XX ғасырдың 20-жылдарының аяқ кезінен бастап қазақ халқының басына түскен адам айтса сенгісіз ауырпалықтардың арасында өздерінің атам заманнан бастап иеленіп, ұрпағын бағып, қағып өсірген, кіндік қандары тамған жерлерінен, қолдарындағы бар мал мүлкінен совет үкіметінің пәрменімен бір күнде айырылғаннан кейін бастарын сауғалап, беттері ауған жаққа көшіп, босқындарға айналу - біздің жерлестеріміз үшін барып тұрған қасіреттің ішіндегі ең ауыр қасірет еді. Қайғының қара бұлты үйірілген сол жылдары өзінің туған жерін тастап, басын сауғалап Қытай, Монғолия, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, одан бөлек Ауғанстан мен Иран елдеріне асқан қазақтардың нақты санын әлі ешкім де шығарған жоқ. Өйткені ондай деректер архивтерде сақталмаған. Сол қайғылы оқиғалардан 70-80 жыл өткен кезде, туған өлкеден ауа көшкендердің ұрпақтарынан құралған 700-дің үстінде отбасы еліміз 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи отанына қайта оралып, қазіргі кезде Атырау қаласына қарасты Алғабас ауылында тұрып жатыр. Ол отбасылардың әрқайсысының өзінің шерлі тарихы бар. Бұл шерлі тарих қалай басталды, оның басында кімдер тұрды деген сұрақтарға жауап іздеген едік. Нәтижесінде, менің қолыма жақында Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты дайындаған «1920-1930 жылдардағы Атырау аймағы құжаттар мен материалдар жинағы» атты 2023 жылы Алматы қаласында басылған ерекше кітап түсті. Осы кітапта Орталықтың қазақ жұртшылығына қарсы жүргізген қысымшылық саясатына байланысты архивтік құжаттар жинақталған. Бұл кітапты дайындауға т.ғ.к., профессор С.О. Қуаныш ерекше еңбек сіңірген екен. Кітаптың 113-ші бетінде Ерекше Мемлекеттік Саяси Басқарманың құпия- саяси бөлімінің «1931-1932 жылдардағы ұжымдастырудың және шаруалардың жаппай наразылық-тарының жүрісі туралы» арнайы анықтамасы берілген.
«Москва қаласы, 1932 жылдың сәуір айы». Осы құжатта 30-жылдарда саяси қуғын сүргіндердің кесірінен өздерінің туған жерлерін, жылы орындарын тастап, өзге елдер мен өңірлерге ауа көшулердің себептері мен салдары көрсетілген. Сондықтан осы құжаттың кейбір мәліметтерін оқушы назарына ұсынғанды жөн көрдік. Құжаттың мәтіні былай деп басталған:
Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап және осы айдың қаңтар айында Одақтың жекелеген аудандарында бірқатар жағымсыз жағдайлардың орын алғаны, олардың арасында жаппай ұйымдаспаған стихиялы түрде басқа өңірлерге қоныс аудару, колхоздардан шығу, жерлерді тастап кету, азық-түлік және жемшөп жеткіліксіздігі, мал сою және мал өлімі, т.б. жаппай қылмыстарды жасау байқалды.
Қазақстан. Азық түлік қиындықтары. 1931 жылдың қазан айынан бастап, әсіресе солтүстік құнарсыз аудандарда азық түлік қиындықтары туындай бастады, олар соңғы айларда әбден ушығып, жаңа аудандарға жайылды. Егер, 1931 жылдың қараша-желтоқсан айларында азық түлік жеткіліксіздігі тек 7-10 аудандарда ғана байқалса, қаңтар мен ақпанның бірінші жартысында азық түліктің жетіспеушілігі 20 ауданға тарады, ал 28 ақпанға дейін 33 ауданға тарап, олардың арасынан 10 ауданның жұртшылығы аса зор зардап шекті. Толық емес мәліметтерге қарағанда, 32 ауданның 232 елді мекені аштықтың азабын қатты шегіп келеді. Барлық елді мекендерде тағы да сол толық емес мәліметтер көрсеткендей, 1931 жылдың желтоқсан айынан бастап, 1932 жылдың 10 науырызына дейін 1219 адам аштан өлген, 4304 адам аштықтан ісініп кеткен. Өлгендер мен ашыққандардың көпшілігі – колхозшылар. Қаратал және Павлодар аудандарында колхозшылардың бүтіндей жанұяларының қырылғаны байқалады. « Еркін жол» колхозында он отбасы, №8 ауылда - жеті отбасы, № 12 ауылда- екі отбасы, № 6 ауылда – төрт отбасы, Байқоныс колхозында- жеті отбасы аштан өлген. Цюрупа ауданында он бес колхозға дейін, Ақбұлақ ауданында он колхозға дейін, Шелек ауданында 102 колхозшы отбасы аштыққа ұшырады.
