2024 жылдың 2-ші қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев Астана қаласында Парламенттің біріккен мәжілісінде өткен «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе, жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек» деген болатын.
Сол жағымсыз әдеттерден қоғам түбегейлі арылуы үшін не істеуіміз керек деген заңды сұрақ өзінің туған еліне жаны ашитын азаматтың көкірегінде туындайтыны анық. Осыған байланысты біз бір мезгіл ата-баба мұраларына жүгінгеніміз дұрыс болмас па екен?
Уақыт өткен сайын, жасы ұлғайған біз сияқты адамдарды көп нәрсе алаңдатады екен. Мәселен, «осы біз өзімізден 150-200 жыл бұрын өмір сүрген бабаларымыздың өнегесінен нені алып қалдық, олар ғұмыр кешкен кезде бір-бірімен қандай қарым-қатынастар жүргізді, қандай ғибраттары мен жақсылықтары болды, соларды бізге еске түсіріп жандандырудың қазіргі заман үшін қажеті бар ма, әлде жоқ па?» деген ойлар мені кейде қатты мазалайды. Қазіргі кезде ұлттық сана, ұлттық менталитет, ұлттық құндылықтардың ешкім астарына үңіліп, мәнін түсінбейтіні даусыз. Сондай-ақ, ұғына алмайтын ұғымдар мен сөздер көбейді. Теледидарды ашып қалсаң жап-жас адамдар кез-келген каналдардан жаңағы сөздерді лепіріп, айтып жатады. Ал, күнделікті өмірде көретінің - дөрекілік пен үлкенді сыйламау сияқты келеңсіз көріністер... Сол биік ұғымдар мен сөздерді білмей-ақ, біздің аталарымыз өзінің ұрпағын тамаша тәрбиелей алды емес пе?
Бұдан 20-30 жылдай бұрын Алматы қаласында мұғалімдердің білімін жетілдіретін курстардың бірінде болғанымда бақайшағына дейін орысша оқып, орысша тәрбиеленген бір тарихшы ғалым: «Қазақтардың көшпенділігі. Номадизм» тақырыбында лекция оқып тұрып, өзінің ойын өзінше былай деп тұжырымдап: «Номадтық - әлемдік өркениетте ерекше қайталанбайтын құбылыс, бірақ оның қазіргі қазақтар үшін түкке де қажеті жоқ. Біз енді артымызға қарамай, тек орыс немесе европалық мәдениетке мойынұсынуымыз керек. Өйткені, номадизм тарих сахнасынан баяғыда кеткен, енді одан біз ештеңе де ала алмаймыз» деп қарап тұр!
Топта лекция тыңдап отырған жиырма шақты адамның басым көпшілігі өзге ұлттың өкілдері болғандықтан, оларға жаңағы профессордың айтқаны шыбын шаққандай әсер етпегені былай тұрсын, тіпті жандарына майдай жаққанын сезіп отырсам да, мен шыдай алмай, лекция аяқталғасын, профессормен көзбе-көз сөйлесе отырып, профессордың айтқанына керісінше, мәдениеттің екі бөліктен, материалдық және рухани мәдениеттен тұратынын айта отырып, номадтардың рухани мәдениетін біз, қазіргі қазақтар көздің қарашығындай сақтай отырып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің маңызы зор екендігін айтуыма тура келді.
Енді осы мәселеге байланысты оқушының назарын төмендегі мәселеге аударғым келеді. Біздің аталарымыз бұдан 150-200 жыл бұрын жастарды адамгершілік үлгілері мен ұлттық дәстүрге қалай тәрбиелегенін орыс этнографтарының зерттеулерінен көріп, өз халқым үшін мақтаныш сезімге бөлендім! Мәселен, 1889 жылы «Астраханский вестник» атты басылымның 64, 70,81, 88, 103, 113-ші сандарына И. Иванов деген орыс этнографының «Бөкей қазақтарының тұрмысынан очерктер» атты көлемі зерттеуі басылған екен. Оны біздің Атыраулық ғалымдар 2015 жылы «Атырау тарихы мен мәдениеті - XVIII-XX ғасырлардағы орыс деректерінде» атты тамаша кітапқа енгізген. Міне, сол орыс зерттеушісінің бұдан 150 жыл бұрын көрген-білгендерін оқушы назарына ұсынбақпын. Өйткені, Бөкей қазақтары деп отырғаны басқа ешкім де емес, тап біздің аталарымыз ғой!
