыс – ерліктің, елдіктің ұлы сын мектебі болды. Бұл – тек соғыста болғандар үшін ғана емес, соңғы келер буын үшін де күрделі мектеп.
Аман-сау елге оралған Зейнептің қайта жалғасқан ұстаздық жолында жауынгерлік өмірбаянының өзі бір төбе. 1945 жылдан Астрахан, Гурьев облыстарында ұстаз, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп басшылығында болған Зейнеп «Ұлы Отан соғысы» орденімен, Қазақстан Президиумының грамоталарымен марапатталып, оқу ісінің үздігі атанды.
Ұзақ жолдың үстінде бір белеске шыққанда:
- Қайда бара жатырмын? – деуден бұрын,
- Қайдан келе жатырмын? – деу абзал, - деп Бауыржан Момышүлы айтқандай, Зейнептің өткен өмір дестелері – кім-кімге де ой тоқтатып, өнеге аларлық жайт.
Тарих тағылымы – тәрбие тізгіні
Осы орайда 2013 жылы Ұлыбританияның астанасы Лондонға жасаған сапарым есіме түсті. Англияға барған сапарымда мен британдықтардың өз тарихын мұқият сақтайтынына және оны терең құрметтейтініне көзім жетті. Лондон қаласы өзінің ескерткіштерімен әйгілі. Көптеген ескерткіштердің ішінде (Сэр В. Черчилльге, адмирал Г. Нельсонға, герцог А. Веллингстонға, Арыстан жүректі Ричардқа, ағылшын буржуазиялық революциясының жетекшісі О. Кромвеллге және басқаларына) мені әсіресе атақты Биг - Бен мұнарасы жанында жауынгер әйел Боудикаға арнап тұрғызылған ескерткіш таң қалдырды. Боудиканың ерен ерлігі ежелгі Рим тарихшысы Тациттің атақты «Жылнамасында» сипатталған. Ағылшын халқынан үлгі алып, болашақта жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында облыс орталығында даңқты жерлестеріміздің ерен ерлігін көрсететін мемориалдық кешен тұрғызылса игі болар еді. Мақаламызды Бауыржан Момышұлының мына сөздерімен аяқтағанды жөн көрдік: «Жастарды асыл дәстүрмен тәрбиелеу керек. Дәстүр - өткеннің өлі жәдігері емес. Ол - бүгінгінің және болашақтың ұлы шайқастары үшін өткендердің қолдарымен жасалған және шыңдалған қуатты қару».
Әдебиеттер:
1.Мәңгілік мінәжат. « Ақ жайық баспасы» Астана- 2015.
2. Коровин С. Подвиг медицинской сестры Г.Курлиной. Фронтовая газета. 1943.
3. ГААО. Ф.1. опись 1. Дело -1106.
4. Тацит. Анналы.
5. Момышулы Б. Собрание сочинений. т 3.