Қазіргі заман тұрғысынан алғанда Мәскеулік мекеменің дайындаған Қазақстандағы ашаршылықтың деректерін оқу өте ауыр әсер қалдырады. Бұл мәліметтер, әрине сол кездегі Қазақстанда болған ашаршылықтың картинасын толық аша алмайтыны сөзсіз. Бұл мәліметтер «теңіздің тамшысындай ғана». Шындығында, 31-32 жылдары Қазақстандағы ашаршылықтың масштабы орасан зор болған еді.
Малдың жәйі. 1931 жылдың аяғы мен 1932 жылдың басында малды жыртқыштықпен сою күшейген. Қазақстанның солтүстік аудандарында барлық жерлерде, әсіресе колхоздарда малды жою етек алды. Қаратал ауданында 1931 жылы қолда бар: 6731 жылқыдан, 30 өгізден, 625 түйеден, 7188 ірі қарадан, 4617 қойдан 338 жылқы, бірде бір өгіз қалмады, 65 түйе, 38 ірі қара, 677 қой қалды.
Колхоздардың жағдайы. Колхоздардың жағдайы шамадан тыс күрделі, колхоздарға адамдардың келуі мүлде тоқтап, керісінше, олардан жұрттың шығуы арта түскен. Азық түліктің жетіспеушілігі салдарынан әртүрлі аудандарда, әсіресе Ертіс, Еңбекшіқазақ, Ақбұлақ, Цюрупа, Федоровск, Қастек, Ақсу аудандарында колхозшылардың кетуі 70-80 пайызды құраған.
Аудандардың абсолюттік көрсеткіштеріне қарағанда, бір ғана Балқаш ауданының колхоздары құрамындағы 1500 шаруашылықтан 1114 шаруашылық безіп кеткен, Лебяжье колхозындағы 196 шаруашылықтан 130, «Молотов» колхозындағы 180 шаруашылықтан 100 шаруашылық, Ақбұлақ ауданындағы колхоздан 64 шаруашылықтан 54 шаруашылық, сол аудандағы Камышевка колхозынан 310 шаруашылықтан 237 шаруашылық, Шыңғырлау ауданындағы 346 шаруашылығы бар 2 колхоздан 261 шаруашылық, Ертіс ауданына қарасты 10 ауылдық кеңеске қарайтын 300 шаруашылықтан 100 шаруашылық, Абыралы ауданындағы №10 ауылдың 80 шаруашылығынан 50 шаруашылық беттері ауған жаққа безіп кеткен. Арал, Калинин, Анақатын, Горький, Булаев аудандарында 1932 жылдың 1-ші қаңтарында колхоздардан халықтың шығуы 30 процентті құраған. Бұл жағдай байлардың халықты үкіметтік шараларға қарсы қоюымен түсіндіріледі.
Бұл жерде үкіметтік органның барлық пәлені тағы да сол қазақтың ешқандай жазығы жоқ байларына жауып отырғаны байқалады. Ешқандай адам жақсы жерден, жақсы тұрмыстан безіп кетпейді. Қазақтың бүкіл малын тартып алып, ортаға салғасын, ешқандай дайындықсыз құрылған колхоздар халықты не жалақымен, не азық түлікпен қамтамасыз ете алмағандықтан колхозшылар аштыққа ұшырап, өздерінің отбасын, бала шағасының өмірін сақтап қалу үшін жан-жаққа қашудан басқа амалды ойлап таба алмады. Ал, үкімет болса босқындарға ешқандай көмек ұсынбады. Бұл құжаттан жандарын сауғалап жан-жаққа безіп кеткен қазақ жұртшылығына, аштан бұралып өліп жатқан адамдарға көмек ұйымдастыру туралы бірде бір деректі кездестіре алмадық.