Очерк бірнеше тақырыптардан тұрады. Біріншісі «Ойын» деп аталады. Бөкей даласының табиғаты - көріксіз әрі кедей. Гогольдің сөзімен айтқанда «онда барлығы ашық, құм және бос кеңістік», «ештеңе де қызықтырмайды, көзге де ілінетін ештеңе жоқ». Дала тұрғындарының өмірі де бірқалыпты, қызықтыратындай ештеңе жоқ. Міне, осындай сүреңсіз жердегі сүреңсіз өмірлерін көшпенділер қалай болса да көңілді етіп, өздері ойлап тапқан ойындармен өзгертіп өткізуге тырысады. Бірақ қазақтардың ойын сауығы да өздерінің өмірі сияқты өте қарапайым, сонда да олар сол шараларды көңілді етіп өткізуге «барлық жүректерін, барлық біліктерін» салып кіріседі. Даладағы қазақтардың барлық жан тәндерімен ұйымдастыратын сауығы «ойын» деп аталады. Ойын деген сөз «ойнау» деген мағынаны білдіреді. Мағынасына қарай «ойын» біздің деревнялар тұрғындарының «отырмақтарына» ұқсас болып келеді. Әдетте «ойын» жастар арасында, яғни, жігіттер мен қыздар арасында ұйымдастырылады. Ең әуелі өтетін орын таңдалады. Үлкен, әрі кең үйі бар кісімен киіз үйін кешке «ойын» өткізуге босатып беруге келіседі. Үйдің қожасы тарапынан көп жағдайда қарсылық болмайды, себебі оның талабы міндетті түрде қанағаттандырылады. «Ойынды» ұйымдастырушылар алдын-ала жақын ауылдарға хабаршыларын жіберіп, ойынның өтетін уақытын жариялайды. Хабаршылар өздерінің аттарымен ешқандай ақысыз, бірнеше күн бойы әр жерде орналасқан жігіттер мен қыздарға ойынның өтетін күні туралы хабар жеткізумен әлек болады. Кейде оларға 80-100 шақырым жерлерде отырған ауылдарға хабар жеткізуге тура келсе де, ешқандай қабақтарын шытпастан, өздерінің міндеттерін аяғына дейін орындап шығады. Олар осындай алыс жолдарға еш уақытта өздерімен бірге азық-түлік алып жүрмейді, себебі кез келген қазақтың үйінен олардың өздеріне тамақтың, ат-көліктеріне жем-шөптің табылатындығын біледі. Тіпті ең кедей деген қазақтың үйінен қонақ үшін ас табылады, олардың қонақжайлығы сондай, өздеріне ішетін, жейтін тамақ қалмаса да, ең соңғы жеп отырған нанын келген бөтен адамға бөліп береді.
Бұдан 150 жыл бұрын өмір сүрген біздің аталарымыздың адамгершілігі мен қонақжайлығы туралы орыс зерттеушісі осы деректерді жазып қалдырыпты. Осындай мәліметтер мектептер мен оқу орындарында неге оқытылмайтынына қынжыласың!