Ауа көшулер. 1931 жылдың жазынан бастап Қазақстанның Қытаймен шекаралас бөлігінде мал тапсыру кезіндегі олқылықтарды шебер пайдаланған байлардың ықпалымен қазақ жұртшылығының барлық құрылымдарының (іштерінде орташалар, кедейлер және колхозшылар да бар) арасында Батыс Қытайға көшуге байланысты эмиграциялық көңіл күй анық байқалды.
Толық емес мәліметтерге сай 1931 жылы Қытайға 40 мыңға дейін шаруашылық көшіп кеткен. Қытайға көшу кезінде толықтай колхоздардың көшуін ұйымдастырғандардың арасында сол колхоздардың басқармалары, партия, комсомол мүшелерінің болғаны, олардың шекарадан көштің өткен кезінде үкіметтік ұйымдарға қарулы қарсылық көрсеткені, егер шекарадан өте алмаған жағдайда қарауындағы адамдарымен бірге сол аудандарда өкіметке қарсы қимыл жасап жүрген бандаларға қосылғаны немесе жаңа бандаларды құрғаны анықталды. Шекараға жақын орналасқан түрлі ауландарды тексеру қорытындысы жекелеген аудандардан тұрғындардың барлығынының үштен бірінің көшіп кеткенін көрсетті. Соңғы уақытта азық түліктің жетіспеушілігінің кесірінен қазақ жұртшылығының Қазақстанға көрші орналасқан Орта Азияға, Батыс Сібірге, Оралға, Орта Еділге қашуы және көшуі байқалды. Тағы да толық емес мәліметтерге қарағанда аталған аудандарға Қазақстаннан: 50 мың адамға дейін Орта Еділге, 16 мың шаруашылық Батыс Сібірге, 12 мың шаруашылық Орта Азияға, 1 мың шаруашылық Тәжікстанға көшіп кеткен. Өзге аймақтарға көшумен қатар, қазақтардың Қазақстанның өзінің ішінде көшулері көп байқалады. Жұртшылық бір ауданнан екінші ауданға әрі бері көшіп, азық-түлік қалдықтарын іздеп шарқ ұруда. Олардың, әсіресе, мал сою пунктерінің төңірегіне көп жиналатыны байқалады. Бірақ оларды қаруланған әскерлер қорғайтындықтан, ауыздарына ештеңе де тиіп жарымайды. Оның үстіне пунктердің айналасына белгілі бір қашықтыққа жақындап келгендерді ешқандай ескертусіз атуға бұйрық берілген болатын. Азық-түлік іздеп жанталасқандардың арасында Қаратал, Павлодар аудандарының жұртшылығының көпшілігі бар. Көшіп кеткендердің көпшілігі колхозшылар, арасында партия мүшелері де кездеседі. Кететіндер тек жеке адамдар немесе топтар ғана емес, бүтін ауылдар мен колхоздар болып тұр. Бірқатар аудандардың, атап айтқанда Павлодар, Мерке, Аягөз, Преснов, және т.б. аудандардың тек 50 пайыз халқы қалып, қалғандары көшіп кеткен. Қазіргі кезде осы аудандарда қалған жұртшылық жаппай көшуге дайындалып жатыр. Шымкент, Көкпекті және Талдықорған аудандарында кетуге 15 шаруашылықтан 1 мың шаруашылыққа дейін 9 топ дайындалып жатырған көрінеді. Көбіне көшіп кетушілер тамаққа түрлі жануарлар мен аңдардың өлекселерін, өлген малдың етін, иттің, мысықтың етін, мал соятын жерлерді бағып жүріп, еттің жарамсыз қалдықтарын, өлген малдың қанын ішеді.
Әрине, бұндай сұмдық деректерді оқу да есту де - сол бейбақтардың қазіргі ұрпақтары, біздер үшін қияметтің қиыны. Десек те, сол кездегі басшылардың осындай сұмдық ашаршылықты біле тұра, ешқандай шара алмағаны таң қалдырады. Бұл жерде тағы да жеке адамның тарихтағы ролін көлденең тартуға тура келеді. 1925 жылы Қазақстан басшылығына Голощекин келіп, ол кісі республиканы 1933 жылға дейін басқарды. Москвалық мемлекетттік органның біз оқушы назарына ұсынып отырған сұмдық оқиғалары тап осы Голощекиннің басшылығы тұсында орын алды. Бұл құжатта көрсетілген деректер сол кезде Қазақстанда орын алған сұмдық ашаршылықтың тек оннан бірі ғана болуы мүмкін. Себебі бұл құжатта Қазақстанның тек солтүстік және шығыс бөлігі ғана қамтылған. Біздің облыста 30-жылдары ашаршылықтың болғаны немесе болмағаны туралы өз басым архивтен ешқандай деректі кездестіре алмадым. Соған қарағанда, 30-жылдары Гурьев уезін басқарғандар халықты аштан алып қалудың қамын жасаған болуы керек. Оны бізге міндетті түрде анықтау керек. Қазақстанның Голощекин бастаған басшылары өз халқы қырылып жатқанда тек «сырттай бақылаушылар» болып қарап тұрған кезде, аштықтан қорлық көрген қазақтарға қол ұшын берген бір өзге елдің басшысы болғаны туралы мен жақында білдім.
Осы жерде өзімнің 2024 жылдың 30-31 күндері Алматы қаласында өткен саяси қуғын-сүгінге байланысты халықаралық конференцияда естігендерім есіме түсті. Тұрар Рысқұловтың мәліметіне сүйенсек, 30-шы жылдардың бас кезінде 100 мыңдай қазақ халқының өкілдері Қырғызстанға, оның астанасы Фрунзе қаласына аштықтан бұралып жеткен. Олардың көпшілігі қаланың көшелерінде аштықтан ажал құшқан. Ол туралы хабар Қырғызстанның сол кездегі басшысы Жүсіп Абдрахмановқа жетіп, ол кісі дереу Москваның тәртібімен товарлы поезға тиеліп жатқан астықты және ет өнімдерін өзінің халқына және аштықтан бұралып өлейін деп жатқан 20 мыңдай қазақтарға үлестіруге тапсырма берген көрінеді. Ол өзінің бұл әрекетін «Егер біз шұғыл шешім қабылдамасақ, біз де Қазақстандағыдай халықты аштан қырып аламыз. Сталин көп болса, мені жұмыстан босатар, қайта біз халықты аштан қырылудан аман алып қаламыз» деп түсіндірген. Не деген адамгершілік десеңізші! Көп ұзамай Сталиннің бұйрығымен ол жұмыстан алынып, үлкен азаппен Шоңтас ауылының жанында 138 адаммен бірге атылыпты. Қазір ол жерде Ата Бейіт мемориалдық кешені орналасқан. Тағы да біздің білген бір дерегіміз- ҚР президенті Қ К. Тоқаевтың атасы бастаған отбасы сол ашаршылық жылдары Фрунзе қаласына барып, ажалдан аман қалған көрінеді.