«Ойын» жөнінде хабар таратушыларды барлық ауылдарда құшақ жайып қарсы алады, себебі жастардың да көптен күткен ойындарына бару арманы орындалатынын білгендіктен, олар хабаршыларды қуанышпен қарсы алатын болған. «Ойын» белгіленген күні кешке қарай, қызылды-жасылды болып киінген жігіттер мен қыздар ат-көліктерінен түсіп, үйге кіріп, көңілді шараға құлшына кіріседі. Үйге кірген әрбір жігіт «ойынға» қатысушыларға қарап, «Ассаламағалайкум» деп сәлем берсе, қалғандары оған «Уағалайкум ассалам» деп жауап берген. Содан кейін киіз үйдің ішіндегі текеметтің үстіне төселген көрпелерге бәрі қыз бен жігіт болып араласып отырған. Қыздар үйге сәлемдеспей кірген. Басында, жұрттың бәрі жиналғанша салыстырмалы түрде тыныш болады: әзілдері естілмейді, қызу әңгіме де жоқ, кейбіреулері жаңа таныса бастаған, қыздар бір-біріне тақала береді, жігіттерден қашықтау орналасып, беттерін кең жеңдерімен қалқалап көрсетпеуге тырысады, бір- бірімен сыбырласып қана сөйлеседі. Бірақ жастар бір-бірімен танысқаннан кейін, олардың арасындағы әңгіменің де қыза бастағаны байқалады.Осы кезде жігіттердің арасынан «ойынды» бастап, оны жүргізетін басшы іріктеліп алынады. Жігіттердің арасынан жұрттың көпшілігін білетін, әзілкеш, сөзге шебер біреуі таңдап алынып, кешті жүргізуші болып тағайындалады. Жүргізуші өзінің міндеттерін орындауға кіріскеннен кейін қыздар мен жігіттерді олардың бір біріне деген ықыластарына қарай жұптап отырғызуға тырысады. Ақылы мол жүргізушіге қыздар мен жігіттердің бір біріне деген ықыласына қарай отырғызу үшін олар жөнінде білу көп қиындық туғызбайды. Себебі, ол кімнің кімді ұнататынын олардың қас қабағынан бірден байқайды, оның үстіне даланың тез тарайтын хабарынан да ол алдын-ала біліп отырады. Өзі ұнататын қыздың қасына ойын кезінде отыру- ол жігіт үшін «ойын» кезіндегі басты сыйлық болып есептеледі. Бұл «бақытқа» барлық жігіттердің бәрінің бірдей қолдары жете бермейді, ондай «сыйлық» байлау жігітті немесе жүргізушіні алдын-ала «разы еткен» жігітке ғана бұйырады. Бәрі отырып болғаннан кейін қонақасы беріледі. Дүкендерден алыс, сайын далада үй тағамдары: бауырсақтар, түрлі нан түрлері, құрт және басқа тағамдар, ал дүкендері жақын(5-10 шақырым) жерлерде конфеттер, жүзімдер, дәндер және т.б. ұсынылады. Тағамдар жұптардың алдына жайпақ ыдыстарға салынып беріледі. Әрбір жігіт, тағамды жесін, жемесін бәрібір үйдің иесі мен жүргізушіге ақы төлеуге міндетті. Жұптармен отырғандар, тамақ ішіп болғасын жартылай шеңбер құрып, «ойынға» кірісуге дайындалады. Жартылай шеңбердің алдындағы бос жерде «ойынға» арнайы шақырылған өнерпаздар: домбырашы, әнші, мақалшы және үйдің қожасы мен жүргізуші отырып, өздерінің міндеттерін орындауға кіріседі. Бұл жерге «ойын» қызығын көруге жиналған ауыл жұртшылығы жиналып, жастарды қолпаштауға дайын тұрады. Кеш өлең айтумен басталады. Өлеңді әдетте ақын немесе жырау, жыршы бастайды. Қазақтардың өлеңі – әдетте суырып салып айту әдісі арқылы қолданылады. Олар бастарына, ойларына не келсе сол бойда өлең шығарып айта жөнеледі. Көздеріне сиыр түссе, сиыр туралы, киіз үйді көрсе, киіз үй туралы, не болса ол болсын, қазақтар - суырып салып өлең шығаруға аса шебер халық. Өлеңдерінің мәні өте қарапайым, қайғылы, адамның көңіл күйін түсіреді.
Бұл жерде орыс зерттеушісі қазақ тілін түсінбегендіктен, қазақ өлеңінің жақсы жақтарын аша алмағандығын көрсетіп тұр. Ал, мына айтқандарымен толық келісуге болады.