Мәскеулік құжатта одан әрі былай делінген: «Ертіс ауданының колхоздарында жергілікті басшылар өздерінің қарауындағы колхозшыларға еңбеккүннің есебінен азық түлік берудің орнына далада өсіп тұрған шөпті, өлген жануарлардың етін үлестіру практикасын қолданатын көрінеді. Авакум, Голубов, Новоиванов, Алексеев және басқа колхоздарда осындай «қамтамасыз етуден» кейін аштан өлмеу үшін ашыққан колхозшылар көршілерінің иттері мен мысықтарын тамаққа пайдаланудан басқа амалдары қалмаған. Осындай азық түлік жеткіліксіздігінің нәтижесінде 33 аталған ашаршылыққа ұшыраған аудандарда Мал Одағы базаларына 101 рет шабуыл жасалған. Қоймалардан нан, мал өнімдері тартып алынған. Бірақ үкімет күштері тарапынан көп ұзамай бұзақылар аяусыз жазаланды. Әсіресе, Мал Одағының ірі мал соятын пунктері ораласқан Турксиб өңірінде ашыққан қазақтардың толқулары көп байқалады. Мал өнімдері сақталған қоймаларға шабуылға бұл өңірде кем дегенде 500 адам қатысқан.Қазақстанмен көршілес орналасқан Сібір аймағында ішерге тамақ іздеп топ-топ болып босып жүрген қазақтар көптеп саналады. Соль-Илецк ауданында босқындар тарапынан -51, Петров ауданында-5, Елек ауданында - 4 шабуыл тіркелген. Даладағы түрлі өлген жануарлардың өлекселерін тамаққа пайдалануынан қазақтардың арасында түрлі жұқпалы аурулардың жаппай таралуы етек алып, босқындардың арасынан мыңдаған адамдардың безгек, тырысқақ, оба ауруларының жайылуына жол ашты. Осындай ауруларды жұқтырған босқындар Батыс Сібір, Орта Еділ аймақтарына қарай бет алып барады» деп ашына жазған аталған құжатта.
Ендігі әңгімемізді біз Ақтөбе өңірінен 20-30 жылдары совет үкіметінің қысымшылық саясатының кесірінен Өзбекстан еліне барып бастарын сауғалаған босқындардың 90-жылдары Атырау облысына қоныс аударған ұрпақтарының деректерімен жалғастырамыз. ҚР президенті Қ.К. Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» 2021 жылы 26 қазандағы Жарлығына сай біз 30-жылдары отанынан өзге елдерге көшуге мәжбүр болған азаматтардың ұрпақтарымен 2023 жылы кездесіп, өздерінің тарихын баяндауын сұраған едік. Міне, сондай бір отбасының шерлі тарихымен Атырау қаласының тұрғыны Сағытжан Құлмаханов бөліскен еді. Енді сол отбасының тарихын оқушы назарына ұсынамыз.
Құтжол мен жолбарыстың көмегі
Қазақ халқы үшін жауыздық пен бақытсыздық әкелген қызыл империя тұсында менің аталарым Қазалы, Арал, Қармақшы, Бозкөл, Бірлік және Қызылқұм, яғни Бұхара, Хорезм шекарасына дейін мал бағып жүрген тыныш ел болатын. Ресей патшалығы отарлап қорғандар салған күннен бастап, елдің берекеті кеткен, одан қалса Бұхара, Хиуа хандықтары сол жердегі қазақтарды өздеріне қаратып, салық салып отыру үшін соғыс жүргізген, сол заманғы Жанқожа, Төлен, Ақтан және тағы да мыңдаған батыр аталарымыз Ресей патшалығымен қатар Бұхара, Хиуа және Қоқан хандықтарымен қарсыласып, тойтарыс беріп отырып, елдің бірлігін сақтап келген. Ресей жерінде басталған азаматтық соғыстың салдары тарихта кемде-кем болатын ауыр соққы болды. Кеңес одағының алғашқы (20-30 жылдар) кезінде біздің руымыз бұрын соңды болмаған зорлық-зомбылықты бастарынан кешірді.
1917-1922 жылдар шамасында елді біресе ақтармыз деп, біресе қызылдармыз деп тонап отырған. 1921-1922 жылдары руымыздың еншісіндегі ірі қара малдарды орыстар аштан қырылып жатыр деп, малдарын тартып алып, зорлық көрсеткен. Ру басылары: «осы дінсіз өкімет озбырлығын бұдан әрі жалғастыратын түрі бар, егер қолымыздан мал кетсе біз де солардың кейпін киіп, балаларымызды аштан қырып аламыз, біздің малдан басқа тіршілігіміз жоқ» деп дән дақылдарын екпей, тек айырбастаумен тамақтарына талшық қылып отырыпты. «Мына келе жатқан жамандық пен жауыздықтың алдын алу - біздің ұрпақ алдында тұрған міндетіміз. Біз жүзімізді құбылаға салып, қағбаға қарай көш бастайық» деп 150 отбасы жолға шығады. Бірнеше ай жол жүріп, таулы жерлерден өткенде түйелерінің табандарына тас батып, не таудың ортасында, не әрі бара алмай немесе кері қайта алмай, екі ай іркіледі. Ал, соңына ілесіп келе жатқан көшке шабарман жіберіп, таулы жерге келгенде түйелерінің аяғына киізден байпақ жасауды тапсырады. Осы түйелерінің аяғына киіз байпақ байлаған көш тау асып шет елге өтіп кетіпті. Түйелерінің аяғы жазыла бастағаннан кейін көшті әрі қарай алып бара жатқанда, Қызыл армия жендеттері ұстап, кейінге қайтарады, шамасы бұл Ауғанстанмен шекаралас жер болса керек. Қызылдар жылқыларын тартып алып жаяу әскерлеріне үлестірген. Қазалы маңына әкеліп, үлкен ел ағаларын ешбір жазықсыз атып тастапты, содан көштің адамдары бұрынғы қоныстары мен жайлауларын паналап кетуге мәжбүр болған. Көшпестен бұрын ру ақсақалдары: «алдымызда қандай заман күтіп тұр екенін білмейміз» деп малдарының үштен бірін тоғай мен ну қамыс арасына айдап жіберген. Бадай тоғайына дейін айдап, иесіз жіберген сол жақта қыстап қалған жылқы, түйелерін кейін иелігіне алады.
1925-1933 жылдар аралығында Қазақстан аймақтық коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып істеген Голощекин Қазақстанды «Кіші қазанға» айналдырып, қазақты жоқ қылу идеясын жүргізді, оны Сталин қолдап отырған. Осындай аласапыран заманда малдарынан айырылған аталарымыз «өзек жағалағанның, өзегі талмас» деген оймен көлдердің бойын, Сырдария жағалауын қоныс етіп, паналаған. Атамыз Құлмахан да, әжеміз Сәуле де діни сауатты болған. Атамызды «имам» деп атайды екен, өте мейірімді, қайырымды адам болған, оның әкесі 19 жасында қазы болып, 30 жасында мынадай әділетсіз заманда күнәға батам деп қазылықтан бас тартқан, оның ақ патшадан қызмет еткені үшін алған үш-төрт наградасы осы күнге дейін үйімізде сақтаулы тұр. Ал, Құрандарын кеңес өкіметінен қауіптеніп, Қаракөл маңындағы қауымға жасырдық дейтін еді әкем. 1928 жылы ең соңғы сегіз түйеден жетеуін шолақ белсенділер алып кеткен, ал екі-үш жылқысын ұстай алмаған соң, «винтовкамен атты» дейді, шалажансар жатқан екі жылқысын сойып алған адалдап. Бір түйені Құлмаханның Тілеуімбет ишан деген інісінің әйелі қулық жасап, белсенділер келген сәтте, жатқан түйенің тізесінің бүктелген жерінен жіңішке жіппен буып тастап, «аяғы сынған, орнынан тұра алмайды» деп алып қалған соң, атам Құлмахан інісі Тілеуімбетке «Мен не болса да елде қалам, балалары жас, жолға жарамайды, алдымызда осы өкіметтен жамандықтан басқа не күтуге болады?» деп, аман алып қалған түйесіне інісінің жүгін артып, Қарақалпақстанның Тақтакөпір аймағында, Қаратерең деген көл бар, балығы көп дейді, «тым болмағанда, сенің бала-шағаң аман қалсын» деп қоштасады. Құлмахан атам көшкен жұрттан қалған аш ит-мысықтарды жинап тамақ береді екен. Үш-төрт қақпанымен қоян, т.б. ұстап, балаларынан ауысқанын ит пен мысықтарға беріп отырыпты. Малынан айырылған қазақтар жан сақтау үшін аң аулап, ол да азайып кеткен соң, 1933 жылы Қаракөл деген өзенге қоныс аударып, 54 жасында өмірден озады.