Қазақтардың өлеңдері мен әндерінің олардың даласы сияқты шегі жоқ. Міне, сондай қазақ өлеңінің үлгісі:
Үйден шығып міндім мен қайығыма,
Базарға барғаным да айыбым ба?
Ел-жұртпен жолымдағы амандастым,
Керегім көп кездескей, лайым мұнда!
«Ойында» өлеңші былай бастайды: басындағы бөрігін оң қолына алады да, оны өзінің ауызына тақап, оны бір алып, бір тақап өлеңін қатты жоғары дауыспен айта бастаған кезде оның қолындағы бөрігін пайдалануы, оның дауысының қатты шығуына әсер етеді. Сондай-ақ өлеңші басын жан-жаққа қаратып айтқан кезде оның әні жан-жаққа тарайды екен. Бұл әдісті өздерінің дауысын қатты естірткісі келген қазақтардың бәрі қолданатын болып шықты. Домбырашы өзінің құралымен өлеңшіні сүйемелдеп отырады, кей жағдайда өзі де қосылып ән айтады. Енді сол домбырашы жөнінде. Бұл - өз алдына теңдесі жоқ шебер орындаушы. «Мен - өз басым,- дейді зерттеуші, -осынау бір қарағанда өте қарапайым болып көрінетін музыка аспабын домбырашының қалай құбылтып сайратқанын көрген адаммын. Домбыраны ойнаған кездегі домбырашының саусақтарының қимылын мен суреттеп жеткізе алмаймын. Оны тек адамның өзі көруі керек. Осы қарапайым музыка аспабында Бөкейлік қазақтар өздерінің тамаша күйлерімен қатар, орыстың халық әндерінің мелодиясын нәшіне келтіріп талай рет ойнағанының куәсі болдым. Жақсы домбырашы - қашанда әр қазақтың сүйікті қонағы». Ал, енді «ойынның» өзіне келейік. Өлеңшінің айтқан әрбір өлеңін көремендер дауыстарын көтеріп қостап отырады. Әдетте, әнші өзінің тамаша дауысымен әнді сорғалатып шырқаған кезде «ойынды» көруге келгендердің қатты риза болғандары сондай, «ой дөйт, деген-ай» деп қошеметтеп отырады. Шын мәнісінде, көрермендердің осылайша қошемет көрсеткені, әншіге жағымды әсер еткендіктен, ол өзінің әнін бұрынғыдан бетер қатты айтуға тырысып, барын салады. Қазақтарда, олардың ішінде Бөкейліктердің арасында жақсы әнші деп, неғұрлым дауысын жоғары нотаға созып, қатты айтқандарды есептейді. Орыс журналисі бұл жерде әншінің кімнің әндерін айтқаны туралы мәлімет келтірмесе де, сол ойында халықтың көңілінен шығып, оның ыстық ықыласына ие болған әнші Мұқиттың әндерін айтқан жоқ па екен деген ойға келдім, өз басым.
Ән салынып жатқан кезде жастардың арасында әңгімелер, «келісулер» және басқа әрекеттер болып тұрады. Жастар бір құлағымен әншіні тыңдаса да, олардың бар ықыласы өздерінің қасындағы көршісіне арналады. Ән аяқталғасын, «ойынның» ең қызықты бөлігі сөзбен жарысу басталады. Оған екі адам, қыз бен жігіт қатысады. Олар екеуі де өз істерінің нағыз шеберлері болып саналады. «Сөз жарыстыру» бір сағаттың үстіне созылып, егер екеуі тең түскен жағдайда жеңіс қыздың пайдасына шешіледі, себебі қазақ әйелдері ер адамдарға қарағанда пысықтау, әрі тапқыштау болып келеді. Сөз жарыстырудың негізгі мазмұнын келекелеу құрайды. Кейде, келекелеу мен мысқылдаудың қызғылықты болатыны соншалықты, естіп алып ойлайсың, «апырау, мынадай сөздерді қайдан табады екен?» деп. Осындай жарыстың кезінде қатысушылардың өнеріне тәнті болған көрермендер арасында қызу талқылау басталып, олар бір бірімен неше түрлі сайыстарға түседі, жарысқа түскен жұптарды қолдауларын қатты дауыстау, қолдарын шапалақтау арқылы және т.б. іс-әрекеттермен білдіруге тырысады. Жарыс жеңімпазына жирен деген ат беріледі. Ал, сөзбен айтысудың өзін «дауласу»деп атайды.