Ол бала-шағасын аштықтан аман алып қалу үшін көп еңбектенген, қызыл құмға барып, «геурек» жинап, тарының жабайы өсетін түрінің дәндерін жинаған екен, әжем айтушы еді, етті сүрлеп алдық, бірақ адам тек ет жесе, ішінде ас тұрмай, іш өте береді екен дейді. Сондықтан да тоқшылыққа шыққанда әжем дән сақтауға тапсырма ететін еді. Әлбетте, әжемнің өсиетін орындау үшін үйде қоймамызда үш-төрт тонна бидай, төрт тонна тары, сегіз тонна күріш сақтап, әр бір үш жылдан өзгертіп тұрдық. Атамыз дүниеден өткен соң, әжеміз шиеттей бала-шағаны асыраймын деп қатты қиналғанда, атамыздың жұртта қалған ауру, көтерем қара төбеті пен тарғыл мысығынан көмек көрген. Атамыз қара төбетті екі ай емдеген екен, мысықтарды да өлім аузынан арашалап қалған. Осы жақсылығының қайтарымы ма, әйтеуір, осы қара төбет Құтжол және тарғыл мысық көл бойында қасқалдақ, үйрек, балықты әжемізге ұстап әкеліп отырған. Көл бойындағы құстар жұмыртқалағанда, тарғыл мысық аузымен біріндеп жұмыртқа тасиды екен қара үйге. 1933 жылдан 1937 жылы өзен мен өзекті үш жылдан мекен еткен соң, балаларын оқыту үшін коллективтік шаруашылыққа барып қосылып, әкеміз бастауыш мектептен білім алған соң, Қазалыда мұғалім дайындайтын оқу орнын бітіріп, 1950 жылға дейін Қазалы, Кәукей, Бозкөл, Бірлік мектептерінде ұстаздық жасады. Жоғарғы оқу орнына жолдама сұраса: «сендер қазы және діни адамдардың ұрпағысыңдар» деп жолдама бермеген соң, әкем немере інісі Тілеп Уайспайұлын өзімен бірге Қарақалпақстанның Нөкіс шаһарына жаяулап: «институт оқимыз» деп кетіп, сол институтты екеуі де қызыл диплом және айрықша стипендиямен аяқтап, сол жерде жұмыс істеп екеуі де қалып қойып, 1955 жылы үй-іштерін көшіріп алды. Әкем Құлмаханов Ерназар жат жерде өзінің еңбексүйгіштігімен үкімет наградаларымен марапатталған. «Өзбекстан және Қарақалпақстан республикасына еңбегі сіңген мұғалім» құрметті атағына ие болды.
Қарақалпақстан және Хорезм облыстарында кәсіптік-техникалық оқу орындары ұйымдастырған. Қазіргі кезде 2011 жылы мен ата жұртым Қазақстанға көшіп кеткен соң, Министрлер Кеңесі жанындағы елді мекен және көшелерге ат берудің ономастикалық комиссиясы шешімімен Шомалай ауданы көшелерінің біріне әкемнің аты беріліпті. Әкем небәрі 54 жас жасады. Емханада 1981 жылы желтоқсанда «Ел тарқағалы тұр, коррупция терең тамырын жайған ел тарихта көп тұрған емес, балам, ұлтшылдық басталады, совет мемлекетінің өмірі ұзаққа бармайды, елге сені апара алмадым» деген еді, мен де институтты 1981 жылы бітірген едім, 1982 жылы нағашым мен қарындасын ақпан айының 20-сында шақырып алып: «Мына жалғыз балама бас болып, елге көшіңдер» деп өсиет етті. Бірақ, біз Одақ тарайды деп үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеді. Әкем 1982 жылы 21 ақпанда қайтыс болды. Ал, мен әкемнің өсиетін 2008 жылы орындап, Атырауға қоныс аудардым. Қарақалпақстанда әкемді өте қатты сыйлады, мені лауазымды жұмыстарға тартты. Жергілікті ұлттармен өте ауызбіршілікте болдық.