Бұл жерде зерттеуші қателескен болуы керек. Жастардың көңілді «ойын» сияқты іс-шарасында дауласудың орын алуы мүмкін емес. Ол - ру аралық қарым қатынастың кезінде болатын құбылыс, өзінің аты айтып тұрғандай, ойынды жастар от шығару үшін ұйымдастырмаған.
Сөзбен жарысудан кейін айтысқа қатысқан жұптар, келесі ойындарға кіріседі: олар жұп-тақ, орамал тастау, жүзік салу, көз байламақ т.б. болып бөлінеді.
Орыс зерттеушісі Н. Иванов Бөкейлік жастар қолданған ойын түрлерін атап өтумен шектелген екен. Оған да рахмет! Біз зерттеуші атаған өзіміз білетін ойын түрлерін қазіргі оқушы назарына ұсынбақпықпыз. Жастардың сүйіп ойнаған ойындарының бірі — «Орамал тастау». Ойнаушылардың саны көп болса, ойын соншалықты қызық болады. Ойнаушылар тең екі топқа бөлінеді де, арасы он адымдай екі сызықтың бойына қарама-қарсы қатарласа тұрады. Жүргізуші қолындағы орамалын бірінші топтың өз жағындағы шеткі ойыншыға береді. Ол өзінің қарсыласының біреуіне тастайды да: «қа» деп дауыстайды. Ол қағып «ғаз», дейді, болмаса «ла» дейді. Сонда «қағаз», «қала», т. б. сөздер шығады. Айтатын сөз екі буыннан ғана тұруы керек, мысалы «са» деп дауыстаса, «са-дақ», «са-қа», «са-бын»-, «са-қал», «са-рын» т. б. сияқты сөздер айтылуы керек. Орамалды қағып алған ойыншы сол бірінші буынның сөзі шығатындай етіп айтуы керек. Егер ол екі буынға арналған сөздің алғашқы буынын тез, дұрыс тауып айта алмаса, онда ортаға шығып, өнер көрсетеді. Енді орамалды қарсыластар тобына өзі лақтырады.Лақтырған кезде жаңағыдай сөздердің бірінші буынын айтуы керек. Жазаны жауап бере алмаған ойыншы да тартып, ортаға шығып өнер көрсетеді. Осылайша екі топтың ойыншылары орамалды бір-біріне лақтыра отырып, ойынды жалғастыра береді. Бұл ойын жастардың ойын дамытып, ана тілін жетік білуге, тапқырлық қасиеттерге үйретеді.
Жузік тастау — қыздар мен бозбалалар ойыны. Үйде де, далада да, көбінесе, кешке қарай ойнала береді. Қатысушылар саны шектелмейді. Ойынға қатысушылар дөңгелене отырып, жаюлы алақандарын тізелерінің үстіне қояды. Алақанында сақинасы бар бастаушы ортаға шығып, әркімге қол беріп амандасқан бола журіп, сақинаны білдірмей біреудің алақанына салып кетеді. Қолына сақина киген кici өзін-өзі сабырлы ұстап, ешкімге білдірмеуге тырысады. Сосын бастаушы ортадағы өз орнына барып «Жузігімді бер!» деп дауыстайды. Сол сәтте: жузігі бар кici: «Менде!» деп үн қатып, екi жағында отырған көршілеріне ұстатпастан, шапшаң атып тұрып, ортаға жетіп баруға тиісті. Егер көршілері оны ұстай алмай қалса, бастаушы айыпқа тартады, ал ұсталып қалса, ол айып жазасын өтейді.
«Ойындар» кезінде ертекшілер де аз болмаған. Жақсы ертекшілер тыңдаушыларын жәй қызықтырып қана қоймай, сонымен қатар шебер әңгімелеу әдістерімен де баурап алады. Мен талай тамаша ертегішілерді тыңдаған кезде байқағаным, олар өздерінің жартылай жабайы жерлестерін ғана емес, тіпті өздерінің биік өнерімен сауатты деген адамдардың өздерін баурап алғанын көрдім. Әңгімешілердің арасында әңгімені жақсы айтатын қыздар да кездеседі. Бұл жерде ерекше айтылуға тиісті нәрсе, қазақ қыздары өздерін өте еркін ұстайды, олар өжет, сөз тапқыш, айтатындарын ешкімнен қысылмай айта алады. Оның себебі көшпенділердің қыздары үлкендерден қысылып қымтырылмайды, ата-анасының қасында еркін өседі. Отбасында қыздардың дауысы жанұяның басқа мүшелерімен бірдей есепке алынады. Соңғы кездерде қыз балалар күйеуге шығу мәселесінде де өздерінің пікірлерімен санасуға талпыныс білдіріп, бұл мәселеде де өздері үшін оңды шешімдерге қол жеткізіп жүргендігі Бөкейліктердің арасында белгілі болды.
Бай ауылдарда жай ғана дәстүрлі тағамдардан бөлек, «ойынға» қатысушыларды қымыз ішімдігін тойғанша ұсынады екен. Бұл ішімдікті шараға қатысушылар аса көп мөлшерде пайдаланып, сылқия тойғанша ішетін көрінеді. Аса көп мөлшерде ішілген қымыз өз дегенін істеп, ойынға қатысушы жастар бұрынғыдан да бетер бір бірімен етене араласып, әңгімені бұрынғыдан да бетер қыздырып, әнмен домбыраның даусы бұрынғыдан да бетер күшті дауыспен естіліп, жұрттың мәре-сәре болуы шегіне жеткен кезде, енді бәрі жаппай билеуге құлшына кіріседі. Қазақтардың биі де қызық, қорбаңдап билегендері өздеріне жарасады. Бір қарағанда бұлардың биі қалмақтардың билеріне ұқсайды. Сондықтан ой келеді. Бұлардың қайсысы бір бірінен билерін алды екен деп. Әдетте, бұлар былай билейді. Ортаға екеуі шығады. Бір жігіт, бір қыз. Домбырашы би музыкасын, біздің «чижикке» ұқсас мелодияны ойнай бастайды. Бишілер осы музыкаға ілесіп, өздерінің аяқ қолдарын қимылдатып билей бастайды. Әрине құйындай үйірілген орыстың биіндей болмағанымен, бұл жастардың биі де айнала қоршаған көрермендерінің көңілінен шығып, көпшіліктің ризашылығының белгісіндей, ду қол шапалақтауға ұласып жатады. Бара-бара би билеу үшін ортаға жаңа жұптар шығып, жастардың сауығының сәнін асырып жібереді.
Мына орыс зерттеушісінің жазбаларынан біздер бабаларымыздың өнердің қазақ даласында кенжелеу қалған түрі бимен де айналысқанын көріп отырмыз.
«Ойын» болып жатырған кезде «ебін тапқан екі асайды» дегендей, жұптар жұрттың көзіне түспеуге тырысып, үйден сытылып шығып, жігіт қызбен оңашада өзінің көңіліне түйген бір-екі жақсы сөздерін ғана жеткізіп қоймай, қасындағы қас сұлудың бетінен де сүйіп алады, ол аздай жастар екінші рет қашан кездесу мәселесін де шешіп үлгереді. «Ойынның» арты барлық қатысушылардың жалпы биімен аяқталып, таң сәріде түні бойы кірпіктерін ілместен ауылдың іргесінде байлаулы тұрған ат- көліктеріне мініп, өздерінің үйлеріне тарқасады...
Біз орыс зерттеушісінің жазбасынан үзінді ғана ұсынып отырмыз. Салт-дәстүрге, ұлттың рухани құндылығына қызыққан әрбір оқырман оқып, өзі пікірін бөліседі деген ойдамыз.