Енді жануарлардың адам баласына қайырымдылығы жөнінде өзім қарттардан естіген тағы бір әңгімемді айта кетейін. Мен бұл әңгімені 1986 жылы егде жастағы, шамасы 50 мен 60 жас арасындағы кісіден естіген едім. Қазақтың тағдырына ауыр зорлық-зомбылық туған жылдар еді. Әке-шешемнің бар малын кеңес өкіметінің шолақ белсенділері тартып алған соң, шиеттей бала-шағаларын аштан өлтіріп алмас үшін Арал теңізі мен оған құятын өзен-өзектерді жағалап, балық аулап, күндерін көрген. Әкеміз шолақ белсенділерден мініс атын жасырып қалып, сауын сиырға айырбастапты. Шамасы 1936 жылдың жаз айларының бірінде, таң алдында әке-шешем күнделікті үрдісімен ерте тұрып, киіз үйден шыға бергенде 10 шақты қадам жерде қазыққа байлаулы тұрған сауын сиырдың маңында көлденең көсіле жатқан жолбарысты көріп, үйге қайта кіріп, үрейленген балаларына «үндеріңді шығармаңдар» депті. Түс ауғанша жатып алған жолбарыстың екі көзінен парлап аққан жасты байқаған шешем: «Отағасы, егер аш жолбарыс болса, онда ана қазыққа байлаулы тұрған сиырды жоқ етіп, бізге де шабуыл жасар еді ғой, не болса тәуекел, мен шығайын» депті. Шешеміз қазықта тұрған сиырға жақындағанда жолбарыс басын жерге тигенше иіп, ну қамысқа қарай беттеген, артына екі рет қарап, іркіліп жүре беріпті. Шешем қамыс қопаларынан өткенде қызылшақа жақын арада туған жолбарыстың шөнжігін (күшігін) құмырсқалар талап жатқанын көріп, шөнжіктің денесін сулы шүберекпен сүртіп, құмырсқадан ажыратып, арылтқаннан соң қураған қамыс түбіндегі қураған жапырағынан шешем ұя жасап, шөнжікті басқа орынға жайластырып берген. Сол жерде жолбарыс өзінің табиғи жыртқыштық мінезін көрсетпепті.
Арадан 5-6 күн өткенде, таң алдында киіз үйдің есігінің алдына семіз, дәу өгізді жолбарыс сүйреп әкеліп, есік ашылғаннан соң өз жөнімен кете барған. Ал, әке-шешем шалажансар өгізді адалдап, бауыздап алған екен. Міне, қанша жолбарыс жыртқыш жауыз болса да, ұрпағы үшін басын бәйгеге тігіп, адамдарға барып, өзінің жақсылығын жасаған екен.
P.S. Сағытжан Ерназарұлының әңгімесінен ашаршылық жылдары халқымыздың басынан өткен небір сұмдық оқиғаларды біліп отырмыз. Ел ішінде ақтар мен қызылдардан, одан кейін советтік шолақ белсенділерден көресіні көрсе де, Сағытжанның ата-бабалары өздерінің биік адамгершілігін сақтай отырып, ұрпақтарын жеткізген. Осы ауыр жолда бұларға туысқан қарақалпақ халқы қол ұшын берген екен. Ашаршылық жылдары табиғат ананың талшығын нәр еткендігі өз алдына, қазақтың осынау асыл жандарын жан-жануарлардың да қолдағаны - адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген алабөтен мысалдар деп бағалауға тұрарлық деректер. Сағытжанның әңгімесінің тақырыбын «Құтжол мен жолбарыстың көмегі» деп қоюының үлкен символдық мәні бар деп есептеймін. Шындығында табиғат ана мен жаратушының адам баласына жасайтын қайырымдылығының шегі болмайтынын осы деректерден білдік. Сонымен қатар, «Дүниеде екі аяқтыдан артық жауыз жоқ» деген халықтың қанатты сөзінің де дұрыстығына көзіміз жеткендей болды.
«Тарихтың қасіретті беттері ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары туралы естелік ғасырлар бойы өмір сүреді» деп Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, тарихымыздың осы қасіреті мол беттерін ұмытпай, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, ұрпаққа жеткізу аға буынның алдында тұрған үлкен міндет.